Әдебиет
Асқар Алтай
Асқар Алтай - (1963 Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы) - қазақ жазушысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
Шың
(Сәбит шыңы)
— Ау-у-у!..
Алқам-салқам алып тау қойнауынан бас алған бөрі зары үзілер емес. Бұл — Бұлыңғыр Алтайдың бұла зары.
Бұлың-бұлың заманалардан бері паң кеңістікті кеулеп алған, маң даланы кезіп кеткен. Бейуақта бой тітіреткен жоқтау жыры секілді оқыста ғайыптан оралып, үздіге ұлитыны бар. Өзінің мәңгіліктігін, ұлылығын паш ететін дауыс: кейде жас сәбидей уілдейді, кейде жынды желдей гуілдейді, кейде жын-перідей гөй-гөйлейді.
Сол бір жаз жайлаудағы жұртты елеңдетіп, Қызыл Қасқыр шыңы ұлып еді.
— Қызыл Қасқыр бүгін тағы ұлыды...
— Солығын баса алмай тұр ғой, жарықтық!
Мәкпүн қария да жігіт ағасы Омар сөзін қостап қойды.
— Қара күз бен көктемде ұлушы еді, — деді мосқал Жақсылық.
— Кейде жазда жағын керетіні бар, — деп, жасамыс Әрін де әріні қозғады.
— Көмейі зор ғой, кәпірдің! Қорқаулығы ұстап тұр да, — деп Жақсылық жұмбақтай сөйледі.
— “Жаман айтпай, жақсы жоқ” деген, — Әрін де қауіп қылды.
— Қой, Жақа! Қызыл Қасқырға тіл беземе! Киелі шың ғой, — деп қалды Омар. — Көктегі бөрінің көлеңкесі түскен оған.
— Әй, жігіттер! Алла жар, Алтай аман болсын! Қызыл Қасқыр да сонда тыныш болады. Тұғырында тек тұрады... Қырық күн шілдеде қорқаулығы ұстамасын! Жалғыздықтан зар төккен болар. Құсадан ұлыған шығар. Әйтеуір, пәле-қалаға көрінбесін! — деп Мәкпүн қария сақалын сипады.
— Әрін, жылқыға абай болайық! — деді Омар. — Әлгі Құмаш қояншықты Қызбейіттен шақырыңдар.
— Кеше Мамаш кеткен. Құмаш та келіп қалар, бозбалалық ыстық-суығы да басылған шығар, — десті Әрін мен Жақсылық.
— Қызыл Қасқыр той кезінде тыныш болсын! — деді Омар. — Сәбең де аруақты адам ғой, Қызыл Қасқыр со кісінің келетінін сезіп тұр да... Қамшысы тиіп, сәулесі түскен де кие-лі шыңға?!
Осы кезде тыстан дүрілдеген көлік дауысы естілді. Іле жүк машинасының салдыр-гүлдір дыбысы жақындап, жын қуғандай кеп тоқтады. Отырғандар “Арекеңнің жүрісі ғой” десіп, ауыздарын жиып алғанша, Аразғұлдың өзі де киіз үйдің есігінен көрінді.
— Ассалаумағалейкүм! Төрт көз түгел екен ғой, — деп, қырыққа иек артқан Аразғұл салдырлай кірді.
Отырғандар ығысып, төрден орын берісті.
— Иә, ойдағы ел-жұрт аман ба? — деді Омар.
— Оларды кім алушы еді?! Жатыр ғой... Әлгі Сәбеңді айтсаңшы, үш күннен соң осында болады. Шұбарағаштың жонына отыз үй тіктіріп, шаңдата шабылып жатырмыз... Омар, — деді Аразғұл есіне әлдене түсіп кеткендей, — әлгі жиырма шақты бие дайын ба? Желі бауға аудың жібек арқаны, су жаңа қайыс ноқталар алып келдім.
— О жағына қам жеме, Ареке! Бәрі де дайын!
— У-ух! Меңжамал, тағы бір құйып жіберші! Қаным кеуіп-ақ қалыпты. Әлгі күшәла қосылған қымызыңнан құйсаңшы!
— Күшәлалы қымыз ішсең, құлап қаларсың, көк ит аузыңды жалар... — деп Меңжамал да шымшып, қағыта қалжыңдады.
— Әй, Омар! Мына Меңсұлуыңа айтсаңшы, менің өзіме жеке құйып әкелсін! Сондық еңбегім де, бастықтығым да бар емес пе?!
