23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Ұждан






Қытай патсалығы — ең ескі патсалық. Отырықты өмірге ерте түскен қауым. Ескі заманда қытайлар рахатты өмірде болған. Бай, кедей өз әлінше бақытта еді, бірақ бір кезде олар таңқаларлық бір науқасқа ұшырады... Әркім ұйқысы қашып, тыныш ұйықтай алмайтын болды. Оның себебі — сол кезде Ұждан (совесть) туды, яғни періште келді. Бұл Ұждан періштесі бір нұрлы сұлу қыз суретіне түсіп, түн болғанда қытайларға көріне бастады, күндіз көрінбеуші еді. Әркім қызметі, саудасы болғандықтан, күндіз Ұжданмен сөйлесуге қолы тимеуші еді. Бірақ күн батып, күндіз қас қарайып, көктегі жұлдыз жылтылдаған соң, Ұждан шәһәрдің әр көшесін аралай бастаушы еді. Халық жұмыс, шаруасынан босап, тәтті ұйқыға кете бастағанда, Ұждан байлардың сарайына, кедейлердің балағанына кіріп, төсегіне жақын келіп: «Ей, кісі, маған қара!» — дейтін еді. Ол сасқалақтап қызды көрген соң: «Ей, қыз, саған не керек?» — дегенде, қыз ақырын ғана: «Сен бүгін не істедің? Соны анық тексеріп ойла», — деуші еді. «Мен не істеппін? Бөтен, бұзық ешнәрсе істегем жоқ», — десе, ол қыз: «Әбден түсініп, ақылыңды жиып ойла!» — деуші еді. Ол кісі ойланып, ойына түскен бір ісін: «Менің сүйткенімді айтамысың?» — дегенде, ол қыз көрінбей кетуші еді. Сондықтан ол кісінің көңілі алаң болып, тиышсызданып, түні бойы ұйықтай алмаушы еді. Ұждан қыз үймен үйге қыдырып, әлденеше мыңдаған қытайларды ұйқысыздық дертіне ұшыратушы еді. Сол уақыттың дәрігерлері бұл ұйқысыздық оба науқасына қарсы неше-түрлі дәрі жасап ем қылса да, не апиын, не наша, не көкнары сияқтылардың түк пайдасы болмады.

Ол өлкенің ең ақылды адамы Син-Лу-Жи ақылды, әрі бай, жақсы кісі болса да, ол бұл науқасынан аман қалмады. Бұл байға әркім борышты болғандықтан, бірталай адам соған борыш төлеу үшін қызмет қылып кіруші еді. Егер борыштылардың бірі харакет қылып төлемесе, не біраз бидайын ашыққандықтан ұрласа, Син-Лу-Жи бай оны мейлінше сабап қатты қинаушы еді. Әрине, оны басқаларға ғибрат (сабақ) болсын деп істетеді. Әрине, оларға бал жегізбейді, қамшы жегізеді... Бірақ түн болып жалғыз жатқанда Син-Лу-Жи байдың ойына әлдене ойлар келуші еді. Мысалы:

«— Пәленше неге ұрлық қылды?

— Жейтін тамағы жоқтықтан.

— Тамағы неге жоқ?

— Бар бидайын аласым үшін мен алдым».

Син-Лу-Жи бай осындай ойларды ойлап жатып, кейде күліп те жіберуші еді: «Қызық-ау, ұрлықты ол қылады да, оның аш қалғанының обалы менде сияқты!» — деп. Сүйтіп Син-Лу-Жи байдың да ойы бөлініп, ұйықтай алмайтын болды.

Қанша ойласа да, бұған ем таба алмай, бір күні Син-Лу-Жи қатын-бала, туысқандарын жиып алып, елден жиып алған малдарын, жерлерін өздеріне қайтарып, садақа беретінін айтты. Мұны есіткен соң қатын-бала, туысқандары зар жылап: «Ұйқысыздық дерті Син-Лу-Жи байды ақылынан адастырды», — деп, оны емдетуге қам қылысты.

Дәрігерлерге, қала бастығына білдірген соң, «Син-Лу-Жи бай ұйқысыздық дертінен жынданып кетті» деген хабар әр жаққа жайылды. «Мен де ұйқысыздықтан өлетін болдым» деген бай, кедей тіпті көбейді. Қауым бұл науқастан қатты қорықты. Уақытындағы ұлықтар қызметін жөндеп бұрынғыдай жолмен жүргізе алмай жаман састы. Ең қатты оба науқасы келгендей-ақ, қытай патшалығы жаман күйге ұшырады.

