04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Лев Толстой
Лев Николаевич Толстой (1828 — 1910, Ресей империясы) - орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы, ағартушы, публицист

Аршынала






Бірінші тарау

Аспан күмбезі түндігін ысырып тастаған, таң бозарып қалыпты, шықтың күміс тамшысы түндегідей күңгірт тартпай, енді жылт-жылт етеді, айдың жүзі солғын тартқан, орман ішінде қаңғыр-күңгір көбейіп, жан-жануар ұйқыдан ояна бастаған; бариннің ат қорасында елегізген жылқының дамылсыз пысқырғаны, аяқ астындағы сабанның сыбдыры құлаққа келеді, қақпа аузына жиналып, бір-бірімен қақтығысып тұрған жануарлардың дегбірсіздене кісінегені де жиі естіледі.

— Құр-құр! Жұлқынуын! Жылан жалап бара ма екен бұларды! — деді қарт жылқышы, сықырлауық қақпаны ашып жатып. — Мына шіркін өңмеңдеп қайда барады? — Ол қақпа аузына қарай омыраулай жетіп келген шабдар байталды кейін қайырып тастады.

Жылқышы Нестер үстіне бешпент киіп, белін кіселі белбеумен буып алыпты, шыбыртқысын иығына бос тастаған, бір тілім нанды орамалға түйіп, беліне қыстыра салған. Қолында ер-тоқым мен жүген.

Оның зекіген даусынан жылқылар қаймыға қойған жоқ, осқырынып шамданғаны да байқалмады, күндегі үйреншікті байбалам болар дегендей, енжар басып қақпадан кері бұрыла берді, құлағын жымитып, тебуге ыңғай білдірген тек күдіре жал кәрі қарагер бие ғана. Мұны көрген соң шабдар байтал да тыныш қала алмады білем, оған ешқайсысы тиіспесе де өзінен-өзі осқырынып, арт жағындағы әлде біреуін қос аяқтап сарт еткізді!

— Құр-құр! — ілкіден гөрі даусы қаталдау шыққан жылқышы енді кең ауланың арғы бұрышына қарай жүрді.

Ауладағы жылқының (жүз шамалы) ішінен ең төзімдісі бұрыштағы жаппа астында тұрған жалғыз ала ат дерсің: ол екі көзін сығырайтып алып, сарайдың емен ашасын ақырын кеміре берді. Қу ағашты кеміргеннен аузының дәмін қалай алатынын кім білсін, бірақ ол өз шаруасын әйтеуір байсалды да байыпты пішінмен тындырып жатқандай.

— Кеміріп қал! — деді жылқышы тағы да даусын қатал шығарып. Ол атқа таяп келіп, тер сіңген тоқым мен ерді көң үстіне тастай берді.

Ала ат енді ағашты кеміруін қойып, Нестерден көз алмай ұзақ қарап тұрды. Оқыранбады да, құлағын жымитқан да жоқ, қабақ та шытпады, тек ішін тарта бір керіліп алды да, ауыр күрсініп теріс айнала берді. Жылқышы оны бір қолымен мойнынан құшақтап тұрып жүгендеді.

— Күрсінетіндей не боп қалды? — деді Нестер атты сауырынан сипап қойып.

Aт құйрығын шипаң еткізді, бұл оның: `жай, әншейін` дегені еді. Шал ер-тоқымды салғанда ол құлағын жымитып, тыжырынып қалды. Мұнысы, тегі, қағыр тоқымның арқасына тағы да жалп еткенін жаратпағаны болу керек, бірақ бұған қарап жатқан Нестер жоқ, өзінше мықтап бір сыбап алғасын ер-тоқымның айылдарын тартуға кірісті. Ала ат та қырсық: айыл жетпей қалса екен дегендей, қарнын қампита қоймасы бар ма, әйтсе де жылқышы мұның да қыбын тапты — атты сұлығынан тұқырта ұстап тұрып тізесімен іштен қатты нұқып қалып еді, шеңбірек атқан қарын желі шыққан бүйендей босап сала берді. Нестер шап айылды келте қайысынан мықтап тістеп алып мықшия жоғары тартқан кезде ала ат тағы да құлағын жымитты, тіпті мойнын бұрып бүйіріне бір қарап та қойды. Әрине, ол бұдан келер пайда жоғын сезеді, бірақ біле тұра осылай істеді, өйткені арқасына ер-тоқым салғанды жақтырмайтынын қашанда білдіруге тиіспін деп есептейтін. Ерттелген соң, ала ат қолаң оң аяғын сәл босатты, сосын ауыздықты шайнай бастады, жануардың бұдан ауыздың дәмі кірмейтінін сезетіндей шағы жеткен секілді еді, бірақ ол көк темірді өзінше бір парықпен малжаңдата берді.

Нестер үзеңгіге аяғын салып, әуп деп атқа қонды, шыбыртқысын қолына алды, тақымына қыстырылған бешпентінің шалғайын босатты, сөйтіп жайлап отырғасын ғана тізгінді шаужайлап, бір тебініп қойды. Ердің үстіне мығым отырысына қарағанда, оны көшір десең де, аңшы десең де, жылқышы десең де боларлықтай еді. Тізгіннің ырқымен басын жоғары көтеруін көтерсе де, ала ат бірден қозғала қойған жоқ. Мұндайда шалдың өзімен бірге істейтін Васькаға, ауладағы жылқыға бірдеңе деп дауыстап жарлық беріп, әлі біраз тұратынын білетін Нестер, шынында да, барқылдай жөнелді: `Васька! Эй, Васька! Биелерді шығардың ба? Дыбысы шықпайды ғой — мына албасты қайда жүр? Әй, қайда жүрсің? Басы іскенше ұйықтайды, бұл түге! Қораның қақпасын аш деймін, әуелі биелер өтсін` т.т.

