21 Желтоқсан, Сенбі

Әдебиет

Ыбырай Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері

Бай мен жарлы баласы






Асан деген бай баласы. Үсен деген жарлы баласы — екеуі құрдас екен. Бір күні ел көшкенде қыр астында ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалыпты. Бір мезгілде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастайды. Үсен ойланып тұрды да айтты:

— Жылағанмен ешнәрсе өнбес. Көшкен ауылды іздеп табалық.

— Елді қайдан табамыз, қай жаққа кеткенін де көргеніміз жоқ? —деді Асан.

Үсен үндемеді. Асанды ертіп көшкен жұртқа келді. Жұртта бір көзі сынған ине жатыр екен, оны алды және бір пышақтың сынығын, бір-екі уыстай қыл тауып, оны да алды. Сонан соң ауылдың жұртын айнала жүгіріп жүріп, көштің кеткен сүрлеуін тауып, сол сүрлеуге түсіп жүре берді.

Біраз жер өткен соң сүрлеу екі айрылды. Мұны көріп Асан жылай бастады.

— Енді қайсысына түсеміз? — деп. Үсен қарап жүріп, біреуіне түсті:

— Мынау сүрлеу, бүгін жүрген көштің сүрлеуі екен, малдың жас тезегі бар, — деді.

Біраз жер жүрген соң Асан қарным ашты деп жылады. Үсен үндемей келе жатса, екеуінің алдынан бір үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен ісі болмай жүре берді. Үсен жүгіріп барып сипалап жүріп, үйректің орнынан алты жұмыртқа тапты. Асан қуанып жұмыртқаны алайын деп еді, Үсен алдырмай:

— Жолдан адасып көп күн жүрсек, бізге тамақ керек болар, үйректі де ұстап алайық, — деді.

Асан айтты:

— Қалай ұстаймыз?

Үсен:

— Мен әкемнің ұстағандарын көріп едім, — деп манағы жұрттан тауып алған қылдан есіп тұзақ істеді де, оны апарып үйректің ұясына құрды. Мұнан соң Асанды шақырып алып, екеуі бір таса жерге, қалың шөптің арасына барып жатты. Көп ұзамай-ақ үйрек қайта ұшып, жан-жағында адам көрінбеген соң, ұясына келіп қонды. Бітегенеден соң Үсен түрегеліп, жүгіріп ұяға барып еді, үйрек ұша алмай далбырлады да қалды. Қараса, үйрек мойнынан тұзаққа ілініп қалған екен.

Үйректі Асан:

— Тірі алып, ойнап баралық, — деді.

Үсен айтты:

— Жоқ, әкем: үйрек, қаз адал құстар, мұқтаждықта Құдай-тағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырады. Бірақ тірілей байлап-матап әуре ету обал деп айтушы еді, әуре етпей бауыздап алалық, — деп манағы жұрттан тауып алған пышақтың сынығымен бауыздап алды.

Мұнан соң келе-келе жатып, түс ауған шақта, екеуі бір өзен - судың бойына жетті. Су ішіп, сусындарын қандырған соң, Үсен айтты:

— Енді бір тамақ пісіріп желік.

Асан:

— От жоқ, неғылып пісіріп желік? — деді.

Үсен үндемей су жағалап кетіп, бір шақпақтас тауып әкелді және шапанының бір кішкентай жыртылған жерінен азғана мақта суырып алып, оны тастың үстіне қойып, бәрін бармағына қатты қысып тұрып, манағы пышақтың сыртымен тасқа қатты ұрып еді, от шығып, мақта тұтанды. Сонан соң айналасына азғана тезек үгіп салып, Үсен өзі отты үріп тұтандырып жатып, Асанды қу тал жинап алып кел деп жіберді. Тал келтірілген соң от жағып, әуелі жұмыртқаны отқа салып пісірді. Онан соң үйректің жүнін жұлып, бұтарлап, бір талдан істік істеп, үйректі отқа қақтады. Піскен соң екеуі де жесіп, тойып алысты.

Тамағы тойған соң көңілінен уайымы шығып, Асан су жағалап жүгіріп кетті, бір мезгілде дауыстады:

— Үсен, Үсен! Мынау тайыз жердегі балықтарды қарашы! — деп.

Үсен оған қарамай баяғы жұрттан тапқан инені отқа салды. Ине біраздан соң оттың күшімен еріп, қызарды, сол уақытта пышақпен инені алып, ептеп иді, қармақ істеді.

