22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 – 1920) – ақын, ағартушы.

Зарландым






Роман деуге болады мұның өзі,
Фельетон тәртібінше әрбір сөзі.
Құрылған надандарға мысал - айна
Не шара соқыр болса көңіл көзі.
Қаны бір, мұны оқыған қарындастар,
Қалып тұр қараңғыда ғазиз бастар.
Өзі мас, көңілдері тас болмаса,
Ағызар, халін аяп қанды жастар.
Иесі білім - өнер туысқаным,
Жан қиып жұртың үшін ту ұстадың.
Тез, жылдам, бар шамаңша ұмтылып қал,
Барады отқа күйіп туысқаның.
Күл болып, қарасы өшіп жойылған соң,
Артынан не болады қуысқаның?

I

Сахарада өмір кешіріп жүрген қазақ балалары үш түрлі жолда болады.

Біріншісі: жасынан бір ауыз ғылым оқымаған, әліпті таяқ цеп те білмейтін, айуан секілді ішіп-жеп, мал бағып, өсек аңқып, айтуға ауыз шошитын неше түрлі бұзық мінездері мен қараңғылықта күнін өткізіп барады.

Екіншісі: бұрынғы «аян», молда, надан - қожа ишандардың жолымен кетіп, атсаң оқ, айтса сөз өтпейтін миларын шатастырған қияли болады. Нұры шашылды деп біліп, қуанышымыз қойынға сыймайды. Бұрын мұндай жақсылықты мың ұйықтасаң, түсімізде бір көре алмай, мың иіскесек, бір сезе алмай жүрген сорлы басымыз-ай, енді несін сұрайсың! Көңіліміз тасып, қайратымызды асып, күн сайын ілгері басып, қараңғыдан жарыққа қарай ұмтылып, надандықтың туманы серпіп тастап алды-артымызға қарамай зырқыратып бара жатқанда, надандықтан болған бір кісіге жолығып, көңіліміз жасып-аһ дариға-ай! Тоқталып қалдық-ау! Құдай көз жасымызды иіп, тағы да жүргізе ме? Яки, сорлы болып, қараңғылықтан шықпай қаламыз ба? Ақырын бір аллаға тапсырып тұрсақ та, бізге жолыққан апаттың түсі суық, рақымы жоқ, ыңғайы тым жамандау, ақыры қорқыныштырақ көріне береді.

Үшіншісі — біздер. Біздер — дағы сахарада өмір өткізген қазақтың көк өрім жастарымыз. Ең әуелі бұрынғы атақты молда, аруақты қожалардан оқып, кішкенелерімізге «Әліп секүн - ан*мен «Әбжат» ** таусылмай, тәуірлеріміз «Кесік бас», «Тақи ғажап» ** секілді пайдасыз кітаптардың санын түгесе алмай, миымыз шіріп, алтыннан аяулы алтын өміріміздің ең қымбатты уақытын босқа аяғымыз кейін кетіп, оқығымыз келмей, есалаң кісі секілді не ғып, не қойғанымызды да аңғармайтын едік. Мұның себебі молдадан ба, яки өзімізден бе, оқыған кітаптан ба, әйтеуір нешік болса да, думан шәкірт атанып жүре беруші едік. Солай болса да, бұл уақытта Құдай көзіміздің жасын иген болып, тәртіпті медреседен тәртіпті оқу оқып, «Ұсул тағлім» ***1* көрген молдалар еліміздің әр жеріне келе бастады.

Һәм біздер де тәлім алуға кірісіп біраз оқыған соң, бұрынғы машақаттанған күндерімізге қарағанда көзіміз ашылды, рахмет нұры шашылды деп біліп, қуанышымыз қойнымызға сыймайды. Бұрын мұндай жақсылықты мың ұйықтасаң, түсімізде бір көре алмай, мың иіскесек, бір сезе алмай жүрген сорлы басымыз — ай, енді несін сұрайсың! Көңіліміз тасып, қайратымызды асып, күн сайын ілгері басып, қараңғыдан жарыққа қарай ұмтылып, надандықтың тұманын серпіп тастап алды — артымызға қарамай зырқыратып бара жатқанда, надандықтан болған бір кісіге жолығып, көңіліміз жасып — аһ дариға — ай! Тоқталып қалдық — ау! Құдай көз жасымызды иіп, тағы да жүргізе ме? Яки, сорлы болып, қараңғылықтан шықпай қаламыз ба? Ақырын бір Аллаға тапсырып тұрсақ та, бізге жолыққан апаттың түрі суық, рақымы жоқ, ыңғайым тым жамандау, ақыры қорқыныштырақ көріне береді.