Ақыры, сықырлап қақпа да ашылды. Екі көзі ісініп кеткен ашулы Васька бір қолында жетектеген аты бар, қақпа аузында жылқыны шығарып түр. Зерігіп қалған жануарлар сабанға тұяқ тигізбес бұрын біраз осқырынып-пысқырынып алады, тек осыдан соң ғана аяқтарын ептеп басады: жас байталдар, тай-жабағылар, құлындар, қайқы бел мама биелер қақпадан өтіп жатыр. Секектеген байталдар екеу-үшеуі таласа-тармаса өткенде бірін-бірі басып кете жаздайды, бұған ызаланған жылқышылардың сыпырта боқтағаннан басқа лажы қалмайды. Енесінен адасқан құлындар бөтен биелердің бауырына жабысып, олардың ақырын оқыранғанына шұрқырай кетеді.

Қақпадан шығуы-ақ мұң екен, шабдар байтал басын жерге сала мойнын бір жағына бұрып алып ойнақтай жөнелді де, бір кісінеп қойды; әйтседе ол әманда бар жылқының алдында жүретін қайқы бел кәрі көк биенің алдына шыққан жоқ, қарақұмық тәрізді ұп-ұсақ шұбары бар мама бие асықпай алшаң басқан қалпы, жер сызған үлкен қарнын теңселте баяу қозғала берді.

Ілкіде ғана тыпыршыған жылқыға толы аула әлгіндей болмай-ақ қаңырап қалды; бос лапастардың астында сорайған ашалар ғана көзге түседі, жылқының тезегі араласқан, езілген сабан ғана жатыр аяқ астында. Күнде таңертең ауланың осылай қаңырап қалуы ала атқа қаншама дағдылы жайт болғанмен, бүл көріністен оның да көңілі жабырқап сала берген секілді. Ол, тәжім еткендей, мойнын төмен қарай баяу созып барып, басын қайта көтеріп алды да, тырсылдаған айылдарды босатқанынша қатты бір күрсініп қойды, сосын өріске шыққан жылқының соңынан қолаң аяқтарын сүйрете басып, ілби жөнелді, қабырғасы ырсиған тулақтың үстінде бүкшиген қарт Нестер де кете барды.

`Ендігісі белгілі: жолға шыққан соң шал шақпағын шағып, шынжыр баулы, жез құрсаулы ағаш қалияның тұтатады, — деп ойға шомды ала ат. — Мұнысы маған да теріс емес, шық әлі дегди қоймаған таңертеңгі ауа қандай ғажап, ол талай-талай қызғылықты жайттарды есіңе түсіреді. Тек шалдың аузына қалиянын салса-ақ болғаны коқиланып кететіні бар, бәрінен де өзінен-өзі қопаңдап, қырындап отыратыны жаман, ердің ағашы қыр арқама батқанда жаным шығып кете жаздайды. Әйтсе де, мейлі, не көрмеген бүл бас, біреудің рақаты үшін тақсірет тартуға ет өліп кетті ғой. Мен тіпті, керек десең, осының өзінен жылқыға тән нендей бір жан рақатын тапқандай боламын. Қайтем соны, шал байғұс қоқиланып қалсын да. Ешкімнің көзіне түспей, өзімен-өзі оңаша қалғанда болмаса, ол бейшара қашан қоқандамақ, мейлі қырындап отырса отыра берсін`, — деп ойлады тізесін шор басқан, маймақ аяқтарын ілби басқан ала ат.

Екінші тарау

Жылқыны өзен жағасындағы кең алқапқа айдап әкелген соң, Нестер атынан түсіп ер-тоқымды алды. Сөйткенше болған жоқ, шөп басының шығы маржандай тізілген көкмайсаға жылқылар жайыла да бастады; осынау тұяқ тимеген жасыл алқап пен оны айналып өтетін өзеннің беті бусанып, мұнартып жатыр екен.

Нестер ала аттың жүгенін сыпырды да, ақырындап оның тамағын қасыды, шалдың сипағанын ұнатып қалғандай, жануар екі көзін жұмып алып байыздап тұрған тәрізді. `Мына кәрі төбет қасығанды жек көрмейді екен!` — деді Нестер өзіне-өзі. Ал ала ат болса тамағынан қасығанды іштей тіпті ұнатып тұрған жоқ еді, жай сыпайыгерлік үшін ғана сырттай ұнатқансып, осының дұрыс дегендей, басын шұлғып қойды. Бірақ жылқышыға мына мәстекті тамағынан қасып жаман үйретсем, оған жалынышты көрініп жүрмес пе екенмін деген ой келді ме қалай, аяқ астынан, жайдан-жай, қатуланған ол атты кенет итеріп жіберіп, қолындағы жүгенді қатты сермеп қалып еді, темір ауыздық оның сырқат тізесіне сарт ете түсті. Сонан соң, өзі үн-түнсіз дөңдегі томарға қарай беттеді, ол әдетте соның түбіне барып қисаятын.

Шалдың бұл қылығына іштей ренжісе де ала ат ешбір сыр білдірген жоқ, шұнтиған құйрығын ақырын шипаңдатып, басын жерге салып әлде нені иіскеген болды, сосын жай көңіл үшін әр шөптің басын бір шалып, суға қарай жүрді. Таңғы самалға бойы сергіген жас байталдардың, тай - жабағылар мен құлындардың айнала шауып, ойнақ салғанына назар аударған да жоқ, әсіресе оның жасында ең әуелі аш қарынға мұздай, мөлдір суды сіміріп алып, көк балаусаға сонан соң ғана бас қою жөн шығар деп түйген ол, жағаның жайпақтау да кеңдеу тұсынан келіп суға кірді, шашасынан асыра барғасын тұмсығын суға көміп жіберді де, езуі жыртылған салпы еріндерін жымырып алып суды сіміруге кірісті, бүйірі шығып, сусыны қануға жақындағанда құйыршығы жалаңаштанған сирек ала құйрығын шипаңдата бастады.