Пекиннің уәзірлері, бақсы-балшылары көп кеңесіп, бұл науқас түнде келіп әркімді тынышсыздандыратын Ұждан деген қыздан екенін анықтап, амалын таба алмай отырғанда, Пекин қаласындағы өздерінше ең молда, ең зор бақсы, ақылды Ту-Ту-Син деген қариясы ойларына түсті. Ұлықтардан, қадірлі адамдардан соған бірталай адамдарды жіберді. Олар барып: «Ей, атамыз! Дүниенің бейісі — Пекин қаласы ойран болып барады! Бізге бір шара, жәрдем қыла көріңіз!» — деп аяғына бас ұрып, хақанның жіберген сыйларын ұсынды. Ту-Ту-Син шал бұлардың сөзін әбден ұғып, біраз ойланып отырды да: «Қорықпа, балаларым! Мұның емі оңай. Ол қыздың жолын бөгеп, оны келтірмеу керек. Сонымен жұмыс бітеді», — деді. Шалдың бұл сөзінен олар үміттеніп, «мұнан кейін тыныш ұйықтаймыз» деп қуанып, қолдарын қусырып тұрды. Ту-Ту-Син тағы айтты: «Адамдардың ұйқысын қашқызып, сау ақылын шатастыратын Ұждан қыздың жолын әбден бекітіп, халықты ол пәледен құтқару керек дедім, оны ұқтыңдар ма?» — дегенде, олар айтты: «Ұқтық! Бірақ ол қыздың жолын қайтып бекітеміз? Ол қыз бекітулі есіктен, биік қорғаннан, көпірсіз, өткелсіз сулардан қалай болса солай өтіп үйге кіреді»,— деген соң, Ту-Ту-Син айтты: «Оның амалы тіпті оңай! Заң, закондар жазып, оны баптарга бөліп, әркімнің не іс істейтінін, не істі істемейтінін ақ қағазға қара сиямен жазып, бекіту керек. Ол заңда әр адамның қылар ісін дайындап, соған қарап іс қылуға міндеттендіруге керек. Сөйтіп, әркім қылар міндетін, әм қылмайтын ісін біліп қоюы керек. Көп қауымға мұны сөйлеп, оқып отыруға басшыларға, заңшыларға ерік беру керек. Олар қауымға үйреткені үшін ақы алып, сонан соң бәрі сол заң бойынша іс қылып рахат ұйықтайды», — деді. Сонда олар айтты: «Ей, тақсыр бабай! Сіздің ақылыңыз теңіздей. Бірақ біздің ақылымыз жетпейтін жері — заң (закон) жазғанмен, ол қыздың жолы қалайша болып бекітіледі?» — дегенде, бабай айтты: «Ей, балалар! Тіпті оңай нәрсені қалайша ұқпайсыздар? Келіңіз, әуелі закүн жазайық!»

Тамам бақсы, қариялар, әлгі келген ұлықтар жабыла қаламға жабысып, әлденеше күндер заң жазып, зор-зор қырық кітапқа әлденеше жүз бапты закон жазды. Әр адамның бесіктен көрге шейін не істеп, нені істемейтінін, тіпті, нені ойлап, нені ойламайтынына шейін бөлек-бөлек (парағраф) қылып жазды да, Ту-Ту-Син айтты: «Мұнан былай ол Ұжданнан да, оның бір туысқан қарындасы Ынсаптан да тіпті қорықпаңыз! Енді түнде тынышсыздай алмайды. Күндіз де келе алмайды», — деді. Олар айтты: «Жақсы айтасыз! Бірақ түнде Ұждан қыз келе қалса қайтеміз?» Ту-Ту-Син айтты: «Жақсырақ тыңдаңыз! Бұл жазылған заңды әркім білмейді. Қытайдың қасиетті бақсылары, заңшыларына мұны білмегендер әр қашан келіп қара жазуларды қаратып тұрсын! Сонда қандай істі қылуға мүмкін екенін біледі. Қырық кітап тегін ақтарылмайды, білім ақысы деп, немесе білмеу жазасы деп ақы төлейді. Онан кейін тыныш ұйықтайды... Сонан соң Ұждан қыз келсе, «сен не істедің» десе, оның сөзін тыңдамай: «Кет, жоғал! Мен не қылсам заң жолымен қылдым» — деп, көрпені басыңа бүркеніп ұйықтай беруге керек!»...
Ту-Ту-Синге келген қауым (комиссия) қырық түлек кітапты алып, әм оның айтқан насихатын айтып Пекинге келді. Ол заңынан әлденеше копия көшіріп, бақсыларға, заңшыларға, ұлықтарға таратты.

