30 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Ыбырай Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері

Өтіріктің залалы






Үш кісі жаланға шығып, күн бойы құс аулап, жалғыз-ақ шүрегей үйрек атып алыпты. Кешке бір жерге келіп отырып сөйлеседі: бұл үйректі үшеуіміз жеп тоймаймыз, біреумізге жөн болмайды, — деп. Ішінде біреуі қу жігіт екен, бұл айтты:

— Оған ақыл табылады. Үйректі пісіріп, бетін жауып қоялық та, үшеуіміз де жатып ұйықталық, қайсымыз жақсырақ түс көрсек, үйректі сол жесін, — деді.

Осыған сөз қойысып, үйректі пісіріп, бетін жауып, өздері жатып ұйықтағанда, манағы қу тұрды да үйректі жеп алып, табағының үстін әуелгіше жауып қойды. Ертең жолдастарымен бірдей тұрып қу сұрады:

— Не түс көрдіңіздер? — деп.

Біреуі айтты:

— Мен ақбоз атқа мініп, алтын тәж киіп, көкке ұшып жүр екенмін.

Екіншісі айтты:

— Мен ұшпаққа кіріп, хор қыздары маған қызмет етіп жүр екен.

Сонда қу айтты:

— Екеуіңдікі де рас, мен түсімде сеңдерге қарап тұрып едім, бірің патша болып көкке ұшып кеткен соң, енді бірің ұшпаққа кіріп кеткен соң, бір шүрегей үйрекке бола қайтып келіп жатар деймісің деп, үйректі мен жеп қойдым, — деді.