— Арзанғұл-ау! — деп Меңжамал да құрдасы Аразғұлға “Арзанғұл” деп қалжыңдай жауап қайырды. — Күшәла қуық майсызды қуалап кетеді, одан да үйреншікті “арзан суыңды” ішсеңші!
Меңжамал сыңғырлай күлді. Отырған жылқышылар да қарқ болысты. Аразғұл қызарақтап қалды.
— Келін, қарағым, Аразғұлға құй! Ат үстінде жүрген азамат қой, — деп Мәкпүн қария жуып-шайған болды.
— Әттең, аға айтты, әйтпегенде қымыз емес, қысырдың зәріне зар болар едің, — деп Меңжамал құрдастарымен қатты ойнайтындығына басып, тағы қыршып алды.
Аразғұл сөз таба алмай қалды.
— Әй, Омеке! Омеке! — деп, — Мына Меңсұлудың жонынан таспа тілетін уақыт болыпты. Әбден еркелетіп жіберіпсің, менің әйелім болғанда, — деді.
— Саған мендей әйел қайдан бұйырсын! Мұрынның қызы қол-жаулыққа жүрмейді, — деп Меңжамал да қайырып тастады.
— Бәсе, бәсе! Жеңгеміз-ай! — деді Әрін де разы-қош болып.
Әңгімені Аразғұл естімегенсіп, оқыс өзге сөзге ойысты.
— Омеке, — деді ширығыңқылау дауыспен, — Шынарбозды ұстат! Сәбеңнің тақымына тартамыз.
Бұл бір күтпеген сөз еді. Күршім өңіріне қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов келеді екен дегелі, Қалғұтының Шұбарағаштай орта жайлауы жініккелі бір жеті болған. Ел дүрлігіп, ер түріліп жатқан. Тіпті Алтайдың Қаражал мен Қызбейіт, Сарытау мен Бұланбай секілді қалың қарағайлы, салқын көлеңкелі жондарына шығандап кеткен үш мыңдай жылқыны да орта жайлау — Салқын Шоқы мен Қызыл Кезең биіктеріне түсіртіп, биік-биік басына байырқалатқан-ды.
Тап осыны сезгендей, Қызыл Қасқыр шыңы да ұли қалды ғой...
Ал Аразғұлдың мына сөзі тіпті түрпідей. Кенет Омар:
— Бұл — кімнің ұсынысы? — деді жұлып алғандай.
— Менің... менің ұсынысым, — деді Аразғұл да айбарлана.
Өзге жұрт сілтідей тынған.
— Сәбеңдей жазушының тақымына Шынарбоздан басқа жылқы тар келмейтін шығар, — деп Омар Аразғұлға тесіле қарады.
— Тар келеді, — деді Аразғұл да қасарыса.
— Түсінікті.
— Ей, Омар! — деп Аразғұл зілдене түсті. — Кімнің ұсынысы екенінде шаруаң қайсы?! Мен айттым, болды емес пе?! Депең — директор да біледі.
— Онда Шынарға қолқа салма! Күйлі жануар қадірлі қонақты аударып кетер. Мінезді жылқы. Мінді мал. Жүген-құрық тимегелі үш жылдан асты. Асаусып кеткен. Басқа малды көрелік!
— Солай-солай!.. — десіп қалды өзге жылқышылар да.
— Омар ағанікі жөн, — деді Әрін де.
— Жоқ! — деп барқ ете қалды Аразғұл. — Ей, управ мен бе? Омар ма?
— Оу-у, Ареке! — деп даусын созған Мәкпүн қария әңгімеге еріксіз араласты. — Шынарбоз жүйрік жануар ғой... Қазақта жүйрікке қадірменді қонақ та, қылықты ұрғашы да бұт артпаған. Ал Сәбеңе ертең мінгізген соң, оны бос жіберуге тура келеді. Күзде пышаққа ілінеді. Омар соны мегзеп отыр, соғым мен сыйдың малы емес деп...
Қария сөз сыңайын жұмсартты.
— Ей, шал! Сен жайыңа отыр. О жағын мен де білем. Кеще емеспіз,— деп Аразғұл бет қаратпас күйіне еніп, кәріне мініп алды. — Қазыны кертіп жеген соң, тілдерің шығайын деген екен. Бұл — совхоздың жылқысы. Кімге мінгізем, кімге сыйға берем десе, өзі біледі. Сыйытқа тартқалы жатқан жоқпыз ғой. Қол тигізбейтін, тұлданған мал емес... Сәбеңмен бірге Үлкен Кісі де кеп қалуы мүмкін деген сөз бар... Кім біледі?!
— Совхоздікі емес — халықтікі... — Омар тағы шабынан түртіп алды.
