23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, тарихшы, композитор.

Бәйшешек бақшасы






Атақты Атымтай жомарт алғашқы кезде бір жұмада өңкей білгіш шешендерді қонақ қылып, келер жұмада жастарды қонақ қылып, ендігі жұмада қаріп-қасерлерді қонақ қылады екен. Бір күні өңкей шешендерді қонақ қылып, әр қайсысы бір мағыналы күлкілі сөз айтып отырғанда, бір кедей кіріп үндемей отырыпты. Сонда қонақтың біреуі әлгі кедейге: «Сіз де бір сөз айтуыңыз жөн ғой»,— дегенде: «Мен сіздердей мағыналы сөз білмеймін, бір аз ғана жыр білуші едім. Соған разы болсаңыз айтайын»,— депті. Сонда қонақ болып отырған жақсылардың бәрі де «айтыңыз, айтыңыз» деген соң, әлгі кедей айтыпты:
«Мен сияқты бір кедей
Неше күндей аш еді.
Арын сақтап үндемей,
Көзінде мөлдір жас еді.
Ашығып, тоңып, шаршаған,
Шығуға таяп шыбын жан,
Алдында тұрған дастарқан
Үсті толған ас еді,
Нан алып же демейді,
Келемеж қылды кедейді,
Тоқ кісі не демейді,
Иесі өңкей мас еді.
Сонда кедей сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
Қанағат еді көмегім,
Еңбегім еді қорегім,
Тіленіп нанды жемегім,
Ас емес, маған тас еді.
Бірің жомарт, бірің хан,
Бәрің де шешен данышпан.
Хабарсыз біздей ғарыптан
Не қылған қуыс бас еді?
Көлге жауса көп нөсер,
Көгере ме тау мен қыр.
Шөліркеген ғаріптер
Шөл далада қаңғып жүр.
Кедейді нанға телміртіп,
Аштыққа жүрек кеміртіп,
Тамам байды семіртіп,
Жомарттық па осы түр?
Ақсақ, соқыр, шолақ бар,
Жетім, жесір, олақ бар,
Солар ма осы қонақтар,
Ақылға салып ойла бір!» — депті де кедей үйден шығып кетіпті. Атымтай содан кейін ылғи ғаріп-қасерлерді қонақ қылып, соларды күтетұғын болыпты.


* * *
Жиі тоқылған жібек бұйымдай құлаққа жұмсақ, тәтті пісірілген сіңімді тамақтай жүрекке жайлы тиетін, жақсы үнді, сұлу сөзді ақындар май айының қызыл гүліндей қыршын жастардың қызықты, қымбат өмірлерінің қиын сырын сипаттаса, кейде қыс айының декабріндей жайнаған жасыл гүлді қуартатұғын, талай-талай жүректердің тамырын жүзінің нұрымен билеп соқтыратын сұлуларды солған жемістей суалтатын баянсыз өмірдің бақытсыздық мұңдарын сипаттаса, сол айтылған сөз, салған ән қуаныштың да, қайғының да өзіне лайықты сөз ұнаулы үнмен айтылса, дүниеде осыдан жақсы жанға жайлы әдемілік, жарасымдық бар ма екен? Бет сұлулығы — тән сыйы болса, дауыс пен сөз сұлулығы — жан сыйы ғой, әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екеніне дау жоқ, бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды. Сөз бен ән сұлулығын танушы аз.
Бір тұзақшы бір бұлбұл, бір ала қарғаны ұстап алып, екеуін бір шарбаққа қамап қойғанын құс жайын білетін бір адам көріпті де: «Сайрайтын бұлбұл мен бақыратын қарғаны неге бірге қамайсың?» — десе, тұзақшы: «Бұлбұл қайтсем сайрайды? Қарға қайтсем бақырады?»—депті. Ол адам: «Бұлбұлды үлкен жақсы шарбаққа қойып, қонуына гүлденген тал орнатып, алдына әдемі иісті гүлдер қой, қарғаның қонуына өлексенің қу басын қой да, алдына сасыған жемтік таста»,— депті. Тұзақшы сол айтқанын қылса, бұлбұл гүлді көрген соң, жас өмірдің жайнаған түрін, өтетұғын баянсыз кәрі өмірдің мұңлы сырын неше түрлі нақысты дауыспен сайрапты. Ал қарға қу басты көрісімен қарғып үстіне қонып, алдындағы жемтікке қарап, өңешін созып: «Қарқ-қарқ» деп екі шақырып, жемтікті шоқи бастапты. Сонда әлгі тұзақшы: «Ана кішкентай торғайдан мына қара-ала құсым жақсы екен, бұл тамағын көрісімен қуанып, маған: «Рахмет, рахмет»,— деді де, тамағын жеді. Ана, шіркін, тамақ та жемей, рахмет те демей, құры қиқылдап-шиқылдап азапқа түсіп, өлгенше мылжыңдады және мынаның дауысы шыққанда, оның жіңішке дауысын естуге де болмайды. Әрине, дауысы зордың пайдасы зор, мәселен, есек адамның көп жұмысын бітіреді», — депті. Былғаныш наданнан таза ғалым қандай жиренсе, таза ғалымнан былғаныш надандар сондай жиренетіні анық.

