23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп...




Шам Сенен жарықпын деп күнәлi боп,
Сондықтан түскен оның тiлiне шоқ.
Айна Сенен асылмын деген үшiн,
Дарға асылып, басына қадалған оқ.

Бүтiн әлем байланған сиқырыңа,
Мен жындандым асық боп сол нұрыңа.
Шiрiк иман, шыққан жан арман емес,
Қолымды бiр тигiзсең бұрымыңа.

Нұрға байсың, нұрыңнан зекет – парыз,
Мен кедеймiн, нұр сұрап қылдым арыз.
Бiр қарасаң, тiрiлер өлi денем,
Қарамасаң, мойныңда кетер қарыз.

Қызырдың мәңгi суын сия қылып,
Тамам түндi сауыт қып қойсам құйып.
Осы дүние тозғанша жазсам-дағы,
Бiтiре алман ернiңнiң сырын бiлiп.

Нәресте, жас күнәсiз, күн мен айым,
Етегiңе қол тисе, адаспайым.
Жаратқанның құдiретi толықтығын,
Сенiң мiнсiз нұрыңнан байыптайым.

Мұны меңiреу табиғат жарата алмас,
Деймiн де терең оймен соны ойлайым.
Сондықтан жан, иманым бiр сен үшiн,
Мейлiң сөк, мейлiң ұна, осы жайым.

Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де,
Сенi көрмей мұсылман бола алмайым.
Сенiң нұрың түспеген сопыларды,
Бейiске кiредi-ау деп ойламайым.