Кәрі мәстекті қыбын тауып, әйтеуір бір мазақ қылуға құмар шағыр күрең байтал бүл жолы да үйреншікті дағдысынан жазған жоқ, ол ойқастай келіп суға түсті де, оның дәл тұмсығының алдынан аяғымен тарпып суды лайлап тастады. Бірақ ала ат бүл кезде су ішіп болған еді, сондықтан ол күрең байталдың бұл қысастығына тіпті мән берген жоқ, әуелі аяқтарын қайраңнан ептеп қана шығарып алды да, басын бір сілкіп қойды. Сонан соң, тай-саяқтан әрірек кетіп, оңаша оттауға кірісті. Қолаң аяқтарын алма-кезек босатып тынықтырып алып, көкмайсаны да босқа таптамай, табандатқан үш сағат бойы бас көтерместен оттады. Көк балаусаны күрт-күрт жұлып, мұжылған тістерімен бір толғағасын қашан қарны жер сызғанша көмейден асыра құлата берген ала ат бір кезде басын көтерді-ау: енді аздап көз шырымын алса да болар; ол торт аяқтан бірдей жабысқан айықпас ауыр дертін есінен шығармай, әсіресе қамшылар жақ алдыңғы аяғына салмақ онша түспейтіндей етіп торт тағандап тұрды да көзін жұмды.

Жайсаң кәрілік болады, жексұрын кәрілік болады, аянышты кәрілік болады. Жайсаңдығы мен жексұрындығы қабаттасып жататыны да кездеседі. Ала аттың басына түскен кәрілік дәл осындай кәрілік еді.

Жануар жылқы баласының ірісі еді — шоқтығына қол зорға жететұғын. Түсі ала болатын. Бірақ келе-келе бұрынғы қара ала қылшығы оңып, құлаторыға айналған. Ала болып жаратылуы да қызық: бір жақ танауынан жоғары қарай қиғаш біткен қасқасы мойынға қарай кеткен. Ошаған тұрып, ұйысып қалған бір кезде төгіліп тұратын жалының бір жері ақ та, екінші жері құла. Екінші аласы оң жақ бүйірінен бауырына қарай жайылған; дәл сауырдан басталған үшінші аласы құйымшақтың түп жағын қамти жамбастан төмен қарай түсіп барып бітеді. Күлте құйрықтан қалған жұрнақ ақшылдау, ала-құла. Екі көзінің үстіндегі шұқыршақтары үңірейіп, ауыздық жырған салпы еріндері әбден ақжемденіп кеткен, сүйекті үлкен басын етсіз, сорайған ұзын мойын әрең көтеріп тұрған тәрізді. Қарайған тілін бір жағына бұра тістеп алғаны, мұжылып біткен төменгі тістерінің сарғыш түптері салпиған еріндерінің арасынан көрініп түр. Молақ қос құлақ, біреуінің тілік ені бар, тек шыбыннан мазасы кеткенде ғана болар-болмас қимылдайтын секілді. Тоқпақтай кекілден бір шөкім ғана қалыпты, оның өзі құлақтың сыртынан ғана қылтияды, ашық маңдайы тайқиған, бұжыр-бұжыр, жақ еті суалып, терісі бос қалған. Мойнындағы, басындағы білеулеген тамырлары буылтық-буылтық, шыбын келіп қонғанда дір ете түседі. Бет әлпетінде мыңқ етпес көнбістіктің, терең ойдың, қайғы-қасіреттің ізі жатыр. Алдыңғы екі аяғы сәл бүгілген, екі тұяғына да шор байланыпты, аласы тілерсегіне қарай созылған, аяғының тізе тұсында жұдырықтай үлкен ісігі бар. Екі санының қажалғаны болмаса, артқы аяқтары дұрыс секілді; тегі, ертеректе болған ба қалай, қажалған жері тақыр болып қалған. Ұзын сирақтары арбиған арық денесіне сай емес секілді. Жұмырлау келген қабырғаларының ырсиғаны соншалық, арасына жұдырық сыйып кеткендей болып көрінді. Шоқтығы мен арқасында қамшының айқыш-ұйқыш түскен ескі іздері сақталыпты, ал жамбас жағында әлі біте қоймаған іріңдеген ісік көрініп түр; құйрық дегеннен жалаңаш ұзын қара құйыршық қана қалыпты: тегі, бір кезде айғыр шайнаған болу керек, сауырында, құйрыққа таман тұста, аппақ жүн басқан алақандай жараның орны бар, жауырын тұсында да осындай тағы бір жараның орны көрінеді.

Ішегінің бүрі кеткенсін іш тыйылмаушы еді, сол себепті екі тірсегі мен құйрығы ұдайы сауыс болып жүретін. Қашан көрсең де қылшығы үрпиіп тұратын-ды. Дегенмен, жануардың қартайған шақтағы осынау аянышты түріне қарамастан, бір көрген кісі еріксіз ойланып қалар еді, ал жылқыны танитын адам: шіркін-ай, заманында қандай тамаша ат болды екен деп бірден-ақ айтары сөзсіз.

