20 Сәуір, Сенбі

Әдебиет

Ыбырай Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері

Тәкаппарлық






Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесе келе жатып, алдыңда не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:

— Еңкей, еңкей, — деп.

Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:

— Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар, ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнан да артық неше соққылардан құтыларсың.

Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:

— Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды, және көзіммен көрдім: басын жоғары көтерген тәкаппарлардың нешеуінің әлек болғанын, — деп.