Әдебиет
Лев Толстой
Лев Николаевич Толстой (1828 — 1910, Ресей империясы) - орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы, ағартушы, публицист
Лев Николаевич Толстой (1828 — 1910, Ресей империясы) - орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы, ағартушы, публицист
Помещиктің сәскесі
(әңгіме)
I
Князь Нехлюдов жазғы демалысын деревняда жалғыз өткізген бір жылы университеттің үш-ақ курсын бітірген он тоғыз жасар жігіт еді. Күз түсе, жазуға төселмеген шорқақ қолмен нағашы апасы графиня Белорецкаяға сәлем хат жолдады. Әу бастан ол апасын жақын дос, жалғыз жанашыры ретінде әлемдегі ең ақылды әйелдердің санатына қосатын. Француз тілінде жазылған хаттың тәржімесі мынадай:
`Айналайын апатай!
Ендігі өмір - тағдырыма арқау боларлық бір тоқтамға келгендеймін. Мен университетті тастап, қалған ғұмырымды деревняда өткізуге бекіндім, өйткені, әу бастан-ақ сол үшін дүниеге келгенімді енді сезгендеймін. Құдай ақына, жаным апа, маған күле көрмеңіз. Жассың ғой дерсіз, мүмкін, мен әлі бала шығармын, бірақ бүл жайт өз ынта - бейімімді тануыма кедергі болмаса керек, өзгеге жақсылық жасасам деген ықыласымды кемітпесе керек.
Бұндағы шаруаның жайы шалқайып кеткен екен, оны өткен жолы өзіңізге жазғанмын. Шайқалған тұрмысты түзетуді ойлап отырып бәленің басы мұжықтың кедейлігі мен арып - ашыған мүшкіл ақуалында екеніне әбден көзім жетті және де бұл бәледен тек еңбек пен шыдамның арқасында ғана құтылуға болады. Егер менің екі мұжығымды, Давыд пен Иванды және сол екеуіне қараған ошарлы жандардың басына түскен тұрмыс тауқыметін өз көзіңізбен көрген болсаңыз, әлгі сорбақтардың сырт кейпінің өзі ғана менің сізге түсіндірмек боп отырған мақсатымды осыншама сөз айтқызбай-ақ баян қылар еді. Құдай алдындағы жауапкершілігі маған жүктелген осынау жеті жүз жанның бақ - бақытына қамқор болу менің қасиетті де тікелей парызым емес пе? Ләззат аңсап немесе мансап қуып жүріп оларды дөрекі старосталар мен әкіреңдеген басқарушының тепкісіне тастап кету күнә болмай ма? Алдымнан осындай абзал да асып тап-таяу тамаша міндет күтіп тұрғанда басқа саладан пайдамды тигізер, шарапат көрсетер сәт іздеудің қажеті не? Жап-жақсы қожайын бола алатыныма көзім жетіп түр; ал ондай болу үшін, өз пайымдауымша сіз айтқан кандидаттық дипломның да, ешбір шеннің де түк қажеті жоқ-ау деймін. Айналайын апатай, менің мансап - мәртебемді ойлап бас қатырғанша жиеніңіз өзі қалаған ерек жолға түсті, ол жолы өзін бақытқа жеткізетін жақсы жол деген ойға бекіне беріңіз. Болашақ міндеттерім жайлы көп-көп толғандым, қимыл - қарекетімнің қағидаларын да жазып қойдым, енді құдай бұйыртып, бойдан қуат таймаса, дегеніме жетерім хақ.
Бұл хатты Вася ағатайымнан жасырыңыз, көрсетпеңіз, келекеге айналдырады. Мені басынған, мені мысы басқан адамға қарсы келе алмаймын. Ваня менің ниетімді құптамаса да түсінеді ғой`.
Графиня оған мынадай деп жауап жазды, ол да французшадан тәржімеленіп отыр:
`Айналайын Дмитрий, жолдаған хатыңнан жүрегіңнің өздігінен өзге ештеңе таппадым. Бұған өзім де шүбәланып көрген емеспін. Дегенмен, аяулы достым, бұл ғұмырда бойымыздағы жақсы қасиеттер жаман қасиеттерге қарағанда көбірек залал шектіретіні бар. Мына шешімің ақылға сыймайтын іс, өйтсең мені қатты қынжылтасың деп торсаңдамай-ақ қояйын, құлақ ассаң, саған бір ғана кеңес айтпақпын. Әуелі ақылдасып алалық, достым. Сен айтасың: деревняда өмір сүруге бейімділігімді сезгендеймін дейсің, оз шаруаларымның басына бақ - бақыт қондырғым келеді дейсің және жақсы қожайын бола алатыным кәміл дейсің. Мен айтар ем: 1) өз бейімділігімізді біз бір-бір реттен қателескен соң барып қана тап басып сезіне аламыз; 2) өзгенің басына бақ қондырудан гөрі өз бақытыңа жету оңайырақ және де; 3) жақсы қожайын болу үшін қатал да салқын қанды адам болу керек, ал сен сондай боп көрінуге тырысқаныңмен ондай болуың екіталай нәрсе.
Сен өз ойларыңды даусыз, талассыз деп есептейсің де, тіпті оларды өмірлік қағида ретінде қабылдайсың; ал менің жасымда, достым, ой мен қағидаға сенбейді, тәжірибеге сенеді; ал тәжірибеге жүгінсек, ол сенің барша жоспарыңды балалық дейді. Менің жасым елуге тақап қалды, осы өмірімде талай-талай игі-жақсыны көргенмін, бірақ әжептәуір аты бар қабілетті жігіттің біреуге жақсылық жасауды желеу етіп, деревняға барып көмілгенін ешқашан естіген емеспін. Сен қашан да елден ерек көрінуге әуес болатынсың, бірақ сол еректігің шамадан тыс өркөкіректіктен аспаса керек. Жә, достым! Одан да таптаулы сүрлеуді таңдағаның абзал: табысқа тезірек жеткізеді, ал табыс деген саған әсте табыс ретінде керек болмаса да, өзің көксегендей, өзгеге шарапат тигізу үшін қажет.
