23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі






Бисмиллаһи-р-рахмани-р-рахим!

Атамыз Адам пайғамбардан бері қарай атадан-атаға үзілмей жазылып келген шежіре ешбір жұртта жоқ. Адам пайғамбардан Нұх пайғамбарға шейін айтылған аталар — таурат сөзі, қай кітапта болса да сол таурат кітабынан алып жазған. Онан соңғы шежірелер біреуден-біреу естіп жүрген ертегі сықылды сөздерден шыққан. Оның ішінде кейбіреу білімді атану үшін, кейбіреу жақсы атаның нәсілі болмаққа, кейбіреу жаңылыс ұққанын өтірік яки қате айтылғаны көп болған. Мысалы, біздің қазақтың Ғакашә сахабаның нәсіліміз дегені сықылды сөздер. Бергі заманда шыққан білімділер сол ертегі сықылды сөздердің қисынына қарап, кісілерінің, жерлерінің атының мағынасына қарап және онан бергіректегі халықтың жайын әзірлегенде ескі заманда патшалы жұрт болған халықтардың ескі жазулары — ақша теңгедегі жазу һәм моланың басына қойған тастағы жазулардан қарап біліп және сөйлеген сөз, әдет-ғұрып, таңба белгілерінің ретіне қарап, қай ел қай елмен тұқымдас, қай уақытта, қай жерде жүргенін, кім деген ел атанып, қай ханға қарағанын анықтап тапқан соң, бұрынғы ертегі сықылды сөздердің көбі қате екені мағұлым болған.

Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген,білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: «Тәбіри», «Тарих ғу-муми», «Тарих антшар аласлам», Нәжиб Ғасымбектің түрік тарихы, Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер, орысша кітаптан оқығаным – Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түрік нәсілі туралы, дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірген сөздері, оның ішінде түріктің ең ескі замандағы шежіре кітаптары «Құдатқу білік», «Кошочи-дам» деген кітаптардың сөздері және қытайдың Юән-шау-Ми-ши деген жазушысының сөзі және араб-парсы, рум-европа жазушыларының сөзі және қазақтаң жаңылыс айтқан өтірік аталары — бәрі сол кітапта бар.
Ол кітаптардағы сөздерді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, соған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жазамын. Ескіден қалған тиянақсыз ертегі сықылды ауыз сөз болмаса, мұнан бұрын біздің қазақ тіліменен шежіре жазылған жоқ.

ШЕЖІРЕ БАСЫ

Атамыз Адам пайғамбарды Алла Тағала топырақтан жаратып жан беріп, оның оң қабырғасынан анамыз Хауаны жаратып, Хауа анамыз жыл сайын бір ұл, бір қызды егіз тауып, алдыңғы жылғы ұлға келер жылы туған қызды беріп, келер жылғы ұлға алдыңғы жылғы қызды беріп, өсіп-өніп, қырық мың кісі болғанда, Адам пайғамбар мың жасында өтіп, онан бір жыл соң Хауа анамыз өтіпті.
Адам Пайғамбардың бір баласы Шис пайғамбар тауратта Шит деп жазылған, оның баласы Ануш, оның баласы Қинан, оның баласы Миһлаел, оның баласы Бруд, оның баласы Ыдырыс пайғамбар — шын аты Ахнух еді, оның баласы Матушлах, оның баласы Ламәк, оның баласы Нұх пайғамбар, бұл Нұх пайғамбардың үш баласы — Сам, Хам, Яфас; біздің түрік халқы Яфас нәсілінен.

Нұх пайғамбардың уақытында Адам балалары бұзықтық қылып діннен шыққан соң, Алла Тағала қаһар қылып, топан суын жіберіп, жер жүзіндегі адам, жан-жануардың бәрі қырылып, Нұх пайғамбар үш баласыменен оның қатындары Алла Тағаланың әміріменен кемеге кіріп, аман қалыпты. Осы күнгі барша адам балалары сол Нұхтың үш баласы — Сам, Хам, Яфастың нәсілі.
«Тарих ғумуми» деген кітапта барша түрік, иран, юнан, қытай һәм европадағылар Яфас нәсілінен.

Барша араб, асур, гілдан, фінике, картаже, ғибрани мысырлар — Сам нәсілінен. Барша хабаш, судан, зәңгибар, барша қара түсті жұрт — Хам нәсілінен дейді.

Шежіре түрікті жазған Әбілғазы Баһадүр хан сөзінше Яфастың сегіз баласы бар: Түрік, Хазар, Сақлап, Қытай, Камари, Тарих, Жапон, Манжур деген. Түріктің төрт баласы бар — Түтік, Хакәл, Бәрсәжар, Амлақ. Барша хун мажар, бұлғар, улах, ауар, мағол, татар, манжу, фин, жоңғар атанған халықтар түрік нәсілі дейді.

Түріктің баласы Елжехан, оның баласы — Бакой хан, оның баласы – Киік хан, оның баласы — Аланшы хан.

Мұның уақтына шейін халық мұсылман еді, сол кезде бұзылып суретке табынды. Аланшының екі баласы — Татар, Мағол. Аланшы қол астындағы елін екі баласына бөліп берген соң, Татар қол астындағы ел Татар атанып, Мағол қол астындағы ел Мағол атанды дейді.
Түріктен осы жерге шейін жазылған аталар – Әбілғазы хан шежіресіндегі мұсылман жазушыларының сөзі.
Мұнан соң қытай шежірелеріндегі ертегі сықылданған сөздерді жазып және оларды қалайша шын сөзге қисындыруға мүмкін болатындығынын жазамын.

