Әдебиет
Біздің ауылдың амазонкалары
Теңіз тамағына төніп отырған үш үй еді. Иелері — тоқтасқан үш әйел. Бала біткен қалаға қашып құтылған. Малы түскір далаға қашып... Мал дегенде бар-жоғы он сиыр мен уақ жандық. Түс ауа есік көзіне самаурын көтеріп, алақандай ақ орамалын төбесінен тастамайтын Айман шықты. Артынша жалақ ернін бір жалап алып сөз бастайтын Қарғаш, соңынан қыли көзі ылғи қиғаш тартып тұратын Бибі көрінді.
— Әлгі аусыл тигірлер әлі жоқ па? — деді Айман даусын құбылтып.
— Шаяқ келгір! — деді қысқа қайырып Қарғаш. — Бұзауға да қайырылуды қойды.
— Қасқыр тартқыр! — деп оны Бибі қостады. — Осылар-ақ күнімізден бұрын қартайтты.
Жалын жұтқан пештей көлеңкенің өзі құйрық бастырар емес. Қыртиған қырат пен кең жазықта үзіліп, кері жалғанып сағым жүр. Қорадан жіңішке дауыс салып бұзау мөңіреді. Үй төбесіне мына аптап миын қайнатып тастаған қара қарға қонды. Көңілсіздеу қарқ ете түскен.
— Ақ шақыр, пенсиямыз келер, — деп Айман онысын жақсылыққа жорыды.
Қарғаш қолына балта алып, ағаш уақтады. Бибі керосин әкеп, шырпы тұтатты. Кішкене тұрбадан түтін ағып, ертеңнен бері жер тістеп жүрмей қойған уақытты жылжытты.
— Қалғып кеткен екем. Түс көрдім, — деді Бибі аузын баққан қос құрбысына қарап. — Баяғы қыз кезіміз екен...
— Содан басқаны көрмей-ақ қойдың-ау.
— Сағыныш шығар... Ол кезде қандай едік, шіркін?!
Иә, қандай еді? Үшеуі де толған айдай толықсып тұрған қыз еді. Мектеп бітірер жылы комсомол-жастар бригадасы құрылып, ұран көтерілген. Уәкіл қаптады. Әдемі сөз әуеледі:
— Еліміздің жас қайраты — сендерсіңдер. Ресейліктер Байкал — Амур магистралін салуға аттанды. Біз сендерді аязға үсіп қалмасын деп аяп, ауылға қалдырғалы отырмыз. Ер балалар екі жыл сиыр бағады. Қыздар сүт бұлағын ағызады. Абырой-атақ та, орден-медаль да сендердікі. Ал сосын жоғары оқу орнына түсеміз десеңдер, кез келгенінің өздеріңе есігі ашық. Құрақ ұшып қарсы алады. Тіпті өзіміз жетектеп алып барамыз. Партияның тапсырмасы сондай!
Мына сөзге елпілдеп тұрған қай жеткіншек шыдас берсін? Бәрі бас шұлғыған. Ата кәсіп, қолымызға құрық аламыз дескен.
Әнші болам дейтін Айман:
— Уәде бересіздер ғой?.. — деген ұяла тіл қатып.
— Неге, қалқам?
— Оқуға апаруға.
— Береміз.
Болашақ ұстаздықты арман еткен Қарғаш:
— Түсіресіздер ғой?.. — деген бетіне қызыл теуіп.
— Түсіреміз.
— Жарайды, сауыншы болайын. Сосын тігіншілік оқуға кірем, — деді Бибі.
— Кіресің. Арман — алда, сендер жолдасыңдар. Тайсалмай тура тартыңдар!
Бақташы болған балаларды біртіндеп әскер қатарына алып кетті. Жырта қарыс емшек тартып бармағынан бал ағызған қыздар...
— Кешеден бері жоқ. Қарауыл қамап тастаған шығар, — деді Айман. — Он сиыр бар шабындықты отап кетеді деп жүр ғой, жазған.
— Осы шолақтан-ақ көрдік көресіні.
— Шайға қанып ап іздеп шығайық. Осыдан қамағаны рас болса, әй, бәлем!..
Уәде берген уәкілдің бірі өсіп, бірі өшіп кеткен. Сиырдың емшегін сипап қалған бұлар не істесін? Алдымен Айман байға қашты. Қашты деген аты ғана. Көрші отырған трактористің үйіне қора айналып келіп кіре қойған.
Қарғаш қыз водовоз айдайтын жігіттің кабинасында кетті. Ал Бибі ауылға бейтаныс еркек беттесе болды: «Ойбай, мені алып қашайын деп жүрген сияқты...» — деп армандаумен кәрі қыз атанған...
