05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қаржаубай Сартқожаұлы
1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баянөлғей өлкесінде дүниеге келген. Түркітанушы, ғалым.

Бір жұтым қымыз






Шыбын жаны шырқырап, сырқаты тәнді сыздатқан сайын Бибісара әжей жарық дүниеден күдер үзе бастаған. Қылдай өңештен қылтанақтай ас өтпейді. Ерні кеберсіп, таңдайы қаңсып, тек бір жұтым сұйықты ғана аңсайды да тұрады. Жұтынған кезде сілекейі қоюланып, көмей тұсында кілкіп қалатын да кезі көп. Дәл осындай кезде алдамшы сәуле мен қылаңытып тұрған шайтан үміттен әбден жерінеді. Қазір де, міне, шөл қысып әкетіп барады. Шыт-шыт боп тілініп кеткен еріндері бір-біріне әзер тиіп:



— Ай-бү-бі... — деп қинала дауыс шығарды.

Айбүбі — жалғыз ұлдан көрген жалқы немересі еді. Ұлы Бекмирас ерте кетеді, кеш келеді. Күні бойы жұмыста. Ерте келген келіннен қайыр жоқ. Осындайда шықпай жатқан шыбын жанына налиды да. Бөлмесіне секіре басып Айбүбі кірді.

— Мені шақырдыңыз ба, апа?

Қаршадай қыз апасының аңсарын айтқызбай-ақ сезіп, сүт шалаптаған ақ су ала кірген екен.

Кемпір орта шыны сусынды басына бір-ақ көтерді де, сұлық отырып қалды. Маңдайынан шып-шып тер шықты. «Жасаған-ай, кімнің қарғысына қалды екенмін?!»

Жаңағыдай емес, бой аздап жеңілдеп қалғандай болды. Айбүбі оның тыртиған арық кеудесін көрпесімен қымтап, маңдайының терін сүртті. Сонсоң жанары жаудырап, әжесіне аяушылықпен қарап, мұңайып отыра беріп еді, шешесінің «Айбүбі» деген ызғарлы дауысы орнынан еріксіз жұлып алды.

— Тастай батып, судай сіңіп қайда кеттің? Сен де өлмелі кемпірмен бірге өлейін деп отырмысың?!

Төргі бөлмеден шәңкілдей шыққан бұл сөз бір аяғы жерде, бір аяғы көрде жатқан шүйкедей кемпірді қасқа маңдайдан қақ салып өткендей болды да, артынша қыстығып жылап жіберді.

— Апырым-ай, ит өлім-ай! Жанымды қинамай ала салсаңшы! — деп шын пейілмен жалына, жалбарына күбірледі. Келініне деген өкпесі қара қазандай болып, Тәңірге жалбарынды. Сосын бір мезет қалаға келгеніне өкінді. Жас шылаған көзін ашып еді, қабырғада ілулі тұрған шалының суретін көрді. Қабағы қатыңқы, бетін бері бұрмастан көзінің қиығымен немқұрайлы ғана қарап тұрғандай.

Бекмирасы елге барып, қалаға көшіріп әкететін күні марқұм шалы түсіне кіріп: «Өз отыңды өшіріп қайда барасың? Басқаның алтын тағы өз ошағыңдай бола ма?» — деп тым қажи сөйлегені әлі есінде. Бұл жолы да солай деп кіналап тұрғандай болды.

Бейшара кемпір мұнда қайбір жырғағаннан келді дейсің. Шалы өткен соң бір үйде сегіз жыл бойы жалғыз отырды. Онда да күндіз-түні жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, соны дәтке қуат қып, қара шаңырақты күзетіп қала берген. Ел іші алтын бесік емес пе, ауылдың қара сирақтары «Би-ана» деп құрақ ұшып, бірі отынын әкеп, бірі суын тасып дегендей жалғызсыратпап еді. Амал не, Бекмирасы түйе боталағандай ауылға келген сайын қалаға көш деп қолқа салуын қоймады. Бірақ бұл әуелде кір жуып, кіндік кескен жерін қиып кете алмады. Және ауылдың сыртында бір уыс топырақ боп жатқан шалының аруағынан да аттап өткісі келмеген. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер қара жер тартып, көз жұмғандай күн туса, сол қара шалының қасына томпая кетуді ойлағаны рас.