Аристовтың кітабындағы қытай жазушыларының сөзі ең ескі заманда түрік жұртының аталары — Со деген халық болыпты (мұның Нәжиб Ғасымбек Сит деген деп жазады) сол халықта бір Ежен-шиду деген хан болып, оның Аспан қызы қатынынан туған төрт баласы болыпты: бір баласы аққу болып кетіпті. Бір баласы қытайша Ки-ғу деген екен. Ол Апу менен Ған деген дарияда падишалық қылыпты. Бір баласы Шу-си деген дарияда патша болыпты. Үлкен баласы Надулуша деген. Ол Баси-чу Си ши деген тауда болып, хан ордасы сонда болыпты. Таудың биіктігінен ол ел суықтан өлетұғын болған соң, Надулуша от жағуды үйретіп, елін суықтан сақтаған соң, өзге туысқандарына қараған елдер де соған қарап, атын — Тукю қойыпты. Тукю деген — дулыға деген сөз. Қытайда «Р» деген әріп жоқ болған, Тукюның ортасына «Р» қосылып, «турку» болады.

Осы айтылған қытай сөзіне қарасаңыз, Ежен-Шиду дегені — Шиду хан дегені; оның бір баласы аққу болып кетті дегені Алтайдағы Қу өзеніндегілерге хан болды дегеннен шатақ болған. Олардың қалған нәсілі — осы күнде Кумандинский деп орысша аталып отырған елдер, осы күнде де Со деп аталатұғындары бар. Қу өзеніндегілер өздерін қукіші деп атайды. Жоғарғы Ежен-Шиду дегені Шис пайғамбар болса керек. Ежен-Шидудың бір баласы Ки-ғу дегені қырғыз дегені болады. Себебі қытайда «Р» жоқ және сөзді қысқартып, аяғындағы әріпті тастап айтатұғын әдеті бар. Ки-гуның ортасына «Р» қосып, аяғына «зи» қоссаңыз, қырғыз болады. Оның мағынасы — елсізде өз еркімен жүрген тағы деген сөз деп Нәжиб Ғасымбек қытай сөздерін жазған шежірелерден алып жазады.

Ежен-Шидудың бір баласы Чу-си деген дарияда болды дегені — Чу дариясындағыларға хан болды деген сөз және ең үлкен баласы — Надулуша Баси-чу — Си-ши деген тауда болды дегені — Шу дариясының басындағы жартасты тауда болды дегені. Себебі Чу — өзен аты, си — дегені халықтар дегені, ши — дегені биік жар тас және Әбілғазы хан һәм басқа мұсылман шежірелерінде ең бұрын от жаққан, пешті жылы үйді шығарған түрік дейді. Бұл қытай сөзінде от жағып үйреткен Надулуша Тукю яғни Турку атанды дейді.

Жоғарғы Со деген сөзді сол дегендегі сөздің соңғы ләм әрпін қалдырып айтқандағы дауыспен оқу керек, орысша Со дегендей қылып. Мұны Нәжип Ғасымбек Сим деп жазғанына қарағанда, мен ойлаймын, осы ІІІис Тауратта Шит деп жазылған және шежіре жазғандар кейде Се деп жазады, бұларға қарағанда Шис нәсілі деген сөз болады. Себебі, Адам пайғамбардың Шистен басқа баласынан нәсіл жоқ.

Ақырында жоғарғы қытай сөзінен табылғаны, біздің халық Со яки Сит, яғни Шис нәсілінен. Қытайша Тукю, бізше түрік атанған халықтан шыққанымыз анық болды. Ол Со, яки Сит халқы көбейіп, қозғалғандықтан төрт бөлек болып, бірі Алтайдың Темірқазық жақ тұмсығындағы Қу өзенінде болып Қу елі, орысша Куманды атанған. Екінші бөлегі Апу мен Қан яғни Абақан менен Енисей өзені арасында болып, қырғыз атанған. Үшінші бөлегі Алтайдағы Шу өзенінде болып, қытайша Чу-кси, орысша Чуйский атанды. Төртінші бөлегі — қытайша Тукю, бізше түрік атанып, Шу өзенінің жоғарғы басындағы жартасты тауда болды. Бәрі Тукюға қарағанда, Тукю біздің тілше түрік патшалығы атанған. Кейінгі кездерде әлденеше хандыққа бөлініп, әр түрлі атпен аталғандары көп болса да, соның бір табынан түрік аты жоғалмаған.

Және қытай шежіресіндегі ертегі сықылды қисынсыз сөз Түрік жұртының арғы аталары бір ұрғашы қасқыр менен хун атанған жұрттың қол-аяғын кесіп далаға апарып тастаған он жасар баладан туған дейді. Себебі қасқыр баланы тауып алып, қиын таудың ішіндегі бір жар тастың арасына апарып, асырап өсіріп, сол баладан буаз болып, қасқыр он бала тауыпты. Түріктер сол он баланың нәсілі дейді.

Және бір сөзі аспаннан келген бір еркек қасқыр менен хун жұртының патшасының қызынан туған дейді. Бұл сөздерді еш нәрсеге қисындыруға болмаса да, мен өз ойымша төмендегі сөзге қисындырамын.

Әбілғазы Баһадүр ханның шежіресінің екі жерінде сиымсызырақ сөз бар еді. Бірі Татар ханы — Сүйініш хан Мағол ханы Елханды жеңіп, елін қырғанда, Елханның інісі Негіз бенен баласы Қиян деген тұтқыннан қашып барып, қалған кісілерімен малдарын жиып алып, Ергенеқон деген айналасы Жартастарға кіріп, сонда төрт жүз елу жылдай өсіп-өніп, ақырында сыймай шықпақ болғанда, келгендегі қиын жолдары көп заман өткендіктен бұзылып қалып, жартасты отпен өртеп құлатып шықты дейді.

