23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Бір ханның кеудесіне жара шыққан...




Бір ханның кеудесіне жара шыққан
Оған ем табылмапты тамам жұрттан.
Айтқаны қате кетпес бір балгерді
Әкепті естіген соң даңқын сырттан.

Ол айтты: – Бұл жараның емі бөлек,
Табылса, алғызыңыз құнын төлеп.
Маңдайында қаз-қатар үш меңі бар
Он бестегі баланың өті керек.

Хан елге сүйікті екен әділетті,
Сондықтан елі әлгіні іздеп кетті.
Бір кедейдің баласы сондай екен,
Баласын, ата-анасын алып кепті.

Ел жалынды ата мен анасына,
«Көп мал ал,– деп,– баланың бағасына».
Жүз мың ділдә алды да кедей сатты,
«Шыдадым,– деп,– баланың қазасына».

Хан сұрады қазыдан мойнып бұрып:
– Емдеген дұрыс па,– деп,– кісі өлтіріп?
– Жас ұлдың ата-анасы разы болса,
Дұрыс,– деді кітапқа қарап тұрып.

Сол балаға бір жендет келіп қалды,
Өлтіргелі қанжарға қолын салды.
Дәт айтуға патсадан бала тілеп,
Мына сөзді айтуға рұхсат алды:

– Ата-анасы көтерер бала назын,
Зорлық көрсем, құтқарар әділ қазым.
Қайғымды шағатұғын ханым даяр,
Бір пәлеге кез келіп болсам жазым.

Ардақтаған ата-анам малға сатты,
Қазы бұзды ұялмай шариғатты.
Хан мені өз жаны үшін құрбан қылды,
Енді кімге айтайын мұң мен дәтті?

Үшеуі де аямай оқпен атты,
Маған да емес пе екен жаным тәтті?
«Адамда әділет пен мейірім бар» деп,
Естілер мұны білмей неге шатты?

Хан қайтты мұны есітіп ескі беттен,
Құшақтап сол баланы сүйді беттен:
– Жазасыз қыршын жасты қинағаннан,
Жөн еді біздей залым өліп кеткен.

Мұнан қандай гүл тердік, оқығандар,
Құр жазуға қарама, сырын аңғар.
Бірі өлтір деп баласын малға сатып,
Бірі өлімге шыдаған неткен жандар?