— Ей, Омар! Аузымды қышыта берме! Сенің заң-зәкөншіл екенің мәлім. Баяғы Қалжыр мен Қалғұтыны колхоз заманында басқарған Әбдіке Болатовтың түсін түстеп, жоғын жоқтап, “кедей көк” деп отырмысың? Жоғыңды асырармын! — деп зілдене, зіркірей жөнелді Аразғұл: — Ол заман өткен... Қазір менің күнім. Әбдікенің “Айранға жаңа тойған кедей байғұс, Бабыңды ептеп жүріп алдым тауып” деген сайқымазақ өлеңіндегідей, сен мені мазақ қыла алмайсың. Сен мені тақырға отырғыза алмайсың... Байқа! Партия мен өзің білетін “КГБ” деген жер бар...
Аразғұл отырған жылқышылардың аузын аштырып, жүректерін шайлықтырып тастағысы келді білем... Омар бірақ ыққан жоқ. Сабырлы күйде салмақты сөйледі.
— Аразғұл! Мені үркітем деп әуре болма! Үрке қоятын оңай-оспақ жылқы емеспін... Үркіншілікті де, бүліншілікті де бастан кешкен қазақпын. Сенің доңайбатың өзіңе даң, өзгеге таң болғанымен, маған заң емес... Оны өзің білетін әлгі “жер” де жақсы біледі. Бәрі де жіпке тізулі... Олар бірақ сенен сұңғыла. Менікі: “мал ашуы — жан ашуы”. Қалғанын өзің біл.
— “Мал ашуы” дейтіндей, бұл сенің атаңның малы емес... Сенің малың — бабаңның басы қалған Марқакөлде, ақнайман, қожамбет ішінде... Бұл — Күршім — бура, сарыжомарт, өтей мекені. Есіңде болсын!
— Е-е-ех! Менде мал қалды ма?! Болса — атам Жылқышыға бітіпті... Ол да қолды болған. Одан не қайыр?! Жалынан сипағанның жамбасында, кекілінен тарағанның қапталында кетіпті... Жә! Тәжікелесіп қайтеміз. Диірмен айналып шүмегін табар, ат айналып қазығын табар, ер айналып ерін жастар. Ең көбі — Шынарбоздың шылбырын ұстап қалармыз... Жігіттер, Аразғұлдың аласұрған жаны жай тапсын! Аудан мен облыс жақ та жерге қарап қалмасын! Бір қылқұйрықты не, тәйірі, қадірлі қонақ, Үлкен Кісі келе жатқанда, — деген Омардың сөз ләмінен кекесін білінді. —Шынарбозды шынжырлап тұрып әкеп беріңдерші!
— Пәлі, мұның енді ердің сөзі! Ха-ха-ха!.. — Аразғұл ақтарылған күй танытып, аярлана күлді. — Сен өстімесең, Омар боламысың! Бып деме! Қазақтың ұлы жазушысының жамбасын бір тигіземіз де, қоя береміз. Алатаудан Алтайға келе жатқан Сәбеңнің алдында біздің де, басшылардың да мерейі бір өсіп қалсын! Жазушы атаулы күнде келіп жатқан жоқ. Біз атын естімесек, оларды көргеніміз бар ма? Бәрінен бұрын басшылар дән разы болса, болды маған. Үлкен Кісі де келсе екен!?
— Е-е, Аразғұл-ай! Бүлкілдеген көмейің белгілі болды... — Мәкпүн да Омардың ойын дөп басты. — Көкейің Үлкен Кісіде ғой!
— Енді ше, қу шал?! Өмір бойы “управ” боп өт деген өкімет жоқ. Бәлкім мен де... — деп барып Аразғұл тоқтап қалды. — Омар, келер жылы Өскеменде үлкен той болады. Аламан бәйгеге “Волга” тігілетін көрінеді. Бүкіл Қазақстаннан жүйріктер келеді. Шынарбозды сонда сынарсың. Сенің бағыңды сонда көрермін... Бап шаба ма? Бақ шаба ма?
— Бір Алла біледі!
— Алла емес, адам біледі... Бәрін де партия біледі де! — деп Аразғұл түзетіп қойды. — Соның арқасы, өстіп той-тойлап жүргеніміз.
Омар үндемеді, басқалар да ләм деспеді.
Аразғұл жабағының салқын етінен қарбыта асап жатып:
— Шал, — деді Мәкпүнге, — күн бұзылмас. Не білгенің бар?
— Әзірге тыныш қой.
— Иә!.. — деді Аразғұл әңгіменің суый бастағанын сезіп.