Сөйтіп, үкімет берген пенсиясы мен шал екеуінің тірнектеп жинаған азғантай дәулетін талғажау етіп отыра беретін еді, құрып кеткір, осы қу кесел аяқасты жабысты да, күн өткен сайын қыңқыл-сыңқылы көбейе бастады. Ұлы көшіруге барған жолы:

— Ойпырым-ай, апа, неғып жүдеп кеткенсіз?! — деп шошына сөйлегені бар. Ақыры міне жазымыштан озымыш жоқ деген осы болды.

Кемпір бір сәт қарсы алдындағы қабырғада ілулі тұрған келіні Марияның суретіне көзі боталай қарады. Қандай әдемі. Толқынды қара шашы кең маңдайын жиектей төгіліп, жұп-жұмыр мойынды қытықтай төмен құлапты. Ұшы сәл сүйірлеу қыр мұрынның астынан қаймыжықтай ұқа еріндері шалқасынан туған жаңа айдай қиылып тұр. Бәрі де көзге сүйкімді-ақ. Тек анау құйрығы қиыла біткен сілеусін көздерінен ғана бір белгісіз салқындық байқалатын секілді... Неге екені белгісіз, кемпірдің кәрі жүрегі кенет дір ете қалғандай болды. Сосын көзін жұмған күйі тағы да өткен күндерін еске алды. Ол кезде осы келіні мен ұлы екеуі де жалаң аяқ студент болатын. Ішер ас, киер киімге қазіргідей молшылық қайдан болсын. Шалы екеуі жылдар бойы тірнектеп жинаған он шақты домалақты келіннің қолына салғанда:

— Құдай-ау, өз қажеттеріңізге жаратсаңыздаршы. Бұны біз қайтпекпіз? — деп тартынғанда, бұл:

— Ал, қарағым, ал, бұл сендердің несібелерің ғой, — деген.

— Дүние жинағанша, білім жина деген сөз бар, апа. Екеуміз ел қатарлы жүріп жатырмыз, — деген сонда тағы. Бұған шалы екеуі қатты қуанып, іштей шүкіршілік еткен. Кейін... осыдан үш жыл бұрын қалаға келгенде киім-кешегінің арасына ораған және бір дорба ақшаны шығарып келінінің алақанына салғанда, ол сәл иіліп келіп бұның бетінен шөп-шөп сүйіп:

— Апа-ау, мұншама дүниені мен қайтемін, бірақ Мирас жаяу салпақтап жүр еді. Жарайды, аяқ артар бірдеме алар, — деп емен жарқын ашыла күліп еді. Оның бұл күлкісі кемпірдің бүкіл жүйе-жүйесіне қан жүгірткендей болған. Енді ойлап отырса, сол келіннің сондай әдемі күлкісін бұл жазған небәрі екі-ақ рет көрген екен. Екі ретінде де тек ақшамен ғана күлдірген екен.

Әлбетте, адамның бүкіл мінезі көзінде тұра ма, калай? Баяғыда... осы келіні алғаш табалдырығын аттап кіріп келгенде, қарашығы жалт-жұлт еткен сәл шегірлеу көз өңменінен өткендей, бұның жүрегін дір еткізіп еді. Иә, сонда, оған тұра ұмтылғанда, кенет қалт тұрып қалған. Неге өйткенін өзі де түсінбейді, әйтеуір алдында адам емес аждаһа тұрғандай тұла бойы қарадай қалтырап кеткені бар. Ұлы мен келіні тойын өткізіп, қалаға қайтқаннан кейін осы жайды шалына айтып еді:

— Саған да қайдағы көрінеді екен. Кім болсын мейлі, алдымен жалғызыңа жансерік болса бопты да, — деп теріс айналып кеткен-ді. Содан бері келінімен ашық- жарқын бір әңгімелесіп көрмепті. Қанша елжіреп сөзге тартайын десе де, орталарында әлде бір бөгет тұрғандай бола береді.

