Әдебиет
Анық пен танық
Ойлаңыз, ақыл-бiлiм қайда болмақ,
Денеде қандай орын-жайда болмақ?
Бiлу, нану, ұнату – ақыл ici,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?
Тән сезiп, құлақ естiп, көзбен көрмек,
Мұрын иiс, тiл дәмнен хабар бермек.
Бесеуiнен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр iстi сол тексермек.
Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөнi келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Әдiлеттi жүрегiң бiр қозғалмақ.
Бiр билiк сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс дей ме, терiс дей ме,
Сол арасын анықтап байқа, бiрақ.
«Жарайды»‚– деп ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиiркенiп дiрiлдемек.
Жүрегiңнiң тiлi жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.
Қазақта жоқ ақылмен ой бекiтпек,
Нәпсi ұнаса болғаны, бәрi бiтпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.
Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлiнше о дағы сынға салмақ.
Аз ойланса‚ қазақтың басы қатып,
Зиян iстi пайда деп қойып қалмақ.
Ықтималдың есiгi екеу болмақ,
Iшiне пайда, зиян... бәрi толмақ.
Нысананы сығалап дәлдеп атпай,
Көзiн жұмып оқ атқан қайтiп оңбақ?
Iс қылады таптым деп бiздiң қазақ
Онан көрген пайдасы болады aз-ақ.
Аяғында ол iсi зиян шығып,
Көрiнгенге күлкiмен болар мазақ.
Арам оймен ар сатып үзiп-жұлмақ,
«Мiне, пайда қылдым»‚– деп мақтан қылмақ.
Бiреу бiлген айланы бiреу бiлiп,
Өзi құрған дарына о да асылмақ.
Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзден тым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетiп,
Абыройың ашылар, байқа, шырақ.
Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Бiраз күнге көңiлдiң хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс, айлакестiк –
Мұның бәрi шайтанның досы болмақ.
«Құдай кешер алда»‚ – деп күнә қылмақ,
Ар кетiрiп ант iшiп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақиретте
Оңа алмастай өкпеден бiр атылмақ.