— Әрін, — деді Омар, — ана Құмаш келсе, Мамашқа да айт, абай болсын! Шынарбоз саяқ жүрсе, тимеңдер! Саяқтың аты — саяқ. Қашаған тұяқ... Бір рет құрық көтеріп үркітіп алсақ, қалың жылқыға жоламай, қара үзіп кетуі кәдік! Сондықтан әлгі албырт Құмаш жақындамасын. Бүгін енді кеш. Жылқы үйірлерінің теке мүйізін көріп, Салқын Шоқы маңына жиып қайтыңдар. Шынардың саяқтарын да жылқыға жақындатып тастаңдар. Жақаң екеуің бас-көз болыңдар. Бесін ауа биікке аттаныңдар!
— Ертең жылқы басына мен де барам. Маған да ат дайындаңдар! — деді Аразғұл.
— Оның жарасы жеңіл, — деді Жақсылық.
— Қарағым, Әрін! Сенің даусыңды сағындық. Бір ән салшы. Жылқышылар аулына ойдағы Қалғұтыдан қымыз ішіп, демалып қайтам ғой деп келіп едім, — деп Мәкпүн қария керегеге қарай шалқайып отырды.
— Сал! Сал әніңді Әрін! Жан жадырасын! — деді Аразғұл лепіре. — Ел сені әнші дейді ғой. Ақын дейді. Айтшы, кәне?!
— Әрін әншінің әншісі ғой... Тек ауылда жылқышы атанып жүргені болмаса, әйтпесе Алматының қақ төрінен ән шырқайтын-ақ жөні бар, — деді Омар. — “Алтайдың Әміресі” деуге лайық азамат.
— “Үлкен адамның алды — жарық” деген сөз бар, бәлкім әлгі жазушының алдында ән шырқаса, жолы ашылар, — деді Мәкпүн қария.
— Өзім-ақ жетектетіп жіберем, — деп қалды Аразғұл, кенет қысылып қап: — Меңке, қымызыңды сонылатшы! — деді.
— Ай, ағалар-ай! Мақтауымды Шұбарағаштан асырып жібердіңіздер-ау! Маған енді Алматы мен ән қайда?! — деп Әрін өкінішін сездіріп те алды. — Жә, “Жайбасардан” бастайық!
Әрін даусын қоңырлатып, домбыраны баяулатып әкетті.
Бастайын “Жайбасарды” жаяулатып,
Жанымды қозғайтұғын баяулатып.
Күршімді күндіз кешіп, түнде барсам,
Тастадың көңілімді қаяулатып...
Ат тұяғын тай басар,
Әз жүректі май басар,
Әнім жетпес етекке
Атандым-ау Жайбасар.
Жаным құрбан-ай,
Болдың арман-ай!
* * *
Көктім көкте сыңар сырғадай жүзген күміс ай батып кеткен. Ол Қызыл Қасқырдың тас тұғырлы тұлғасын түнімен армансыз аймалаған еді. Ай нұрына малынған, ай нұрына балқыған алып шың балбырай иіп, баяғы бір бұла күйіне енді.
Бұла күйінде булыға оянды...
Шығыс өңір шаңыт тартыпты. Батыс өңір бұлыңғыр қалпы. Мамырлаған мұнарлы аспан төрінде Шолпан ғана сөнбепті.
Шың басында сәбидей шалықтай оянған Қызыл Қасқырды баяғы бір жалғыздық торыды. Торыққан тағы жарқыраған жалғыз жұлдызға мойнын созды. Арандай аузын ашты. Қорқау көмейінен күшті бір үн шықты. Бұл үн — жоқтау үні еді... Ол әлденені жоқтай ұлыды. Өзіндей таңғы өліарада жалғыз қалып, жалғыз жарқыраған Шолпанға мұңын шақты.
Қызыл Қасқыр шыңының қабағат даусын қамыс құлағы шалып қалған Шынарбоз елең етті. Тәні тіксініп қалды. Бөрі үні бойын мұздатып жіберді. Жүйрік жануар кісінеп қоя берді.
Шың бірақ шылп еткен жоқ. Даусын маяша созды.
— Ау-у-у-у-у!..
Шығар күнге шекелей қараған Шынарбоз да қайыра кісінеді. Таңғы самалға танауын тосқан тарланның күмбірлеген үні алысқа кетті. Оның қоңыраулатқан даусы Салқын Шоқы биігі мен Қызыл Кезең иіні арасында сыналаған шыңның зор үніндей, Күршім өңірінің Шұбарағаштай орта жайлауында жаңғырығып қалмады. Түнгі жұлдыздай көк төріне сіңіп кетті.
