Әдебиет
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан...
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан,
Күндесіп, араздасып, бұзылысқан.
Билеген елін екі бөліп алып,
Соғыс ашып, болыпты қатты дұспан.
Арашалап бай барған, хан да барған,
Не шешен, білгіш деген жан да барған.
«Әскер қанын ағызбай қоймаймыз» деп,
Биге де тоқтамапты таңдап алған.
Бар екен тоғыз кедей шөмшек терген,
Отын сатып, еңбекпен күнін көрген.
Қырылысып жатыр деп есіткен соң,
Елді аяп арашаға солар келген.
Соғыстың ортасына кеткен кіріп,
Тимепті жарлы екенін солдат біліп.
Бір кедей ұран салып айғайлапты,
«Хан қайда? Бітім! Бітім!» деп ақырып.
Мұны естіген екі жақтан хан келіпті,
Сөз тыңдауға бірталай жан келіпті.
Қолында айғайлаған отыншының
Уыстаулы ұйыған қан көріпті.
Жарлы айтыпты сонда екі ханға қарап:
«Қан төгіп қайтпексіңдер елді талап?
Іздегенің мақтан мен мал емес пе,
Шын айтпасаң, кетемін қанмен сабап?
Мынау қан сен сияқты жастың қаны,
Сендер үшін қиылған қыршын жаны.
Тойымсыз қос төбеттің құрметі үшін,
Жөн бе екен көп әскердің қырылғаны?
Ей, солдат! Жаратушың бұлар ма еді,
Қыршын жаның өлімге құмар ма еді?
Екі ханға біз үшін сен өл десең,
Сендер үшін өлуге шыдар ма еді?
Хан тоймайды әлемді таласа да,
Ой жіберші осындай тамашаға.
Екі жуан сыймайды жер жүзіне,
Тоғыз кедей сияды алашаға.
Бір нан тапсақ, ортақпыз отын теріп,
Ашымызға тоғымыз бөліп беріп.
Өлгенше жуандардың көзі тоймас,
Бар әлемді жүрсе де ол меңгеріп».
Бұл сөзді жас солдаттар ұғып алды,
«Соғыспай тоқталық» деп айғай салды.
Екі жақтың әскері қайтып кетіп,
Хандардың арам ойы адыра қалды.
Әскер қанға бояйды өздері-өзін,
Зор үкімет сиқырлап байлап көзін.
Ойланып осы кезде кім тыңдайды
Әлгі алтынмен жазарлық жарлы сөзін?