Төрт-бес шаруаның сіңірі шыққан кедей болғаны да артық емес, ал алда-жалда олардың ауыр тұрмысын аз - кем түзегің келсе, ол үшін қауым алдындағы, туған - туысқандарың алдындағы және қара басыңның қамы жолындағы міндеттерді мансұқ етудің еш қажеті жоқ. Сендей ақыл-парасаты мол, жүрегі жомарт, жақсылық қылуға жаны құмар пенде қандай шаруаны қолға алса да табысты болары сөзсіз; бірақ та сен өз бойыңа лайықты, оз басыңа абырой әкелетін істі ғана қала.
Мансап қуып жүргенім жоқ деген сөзді шын ниетпен айтқаныңа сенемін, бірақ сен өзіңді-өзің алдап жүрсің. Мансапқорлық - сенің жасыңдағы, әл-ауқаты сендей жанды ізгілікке, рақымдылыққа бастайды; алайда адам ондай қасиеттерден ада бола бастаған кезде кереметің кембағалдыққа, азарлыққа айналады. Егер сен оз алған бетіңнен қайтпасаң, осы жайтты өз басыңнан өткересің. Қош боп түр, Митяжан. Қанша келеңсіз болса да осынау абзал да ақ пейіл жоспарың үшін өзіңді бұрынғыдан да жақсы көре түскендеймін. Өз білгеніңді істей бер, дегенмен, шынымды айтсам, саған қосыла алмаймын`.
Жас жігіт осы хатты алған соң әрі ойлап, бері ойлап, ақырында ақылды әйел де жаңылысатын шығар деген тоқтамға келді де, университеттен шығуға арыз жазып, деревняда түпкілікті қала берді.
Нағашы апасына жазғанындай, жас помещик өз шаруашылығын жүргізудің барша тәртіп -қағидасын тәптіштеп, күллі ғұмыры мен жұмысының әр сағатын, айы - күнін түгелдей белгілеп қойған-ды. Жексенбі күні арыз - шағым айта келгендерді, басыбайлы малайлар мен мұжықтарды қабылдауға, кедей шаруалардың үй-жайын аралап, көмек беруге арналатын: ал кімге қандай көмек көрсетілетіні әр жексенбінің кешінде жиналатын қауым кеңесінде шешілетін-ді. Осылайша бір жыл өтті, жігітіміз аз-кем тәжірибе жиып, шаруашылықты басқарудың теориясына да жетіле бастаған.
Саратанның шайдай ашық бір жексенбісінде кофесін ішіп `Maison rusigue`1 кітабының бірер тарауын түгескен Нехлюдов жеңіл шапанының қалтасына жазу кітапшасы мен бір бума ақша салып, астыңғы қабатындағы шағын бөлмесінде өзі тұратын, алдында колоннадасы, әйнектелген айбаны бар үлкен үйден шықты да, тазаланбаған жолдарын шөп басып кеткен ескі ағылшын бағын қақ жара өтіп, күре жолдың екі жағына орналасқан ауылға беттеді. Ол өзі қоңырқай қою бұйра шашты, ұзын бойлы, келбетті жігіт болатын. Бет әлпетіне әлі әжім түсе қоймаған, балаң шырайлы, қара көздерінің жарқылы мол, қызғылт ерінінің үстінде жаңа ғана тебіндеп келе жатқан ұяң түбіт бар. Қимыл-қозғалысы мен жүріс - тұрысынан жастықтың мейірбанды менмендігі, бойды кернеген күш пен қуат аңғарылар еді. Шаруа халық ала - шұбар топ болып шіркеуден қайтып келеді; үстеріне бір киер асылдарын жамылған шалдар, қыз-қырқын, бала-шаға, емшектегі бөбектерін көтерген қатындар баринге иіліп сәлем қылып, жол берісіп, үйді-үйіне тарасып жатыр. Көшеге шыққан соң Нехлюдов тоқтап, қалтасынан жазу кітапшасын алды да, балаң қолмен толтыра жазған ең соңғы парағынан бірнеше шаруаның тұсына белгі соғылған аттарын оқыды. `Иван Чурисенок - тіреу ағаш сұрайды`,- деп күбірледі де, көшеге шығып, оң жақтағы екінші үйдің қақпасына тақады.
Чурисеноктың баспанасы жарым - жартысы шіріп, бұрыш-бұрышы көгеріп кеткен, құлауға шақ тұрған қима ағаш үй еді; бір жағы қисайып, жерге жәпірейе кіріп кеткені соншалық - іргені көмкерген көңнің қалқасынан қақпағы жартылай жұлынған негізгі терезесі мен көзіне мақта тыға салған кішірегі әрең көрінеді. Бас үйге жанаса табалдырығы лас, есігі аласа қима сенек, одан да аласа, одан да көнелеу екінші қима үйшік, қақпа мен талдан тоқыған лапас салыныпты. Кезінде бәрі де бір шатырдың астында болған сияқты, ал енді шіри бастаған қара сабан кенереден ғана қобырайды; төбеде тек кереге көз жаппа мен итарқа қалыпты. Аула алдында діңгегі мен дөңгелегі тозып біткен, шегені кете бастаған құдық көрінеді; су іше келген сиырлар әбден шиырлаған шалшық суда үйректер жүзіп жүр. Құдыққа таяу көк сүр жапырақты бұтақтары сирек біткен, шыт-шыт жарылған қос кәрі қызыл шілік бүкірейе бой көтереді. Бір кезде әлдекімнің осы жерді көркейтуді көксеген ниетінің куәсіндей болған әлгі шіліктің біреуінің астында отырған сегіз жасар ақсары, бұйра бас қыз қасындағы екі жасар сіңлісіне әмір жүргізіп, өзін шыр айналдыра еңбектетіп қойыпты. Солардың қасында құйрығын бұлаңдатып жүрген кішкентай күшік баринді көре сап, қақпаның астына жан ұшыра қашып тығылды да, сол жерден қарлыққан үрейлі дауыспен шәуілдей жөнелді.