Және бір сөзі Дуауынбаян деген хан өлген соң, орнына Аланғу деген қатыны хан болып тұрып, байға тимей, аспаннан келген бір нұрдан буаз болып, үш бала тауып, соның біреуі Боданжар хан болды дейді.

Жоғарғы ертегі сықылды сөз осыған қисынады. Себебі Ергенеқон дегеннің мағынасы — тік жартас деген сөз, қасқыр баланы жартастарға апарып, сонан бала туып өсті дегені осыған келеді. Және сонан шыққандағы ханның аты — Бөртечине еді. Мағынасы бурыл қасқыр деген, соны қытайлар қасқырдан туды деп шатасқан. Және Аланғу кімнен тапса да, үш бала тауып, оны нұрдан таптым деп, халықты алдаған ғой, соны қытайлар біресе қасқыр менен баладан туды деп, біресе аспаннан келген қасқыр менен хан қызынан туды деп шатастырып жүрсе керек.

Және Радловтың ұйғыр туралы жазған кітабында қытай сөзі ескі заманда Гаошан, яғни ұйғыр жұртының жерінде Гулин тауынан екі өзен ағады; Тохула, Селенге деген. Сол өзен арасындағы бір таудағы ағаштан жарық нұр шыққан соң, ондағы жұрт барып қараса, бір ағаштан шыққан нұр екен. Ол ағаш буаз қатын сықылды томпақ екен. Сол ағаштан бес бала туып, халық оны Құдайдың жібергені деп асырап, өсіріп, аттарын Сұңқартегин, Қо-туртегин, Тугелтегин, Ортегин, Бұқатегин қойып, кенжесі Бұқатегинді хан қойыпты.

Тегин деп ақсүйек князьді айтады, соның нәсілінен отыз ханнан кейін Иойлунтегин дегені хан болған кезде Тан ханның еліменен неше жыл жауласып, аяғында құда болып, Тан ханның Цзинлин деген қызын Иойлунтегиннің баласы Иелітегинге айттырады. Бұл Тан хан дегені — Татан, яғни татар ханы болса керек. Ол Пели-пули-та деген тауда еді. Мағынасы ұрғашы жайлаған тау деген болады. Және Челі-таха деген тау бар еді. Мағынасы орысша «небесный гор», бізше тағдырдың үкімі дегенге келеді. Және Хули Таха деген тау бар еді. Мағынасы — құтты тау деген. Тан ханның жіберген бір кісісі сол Құтты тауды көріп, «осының басындағы биік тасты құлатса, бұл елдің бақыты қайтады» деп, Иойлунтегиннен қалыңмал үшін сол тасты сұрап алып кете алмаған соң, отпен қиратып, өртеп, носилкамен тасып алды. Сонан соң таудағы құрт, құс шулап, жеті күнге жетпей Иойлунтегин өліп, онан соң хан болғаны өле берген соң, халқы көшіп, Бешбалыққа, яғни Бес шаһарге келді. Темір қазығы А-чу, яғни Ақсу, күнбатысы — У-дон-Қаши, яғни Хотан мен Қашқар, күншығысы — Си-фан, яғни Тибетке шейін биледі. Бұл көшкені Бар-чижу — Ертетегиннің хан болғанынан 970 жыл бұрын еді дейді.

Енді осы айтылған Радлов кітабындағы қытай сөзінің ағаштан бала туды дегені еш сөзге қисынбайды. Олай болса да бұл сөз де Боданжар ханның баласы — Бұқахан болса керек. Себебі, Әбілғазы Баһадүр хан сөзінше Боданжардың екі баласы — Бұқа, Тоқа: бұл Бұқа тегин менен Төкел тегин болар, ағаштан нұр шығып содан туды дегені — Аланғудың нұрдан таптым дегенін шатақ айтқанға ұқсайды.

Және сол сөздің аяғында айтқан Бар-чижу – ерте дегені анық-ақ. Рашид ад-дин менен Әбілғазы ханның айтатұғын Шыңғыс хан кезіндегі ұйғыр жұртының Бауырчық, Едиғұт деген ханы, оны Рашид ад-дин Баржұқ деп жазады. Ейдиғу деген лақап аты деп қытай айтады. Едиғұт деп хандарын айтушы еді деп Әбілғазы айтады. Және Шыңғыс тұсында ұйғырлар Қидан, яғни қара қытайға қарағаны Тайтцызу, яғни Шыңғыс ханды естіп, қара қытайдың жандаралын өлтіріп, Шыңғыс ханға қарағаны да және Иәли Андон деген Шыңғыс ханның қызын алғаны да бәрі тура келеді. Ол Бауырчық Едиғұттың Шыңғыс ханға қарағаны 1209 жылы еді.

Аристов сөзінше ескі замандағы қазақтың басты руларының таңбасы мынау:
Ұлы жүз — Дулат (таңбасы — О), Албан (таңбасы – ), Суандікі — О, Ботбайдікі — О яки мынадай, Сыйқымдікі - , Орта жүзде – Қоңырат (таңбасы - ), Арғын (таңбасы ), Қаңлы (таңбасы ), қыпшақтікі — || , керейдікі – яки мынадай — X, Наймандікі — және Шыңғыс хан үлкен хақан болғанда, тап басы бектерге ұран, құс, ағаш, таңба беріпті. Сонда ұлы жүз Үйсін Майқы биге «ұраның — Салауат, құсың — бүркіт, ағашың – қарағаш, таңбаң — сүргі таңба болсын» депті. Ол мынадай: , орта жүзден Қоңырат Сеңгіле биге «ұраның — Қоңырат, құсың — сұңқар, ағашың — алма, таңбаң — ай таңбасы болсын» депті. Ол мынадай: .

Мұнан кейін Нәжиб Ғасымбектің қытай шежіресінен алып жазған сөзінен біраз ғана жазамын.

