15 Қараша, Жұма

Әдебиет

Ыбырай Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері

Жиренше шешен






Жиренше шешен жолаушы келе жатып, бір ауылдың тұсына келсе, ауылмен екі арада өзен суы тұрған соң, өткелін біле алмай сасып тұрғанда, судың аржағынан су алуға шелекпен бір қыз келді дейді. Жиренше дауыстап сұрады:

— Бұл өзеннің өткелі қайда? — деп.

Қыз айтты:

— Анау жақта бір өткел бар алыс, алыс та болса жақын, берірек бір өткел бар жақын, жақын да болса алыс.

— Мұның не сөз екенін аңғармай, Жиренше жақын деген өткелге барып, жүріп кетіп еді, судың орта жеріне барғанда аты омбылап жығылып, үсті-басы былғанып, азар-мазар қайтып шықты. Сонан соң алыста болса жақын деген өткелге барып, оп-оңай аржақтағы қыздың үйіне келді. Үйіне кіріп отырған соң, Жиренше қызға қарап:

— Жаным, қарным ашып алыстан келемін, тамағың-ның тәттісін бер, — деді.

Қыз айтты:

— Бір тамақ бар ащы, ащы да болса тәтті. Бір тамақ бар тұщы, тұщы да болса ащы.

Жиренше:

— Ащы да болса тәтті деген тамағыңды келтір, — деді. Қыз тұрып, шанаштан бір уыс тұз алып, бір аяқшаға салып, Жиреншенің алдына қойды. Жиренше мұны көріп:

— Жаным, құр тұзды қалай жеймін?—деді.

Сонда қыз үндемей, тұзы жоқ қара көже құйып берді.

Жиренше өзі де данышпан ақылды кісі, ойлап отырып, бұл сөздерге түсінді, және өзінің үй иесінің берген мәзірін күтпей, тәтті тамағыңды бер деп сұрағанына ұялды. Сол істерінен Жиренше қыздың есті қыз екенін аңғарып, ақырында өзіне қатындыққа айттырып алды дейді.

Қыздың аты Қарашаш сұлу, жұртқа белгілі көркем, данышпан болған соң, заманындағы хан күңдеп, Жиреншемен қас болды. Бір күні ханның көңілі шапқан соң, аспазшылар алдына бір қаз пісіріп алып келіп қойысты. Жиренше қасында отыр екен, хан оған бұйырды:

— Бұл қазды өзіме, ханымға, екі балама, және өзіңе, біріне артық, бірімізге кем жібермей беліп бер. Егер біреумізге бір мысқал артық-кем болса, өзіңді қатты жазаландырамын, — деп.

Жиренше қолына пышақ алып, әуелі қаздың басын кесіп ханға берді:

— Тақсыр, сіз біздің басымызсыз, міне сізге бас, — деп.

— Екінші, хан ханымсыз болмас, ханым хансыз болмас, құс мұрынсыз болмас. Олай болса ханым сіздің мойыныңыз деп, оған қаздың кеңірдегін кесіп алдына қойды.

— Мынау екі балаңыз — сіздің екі қанатыңыз, оларға міне қанат деп, қаздың екі қанатын кесіп қойды.

— Мен өзім, тақсыр, бас та емес, аяқ та емес, орташа ғана адаммын, мынау құстың орта денесі маған лайық деп, қаздың қалған денесін өз алдына қойды дейді.

Және бір аз күн өткен соң, хан аң аулай далаға шығып жүріп, домалап бара жатқан бір қаңбақты көріп, Жиреншеге бұйырды:

— Барып қаңбақтың көшу-қонуының қайда болатынын сұрап кел, жауабын дұрыс келтірмесең, жасауылдарға ұрдыруға бұйырамын, — деп.

Жиренше атын борбайға салып жіберіп, шауып кетті де, қаңбақты қуып жетіп, найзасымен шаншып тоқтатып, біраз тұрды-тұрды да, қайта ханға келіп айтты дейді:

— Тақсыр, қаңбақтан бұйрығыңызша сұрадым. Қаңбақ айтты:

— Сұрата жіберген хан тентек пе, сұрай келген сен тентек пе, көшерімді жел біледі, қонарымды сай біледі, — деп.

Осылайша әуре етіп жүре-жүре, хан Жиреншенің ешбір тұзаққа түспегеніне өшігіп, енді лайығын тапса, тіпті өлтіріп, қатынын алуға ойланды. Бұл ыңғайын таныған соң, Жиренше қайғыда болып жүргенде, бір күні Қарашаш сұлу байынан сұрады:

— Неге қамығасың? — деп.

Жиренше себебін айтты. Қарашаш айтты:

— Достым, қайғырма, бұған бір ақыл табылар. Екі күннен соң хан-билерді үйге қонаққа шақырыңыз.

Жиренше елінен озған алаяқ шешен атанса да, өзі кедей екен дейді. Кедейлігі турасында әлі күнге қазақта қалған бір сөзде бар ғой. Ханның сәулетті ордасында күн бойы әдемі төсек үстінде отырып, кеш өзінің қара лашығына келіп, тулақ үстіне жатып айтады-мыс: айһай менің өз үйім — кең сарайым боз үйім, — деп. Қатынының әлгі айтқан сөзін есітіп, Жиренше айтты:

— Хан-қараны шақырып, қай жерге отырғызамыз, және немен сыйлаймыз?

Қарашаш айтты:

— Оның ақылын маған қоя беріңіз.

Екі күн өткен соң, Жиренше ханды жан-жаранымен қонаққа шақырды. Хан да, жасауылдары да «Жиренше бізді немен сыйлар екен, көрейік» деп келіпті-міс. Сыйғаны үйге кіріп, сыймағанына далада киіз жайып, тегіс отырып болған соң, Қарашаш сұлу өзі тұрып ханның алдына бір аяқшаға салған аз ғана сүт-қаймақты келтіріп қойды. Хан шынашағымен ғана қаймақтан аузына алып салып еді, бұл қаймақ ханның өмірінде жеп көрмеген артықша бір тәтті дәм, және сол шынашағымен бір-екі алып жегенде тойып та қалды. Ханнан қалғанын қасындағы жақсыларына беріп, үй ішіндегі жан біткеннің бәрі де «не тамақ екен?» деп аз-аздап алып, дәмін татысты. Аттанар уақытта, хан Қарашаш сұлудан сұрады:

— Сұлу, бұл берген тамағыңыз не тамақ? Біз көрмеген бір тәтті дәм екен, үйретсең аспазшыларыма бұйырайын, әрдайым осындай тамақ істеуге.

Сонда Қарашаш айтты дейді:

— Тақсыр, сіз білесіз біздің жарлы екенімізді. Ерім сізді жақсыларыңызбен қонақ етуге ниет еткен соң, «не тамақпен сыйласам болар?» деп уайымға қалдым. Ақырында ойладым: дүниедегі тамақ асылы — адамның сүті болса керек. Не үшін десеңіз — бала бес алты жасқа келгенше жалғыз емшек сүтімен күн көреді. Соның үшін өз сүтімді сауып, осы қаймақты істедім, — деді.

Хан «аһ» деп санын бір соғып, шыға жөнелді, — дейді. Ол заман да бұл заман да белгілі — емшегінің сүтін ішкен әйел шеше есебіне кіріп, қатындыққа алуға болмайтындығы.

Мұнан соң бірнеше күннен соң, хан Жиреншені шақырып алып: «қиянат істерімді кешіңіз» деп өтініп, көп мал сыйлапты-мыс.