- Иван үйде ме?- деп сұрады Нехлюдов.
Мына сұрақты естігенде үлкен қыз талықсып кеткендей болып, екі көзін бақырайта ашып, үн-түнсіз қатты да қалды; кішісі аузын аңқайтып, жылауға айналды. Өрім - өрімі шыққан шақпақ желбегейінің белін ескілеу қызыл белбеумен буып алған шүйкедей кемпір есіктен басын шығарып, үн қатпай түр. Нехлюдов сенекке тақап, сұрағын қайталады. Әлденеден үрейі ұшқан кемпір қарлыққан үнмен:
- Үйде, әкетай, үйде,- деп басын жерге жеткізе тәжім етіп, қалбалақтады да қалды.
Нехлюдов онымен есендесіп болып, сенектен өтіп, тар аулаға шыққан кезде кемпір жағын алақанымен тіреген қалпы есікке барып, басын шайқап тұра берді. Аула іші жүдеу екен; кей тұста қарайып кеткен ескі көң көрінеді; көң үстінде көгеріп кеткен астау, айыр, тырма шашылып жатыр. Ауланы айнала салынған лапастың бір жағы құлап түсіп, үйілген көңге тіреліп қапты; екінші жағында дөңгелексіз арба, соқа, іске жарамайтын ескі омарта қалыптары бей-берекет үюлі түр. Чурисенок жаппаның төбесі басып қалған шарбақты балталап сындырып жүр екен. Бүл өзі елулер шамасындағы, орта бойлыдан аласалау мұжық. Аздап ақ кіре бастаған қоңыр - сарғыш сақалы мен қою шашы күнге тотыққан сопақша жүзіне жарасымды сән беріп тұрғандай. Жартылай жұмулы қаракөк жанарында жайдары парасат жарқырайды. Сирек біткен жез мұртының астынан күлімсіреген кезде анық көрінетін әдемі шағын аузы өзіне деген сабырлы сенім мен айналадағы өзге дүниеге деген кекесінді немкеттілігін танытқандай. Көн боп қатқан терісінен, қатпар-қатпар әжімдерінен, мойны мен бет - қолындағы адырайған қан тамырларынан, шамадан тыс бүкірейген белі мен доға тәрізденіп тұратын қисық аяғынан өмір бойы ауыр еңбектен көз ашпағаны аңғарылады. Бұтында тізесіне көк жамау салған ақ дамбалы бар, үстіне арқасы мен екі жеңі жыртық-жыртық ескі жейде киіпті. Жейдесінің етегін кіндігінен төмен буған жіңішке қайыста кішкентай жез кілт жылтылдайды.
- Құдай жарылқасын! - деді барин аулаға кіре беріп.
Чурисенок бұрылып бір қарады да, жұмысына қайта кірісті. Зорлана жүріп шарбақты құлаған жаппаның астынан суырып алды, сосын ғана балтасын астауға қадап, белбеуін көтеріп қойып, ауланың ортасына шықты.
- Мейрамыңыз құтты болсын, мәртебелі тақсыр! - деп шашын жалбырата сілкіп, иіле тәжім етті.
- Рақмет, шырақ. Шаруа - жайыңды көрейін деп едім,- деді Нехлюдов бозбалаға тән жайдары да ұяң үнмен, мұжықтың киіміне көз жібере тұрып - Кәне, көрсетші, әлгі қауым кеңесінде менен сұраған тіреулер саған неге керек өзі?
- Тіреу ме? Тіреу неге керек болушы еді, мәртебелі тақсыр, әкетай - ау! Тіреп қояйын деген ғой, қараңызшы өзіңіз, әні, құрғырдың бір бұрышы құлап түсті; құдайдың сақтағаны - ай, сиырымыз жоқта құлады. Бәрі де ілдалдалап, әрең - пәрең тұр,- деп Иван Чурис жартылай құлаған аңғал-саңғал қора-қопсысына ызалана көз тастап қойды,- Енді өзі итарқа да, белдеулер де, діңгек ағаш та шіріп біткен, түртіп қалсаң, үгітіліп кетуге даяр. Дәп қазір ағашты қайдан аларсың? Өзіңіз білесіз ғой.
- Бір жаппаң құлап қапты, қалғандары да құлағалы тұр, сонда саған бес тіреудің керегі не? Саған тіреу емес, итарқа, діңгек, белағаш керек қой, өңшең жаңасы керек,- деп барин өзінің бұндай шаруадан хабардар екенін көрсетіп қойды. Чурисенокте үн жоқ.
- Сонымен саған тіреу емес, тәуір ағаш керек болды ғой; басында солай деу керек еді.
- Әлбетте керек, бірақ алар жер жоқ қой: қашанғы сізге алақан жая бермекпіз! Қит етсе бай үйіне қарай жүгіруді ғадет етсек, біз қайтіп шаруа болмақпыз? Ал егер мырза қорасында бос жатқан емен ұштарын ал десеңіз, өз рақымыңыз біледі,- деп ол тұрған орнында теңселіп, тағы да басын иіп қойды. - Онда мен тіреулердің кейбірін ауыстырып, кейбірін кесіп, ескі ағаштан жөндеп аламын.