Хижрадан, яғни біздің пайғамбарымыздың уақытынан 2819 жыл бұрын, яғни орысша есеппенен Ғайса пайғамбар уақытынан 2197 жыл бұрын Қытайда һич деген нәсіл хан болып билемей тұрып, Қытайдың темірқазық жағында Тукю, яғни түрік халқы бар екені мағұлым болған.

Мұнан 1081 жыл соң, яғни Ғайса пайғамбардан бұрынғы 1116 жылда Қытайда Уаң хан заманында хун атанған түріктер Қытайға қарадық деп, Уаңның нәсілінен Юдаң хан болған кезде хундар бұзылып, Қытайдың Шән — си деген уаләятын шапқан. Бұл хун, яки ғун атанған түріктер Ғайса пайғамбардан бұрынғы 910 жылы қытайларға соқтыға бастап, сонан 213 жыл соң, яғни Ғайса пайғамбардан 697 жыл бұрын қытайдың Ганьсу деген жеріне кірген, ол жер қытайлардың Мағолстанменен бөлігі еді. Онан 45 жыл соң Пәчили деген уаләятын шауып, түріктер бірінің артынан бірі қытайды шаба берген соң, сонан құтылуға Ғайса пайғамбардан 214 жыл бұрын Чин қорғаны деген үлкен қорғанды сала бастап, он жылда бітірді. Халықтың жаңылыс Ескендір қорғаны деп жүргені сол қорған болса керек. Оны салып бітірген қытайдың Чин-Шы-хуанди деген ханы еді. Ол өлген соң Ғайса пайғамбардан бұрынғы 210 жылдан соң қытайлар өз ішінен бүлініп, маңайындағы елменен бөліктері сақтаусыз қалып, хун түріктер Татардың Қарамөрен деген дариясын айналып барып, қытайды талай бастайды. Және бір ескі хабар: Ғайса пайғамбардан 1300 жыл бұрын Чэ-эу нәсілі қытайда хан кезінде Азияның темірқазық жақ шетінде хун, яки ғун деген халық болған. Бұл хун деген Орхон өзеніне қойылған ат еді. Сол себептен ол халық хун атанды. Одан кейін бір уақыттарда түріктер хун-ну деп те аталды. Оның себебі, қытайлар Хуан Хэ дариясының темірқазық жағындағы халықты Хунну дегенінен шыққан. Шежірелердегі хунну атанғаны он ну, яғни он ұйғыр дегеннен деп Радлов айтады. Және бір кезде бұлардың күншығыс татар атанған хунның топа, сиән-һи, жу-жен деген таптары Азияның күнбатыс шетіне шейін барды. Бұл хун-ну қытаймен көп соғысып, кейде жеңіп, алым да алды. Олар хандарын Шань буй юо деп, онан кейін Танжу деп атады. Бергі замандағы тайчи деп қалмақтың айтқаны да сол сөзден. Жоғарғы хуннулар ханның қатынын иэн-ши деуші еді. Біздің қазақтың өзінен үлкен кісінің қатынын жеңеше дегені сол сөз болар. Олардың Танужі, яғни ханы Ен-Шан тауында тұрушы еді. Ол тау Алтайдың Ертіс өзеніне қарай созылған бір тарауы еді. Танжу қытай ханыменен тату тұрып, хат жазғанда аспан, күн, ай тарапынан хундардың тағына қойылған ұлуғ Танжудан деп жазушы еді. Бұл тату тұрғанның соңғы мезгілдері Ғайса пайғамбардан бұрынғы 210 жылға шейін білінеді. Жоғарғы айтылған қытайлар бүлініп, оларды хуннулар шауып талаған Ғайса пайғамбардан бұрынғы 210 жылда хундардың ханы Томын Танжу еді. Бұл Томын хан Ғайса пайғамбардан бұрынғы 206 жылы өліп, оның орнына Модэ, яки Мөте деген баласы хан болып, Ғайса пайғамбардан бұрынғы 174 жылға шейін бек көп жерлерді алды. Қытайдың ол кездегі ханы Фау-Хуанғ-ти деген еді. Жоғарғы Мөте Суһнғың-фу шаһарын алып, Шансиға кіріп, Шиан Фу шаһарына келген соң Фау-ти хан қарсы шыға алмай, қыз беріп бітім қылды. Мұнан соң қытай мен түрік қыз алысты.

Ғайса пайғамбардан 175 жыл бұрын хуннулар Юши, яғни Шүршіт халқын Ганьсу мен Шән-сиден шығарып, күнбатысқа қарай Балқаш көлі менен Іле өзеніне қуды. Юшилер барып Яксарт, яғни Сырдариядан өтіп, Соғды Бактрияны алып, ондағы Се, яки якут — сақа атанған бұрынғы барған түрікті қуды. Сол кезде хуннунның Тан-жуы яғни ханы барып, күншығыс татарды шауып быт-шыт қылды. Сол татардың бір бөлегі қытайдың Пекин деген қаласының темірқазық жағындағы Ухуан тауына барып, Ухун татары атанды. Және бір бөлегі Сиәнби тауына барып, сол атпен Сиәнби атанды. Жоғарғы айтылған Юләр Мауранаһарге кірген заманда, хунунның күнбатыс жақтағы көршісі усин яғни үйсіндер еді. Іле өзені жағасында еді. Олар хандарын қунми (Гуньми) деуші еді. Осы үйсінді хуннулардың ынтымағынан айырмақшы болып, қытайдың ең алғаш дүние көруге шыққан Чан-Киен дегенді жіберген еді. Қытай сол кезде Кайкию, яғни Мауранаһар Пуси, яғни парсыменен сауда араластырып еді. Соған ортадағы хуннулар бөгет болып, жоғарғы Чан-Киенді он жыл тоқтатып қойған. Онысы Ғайса пайғамбардан бұрынғы 139 жылдан 129 жылға шейін еді, Чан Киенді Аристов Чжан Цян деп жазады.

