23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Мың тоғыз жүз отызыншы...




Мың тоғыз жүз отызыншы,
Февральдің бір жетісі,
Жүрекке салған от сөнбей.
Алтыншы июль тым ауыр күн,
Болып маған қараңғы түн,
Бұларды мұтпаймын өлмей.

Бірінде кеп Ғафырды алды,
Баласы да қосақталды,
«Сен қалма,– деп,– көгенделмей».
Мүлік-малын түгел алып,
Екеуін түрмеге салып,
Біраз ғана аял бермей!

Жетісінде өзімді алды,
Сыпырып үй, жасау-малды,
Кетер ме ойдан өлім келмей!
Онында мені шығарды,
Үй тұтқын қып, қағаз алды,
«Жатасың,– деп,– іс жөнделмей».

Ғафырды алып Семей барды,
Екеуін түрмеге салды,
Подсудом деп, бір тексермей.
Абақтыда бес ай өтіп,
Июльдің алтысы жетіп,
Ғафыр өлді атақты ердей.

«Жазасызға жаным құрбан»,–
Деп, осы оймен бауыздалған,
«Кетем,– деп,– қорлыққа көнбей!»
Әдейі Аллаға кеткен,
Шаһиттікке қолы жеткен,
Бұ жалғанға көңіл бөлмей!

Сездірмеген еш жолдасқа,
Не баласы, не достасқа,
Мұны қалған адам көрмей.
Алдына қойған ол леген,
Сол қолын жерге тіреген,
Оң қолымен бәкі сермей!

Бір тартқанын біреу көріп,
Күре қиған тағы орып,
Ағызып қан қызыл селдей!
«Бұ не?!» – деп, жолдасы жеткен,
«Өзім»,– деп ишарат еткен,
Алыс жолға жөнелгендей.

Әділетсіз баламды алды,
Бір ұл мен төрт қызы қалды
Енесі өлген жетім төлдей!
Ата-ана мен бауырлары,
Балалар мен қосақ-жары
Ағызды көз жасын көлдей!

Ағайын, көрші, дос, құда,
Ғафыр деп зарлады бұ да,
Жиылып кеп ошар елдей!
Әкеткенге, міні, бүгін,
Толып бір жыл жетінші түн,
Өте шыққан өмір желдей!

Сен өткенге жеті ай болды,
Соны ойлап сабырым өлді,
Жаман тамым болып көрдей!
Білмедім, қайғы ма, жын ба?
«Бүгін бар,– деді,– осында»,
Сиқыршы үшкірген желдей!

Шыдап, ішке толып жалын,
Міні шықты болып сарын,
Аулақта зарлап именбей.
Ана күні түсіме ендің,
Ақ күмбезден түре келдің,
Таяу тұрдың есік-төрдей!

Өткенің тұр көңілімде,
Бізге ермес өлік деп мүлде,
Жүзің тұр бейне күлгендей!
Халыққа бірдеме дедің,
Қуанып мұтқаным менің,
Түсімді өңім деп, сенбей!

Шешілді сол түсім енді,
Депсің сен «февраль келді»,
Мұтыппын мен есіме енбей!
Осы февраль, осы түсім,
Қабат келіп жарылды ішім,
Жүрекке қанжар ілгендей!

Осыны ойлап, ағып жасым,
Су боп қағаз, қарындашым,
Неше бұзып, неше жөндей!
Иесіз тамым болып мола,
Сабырым кетті бір жола.
Отырмын жазуым өнбей!

Қарағым, момыным, Ғафыр,
Бүгін болып әкең пақыр,
Қоя алмады бір күңіренбей!
Құлыным қош, бақытты бол,
Жаңа февраль, алтыншы июль
Мұтылмайды мені көмбей!
Ол ай келсе, осы жырым
Түсірер ойға әр бірін,