23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Жар көрмеген надандар...




Жар көрмеген надандар
Жарың кiм деп күледi,
Оқыған ойсыз адамдар
Жансыз өмiр сүредi.

Ойласам, олар – жанды өлiк,
Меңiреу, мисыз бiр көлiк.
Осыдан жоқ өңгелiк,
Адаммын деп жүредi.

Қанжарың бер, барайын,
Меңiреудiң iшiн жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын,
Сонда оған жан кiредi.

Нұрыңмен жарық жүрегiм,
Ғайыптан хабар бiлемiн,
Жарымнан алған тiлегiм
Қап тауын нандай тiледi.

Нұрыңды көрсе, болып мас,
Мейлi кәрi, мейлi жас,
Меңiреу мұны жаратпас,
Деп тәңiрiсiн бiледi.

Сиқыр көзбен арбасаң,
Табиғат басын иедi,
Кәрленiп кiмдi қарғасаң,
Қатесiз оғың тиедi.

Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебiн киедi,
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйедi.

Өлшеп жiбер нұрыңды,
Бiлсiн әлем түрiңдi,
Бiр-бiрлеп аш сырыңды,
Соныңды көңiлiм сүйедi.