Сонан соң Асанды шақырып:

— Сен шегіртке тере бер, — деді де, өзі манағы қылдан есіп қармаққа бау істеп байлап, талдан кесіп оған сап істеді. Сөйтіп, қармақ әбзелімен даяр болған соң, Үсен суға барып, Асанның жиған шегірткесін жемге шаншып, қармағын суға салды. Су әдемі, айнадай таза су екен, ішіндегі ойнаған балықтары көрініп жүре - тұғын. Әуелі шабақтар келді, біреуі бір, екеуі екі жемді иіскеп, тиіп-қашып, жұлқып өтті. Сөйтіп тұрғанда, шабақтар дүркірей келіп қашты. Қараса, бір шортан келген екен. Ол Шортан жемге де қарамай, тәкәппарланып жайымен былғаңдап өтіп жүре берді. Шортан өткен соң манағы бытырап кеткен шабақтар тағы жалма-жан жиылып келісіп, жемнің айналасында ойнап, бірін-бірі қуып, жемге де тиіп-қашып, соғып өтіп жүрді. Сөйтіп тұрғанда, шабақтар және дүркірей қашып, жоқ боп кетті. Қараса, бір бөлек алабұғалар келген екен. Жемді ең бұрын көрген біреуі тоқталмастан келіп асап келіп қалғанда, Үсен қармақты тартып алып, оны қырға шығарып тастады. Сол қалыпша Үсен бірталай алабұға алды.

Балықтың алынған қызығына айналып тұрып, балалар күннің кешке таянып қалғанын аңғармаған екен. Бір мезгілде Үсен күнге қарап:

— Аһ, күн кеш болып қалыпты ғой, жарықта өткел тауып алайық, — деп, қармақпен алған балықтарын біреуінің шапанына орап алып, манағы шақпақ тасын және сабы - бауымен қармағын да қалдырмай алып, енді өткел іздесті. Бұл турада Үсен кідірместен, манағы өздерінің түсіп келген сүрлеудің өткен жерін тауып алып, сол жерден өте шықты.

Біраз жүрген соң-ақ күн кеш болды және біраздан соң ымырт жабылып, жол көрінбеді. Түн болған соң, балалар екеуі де қорқайын деді. Сөйтсе де Үсен сыр білдірмей, енді жүрсек адасармыз деп тоқтады, тезек теріп, от жақты.Біраз отырған соң Асан күндіз көп жүріп шаршаған бала, ұйықтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы еді «елді жердің ұрысы, дал алы жердің бөрісі болады» деп, ұйықтамай отқа күндізгі алған балығын пісіріп, ермек етіп отыра берді. Есітуі бар еді: от жағып отырса, қасқыр келмейді-міс деп. Қарап отырса, бір мезгілде бір топ киік келді. Олар анадайдан одырайып қарап тұрып-тұрып, өз-өзінен үркіп жөнелді. Біраздан соң құлын, тайы бар бір үйір құлан келді. Айғыры алдында басын тікшитіп, құйрығын шаншып, осқырынып, өзгелері таңданып қарап тұрды-тұрды да, олар да шауып жөнелді. Бір мезгілде жақын жерде қасқыр ұлыды. Алысырақта өгіз - шағала адамша шыңғырып, біресе жылаған балаша, біресе қарқылдап күлген адамша, әртүрлі дауысқа салды. Үсен түйсініңкіреп, бойы мұздап, қолын манағы қармақтың таяғын қысыңқырап ұстап және отыра берді. Сөйтіп әр жануарларды керіп және оттың жарығына жиылған құрт-құмырсқа, көбелектерді қарап, бұл көбелек-қоңыздар неге өлім іздеп отқа түсе береді екен деп, әртүрлі ойларға қалып, сүйеніп жатып, таңды атырды. Күншығыста таң әуел алтынмен бояғандай қызарып, жан-жаққа жайыла – жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады: «Жүрер уақыт болды» деп. Асан далада екенін ұмытып, үйдегі қалыбынша, жуық арада оянбай ыңырсыса да, Үсен қоймай оятып алып, қасына ертіп, жолға шығысты.

Күн сәскеге шейін жүріп отырып, сәскеде сүрлеу бір қатаң шоқаттау жерге түсіп көрінбей кетті. Балалар енді қай жаққа жүрерін білмей дағдарып тұрды. Сөйтіп, жан - жағына қарап тұрса, ілгергі алдында бір киік қыр үстінде, үлкен мола көрінді. Сонда Үсеннің ойына әкесінің сөзі түсті: далада жүріп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады, — дейді екен.Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүрді. Молаға жақындап келгенде, қаңқылдаған қаздың даусы шықты. Үсен енді білді жақын жерде қол бар екенін, оның үшін қаз сусыз жерді мекен етпейді. Келіп екеуі енді молалы қырға шықты, қараса қырдың жығылар асты үлкен қол екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал. Жағасындағы жібектей жапырылған көкорай шалғынында қора—қора қой мен жылқы, жылқының бір парасы көл ішіне кіріп, белінен құраққа кіріп тұр, енді бір жағасындағы сортаңда бір топ түйе жатыр. Бұларды көріп, балалар қырдан түсіп, жүгіріп малға келді. Келсе, өз ауылдарының малы екен. Малшылар Асан, Үсенді көріп, олар да қуанып, біреуі әке-шешесінен сүйінші сұраймыз деп шауып кетті, өзгелері балаларды атқа мінгізіп, ауылға алып жүрді. Жолда келе жатып малшылар айтты: — Сендердің жұртта қалғаныңды біліп, кешеден ауылдың жан біткені іздеуге кетіп еді, — деп. Нақ бесін мезгілінде балалар аман-есен үйлеріне келіп, әке-шешелеріне қосылды дейді.