23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Асқар Алтай

Асқар Алтай - (1963 Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы) - қазақ жазушысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Түсік






Түлен түртті пендені...

Түсінде түсік көрді. Түсік — түсік емес, түсікке айналған мұның өзі. Бармақтай ғана жан иесі екен. Ештеңемен ісі жоқ. Жөнімен жүзіп жүр.

Жүзіп жүрген мекені — жатыр. Биттің қабығындай жұқа жатыр іші – жұмбақ әлем. Жұқа жарғақ жарылып кетердей толқып-толқып қояды. Жұмсақ құрсақ баяғы балалық шағында шаңырақта үрлеулі тұрған қарындай шайқала толқығанда, көгілдір әлемде балықтай жүзген бұл бесіктей тербеледі. Бірақ тұншықпайды. Емін-еркін тыныстайды.

“Япыр-ау! Баяғыда бұған тіршілік суда пайда болды деуші еді, сол рас болғаны да... Пенде де көлкіген көгілдір дүниеде жаратылады екен-ау!” деген бір сұм ой орала кетті. Денесіндей жіңішке, шағын емес, алдымен пайда болған жұп-жұмыр, жуан басына келген түсініксіз ойдан түсік селк ете түсті. “Астапыралла! Өзің кеше гөр, жаратушы ием! Мұндай мұндар ой қайдан ғана келеді, осы?! Осындай орнықсыз жерде... О, күнәһар!” деп өз-өзін жазғырып та қойды.

Әлгінде ғана адам еді.Түсік емес еді. Бауырымен жүзбей, аяғымен жорғалап жүрген: жер бетінде, күн өтінде... Енді мына бір көлкіген көгілдір әлемге тап болды. Не күн жоқ. Не ай жоқ. Не бір жұлдыз. Торғындай жұмсақ бірақ. Жанға жайлы, тәнге майлы. Емін-еркін жүзе бер, жүзе бер.

Түсікке айналған адам көк теңіздей көлкіген әлемде армансыз жүзе берді. Алаңсыз жүзіп жүріп: “Әлгінде ғана адам едім. Неге түсікке айналдым? — деген оқыс ойға тағы келді. — Ал енді, саптан қапқа тамып түсер тамшыдан емес, бірден адамнан айналған түсікті жайлы жатыры жатырқап, жатсынып қалса қайтеді?! Онда тұқымының тұздай құрығаны – жатсынған жатыр сылып тастағаны”.

Түсік дір ете түсті...

Құрсақ та кенет қуықтай қусырылып, жыландай жиырылып жазылды. Сонда ғана түсік ұлы қауіпті сезінді. Жатыр жатсынса, мұны бойға біткен арам без ретінде сылып тастайды екен. Ал арамның аты да, заты да арам. Бұл бірақ арам ба? Бұл адам еді ғой.

Адам еді...

* * *

Жатырдағы жұмбақ әлемде емес, жарығы мол жұмақ әлемде жүргенде ұрынды ғой бұл. Ұрынды. “Түсік” деген қол-аяғы жоқ домалақ пәлеге сонда жолықты.

Түсік түлкі бұлаңмен өткенін шолды...

Пендеге тән түлкі бұлаң тірлік кешкені рас. Түсікке айналмай тұрып жалғанды жалпағынан басты ғой, шіркін! Шіркіннің шылауына кім ілінбеді, шаңына кім ілесе алды?.. Құба күндер, құла түндер сынаптай сырғыды.

Жігітшілік жолында жұмақ кешті. Қыз-қырқын ырғын еді. Ырғында ырып жүрді. “Жаңа қазақ” атанған жайы бар емес пе?! Бұрын да тарлық көрмеген тағдыры барлықта бұрлығып-ақ қалды. Тіпті, тілі таңдайына жабысып, ісіп-кеуіп булығып та қалатын. Соның бәрі – Санабикенің арқасы, Санабике ағаларының арқасы... Құдай бұған Санабикені жар қылғанына тәуба! Мың да бір алғыс!