Ғайса пайғамбардан 70 жыл бұрын жоғарғы Ухуан атанған татарлар хуннулармен жанжалдасып, барша танжуларының, яғни хандарының моласын һәм Мөтеннің де моласын құлатып, хуннуларды күнбатысқа қарай қуып, көп жерін алды. Ғайса пайғамбардан бұрынғы 54 жылы Си-әнби атанған татарлар қытайға болысып, Ухуанды жеңсе де, олар тез заманда және қайта жиналып, бір хандық болып, хандығы Ғайса пайғамбардан соңғы 207 жылға шейін келді.

Ғайса пайғамбардан соңғы 43 жылы хун хандығы екі бөлінді. Бірі оң түс, бір сол түс атанып, 65 жылы екеуі бірігіп, Қытайдың Шанси менен Хами деген жеріне барса да жеңіліп қайтты. Оларды қытайдың Цчу — һян деген жандаралы қуып, Килушан тауында және жеңіп, әскерін қырып, сонда сол тұс хунның ханыменен бірталайы күнбатысқа қашты. Сол себепті, 93 жылы сол тұс хун хандығы жоғалды. Онан қалған екі жүз мың үйлі халқы қытайға қарап қалды. Қарамағандары Алтайдан өте қашып, Мұздаладан өтіп, Оралдағы Башқұрт жеріне барды. Сол барғандар Европаның шетінде жаңадан бір хандық болып, күнбатыс хун атанып, көп жыл тұрды. Оны қытайлар Танжу хандығы деді. Европаның бірталай халқын қуған ұйғыр, оноғұр, Сиәнби һәм басқа түрік руларынан да қосылып, Алан жұртын алған осылар еді. Ғайса пайғамбардан соңғы 78 жылы Кавказ тауынан асып, Азербайжан, Ирак ажа кіргені, 167 де Марк Орел заманында румдарменен соғысқаны латынша кітаптарда бар.

Жоғарыда айтылған солтүстік хундар барып күнбатыс хун атанып тұрғанда, мұнда қалған оң тұс хундар Шәнсиде еді. Олардың ханы һюлан-шиға 93 жылы кеткен сол тұс хуннан қалған көп ел қарап қалып еді. Бара-бара бұл оң тұс хундар да нашарланып, қытайдың бір қаруы есепті болып қалды.

206 жылы қытайлар өз ішінен бүлініп, үшке бөлінеді. Бірі Уай деген Темірқазық шетіндегілер, бірі — Уу деген оң тұста және бірі — хан деген күнбатыста болды. 207 жылы Уай атанғаны маңайындағыларды бір-бірлеп қарата бастады, ақырында оң тұс хунды да алып, 221-де біржолата хандығын жоғалтты. Олардың көбі Ганьсу менен Шансидегі халқына қосылды. Бір бөлегі 93 жылы кеткен күнбатысқа барған хундарға қосылды. Жоғарыда айтылған Си-әнби атанған халықтар 225 жылы Орта Азияға кіріп, бір үлкен хандық жасап, 320 жылы Іле дариясынан Аму дариясына шейін алды. Сол Сиәнби деген атпен бұл жақ Сибирия аталды.

Олардың хандығын Нәжиб Ғасымбек Топа-усуну деп, Аристов Юән-би депті. 310 жылы осы Сиәнби нәсілінен ескі шежірелерде Жужен яки Жөже деп әртүрлі атпен жазылатұғын түрік нәсілді бір халық күнбатыстағы халыққа бек қатты шабынды қылған. 390 жылы Жужәндер жоғарғы Сиәнбиларды орнынан қуып, хандығын жоғалтты. Бұл Жужәндер Қарақұрымнан қозғалып, аз-аздан бүтін Татарстан жеріне жайылды. Оның хандары да Танжу аталушы еді. Тулун деген бір ханы 402 жылы хақан атанып, сонан соңғы хандарын хақан десті. Олар бір заманда күнбатыс хундар тұрған башқұрт жерлерін де алды. Аттила деген 430 жылы Европаны быт-шыт қылғаны осы Жужендердің ісі екені анық. Бұларды Яжук, мәһжуж дегендер де болды. Бұлардың хандығын түріктің Она-һуйи Наған, Лу, Чин деген батырларының әскері 552-ден 554 жылдарда қырып жоғалтты. Сол себептен түріктер бүкіл Азияның Темір қазық жағын һәм Қашқар, Самарқандтың барша жерін иеленді. Онан соң түріктер парсының патшасы Хисрау Наушируанмен бірігіп, хундардың Мауранаһар маңындағы Эфталит яғни Тилу халқының хандығын да жоғалтты. 557-де Эфталиттің бастықтары Уархути дегендер біраз қалғаныменен бірге қашты. Шежірелердегі Уархутй, яки Уархонит деп жазылған Ұйғыр Сабыр һәм Түрік дегендер осылар еді. Бірақ бұлар Европаға кірген кезде Ауар атанған ел еді. (Бұл Ауарды Аристов онан бұрын келген Түргеш екі хан халық еді түрік нәсі-лінен дейді.)

Бұрынғы халықтардың қылған істерінің бәрі де аңғары бір жолмен деуге болады. Ескі түріктердің маңайындағы елдерді қырып-жойып, яки бірін-бірі шауып талағандағы мақсаты — өзі зор болмақ, «біреудің өсімі біреудің жоғалуымен табылады» деген анық мақал сияқты түріктер жолыққанды қырып ұлғайған.