- Ескі ағаштаны қалай? Жаңа ғана өзің бәрі шіріп бітті, ілдалдалап әрең түр демеп пе ең; қораңның мына бұрышы құлай қалыпты, ертең ана шеті, арғы күні мына жағы құлайды; ақыр жасайды екенсің, еңбегің еш болмас үшін бәрін де қайта жасаған жөн ғой. Айтшы өзің маған, қалай ойлайсың, қора-қопсың биылғы қысқа шыдай ма, жоқ па?
- Кім біліпті оны!
- Жоқ, өзің қалай ойлайсың? Құлай ма, жоқ па?
Чурис бір сәт ойланып қалды.
- Түп-түгел құлап түссе керек,- деді ол кенет.
- Міне, көрдің бе, әнеу күні қауым кеңесінде тіреумен іс бітпейді, қора-қопсыны жөндеу керек деуің керек еді. Сенен көмегімді аямаймын ғой...
- Рақым еткеніңізге құлдықпын,- деп қойды Чурисенок баринге тура қарамай.
- Маған төрт-бес бөрене мен тіреу ағаш берсеңіз де жетеді, қалғанын өзім - ақ ретін табатын шығармын, ал тіреу етуге жарамайтын, шіріңкіреген ескі діңгектерді үйдің бұрыш-бұрышына сүйеу етіп пайдаланармын.
- Сонда үйің де нашар ма?
- Қатын екеуміз қай күні басып қалар екен деп күтіп жүрміз ғой,- деді Чурис селт етпестен,- Әнеу күні төбеден түскен жеңді білектей белдеу ағаш қатынымды талдырып түсірді.
- Талдырып түсіргені қалай?
- Солай, мәртебелі тақсыр, талдырып түсірді: жотасынан ыңқ еткізіп еді, байғұс түн жарымына дейін ес-түссіз жатты.
- Әйтеуір мертіккеннен аман ғой?
- Аманы аман - ау, бірақ ауыра береді. Өзі де жаратылысынан аурушаң пенде.
- Қай жерің ауырады?- деп сұрады Нехлюдов манадан бері есік алдында үнсіз тұрған әйелге қарап. Қатын өзі жайлы байы сөз қозғасымен ыңқылдай бастаған болатын.
- Мына бір жерден ұстайды да тұрады, бір босатсашы, шіркін,- деді ол қабысқан кір-кір кеудесін нұсқап.
- Әнеки!- деп қынжыла дауыстады жас мырза иығын қопаң еткізіп,- Ауырады екенсің ауруханаға барып айтпағаның не? Аурухана сол үшін ашылған ғой. Сендерге айтылмап па еді, әлде?
- Айтылған, әкетай, айтылған, бірақ қол тимейді ғой: барщина бар, үй бар, бала-шаға бар -бәрі менің мойнымда! Жалғызіліктінің күні құрсын...
III
Нехлюдов үйге кірді. Ыс басқан қисық-қыңыр кереге; кіре беріс бұрышқа киім-кешек, әр алуан шүберек ілінген; ал төргі бұрыштағы құдай бейнесі мен сәкі төңірегінде қисапсыз қызыл тарақанға толы. Қоңырсы исі қолқаны қабатын қап-қара қапас бөлменің қақ төбесінен үңірейген жарық көрінеді; төбеге екі жерден тіреу қойылып, бірақ сонда да ішке қарай тым салбырап кетіпті, жалп етіп басып қалуға шақ тұр.
- Иә, үйің тіпті нашар екен,- деді барин осы әңгімені бастауға мүлде құлқы жоқтай состиып тұрған Чурисеноктың өңіне барлай қарап.
- Басып қалады, бала-шағамызбен басып қалады,- деп жыламсырап сыңси жөнелді сөре астындағы пешке сүйеніп тұрған қатын.
- Сен ділмәрси берме!- деп, Чурисенок қатынына зекіп тастады да, жыбырлаған мұртының астындағы езуіне білінер-білінбес күлкі ұялаған жүзін баринге бұрып, сөзін жалғады:-Осыған, мына үйшікті айтам, не істеймін деп - ақ басым қатты, мәртебелі тақсыр, тіреу де, сүйеу де қойып байқадым - түк те пайдасы жоқ!
- Ойбай-ау, қыста қайтіп қыстаймыз?!- деп сұңқылдады қатын.
- Ол өзі бірнеше жерден тіреу қойып, төбедегі көлденең ағаштарды жаңадан салып, оған қоса белдеу шанжаларды ауыстырса, - деп байы оның сөзін сабырлы, ұстамды кейіппен бөле сөйледі, - онда, бәліси, о ғып, бұ ғып қыстан шығамыз ғой. Өйтіп отыра тұруға болады, бірақ үйдің іші тіреуге толып кетеді - мәселе сонда; жүрер жер қалмайды, жазатайым тиіп кетсең, саудыр етіп қирап түсеріне сөз жоқ; ешкім тимесе, қозғамаса, тұра береді ғой, - деп мұжық өз ойына өзі риза пішінмен сөзін тәмамдады.
Иван Чуристің дер кезінде көмек сұрамай, мынадай мүшкіл халге түскеніне Нехлюдов қатты қынжылып, қиналып қалды, өйткені өзі деревняға келген алғашқы сәттен бастап-ақ ол мұжықтардың десін қайтарып көрген емес, қандай мұң - мұқтаждары болса да өзіне тура келіп айтуларын жөн санайтын. Бір сәт мына мұжыққа іштей жауығып, екі иығын ызалана қопаңдатып, қабағын қарс жауып алды; бірақ кедей тұрмыстың күйкі жүдеу кейпі, сол күйкіліктің қақ ортасындағы Чуристің сабырлы да тәкаппар қалпы оның ашу-ызасын әлде қандай үмітсіз мұңға, шерменде қамырыққа айналдырып жібергендей болды.