Жылқы баласын танитын кісі тіпті: мынау неткен кең қолтық, неткен шомбал жілік пен шөген тұяқ, неткен сидам сирақ еді, — мына қаз мойын мен бір жапырақ арам етсіз басты, мына мөлдір үлкен қара көздерді қайтерсің, ең негізгісі, бас пен мойындағы білеуленген тамырларды айтсаңшы, қылшығы мақпалдай жылтыраған терісі қандай болды екен, — Ресейде мұндай ат тудыра алатын жылқының бір-ақ тұқымы болды деуі де мүмкін. Жануардың кескін-келбетінде, шынында да, тұлпарға тән асқақтық бар секілді еді, оның тұлғасында, әуелгі сұрықсыз алалығына енді келіп қаусаған кәріліктің қосылғанына қарамастан, бұрынғы сымбатты сұлулық пен өз күшіне сенушіліктің, байсалдылықтың небір ғажап белгілері айқын сезілетін-ді.

`Ат арыса тулақ` дегеннің жанды бейнесіндей жападан-жалғыз ала ат түр шық түскен көкмайса ортасында, ал оған таяу маңда тай-саяқтың дүбірі, пысқырғаны, құлын-тайдың шұрқырасқаны, жайыла өрген жылқының кісінегені естіледі.

Үшінші тарау

Күннің көзі орманнан жоғары көтеріліп, нұрлы сәулесін көкорай шалғын мен өзен иірімдеріне мейірлене төге бастаған. Шықтың тамшылары баданадай боп мөлдірей қалыпты — бұл оның дегдуге айналғаны; әр тұстан, батпақты төңірегі мен орман үстінен, жердің таңертеңгі бусанған соңғы демі көкшіл түтінше тарап кетіп жатқаны байқалады. Аспанда ақша бұлт көшіп жүр, бірақ айнала желсіз тынық еді. Өзеннің арғы бетінде сабақ тартып қалған қара бидай құрақша баяу жайқалады, төңірек түгелдей балауса көк шөп пен гүлдің хош исіне бөленген. Орман жақтан көкектің сұңқылдағаны естіледі, оның қарлығыңқырап шыққан даусына құлақ түре қойған Нестер шалқасынан жатып алып, өзіне енді неше жыл жер басып жүру қалғанын санауға кірісті. Егістік пен жасыл алқап үстінде бозторғайлар қалықтайды. Кешеу жүрген сұр көжек жылқының арасынан ашық далаға қарай зыта жөнелді де, анадай жердегі бір бұтаның түбіне шоқия қалып, айналаға құлақ тікті. Васька болса жерге басы тиісімен-ақ маужырап қалғып кеткен еді, тай-саяқ оның жатқан жерін айналып өтіп, төмен қарай беттеп еркін жайылып жүр. Сақа биелер оқта-текте бір пысқырынып, шығы дегдімеген көкмайсаны жапырып өткенде емін-еркін жайылғанды аңсай ма, қалай, әйтеуір жөнді оттап жүрген жоқ, шөптің ең дәмдісін ғана іріктеп жұлады, сөйтіп бәрі бір бағытта баяу өріп барады. Кәрі көк бие әдеттегісінше тағы да алға түсіп алған, өрістің бағыт-бағдарын көрсететін сол ма дерсің. Қара қулық бие, түңғыш рет құлын көргендіктен бе, дамылсыз оқырана береді, құйрығын шаншып алып, әлі буыны бекімеген, тәлтіректеп қана басатын қара көк құлынына бір кезде пысқырына қарап қойды. Ал анау мақпалдай жылтыраған қылшығына көз тұрмайтын оқтаудай қарагер дөнежіннің қылығын көрсеңдер ғой: ол оттаудың орнына ойнайма немене -шөпті тістеп жұлып алғасын жерге тастайды да, шашасына дейін шыққа малшынған аяқтарымен тапай береді, басын жерге салғанда қап-қара жібектей кекілі маңдайы мен көздерін жауып кетеді. Есейіңкіреген құлындардың біреуі, өзінше бір ойынның қызығына түсіп кетті ме қалай, бұйраланған шолақ құйрығын шаншып алып енесін айнала шаба береді, шаба береді, міне, ол жиырма алтыншы рет айналып шықты, енесі де құлынының бұл қылығына үйреніп қалса керек, үлкен қара көздерінің қиығын оқтын-оқтын бір тастағаны болмаса, жерден бас көтермейді. Анау жүрген үлкен басты кішкентай қара құлынның кекілі қос құлақтың арасына үрпие қалыпты, құйрығы енесінің құрсағында жатқанда қисайған қалпынан әлі түзеліп болмағанға ұқсайды, ол секектеп секіріп, кенет шегіншектей жөнелген екінші бір құлынға, әлде қызыққандай, әлде анау неге құтырады деп жазғырғандай, құлақтарын тікірейтіп, көздерін мөлите, орнынан тапжылмай қарап түр. Біреулері енесінің емшегін құшырлана еміп жатыр да, енді біреулері, неге екені белгісіз, енелерінің оқыранғанын да елеместен, бірдеңе іздегендей, шоқырақтап қарама қарсы жаққа жүгіреді, сонан соң кілт тоқтай қалады да жан ұшыра кісіней бастайды; төрт аяғын көсіліп жіберіп, рақаттанып жатқандарды да, шөпті жұлып жеуге үйреніп жүргендері де, артқы аяғының тұяғымен құлағының түбін қасып тұрғандары да бар. Анадай жерде екі буаз бие оңаша жайылып жүр, самарқау қозғалады, сірә, бұл екеуін басқалары құрмет тұтады білем, тіпті тай-саяқтың ішінен де ешқайсысының оларға жақындап барып мазалауға батылы бармайтын секілді. Егер де қайсыбір тентектің жақындағысы келе қалса, оның бүл қылығының жөнсіздігін аңғарту үшін жай құлақ жымитып, құйрықты бір шипаң еткізудің өзі-ақ жетіп жатыр.

