23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Мұтылғанның өмірі




Бесiмде оқу бiлсiн деп,
Ата-анам бердi сабаққа.
Жетi жаста жетiм боп,
Түскендей болдым абаққа.

Ардақты, кенже, жетiм деп,
Әлпештедi менi көп.
Надандыққа болды сеп,
Қақпай ешкiм қабаққа.

Қосылмай өзге балаға,
Ойнаушы ем жалғыз далада.
Адамзат көнбей қала ма
Тағдырда тартқан табаққа.

Күн-түн демей ойнадым,
Ойынға тiптi тоймадым.
Барған сайын бойладым,
Бұрылмай ұйқы, тамаққа.

Тоймаса да ойынға,
Тағылық бар бойымда.
Ерекшiлiк ойымда,
Қарамай қылған мазаққа.

Он жасыма кiрген соң,
Домбыра, гармонь бiлген соң,
Мылтық атып жүрген соң,
Аңшы боп түстiм азапқа.

Өзгеше болмақ сүйгенiм‚
Осыған басты игенiм.
Киiмдi бөтен кигенiм,
Ұқсатпай орыс, қазаққа.

Сағат пен арган жүргенiн
Таңырқап ашып көргемiн.
Оның да сырын бiлгемiн,
Ұзатпай бiраз заматқа.

Телеграм жайын бiлуге‚
Оны да сынай жүруге,
Бiр үйден тарттым бiр үйге,
Шектi керiп қадаққа.

Телеграм олай емес қой,
Ұқсатар ма екем дегем ғой.
Құлақпен естiп, жетпек ой,
Тым жас едiм ол уақта.

Шеберлiкке де бет қойдым,
Сурет жасап, түр ойдым.
Ұқсамақ емес бұл ойдың
Түбi олақ нәмартқа.

Он бесiме келгенде,
Қаршыға, бүркiт көргенде,
Құс салып жүрдiм серуенде,
Еркiндеп шығып азатқа.

Ойым бар өлең айтқандай,
Ғылымға таман қайтқандай,
Жыбырлатып тартқандай,
Қармақ салып шабаққа.

Жиырмадан өткенде,
Азғана ғылым оқыдым.
Алғызып кiтап шеттен де,
Көңiлге бiраз тоқыдым.

Бiлмегендi сұрадым,
Жиыстырдым‚ құрадым,
Оқыған сайын ұнадым,
Жолына түстiм осының.

Бiлiмге салып тiлектi,
Сыбанып едiм бiлектi,
Ағартуға жүректi,
Аршымақ болып қоқымын.

Өлең мен сөздi шеберлеп,
Айтқаным мақұл келер деп,
Ындын қойып ентелеп,
Жарайды деп осыным.

Ондағы өлең-жырларым,
Ұнадым жастар тыңдарын.
Ескермей елдiң мұңдарын,
Қаси алмадым қотырын.

«Өнерлi‚ шебер‚ тiл-жақты,
Алады, – деп – бұл бақты» –
Ерiксiз маған ел жапты
Болыстықтың тақымын.

Болыстық салды жаман ой:
«Ғылымды әзiр қума, қой,
Ұлықтық деген үлкен той», –
Деп осыған лоқыдым.

Ашылмас кесел болды бұл,
Iздеген ғылым қалды тұл.
Азат басым болды құл,
Ерiксiз жемтiк шоқыдым.

Ұлық пен елге жағындым,
Әртүрлi атақ тағындым.
Ар кетiп, айла жамылдым,
Бейне алдамшы сопымын.

Қараcам мақтау айнадан –
Әлемнен озған мен бiр жан:
Ел құтқарған топаннан
Тобықтының Нұхымын.

Жиырма жыл өткенше,
Өткiздiм сүйтiп өмiрiн.
Қырыққа жасым жеткенше,
Осының жақтым көмiрiн.

Балалық, жастық аралас,
Көрсеқызар‚ мисыз бас.
Мақтанқұмар мен бiр мас,
Ғылымның сезбей көп нұрын.

Бiлiмсiз елде туам деп,
Жетiм қап ойын қуам деп,
Болыс боп арды жуам деп,
Таңдағам жоқ ешбiрiн.

Туған елiм – надан ел,
Жетiмдiк қаза қайтпайды ол.
Көп талқысы – аққан сел,
Бұзуға болмас тағдырын.

Бар шығар мендей талай жан,
Не ғылымды, не надан.
Аша алмайды еш адам,
Тағдырдың қиын бұл сырын.