Жоқтық не дегізбейді, барлық не істетпейді? Санабикенің банкир ағаларының жетектеуімен несие алушыларға кепіл боларлық “КЕП” деген банк ішінен фирма ашып, жалған кепілдікпен қаншама ақшаны қалтаға басты. Кейін сатымсақтықпен айналысатын “СП БиС” құрып алды. Бір-ақ күнде БиС – Бибол мен Санабикенің айы оңынан туды. Жұрт жел жағынан жүрмейтін, оң жағынан күңкілдейтін күйге жетті. Оның соңы – Биболдың Балкенжедей жас қызға “бүлдіргі” салғаны. “Бүлінгеннен бүлдіргі алма” дегендей, Балкенжеден бойына бітіп қалған шарана туралы естігенде Бибол “бүлдіргі” деп бұрқанған.

Бір “бүлдіргі” аз саған дегендей, Санабике құрсағы да құр қалмапты. Үш бала аздай тағы бір “топалаң” түсіпті. Енді бұл екі оттың ортасында қалды. Өң мен түсі астасып кетті. Ақыры бірін болмаса бірін түсіртіп тастауға бел байлады. Түсікті көзі көрмесе де, керең болғыр құлағы естіп, көңілі нілдей бұзылған. Жылбысқа жан иесінен шошынған.

— Санажан, — деген құдай қосқан жарына, — УЗИ-ге түсіртсек қайтеді.

— Әлі ерте ғой, алты айлығынан кейін көріну керек. Қазір түсік қой, — деді ойында түк жоқ жары.

— ...Ә-ә... түсік... түсік... — деп түсініксіз міңгірледі бұл.

— Иә, әлі жылбысқа ғой, ұл-қыз екенін бір тәңіріден басқа ешкім айырмас.

— Ім, — деді бұл, — Санажан, сол жылбысқаның қажеті бар ма?!

Кенет тілін тыя қойды. Санабике де селт етіп, бұған жалт қараған.

— ...Жо-жо... Санашым, — деді бұл әрі үрке, әрі аярлана, — бала керек қой, бірақ ұл бола қояр ма екен? Денсаулығың да нашарлап жүр.

— Әй, Бибол! — деп Санабике шарт ете түсті (Қалаға келгелі соңғы алты-жеті жылда байына ағаларының арқасында би болғалы шығарған өнері еді). — Сен не оттап тұрсың? Сүмелек!.. Кеше ғана емес пе едің, “екі қыз, бір-ақ ұлым бар, тағы бір ұлым болса ғой!..” деп өзеуреп жүргенің. Енді битіңнен шошығандай боп қапсың, сорлы!

Санабике сөзбен мұны тұқыртып-ақ тастаған.

— Сана, Санатай!.. (Бұл Биболдың Санабике ағалары арқасында шала байып, оған тәуелді кеп танытқаннан бері тапқан өнері еді) Санашым!.. Ашуланбашы!.. Мен денсаулығыңды ойлап...

— О-ха-ха-ха! Күлкімді келтірмеші, аяр неме! Жаның аши қалғаны сенің, жаман қатты!?. Пішту-у-у!..

— Сана, Санатай! Саған ренжуге болмайды.

— Е, неге болмайды? Балаң түсіп қалады деймісің... Түссе түссін! Саған керегі сол емес пе? — деп Санабике де шаптыға түсті.

— Жүрегің... жүрегің әлсіз ғой, — деп Бибол міңгірледі.

— Жүрегім емес — жүктімін... Жүкті болғалы жүрегім де түкті. Жатырдағы жылбысқа жазып жіберген. Тура қазір туырылған ту қатындаймын, – деп Санагүл баяғы бір керауыздығына басты. — Сен баяғы сары қарын, салпы етек ауылдың қатыны деп тұрсың ғой... Оқымаған надан деп тұрсың ғой... Оқымасам — оқымадым. Ал қайтейін деп едің? Сен асырап отырмысың? Сен емес, мына мен асырап, мына мен адам қылып отыр емеспін бе?! О-о-о, сорлы, сорлы!.. Табамын!.. “Ұл-ұл” деген тіліңді сөйтіп тыямын! Ха-ха-ха!..