Тай-жабағылар өзінше қызық: олар есейіп, ер жетіп қалғансиды, көп секектей бермейді енді, бірақ бастары қосыла қалса-ақ думандатып кететіні бар. Олардың шөпті тістеп жұлуының өзінен де өзгеше бір нәзіктік сезіледі, жалы күзелген жіңішке мойындарын бейнебір аққудың мойнындай иіп назданады, келте құйрықтарын шипаңдатып қоюды да ұмытпайды. Ересек жылқылар сияқты, бұлардың да кейбіреулері бір-екі рет аунап алғанды жөн көреді, немесе бірін-бірі қасуға кіріседі. Әсіресе құнажын, дөнежін байталдар мен тусыраған биелердің топтала қалғаны қызық-ақ. Олар әсте жұбын жазбайды, бойжеткен қыздарша көңілді топ құрап жүргенді ұнатады. Бұлар жүрген жерде тұяқтың дүбірі, оқырану, кісінесу, тарпыну, тебісу естілмей және қалмайды. Екі байтал қарама-қарсы келіп қалғанда бастарын бір-бірінің иығына салады да әуелі иіскеседі, сосын аспанға шапшиды, кейде тіпті осқырынып, құйрықтарын шаншып алып, кердең желіске салып немесе шаба желіп, басқаларының алдынан кербездене, назданып өтеді. Байтал біткеннің ішіндегі ең сұлуы, бүкіл осы тай-саяқтың арасында қайдағы жоқты бастаушы шағыр күрең байтал еді. Ол не қылса, басқалары да соны істейтін, ол қайда бет түзесе, бәрі жұбын жазбай соның соңынан еретұғын. Күрең байтал, әсіресе бүгін таңертең тым ойнақыланып кеткен-ді. Адамның шабыты шалқитын шағы болады ғой, оның да көңіл күйі нақ сондай еді. Суат басында ала атты мазақ қылған соң, ол судың жиегімен ойқастай берді де, әлде неден үріккендей осқырынып, далаға қарай шаба жөнелді, жалғыз кеткен жоқ, тай-саяқты соңынан ерте кетті. Амал бар ма, Васьканың оларды қайырып әкеліп, үйірге қосу үшін атқа мінуіне тура келді. Бұдан кейін шағыр күрең аузын болар-болмас шөпке тигізген болды, сонан соң аунады, сілкінді, әйтсе де бойындағы ойнақылық басыла қоймады білем, енді ол кәрі биелерге барып тиісті, біреуінің алдынан кескестей берді де, құлынын бөліп әкетіп, шайнап тастағысы келгендей, ақырын қуа жөнелді. Құлынның шұрқыраған ащы даусы шыққанда енесінің зәре-құты қалмай, жерден басын жұлып алды, бірақ күрең байтал жай қорқытқаны болмаса, құлынға тиген жоқ-ты; оның бұл қылығына қасындағы өзі секілді еріккен жас байталдар қызыға қарайтын тәрізді. Бұдан кейін күрең байталдың назары өзеннің арғы бетіндегі егіс арасынан көрінген мұжықтың астындағы бурыл тайға ауды. Оны көзі шалғанда-ақ тұла бойын құмарлық сезім билеп елең етті де, мойнын соза сәл қырындай тұрып сілкінді, сосын нәзік те назды дауыспен тебірене кісінеді. Бұл оның ерке назын, толқыған сезімін, көңілінің алабұртқанын білдіргені еді. Махаббатқа ынтыққан ынтызарлық та, іштегі тарқамаған құмарлық та, сарғайған сағыныш та бар еді бұл әуенде.

Әне қалың қамыс арасында сыңарымен табысқанша тағат таппай тартар да жүр шықылықтап, әне көкек пен бөдене де махаббат әнін шырқауда, тіпті гүл екеш гүлдер де хош иісті тозаңдарын желмен ұшырады бір-біріне.

`Бұған дейін тәтті сезімнің дәмін татып көрмегесін, балғын жас, сымбатты сұлу, шымыр денелі болғанымды қайтейін, ләззәтін татпағаным былай тұрсын, көңілдес ашынам да болмапты, күліп-ойнамаппын да` дегендей еді күрең байтал.

Оның нәзік те назды үні өзеннен асты, егін-жайға жетіп, бурыл тайға алыстан жаңғырығып естілді. Ол құлақтарын қайшылап, кілт тоқтай қалды. Мұжық оны қолындағы шыбығымен салып қалды, алайда алыстан күмістей сыңғырлап жеткен жіңішке дауыстың бурылды баурап әкеткені соншалық, енді оның өзі де шұрқырап кісінеп жіберді. Ашуланған мұжық делбені қағып қалып, тағы да бір шықпыртып еді, ол кісінегенін қойып, орнынан қозғала берді. Бурыл тайдың тұла бойын билеген тәтті сезім су сепкендей басылып, көңілі жабырқау тартып қалды, бірақ алыс егін-жайдан оның құштарлана кісінегені мен мұжықтың зіркілдеген даусы әлі көпке дейін естіліп тұрды.

Егер қылаңдаған күрең байталдың өзін көрсе, оның екі құлағын кезек қайшылап, танауларын делдиткен қалпы, дір-дір еткен сымбатты денесімен әлде қайта ұмтылып, оған соңынан еруге ишара көрсетсе, әлгі дауыстың әуенінен-ақ есеңгіреп, есінен танып қалған бурыл қайтер еді.