- Иван - ау, осы уаққа дейін маған қалай айтпағансың? - деді ол өкпелі үнмен, қисайған кір сәкіге отыра беріп.
- Батылым жетпеді, мәртебелі тақсыр, - деді Чурис езуіндегі күлкісін жимай, қап-қара жалаң аяғымен ойқы - шойқы жер еденде теңселе түсіп; бірақ оның бүл сөзді ешбір асу -сасусыз, қаймықпай айтқаны сондай, жаңағы баринге баруға батылым жетпейді дегеніне сену қиын еді.
- Қанша айтқанмен мұжықтың аты мұжық қой: ондай батылдық бізге қайдан бітсін!..- деп қатыны өкси бастап еді:
- Жә, жыпылдама,- деп Чурис оны тағы да тиып тастады.
- Саған бұл үйде тұруға болмайды екен, оның қысыр әңгіме, - деді Нехлюдов аз үнсіздіктен соң. - Біз былай етелік, ағайын...
- Құлағым сізде,- деп тақ ете түсті Чурис.
- Анау мен салдырған жаңа хутордағы қаңырап бос тұрған тас үйлерді көріп пе ең?
- Көргенде қандай,- деп Чурис маржандай аппақ тістерін ақсита күлімсіреді,- апыр-ау, мынадай керемет үйлерді қалай қалаған деп қаншама таңырқадық десеңізші! Жігіттер егеуқұйрық тышқан да кіре алмайтын қамба болар десіп күлген. Мықты үйлер!- Ол түсініксіз кекесінмен басын шайқап қойды - Құдды абақты дерсің.
- Иә, жақсы үйлер, құп-құрғақ, жып-жылы, анау-мынау өртіңнен де қорықпайды,- деп барин ананың кекесініне реніш білдіріп, қабақ шытты.
- Оған дау жоқ қой, мәртебелі тақсыр, мықты үйлер.
- Жә, олай болса, бір үй бітуге тақау. Өзі он аршын, сенегі, қоймасы бар, біткелі тұр. Әсілі, мен соны саған өз бағасына қарызға берейін; кейін сәті түскенде қайтарарсың, - деді барин, рақымдылық көрсетіп тұрмын - ау деген ой басына келгендегі өзіне-өзі риза болған жайдары күлкісін жасырмай,- Мына ескі үйіңді бұз да, қамба жаса; қора - қопсыңды да көшіреміз. О жердің суы қандай тамаша, тыңайған бақша кесіп беремін, үш танап егістігіңді де сол арадан кесіп аласың. Ойхой, сосын дәуірлеші бір! Немене, бұндай тұрмыс ұнамай ма саған?- деп сұрады Нехлюдов, әңгіме арнасын қоныс ауыстыру жайына аударған кезде, Чуристің күлкіден тыйылып, қимылсыз бедірейген қалпы, жерге қадала қарап қалғанын байқап.
- Тақсырдың өз еркі біледі ғой,- деді мұжық көзін жерден алмай.
Кемпір әлде не шымбайына батқандай ілгері ұмсынып, бірдеме айтпаққа оқтала беріп еді, байы алдын орағытып кетті.
- Тақсырдың өз еркінде ғой, - деді ол баринге тура қарап, шашын сілкіп қойып, батыл да бағынышты шыраймен,- бірақ біз жаңа хуторда тұра алмасақ керек.
- Неліктен?
- Жоқ, мәртебелі мырза, бізді онда көшірер болсаңыз, бұндағы мынадай мүшкіл сиқымызбен онда барғасын сізге мұжық болудан мәңгі-бақи қаламыз. Онда біз қалайша мұжық болмақпыз? Апыр-ау, онда күнелтіп те болмайды ғой, рақымды нем!
- Е, неге?
- Қолда барымыздан айырылып қаламыз, мәртебелі тақсыр.
- Онда неге күнелтуге болмайды?
- Қайтіп күнелтесің? Өзің ойлап қарашы: елсіз қу медиен, суының сыры белгісіз, мал айдар өрісі де жоқ. Бұнда біз кендірді ежелден көң төгіп өсіреміз, ал онда не бар? Не бар онда? Қу тақыр! Шарбақ та, конопляны кептіретін дегдітпе де, қора-қопсы да, түк те жоқ. Бізді онда көшірер болсаңыз, азып-тозып кетеміз, мәртебелі мырза, мүлде жұрдай қаламыз! Жаңа қоныс, жат жер... деп ол ойлана сөйлеп, басын шайқап - шайқап қойды.
Нехлюдов мұжыққа қоныс аударғаның керісінше әбден пайдалы болады, шарбақ та, қора-қопсы да салдырамыз, ол жердің суы да жақсы деп және т.т. айтып қанша дәлелдемек болғанымен Чурисеноктың үнсіз сазарған қалпын көргенде бір түрлі ыңғайсызданып, тиесілі сөзді тап басып айта алмай тұрғанын сезінді. Чурисенок оған қарсылық білдірген жоқ; ал барин сөзін түгескен тұста, сәл жымия түсіп, ең дұрысы - сол хуторға малай шалдар мен әңгүдік Алешканы мекендеткен жөн болар еді, сонда олар астықты күзетер еді деп қойды.
- Әй, қатып кетер еді-ау! - деп ол тағы да мырс етті.- Бүл істен түк өнбейді, мәртебелі тақсыр!
- Өй, елсіз жер болса қайтушы еді?- Нехлюдов та өз дегенінен қайтар емес,- мына жер де бір кезде елсіз аймақ болатын, ал қазір қаншама адам тұрады; ана жерге де сен, қадамың құтты болып, бірінші боп қоныс тепсең... Жо, сен көш, көшпей болмайды...
