23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Партия қуған өңкей қырт...




Партия қуған өңкей қырт,
Жазылмайтын ол қылқұрт.
Мен тартам ел қайғысын
Әкiмi – залым, биi – әңгүрт.

Сұрқия тiлiн жалдайды,
Момын мен аңқауды алдайды.
Қанды қақпан бар құрған,
Түсiрер болса қандайды.

Бар сырын бiлем қолма-қол,
Осынымды сезедi ол.
Айналама қазып ор,
Қалдырмай отыр маған жол.

Адамдық жоқ, онда сән,
Құриды жаны, шiрiп тән,
Таусылмайды бұл өмiр,
Орнына келер жаңа жан.

Көрмесе де көзiмдi‚
Бiлмесе де өзiмдi,
Кейiнгi жандар қабылдар
Айтылған түзу сөзiмдi.

Ойсызға сөзiм жақпайды‚
Арсыздар оны таптайды.
Мұраны асыл жоғалтпай,
Сан ғасыр тарих сақтайды.

Өртеген әкiм, ғалымды,
Жер жүзiне мәлiм-дi.
Кейiнгi сынап сөздерiн,
Алған сонан тәлiмдi.

Қиналған тәнiм азапқа,
Жанған жаным дозаққа
Әдiл жандар алдында
Ақталып шықса, ғажап па?!