— Бар пәле Әлидің қатынында, — деді Айман жоқ сиырлардың соңынан жолға шықсымен екі құрбысына. — Жатса төсекке сыймайтын бөксесін көтере алмай жүріп. Сорлы...
— Уәсила бар ғой... байы қарауыл болғалы көзінің еті өсіпті. Өткен жолғы тойда жібек көйлекті киіп ап... Мені көрдің бе дегендей көлбеңдеп алдымнан олай бір өтіп, былай бір өтіп... Қанымды бар ғой қайнатты!
— Жұрттың көзінше «Осы сендердің қанша сиырларың бар?» деп шұқшиғанын айтсаңшы!
— Қызғанады да.
— Шолақ байын ба?
— Сиырды да!
— Сол тойда Әлиді сен де қатырдың. «Жалғыз қолмен жасаған батаң қайсымызға жетер екен?» деп. Қыбым мұндай қанбас.
— Енді қайтейін...
Жас кезде бойға біткен ұшпа-қонбалық есейгенде де қалмайтын көрінеді. Күзге салым қонақ шақырып Әли семіз серкесін сойған. Аяғын байлап, пышағын қайраққа жанып-жанып тамақтан бір тартып жібергенде сол қолының бас бармағы аңдаусыз әлгінің аузына ілініпті. Азу тіске түсіпті. Малға да жан керек. Тыпырлап жатып шайнап тастапты.
Серке мен Әлидің бақырған даусы қатар шықты. «Қапелімде қайсысы қайсысын сойып жатқанын білмей қалдық», — деп көрші-көлем әлі күнге күліседі дейді. Қағына тиген де, бас бармақтың ауруы асқынып, ақыры қарынан кестіріп тынған. Ел-жұртқа Әли-шолақ атанған.
— Кешегі кеңшар қандай еді?! — деді өткен күннің сағынышы меңдеген Қарғаш жалақ ернін бір жалап қойып. — Мыңғырған мал, кең жайлау, арқа-жарқа жұрт...
— Жерді жекешелендіргенді кім көрген? Сатып алдым дейді. Осы жердің әлгі қожасын айтам. Саудаға түспеген бірдеңеміз қалды ма өзі? Бізді де сыртымыздан біреулер пұлдап жіберген жоқ па өзі?
Мына сөз Айманның зығырданын қайнатты.
— Сатып алғышын! Малды сонда қара тақырға жаямыз ба? Жайылымның бәрі солардікі. Жал-жаяның бәрі солардікі. Етін жеп, сүйегін бізге лақтырып... Осыдан әлгі қарауыл сиырларды қамап тастасын, ат үстінен жұлып алып атаукересін ішкізейін!
Айтса айтқандай, екі қыр асқанда анық көрді, ағаштан жасалған ашық қорада сиырлары қамалыпты. Ат үстінде ақ телпегі мыжырайып қарауыл тұр. Жұлынып келе жатқан үш әйелді көргенде аты тыпыршып, өзінің шолақ қолы шолтаңдап кетті. Бір сойқанның боларын анық сезді... Жер қожасы кеше келсе, осы он сиыр көк балаусаны кешіп жүр дейді. Өзі үйіне түскі шайға кеткен. Мызғып алам деп кешігіп жетті. Келе естімеген балағаты жоқ. Зікірін салып жүріп сиырларды ағаш қораға тоғытқан. Қақпасына темір шынжырды екі орап құлып салдырған. Бір бума қағазды қолына ұстатқан... Атын сауырға бір салып жылыстап жоғалайын десе еркектік намысы түскір жібермей, қашпайын десе бозбала кезінен білетін мына көксоққан үш әйелден қаймығып қаралай састы.
— Мынау өңіріне сәбидің алақанындай тағы да орден қадап алған ба? Тіпті жылтырап тұр ғой, — деп Айман қолын маңдайына төседі. — Бибі, баяғы осының әскерден келетін жылы есіңде ме?
Неге есінде болмасын, беліне бес жұлдызды доғасы бар белбеу тағынып қурайдай боп оралған. Бешпетінің екі өңірі тұтасып жалт-жұлт етеді. Қараған адамның көзі тұнады. Өзіне айтқызсаң солдат боп жүргенде көрсеткен ерлігі ересен екен.
— Қақаған қыста Сібір ормандары өртенді, — дейді сауыншы қыздарды таң-тамаша қалдырып. — Жалғыз өзім арпалыстым. Күндіз-түні. Жанығып жүріп сөндірдім.
— Алла-ай! — дейді қыздар мұны аяп.