Жиырма мен қырық арасы –
Жас өмiрдiң сарасы,
Бос өткенiн қарашы
Жүрекке төгiп қанды iрiң.

Бар керектi екi он жас
Желiкпен өтсе болып мас,
Болса да жүрек мұздай тас,
Зарламай қайтсiн мұң-жырын.

Өмiрiмдi оқып сынарсың,
Мiн тауып та тынарсың.
Мiн алуды ұнарсың,
Ақ жүрекпен ал кiрiн!

Мiнiмдi аяп қалдырма,
Күйдiрме бiрақ тағдырға.
Сау жерiмдi шалдырма,
Кiрмесiн күндеу көпiрiң.

Кекеу мен кектi сайлама,
Ызаға көңiл байлама,
Дәлелсiз түспе айлаға,
Ауыртпай кес ақырын.

Жайымды оқы, қарындас,
Мен сорлыға кел, мұңдас.
Не көрдi екен ғарып бас,
Өткiзгенде жетпiс жас.

Туған елiм – надан жұрт,
Жуандық-тағы – бiр қылқұрт.
Жетiм, ерке, болып қырт
Мансапқа мiнген мен бiр мас.

Осы айтылған төрт кесел,
Жасымда болды көзге шел.
Қырыққа келiп астым бел,
Дедi бiр ой: «Көзiңдi аш!»

Араб, парсы оқымай,
Орысшаны тоқымай,
Бұтасыз бiткен шоқыдай,
Ғылымнан едiм жалаңаш.

Түрiкше ғана бiлушi ем‚
Сонымды қару қылушы ем.
Перевод оқып жүрушi ем‚
Орысша, араб аралас.

Адасып дiншiл азғанын‚
Пәншiлдер ғылым қазғанын‚
Философ ойшыл жазғанын
Сынауға ендi бұрдым бас.

Жоғарғы төрт кеселдер
Өзiңнен болды десеңдер,
Дәлелiн айт, шешендер‚
Арыңызға болмай қас.

Қырықтан соңғы сөзiмдi
Сынап, таны өзiмдi.
Түзу құрып тезiңдi‚
Жүрегiңдi қылмай тас.

Жас қырыққа кiрген соң
Бiр ой түстi жаңадан.
Қылығын сынап бiлген соң.
Дедiм: «Қазақ неткен жан?»

Өнерi жоқ, ғылым жоқ‚
Партия қуған көп надан.
Адам улап, жеген боқ,
Iшi – айуан‚ сырты – адам.

Көңiлiм қайтты жуандық‚
Бай-бағлан, қарадан.
Осындай елде туғандық
Ағызды iрiң жарадан.

Жуаннан туған iрiмiн‚
Көп наданның бiрiмiн.
Жарадан аққан iрiңiн
Жұтыппын мен де шарадан.

Жаздым «Қазақ айнасын»,
Мiнез түзеу айласын.
Ел көрсiн деп пайдасын,
Бастырып‚ елге тараған.

Қазаққа қалай қарадым‚
Қандайлық мiнiн санадым‚
Қанша жыртық жамадым‚
Бiледi оқып қараған.

Тағы да талай сөз жаздым‚
Елiм тәлiм алсын деп.
Қазақтың мiнiн көп қаздым‚
«Адам емес‚ аңсың» деп.

Сөзiме құлақ қоймады‚
Партияға тоймады.
Кiм өз елiн ойлады
«Надандықта қалсын» деп?

Қырықтан аса бергенде,
Ақылым қылды шерменде:
«Дінім қалай, жаным не,
Жоғалам ба өлгенде?

Әлемді кім жаратқан,
Осынша түрлеп, таратқан?
Көрінген сансыз планет,
Бірінен-бірін бөлген бе?

Ақырет деген немене,
Шыққан жан қайта келе ме,
Кіре ме осы денеге,
Дәлелі қайсы сенгенде?»

Осы оймен Меке барғамын,
Әр түрлі кітап алғамын.
Ақылға сыймас жалғанын,
Алмадым сынай келгенде.

Ноқтасыз оймен тексердім,
Бояулы діннен сескендім.
Дін шатағын көп көрдім,
Қатесін сынап тергенде.

Іздедім, таптым анығын,
Тастадым ескі, танығын.
Хақиқат нұрдың жарығын
Жарылды жүрек көргенде.

