12 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Батырлар жырының тәрбиелік мәні


 Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіне тән мәдени мұрасын оқу-тәрбиеге енгізудің ықпалы зор.Ұлттық тәрбие жүрекке жақын болғанымен, ауқымы шексіз, белгілі бір жүйеге келтірілмеген тың дүниелер. Жас ұрпақтың жігерін жанып, асыл сезімдерін ұштауға әдебиет пен өнер шығармаларының тигізетін ықпалы шексіз. Әдебиетіміз бен өнеріміздің қуатты күшін қазақтың тәуелсіз мемлекетін нығайтуға, ұлттық бірлікке, жастарды Отан сүюге баулуға, азаматтық міндеттерге үндеуге пайдалану алдыңғы кезекте тұр.

Ұлттық мәдениетіміздің ең үлкен бір саласы - көркем әдебиет десек, сол әдебиеттің ертеден келе жатқан әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті саласының бірі - батырлар жыры. Батырлар жырының көркемдік ерекшелігі мен мәні туралы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан сияқты көптеген ғалымдарымыздың құнды еңбектері бар. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі батырлар жырының мазмұн байлығы мен ой тереңдігі, кейіпкерлердің даралығы туралы тың пікірлері толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз.Халық ауыз әдебиеті уағыздаған сан-салалы ғибраттар батырлар жырында молынан кездесетіндіктен, әр ұстаз соның мән-мазмұнын ашып, оқушы жанына сіңіруге талаптануда.

1.1Ауыз әдебиетінің ең үлкен саласының бірі ретінде батырлар жырын педагогика ғылымы саласынан зерттесе, патриоттық тәрбие туралы ұғымдар ашылар еді. Белгілі әдебиетші ғалым Ә.Қоңыратбаев: « Ел, халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем» деген. Шынында да, батырлар жырында патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген.

« Патриотизм өзінен-өзі келетін қасиет емес. «Отанды сүй» деп жалаң айғайлау жастарды патриотизмге тәрбиелеу боп табыла бермейді, міне мынадай Отанды сүй деп тәрбиелесек, сірә, сол ұғымды болар. Ол үшін ауқымды мемлекеттік бағдарлама, мәдениет жөніндегі заң керек » деген Д.Исабековтің пікірі өте орынды. [1]

 

 

 

 

2.1Қазақ халқы ат үстінен түспеген кешегі күндері ұл баланың бойында жылқы малына деген құрмет, оның қасиетті, құтты жануар, «ер қанаты» екенін жете түсіну маңызды болғаны даусыз. Кішкене күнінен естіп өскен жырлардағы тұлпарлар бейнесі баланың бойында осынау батырларға айнымас серік болған сәйгүліктерге сарқылмас ынтызарлықты оятады. Мәселен, Қамбар батырдың аузынан шығатын мынандай бір шумақ бар:

«Қанатты туған пырағым,

Аға-іні сен едің,

Тар жерде жолдас шырағым,

Мойның алтын таяқтай,

Қамыстай екі құлағың,

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе тұяғың,

Сұлулығың сүмбідей,

Жылқыға бітпес жануар

Сымбатың менен сияғың...»

Бұл жерде жылқы малының батырға жолдас қана емес, аға-інідей жақын болып кететіні айтылады. Жырларда кездесетін адам мен жылқының етене жақындығын, тіпті тұтасып бір денедей болып кететінін сипаттайтын тұстар көшпенді қазақ даласының ұландарын жер жаһандағы ең үздік атты әскер етіп тәрбиеледі. Ал қазіргі кезде жауға атқа мініп шаппайтыны бесенеден белгілі, дегенмен атқа мініп өскен ер баланың жігерлі, намысты, қуатты болып өсетіні сөзсіз.

Атқа міну терапия түрі ретінде де танылып келеді. Қасиетті жануардың энергиясы адамға ерекше қуат сыйлап, шаршауын шығаратыны дәлелденіп, дамыған елдерде бұл ең пайдалы демалыс түрі саналып жүр. Сондықтан дені сау ұрпақ өсіру үшін атқұмарлық қасиеті ешқашан өшпеуі, ұмытылмауы тиіс.

Отан қорғау, ел шетіне жау келсе, шеп құрып шекісу, қайрат көрсетіп, қаһарын таныту - ер жігітке парыз. Бұл парыз кешегі жаугершілік заманда да, бүгінгі бейбіт күнде де еркек кіндіктінің мойнынан түскен емес, түспейді де, түспек те емес. Қай елде де солай. Сондықтан ер баланы ерлікке, батырлыққа бала күнінен тәрбиелеу бүгін де маңызын жойған жоқ. Қайта әлем елдері әскери қуатын арттырып, оған миллиардтап ақша төгіп жатқан қазіргі таңда бұл өте маңызды тақырыпқа айналғанын жасыруға болмайды. Сол себепті де ұл балаға ерте жастан ерлік ұғымын, бұрынғы бабаларының бұл ұлы жолда өшпес із қалдырғанын жете түсіндіру керек. Ол, әрине, батырлар жырында кестелі тіл, өрнекті өлеңмен шебер өрілген, әсірелеумен әрленіп, баланы қайталанбас әсерге бөлейтін, оның қиялына қанат бітіретін ерекше формада берілген:

 

 

 

 

«... Астында Шұбар секірді,

Жазым болып кетер деп,

Үстінде бала бекінді,

Шынжыр арқан,темір тор,

Жүн- жүн болған секілді.

Тағы шұбар бұлқынды,

Үстінде бала жұлқынды,

Қамалап тұрған қалмаққа,

Жалғыз бала ұмтылды.