Барин жаңағы шешімге біржола бекініп қала ма деп қауіптенген сыңай танытқан Чурисенок:
- Беу, мәртебелі тақсыр - ием, әкетай - ау, о не дегеніңіз, қалай салыстыруға болады!- деп безек қақты, - бұ жер ел іші, көңілді жер, үйреншікті мекен; жүрем десең жолы бар, қатын-қалаш кір шайқайтын, мал суаратын тоспасы бар; өзіміз мұжық болғалы бері жиған-терген азғантай шаруа - жайымыз да осында: қора-қопсы деймісің, бақша да, анау ата-бабам тігіп кеткен тал - терек; үлкен әкем де, өз әкем де осы жерде дүние салған, өзім де осы арада тыныштық тапсам деймін, мәртебелі тақсыр, басқа ештеңе де сұрамаймын. Рақымың түсіп, мынау үйшігімізді жөндеп алуға жәрдемдессең, өзіңе көптен-көп қарыздар боламыз; оның реті келмесе, қалған ғұмырымызды о ғып бұ ғып осы лашықта -ақ өткіземіз ғой. Өмір бойы құдайға құлшылық еткізіп, сиындырып қойсаң да,- деп ол басын жерге жеткізе иіп, тәжім жасай бастады,- туған ұямыздан қуа көрмеші, әкетай!..
Чурис сөйлеп жатқан кезде сөре астынан, оның әйелі тұрған жерден естілген өксік бірте-бірте күшейе түсіп, байы `әкетай` дегенде қатыны күтпеген жерде ілгері ұмтылып кеп, бариннің аяғын еңірей құшты.
- Сақтай гөр өзің, әкетай! Әкеміз де, шешеміз де бір өзіңсің! Көшу қайда бізге? Қартайған, жалғыз қалған жандармыз. Құдай да, өзің де...- деп шыр-шыр етеді.
Нехлюдов сәкіден ұшып тұрып, кемпірді көтермек болып еді, анау жер еденге басын әлдеқандай жанкешті ризалықпен еліре тоқпақтап, бариннің қолын итермелей берді.
- Бұнысы несі! Тұр орныңнан, тұра ғой! Жә, барғыларың келмейді екен, мен де зорламаймын,- деп жас помещик қолын сермеп, есікке қарай шегіншектеді.
Нехлюдов қайтадан сәкіге барып отырды; үй ішінде тыныштық орнады; анда-санда барып, көйлегінің жеңімен көз жасын сүрткен қатынның өксіген үні ғана естіліп қояды. Чурис пен оның әйелі үшін мынау құлағалы тұрған лашықтың, айналасына шалшық су жайылған тозынды құдықтың, шіріген мал қораның, шағын қоймалар мен терезе алдында тырбия өскен тал-шіліктің қаншалық мәні бар екенін жас помещик енді ғана ұққандай болып, өз -өзінен әлденеге ыңғайсызданып, мұңайып, қиналып қалды.
- Апырым-ау, өткен жексенбідегі қауым кеңесінде өзіңе үй керек екенін қалай ғана айтпағансың, Иван? Енді саған қалай көмектесерімді білмей отырмын. Кеңеске бірінші рет жиналғанда мен сендердің баршаңа деревняға келгендегі басты мақсатым - күллі ғұмырымды өздеріңе арнау екенін айттым ғой; сендердің бастарыңа бақ қондырып, сендерді риза ету үшін ештеңемді аямаймын, еш нәрседен тайынбаймын дедім ғой және де осы сөзде тұратыныма құдай алдында ант етемін,- деді жас помещик, алайда ол бұндай қызыл сөздің анау-мынау адамды иландыра қоймайтынын, өте-мөте сөз емес, нақты істі сүйетін орыс адамына нендей асыл сезім жайлы да тіл безей бермейтін бұйығылау жанға онша эсер ете қоймайтынын білмейтін еді.
Әйтеуір ақпейіл жас жігіттің өз бойын кернеген әлгі сезімге елтігені сондай - тап осы арада тіл беземей тұра алмады.
Чурис басын бір жағына қисайта түсіп, кірпігін анда - санда қағып қойып, мырзасының сөзін зорлана тыңдап түр; айтқан сөздері құлағына жақпаса да және өзіңе тікелей қатысы болмаса да бұндай кісілерді тыңдамауға болмайды ғой.
- Дегенмен ел - жұрттың сұрағанын әмбесіне түгелдей бере алмаймын мен. Ағаш сұрап келген жанның ешқайсысын бос қайтармай, үлестіре берсем, көп ұзамай өзім де құр алақан қалам ғой, сөйтіп шын мұқтаж пендеге қол ұшын бере алмас едім. Сол үшін де мен шаруа құрылысына деген тапсырысты әдейі бөлек белгілетіп, қауым билігіне бердім. Енді ол ағаш менің меншігімде емес, сендердің, шаруалардың еншісінде, сондықтан оған енді менің билігім жүрмейді, қалай етеміз десе де қауымның өзі біледі. Алдағы кеңеске келгін; сенің өтінішіңді жамағат - қауымға айтайын; үй салып береміз десе, өздері білсін, жарайды; ал менде ондай ағаш жоқ. Саған шын ниетіммен көмектескім келеді, бірақ өзің қоныс аударуға көнбесең, менің қолымнан келері шамалы, онда қауымға жүгінесің. Ұқтың ба мені?
- Сізге көп-көп ризамыз,- деді Чурис тартыншақтай сөйлеп,- Аулаға жарар ағаш берсеңіз болды, қалғанын өзіміз - ақ түзеп аламыз. Қауым деген немене? Белгілі шаруа ғой...
- Жоқ, сен кел
- Құп болады. Келемін. Неге келмейін? Бірақ мен қауымыңыздан еш нәрсе сұрамаймын.
