22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 – 1920) – ақын, ағартушы.

Достыма хат




Уай, дүние, қайда біздің өткен күндер,
Қызықты сауық-сайран еткен күндер?
Сарғая сағынып хатың көргеннен соң,
Түсті ғой еске келіп кеткен күндер.

Бірге өстік кішкентайдан асық ойнап,
Жарысып, қозы қуып, салып ойнақ,—
Солардың бәрі көрген түс секілді,
Бажайлап осы күнде тұрсам ойлап.

Ұйықтамай түн бойынша бірге жүріп,
Жан бірге, дүние бөлек дәурен сүріп.
Алдыңғы тіршіліктің қамдары үшін,
Салды енді заман шіркін бізге бүлік.

Бірге оқып ең әуелі «әліп-биді»,
Қосылып әнге салып «жұм» мен «сиді».
Көрсек те ащы-тұщы, жаман-жақсы,
Сол кезде екеумізге бірдей тиді.

Ойға кіріп шықты ма зиян-пайда
Дариға, сол күндегі көңіл қайда?
Жауыз дүние тұрмысы түрткеннен соң,
Ал енді, айрылмасқа бар ма айла?

Досыңды осы күнде қапа буған,
Бұл қапа ащы маған ішкен удан.
Көз жайнап, ішім қайнап, дәрменім жоқ,
Ол мұнша сорлы болып неге туған?

Надан бол: жаным тыныш болсын десең,
Доңыздай етім семіз толсын десең,
Болмаса талаптанып, оқу оқы!
Қайғыда ақыл-ойым солсын десең.

Бөлініп ақылым алты, ойым оңға,
Қол сермеп, құп жүгіріп, әрбір жолға.
Надандықта қалсын деп жаным тыныш,
Редакция қызметін алдым қолға.

Жан достым, қатты сағынам анда-санда:
Жүзінді көргендеймін бармасам да.
Елегізіп, өз-өзімнен қобалжимын,
Егер де хат кешігіп, салмасаң да.

Жан достым, хат жазып тұр ауық-ауық,
Менде жоқ рақат, қызық, ойын-сауық,
Бұл өзі қандай рақат, қандай қайғы:
Шешуін ал да түсін өзің тауып.