— Бір жақсысы, бір ай бойы тойып шашлық жедім. Орман ішіндегі қабандар үйір-үйірімен өрт кезінде өз-өзінен үйтіліп қалыпты. Теңкиіп жатыр.
— Басқа солдаттар ше?
— Олар бұл кезде шекара күзетіп тұрды. Мына орденді сол жолы генерал өз қолымен әкеп қадаған, — дейді үлкендеу бірін сұқ саусағымен нұсқап. — Ал мынаны... Шекара бұзған шетелдік бандиттерді ұстағаным үшін маршал кеп тапсырған.
— Басқа солдаттар ше?
— Олар бұл кезде өртенген ағаштарды жинап жүрді. Ал мынаны...
Таңға дейін таусылмас жыр. Көбін былайғы жұрт естімесін деп Бибінің құлағына сыбырлап қана айтады.
Елін қорғаған мұндай ерге қай қыздың көңілі құламасын? Содан әне-міне деп жүргенде... Көрші ауылдағы Уәсиланы қолтықтап кеп кетті.
Шымылдығы желбіреп отырған Уәсиласы түскір Әлиге айтпай ауданға барыпты. Отан үшін жанын да, тәнін де аямаған еріне қызмет сұрапты. Пәтер деметіпті. Қосымша ақы даулапты. Сол кезде батырының сыры ашылыпты. Бақса, Әлидің әскерге барғаны рас. Бірақ ат бағыпты. Бары-жоғы сол. Орден деп өңіріне тізіп алғаны дүңгіршектерде сатылатын значоктар екен.
— Қора басына қойған қарақшы құсап тұрысын қарашы, — деді Бибі жүзі әлем-тапырық боп. — Шығар сиырды!
— Шықпайды, — деді қарауыл көзін алып қашып.
— Қарай гөр мұны!
— Ол ненің ақысы?
— Жердің қожасы кеп акт жасады. Сиыр басына сегіз мыңнан. Сексен мың теңге төлеңдер.
— Сексен мың?!
Мұны айтқанда Айманның қолынан таяғы түсіп кетті.
— Міне, қағазы. Сосын пажалыста...
Қарауыл қалтасынан бұрқыратып қағаз суырғанымен бұларға беруге батпай, ағаш қораны айналып кетті.
— Орденің құтты болсын! — деді сөзден тосылған Қарғаш қарап тұрмай.
— Бұл — медаль!
— Ормандағы өрт үшін алдың ба?
— Жоқ. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына берді.
— Не үшін? Үш әйелді зар қақтырғаның үшін бе?
— Давай, қысқа сөйлеу керек.
— Е, сөйлесейік, қашқақтамай келсеңші, — деп Айман аяқ асты жайдарыланып қарауылға таяды. — Медаліңнің көрімдігін берейік.
Сөйтті де шап беріп аттың тізгінінен ұстады. Ойбайына қарамай қарауылдың шолақ қолын шолтаңдатып ер үстінен сыпырып түсірді. — Әкел арқанды! — деді сосын алқынып. — Байла аяғын!
— Айғырлығы асты. Пішіп тастайық!
— Мә, кілт! Тек жіберіңдер! Мә, кілт! — деп үш әйелдің ұмар-жұмар астынан Әлидің жан даусы естілді.
— Пышақ қайда?
— Әкел бері!
Шалқасынан жатса да шапалап тепкілеген. Жалғыз қолмен жағаласқан. Жең жыртылған, жаға жұлынған. Әйтеуір, әупірімнің күшімен сытылып шыққан. Аты үркіп аулаққа кетіпті. Көзі қарайған мына үш әйелдің қолына қайтып түссе оңбасын білді. Білді де іргедегі қалың қамысқа қарай тұра кеп қашқан. Бибі мен Қарғаш сүрең сап соңына түсті.
— Қу, Бибі! Ұста, Қарғаш! — деп аттанға айқай қосқан Айман анадай жерде жатқан балта кілтті қолына алды. — Жіберме! Қайтармала! Мен малды жолға сала берейін.
— Құтылсам екен! Еркекке кеткен өшін менен алып... Бәрің сондайсың! — деп Әли бажылдаған қалпы өкшесі жерге тимей бара жатты. — Осыдан құтылсам екен!
— Қалың қамысқа сіңіп жоқ боп кетті. Алдымыздан ырылдап бір қасқыр қашты, — деп екі әйел артынша ентігіп оралды. — Байғұс мұншама қорқақ болар ма?
Қарауыл содан бері жоқ. Ел боп іздеді. Қалың қамысты жалғыз талдап тінтті. Таптырмады. Бір хабарын берген жанға сүйінші де ұсынды. Жын көтергендей. Жер жұтқандай. Бар қарғысын байын қуған үш әйелге бағыштап баққан Уәсила ақыры шыдап отыра алмай бұлардың үйіне беттеген.
