23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Жұмбақтардың шешуі




I
Жұмбақ ойды кеңітер, бермейді бөз,
Таза суы – шешендік, дариясы – сөз.
Әншейін ауызбенен айтылғанда,
Сөзді құлақ естиді, көрмейді көз.
Ыдыс – қаріп, көз көріп тізбелейміз.
Оның айтқан дыбысын естімейміз,
Дария көрген – хат білген жалпы адамдар
Ылай, тұнықты айырған есті дейміз.

II
Қарындаш

III
Жел.

IV
Ине керек қылмайды киім, тамақ,
Ұйықтаймын деп ешқашан жаппас қабақ.
Жылпылдатып бұйымды тігесіз ғой,
Тұлымдары – өткізген жіптен сабақ.

V
Тоғыз қатын – тоғыз сан тоғыз бөлек,
Тоғыз цифр киеді түсі өзгерек.
Бірінен-бірі жуан бола беріп,
Ойласаң тоғыздан «он» туса керек.
Киімі оның бір цифр, бір ноль болар,
Ноль деген – цифрдан жат бір дөңгелек.
Қанша санды жазса да осы он цифр
Жететінін байқарсыз, болсаң зерек.

VI.
Деп ойларсың таба алмай «бұл немене?»
Таба алмасаң, айтайын, ол таз кене!
Түйе кене атанып қанға тойса,
Көксұр болып кетеді күреңдене.

VII
Бір қағазды қи-дағы үш бұрыштап,
Бір бұрышын ортасынан кес дұрыстап.
Қалған қағаз болады төрт бұрышты,
Үш бұрышты қиығын тұрсаң ұстап.

VIII
Жұмбақ айтып не керек – әуре қылмақ,
Керегі сол – ойланып, ой ашылмақ.
Әлемде әр нәрсенің қарсысы бар,
Бар қарсысы «жоқ» еді осы жұмбақ.