Құлын күнінен бойына сіңісті бөрі дауысына тарлан бесті дегенмен іш алдырмады. Қабырғасын керегедей керді, мойнын уықтай иді. Сұқсырдай сүмбіл тартты. Шақпақтанған бұлшық еттерін бос тастап, шекелеген қалпы дүр сілкінді. Серідей паң, сұлудай кербез тартты. Тұяғымен тас уатар қуатты. Даланың құланындай, таудың тарпаңындай кемел-ді.
Қырық күн шілдеде қары кететін Салқын Шоқы биігінің сарыкүйігі тілін үйіріп, тісін майлаған тарлан осқырынып қойды. Шекелей қараған жануар алыстағы Құзғындының қарлы шыңдарының тасасында нарттана толқыған күн табынан жанарын тайдырды. Өзі тұрған Салқын Шоқы биігінен бақан бойы төмен, бүйірдегі Қызыл Қасқыр шыңына шағыр көзін төңкерді.
Қызыл Қасқыр шыңы болса, бөріге тән ұлы бір ұлуын үзбепті...
Қос құлағын қададай тіккен тарлан боз сонда ғана терең бір үрейге бой алдырды. Ет жүрегі бөрі үнінен дір етіп, құлағының түбінен суық тер бұрқ етіп, салқын бір сезім сырғақси аралап өтті. Жануар да болса, түйсіксіз үркініш шүйдесін шымырлатып, шаң қаппаған шашасына шейін толқындай соғып өткенін сезінді.
Шынарбоз шыңғырлай кісінеп жіберді.
— И-и-и-и-их!..
Қызыл Қасқыр да ұлуын үзбеді. Солығын баспастан сыбызғыша созды. Баяғы бір ұяластарын жоқтағандай зар-лана берді. Шың дауысы шығар күнмен алысқа кетті. Бөрі дауысы бесік жырындай, сәби уіліндей бәсеңсімей-ақ қойды. Бар дүние бұлықси тербелді. Тарланның тұяқ жүрекшесі астында Алтай күреңшесі толқыды.
Қызыл Қасқыр шыңы баяғы бір бұлың-бұлың бөрі күнгі биігінен үн қатты...
Ақиық Алтайда бөрі атаулыға бөрідей тиген заман болыпты. Көк бөрілердей Бас бөрілер де, Қызыл бөрілердей Жас бөрілер де төніп келген ажалдан аман құтыла алмапты. Хас бөрілер харап болған... Сол шақта осы Қызыл Қасқыр күр-күр еткен Күршім өзенін кесіп өтіп, Салқын Шоқының қапталындағы иықтас шың басына жетіп, дәл бүгінгі таң алдындағыдай ұзақ ұлуына басқан-ды. Көкте күн қорғалап, төменде ай сорғалап, Қызыл бөрімен бірге бөрі атаулыны жоқтады-ай!
Аң да болса, арлан бөрі азалы күй кешіп, өз қандастарын жоқтай-жоқтай шың басында тас боп қатқан. Сол бір сұм заманның бұлың-бұлың күнінен бір белгі боп қалған Қызыл Қасқыр шыңы қайсы бір жылдары құз басында құсадан ұлитыны бар. Ұяластарын жоқтайтыны бар.
Қызыл таңмен оянған Қызыл Қасқырдың үні тарлан боздың шымбайына батты білем, ол бұрау салған жануардай шыңғыра кісінеді. Соқпа үрейге бой алдырған бұла бесті кенет құйрығын бір-ақ шаншыды. Шынарбозбен ерген он шақты саяқ та шашасын шыққа шылады. Бұлар баяғы бір бусанулы күйге енді.
Таңғы салқын да суылдай есті. Шың дауысы да үдей түсті. Бой салған биік шың да қуына ұлыды. Шолпан жұлдыз батқанша жалғызсырай жоқтады.
— Ау-у-у-у-у!..
* * *
Шығар күнге Шынарбоз шекесінен қарады. Сұйқылтым жал-құйрығын тау самалы тарады.
Бүгінде Шолпан туа Қызыл Қасқыр шыңы шыңыраудан шыққан үндей, зарлы да зор дауыспен ұлыды. Бүгінде алыстағы Құзғынды шыңының сүңгідей ұшарынан күн сәулесі сығалады. Шаңырақтай күннің шарайнасына Құзғындының қарлы басы сыналады.
Кешегі түс ауа басталған қуғыннан ымырт жабыла ғана тыныс алған жүйрік өткен түн өзін таң асырған-ды. Таңға тұяғы жанып, шашасы көтеріліп, тынысы кеңіп, қарны қабысып, өз-өзін жаратып шығып еді. Дәл қазір дүбір жетсе, жел кеулетер шабыс тілеулі-тін.