Бірақ күрең байтал өзінің бүл қылығы жайлы көп ойланып жатқан жоқ. Бурылдың үні өшкен соң, тағы бір рет келеке ғып кісінеген болды да, басын темен салып, жер тарпи бастады, сонан соң ала атты оятып, әурелеу үшін солай қарай кетті. Ала атты әурелеп, мазақ қылу осынау парықсыз тай-саяқ атаулының қашанғы ермегі болатын. Ол байғұстың кісіден көрген қорлығынан осылардан көргені коп. Ал өз басы бұлардың ешқайсысына қысастық жасаған емес. Ол адамға қызмет етуі тиіс, ал мыналарға не керек?

Төртінші тарау

Бұл кәрі, аналар жас; ол арық, олар тоқ: ол жабырқау, олар көңілді. Демек, мүлде бөтен, жат, мүлде басқа біреу, ендеше оны аяуға болмайды. Жылқы баласы тек өзін-өзі ғана аяйды, кейде соның басына түскен хал-жағдай менің де басыма да түсуі мүмкін-ау дегенде ғана басқаға аяныш білдіреді. Бірақ қаусаған кәрілік жетіп, тулаққа айналғанына ала ат кінәлі ме? Кінәлі емес. Әйтсе де жылқы тұрғысынан алғанда ол кінәлі еді және кімде-кім күшті, жас және бақытты болса, кімде-кімнің бар үміті әлі алда болса, кімде-кімнің бұлшық еті бұлтыңдап тұрса, жоқ нәрсеге құйрығы шаншыла қалса, соныкі қашанда жөн болмақ. Бәлкім, мұны ала аттың өзі де түсінетін шығар және өзінің өмір сүріп болғаны үшін кінәлі екендігіне, енді бұл өмірдің өтеуін беруге тиістілігіне оңаша қалған сәттерде келісетін де болар; бірақ ол дегенмен де жылқы баласы емес пе, сондықтан бір кезде өздері де қартаятынын біле тұра оны кәрілігі үшін жазғырған осынау тай-саяқты көргенде ол қорланбай, қайғырмай, күйінбей қала алмады. Мына жылқының аяныш дегенді білмеуінің себебі бір жағынан ақсүйектік сезімде болатын. Бұлардың әрқайсысының ата-тегі белгілі, әкесі немесе шешесі жағынан алғанда бәрі атақты Боз биеден өрбіген, ал ала аттың шыққан тегін ешкім білмейді, ол осыдан үш жыл бұрын жәрмеңкеде сексен сомға сатып алынған жат жердің жылқысы.

Күрең байтал жай бой жазып жүргенсіп, ала аттың дәл тұмсығының алдына келді де бөксесімен соғып өтті. Ол мұның не екенін білетін, сол себепті жұмулы көздерін аша қойған жоқ, жай құлағын жымитып, тісін ақситты да қойды. Енді байтал бұрыла беріп, тепкісі келгендей сыңай танытты. Ала ат байғұстың көзін ашып, әрірек жылжып тұрудан басқа лажы қалмады. Жусаудан береке қашқасын ол оттауға кірісті. Қасында басқа байталдар бар, шағыр күрең ала аттың жанына тағы да келді. Құнажын шыққан қасқа байтал, өзі де бір нағыз ақымақты және қашанда шағыр күреңге еліктеп, екі елі соңынан қалмайтын, бүл жолы да онымен бірге келіп, еліктеме-солықтаушылардың әдетіне басып, күрең байталдың өзінен асырып түсіре бастады. Әдетте күрең байтал ала аттың дәл тұмсығының алдынан жанап өте шығатын, оның жай жүргенін, әлде әдейі істегенін аңғармай қалғасын ала ат оған ашуланарын да, ашуланбасын да білмейтін, мұның өзі шынында да күлкілі жайт еді. Ол бүл жолы да сөйтті, бірақ оның соңынан келе жатқан қасқа байтал, өзі де тым құтырынып алған екен, ала атты тура кеудесімен соғып өтті. Ол тағы да тісін ақситып, айбат шекті де, таң қаларлық шапшаңдықпен байталдың соңынан ұмтыла беріп, санына ауызды салып жіберді. Қасқа байтал қарыздар қалар ма, ала аттың ырсиған қабырғаларынан қос аяқтап кеп тепті. Ала ат ыңқ ете түсті, ол тағы да бір сес көрсетейін деп еді, бірақ тез райдан қайтты да, қатты бір күрсінген соң, былайырақ кетті. Сірә, ала аттың қасқа байталға мұндай сес көрсетуін үйірдегі тай- саяқ атаулы өздерін көрнеу қорлағандық деп білсе керек, олар күн ұзаққа ала атты оттатқан да жоқ, оған бір сәт тыныштық та бермеді. Жылқышы оларды бірнеше рет арашалады, бірақ не болып қалғанын түсіне алмай-ақ қойды. Ала аттың ығыр болғаны соншалық, Нестер жылқыларды үйге айдап қайтуға ыңғайланғанда, пана іздегендей, шалға өзі келді. Қағыр ер-тоқым арқасына қайта салынып, жылқышы үстіне қайта қонжиғанда жануар өзін әлдеқайда бақытты да тыныш сезінді.

Қарт жылқышыны алып бара жатып кәрі ала аттың не ойлағанын құдай білсін. Тарпаң мінез тай-саяқтар жайында қайғыра ойланды ма, әлде, қарттарға тән үлкенсіген, үнсіз тәкаппарлықпен, өзін ренжітушілерді кешірді ме, бірақ ол өзінің ойындағысын үйге жеткенше ешбір сездірген жоқ.