Бұдан әрі Бибол да шыдамады білем, сөз насырға шаппай табанымды жалтырата тұрайын деп, есіктен шыға жөнелді. Шаптыққан Санабике қала берді: “Білем сені, білем! Тағы салдақыларыңа кеттің ғой... Байлықтың буына, жезөкшелердің суғарғанына семіріп жүрсің. Келерсің... көзіңе көк шыбынды үймелетермін. Ағаларым аман болсын!”

Жұлқына шыққан “жаңа қазақ” жандалбаса “Джипіне” отырып, жанталаса оталдырған. Сол бетінде офиске де бармай, Балкенже қайдасың деп құйын-перен ызғытты. Көше толы құмырсқадай қаптаған ұсақ көліктердің арасымен қоңыздай дөңкиген жапон машинасы жүйтки сырғып, Балкенже шаштаразшы боп істейтін жерге де жеткен.

Арада апта бойы көріспеген “қос ғашық” шұрқыраса кетісті. Қара көзі қуаныштан жарқ еткен қыз жұмысына да қарамастан келіп көлікке жайғасқан. Қаракөк көлік жорға жүрісінен жаңылмастан екеуіне үйреншікті бағытқа бет алды. Өгіздей өңкиген көлік жүрісін үдетіп, ашық терезеден киіктің танауындай жел кеулеп, әлгінде ғана түнерген Бибол ала-дала жадырап, екеуара емен-жарқын заулады дейсің. Жер танабын қуырған темір көліктің төрт доңғалағы ыстықтан еріген майлы жолға таскенедей жабысты.

Жол-жөнекей “жембасар” тамақ алып алған олар басын бұлт шалып, қар-мұз басқан, қойнауын шырша, арша көмкеріп, ақ көбік өзен сарқыраған алып таудың ішіне енді. Өздеріне мәлім әлдебір арқар қолтық қуысына сұғынып, жазғы самал желпіген балапан шырша бауырына тізе бүкті. Көлік артынан көрпе алып, дастарқан жайды. Шөлмек толы “Сарыағаш” суынан екеуі де сіміріп-сіміріп салды. Екеуі де елпілдей сөйлесіп, желпілдей жамбастасты.

Аңсар сезім аусар іске бой алдырды...

— Жаным, мен өзіңді өлердей сағындым ғой!

— Мен де, мұнарым!.. Шалым — балым!.. Жаным!

— Қандай аппақ едің?! Сүйіктім!.. Сусыным саған қанар ма? Өртеніп барам... өліп барам... Балкенжем!

— Өртен... өртен... ерім!..

— А...а...а!.. Ах, дүние-ай!.. Еріп барам... жанып барам... жаным!

— Ә...ә...ә!.. Үу-у-у!.. Ің-ң-ім!.. Серім!

— Жарым!.. Ах-х! Ақ кенжем!.. Балкенжем менің!..

...Әудем жерден көкек шақырды: “Көкөк!.. көкөк!.. көкөк!..” Әлден уақта екеуі жан шақырды.

— Жаным! Жалған дүниеде разымын! Қандай тәтті едің?!

— Шынымен бе? Әй, қайдам!? Осы айтқаның рас болса, үйленер едің ғой... Бұлай жасырынбас та едік. — Балкенженің мұңды даусы ыстық демімен шарпи мұның құлағы түбінен шықты.

— Олай демеші, Кенжем! Орайы келмей жатыр ғой. Өзің білесің... маған оңай емес қой... Қайта басың бос саған жеңіл...

— Әне, айтатының сол. Баяғы бебеуің... Еркектердің әдеті-ау!..

— Сен, не?! Тағы біреумен жолығып жүрмісің? — Бибол жалаңаш кеудесін көтеріп алды.

— О, не дегенің?! Бар бойымдағы бал шырынымды өзің татып едің ғой... Мен ондай тәрбиесіз емеспін, Биеке! Кіммен қарайсам — сонымен ағарам... Сертім осы! — деп Балкенже солқ-солқ жылап жіберді.

— Е-е-е, бәсе! Маған жар болар жан осындай болса керек еді... Жылама, жаным, жылама! Көзіңнің жасын бұлама! Жылама, жаным, жылама! — деп өлеңдеткен Бибол өзінің еркектігіне тәнті күймен бір сілкініп қалды.