Салқын Шоқының салбауыр сайына түс әлетінде мың қаралы қылқұйрықтыны жиғанда, Шынарбоз мойнына жібек арқан ілінерін сезбеген. Жіңішке жібек арқан бірақ, қылша тамақтан емес, жуан мойыннан түсті ғой. Қояншық Құмаштың қия тастаған шалмасы кеуделей түскеннен де, асаусып алған атпал жануар күш бермей кетті емес пе?! Жібек арқан да ескіріп тозған ба, жануардың тұяғы астында үзіліп қалды. Жуан мойнында ғана төс астын соғып, үзігі жүр көлеңдеп... Сол үріккеннен мол үріккен. Ат қойғандарға шалдырмай, шығандап кетті.
Қазір, міне, Тайшын шатының қайқаңында тұр. Жұлдызбен жусап, аймен алағызып, желмен таң асып, тынығып та алған. Аламан шабысқа әзір-ақ! Тарлан таң да қанталап атты. Тарлан жануар да бір ұлы сүргін боларын бағамдады.
Құлағына дүбір келді. Бесті жануар жер тарпыды. Тұяғы тасқа тиіп, жанары жарқыл қақты. Шағыр көзін аударып еді: биік таулар бұлың-бұлың ауды, бура сағым ылым-жылым ақты.
Жарық дүниеге жанары қарыққан жануар кісінеп те жіберді. Сол-ақ екен түнгі салқында шыққа бөгіп, тыныштыққа тұнып тұрған терең шат тіксініп қалып, кенет жаңғырыға кісінеп қоя берді.
Тайшынның қайқаңында саяқсыған сұлу бесті сілкініп-сілкініп салды. Қиялай түскен күн көзімен түгі қар басқан түлкідей қылтылдап, жоны тер үккен тоқымдай жылтылдап қоя берді. Суреттей мүсінін әсем бұрды.
Қарсы қайқаңнан салт аттылар көрінді. Шынарбоз құлағын қайшылап, қырындай желіп жөнелді. Салт аттылар да қос-қостан бөлініп, қиялай шапты.
Шынарбоз да биік шоқыларды жондай желді.
— Қап! — деді Омар. — Кеше Шынарбоздың шамына тиіп-ақ алған екенсіңдер. Өткен түн өзін жаратып шығыпты. Енді бұғалдырық тастау оңай болмас.
— Кеше сен әдейі жылқыға бармай қалдың, — деді Аразғұл. — Ұстай алмасын, әйтпесе “ұстап бермеңдер” дегенсің ғой... Болмаса, бір қылқұйрықты тақымға тарту — Әрін мен Мамаш, Құмашқа сөз бе еді?!
— Ей, Аразғұл! Өзің бардың, өзің көрдің емес пе?! Әлде саусоқыр ма едің? Ал мен бармасам, Шынарбоздың шылбырға ілінгенін көргім келмегеннен... Үйде Мәкпүн қарттай қонағым болды.
— Әне, айттым ғой, сенің ойың — бұзық... Қайтсең де мені жерге қарату. Мені емес, бүкіл елді... Жо-жо... жоқ! Басшыларды масқара қылу — ойлағаның... Барып тұрған сұмсың, Омар! Мына ісің — жаудың ісі.
— Әй, Аразғұл! Не десең — о де... Жануар да саған жау ғой! Бәрі саған жау! Барып тұрған әпербақанның өзі екенсің.
— Омар, Шынар қолға түссе — түсті, түспесе — ісім сенімен... Түбіңді қазып, әлгі “жер” арқылы қаздырып, көресіңді көрсетермін. Дайын бол! Шүу, жануар! Шүу! — деп шаба жөнелді.
Осы кезде қапталдаса берген Әрін:
— Омар аға, орағытпасақ болмас. Кешегідей төте салсақ, Шынарбоз шалдырар емес. Жоталай желіп, алыстан айқұлағын ғана көрсетер түрі бар. Биік жондармен қарауылдай шауып, сай-салаға жолағысы жоқ, — деді шоқыта түсіп.
— Жақсылықтар қалай құлады?
— Қиялап кетті.
— Мамаш ше?
— Алдын орамақ.
— Сен Мамашқа қосыл. Мен Аразғұлмен ерейін. Ол бәрібір сөз ұқпас. Біз соңынан салайық. Сендер Қаражалға қарай жібермеңдер! Қарағайлы өңірге тұяғы тисе, онда айырылғанымыз. Ерен жүйрік-ақ екен. Бар міні — лақпа қашаған. Жүйрікте бір-ақ бір мін болады ғой... Мынанікі де сол.
