27 Желтоқсан, Жұма

Әдебиет

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 – 1920) – ақын, ағартушы.

Түсімде көрген бір аяныш хал




Мен көрдім қызыл гүлді түсі кеткен,
Тәнінен әлсізденіп күші кеткен.
Мағлұм бір түйткіл болып көптен,
Сол түйткіл қазір оған келіп жеткен.

Толып тұрған кеуделері от пен жалын:
Есітіп тұра алмастай айтқан зарын.
Аңғарттым бір-екі ауыз сөз мазмұнын,
Білдіріп зарлаған соң маған халін,

Түскендей бастарына қалың тұман,
Тағдырда жазылған соң осы... план.
«Жазмыштан озмыш болмас» деген сөзге,
Болса да түседі екен сайып қыран.

Толтырған қанды жасқа екі көзін,
Аядым ішім еріп онық өзін.
Бір-екі назымменен мен өтейін
Жанымның жан досты деп айтқан сөзін.

Келместей түндегі ұйқы, батпастай ас,
Тағдырға бас иген соқ шын гауһар тас.
Көп жазып кеңіліңді ауыртпайын
Сонда да достың сыры достына паш.

Қазақты намыс деген тентіреткен,
Партия, дау мен жанжал түпке жеткен:
Намыспенен жанына қайғы шашып,
Егінін орсын енді, қолдан еккен.

Түсер деп сізге қапа, кеп жазбадым,
Сонда да, тіпті, босқа тек жазбадым.
Дәрмен жоқ іс өткен соқ не шара бар,
Құр ойбай пайда бермес деп жазбадым.