***
Өткен бір заманда Меке, Мәдинеге Құжаж деген адам патса болған. Елге мейірімсіз, қатты жүректігінен Құжаж залым атанған. Сол Бағдат шаһарында дұғасы қабыл болатын бір әулие бар деп есітіп, соған барып: «Маған бір жақсы бата беріңіз!»— десе, әулие: «Қолыңды жай да, «а құдай, осы кісінің батасын қабыл қыл» деп тіле»,— депті. Құжаж әулиенің айтқанын айтып қолын жайса, әулие: «А, құдай! Мына Құжаждың жанын ал!»—депті. Құжаж: «Мұның қалай?»—деп ашуланса, әулие айтыпты: «Шырағым, бұл екі жаққа бірдей пайдалы бата. Сен өлсең, зұлымдық қылудан тыйыласың. Ел сенің зұлымдығыңнан құтылады. Алғашқы туыс — бір туыс, әдет — екінші туыс. Алғашқы туысыңнан түзелуге болады. Әдетті тастап түзелу — сендей жуанның қолынан келуі қиын іс. Бірақ, шырағым, мен саған бір әңгіме айтайын, соны ұғып алсаң, сен де түзелер едің»,— депті де, айтыпты: «Бұрынғы заманда әлі жеткенге күшпен, әлі жетпегенге айламен зорлық қылып, ел қақсатқан бір залым ұйықтап жатса, қасынан өтіп бара жатқан үш адамның бірі: «Мына залым кешке дейін оянбаса, талай момын зұлымдығынан аман болар еді»,— депті. Онда тағы біреуі: «Тіпті, ертең де оянбаса игі еді»,— дегенде, қалған біреуі: «Шынында, мұның осы ұйқыдан оянбай өлгені артық, сөйтсе тамам адам зұлымдығынан құтылар еді»—депті. Әлгі залым ұйқылы-ояу жатып, сөздің бәрін естіпті де, өзіне-өзі: «Үш кісі қауым деуші еді. Мынаның бәрі менен безер болды. Ойлап қарасам, тамам адам баласы бір бауыр, бір дене сияқты, әр адам сол дененің бір мүшесі, бір мүше аурулы, зиянды болса, тамам денені тынышсыздандырады. Мен аурулы мүше екенмін де, тамам адамды тынышсыздандырған екемін. Мен не бұл адамдардың ортасынан кетуім керек, не болмаса барша жанға тынышсыз болатын залымдықты қоюым керек екен ғой»,— деп, бұрынғы мінезін тастап, түзеліп кетіпті.
Шырағым! Мен кереметті әулие емеспін. Әулиелік деген түзу жолмен жүріп, түзу ақыл айту болады. Менің саған соңғы берген батам — осы әңгімем. Мұны қабыл көрсең, сен де түзелерсің»,— депті. Насихатты тыңдаған адамның құлағында қырағы көзі болса, жүрегінде әділ тезі болса, сәті келген дәрідей ем болып, жаман мінезді жазады. Егер ондай болмай, құры ғана қуыс құлақпен тыңдаса, құмға сіңген сумен бір есеп болып, жалғыз тал жасыл шөп шықпайды.

***
Арабтың бір патсасына бір уәзірі Ләйлі мен Мәжнүннің жайын әңгіме қылыпты. Мәжнүннің Ләйліден басқа дүниені керек қылмай, даладағы аңдармен бірге жүрген халін адамның жаны ашырлық әсерлі сөзбен айтқандықтан әлгі патса Мәжнүнді көруге құмар болып, іздеп тауыпты да, Мәжнүнге айтыпты: «Адамшылықтың қасиетін аяғыңа басып, аңмен қосылып, дуана болғандай адамдықтан не залал көрдің?» — дегенде, Мәжнүн айтыпты: «Шын таза асықтыққа ақыл қарсы тұра алмайды. Таза асықтықтың сырын білмегендіктен, мені сөгіп отырсыз. Тым болмаса Ләйлінің нұрлы жүзі қандай сиқырмен менің ақылымды тұзаққа түсіргенін көрген жоқсыз», — деген соң, патса іздеп барып Ләйліні көрсе, жүзі қансыз қара сұрлау, өткір қара көзді, нәзік қана әйел екен. Патса Мәжнүнге қайта келіп: «Ләйліде онша қызығарлық сұлулық жоқ қой? Шын сұлу болса, оған жанның бәрі құмар болмас па еді?» —дегенде, Мәжнүн айтыпты: «Әр ақылды адам әлемнің қиын сырын түгел аша алмайды. Әрбір көз шын махаббат нұрын көре алмайды. Ләйліге асық болған көз де, жүрек те сіздікі емес – менікі. Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен ойласаңыз, Жүсіптің сұлулығына таң қалып, кеспе орнына қолын тураған әйелдерге ұсар едіңіз де, менің Ләйліге махаббатымның қандай дәрежеде екенін білер едіңіз. Дертті көңілде не бар екенін сау көңіл білмейді. Менің жарама себілген ащы тұзды сіз сау қолыңызға сепкенмен ашыта ма? Жүрегіңізді асықтық қанжарымен жарала да, асықтықтың улы тұзын жүрегіңізге сеуіп қараңыз. Өмірінде ара шақпаған кісіге «мына араның шаққаны ащы болады» деп, араны көрсеткенмен, шаққан уын ұға ала ма? Аш кісінің ішін өртеп тұрған аштық пәлесін тоқ кісі ескеріп біле ала ма? Біздің басымыздағы іс сізде жоқ болған соң, бұл туралы қанша айтсақ та, сізге бір мылжың өтірік ертегі сияқтанады»,— депті. Сол айтқандай, нашардың мұңын, жуанның зұлымдығын қанша айтсақ та ұғушы аз.