— Кеше қосар атпен жеткізбеді ғой, жануар! Есті екен, хайуан! Үнемі қарауыл салып, жел жағымызды алды да отырды.
— Хас жүйріктігінің сыртында, құмай қашағанның әдеті ғой. Бағанағы байлаумен Дөңгелек сазға қарай қақпайлаңдар! Жақаң мен Құмаш та біледі. Олардың қиялағаны да жөн. Ал жол болсын!
— Әумин! — деп Әрін қиыстай берді.
Омар да Аразғұлдың соңынан салды. Астындағы бедеу көк биеге қамшы басты.
Шынарбоздың шашасын шалмақ шабыс ұзаққа созылды. Бітеу тұйық Дөңгелек саздың бүйен сайына тықсырып келгенмен, жаны қысылған жануар жалама теріскейге тұяғын тік салып, сытылып-ақ кетті.
Күн түстен ауды. Қызыл Кезең жалындағы көне Көш жолы — қазіргі “Жау жолы” атанған тар соқпақ та жануарды құтқарып жіберді. Жүйрік жануарды табиғаттың өзі де құтқаруға көмектескендей еді... Жанкешті жануар құлама қияда көк жасаңға құйрығымен отыра қалып, алдыңғы екі аяғын тіреу қылып, адамша сырғанап кетті. Қашағанның бұл қылығына жай адам түгілі, жылқышылардың өзі таңғалысты.
— Тфу! — деп жіберді Жақсылық. — Мына пәтшағарға дауа жоқ екен...
— Алды-артынан келіп қалған ек, қияда бұлай амалдайды деп кім ойлаған?! — деді Әрін де аңтарылып.
— Шалма лақтырмадыңдар ма? — деді Аразғұл.
— Бұғалық лақтырар жерге жақындатты ма, әкеңнің?! — деп Құмаш та боқтап жіберді.
— Жылқы адам тектес... Жаны қысылса, адам мен аң жүрген жерден жүре береді.
— Ондайын білсең, ертерек қам жасатпадың ба?! — деп Аразғұл Омарға тағы тап берді. — Әй, бір бармағың бүгулі ғой... Бәрібір ұстатпай қоймаймын! Жөнеліңдер, түге!
Ол екілене дауыс көтерді.
Қуғын қайыра жалғасты...
Лақпа қашаған Қызыл Кезең иінінің жаламалы теріскей қабырғасынан сырғанай түсіп, Қырықошаққа қарай бауырлай бет қойды. Епті де есті жүйрік ебін тауып кетті. Қуғыншылар да Қызыл Кезеңнің үстіндегі Жау жолынан қашағандай тік түсе алмай, амалсыз алдыға озып барып, Майтерекке салбыраған салмадан қиялай құлады.
Әрін мен Жақсылық тобы екі айырылып, Қызыл Қасқыр шыңының қимасынан асты. Түс әлетінде қара терге малшынып, биік-биік жалды қуалай шапқан шабыстан шатқаяқтап қалған мініс аттарын тың күлікпен айырбастаған жылқышылар жер апшысын қуырды. Шынарбоз да бірақ шұрқ етпеді. Құлағының түбі терлеп, жұқа шабы ақ көбікпен шарбыланып, еті қызып, бауырынан жарап алған жануар сыр берер емес еді. Барлықпай, биік басындағы салқынды төске алып, жанарын төңкеріп, төрт аяғын тең тастады.
Ендігі алған биігі — Қызыл Қасқыр...
Қызыл Қасқыр да аңқылдаған саумал самалымен қарсы алды. Марқакөл мен Майқапшағай өңірінен қуалай соққан қоңыр жел Қызыл Қасқыр шыңын маңдайынан сипап тұр екен. Салқын Шоқы мен Қызыл Кезеңнің арасындағы қысаң аңғарға табиғаттың өзі жонған сынадай қоя салған Қызыл Қасқыр шыңы — қарасұр келген шыны жартас еді.
Шыны шыңның тап төбесі — ат арқандай алаңқай. Ал сол алаңқай теріскей қапталына қарай ту биенің сауырындай жазылып, күреңше шөбі жүзін жасырып, Тоғызбастау ойымен құйылысып кететін. Шыңның күнгейі — биіктігі жүз құлаштай тіп-тік, таутеке де тайып кетер, тау қыраны да ұя сала алмас жып-жылмағай, жалама жартас-ты. Қашағанға айналған жүйрік Шынарбоз тап осы шың басына шығып, шашасын күреңшемен тарап, бір сәт байырқа тапқан.