IV
Жас помещиктің үй иелерінен тағы бірдеңелер сұрағысы келген сияқты, сәкіден тұрмай біресе Чуриске, біресе от жағылмаған пешке жасқана қарағыштап отыр.
- Немене, сәскеліктеріңді ішіп қойып па едіңдер?- деп сұрады ол ақырында.
- Қайдағы сәскелік, әкетайым - ау?- деп ауыр күрсініп қойды қатын - Нан қаужаймыз - бар асымыз сол Қазан көтеріп, щи пісіруге жағдай жоқ, қалған - құтқан квасты да балаларға беріп қойғанмын.
- Бұл күнде аш ораза тұтқан күн - дағы, мәртебелі тақсыр,- деп Чурис қатынының сөзін түсіндіре бастады,- мұжық байғұстың нан мен жуадан артық тамағы болып көрген бе, қазір де солай. Қайта, құдайға шүкір, өзіңіздің арқаңызда астығымыз осы уақытқа дейін жетті ғой, әйтпесе біздің мұжық біткен түгелдей түйір дәнсіз қалды емес пе.
Жуа деген биыл жаппай шықпай қалыпты. Бақшашы Михайло, қай күні жіберіп едік, бір уысын бір тиыннан сататын көрінеді, алатын басқа жер және жоқ. Пасхадан бермен құдайдың шіркеуіне де барған емеспіз, Микола әулиеге шырағдан алып жағуға да шамамыз келмейді.
Нехлюдов өз шаруаларының соншалықты күйзелген, аянышты, қайыршылық халін көптен бері алып-қашпа жел сөзден емес іс жүзінде білетін еді; алайда бүл шындықтың оның күллі тәлім-тәрбиесіне, ой - парасаты мен тірлік - тынысына үйлеспейтіні соншалық - ол әлгі ақиқатты мезгіл-мезгіл амалсыздан ұмытып қалатын да, дәл бүгінгідей көзге шұқып, түртіп тұрып еске салған кезде әлде қалай қылмыс жасап алып, енді соны жуа алмай жүргені еске түскендегідей азаптанып, жүрегі сыздап, айықпас уайымға бататын.
- Осыншама кедейліктің сыры неде? - деді ол жанын жеген ойды байқаусызда баяндап.
- Әкетай, мәртебелі тақсыр-ау, кедей болмағанда кім боламыз енді біз? Жеріміз қандай -оны өзіңіз де білесіз: иленген балшық, ойлы-қырлы төбе - төмпек, соның өзінде де құдайдың кәріне ілігіп тұрмыз, қайда - а, әлгі тырысқақ індет шыққалы бермен астық өнбейтін болды. Шабындық пен жайылым да тарылып кетті: біразын үнемге жазамыз деп, біразын мырза жеріне қосамыз деп құртты. Жас болса мынау - қартайдық, жалғыз қалдық... қарманғым - ақ келеді - бірақ шама жоқ. Кемпірдің түрі анау, ауру, жыл сайын қыз табады: бәрін де асырау керек. Мен болсам жалғызбын, қолыма қараған жеті жан бар. Құдай алдында күнәкарлық шығар, бұным, дегенмен жиі-жиі мынадай ойға да кетем: осы құдай мыналардың бір-екеуін неге ғана алмайды екен,- менің жүгім де жеңілдер еді, өздері де бұ дүниенің дозағынан құтылар еді-ау деп ойлаймын...
Қатын байының сөзін құптағандай болып:
- У - уһ!- деп күрсініп жіберді.
- Бар сүйенішім міне, мынау,- деп Чурис осы кезде есікті жайлап қана ашып, ішке жасқана кіріп баринге қабағының астынан таңырқай көз сап, Чуристің етегінен қос қолдап ұстап тұрған, жасы жетілер шамасындағы, қарны шәнтиген ақ сары бас баланы нұсқап қойды,-Бар тірек - сүйенішім, қолқанатым осы ғана,- Чурис сампылдай сөйлеп, баланың ақ сары шашын көн терілі түрпідей алақанымен бір сипады,- қашан ержетеді бүл? Мен болсам жұмысқа жараудан қалып барамын. Кәрілік ештеңе етпес еді-ау, мына жарық деген бәлесі жанға батып түр. Өте - мөте күн бұзылғанда ботадай боздатады - ау, ал менің жасым шалдыққа жеткелі қашан, тек мойынтұрықтан босай алмай жүрмін ғой. Анау Ермилов, Демкин, Зябревті ал - бәрі де менен жас, бірақ жермен алысуды қойған. Ал мен байғұстың сенерім де, сүйенерім де жоқ, бар бәле осыдан басталады. Жан бағу керек қой: содан да сүйретіліп жүре береді екенсің, мәртебелі тақсыр.
Жас мырза шаруасына мүсіркей қарап:
- Жүгіңді қуана-қуана жеңілдетер едім-ау, рас,- деп қойды. - Бірақ қалай?
- Қалай деріңіз бар ма? Жер иесі болған соң, барщинаны да ұмытпаған жөн,- белгілі жайт қой. Өйтіп-бүйтіп мына сүйенішім де ер жетер. Тек, мырзеке, әлгі училище жөнінен рақым ете көріңіз: әйтпесе әлгінде Земский келіп, мәртебелі тақсыр, бұны училищеге барсын деп жатыр деп дігір сап кетті. Қайтесіз бұны әуреге сап, тақсыреке? Әлі есі кірген жоқ, кішкене ғой.
- Жоқ, бауырым, қалай етсең, олай ет, бұныңды қой,- деді барин, - балаңның есі кіріп қалды, оқығаны жөн. Айтып отырғаным - сенің пайдаң, сенің қамың. Өзің ойлап қарашы, балаң ер жетіп, қожайын болған кезде сауатын ашып алады, өздігінен оқи білетін болады, шіркеуде де өзі оқиды, сөйтіп құдайдың қолдауымен шаруаң да заулап жүріп береді,- деді Нехлюдов барынша түсінікті сөйлеуге тырысып, әйтсе де өзі бір түрлі қызарып, күмілжіп отыр.
