23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Парсыдағы һәм Закавказдағы түрік нәсілі






Бұл парсы менен Закавказдағы түріктерге мағол түріктен көп араласқан. Рашид-ад-дин сөзінде Хулагу яғни Әлекенің әскерінен әр он кісінің екеуін соларға қосты. Ол парсы менен Закавказ түріктерінің рулары мыналар – қажар, афшар, қашқай, шаһзийуин, бенделли, қарабөрік, Аллаберді, қарақоғонлы, жанбеклу, ұзанлу, абулхасанлу, кенгірлу, жерруз, хожаәли, келләкөл, шайыхлу, баят, қылыш, жалайыр. Мұның ішіндегі қажар – Қажар ноянның нәсілі дейді. Ол Сыртақ ноянның баласы Әлекенің әскербасы еді.

САРТ
Біздің қазақтар Түркістанның күншығыс күнбатысындағы отырықты түрік нәсілдерін һәм түрікше сөйлеп түрік болып кеткен тәжіктерді бәрін сарт деп атайды. Бұл сарт деген өз алдына бір ел, яки бір атаның аты емес. Бұл сарт деген ат ең ескі шежіре кітап «Құдатқу білікте» де бар, ол кітап 1070 жылға жақындағанда Қашқарда жазылған.
Бұл сарт деген яксарт деген сөзден шыққан, ол Сырдарияның ескі замандағы аты еді. Сонда барып орныққан ел кім де болса, сарт атанып кеткендіктен болған. «Өзбек – сарт» дейтұғынбыз, өзімізден айырылған өзбек және татар, қарақалпақ деген ел бар (ол тіпті қазақ атанған соң айрылған), сондай елдердің бәрі де сол Сырдарияға барып орнығып, бұрынғы сарт атанып отырғандармен бірге сарт атанған және құрама деген ел бар, олар ақтабан шұбырындыда жүре алмай қалған кедейлер. Рулары – керейучі, шаһрухия, бұқа, мұратали, керейіт, байсу, қарақытай, қалайбар, панғаз (бұлар сартқа қосылып егін салған).
Құрама ішінде тама, алшын, жағалбайлы, қанжығалы, керей, үйсін, жалайыр — бәрі де бар.

ӨЗБЕК
Бұл өзбек деген Өзбек хан атыменен аталған деп айтылған. Әз Жәнібек ханға еріп, Шағатай нәсіліне қараған қазақтар Мауранаһарда отырықты болып қалғандықтан өзбек аталып қалды. Онан басқа анық қазақ еді. Бұлардың ішінде Жошыға қараған мағолдан да, татардан да бар және Шағатайға қарағандардан да қосылғандар бар. Бұл өзбек рулары – тұяқлы, оның ішіндегі рулар – молла кесек, мырза кесек, митаны (бұлар ноғайдан). Және найман, бұл үш ру – қостамғалы, уақтамғалы, садырбек. Бұлар «найман һәм қоңыраттан бөлінген қазақпыз» дейді. Және үйсін үш ру – ошақты, көзтамғалы, ергенеклі. Және көшші, қатаған (бұларды бекзат деседі). Және сарай, бағрын юз, қырық мың қытай, қыпшақ, қарақалпақ, түрікмен, жалайыр, дүрмен, түрік, маңғыт, қаңлы, кенегес, мисит, ябы, тама, меркіт, аллат, баташ — осының бәрі әр жерден келгендер — өзбек атанып отырған.

НОҒАЙ
Ғайса пайғамбардан әлденеше жүз жыл бұрын хун, яки хунну атанған қисапсыз көп түріктер бір кезде Орал, Еділ ар жақтарына жайылған. Бастықтары Атилла өлген соң, олар қайта Еділ һәм Кавказға қуылған. Сол 5 һәм 6-жүз жылдардың ішінде Византия яғни Стамболды бұрын билеген грек жазушылары Приск, Минандир дегендер ол хуннаның таптары сарағур, оноғур, котиғур, отиғур, бұлғар деп жазады. Бұлғардың бір бөлегі Дунайдың ар жағына кеткен де, қалған хунналар Еділ ортасында һәм Қамада хазар деген бір патшалық жасаған. Сол хазардың Юсіф деген патшасының жазып қалдырған хатында хазардың арғы тегі – Яфет, яғни Яфастан деген. Оған Тоғарма Артфалы қосылды дейді. Тоғарманың он баласы – Ойюр, Таурис, Ауар, Огуз, Ғоз, Бизал, Тарна, Хозер, Занур, Болға. Және сол Юсіфтің хатында «Біжнәктер, яғни печенектер қол астында» деп жазған. Бұл хатты перевот қылған – профессор Гаркауи деген кісі. Ол хазар хандығы яһуди дініне кіріп қуаттанып, 9-жүз жылдарға шейін тұрған. Мұның ішіндегі Ғоз дегені – қаңлы, қыпшақ нәсілінен. Олар ақырында қаман, яки половцы атанған. Ақырында қамандар қыпшақ һәм алшынменен қосылып, Жошы нәсіліне қарап, Жошы нәсілінің көшпелі бір бөлегі болды.