Теңіз тамағына төніп отырған үш үйдің иесі бұл кезде көлеңкеде шай ішіп, шып-шып терлеп отырған. Тер шыққан соң сөз шықпай ма?
Кеше кешкілік бұлардың азын-аулақ уақ жандығына қасқыр шапқан. Күн енді байи бастаған ақ пен қызылдың арасы еді. Қораға беттеген қой дүркіреп кеп қашты. Қолдарына айыр-күрек ап бұлар да тұра ұмтылған. Айтақ салған. Құйрығы бір тұтам сұр қасқыр тіпті қаймығар емес. Үріккен қойдың соңында қалған кенже туған қозыны мойнынан тістеді де арқасына салып алды. Сосын борбайлап келе жатқан бұларға жалтақ-жалтақ қарап кете барды. Қыңар түрі жоқ.
— Сол аяғы молақ екен. Қақпанға шаптырған да, — деді Айман көлдей орамалмен терін бір сүртіп тастап.
— Қамыс ішінде кезігіп ырылдаған қасқыр сияқты, — деді Қарғаш.
— Көзі таныс. Әйтеуір біреудікінен аумайды, — деді Бибі екіұштылау етіп. — Өңменімнен өтіп кетті...
— Әлиді сонша қуғандарың не? — деді Айман бір сәт өз-өзінен қабарып.
— Өзің ғой, ұста, ұста деп...
— Ылғи да бізді айдап саласың.
— Суға түсіп кетті ме? Батпаққа батып өлді ме жазған?
— Түсімнен шықпай қойды, — деді сосын Бибі терең күрсініп. — Баяғы қыз кезіміз екен...
Әңгіме қайта қызған шақта алға өндіршек соза қалған Айман:
— Мына жалғыз жаяу кім? Уәсила ғой, — десін.
— Не дейд?!
— Қой, ойбай! — деп орнынан атып тұрғанда Бибі жанындағы самаурынды аударып кете жаздады. — Бұл неғып жүр?
Етегін шапалап теуіп жеткен бетте:
— Иә, үш құзғын отырсыңдар ма? — деп көк көз, қызыл мұрын, сары әйел екі бүйірін таянып талтайып тұра қалған.
— Отырмай қайда ұшамыз?
— Көшіріп жіберейін деп пе ең?
— Одан да келген шаруаңды айт!
— Байымды өлтіріп, тығып тастағансыңдар. Сендерден бәрі шығады. Әлидің қарауыл боп атқа мінгенін көре алмай іштерің қыж-қыж қайнаған!
— Өлтіргені несі? — деген Айманның алақандай ақ орамалы төбесінде ойнап кетті.
— Несін қызғанамыз? — деді Қарғаш жалақ ернің бір жалап алып.
— Қызығын өзің көрген жоқсың ба? — деп Бибі қыли көзін әдетінше қиғаш салды.
— Тап та тап! Өңшең бай құтаймаған бейбақ! Сендер кімнің қадірін білейін деп едіңдер?!
— Тіліңді тарта сөйле, — деп Айман енді анық қайратына мінді. — Әлимен екі күннің бірінде күл шашып төбелесетін сен емес пе ең. Менің байым өлсе — ажалынан өлді. Мініп зорықтырды дейсің бе? Сен қатынды ма? Осыдан қолымдағы немерем оқуын бітіріп келсін. Көзіңді көкшитермін.
— Ал бітірсін! Сонда пойыз айдайтын немерең маған билет кестірмей қоя ма? Мен қайда барып жатырмын?
— Өзің қызғаншақсың. Ішіңе шынашақ айналмайды, — деді күйеуі жас әйел алып кеткен Қарғаш басқа сөз таба алмай. — Қызыл сиырым күйлегенде бұқаңды бермей қойғансың. «Мә, бұқа, мә, саған!» деп қолыңды шығарып даланы басыңа көтердің. Өтірік деші?
— Сендердікі күйлемей жүрмес...
Қарғаш отырған жерінен атып тұрып Уәсилаға ұмтылған, Айман мен Бибі етегіне жармасып, қапелімде жіберер болмады...
Қарауыл содан бері жоқ. Ел боп іздеді. Қалың қамысты жалғыз талдап тінтті. Таптырмады. Бір хабарын берген жанға сүйінші де ұсынды. Жын көтергендей. Жер жұтқандай. Тек сол аяғы молақ сұр қасқыр ғана Уәсила жатқан терезенің алдына кеп таңға дейін «У-у-у...» деп ұлып шығады дейді.