27 Желтоқсан, Жұма

Әдебиет

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 – 1920) – ақын, ағартушы.

Сарыарқаның жаңбыры




Көп уақыт жаңбыр көрмей, қурап, күйіп,
Жоқ еді Сарыарқада көрер сыйық,
Шөлдеген сол қатарда жан - жануар
Аузына тұра алмаған тілі сыйып.
Айналған Сарыарқамен қоштасуға,
Бір жаңбыр жібермесе құдай иіп,
Садақа неше беріп, жаңбыр сұрап,
Намазды неше оқыған жұрт жиылып.
Көп уақыт зарықтырып, ақырында,
Күнбатыстан қара бұлт жауды құйып.
Сіркірей, шүмектеп, күн жалтылдаған.
Көк жерге құлағандай шартылдаған.
Кей уақыт жердің беті аппақ болды,
Жұмыртқадай бұршақпен сартылдаған.
Ыстық жерге өршитін жылан - шаян
Жан сақтауға ін таппай қалтылдаған.
Таулардан бейіл кеңін ағып бұлақ,
Кей үйлер талқан болып жатыр құлап.
Сонда кемпір от үріп, тұтата алмай,
Шалына төрде отырған айтты жылап:
«Тезек су, кешегіден сүт шикі тұр,
Тілек қылған ел ақымақ жаңбыр сұрап;
Арба астында қалшылдап иіріліп тұр,
Кеше қырыққан жүнсіз қой арық - тұрақ.
Бір жағынан жалтылдап зәрені алып,
Күркіреуден міне тұр тынып құлақ.
Бір үргенде жанатын тезек майдай,
Жаңбырдан маған артық ыстық шуақ!»
Бұл мысалдың мәнісін ұға алсаң тез,
Келген заман бостандық жаңбырмен тең,
Уақтыма тезек құрғақ болмады деп,
Кемпірдей қашпа құдай рақыметінен.
Жаңбырдан соң көгерген Сарыарқадай,
Бостандықтың күшімен көгерсін ел,
Дейсіңдер «тыныш кетті, күнде сайлау»,
Кемпірден жоғарғы айтқан қай жерің кем?