...Жаратылысында бұл адамдармен тез тіл табысып, шүйіркелесіп кетуші еді, осы бір жанға келгенде көңіл шіркін тұтқырланып, түртпекке көнбей-ақ қойды гой. Келінімін деп ол да көңілдегісін жайып салмайды. Әйтеуір суық қабақ танытып, томаға тұйық жүре береді. Жаратқанның бұған берген мінезі сол ма дейін десең, басқалармен ол жағы-жағына тимей, сүйрең қағып сөйлесіп жатады.

Ал бұған... басқа уақыт былай тұрсын, сырқаттанғаннан бері «Апа» деп бір рет те басын сүйеп көрген жоқ.

Әжей тағы шөлдей бастады. Біреуді шақырмаққа оқталып еді, дауысы шықпады. Таңдайы қаңсып, тамағы құрғап қалыпты. «Әттең, — деді іштей. — Бір жұтым бірдеме болса ғой». Әлде нені аңқасы кеуіп аңсайды, бірақ дәл не екенін өзі де білмейді. Егер табылса, сол ғана бұның қаталаған шөлін басатын секілді. Өстіп жатқан кезде сырттан бөтен де болса біреу кіріп келсе екен деп тілейді. Мариямен қызметтес бір әдемі келіншек бұрын жиі келіп, бұның жайын біліп тұрушы еді. Жуықта Мария: «Екеуміздің қайсымыз осы үйдің қатыны екенімізді білуден қалдым» дегеннен кейін ол да бұл үйдің есігін ашқанды қойған.

Әжей кенет басын көтеріп тұрып кетпекші болды. Бірақ ондай күш қайда-а. Ат арыса — тулақ, адам арыса — аруақ. Бұл да қазір сүйегі саудыраған аруақ болды емес пе... Не керек, бар кесел осы қалаға келген соң жабысты ғой. Жалғыз ұлдың жайын ойлаймын деп ақыры мұндай күйге тап боларын кім білген. Енді міне, елден қалай кетті, солай өресі қысқарып, өрісі тарылып, торға түскен торғайдай болып жатқан сыйқы мынау. Байлық, береке, ырыс ел ішінде, үйреніскен, қатынасқан, еңбек еткен ортаңда екен ғой.

Қазір егер шаңырағында қалқайып отырса, бірге өсіп біте қайнасқан ауылдастары мен туған-туысқандары күн құрғатпай келіп, көңілін сұрап тұрмас па еді. Япыр-ай, көңіл сұрау деген де адамға үлкен қуат екен ғой. Өткенде бір-екі рет келіннің әке-шешесі келіп: «Құдағи, жағдайыңыз қалай?», — деп жанында бірер сағат отырып кеткенде, байқұс кемпір қандай қуанды десеңізші! Амал жоқ, содан кейін кісі бетін көрген емес. Кісі бетін көрер еді-ау, тек бәрі де біреудің төбесін көрсе, төбе шашы тік тұратын тікбақай келіннің кесірі де.

Көктемде елден келген ауылдастары бірінен соң бірі кеп, жұма бойы үйден қонақ үзілмеп еді, бір күні келіні Бекмирасқа:

— Біз осы қашан ел сияқты өмір сүреміз. Қашан мына көн етікті қалың тобырдан құтыламыз. Бір шыны шайды еркін отырып ішетін күн бола ма, жоқ па?! — деп зіркілдеп жатқанын бұл ауызғы бөлмеден ап-анық естіген. Өлмелі кемпір не десін, көзінен жасы ыршып-ыршып кеткен. Бәрінен жанына батқаны, ұлы сонда мыңқ-мыңқ етіп бір ауыз сөз айта алсашы. Осы жалғыз кішкентай кезінде мынандай емес сияқты еді. Тым өзгеріп кеткен. Ол қиыла сұранып қалаға кетейік дегенде, бұл:

— Қарағым-ау, мектебіңді бітірдің, енді елге келіп ал. Мұнда да екі қолға бір жұмыс табылар, — деді. Ұлы мырс етіп миығынан күлді де:

— Мұнда келсек, өспей қаламыз ғой, апа, — деді.