Балкенжені уата тағы бір аймалап, орнынан көтерілді. Тас лақтырым жердегі тау өзеніне қарай жүрді. Маралдың таңындай аппақ, балауса құрақ жас қыз манаураған қалпы, көрпе үстінде етпеттеген күйі қала берді...

Тау суына жуынып-шайынып сергіп қалған екеуі дастарқан басына отырысты. Борықтай Балкенже бойы балбырап, жүзі албырап, Биболға еркелей тіл қатқан.

— Биеке, жақында ауылға жүрем, апам алпысқа келеді. Барлық ағайын-туған жиналады.

— Кенжем-ау, сыйлық менен. Алтын білезік алып берейін.

— Биеке, сенің атыңнан сыйға тартам. Ана әңгімені де...

— Жоқ! — деп бұл Балкенже сөзін бөліп жіберген, даусы да оқыс, үрейлі шықты білем, қыз да селк ете түскен. — Жоқ! Өз атыңнан... өзім алдым де... — Бибол тұтығыңқырай сөйлеген.

— Қызық екен! Неге?

— Неге-меге емес — солай... Мен туралы... иә-иә, біз туралы қозғама!

— Өткенде ғана өзің айтпап па едің, “мамаңа айт” деп, “ол кісі бәрін түсінеді... кешіреді!..” деп. Содан бері мен көп ойландым. Ақыры нартәуекел, — деп шештім. Енді сен былай дейсің, түк түсінбей отырмын.

Балкенже бұған көзі жасаурай қарап, жауап күтті. Әлгінде ғана еркінсіп, бар шаруаны бітіргендей маңғазсып, балағынан бу шығып отырған бұл қызға тура қарай алмай, қарадай жер шұқып қалды.

Балкенже:

— Саған не болды? Неге үндемейсің? — деп қайратқа міне сөйледі.

— Ештеңе де болған жоқ, — деп жалтарған Бибол. — Мен туралы ештеме айтпай-ақ қой. Ана мәселені де қозғама!..

— Неге Бибол? Кім айнытты сені? Мен бұрын келіспесем — балалығым шығар... Басқа шарам қайсы, бүгін белімді буғанымды білдіріп тұрмын ғой. Осылай болсын деп өзің сөз салып едің ғой... Ендігің не? Әлде мені алдап жүр ме едің?!

— Алдаған жоқпын, Кенже! Бәрі де солай болатын шығар деп ойлаушы ем, бірақ олай болмайын деп тұр. Ол тіпті мүмкін емес екен... Әзірге осылай жүре берсек, кейінірек көрерміз!..

— Әй, Бибол! Бибол! — деп Балкенже әрі өкіне, әрі мұны аяй сөйледі. Даусында діріл бар, бірақ қатқыл қайрат та бар. — Сені азамат қой, нағыз сері жігіт қой деп сеніп қалып едім. Жүндей түтілген е... жұмсақ па едің... Әй-әй-ай! — “Ез” деген сөзбен жерге тығып жібергенге қимай, Балкенже “жұмсақ” деп жұқартты.

— Балкенже, кешір! Санабике келісер емес... үш балам бар. Оның үстіне Сананың аяғы тағы ауырлап қалыпты, — дей беріп еді:

— Менің де аяғым ауыр, — деп Балкенже де төбеден қойып қалғаны.

— Қашан?! — Мұның даусы жан ұшыра шықты.

— Екі айдан асыпты. Кеше ғана дәрігерде болдым. Түсіртіп тастайын деп бір ойладым да, тәуекелге көз жұмдым, — деді Балкенже сабырмен.

Бибол мәңгіріп қалған...

— Бибол, “Тәңірінің тартуына кесе-көлденең тұрмаңдар!..” деуші еді анам, қанша сақтанған болсам да, бойыма бітіп қалған екен, күнәға бара алмадым. Бәрінен де өзіңе, сенің “екінші бол”деген сөзіңе сендім. Сен бүгін былай дейсің... бірақ...