Құрметті, білім - өнер иесі, жаны бір, қаны бір туысқандарым! Басымызға келген жақсылық, жамандық аянышты халдерімізді айтып, кемшілік, қоршылықта болып, қараңғылықтан шыға алмайтындығымыздың себептерін көрсетіп, сандалып тұрғанда, тым болмаса қапымызды шығарып зарланып қалайық та!

«Ердің халі білінер лебіз айтса,

Кімнің халі білінер қарап жатса», — деп атақты Ақмолда шағыр (ақын) айтыпты ғой.

ІІ

Біздер жаңа пікірлі қазақ шәкірттеріміз, әрқайсымыздың ғылым оқуға иждаһатымыз зор, ықыласымыз мол, молдамыздың жеңіл түсіндіруі себепті көзімізді жаңа-жаңа тырмалап ашып келеміз; күн сайын надандықтан қашып келеміз; әрбір сөзді ұғарлық зейініміз де бар; надандықтан болған ұлы апаттардан сақтаса, ғылым, өнер үйреніп, алдағы күнде халқымызға һәм миллетімізге пайдалы адам боламыз ба деген зор үміт пен таудай талабымыз да бар.

Неге десең, бұл уақытта, бағымызға қарай үйретушіміз түзелді және тәртіптеліп ғылым да түзелді. Түзу ғылымнан, түзу молдадан оқыған шәкірт неғып түзелмесін?

Бірақ біздерді оқытуға ата-аналарымыздың ықлас - ниеттері түзелген жоқ. Олардың бізді оқытуға ықыласы жоқтығын мынадан білеміз: біздерді ең әуелі оқуға бергенде молдаға өздері апарып тапсырмайды. Бірақ бізге айтатыны мынау:

— .....Пәленше сондай бір оқуы терең, үлкен молда ұстапты, шырағым, күн жылыда, жұмыс болмаған уақытта, анда — санда ғана барып, сабақ алып жүр. Әзір малға қарап жатқан жоқсың. Мұнда жүріп текке ойнап етігіңді жыртқанша, намаз сабағын пысықтасаң да, барғаның тәуір ғой. Жұмыс реті келгенде, бармай да жүрерсің....

— Аға, мен қалай барамын? Өзіңіз қолдан апарып тапсырсаңыз болмай ма? — десең.

— Оңбайтын антұрғанның сөзін қарасайшы? Жалғыз қорқып барасың ба? Сені ешкім жемейді! Қорықсаң, пәленшемен бірге бар; сол айтар сені молдаға: мынау пәленшенің баласы, сізден сабақ ала бара тұрайын деп. Әкең қайда десе, үйде жоқ, сондай жұмысқа кетті; өзім барып батасын алармын деп айтты дей сал; егер сұраса, сұрамаса үндемей — ақ қой. Бұ молда берсең алып, бермесең еш нәрсе сұрамайды дейтін....Өзім барып — ақ молдаға мәнісін айтуға бірақ бүгін басым ауырып отыр.

— Аға, бізге қандай кітап оқу лайық болады? Молдамызға ақылдасып, өзіңде бар болса, кітап сатып аламыз ба? — десең:

ІІІ

Егер өздері апарып бере қалса, етіктерін шешпей, «Ассалаумағалайкүм» деп, саусағының ұшын беріп, молдамызға амандасады. Әрі — бері көсіліп, шіреніп, қақырынып, ешкімді елемеген секілденіп, мал біткен қас маңғаз екендігін білдіріп болып, біраздан соң:

— E, молдеке, мына бір баламызды ойын ойнап, киімін жыртқаннан да мектеп көргені жақсы ғой деп, сізге әкеліп отырмыз. Бұрынғы оқып жүрген кітабы мынау еді, жарықтық Арқар ишан: балаңа ырым қыл деп бергенде, бір қошқар беріп батасын алып едім. Шүкір! Лепесі теріс болған жоқ, құдай мұны оқуға жеткізді, сау тамтығы қалғанша тастамай, осының өзін оқытасыз ғой... - дегенде молда:

— «Мұндай босқа өткізетін хикая (әңгіме) кітаптың баланы көк ми қылып, шатастырудан басқа пайдасы болмайды. Өзінің білген шамасынша, әуелі зәрулігі болған «Иман уа әдеп, дін үкімдерін» үйрететін һәм зейінін ашып ақыл беретін, ұғынуына қолайлы, заманына лайықты бұл уақытта пайдалы кітаптар көп. Соларды оқыту керек. Болмаса құр дауыстап, мәз болып, ауызы айтқанын көңілі білмей сарнағанды оқу деп айта алмаймын» дегенде, атайлары:

— Ой, тәйір - ау! Жас молдалардың осындайы бар. Біздің бала кітап талғамайды. Сәндемей-ақ оқыта бер. Пайдасыз болса, бұрынғы қожекемдер білмей оқытып па? Кітап жақтырмайтын молданы осынша жасқа келіп көргенім жоқ... Қайыр, әдейі сіз айтқан соң, бес-он теңгені аяймыз ба... әуелі осыдан шыққан соң, ыңғайына қарай көре берерсіз. Болмаса, біздің бала кітапты жыртып, оқуға жаратпай тастайтын жас бала емес. Бұрын да мектеп көрген. Жасы да едәуірге келген бала. Кітабыңызды кірлемес, жыртпас, оқып беруге беріңіз.

Қысқасы, молда айтып түсіндіргенше, ақыры бірқатар дау - жанжалға кетеді. Мұнымен күн кеш болып, сол күні басқалар сабақ ала алмай қалады. Молданың сөзіне түсінгені:

— Молдеке, олай болса, өзіңіздегі бар кітапты оқыта беріңіз. Ақшасын соң ала жатарсыз. Кәнекей енді, молдеке, ай мүйізді, аша тұяқты бір боз қасқаға бата қылыңызшы. Әмин - әмин, - деп, аузын толтырып, бетін сипап, мықтап тастаған кісіге ұқсап: - Әйтеуір тілеулес болып оқыта беріңізші, - деп, маңызданып күпісіне сыймай, қорбиып шығады.

Түсінбегені:

— Ойбай, мына заманақырдың молдасы қалай еді? Тіпті, басы қақиып, икемге көнбейді ғой, - деп қолымыздан сүйрей жөнеліп шыға беріп, молда мен оқуымыздың аузын барғанша сөкпеген жерін тастамайды. Мұнымен қоймай жүрген - тұрған жерінде:

— Пәлен молда....солай болып....бұзылған екен. Сондай....бұзық шариғат айтты....-деп, айтуға ауыз шошитын шіп — шикі өтіріктермен неше түрлі жала жапсырып, халықты даурықтырып, ақымақты арбаға сыймайтын өңкей мұрындықсыз надандарды молдамыздың соңына салып қояды.

ІV

Егер кітап әпер деп, тіпті қоймай жалынып, жылап тынышын ала берсек, қабағын аузына түсіріп, бір тиын шықса, жаны шыққандай көріп, 10 тиын, 20 тиынды бір қарадан артық көріп ызбарланып, көзін алайта қарап зәремізді ұшырады. Бір баланың оқып шыққан кітабы бар деп естісе, өлердегі сөзін айтып, жалынып — жалпайып қоярда — қоймай оқып беруге деп сұрап әпереді....Бермесе егер молдамыз мұндай кітап қолайлы емес деп айтты десек:

— Ой, ақмақ, надан! Көрінбе көзіме! Бұрынғы ишекемдер, қалпекемдер білмей оқытып па? Сұм заманның молдасы да бір түрлі. Ептеп кітабын өткізгісі келеді. Оны білмейтін мұнда бала жоқ. Молданың малы жұтап бара ма? Өз пайдаңды білмейсің, осындағы оқуды білсең де жетер....Бұрынғылар осыдан оқып — ақ молда болған. Оқытпаса қайтып кел. Мен де молданың оқытқанына дым — ақ риза болып жүргенім жоқ. Құдайдың шығарған «Әлібін» оқытпай сауысқанша «ата, тата» деген бірдеңені тез хат таниды деп оқытып, бұрынғы білетіні «Әбжат» пен «Әліп үсүн әнді» ұмытып қалыпты. Үйтіп хат танығаны құрсын! Мен осынша жасқа келіп, «аға, жаға» деген оқуды естігенім жоқ. Сұм заманға қарай не шықпас дейсің. Заманақыр боларда молда болар деп қожекем, ишекем жарықтардың қақпас, зар қағып жүретіні осы екен ғой....- дегенде, қасындағы көңіл көзі ашықтау «Ұсулжәдиттің» пайдасына түсінген біреуі:

— Қой, пәленше... олай демеңіз, мұнан бұрын балаларымыз Қарабай молда, Қоңыр қожалардан оқып, төрт-бес жылда «Әптиектің» қарасын жөндеп оқи алмай, тәлтіректеп, мыжып жүрмеуші ме еді. Осы күні баламыздың жазуы баспайды, кітап, құранды оқығанда, тіпті өзімізді жаңылтады. Жаңа да оқыған сіздің балалар да жазып, хат тануға айналып қапты. Жұдырықтай бес - алтыдағы Жұмай, Шалабайдың балалары да жаз десең мүдірмейді, жазылған хаттарды оқығанда бөгелуі жоқ. Бұл оқудың жеңілдікпен тез білдіретін пайдалы оқу екенін мен осыдан да аңғарамын. Бұрын балаларымыз оқуға бар дегенде, аза бойы тік тұрып, көзінен жасын төгіп, жаны шошуы еді. Енді тамағына да қарамай, оқуға барам деп, лыпылдап өліп тұрады. Сен жек көрген; «ата, жаға, ата, қата» деген оқуда, намазда соны айт демейді. Болмаса осыны айтып, иман қыл деп тұрған жоқ. «Әптиек», «Құранға» жолама, намаз оқыма, ораза тұтпа деп айтпайды. Қайта, соларды тез үйреніп білуімізге шығарған, төтесін тапқан сайман емес пе? Дін жайын балаларымызға ұғындырып үйретуіне қарағанда, бұрын он жыл оқып, «Мұхтасардан» шыққанмен де иманды жөндеп білемін деп айта алмаймын. Ауызымыз айтқанды ойымыз білмей, текке лағып, сарнаумен күн өткізіп жүрсек керек. Ишан, қожа, қалпелердің тайынша -тұйыншамызды алу үшін өтірік алдап, дым білмесе де шариғатты ыңғайымызбен соғып, баяғыдан бері де аздырып шаршатқаны да жетер. Рас, молда көбейсе, халық олардың алдағанына көнбейді. Өздерінің шын дұшпаны солар екен деп біліп, батасын алып сыйлап, малын беру тұрсын, бұрынғы алдап, азғырғандарын бетіне басып ұрсып, сөгіп, келемеждеп, бастарына заманақыр түсіреді. «Заманақыр боларда молда көбейеді» деп бастарына түсетін, осы ақырзаманды біліп айтқан ғой. «Ләйім, білімділер көбейіп, солардың басына заманақыр тусын» деп тілейік те, баяғыдан бері сарнап, қожаның да, әліптің де қызығып көрдік қой. Енді ынта - көңілімізді салып, шын ықыласымызбен өзімізді оқытып, білімді, өнерлі қылайық. Жоқ - жітік молданың керек деген саймандарын тауып берейік. Пішенші де шалғы, тырнауыш, көлік, азық - түліксіз шоп ала алмайды ғой. Бізден басқа білімді жұрт балаларын оқытуға малын, жанын салады. Ал енді, «құдай сүйген» біздің қазақ он тиынға кітап әпере алмай, елден сұрап, яки, молда мен оқуды жамандап, үйге әкеліп қой бақтырып, асық, доп ойнатып, ақымақтыққа баулып қоямыз. Анық айуандығымыз емес пе? Бізді құдай қалай оңдырсын? - дегенде:

— Ойбай! - деп теріс қарап, ишекем, қожекем жарықтықтардың: оңай болса да жуыма, осылай жеңілейтіп, дәндете - дәндете зәддіңді ұратын айла дейтіні тап осы ғой. Ата-бабамызға пір болған ишекемдердің сөзіне нанбай, оларды алдаушы деп, сөгіп отырғаны бұзылғаны емей немене! Астапыралла! Тәуба, құдай сақтай гөр! Бірдеңесіне ұшырап кетерміз. Бар, кімге оқысаң, оған оқы, бұзылмақ тұрсын, шайтан болып кет! Оқуды бүгін бітіріп, ілімді хатим қылсаң да, бір тиын шығарып әперетін кітабым жоқ. Өз жөнін түзей алмай жүріп, әлгі бір орыс сияқты қақайған неме маған білгіштеніп үлгі айтқысы келді. Ешкімнің де шатқан сөзінің бір тиынға керегі жоқ. Мен баламды содан үйреніп оқытам ба екен. Білімді болса, бейшара әуелі өзінің пәленше - түгеншелерін түзесейші. Ақшасын газет дей ме, журнал дей ме, орыстың алдауыш бірдеңесіне шашқызып, өз балаларын әуейлендіріп ақымақ қылғанымен тұрмай, мені айналдырып, менің балаларымды әуес қылғысы келеді. Оны білмейтін байғұс, мені жынды деп ойлады ма екен? Қой, балам, желікпе! Сені көре алмағандықтан айтады. Болмаса, менен басқа саған кімнің жаны ашиды дейсің... - деп данышпансып, сатпақтан шығады десе, шалқалап жығылып түбіне кетеді. «Жаны ашығаның мынау болса, мұнан да жарылып өлгенім жақсы» деп ойлап, ішіміз қайнап, көзіміз жайнап, іштегіні сыртқа шығаруға дәрмен жоқ, айта берсе арман көп, амалсыздан үніміз өшіп, жүйкеміз құрып, дымымыз шықпай қала береміз.

— Қайтейік?!.. Талайсыз сорлы болған соң, амалымыз бар ма?

Тағы біреуі бір жағынан, кеңірдегін созып:

— Ғылым — қисап деген сан ба немене бірдеңесі бар екен; соны оқытып, балаларға бірқатар есептетіп әурелейді екен. Түк оқымаған мен де ақша табылса, есептей алмай ақымды ешкімге жегізбеймін және «тәртіпке саламын» деп, балалардың бірін-біріне сабақтас қып қояды екен, - дегенде, қасындағы қампиып мырза-сынған біреуі:

— Иә, пәленше, оның рас. Біздің Қалижанды да әлгі жаман, өлейін деп жүрген Тұяқбайдың баласымен сабақтас қылып қойыпты. Сол да рет білмейтіндігі емес пе? Бүгін бөлек оқытсын деп айтып жібердім. Болмаса, мен де жібермеймін. Бұл қай қылған мазағы екен? Қарағыма молда табылмай жүр дей ме екен? Болмаса, байғұстың білгені-ақ осы ма? — дегенде есік жағынан біреуі:

— Кейбір молданың шәһәрден жаңа келгенсіп, басы қақиып кететін әдеті емес пе? Әйтпесе, біздің бала мен жығылғалы жүрген пәленшенің баласы арасындағы парықты дым оқымаған мен де білемін. Сабақтас болсын-ақ, сонда да Жұмабайдың қасына отыруы, сіз бен бізден бұрын, молданың өзіне ұят қой, — дегенде:

