23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Сөз жазып, өлең өлшемек




Сөз жазамын түнімен,
Бар ұйқымды қашырып.
Тығып қойман мұны мен
Еш адамнан жасырып.

Мен кетермін, сөз қалар,
Ақ қағазға басылып.
Бозбалалар қолға алар,
Әр ауылға шашылып.

Оқырсың да қолға алып,
Сөздің мәнін табарсың.
Өз сөзіңе өң салып,
Дауды жүндей сабарсың.

Болмасам да қасыңда,
Алды-артымды қамарсың.
Миың бар ма басыңда,
Байқастамай шабарсың.

Білімді жұрттың ақыны
Біздің сөзді сынамас.
Жазушының жақыны –
Қазақ мұны ұнамас.

Сынатарсың өзіңді,
Менің түгім қурамас,
Өлген кісі «сөзімді
Сынама» деп сұрамас.

«Сынасын» деп жазғамын,
«Сынама» деп шатпаймын.
Қазақтың мінін қазғамын,
Айтқанымнан қайтпаймын.

Қазақ сыншы болса екен,
«Болмасын» деп айтпаймын.
Жетегіме ерсе екен,
Өлсем де тыныш жатпаймын.

Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты,

Білімдінің сөзіндей,
Сөзім демен таза, ақ-ты.
Қазақ болса өзімдей,
Қыла алмайды мазақты.

Қазақтың жайы белгілі,
Өлеңі өңкей құрама,
Байқадың ғой ендігі,
Оны менен сұрама.

«Ауылым қонды Нұраға,
Мінген атым сұр ала» –
Керексіз сөзбен бұрала,
Қазақ сүйтпей тұра ма?

Сөзімді өлшеп қараңыз,
Уәзінге дәл шыға ма?
Қазақ деген балаңыз,
Уәзінді де ұға ма?

Сөзді әнге дұрыстап,
Өлшеуменен сыға ма.
Сыймаса да сырықтап,
Зорлық қылып тыға ма?..