Жошы ұлысына қараған елдің көшпелері Орал менен Кубаньнан Дунайға шейін келген кезде, Береке ханның немере інісі Ноғай ханның атыменен Ноғай атанып жүр еді. Әбілғазы хан шежіресінде Ноғай деген хан жоқ, мен ойлаймын: сол Ноғай атанған Жошының Шибани деген баласының Баһадүр деген баласы болар. Бұл Ноғай атанған татардың күнбатысындағы 15-жүз жыл ішінде Қырым ханына қарады. Сол тұс күншығыстағы ноғайлар Орал маңында қалып, бір бөлек болып көрші қазақтарды қаратып алды Әбілқайыр хан кезінде.

Онан кейін ұлұғ Мұхамед, яғни Ормамбет хан өліп, ноғайлар күшсіз тартқан кезде, 17-жүз ішінде ноғайдың көбі Шыңғыстан қашып, бұрын Еділге келген торғауытқа қарап қалды. Бір бөлегі Қырымға қарап кетті. Онан кейін ноғайлар хандарының атыменен, яки рулары һәм жерлерінің атыменен әртүрлі аталып кетті. Мысалы, Еділ маңындағы тоғыз ру ноғайлар – маңсұр, орақ, мамай, қасай, ордамамбет, тоғыз, едешік, едисан, жанбайлық һәм ескі би нәсілінен қарашы деген. Мұның рулары – шырын, барын, арғын, қыпшақ және оларға Сақыпгерей хан ноғайдан мансұр һәм сежиют дегенді қосты.

Таврический губернаның Қырым уезінің списогінде 1865 жылда жазылған. Сонда арғын, қоңырат, қыпшақ, алшын, қаңлы, алаш, тама, керейіт, оңғар найман, қарт қазақ, күшік тоқсаба деген таптар әрбір жерде бар.
1783 жылы Қырым орысқа қарағаннан кейін Қырым ноғайлары Стамболға қараған түрік ішіне көше берді. Сөйтіп көшкендер де көбейіп, 500 мыңдай жан түрікке кетті.

Астрахан татары, Еділ аяғындағы кондурлар «ноғайдың қасболат-қасай дегеніміз» дейді. Онысы Ноғай ханның балалары болса керек. Оның рулары – ас, төбет, найман, жағалбайлы, маңғыт, ергенеклі, керейіт. Бұл кондур татарды торғауыттың Дондүк амбу деген ханы Кубаньнан алып келіп орнықтырған. Осы күнде Кавказ маңында және ноғайлардан бұрын орныққан құмұқ, қарашай деген ел бар. Оларды Клапрот «жартысы хазар, жартысы ноғай» дейді.

Және ол Ставропольдағы ноғай ішінде біраз ғана түрікмен бар және Қазан, Симбір, Самар, Саратау, Орынбор губернияларында чуаш деген халық бар (мұны араб жазушылары буртас деп жазады). Бұрынғы түрікмен менен черміс қосылғаннан шыққан халық, тілінің ескі түріктен аз бөлегі бар.

Және Ертіс пенен Обь арасында Барабын деген татар бар. Олар түрік пен угордың араласқанынан шыққан. Оның рулары – терене, тары, бараба, колуба, лонға, сол, қарғалы.

Және Сібір татары дейтұғын Тоболдың әр округінде татар бар. Олар 15–16-жүз жылдар ішінде ноғай менен қазақтың төрелеріне еріп келгендер һәм саудаменен келген бұхаралық сарттар, жерді орыс алғанда тұрып қалған. Тар округіндегілердің руы – туралы, аялы, көрдік, сарғат. Тобылдағысының руы – көрдак, естек, тоғуз, шуалшық, ясқалба. Бұлардың да көбі – біздің өзбек, сарт.