— Ол бір асығыс айтылған сөз екен, — деп бұл қыз сөзін кескен.

— Мен сенбеймін бұл сөзіңе, сенбеймін! Сол сәтте бар шыныңмен шырылдап тұрып айтқансың... Мейлі, қайтейін!.. Бірақ мен өз бақытым үшін күресе аламын. Бойымдағы шикет үшін де, сен үшін де күресем!.. Сен осыған сен, Бибол! — деп, Балкенже бір ерлікке бар жүрегімен беріле, бар сезімімен егіле бас тіккенін білдірді.

Бұл бір күтпеген сөз еді... Бибол:

— Балкенже, жаным, ол болмайтын іс... Санабике мені тырп еткізбейді. Мен оған кіріптармын ғой, — деп Балкенжеден сасқан сескенісін де, Санабикеден қара үзіп шыға алмас қорқынышын да сездіріп алды.

— Ынжық! — деді Балкенже.

— Не десең де өзің біл... бірақ түсікті түсір! — деді бұл.

— Онда шаруаң болмасын! Ол менің проблемам... Өз мәселеңді шешіп ал. Қатыныңа шамаң жетпей жүріп, қос қатын сенің қай теңің?! Бойыма біткен сенен болса да, сенікі емес, осыны біліп ал, Бибол!.. Ол және сендей болмайды, тәңірім куә!

— Өз обалың өзіңе! — Бибол мыңқ еткен.

— Әй, Бибол! Мен бір-ақ нәрсеге өкінем: ол — сендердей опасыздың сансыз көбейіп бара жатқанына... Ал жинал, кеттік!

— Кетсек — кеттік...

Көк түтін басқан қалаға кеш түспей-ақ тез жеткен еді.

...Түлен түрткен пенде түсікке айналмас бұрын осындай жайды бастан кешкен. Балкенжені қала шетінен түсіріп тастап, жеке меншік қонақ үйге кеп көлігін бір-ақ қаңтарған. Енді міне, сол қонақ үйде түс көріп, түсінде түсікке айналып жатыр.

* * *

Түсік түнемелге ес жиды...

Табы тандырдай қарыр құрсақ іші жайсыз тиейін деді. Бұл бүлк-бүлк бұлқынды. Бауырдай балбыраған тұла бойы тітіркене тітіреді. Салқын тартқан шырышты қабығы да ысынды. Қасиетті құрсақ ішіндегі көгілдір әлем көлдей шайқалып, қазандай қайнай бастады. Түсікке шын қауіп төнді. Ол тәңіріге тұншыға жалбарынды.

— О, құдіреті күшті Тәңірім! Мендей түсік-пендеңе қуат бере гөр!? Тозақтай жанып, мұздай суынған кұрсақ-анама сабыр бере гөр!? Мен бір талайсыз бейбақпын... Екі бірдей сүйгенім бар еді. Сол екеуі құрсағының біріне өзім түсіппін. Мұндай да сұмдық болар ма, жаратқан ием?! Әлде өзіңнің құдіретіңмен, әлде сайтанның сұм ісімен осы күйге душар болыппын... О, құтқарушы, Тәңірім! Қайсысының ғана құрсағына тап болдым? Қайсысы мені сылып тастағалы тұр? Жаппар ием, жар бола гөр! Жар бола гөр, жазықсыз жан иесіне!

Түсік болған бұл жаратқанға жалбарына, жалына түсті. Жатыр ішіндегі мұның жан даусын бірақ ешкім естімеді... Тіпті тәңірі де таскереңдей тіл қатпады. Қол ұшын созбады. Түсіктің тынысы тарылып, қапырық құрсақ қысылды: әлгінде ғана жұмбақ жатыр бір ысынып, бір суынды... Бірде жұмаққа, бірде тозаққа айналды.

Түсіктің тәні күйіп, жаны ышқынды. Бірақ шыдап бақты шикет.

Шыдамасқа шара қайсы?! Жатырдай жабық дүниенің ішінде бұл қандай азап-мазаққа шыдауға бар. Шыбын жан жарық дүниеге шығу үшін бар тозаққа көнуге құмбыл. Тек, арам бездей сылып тастамаса болғаны... Ал арам безден адам баласы безбегенде қайтеді?! Арам безді езбегенде қайтеді?! Безеді де, езеді де.