Күн ұлы бесіннен ауған. Аусыл уақ еді.
— Тәңірі қолдады! — деді ақ тер-көк тер болған Әрін Омар мен Аразғұл жеткенде. — Енді қайтер екен?
— Ей, Омар! — Аразғұл зілдене қалды. — Айтарыңды қазір айтып қал, мына қашаған тағы сытылып кетпей тұрғанда... Шың басынан тайқып кетер тұс бар ма? Жақсылықты бір жігітпен жіберейік.
— Құтылар жер қалдырдық па?! Өзің бас болып тұрсың ғой. Ат арқандай ғана жер... Алақандай жерде ұстай алмасақ, өз обалымыз өзімізге!
— Жә-жә! Жарайды! Жануар да байқастап тұр ғой, енді құтылмасын сезеді... Өзі де бір өкпесі жоқ өлекшін екен.
— Жігіттер құрық көтермеңдер! Сойыл тигізбеңдер! Бұғалық та жетер... Мойнында кешегі арқанның үзігі де жүр, — деді Омар.
Жылқышылар жарты айдай иіле қоршап, Әрін мен Құмаш шалма мен бұғалықтарын ыңғайлай ұстап, бәрі де ат үстінде жақындай бастады. Араларынан қашаған сыналай сытылып кетпес үшін, құрық пен қақ сойылдарын көлденең тартқан.
Шынарбоз да шың басында бір тықырдың таянғанын сезді. Өзін бірақ еркін сезінді. Сабырлы күймен қамыс құлақтарын қайшылады. Жылқышыларға осқырына қарап, көк күреңшені тарпып-тарпып қойды. Шың басындағы шым аралас шағыл ойылды.
Бесті шыққан шыған жүйрік екі күнгі шабыстан зар күйіне келіп еді. Өзі өттеніп, көзі оттанып алған-ды. Шашасы шаң көрмеген көк жасаң Сарытау өңірін шың басынан шолып өтті. Кең дүние жарқыл қаққан жанарында аядай күйде бір аунап түсті: күн иегін артатын көкмұнар Құзғындының қарлы шыңдары, жайындай Жайдақтың жоны, қаба жол қарағайлы Қаражалдың жалы, бөктеріншектей Бөкенбай бөксесі, жалқы өрілген бұрымдай Күршім өзені — бәрі де Шынарбоздың сом тұяғы тиген, жұмсақ ерні сүйген жерлер.
Жылқышылар да жыландай жай жылжып, жақындап келеді...
Жүйрік жануар шегінер жер қалмағанын байқастады. Осқырынып қойды. Кенет ол қайқаң етіп, қайықтай жалт берді. Сол бетінде шың ұшарынан бір-ақ шықты. Қызыл Қасқыр ернеуінде бір сәт қалт тоқтады. Құлаштай боп үзілген жібек арқан қалдығы салбырап, мойнын әсем бұрып, жылқышыларға шағыр көздерін төңкерді. Отты жанарлары лап еткен шырпыдай жарқ-жұрқ етті.
Ол оқыс осқырынып қалды да, шың ұшарынан бір-ақ қарғыды. Қарғи қалықтап бара жатып, ақырғы рет құлшына кісінеді. Шыңғырлаған дауыс қарасұр шыңның қабырғасына соқтығып, қаңғыра жаңғырығып қалды.
— Қап! Қашаған неме-ай! Ноқта кигізбей, қамшы тигізбей кетті-ау! — деді Аразғұл.
Оның сөзін бірақ ешкім естімегендей елемеді. Үнсіз келіп, шың басынан төменге ентеледі. Төменде — түпсіз шыңырау... Көкмұнар сүлеленеді. Қырандай қалықтаған құмай жүйрік ғайып бопты.
Жартасты жүзін құбылаға бұрған қайран Қызыл Қасқыр қаңқиған қалпы...
* * *
Бағзы бөрінің бұла зары бүгінде үзілген емес...
Қызыл Қасқыр — бабаларымыз бөрі тотеміне табынған заманнан келе жатқан Алтай өңіріндегі шың атауы. 30-жылдары қызыл белсенділер оның атауынан шошынып, “Қызыл Сораң” ататып жіберген. Ал 1962 жылы жазда жазушы Сәбит Мұқанов пен ақын Қалижан Бекхожин Алтайға қонаққа келгенде, Күршім ауданының Шұбарағаш жайлауында үлкен той болып, шыңды “Сәбит шыңы” деп атаған.