Түрік халқы — парсы жұртындай руымен жүрген халық емес, бірталайы әр рудан қосылып, ел болып, маңындағы елдерді шауып алып, егерде жеңілсе, өзге жаққа ауып кетіп, және бір елді шауып, әр рудан қосылып, әр түрлі атпен атанған. Нәсілі бір болмаса да, екі түрік ағайын болғысы келсе, бір жерін қанатып, қандарын сүтке, яки қымызға қосып бөліп ішеді де, қаны қосылған қарындас болдық деседі. Оны Анда дейді. Біздің қазақтың құда-анда дегендегі андасы осы сөз.

Түріктер ескі заманда будда, христиан, зәрдәшт діні сықылды әр түрлі дінге кірсе де, онан да бұрын өздерінің бір түрлі діні болған, оның анығы білінбесе де, ескі замандағы қытайлар сықылданып жер, ағаш, темір, от, су – сол бес нәрсені құрметтеген екен, жыл есептегенде де сол бес нәрсені 12 хайуан атына қосып, 60 жылдық есептері болған. Мысалы, тышқан темір жылы, барыс темір жылы дегендей және бұл түрік жұрты бұрынғы ескі ғұрыптарын осы уақытқа шейін қоймаған. Бір түрік қатын алғанда қазақша қалыңмал, түрікше — ағырлық деп мал беретұғыны, және қазақша көрімдік, түрікше иу көрмек деп және қазақша қол ұстамақ, түрікше ал өпмек деп сый беретұғыны сол ескі заманнан қалған және осы күнгі қазақтың әрбір аумағы, он-жүз жылдан бұрынғы, ұнғұн армаларын, яғни таңба белгілерін қалдырған жоқ. Қыпшақтар 600 жылдардағы қытай жазушылары жазатұғын найза сықылды таңбаларын қол қойған орнына салады. Және 600 жылдан бері мұсылман жұртына кірген керейіт, яғни керейлер тіпті ескі замандағы креш таңбасын салады. Қазақтың көбі ескі таңбасын салады. Кейбіреулер оған бір сызық қосады. Ол бір рудан шыққан және бір таптың белгісі, яки бір ханнан бір ханға қарағандағы белгісі болады. Түріктер жүрген жерін талқан қылған мықты жұрт болған. Оны парсы, араб, қытай бәрі де растайды. Парсының Фәйруз деген патшасы әскерін түрікпен соғысуға жұмсағанда «бізді тура өлімге жұмсадың» дегенге болмай барып соғысқанда, сол жолы Фәйруздың өзі өлтірілді. Және Ая-София мешітіндегі араб-Жахыз кітабында арабтар «дұшпанын талқандағанда кітаптың қағазын аударғаннан оңай быт-шыт қылады» деген. Және қытайдың Шақлар заманындағы жырларының мағынасы мынау:

«Дыңғырлап арба кетеді,
Аттары пыс-пыс етеді.
Әскердің ата-анасы,
Және жастау баласы,
Етегіне жабысып,
«Жібермейміз» деседі.
Сары бұлт айналған,
Сәнді шаһар қасында,
Қарға шулап қонады,
Соғысшының қатыны
Кимешегі басында,
Өрмек тоқып болады,
Қарғаның үнін есітіп,
Қызарып күн батқанда,
Өрмекті қатын жияды,
«Байым өлді-ау» деп ойлап,
Төсекке барып жатқанда
Жаңбырдай жас құяды».

Енді Аристов кітабындағы сөзден біраз сөз жазамын. Аристов кітабындағы қытай сөзінше түрік жұрты бір мезгіл хун яки хуну аталды. Бір кезде қытайша Гаугу, бізше ұйғыр атанды. Хунна аталған кезде олар үш түрлі ел болып, Шан Жун, Хан юн һәм Хун юй деп аталды.
Ғайса пайғамбардан 214 жыл бұрын қытайлар хуннаның Ардос деген қаласын алып еді. Он жылдан соң Шан юйден шыққан Моде яки Мөте хан Ардосты қайта алып, қытайдың өзінен де алым алды. Бұл Мөтенің алғашқы уақыттарда билеген жерінің күнбатысы Наньшан менен Таньшан, яғни үлкен Алатау арасына шейін, оңтүстігі мағол Алтайына шейін, Темірқазық жағы Үйсін һәм Юечжиге шейін еді. Бұл Юечжи күнбатысқа барған тибет нәсілінен еді. Усун, яғни әр түрлі түріктен жиылып, ел болған халық еді. Оның оң тұсында Енисей өзенінде қырғыз бар еді. Үйсін сол тұқымнан еді (Біздің қазақтың нәсілі қырғыздан).

Ғайса пайғамбардан 209 жыл бұрын Мөте хан Юечжилерді яғни шүршіттерді күнбатысқа қарай қуды. Олар үлкен Алатаудың күнбатысындағы Се яки сақ деген түрікті қуып, орнын алды. Олар Пайыр арқылы үндіге барды. Және үйсіндер Юечжилерді қуған соң, олар Фарған һәм Соғд жағынан өтіп, Бактрия барды.

