22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 – 1920) – ақын, ағартушы.

Ағайынның азғандығы




Өмірде неше түрлі уды іштім,
Неше түрлі азапқа, жаным, түстің.
Ағайынның ішінен ала шықса,
Жау ішінде бар ма екен сонан күштің.

Күндейді, бәлен дейді көре алмайды,
Мен кірген қауымға олар ене алмайды.
Ертең жаны шығатын шұбар жылан,
Соңыма жылдан артық ере алмайды.

Қара көңіл адалға сене алмайды,
Ақты қара қашан да жеңе алмайды.
Өмір бойы тілеген бір тілегін,
Махмұт бүгін жауына бере алмайды.

Бұл жолда керек емес жанды аяу,
Ол онша ұзақ емес тұр ғой таяу.
Ұлы кеуде ышқынып жан берсе де,
Шынашақта қозғалған қанды қой-ау.

Мен соған сөзсіз әлі-ақ жетем деймін,
Шын досыммен қосылып кетем деймін.
Өткен күнді тек қана әңгіме қып,
Қалған күнде бақытпен өтем деймін.

Ол ойым кешікпей-ақ болуы анық,
Көзім жетті сәулесі күннен жарық.
Шын өмір, шын әділдік сол күнде орнап,
Мен секілді қуанар миллион халық.

Сол кезде сөйлесерміз қаймықпастан,
Көз жыпықтап ет жүрек шайлықпастан.
Өткен күнгі сұрқия сұр жыланды,
Сөз қылып шығарармыз талай дастан.

Кейінгі жас балалар оқып көрер,
Кейде жылап, кей кезде сақ-сақ күлер.
Кім адам, кім айуандық істегенін,
Кімнің дос, кімнің қасын анық білер.

Сонда олар сын көзімен әділ қарар,
Ел жауы кім екенін дәлдеп табар.
Сол жаудың ұрым-бұтақ тұқымына,
Аямай әділет заң балта шабар.

Арманым сол өмірді көрсем екен,
Соған дейін адам боп жүрсем екен.
Өмір бойы тілеген осы тілек,
Сарғайтып сағындырмай келсең екен.