23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Молдалар өзгелерді кәпір дейді...




Молдалар өзгелерді кәпір дейді,
Өзі надан, наныңыз, түк білмейді.
Өзімшілдік көкейін тескен сорлы,
Аузына келгенді айтып жанын жейді.

Орыстың жақсыларын білмес қазақ,
Болып жүр сондығынан көпке мазақ.
Өнерлі, білімді елден тәлім алмай,
Қуларға еріп момындар тартар азап.

Үйренсе ғылым менен сан өнерін,
Білер еді-ау өнердің не берерін.
Танысса ақын, ойшыл адамымен,
Табар еді-ау адалдық, ар көмегін.

Білсе егер Салтыков пен Толстойын,
Сезсе олардың айтылған терең ойын.
Байрон мен Пушкиндерден ғибрат алса,
Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.

Лермонтов, Некрасовтай ақындарын,
Өнеге етсе солардың мақұлдарын.
Өзімшіл, надандықтан көзі ашылып,
Аңғарар адал жолға жақындарын.

Сұрқия, сопылардың алма тілін,
Беті тұнық, асты ылай ол бір жылым.
Өнерсің өнеге алсаң үлгілі елден,
Адамшылық өнер мен берер білім.

Алаяқ сұмдарға ерсең, болмас жолың,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.
Өнер-ғылым үйренсең еңбек етіп,
Мазақ болмай елдікке жетер қолың.