Бұл бірақ адал без ғой. Адал адам ғой. Адал адам еді...

Қазір бірақ түсік. Түсік тәні — ісік. Жаны да жасық. Жатыр жиіркенсе — ісік тәні қоқысқа төгілер, жасық жаны көкке көтерілер.

Тәңірім бірақ түсік емес, тастандыдан сақтасын! Әйтеуір, тастанды емес – түсік... Оған да тәуба! Айы-күні жетіп туған тастанды болса қайтер еді?! Таба емес – тоба. Ай астында айдай болып туар ма еді?! Күн астында күндей болып туар ма еді? Әлде, өліарада өліміші болып кетер ме еді?! Тіріжетім тастанды болудан тәңірім қақсын! Тастанды – қанадан асқанды... Таба емес — тоба. Тастанды емес — түсік.

Түсік түңғиықта азапқа түсіп жатып ойға берілген са-йын бойы жеңілдеп сала берді. Түсікті терең ой тербегелі, тәубаға келгелі жатырдың да кейде қоламталы тандырдай, кейде қаңтардағы темірдей қарығаны басылды. Ой мен сезім астасқалы түсік те дүр сілкінді. Сол-ақ екен айдай болып қалқитын, күндей болып балқитын екі дүние арасы ашылды. Екі дүние арасында түсік ұйыған бауырдай жүзе берді.

Жаңа ғана шала тәнді, шала жанды шата бой жазды. Жарының сөзінен аса алмас жасық жаны жадырағандай күйге енді. Тәңіріге разылықпен түсік тілге келді.

— О, Тәңірім, жан бергеніңе тәуба! О, жатыр-анам, тән бергеніңе тәуба! Жасықтықтан жарымнан аса алмадым. Жаныма жақын жанды бауырыма риясыз баса алмадым... кешір! Жарыма суынған сезімімді жаныма жақын жанның төзімінің тезіне салып, екі ұдай күйде қалқып жүрмін. Міне, енді, не сүйген жар жоқ, не сүйінген жан жоқ. Жападан-жалғыз қасиетті құрсағыңда жайындай жүзіп жүрмін, Тәңірім!

Кенет түсік тәні селк етті...

Сол-сол екен шырыш-шырыш шаранасы шытыр-шытыр шытынады. Әлденені сезгендей тәні суынып сала берді. Көгілдір келген көлкіген әлемі де толқып кетті. Бұл бұлықси жүзді.

Тәңірі тілегін берді ме, әлде әзәзіл естіді ме – өкпедей жүзген өзіндей бір түсік алдынан кесе-көлденең кезікті... Өлі өкпедей өр түсікпен жолыққан сәтінде сескеніп қалса да, ізінше қуанып та кетті. Бір жатырда екеу екен. Екеуі енді бір-біріне ес екен. Ес қана емес, егіз екен... Егіз қозыдан аумайды екен.

Бұл бөгде түсікті айнала жүзді. Бөгде емес, егіз деп ұқты. “Егізім!..” деп еміренді. “Сыңарым!..” деп сылдырады. Елігіп келіп, желігіп келіп моп-момақан жатқан түсікті кеп түртті. Бар пәле сол уақта пайда бола кетті.

Саптан қапқа тамып түскен тамшыдан пайда болған сыңары еді. Сабы да бір, қабы да бір сыңары... Сол сыңарын түлендей түртіп қалған сәтінде үстін түгел түк басқан тажалға айналды. Тажалға айналған түсік мұны мыстан кемпірдей тап кеңірдегінен шап берді. Қылдырықтай кеңірдегінен шеңгелдей қысқанда шақшадай басы шарадай болып, шатынаған көзі шырадай жанды.

Жаны мұрнының ұшына келді...

Түсік түсікті алқымынан алды. Алқымынан тажал түсік қысқан сайын жасық жаны көзіне көрінді. Жылбысқа тәні бір ысынып, бір суынды. Жатырдағы тар дүние тыстағы кең дүниемен қоштасардай бар әлем көлеңдеп қоя берді.