БАШҚҰРТ
Башқұрт бұрынғы заманда финно-угор халқыменен араласып кеткен түрік нәсілі деп араб жазушылары айтады. Олар 1723 жылы «Ақтабан шұбырындыдан» соң қазақтан бөлініп барып, ондағы татарлармен араласып кеткен. Башқұрттың таптары – минский (бұл мыңғыт деген қалмақ болып қалған, тоғайлы елі атанған татардан) және табинский (бұл кіші жүздегі табын, қыпшақ, тама, қытай, керейлерден) және таздар, қырғыз (бұлар угро-фин нәсілінен) және қалған таптары – йорматин, борзин, өсірген, таңғауыр, күдей, танип, айлы, қуақан, қаршы, қайлы, иелдат, тоғыздар, иени байлар, дуан, ерімті, гайтен, шөбен ноғайлар, сарттар, меркит, саралы, айлан, зуран, боллар, уран, уаныш, мешир, тилтин, бақай, арлар, сарыш, байұлы (кіші жүздің), түрікмен, сартай. Осы жоғарғы аттарға қарағанда, башқұрттар қазақ екенін һәм әр рудан қосылғанын білерсіз.

ҚАЛМАҚ ҺӘМ ТЕЛЕУІТ
Осы күндегі Алтай, Саян, Таннуола тауларындағы халықтар – бұрынғы түрік нәсілі және түрік болып кеткен Самайыд халқынан араласқаннан һәм ескі теле, яки динлин деп аталған жұрттан. Шарыш өзендегілер, Катонидегі һәм Телет көліндегі Алтай түріктерін орыстар қалмақ дейді. Біздің қазақ білеуіт қалмақ дейді. Олар өздерін Ойрат дейді. Кейде Алтай кіші дейді. Басқауишдағылар өздерін Олан дейді. Шолсмандағылар өздерін Телес дейді. Сол қалмақтар — біздің қазақпен жақын тұқымдас ел. Қалмақ деген «қалған» деген сөзден деп жоғарыда айтылды. Оның рулары – арғын, найман, қыпшақ, керейт, меркіт, қан, мондус, ара, тотош, шапты, тоншон, алмат, кебек, қоду, пайлағас, айттас, құртты, сақал, телес, айдақ, қырғыз, союн, моңғол, сарт. Тілдері ескі түрікше, бірақ моңғолға көп қарағандықтан мағол тілі қосылған.

Және сонда Телеуіт дегені бар, олар өздерін телеуит, яки қара қалмақ деседі. Олардың бастығы орыс әскеріменен неше мәртебе ұрысып, бір кезде ауып, оранхай ішіне барып, ойратқа қарап та тұрған. Қалмақтар оларды төлеңгіт дейді. Олардың рулары – төре, ұшу, меркит, ақтумат, қаратұмат, қыпшақ, найман, сарт, шорыс, торғул, моңдус, қошқар, тотуш, порут, шалман.
Және оларға араласқан ашкештім деген ел бар. Оның рулары – аюти, төрт ас, шыңғыс, ан, мұрындық, хорық, қарға, қу ара.
Бұлардың телеуіт атанған себебі, тіпті ескі заманда түріктердің теле деген табының аты, «тилу», «дулу» деп әр түрлі жазылған. Сол теле деген атпен аталып қалғандықтан (тиле – «от» деген сөз) «телелер», сонан «телеуіт» атанған. Осындағы хан Төлеңгіт деген ханға жиылғаннан басқа анық төлеңгіт деген ел — осы тілеуіт қалмақтан шыққан ел.

ТҮРІКМЕН
Бұл түрікмен деген ел ескі түрік нәсілінен. Бұлардың арғы атасы туралы айтылған әр түрлі сөз көп, олай да болса көбінің қисыны баяғы Оғузханның нәсілінен болса керек. Түрікменнің басты рулары жетеу:

1. Шаудур һәм әмірлері. Бұлар 16-жүз жылдың ішінде қалған түрікменнің адалы деген таптан. Бұлар осы күнде Хиуаға қарайды. Бұлардың рулары – абдал, ёкдер, бозащы, есенлу, қарашаудыр, бұрыншық, шайых.
2. Басты ру – ямут. Бұлар Гургене өзенінде орыс, парсы, Хиуа үшеуіне үш бөлініп қарайды. Мұның рулары – атабайтана, жапарбай, шарифчоны, өгіржалы герей.
3. Үлкен табы – гоқлан. Бұлар Терек өзенінде, парсыға қарайды.
4. Үлкен табы – Теке. Бұл Закаспий облысында ахал, теке, Мерв жерінің аты. Ахал текенің рулары – көкше, салық, ясман, меріш, қоңыр һәм ұсақтары бар. Мәру текенің рулары – тоқтамыш, өтеміш. Тоқтамыштан – бек, уәкіл. Көкшенің рулары – қан, қоңыр, аквекил, қаравекил. Өтеміш рулары – Сичамаз, бахшы.
5. Үлкен табы – сарық. Мархаба ортасында тұрады. Қазіргі оның рулары – қаңлыбаш, харасаны, галишах, сохты, байраш.
6. Үлкен табы – салор. Бұл Оғузханның немересі. Мұның рулары – яалауаш, қараман, анабилегі.
7. Үлкен табы – Ерсары. Амударияда, Чаржау маңында, оның руы – бордалық, керкі.
Закаспий ескі облыстың 1890 жылғы обзорында «түрікмен – Оғузхан нәсілінен, Салордың баласы Хұсайын ханның балалары» дейді. Галкин деген кісінің сөзіне қарағанда, «баяғы мағол ханның баласы Озхан, соның екі баласы — Есенхан, Сүйінхан дегеннің нәсілі» дейді. Барун, Буда деген – Оғузханның парсыдан алып келген Ек деген күңнен туған екі баласы. Яумуд Кохланнің нәсілі хәм теке де құл дейді. Және кейбір сөзде біздің арғын ішіндегі сүйіндік, бегіндіктің аты шығады, тегінде Оғузхан нәсілі екені рас.