Енді қалмақ сасады,

Қақпаның аузын ашады.

Біріне бірі қарамай,

Қақпаға құлып сала алмай,

Бет бетімен қашады.

Алдыңғы жағын қалмақтың

Арт жағы келіп басады...

...Көк орданың басында,

Көк өзеннің қасында,

Тайшық хандай ханына

Алпамыс берен айқасты.

Қарсыласып қалысты,

Тайынбай найза салысты.

Біріне бірі ылағып,

Екі найза қағысты.

Осы менен екеуі

Біраз жерге барысты.

Найзаларын тастасып,

Қылышпенен салысты.

Ат үстінен жүгіртіп,

Бірін бірі шабысты...» («Алпамыс батыр» жырынан) [2]

 

2.2.Жырларда кездесетін тағы бір нәрсе - батырдың қалыңдығы туралы білуі және сол үшін күресуі. Махаббат үшін күрес! Осы бір ұлы сезімге адалдық тұтас бір ұлттың ұлы болуына ықпал етеді дегенге сенбессіз, бірақ солай. Себебі, өмірлік жар таңдау, оған деген қамқорлық пен құрмет, оны қорғау үшін жанын пида ете білу сынды қасиеттер елде берекелі шаңырақтардың көбеюіне негіз болады. Ал дәл сондай шаңырақтардан елі, жері үшін отқа түсуден тайынбайтын ұландар шығады. Сондықтан баланың бойында махаббатқа адалдық, сүйе білу, жар таңдай білу сынды құнды қасиеттерді қалыптастыруда батырлар жырының рөлі зор.

Қазақтың батырлық жырларында елін қорғаған батырлармен қатар, олардың анасы мен жар-жұбайлары да үлгі етіп көрсетілген. Оларды батырларды жорыққа дайындаушы, намысы мен жігеріне дем беруші, ақылшысы және қамқоршысы ретінде көрсеткен.

Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Құртқа ақылды, сабырлы, көреген болып суреттеледі. Ол жасымайды, қайта батырға үнемі ақыл қосады, Тайбурылды баптап, жарыққа дайындайды, мұның барлығы батырдың қиындықтарды женіп шығуына себін тигізеді:

Күн түсірмей көзіне,

Жел тигізбей өзіне,

Үстіне шатыр тіккізді,

Не керегін жеткізді.

Қулықтың сүтін емізді,

Қызыл дәріні жегізді.

Түндікпенен күн берді,

Түтікпенен нәр берді.

Қазақ қыздарының жарына деген мұндай адал қызметін Ақжүніс пен Гүлбаршын, Назымдардың да басынан көруге болады. Мұны ұрпақты ерлікке тәрбиелеудің тағылымдық үлгісі десе артық емес.

 

2.3.Эпостық жырлардың басты тақырыбы – Отаншылдық, ұлтжандылық, туған жер мен елді қорғау мәселесі. «Алпамыс батырда» қаһарманның қас дұшпаны Тайшық ханның қызы Қаракөзайымның Алпамысқа достық қолын созуы, «Ер Тарғында» хан қызы Ақжүністің Тарғынды таңдауын көрсетудің негізінде отаншылдық идеясы жатыр.Батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың санасына ұстаздық шеберлікпен біртіндеп сіңіру қажет. Себебі: батырлар жырында ел тағдыры, келер ұрпақ қамы, адамгершілік, ар-ождан мәселелері жан-жақты сөз болады. Ар-ұятты қашанда бірінші қойған батырлар үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу жағынан алдарына жан салмаған.Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген батырлар жырының асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау өскелең өмірдің талабы болып отыр. [3]

 

 

Осы секілді ұзын-сонар шумақтарды мысал етіп, талай рухани құндылықтардың тамыры жырларда жатқанын дәлелдеуге болады. Оның ішінде адал достық, ерлік, отансүйгіштік, жауға деген қаһар, жарға деген махаббат, туған елге-жерге деген сағыныш, табиғатқа деген құрмет, бәрі-бәрі қамтылған. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы тиіс.

     Елбасы Н.Назарбаев: «Халықтың тарихи зердесін ояту керек, еліміздің өмірінде өшпес із қалдырған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің келбетін жұрттың жадында жаңғыртуымыз керек. Бірақ бұл жұмыс жүйелі, зерделі зерттеулердің, білікті сараптамалардың негізінде барынша дәйекті тұрғыда жүргізілуі тиіс» деген («Егемен Қазақстан»,14.04.2001 ж.).

Бұл талаптар орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойдың «Өткенді жақсы білмейінше, келешекке сапар шегу айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп адасумен пара-пар» деген ойымен сабақтасып жатыр.Сондықтан да еліміздің болашақ тұтқасын қолдарына ұстағалы отырған бүгінгі жеткіншектерге адамзаттың ақыл-ойы мен мәдениетінің дамуындағы бағалы байлықтың бәрін игере отырып,ең әуелі, туған елі мен жері дегенде көкірегі қарс айрылатан азамат етіп тәрбиелеу қажет.Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихқа көз жүгіртіп, оны ұрпақ санасына сіңіре отырып, өз Отанын сүйетін, мақтан тұтатын және оның қамын жейтін, ол үшін күресе білетін азамат тәрбиелеу-біздің басты міндетіміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. https://alashainasy.kz/ustazdar_ustahanasy/batyirlar-jyiryi-patriottyik-tarbie-mekteb-59847/amp/

2. М.Ғабдуллин. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». «Алпамыс батыр».А.,1959 ж. 144-б

3. Жұмалиев. «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері».А.,1958 ж. 116-б.

 

#www.kaznu.com

 

Аторы:  Қайсарқызы Аяулым