- Сіз бізге жаманшылық ойламайсыз ғой, мәртебелі тақсыр, оған дау бар ма, бірақ үйде қалатын ешкім жоқ: қатын екеуміз барщинада жүреміз, ал мынау құртақандай болса да, сиыр қайырып, аттарды суғарып дегендей, септігін тигізеді. Әйтеуір мұжық аты бар ғой,-деді де, Чурисенок баланың мұрнын барбиған жуан саусақтарымен қысып тұрып, сіңбіртіп тастады.
- Дегенмен өзің үйде болған кезде, қолы босағанда сен оны жіберіп тұр, естідің бе, бұлжытпа!
Чурисенок жауап қайтармай, қинала күрсініп қойды.
V
- Әйтседе, ұмытып барады екем ғой,- деді Нехлюдов,- егістігіңе неге қи төкпейсің?
- Қайдағы қи, мәртебелі тақсыр әкетай - ау! Бірлі жарым тезек қи бола ма? Мал біткеннен бары - құлынды бие ғана, әлгі тайыншаны күзде аулашыға бергенмін,- сыңар бие сыңар құлын - бар малым осы.
- Өзің мал аз дейсің, өзің тайыншаңды біреуге бересің, қызық екен?- деп таңырқай сұрады барин.
- Бермегенде қыста қайтіп бағамын?
- Сонда бір тайыншаға талшық боларлық сабаның да жоқ па? Басқалар қайтіп бағады?
- Басқалардың жеріне қи төгілген, ал менің жерім - сары балшық, түк шықпайды.
- Ендеше соған қи төгіп, топырағын құнарландыру керек қой; құнарлы жер астық береді, сонда малыңа да азық жеткілікті болады.
- Оу, мал жоқ қой, мал жоқ жерге қи қайдан келеді?
`Бұл өзі түсініксіз cercle vicieux екен`,- деп ойлады
Нехлюдов, бірақ қанша ойланса да мұжыққа айтар кеңес таба алмады.
- Және де, мәртебелі тақсыр, шынын айтсақ, астық қи төккен жерге шықпайды, қалаған жерге шығады,- Чурис сөзін жалғастыра түсті,- Өткен жаз көң төкпеген жарты десятинаға жетер-жетпес жерден алты шөмеле астық жинадым, ал құнарландырған егіске дым да шықпай қолымызды танауға тығып қала бердік. Бәрі құдайдан ғой деп күрсініп қойды,-Бүл үйге сиыр құтаймайды. Алты жыл болды ақсыз отырғанымызға. Өткен жаз бір тайынша өліп қалды, екіншісін жемі болмағасын сатып жібердім; алдыңғы жылы үлкен сиырдың өзінен айырылғанбыз; табыннан айдап келгенде ештемесі де жоқ еді, аяқ астынан теңселіп тұрып-тұрып, буы бұрқырап сұлап түсті. Бүл бақытсыздықты қойсаңшы!
- Қой, ағайын, ендігәрі сен жем-шөп болмағасын малым да жоқ, ал малым болмағасын жем-шөп те жоқ деп зарламауың үшін мынаған сиыр сатып ал, - деп Нехлюдов қызара түсіп, шалбарының қалтасынан умаждалған бір уыс ақша шығарып санай бастады,-тілеуің бергір, мен деп алшы - сонда шетінемей, тұрақтанып қалар мүмкін, жем - шөбіңді де біздің қорадан аларсың, өзім тапсырам. Байқа, келесі жексенбіге дейін сиыр қораңда тұратын болсын: өзім келіп тексерем.
Чурис күлім қағып, қипыжықтаған қалпы көпке дейін ақшаға қол соза қоймағасын, Нехлюдов қағаз ақшаларды үстелдің шетіне тастады да, бұрынғысынан бетер қызарып кетті.
- Рақымдылығыңызға көптен-көп ризамыз,- деді Чурис үйреншікті кекесінді күлкісімен жымиып.
Сөре астында тұрған кемпір неше дүркін қинала күрсініп қойып, құдайға сиына бастағандай болды.
Жас баринді ыңғайсыздық басты, орнынан асығыс тұрып, Чуристі ертіп сенекке шықты. Өзі шарапатын тигізген адамның түр-тұрпатын көргендегі кенелген ғанибет - ырзалығы сондай - тез қоштасып, кетіп қалуға қимаған еді.
- Мен саған қуана-қуана көмектесемін,- деді ол құдық басына кідіріп,- саған көмектесуге болады, өйткені сен жалқау емессің, білем оныңды. Еңбек етуден ерінбесең - мен де қол ұшын беріп тұрамын; құдай бұйыртса, көп ұзамай-ақ шаруаңды жөндеп аласың.
- Тіпті жөндемесек те мүлде тұралап қалмасақ екен, тақсыреке,- деп Чурис бариннің жаңағы сөзін көңіліне ауыр алып қалғандай шыраймен, аяқ астынан бұртиып, шітірейе қалды,- Әкеміздің көзі тірісінде ағайын біткен бірге тұратынбыз, арамыздан қыл өтпейтін тату едік, ал әкеміз дүние салған соң алды - алдымызға бөлектеніп кеттік те, шашылған тарыдай бытырап, бірден-бірге күйзеле бердік. Жалғыздың күні қараң ғой!
- Енді неге бөліндіңдер?
- Бар пәле қатындардан болды ғой, мәртебелі тақсыр. Ол кезде сіздің үлкен атаңыз дүниеден қайтқан, о кісі болса, ондайға бару қайда, тәртіп деген тамаша болатын. Ол кісі де сіз сияқты бар ша