Әдебиет
Аңда жүріп шөлдеген Ашам патса...
Аңда жүріп шөлдеген Ашам патса,
Аңсағанға қандай ем, сусын тапса?!
Алыста жаяу қойшы көрініпті,
Мөлдір бұлақ су іздеп келе жатса.
Уәзір мен жолдастары соны көріп,
Айғайлап шақырыпты атой беріп.
«Сендер атты, мен жаяу, бара алмаймын,
Әкімсінбей айт,– депті,– бірің келіп».
Жуандар ыза болды «келмей тұр» деп,
«Керемет көрсетелік бұған бір» деп.
Қойшыға бір жендеті жетіп келді,
«Анау топ шақырады, жылдам жүр!» деп.
Қойшы айтты: «Ақырасың неге бұлай,
Сенбісің жаратушы күшті Құдай?
Жасқанып жерге кіріп кете алмаймын,
Желкілдеген екен деп бір топ қурай».
Ыза боп шақырушы қайта шапты,
«Кежір кедей екен» деп жамандапты.
Қарсы айтса, басын кесіп алмақ болып,
Қойшыны бәрі келіп қамап апты.
Қойшы оны елемепті адам бар деп,
Қымсынбайды өлтірер, не қинар деп.
Хан ақырды: «Сен бізді кім деп тұрсың
Жөн айтпасаң мойының шабылар»,–деп.
Қойшы айтты: «Біліп тұрмын бағанадан,
Мінездерің айқындап айтты маған.
Жер тәңірісің, желігіп елді жеуді
Парыз қылып қойған ғой сайтан саған».
Хан айтты: «Саған бір іс қыламын,– деп,
Өзіңді-өзің өлімге ұнадың»,– деп.
Қасындағы жендетке бұйрық қылды:
«Көп сөйлетпей басын ал мынаның» деп.
Қойшы айтты: «Дәт бар ма?» деп сұрармысың,
Өлтір деп кекірейіп тұрармысың,
Бұрынғы айтқан сөзімнің бәрі де шын,
Тағы бір шын айтайын, ұғармысың?»
Хан айтты: «Мұның жайын кім білмеді,
Әлде бір есалаңдау жынды ма еді.
Өлердегі сөзіңді сынға алайық,
Қаніки, дәтіңді айтшы енді?» – деді.
Қойшы айтты: «Бір аш сұңқар сен сияқты
Жемек боп бір торғайды іліп апты.
Сұңқардың тұяғында келе жатып,
Сол торғай «бір дәт айтқыз» деп сұрапты.
«Айт» деген соң торғайдың айтқан дәті:
«Мені жеген сұңқардың жоқ ұяты.
Қоя қылып құсарсың жүн мен сүйек,
Тұмсығыңа жұғады боқтың таты.
Сыртым түк, қарыным боқ, түк етім жоқ,
Тамақ боп табылмайды көңіл шаты.
«Қаз іле алмай, қаңғырып торғай іліп»
Деп басыңнан арылмас жаманаты.
Сен мені жегенменен тоймассың да,
Аң алған әдетіңді қоймассың да.
Мейірімсіз миыңа сөз кірмесе,
Кейінгі мейірімділер ойлассын да».
Сұңқар тыңдап босатты сол торғайды,
Қарусыз қызыл тіл де жан қорғайды.
Құс құрлы миың болса, мені босат,
Бір қойшыны өлтірген күш болмайды.
Мені өлтірсең аласың жаман атақ,
Оны ұғарсың, болмаса миың шатақ.
Қасыңдағы жолдасың айтпағанмен,
Өсек қылып жамандар өзге жат-ақ».
Мұны естіп Ашам патса ойға түсті,
Бұрын көрген емес қой мұндай күшті.
Қойшының қолын ұстап кешу алды,
Деді де: «Мен күшті емес, тағдыр күшті».
От шығар өсекшінің шағымынан,
Күшті жоқ жаралыстың ағымынан.
Тауып айтқан татымды сөз құтқарар,
Көз байлағыш сайтанның сағымынан.