04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Лев Толстой
Лев Николаевич Толстой (1828 — 1910, Ресей империясы) - орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы, ағартушы, публицист

Аққулар






Суық жақтан жылы жаққа теңіз үстінде аққулар тобымен ұшып бара жатты. Олар күн демей, түн демей ұшты, келесі түнде де тоқтамай ұшты. Жарық ай үстінде көкке малынған теңіз суын көрді. Аққулардың қанаты талып, зорығып шаршайды; сөйтсе де тоқтамай ұшады. Табын басында әккі аққулар, олардың артында әлі жас, қанаты қатаймаған аққулар ұшты. Бір жас аққу тізбектің соңында қалып, күші таусылды. Ол қанатын сермегенмен әрмен ұшуға күші жетпеді. Сонда ол қанатын жайып, суға қарай құлдилай жөнелді, ал басқа аққулар әрмен қарай ұша берді. Аққу қанатын жиып алды да, суға қонды, теңіз аққуды шайқап, қақпақылдай бастады.

Аққулар тобы бұл кезде аспанда көрінбеді, тек аққу қанаттарының соғысы алыстан әрең естілді. Олар мүлдем көзден таса болғанда жалғыз қалған аққу мойнын артына, кеудесіне бұрып, көзін жұмды. Ол теңіз үстінде қозғалмай жатты, толқын оны біресе жоғары, біресе төмен қақпақылдап, қалқытып бара жатты.

Таңсәріде теңіз үстінде самал жел ойнап, аққудың кеудесіне су шапшыды. Аққу көзін ашты. Жұлдыздар көк аспанда ағарып, шығыстан күн сәулесі атып келе жатты. Аққу демін ішке тартып, мойнын керіп, қанатымен суды сабалап, көкке сермей бастады. Ол біртіндеп жоғары көтеріле берді, биікке самғады, айқайлап жатқан қара толқын үстінде жалғыз аққу ұшып бара жатты.

Аударған Салауат Кәрім