Бір күні кешке таман Нестердің үйіне жекжаттары келгенді, жылқыны көшемен айдап отьсенде ол өз үйінің алдында бір арбалы аттың қаңтарулы тұрғанын байқады. Бұдан кейін асыққаны соншалық, жылқылар аулаға кірген соң Васькаға ала аттың ер-тоқымын сен аларсың деп айқайлады да, қақпаны жауып үйіне кетті. Жылқы заводынан сатып алынған, ата-тегі беймәлім, `жаман тулақтың` Боз биенің шөбересі қасқа байталдың намысына тиюінің, демек, бүкіл осы ауладағы асыл тектілердің ақсүйектік сезімін қорлауының салдарынан ба, әлде ер-тоқымы алынбаған аттың басқа жылқыларға бір түрлі құбыжық болып көрінгендігінен бе, әйтеуір бүл түні осы аула ішінде бір ғажайыптың болғаны рас. Жылқылардың бәрі, жасы да, кәрісі де, құлағын жымитып, тісін ақситып алып, ала атты ауланың ішіне сыйғызбады, оның ырсиған қабырғаларына тұяқтың сарт-сұрт тигені, бұдан бейшараның ыңқ етіп ыңырсыған үні естіліп тұрды. Ала аттың діңкесі құрып біткен, тебістен жалтаруға енді шамасы да жоқ. Ол ауланың қақ ортасында қалшиып тұрып қалды, осы сәтте оның бет әлпетінде мына қаусаған кәрілікке деген дәрменсіз ызаның, торыққандықтың ізі біліне қалды; ол құлағын жымитып, кенет қатты шыңғырып еді, жылқылардың бәрі тына қалды. Осыдан соң осындағы бір кәрі бие Ақбақай оның қасына келіп иіскеді де, бір күрсініп қойды. Ала ат та күрсінді.

Бесінші тарау

Айлы түнде ауланың қақ ортасында арбиған арық ала ат түр қалтиып, алдыңғы қасының жұмыр басы шошайған, биік ер-тоқымы алынбаған. Ала аттан нендей бір жаңа, ерекше жайтты естіп білгендей, жылқылар оны орталарына алып, мүлгіген меңіреу үнсіздікте міз бақпай тұрып қалған. Шынында да солай, олар ала аттан жаңа, ешкім күтпеген өзгеше жайтты естіген еді.

Олар ала аттан мынаны естіп білді.

1-ші түн

— Иә, мен Құлагер бірінші мен Тобылғы торының перзентімін. Ата-тегімнің шежіресі бойынша алғанда атым — Бота тірсек бірінші. Бұл, былайша айтқанда, менің ресми атым, ал жұрт Аршынала деп атап кеткен-ді, тұлпарға тән аяқ алысыма лайық осылай атандым, бүкіл жалпақ Ресейде менімен тең түсетін жылқы баласы болған емес. Дүниеде менен артық асыл қанды жылқы жоқ. Мұны сендерге ешуақытта айтпас та едім. Қажеті не оның? Сендер мені ешуақытта танымас та едіңдер. Хренов зауытында бірге өскен Ақбақайдың өзі де осыған дейін танымай келді, ол енді ғана танып түр. Егер Ақбақайды куәлікке тартпасам, сендер маған қазір де нанбас едіңдер. Мен мұны ешқашанда айтпаған болар едім. Сендердің жанашырлық білдіргендерің қажет емес маған. Енді айтқызған өздерің. Иә, кейбіреулер іздеп таба алмай қойған Аршыналаңыз мына біз боламыз, графтың өзі де білетін, оның сүйікті аты.

Бөкен қабақтан озып кеткенім үшін зауыттан аласталған Аршынала менмін.

Шыр етіп жерге түскенде ала дегеннің мәнісін қайдан білейін, жылқы баласымын ғой деп ойлаппын. Менің алалығым жайындағы алғашқы пікір, әлі есімде өзімді де, енемді де қайран қалдырды. Тегі, түнде тусам керек, енем жалап шаранадан тазартып кептірген соң, таң алдында аяқтанып та кеттім ғой деймін. Әлі есімде, бірдеңе ішкім келетін сияқты, айналадағының бәріне таң қаламын, бәрі жай бірдеңелер секілді көрінеді. Ұзыннан-ұзақ жылы дәліздің бір жағындағы бөлмелердің ішінде болатынбыз, торкөзді есіктен бәрі көрініп түр. Енем маған емшегін тоса береді, ал мен әлі ештеңені білмейтін болуым керек, біресе оның төсін түрткілеймін, біресе жерде жатқан ағаш науаға түртінемін. Кенет енем есік жаққа көз салды да, үстімнен ақырын аттап өтіп, былайырақ бұрылды. Күндізгі жылқышы келген екен, есіктің торкөзінен қарайды.

— Мынаны қара, Тобылғы торы құлындапты, — деді ол, сөйтіп тиекті ағыта бастады; сабан төсеніштің үстімен келіп мені құшақтады, — Тарас, мынаны көрдің бе, сауысқаннан бір айнымайды, ап-ала, — деп айқайлады ол сонан соң.

Оның құшағынан жұлқынып шығамын деп етпетімнен түстім.

— Мына сайтан неменің қылығын қарашы, — деп күңк етті ол.

Енем шыжалақтап түр, бірақ мені арашалаған жоқ, қатты бір күрсінді де, сәл былайырақ барып тұрды. Енді басқа жылқышылар да келіп, маған тесіле қарайды. Біреуі аға жылқышыға хабарлауға кетті. Менің алабажақ сиқымды көріп бәрі қарқылдап күледі, маған әр түрлі қызық ат қойып та жатыр. Ол сөздердің мәнін мен түгіл енем де түсінбеген шығар деймін. Осыған дейін арамызда, бүкіл әулетімізде бірде-бір ала құлын туған емес. Қылшықтың алалығында жамандық болар деп кім ойлаған. Денемнің бітімін, күшімді онда бәрі де мақтаған-ды.