Ақылмен нанбай иман жоқ,
Ойлаудан ақыл тыйған жоқ.
Талай дінді тексердім,
Ешбірі миға сыйған жоқ.

Тамам діннің түбі бір,
Боянған, бұзған салып түр.
Діншілдің көбі адас жүр,
Бір орынға жиған жоқ.

Алпыстан жасым асқанша,
Жетпіске аяқ басқанша,
Зарладым, жаздым, ұқтырдым,
Құлаққа ешкім құйған жоқ.

Философ, ойшыл, данышпан,
Терең ойлап алыстан:
«Құдай бар ма, жан бар ма?» —
Деп ақылмен жарысқан.

Ақырет, құдай, жан сырын,
Тексере келіп әр бірін,
Шеше алмай анық тағдырын,
Әр түрлі айтып қарысқан.

Оны да сынға салғамын,
Керектісін алғамын.
Қалдырып қате, жалғанын,
Шатақ ойлап шабысқан.

«Жан сыры» деп жазылған,
«Психология» деген пән.
Орайсыз ойлап адасқан,
Оған да едім танысқан.

Тәпсірші, діншіл, сопының
Кітабын да оқыдым.
Тазартып талай қоқымын,
Түзеттім дінді шалыстан.

Отыз жылдай жиғаным,
Сау ақыл менің иманым,
Аламын соған сыйғанын,
Мейлің күл, мейлің намыстан.

Сыр айтайын мен сізге,
Әр түрлі жай бар басымда.
Елімнен кеттім елсізге,
Елуден асқан жасымда.

Қора салған жеріме,
Кіргендей болып көріме,
Өкпеледім еліме,
«Отырман, – деп, – қасыңда».

«Аңшылық ескі салтым», – деп,
«Көрермін ақыр артын», – деп,
«Партия қудың халқым, – деп, –
Кәріңіз бен жасың да».

Қауымнан қаштым қағылып,
Оңаша өмір сағынып,
Жасымда біткен тағылық,
Осы екен ғой асылда.

Ойға оңаша жер керек,
Ойыңды ұғар ел керек,
Партия қуған елбелек
Ел өзіңе масыл да.

Түзелер деп қазағым,
Николай құлап, өлген соң,
Тағы да тарттым азабын,
Алпысқа жасым келген соң.

Құлдықтан қазақ босады,
Білмеймін, қайдан тосады.
Күн шыққанға ұсады,
Бостандық сәуле берген соң.

Оқыған жастың етегін,
Қабыл алдым жетегін,
Босқа жатып нетемін,
Бостандық туын көрген соң.

«Орыс қой енді атамыз,
Жақсылық сонан татамыз,
Қалайша қарап жатамыз»,—
Деп қуанып желген соң.

Балшебек пен меншебек
Партия қылды әр бөлек,
Айтып-айтпай не керек,
Орысты екі бөлген соң.

Әкеміз орыс десек те,
Келмеді бұл іс есепке.
Қайтадан жаттым төсекке,
Сенімді үміт сөнген соң,

Семейді ақтар меңгеріп,
Қазаққа соттық жол беріп,
Сыртымнан сайлап жөн көріп,
Шақырып хабар берген соң.

Ақтар кетіп қалғанын,
Семейді қызыл алғанын,
Жолшыбай естіп барғамын,
Әділет іздеп төнген соң.

Мен ұлтшыл емеспін,
«Жақыным – мынау» демеспін,
Ашылсын анық көмескім,
Айтайын кезі келген соң.

Руссия болса анасы,
Қазақ—жап-жас баласы,
Жетілсін, келсе шамасы,
Арқалауға көнген соң.

Тыңдасын мұны орыстар,
Старшын, сот пен болыстар.
Ылғи саулық не болар,
Ер жетпеген төлден соң.

Бұл надан ел десек те,
Ұқсатпалық есекке.
Келмесе, сірә, есепке,
Цифры болмай нөлден соң.

Мақсатқа қайта барайын,
Көргенімді айтып қарайын:
Қызыл кетіп, аздан соң
Ақ алды Семей маңайын.

Оған тағы құл болдық,
Сатылған мал мен пұл болдық,
Әркімге тиген тұл болдық,
Шындықты қайдан табайын.

Басыма келген әр жұмыс,
Толқында жүріп көрген түс,
Бұ топта кез келген іс
Ойымды деді қамайын.

Айтуға оны саспайын,
Жараны тырнап ашпайын,
Көмескі күйде тастайын,
Көрсетпей таздың самайын.

