Әдебиет
Секілді өмір қысқа, жарты тұтам
Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,
Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.
Аз өмірді ақындық жолға бердім,
Лепес қып түкірген соң молда Мұқан,
Қаламды шын беріліп, алдым берік,
Әлде қандай бір күшке көңіл сеніп,
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік.
Бірдей ме сабақ берген барлық молда,
Ант берем, алуан түрлі деймін олла.
Денеден-ақ көрініп тұрған жоқ па,
Саусақтың алалығы біткен қолға.
Әкемнен «Әліп-биді» үйде оқыдым,
Үйреніп намаз сабақ жат тоқыдым,
Әлі молда алдында дәл екі жыл
Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым.
Тортайдан екі жылдай сабақ алдым,
Ол байғұс аяған жоқ ойда барын.
Ғылымның орны бас пен көкіректе,
Бүйір шығып, қампия тоймас қарын.
Мұқаннан екінші жыл сабақ алам,
Ұйықтасам да көңілім оқуға алаң.
Лепес қып өзі бастап, «ақын бол» деп,
Дұғасын ықыласпен берді маған.
Сондықтан бір мақсатым өлең жазу,
Оқуменен бірге іздеп, қоса қазу.
Осы ойыма өткен түн серт берілді,
Менде болмас бұл ойдан өмірде азу.