— Сен құрлы соны білмеген соң, амал бар ма? Тегінде шәһәрде оқығандардың көбі ел ішіндегі жақсы - жаманның парқын айыра алмайтын көрінеді. Жарықтық, Досбай қазіреттер бала секілді елпілдеп айтқаныңнан шықпаушы еді; тәуір баланы жөндеу балаға күттіріп қоюшы еді; баламызды жанындай көріп, қалтасынан бауырсақ, қант беріп жұбатып қоюшы еді; жарықтықтардың оқуы үлкен болса да, кішіпейілдігі қандай! Енді «тәртіп - сәртіп» деп сіресіп, қақиып қалатын молдаға қалдық. Есепті оқытып не керек? Оны қалдырыңыз деп едім. «Ата-бабаларыңыз да айтқан екен: «Есеп білмеген есек» - деп, - өзіңмен тұрмай балаларыңды да есек қылғың келсе, тіпті, оқытып не қыласың?» - деп, көптің көзінше ұялтып сөгіл тастады. Анау күні пәлен мырза да: «Баламды бөлек оқыт, жаман Жұмабаймен сабақтас қылғаның не? деген екен: - «Мырзеке, Жұмабайдың балаңа білгенін үйреткеннен басқа зияны жоқ, оның ықласы бар; сіздің балада ықылас жоқ. «Әрқашан бала да әкесіне қарап ықласты болады», - депті ғой. Оқу бай, кедей, жақсы, жаман деп таңдамайды; кім ыждаһаттанып ықыласын салса, оқу соған табылады. Егер таңдаса сіз секілді мал біткен адамдар ғылымды болып, мұндай ақымақтық сөздермен бізді ренжітпек тұрсын, олай-былай деген надандарды ауызға ұрып, жөнге салмас па еді? Тегінде малым көп деп басты қақайтқанға оқу, білім табылмаса керек. Бірақ саумал бермей қояр деп қорқатын оқу байлардың қасыңдағы көршісі емес қой. Маған бай, кедейдің баласы бәрі бір. Мен бірінен - бірін артық көріп, құдайға дұшпан бола алмаймын. Бұрынғы молдаларыңша тайынша - тұйынша бермей қояр деп қорқып, ыңғайымен жүріп, мырза болмақ тұрсын, патша болсаң да, саған бенде бола алмаймын. Қысқасы, итшілеп күн көрсем де түзуліктен безіп, надандардың ыңғайымен жүре алмаймын. Күй оң құлағыңмен есті күй сол құлағыңмен есті», - деп жаман қатты сөгіп, сол мырзаның екпінін басып тастапты. Сонан бері пәленше... молда бар жерде жымдай болып отырады. Қайта, бұрын молданың сөзін күлкі қыла беруші еді, сонан бері жамандауын да қойыпты. Бірақ дос-дұшпанымның көзінше ұялтты деп өкпелеп жүрсе де, молданың қолын ұстап жарасыпты. Енді молданың сөзін қостап, өзімізге пәле болған секілді көрінеді, әйтеуір, осы молда икемге көнбей, сірескектігіме жұрттың бірсыпырасын аузына қарататын, - деп әңгімелерін тоқтатады.

V

Жөнді жарытып қалам, сия, қағаз, қарындаш та әпергісі келмейді. Осыдан біліңіз; әлдеқалай жауымыз бытыспасын деп, жолын кеңдеу қылып жазсақ:

— Молдеке, мынау шәкіртіңізді байқап та отырмайсыз - ау, жолын тым кем қылып жазып, анау күнгі жұмада әперген бір табақ қағазын тауысып тастапты. Міне, қарашы, жолының арасына кісі сыйғандай, алла сақтасын, бұған не шақ келеді? Тегінде ескеріп отыруыңызға керек қой, - деп, бірқатар маңдай терісін аузына түсіріп ренжіп қалады.

Надандық себепті, білімсіздіктен осындай болады той деп ойласақ, жоқ, олай емес, білсе де көзі тар, көңілі қара қорыстығынан екендігі көрініп тұрады. Қалайша десеңіз, егер өзінен басқа біреу баласына қағаз кетірдің деп ұрсып молдаға ренжиді дегенін ести қалса, өз қызығына осынша сараң болып, итке не көрінді екен деп жамандағанда, дүние жүзіне сыйғызбайды. Өз бастарына келген уақытта онан жаман құдай атады, екі тиынға арын сатады, батпаққа батады да қалады, қорыстықты салады, мырзалықты танады.

1912