Мұның ойына оқыс бір ойлар оралып, құйындай ойқастап өтті. Екі түсік те екі жатырда жатуы керек еді... Бір құрсақта қалай қатар пайда болды? Қос түсік қос жатырда жаратылмағаны несі екен? Бәрінен бұрын екеуі де қай құрсақта жүр екен: Санабике... Балкенже... құрсағы.

Тәңірім-ау, қай қасиетті... жо-жоқ, қасиетсіз құрсаққа тап келді?! О, құдайым, кешіре гөр мендей түсігіңді! Кеше гөр тұрпайы түсінігімді! Құрсақтың қасиеттісі, қасиетсізі болмайды. Құрсақ біткен қасиетті. Қасиетсіз мұның өзі. Ұрық атаулы жатыр таңдамас болар... Жо-жоқ. Онда текті мен тексіз қайдан шығады? Жатырдың да тектісі бар, кектісі бар.

Түсіктің де тектісі бар, тексізі бар. Демек, мынадай тажалдысы бар, өзіндей ажалдысы бар. Түсік атаулының бәрі періш-те емес... О, тәңірім, кешіре гөр періштең мен пендеңді?!

...Осы бір сәт тажал түсік қылдырық кеңірдегінен тағы қысып қалды. Бар әлем келіп бір уыс бидайдай болып мұның бауырына тығылды. Шыбын жаны мұрнының ұшына келді. Тілінің ұшына сәби кезінде санасына сіңген сөз оралды.

— Шықпасын деп мал кұрбан,
Ұшпасын деп шыбын жан...
Сыңарым деп сағынған,
Тұмарым деп тағынған,
“Жалғызым” деп жағынған...
“Егізім” деп жалынған,
Қоя бер мені, егізім! —

десе, тажал түсік тағы қыса түсті. Мұның шыбын жаны қысылып қалды.

— Күнге қарап жылаған,
Айға қарап уанған,
Көкті көріп қуанған....
Сенсіз бір күн тұра алман,
Қоя бер мені, егізім! —

десе, тажал тіпті қыса түседі. Түсіктің шыбын жаны шығып барады.

— Жаны бірге шулатқан,
Демі бірге булатқан,
Қаны бірге тулатқан,
Көк Тәңіріден сұратқан,
Қоя бер мені, түсігім! —

дегенде, тажал шеңгелі босағандай болды. Түсіктің шыбын жаны сонда да ұшып барады.

— Жаны бірге жаралған,
Демі бірге таралған,
Қаны бірге суалған,
Өзіңді көріп қуанған,
Қоя бер мені, түсігім! —

дегенде, тажал түсік дәті жібігендей қылдай кеңірдегін сәл-пәл босатты. Түсіктің тәніне кіндігінен шұбалған қызыл шудан қан келіп, жаны кірейін деді.

— Күнге қарар есігім,
Айға қарар бесігім,
Көктен тілер кесігім...
Екі дүниеде енді мен
Тілеуіңді тілейін,
Қайтып саған тиіспейін,
Қоя бер мені түсігім!.. —

деген сәтте тажал алақаны арқан есердей ашылды. Түсіктің де шыбын жаны орнығып, тынысы кеңіді.

— Ұшса ұшсын шыбын жан,
Жолыңа сенің мен құрбан,
Суға біткен жалбызым,
Жаным бірге жалғызым!..
Қоя бер мені, түсігім!..
Қуа бер мені, түсігім!.. —

деп салғанда, тажал түсіктің шеңгелі жазылып сала берді. Түсік те кең тыныстап, аунап түсті. Сол бойы сірі жаны сірне әлемге сылынып бір-ақ шықты...

* * *

— А-а-а!...

Бибол өз даусынан өзі шошып оянды. Үстін қара тер жауып, бастығырылып қалыпты. Өз-өзіне келе алмай, жан-жағына алақтай қарап аз отырды. Таң ата қоймапты. Қонақ үй бөлмесі алагеуім.

Ол түлен түртіп оянғанын түсінді.