Партия — соры көп елдің,
Айта алмай соны бөгелдім,
Соттықты тастап жөнелдім,
Дедім де: «Етек жабайын».

Біреуге кессең абақты,
Ақ соты оны алмапты,
Бізде кәдір қалмапты,
Байқасам ақтың рабайын.

Жаздай жаттым үйімде,
Келмеді рахат, күйім де,
Жүрегім қайғы түйінде,
Онымды кімге шағайын.

Күздікүн тағы шақырды,
«Семейге кел», – деп ақырды,
«Кешем, – деп, – қашқан қапыңды»,
Бармасам деп тұр қабайын.

Барсам – Әлихан Омбыда,
Мұқаметжан тұр орнына.
Сұр жауын қазақ сорлыға,
Деп тұр екен жауайын.

Семейге сөйтіп барғанбыз,
Жүректі қанға малғанбыз,
Ұялмай сот боп отырдық,
Құр атаққа нанғанбыз.

Бұрынғы орыс тергеген,
Біздің сотқа бермеген,
Қазақы жұмыс көп екен,
Қызылдан сұрап алғанбыз.

Ақ соты сұрап сол істі,
Тез қайтар деп жұмысты,
Тарылтқан екен тынысты,
Тырысып бермей қалғанбыз.

Екінші бұйрық келгенде,
«Еріксіз алам» дегенде,
Құмар болдым өлгенге,
Қорлықты көрмей армансыз.

Тағы да мұның үстіне,
Бір ауыр іс түсті де,
Ордамыз у ішті де,
Партия шықты жалғансыз.

Болды десең кім үшін –
Белгібайдың қызы үшін,
Мұғалімнің жүзі үшін,
Көбіңіз естіп қанғансыз.

Алашорда бір бөлек,
Қауымның ойы өзгерек,
Аз нәрсені қылып кек,
Таза ақылдан танғансыз.

«Іш ауруы тиді», – деп,
«Жүрегім жанып күйді», – деп,
«Сағындым тағы үйді», – деп,
Айтқаныма нанғансыз.

Мысалдап дертімді айтқамын,
Үміт үзіп қайтқамын,
Үйіме тура тартқамын,
Онымды білмей қалғансыз.

Сол кеткеннен кетіп ем,
Ауылға келіп жетіп ем,
Аз ғана күн кідірмей,
Елсізге қарай өтіп ем.

Үмітпен алдап сүйретіп,
Сүйегімді күйретіп,
Тағылыққа үйретіп,
Тағдыр-ау, саған нетіп ем?

Әр тасты бір сүздірдің,
Мұз дарияға жүздірдің,
Нұрдан үміт үздірдің,
Қажымасқа-ақ бекіп ем.

Айланыстың алаңы,
Кейде алтын, кейде жез,
Қызыл алды қаланы,
Оқығандар, мұны сез.

Қызылдан қылып зор қауіп,
Қазаққа шын жол тауып,
Қарусыз, қамсыз ел шауып,
Ақтар қашып өткен кез.

Қызылдан шыққан көп әскер,
Оннан, бестен топ әскер,
«Ақтан қалған қару бер», –
Деп қазаққа жеткен кез.

Кейбіреулер жалданып,
Қорқытып ақша, малды алып,
Арыз айтсаң, шамданып,
Әркімге зиян еткен кез.

Әділет жолын ашпаған,
Аяқты түзу баспаған,
Аямай атып тастаған,
Ол былықпа неткен кез?

Сырт бергенде – ол шауып,
Бет қараса – бұл шауып,
Өлім ойда – зор қауіп,
Қазақтан үрей кеткен кез.

Ақты жеңіп сорлы қып,
Қалаға қызыл орнығып,
Әділет атты жол шығып,
Айтылған боран өтті тез.

Қазақтан ұлық сайланды,
Аяңдап, шаруа жайланды,
Түзелуге айланды,
Болса да шабан бойкүйез.

Ақжүрек атын тағынған,
Аузымен заңға бағынған,
Қой терісін жамылған,
Арылмады арам без.

Қазақтан қалмай партия,
Көбейді сұм мен сұрқия,
Келген жастар ел тия,
Қабыл алып өсек сөз.

Мінеки, менің өмірім,
Көрейін десең көмірін,
Қызуда соқпай темірін,
Ғылымсыз өткен мен бір ез.

Мазақтасын, не күлсін,
Сырымды қазақ не білсін,
Шын әділет жемісін
Көре алмайды біздің көз.

Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрiмдi,
Көрейiн десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды.

Ой құлағын ашып ал,
Жақтырмасаң, дәлел сал,
Ұқпағансып айтпа жал,
Ойын деме мұнымды.

Күн сайын, яки айында,
Жаттап оқып пайымда,
Жан мен тәңiрi жайында
Дәлелiм көп тынымды.

Отыз жылды өткiздiм,
Жетпiске жасты жеткiздiм,
Бар қуатты кеткiздiм,
Қасықпен аршып жылымды.

Ой құлағын ашпасаң,
Надандықтан қашпасаң,
Жетелесем, баспасаң,
Бiлем бе өлi, тiрiңдi.

Әулие, бiлгiш айтты деп,
Жазылған талай қате көп.
Улама ондай уды жеп,
Шатаққа сатпа шынымды.

Қазақтан мендей ұл туса,
Осындай түзу жол қуса,
Хақиқат iздеп бел буса,
Ол да бiр жақсы ырым-ды.

Надан шал қайдан бiлдi деп,
Езуiңе күлкi кеп,
Мақтаншақ деп өкпелеп,
Сезе алмассың сырымды.

Қатыным кәрi, балам жас,
Қасымда тұрма, бәрiң қаш,
Балалар емес замандас,
Болады қайтiп ол мұңдас.

Кемпiрдiң жоқ қуаты,
Не ғылымнан суаты,
Тiрi деген құр аты,
Кәрi шалды күте алмас.

Молдалар аяп пақыр деп,
Бұзылып бара жатыр деп,
Ат қойыпты «кәпiр» деп,
Өздерi соқыр мұным рас.

Көп елiм менi күндейдi,
«Тағады бiзге мiн», – дейдi,
Өз қылығын бiлмейдi,
Оңалмайтын өңкей нас.

Сыртымнан қарап сын берiп,
«Бай», «жуан» десе, шын көрiп,
Сырласа алмай жиренiп,
Қашады тағы жаңа жас.

«Алжыды», – деп ел де айтты,
«Дiн бұзды», – деп молда айтты,
«Ескiшiл», – деп ол да айтты,
Жалғыз қалдым жалаңаш.

Бәрiң кеттiң, мен қалдым,
Неңдi жұттым, неңдi алдым,
Басыңа пәле не салдым,
Жолдасым – қағаз, қарындаш.

Қыс болса, бүркiт баптадым,
Масыл боп үйде жатпадым,
Елу бес жыл таптадым,
Мезi болды тау мен тас.

Мен терiс пе, олар ма,
Айыруға болар ма,
Орын iздеп қонарға,
Терең оймен болам мас.

Ойлай келсем мен терiс,
Олардыкi – дағдылы iс,
Ащы тiлмен у төгiс,
Бәрiн қылған маған қас.

Найзаны тура саламын,
Аямай мiнiн аламын,
Ендi қайда барамын,
Тап орынды, ғарiп бас.

Көп бейнеттен құтылтқан,
Бар қайғыны мұтылтқан,
Сүйегiмен жұтылтқан,
Тынышты көрiм, аузыңды аш.

«Жетім бала иесіз,
Өзі кесер кіндігін»,—
Түрік айтқан, білесіз,
Белгілі мақал ол бүгін.

Менің өмірім – отсыз үй,
Елсізде қалған болмас күй,
Сынауға қылдым сізді би,
Өзім ашып түндігін.

Өмірім суық бәріңе,
Шыдамассың зәріне,
Жазбаған жөн, әрине,
Сорлы шалдың кімдігін.

Иесін білме, ісін біл,
Сыртын ұқпа, ішін біл,
Тағдырдың сырын тәлім қыл,
Ойлап теріс, жөндігін.

Болдым дүние тойында,
Көп ғылым жоқ бойымда,
Шын мақтан жоқ ойымда,
Кеш сөзімнің кемдігін,

Ойла, мен бір азатпын,
Бар бейнеттен құтылған,
Тіпті, қызық мазақпын,
Жетпіс жыл ойнап ұтылған.

Сақтамаймын жанға кек,
Не десе де сыртымнан.
«Міндеген аузың мынау», – деп,
Қан ағызса мұртымнан.

Дұспаным жоқ, досым жоқ,
Қайғыдан да шошу жоқ,
Рахат іздеп тосу жоқ,
Бір жындымын құтырған.

Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым – «Мұтылған».