ЯКУТ
Якут деген халық – манжурия тіліменен яку деп атағаннан, ескі түріктің сақа деген табы. Сонан сағай атанған татарлардан шыққан ел. Бұлар орыс қоластында ең күншығыс жақтағы шетте, Лена өзенінің басынан Охот теңізге шейін, күнбатысы Енисей суының аяғына шейін, олар өздерін сақа дейді. Олар орысша Батилинский һәм Елли деп екі бөліп айтылады. Басында Красноярский татардан, яғни сағайлардан келген Омуғай бай менен Елли дегеннің нәсілі. Басында Омуғай бай келіп хан болып тұрғанын естіп, Елли деген келіп, Омуғайдың бір қызы соған тиген соң Омуғай қызына өкпелеп, жасау орнына бір жаман бие беріпті. Артынан Елли байып, көп баласы болыпты. Приклонский деген жазушының сөзінше, Омуғай байдың жалғыз баласы – Барағай (Батила, Келтағай, Тобуқ деген). Оның нәсілінен Баяғантай ұлысы болды. Еллидің алты баласы болған – Лабынға сурук (ең бұрын шаман, яғни бақсы болған осы еді), екінші баласы – Хадат Хағалас деген (Ханғалас ұлысы соның нәсілі), үшінші баласы – Жүнжағлыдан Баторюс ұлысы болды, төртінші баласы – Молутой Орхоннан Мегин ұлысы шықты, бесінші баласы – Дили Дархан, оның екі баласы – Борғунжарта, Сордахдобсон. Бұлардан Борғун, Добсон ұлыстары болды, алтыншы баласы – Хатан Хатамалайдан Нам ұлысы шықты. Бұл якуттардың ол жерге келгені 1200 жылдардың ішінде болса керек. Руларын бес ағауыс деп те атап, кейде жон деуші еді. Жонның мағынасы орысша «народ», бізше «халық» деген сөз. Ескі заманда якуттардың әрбір табының ұрандары, таңбалары болса керек, бірақ бұл кезде ұмытылған, сөйтсе де ұмытылмай табылғаны: Колмский якуттың ұраны – барилас (яғни бүркіт) және әрбір ұрандары – сасыл (яғни түлкі), есе (яғни аю), шелбін (яғни шолпан), іс (яғни іш), тарағай (яғни таз) және сондай ұрандары көп болған.

ОРАНХАЙ
Бұл оранхайлар қытайға қарайды, олар үлкен Кімкімшікте, Қосакөлде, һәм Таннуола тауының оң тұсында жүреді. Олар өздерін тоба деп атайды. Әлі күнгі түріктің ескі тіліменен сөйлейді. Төменгі хошыттағы, яғни болыстағылары: хозут дегені – Қосакөлде, халуш, еркет, хасут, арғымақ дегендер – Таннуолада, ойын, ерхат, суюн, шуда, салжақ дегені – Үлкен Кем өзенінде және салжақ қырғыз, қол байғара дегендері – Бикім өзенінде, Ақшыда, Қарашыда, тұзшы, кімшік, қашқу, ерғыт, сая мұңғуш, қарамұңғұш, кедеұржақ, ондар, ғабалық – бұлар Саян Ноян хошытында (яғни болысында), колот, сойын, қаратұлжақ, қужігіт, сарқылар, тоңғақ, хуолар, қарасал, адин толлуш, томат, қырғыз, мади, чыжуда – бұлар Кімкімшікте, Дуана хошытында.

Және Қырғызнұр менен Обсанур деген екі көлдің арасында түрікше сөйлейтұғын бір ел бар. Оны мағолдар хотон дейді. Бұлар түріктен қалмақтар тұтқынға алғандарының нәсілі. Қалмақтың ақсүйек төрелеріне егін салып береді. Өздері көшпелі, осы кезде Дүрбіттің уаң төресінің егінін салады.