Және қытай жазушыларының сөзінше 6 жүзден 8 жүз жылдарға шейін күншығыс Тунғузбен аралас қидан, яғни қара қытайлар бар еді. Тонғуз яғни Тоғуз оғуз тибетпенен нәсілдес және Шарамұран өзенінің маңында көшіп жүрген Татаби, қытайша Комоки яки хи деп аталатұғын қарақытайдың бір халқы бар еді. Мағолдар оларды аймақ Онют деп атаушы еді. Олардың сол тұс-күнбатысына таман Татан, яғни татарлар бар еді. Бұл татар менен жоғарғы Татабидің күнбатысында ескі түрік атыменен жүрген ел бар еді. Олардың Шанюйі яғни ханы Орхун бойында еді. Бұлардың сол жағында Селингеде тоғыз оғыз бар еді. Тоғыз оғуз – тоғыз ұйғыр екеуі бір сөз болады. Бұл ұйғырдың Теле деген табы Селенгеде болып, солтүстегі Гауугулар Қосакөлде еді. Көлдің күн батысында Меркит, Уранхай, Топа деген түрік елдері бар еді. Уранхайдың күнбатысы Гуман деген таудың сол тұсында қырғыз бар еді. Ол тау қытайша Тән-мен, бұл күнде Тано-ула, яғни бек үлкен емес деген болады. Осы айтылған халықтың сонда жүргені Ғайса пайғамбардан бұрынғы 201 жылдан 49 жылға шейін қырғыздың оң тұс-күнбатысында Қара Ертіске қарлық деген түріктер көшіп жүрді. Оларды қытай Гелулу дейді. Алтайдан шыққан түріктің ең соңғы шыққаны осы Шарыштың басқы бір тарауы Қарлық өзенінен.

Түрік патшалығы әбден ұлғайып, екі бөлініп, күншығыс, күнбатыс атанғанда, жоғарғы Чуйскийден жоғарғы ел күншығыс түрік болып, онан төменгі Теле нәсілі һәм мағолдың күнбатысындағы телелер күнбатыс түрік болып, олар бес аумақ дулу болып атанды. Бұлғария князьдығы осы дулу нәсілінен болады. Бұл теле, яки дулу деп атанған халықты Нәжиб Ғасымбек тилу деп жазады.

750 жыл маңында түрік өз ішінен бұзылғанда, ұйғыр менен қалған Теле һәм Қарлұқ бірігіп, түрікті жеңіп, ұйғыр биледі. Қытайлар ұйғыр хандығын Ху-ху деді. Жүз жылға жақындағанда олар да ішінен бөлініп, ұйғырды Енисейдегі қырғыздар шауып, ұйғырдың көбірегі қашып, Нянь-шань тауының етегі һәм Тянь-шань, яғни арғы үлкен Алатаудың күншығыс тұмсығына барды. Өзі аз ғана қырғыздар біржола билеп тұра алмай Енисейге қайтты. Сол кезде Қидан, яғни қытай күшейіп, Татабиді алып, һәм сол тұстағы қытайдан да ел алып, Лауу деген хандық жасады. Лаууның мағынасы қытайша – «алыс», «шет» деген. Олардың хандығы 907-ден 1125 жылға шейін болды. Бұлардың алғашқы ханы Амбаған 924 жылы ұйғырдың хан қаласы Орхунға келді. Мұнымен жерлес түрік нәсілінен татарлар еді. Оның темірқазығында ұйғыр Баяген һәм Мұңғулдар бар еді. Мұның ішінде қара қытайға ең жақын көрші де һәм мықтысы да татар еді. Қара қытайлар қанша әскер жіберсе де, татарды қаратып ала алмады.

Қытай жазушысы Си-иуән-Шауу-ми-ши сөзінше, Шыңғыс ханнан 850 жылдай бұрын қара қытай менен шүршіт билеп тұрғандағы Мағолстан жұртының тұрған тұрағы мынау: оң тұс-күншығысында Татаби, яғни Ониют, оның сол жағында татар, оның сол тұс һәм күнбатысында Кереит, Жалайыр, мұңғұл, онан Керулен де оның күнбатысында Тамир һәм Орхоннан Ертіске шейін найман, оң сол тұсында меркит және Қосакөл менен Таннуолада Ойрат һәм Тува және әр түрлі тоғайлы атанғандар. Енисейде қырғыз бенен оған қараған ұсақ ел бар. Оның күнбатысында Телес бар еді.

Ұйғырдан хандық кеткен соң, Шыңғыс ханға шейін Мағолдың сол тұс-күнбатыс шетінен басқасын түрік атанған халықтар билеп тұрды. Мағолдар әрбір кішкене таптар қалса да, бірігіп хандық жасай алмайды. Ол таптарда ертерек Баяген, яғни арғын табы күшті еді. Шыңғыс хан тұсында наймандар күшті болып, екі хандық болып тұр еді. Және бір күштірек табы Кереит, яғни Керей еді һәм көп татар бар еді. Бірақ олар бөлек-бөлек болып тұрғаннан кейін күшсізірек еді. Шыңғыс хан басында керейге сүйеніп мағолды аз-аздан жинап, татар һәм меркитпен жауласып, ең бұрын найманға соқтығып, оны алып, ақырында тамам мағолды түгелдеп алғанда отырықты болып қалған түріктер көшіп қашуға жерін қимай, бірталай ел мағолға қарап қалды. 1300 жылдар шамасында ол қалғандар – Ониют, Жалайыр, Найман, Керей дегендер әр түрлі рудан еді. Сол себептен олар қалмақ деп аталды.

Қалмақ деген қалғандар деген сөз. Олардың ойрат қалмақ атанған себебі, мағолдар күнбатысқа қойған әскерлерін ойрат деп атаушы еді. Соған араласқаннан ойрат атанды. Қалмақтың түбі ойрат деген сөз сонан шыққан. (Әбілғазы Баһадур хан сөзінше Шыңғыс хан кезінде ойрат ханы Қутуқә, яғни Құтлық деген еді. Басында жау болып, аяғында жарасып, қыз алып, қыз беріп қарады).