— Пысығын қарашы, құлдыраңдап қолда тұратын емес тіпті, — деді бір жылқышы.

Біраздан соң аға жылқышы келді, ол менің түр-түсіме таң қалып жатыр, тіпті ренжіп те қалды білем.

— Алапес болып туғанын сорлы неменің, — деді ол, — генерал мұны зауытта әсте қалдырмайды. Әй, торы бие-ай, мені масқара қылдың ғой, — деп енді ол менің енеммен сөйлесе бастады. — Тым болмаса қасқа құлын тумадың ба, мына алапесің не!

Енем не десін, үндеген жоқ, осындайдағы әдеті бойынша, тағы да күрсінді.

— Алапес болған соң бота тірсек болып туғаныңды қайтейін, — деді ол сөзін жалғастырып,-қалдыруға болмас, ұяттағы мынадай құлын ұстау. — Бірақ жақсы-ақ екен, дене бітімі қандай еді. — Ол да, басқалары да маған қарап, таңдай қағысып жатыр. Арада бірнеше күн өткесін мені көрмекке генералдың өзі келіпті, бәрі тағы да күйіп-пісуде, ала болып туғаным үшін мені де, менің енемді де тағы жазғырып жатыр. Маған ғана көзі түскендері: `Жақсы-ақ екен, дене бітімі қандай еді`, — деп таңданады.

Көктемге дейін биелерге арналған қорада бәріміз бөлек-бөлек, өз бөлмемізде, өз енеміздің қасында болдық, тек кей күндері ғана, қора төбесіндегі қар жіпсіп ери бастағанда, енелерімізбен бірге сабан төселген кең аулаға шығаратын. Өзімнің алыс, жақын туыстарымның бәрін сонда тұңғыш рет көрдім. Сол кездегі атағы жер жарған биелер құлындарын қасына ертіп, қорадан алшаң басып шығып жататын. Құла бие, Боз биеден туған Қара бие, Жирен бие, желгіш Сұр бие, атақ-даңқы шыққан биелердің бәрі болды, бәрі құлындарын ертіп күннің көзінде бой жазып жүретін, жаңа төселген сабанға аунайтын, кәдімгі қарапайым жылқы сияқты, бір-бірімен иіскесетін. Сол замандағы небір сымбатты сұлу биелерге толы қора осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Мені жас болды, алғыр болды деп ойлау, әсіресе бұған сену, әрине, сендерге таңданарлық нәрсе, бірақ бүл рас. Әлгінде менің қасыма келген Ақбақай онда жайнаңдаған, сүйкімді, шымыр тай болатын; менің шындықты айтқаныма ол өкпелемес деп ойлаймын, сендердің араларыңда асыл текті саналып жүрген Ақбақай онда сол жылғы құлындардың ішіндегі ең нашары саналатын Мұны оның өзі де жасыра қоймас.

Жұрт соншалықты жақтырмаған түгімнің алалығын жылқы біткен қатты ұнатты; бәрі мені орталарына алып, сүйсіне қарайтын, мәз болып ойнайтын. Мен де өзімді бақытты сезіндім, ала құлын деген атақ ұмытыла да бастап еді. Амал не, көп кешікпей-ақ өмірімде алғаш рет қайғылы жағдайға ұшырадым, бұған өзімнің туған енем себепкер болды. Қар еруге айналып, жаппаның астында шымшықтар шықылықтасып, ауада көктем исі қаттырақ сезілген шақта маған енемнің көңілі суи бастады. Оның мінезі құбылып сала берді; біресе, сарқарын бие бола тұра жас байталша ойнақтайды; біресе өзінен-өзі мұңайып, кісінейді; біресе өзімен кіндіктес биелерді тістелеп, тарпи бастайды, біресе мені иіскелеп, жақтырмағандай пысқырынады; біресе күннің көзіне шыққанда басын немере сіңлісі Шомбал қара биенің иығына салып, оның арқасын үн-түнсіз ұзақ қасиды, ал мені емшегіне жолатпайды. Бір күні аға жылқышы келді де, енемді ноқталатты, сөйтіп оны қорадан алып шықты. Енем оқыранып барады, мен соңынан ұмтылып шұрқырай кісінедім; бірақ ол бұрылып та қарамады. Енем қорадан шыққасын қақпа жабыла бергенде Тарас деген жылқышы мені мойнымнан шап беріп ұстап алды. Жұлқынып қалғанымда жылқышы байғұс сабанның үстіне ұшып түсті, — бірақ, амал не, қақпа жабылып қалған еді, енемнің кісінеген даусы біртіндеп алыстай берді. Бұрын емірене оқыранғанда ыстық мейірім сезіліп тұратын дауыстан бұл жолы өзгеше әуен аңғарылды. Сонан соң, алыстан арқыраған бір дауыс естілді, бүл кісінеген, кейін білдім, жуас жирен атты айғыр екен; ол екі сағағынан жабысқан екі жылқышыны дедектете, менің енеммен дидарласуға келе жатыпты. Жабырқағаным соншалық, қасымда тұрған Тарастың қорадан қалай шығып кеткенін де аңғармаппын. Туған енемнің махаббатынан біржола айрылғандай сезіндім. Жұрттың мен жайындағы пікірі есімде қалғандықтан ба қалай, осының бәрі құдай ұрғанда ала болып жаратылғанымның қырсығы шығар деп топшыладым, сосын ішімді ыза кернеп, қашан ащы терім шығып, діңкем құрығанша қабырғаға бас