30 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Ыбырай Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері

Оқудағы балалардың үйіне жазған хаттары






А

Қамқор, дуагөй атам мен әже, сіздерге ықласты сәлемдерімді жолдап қаламын. Өзім сіздердің оң баталарыңыздың арқасында сау-саламат бармын. Өткен почтадан жіберген сәлем хатыңызды, азын-аулақ ақшасымен, жолығып алдым. Алла разы болсын, мендей нашар балаңызды естен шығармай тұрғаныңызға. Ықыласыммен Құдай-тағаладан тілеймін: сіздердің еңбек қамқоршылығыңызды бізге де қызметімізбен өтеуге жазғай еді деп. Оқыған оқуымыз турасында бұл күнде ұстаздарымыз сонша разы. Жаңада ең жақсы оқыған балалардың есебіне қосып, кенегесіне жазып қойды. Ата, сіз әрқашан ақыл айтушы едіңіз: «балам алаң болмай ұстаздарыңның айтқанын орнына келтіріп, берген сабақтарын толық үйреніп, білуге тырыс» деп, мен ол сөздеріңізді ұмытқаным жоқ...

Сіз жазасыз, ата, Қасенге қорасан4 шықты деп. Аман жазылып кеткеніне қатты қуандым. Бізге ұстаздарымыз айтады: қорасанды егіп шығарған балаға қайта қорасан шықпайды, шыға қалса, қатерсіз, жеңіл шығады, — деп. Осы сөзді жөні келсе ескеріп, жақын жердегі лекарьлерге5 кішкентай інілерімді апарып, шешек ектірген қалай болады екен?

Қош, дауаларыңыздан үміткер балаңыз Н.

Б

Ағамыз Ыбырайға көп сәлемдерімді жолдадым. Өзіңнен көптен ешбір хат-хабар болмады. Тек ауру сырқауға душар болмасаң болады-дағы, шаруашылық жұмыстан да қолың тимейтін шығар. Сөйтсе де, уақыт тауып, есендігіңді білдіргейсің. Өзім денім сау, ұстаздарымыздың тәуір назарыңдамын. Бір-екі айдан соң екінші класқа шығармын деген үмітім бар.

Осы хатты тапсырушыдан Қадишаға екі қадақтай конфет жібердім, сен алып өзіне тапсыра көр. Әкеме бас құлдығымды айтып және менен өтін, маған берген ақшасын босқа шығарды деп ұрыспасын. Қадиша кішкене бала ғой, ағам жіберіпті деп, қуанып қалсын дедім.

Қош, аға, сау бол. Хат жаз дегенімді ұмытпа деп, — есендігіңді Құдайдан тілеп жазушы ініңіз Н.

В

Мінекей, достым Мұратбай, мен екінші класқа шығып, енді бір-екі жұмадан соң елге де қайтуға тұрмын. Енді көп ұзамай-ақ сендерді көрсем керек. Осы күнде - ақ көзіме елестеп тұр, ауыл көкорай шалғындарға қонып, жан-жақтың бәрі желкілдеген көк шөп ішінде жыңылдаған малдың жүргендері. Көп жазуға уақыт жоқ құрбы – құрдастарыма сәлем, ағама айт: менің күрең дөненімді кісіге мінгізбей, семіз сақтасын, барған соң өзім жаратып жайлармын. Достың Н.

Г

Ағамыз Ыбырайға сәлем. Сен бекер қауіп етесің, менің азырақ ауырғанымнан; сені көріп әжемдерде үрей қалмаған-ды. Ауырғаным себебі, қыстың күні ауылы жақын жердегі бір ептешімнің6 үйіне қонаққа барып едім. Ағаш үй жоқ екен, киіз үйде патшалық жеңіл киіммен жатып - тұрып жүргенде бойымды суық ұстады. Сонан азырақ басым ауырған соң, қайтып дәрігерге айттым. Дәрігер дәрі беріп, енді жазылып келемін. Ай, аға, әкеме айтып, жылы ағаш үй салып алсаңызшы. Киіз үй жаздың күні қанша жақсы болса, қыстың күні сонша жаман ғой. Суық киіз үйде қыс күні бүрісіп, алдың отқа жылынса, арқаң тоңып отырып, не таза жуынуға болмайды, не таза тамақ жеуге болмайды. Осындағы оқымысты дәрігерлер айтады: қазақтың дертінің көбісі— не бойын суыққа алдырғаннан, не тазалық жоқтықтан пайда болады, — дейді. — Қотыр, бөрткен — таза болмағаннан, сүзек, шаншу, жөтел — бөрі де суықтан, — дейді. Еріккен соң ойыма келгенін жазып, ермек етіп жатырмын. Көп мылжыңдады деп айыпқа бұйырма және менің үшін келемін деп азаптанба. Әкем кәрі кісі, шаруашылық жұмысыңнан қаларсың. Інің Н.