Онан кейін бір түні Ұждан қыз Син-Лу-Жи байға келген соң, бай күлімсіреп: «Жақсы келдің, сұлу қыз, не айтасың?» — деді. «Не айтайын? Сен малыңды садақа қылып бейшараларға үлестіруге уағада етіп едің. Соны орындамайсың ба?» «Ол уақыттың өткенін білмедің бе, сұлу қыз? Енді менің мал үлестіруге еркім жоқ. Заңның он алтыншы кітабының сексен екінші бабының жүз бесінші бөлімінде не жазылғанын білемісің? Онда айтылған: «Мал, байлық аз-аздан азар ғана жиылады. Атадан балаға қалады, әр адам малды сақтауға міндетті, ысырап қылу заңға қарсылық болады; әркімнің малында қатын-бала, мирасқорлардың үлесі бар», — делінген. Егер малымды садақа беріп, кедейлерге үлестірсем, онда мирасқорларға қиянат қылған боламын. Ол заңға қарсы, естідің бе, қызым? Және заңның жүз алтыншы бөлімін тыңда: «Малын заң бойынша ұстамай ысырап қылған адамды тұтқынға алу керек, малына ие қою керек», — делінген. Кет, қызым! Мұнан былай маған келме! Мен заңға қарсылық қылмаймын», — деп, Син-Лу-Жи бай көрпесін бүркеніп, қозыша рахаттанып ұйқыға кетті. Ұждан қай үйге кіріп: «Ей кісі! Сен бүгін не істедің», — десе, әркім кідірмей: «Заңсыз ешнәрсе қылғаным жоқ. Жылдам кет! Бақсылар мен заңшылардан сұра», — деп, көрпесін бүркеніп қорылдайтын болды. Сонан кейін Қытай өлкесі рахаттанып, ұйқысыздық ауруы жоғалды. Ұждан мұны көрген соң қара бұқараны қойып, заңшылар бастығы, Нанкин қаласының зор бақсысы Ту-Ту-Син бабайға барды. Түн ортасы кезінде ұйқыда жатқанда оны оятып: «Бабай! Маған қара», — деді. Ту-Ту-Син оянып, қызды көріп қатты ашуланып: «Мұның не? Есік қақпай рұхсатсыз неге кіресің? Ей, әдепсіз! Білесің бе, заңның бірінші кітабының үш жүз қырқыншы бөлімінде не жазылған?: «...Түнде біреудің үйіне рұхсатсыз кірген адам ұры есептелініп, тұтқынға алынады», — деді. «Ей, тақсыр, бабай! Мен ұры емеспін. Менің атым — Ұждан! Не айтасың!» «Ұждан-мұжданыңды мен білмеймін, әлдекімсің? Бірақ түнде жалғыз қыдырған ұрғашы заң бойынша ойнасшы есептеледі». «Астапыралда! Ей, ақсақал! Не дейсің?» «Не десем де, сен заңға теріс жолда жүргенің анық. Рұхсатсыз үйіме кірдің», — деп қоңырауды қағып еді, үйге бірталай қызметші кіріп келгенде, Ту-Ту-Син: «Мына қыздың қол-аяғын бекітіп, зынданның ең түбіне тастаңдар!»—деді. Қызметкерлер қызды зынданға тастады. Сонан кейін Қытай өлкесі Ұжданнан бір жола босады...

Бірақ ел арасында Ұжданның аты ұмытылмай қалғандықтан, кейбір әдепсіз надандар бақсылар мен заңшылардың зорлық ісіне шыдай алмай: «Ей, жаным, мұндай орынсыз істі не қыласың! Сізде ұждан жоқ екен», — дегенде, оларға жауап қайырғанда: «Ұждан сізде жоқ, бізде көптен бар! Бірақ қол-аяғы байлаулы, абақтыда жатыр», — дейтін еді.

Сонан бері Қытай жұрты басын көтермей, тіпті, тәтті ұйықтайтын болды...
Тегінде, ұждансыз жан өлікке есеп,
Адамның кеселі жоқ мұнан кесек,
Ар, ынсапсыз, мейірімсіз залымдарды
Қате қылған болмаспыз хайуан десек.