1368 жылы ойрат ханы Мыңтемір деген «өз алдыма ханмын» деп мағұлым қылды. Сол өлген соң их елі бұзылып, бытырап кетті. Онан кейін 1455-те Есен Аши деген «ойрат ханы – мен» деп еді, оны ойраттың бір бастығы өлгірген соң, ойрат бассыз қалып, Шыңғыстың күншығыстағы нәсілдері талай бастаған соң, сондағы қалмақ атанған ел мұндағы туысқаны түрік, татар ішіне қарай көшті, олар екі бөлініп, бір табы қыпшақтар тұрған күнбатысқа, көбірегі оң тұстагы дулат жеріне барды. Ондағы тұрғын ойраттарды біздің мұндағы ел қалмақ қойды. Ол екінші жүз жыл ішінде, яғни 1200 жылға жақындаған кезде қара қытайдың қашқан бір князі Пелюй-Даши қара қытай мен түріктің қашқандарын жиып алып, күншығыс Алатаудағы отырықты ұйғырды алып және бір қара қытай хандық жасап, Мауренаһар төңірегін де алды. Жерінің ортасы Шу өзеніндегі Баласағұн шаһары еді. Ақырында олардың ең соңғы ханы Көрханды 1212 жылы Шыңғыс хан жеңіп ұстап алған соң, хандығы жоғалды. 1219 жылы Шыңғыс хан Ертістен аттанып, Мауренаһар түгел һәм парсының бір бөлегін алып, үлкен Алатаудың екі жағын, Мауренаһарді Шағатай деген баласына берді. Дәшті Қыпшақ жақты Жошы деген үлкен баласы иемденді. Екеуі де әкесінен төрт мыңнан кісі алса да, бұларға еріп мағол болып кеткен түрік, татар көп болғандықтан әскерінің көп қуаты татар-түрік еді. Ақырында 1370 жылы Шағатай тұқымы Мауренаһардан айрылды. Өзіменен нәсілдес һәм аралас түріктен Темірлан, яғни Әмір Темір деген шығып, Шағатай нәсілінің билеген елін тартып алды.

Шағатай ұлысы болып жүрген алғашқы елі мыналар: арғинут яғни арғын, кереит яғни керей, доғлат яғни ұлы жүздегі дулат, көрлеут яғни қарлұқ, қаңлы, қырғыз. Бұлардан керейлер Қара Ертіспенен барлық һәм Ерен қабырға арасында арғын, найман менен Еміл өзенінен Қараталға шейін һәм Нұра өзеніне шейін көшіп жүрді. Дулат Қаратал өзені менен Шу арасында болды. Қаңлы меңен қарлұқ аралас Талас өзенінен Сырдарияға шейін жүрді. Қырғыз осы күнгі орнында жүрді.

Жошы ұлысының күншығысындағы елі Дәшті қыпшақтағы көп қыпшақ һәм бұл жақта алшын еді. Азырақ арғын, найман бар еді. Күнбатыстағы елі половцылардың қалғаны еді. Және әр түрлі түріктен һәм қыпшақтан қосылған ноғай атанған елдер бар еді. Бұлар ол кезде Ноғай атанған жоқ, онан бірталай кейін Береке ханның немере інісі Ноғай ханның атыменен аталған. Ол Ноғай хан бір кезде Дәшті қыпшақтағы әрбір хандарды өзі қойып, өзі түсіріп жүрген бір мықты хан болған.

Жошы ұлысы ақырында әрбір кішкене хандыққа бөлініп бытырады. Оның себебі — шын аты Темірхан, ләқап аты ұлұғ Мұхамед хан деген бір атақты хан 1446 жылы өлген соң, ноғай хандары хандыққа таласып, бөлінген. (Ұлұғ Мұхамед ханды біздің қазақ тілі келмей Ормамбет хан дейді).

Сол кезде Әбілқайыр деген хан Қазан ханына да, Қырымдағы ханға да қарамай, өз алдына Жошы ұлысының күншығыс жағын 1552 жылдан 1555 жылға шейін билеп тұрды. Сол кезде әр рудан қосылған қырғыз-қазақ деген ел бар еді. Мағынасы – «тағы, өз еркіменен жүрген» деген сөз, және сол 1552-ден кейін Әбілқайыр ханның көшпелі бірталай елін ойраттың, яғни бізше қалмақтың Өзтемір Тайшы дегені быт-шыт қылып шауып кетті. Бұл Өзтемір жоғарғы айтылған ойраттың Есен ашы деген ханының баласы, онан кейін 1455 жылы Әбілқайырдың бұл бақытсыздығының үстіне қол астынан қырғыз, қазақ һәм басқа бірталай елін алып, Әбілқайырға өкпелеп Әз Жәнібек хан мен Керей хан ауып, Шудағы Шағатай нәсілінің ханына барды. Мұның артынан Әбілқайыр хан өлген соң, өзбек халқы біржола бытырап кетті.

Бұл Өзбек деген ат бұрынғы кезде атақты болып, Дәшті қыпшақта Жошы нәсілінен үлкен хан болған һәм өзі мұсылман болып, һәмме Жошы ұлысын мұсылман қылған хан еді. Соның атыменен барша Жошы ұлысы өзбек атанған еді. Әілқайыр хан өлген соң тағы бірталай өзбек қазаққа келіп қосылды. Бір бөлегі Әбілқайыр нәсілінен Баруш Оғлар дегеннің қасында болып еді. Ол 1472 жылы өлтірілген соң, бірталайға шейін бассыз қалды.

1499 жылы жоғарғы Әбілқайыр ханның немересі Шаһбахыт Шайбани деген хан (біздің қазақша Шайбақ хан) қасына көп өзбекті һәм қазақтан да жиып алып, Мауренаһар, яғни Самарқанд хандығыменен соғыс бастады. Онан 1450 жылдан кейін Шағатай нәсілі Ферғана менен Мауренаһарды билеп тұр еді. Қалалы ғұмырды жақсы көріп, көшпелі халықтарын қа