Кемпірдің жүрегі шым етті. «Ойпырым-ай, бұл өзі не болып кеткен», — деді іштей шошына.

— Мұндағы азаматтар өспегеннен өліп қалған жоқ қой. Өзіңдей балалар да елге себін тигізіп, жұрт қатарлы өмір сүріп жатыр. Бұлардан артылып қайда барасың, қарашығым? — деген тек қиналып.

— Жоқ, апа, бұндағы жігіттер бір ауылдың қамын ойласа, біз бір елдің жайын ойлайтын болуымыз керек, — деп ол ойлана, өзін соншама асқақ ұстай сөйледі.

Кемпірдің көзі шарасынан шыға, иманын үйірген адамдай күбірлеп: «Астамшылық-ай!» — деді. Жалғызы мүлде бөтен біреудей көрінді. Дегенмен бұл ұлын жамандыққа қиғысы келмеген. Жан жүйесін жайлаған «астамшылық» атты аурудан жалғызын арашалап алып қалудың жолын таппай, жүрегі шырқырап тұр.

— Құлыным-ау, — деді теріс айнала бере көз жасын іліп тастап: — Отан отбасынан басталады емес пе? Иектеген астамшылығың не бұл?!

— Апа, сіз қызықсыз. Үлкен постыға көтерілу үшін үлкен жүрек керек. Мен өз күшіме сенбесем, былай демес едім, — деп ол есе бермеді.

— У, балам, тек адал жолмен жүрсең болды да, — деді әжей, күрсүніп. — Адал болсаң, адамдар саған қорған болар. Өмірде арамдық, қарақұйрықтық, қулық-сұмдық еткен адамның ісі оңып көрген жоқ.

Сонда ол арқасына ер батқан аттай белі былқ ете түсті де, жанарында әлде бір жасанды жалын ойнап:

— Көлеңкесіз кісі көргем жоқ, әділ болған әкем бір ауылдан асты ма? — деген беті бүлк етпей.

*******

Бұл үйдің есігін ашатындар әлгі бір жоғарғы жұмыстағы үш азамат. Арақ ішіп, бірін-бірі қолпаштап, көлгірси мақтайды-ай кеп. Сонсоң арқаларынан қағысып, қарқ-қарқ күліп шығып кетеді. Соның күші ме екен, Бекмирас қарапайым инженерліктен, бастыққа, одан жыл өте бере әлгібір бастау органының бастығына көтеріліпті. Бір жолы жолдастары ойнап-күліп кеткеннен кейін, Бекмирас: «Министрліктің төбесі жақын қалды», деп дауысын шығара өз-өзіне күбірледі. Сонда бұл ұлының ішкі ойын ұққан-ды.

...Бибісара әжей өмірдің қараң-құраң қалтарысын ойлай-ойлай күнді батырған. Қоржын бөлмеде Бекмирастың даусы шықты. Әжей дереу құлағын түрді.

— Мария, сен бері қара. Менің әкем өмір бойы бастық деген айдар таққанымен бірлестіктің орынбасарынан өрлеп көрген жоқ. Сенің әкең отыз жыл дәрігерлік қызымет атқарғанда сектор меңгерушісінен ары аяқ басты ма? Ал енді Бекмирасыңа бір қарап қой! Бүгіннен бастап сен енді жаман мәстектей «Москвичте» емес, есік пен төрдей «Волгада» шайқақтайсың, — деген сөзі естілді.

— Мирасжан, құттықтауға жолдастарың кеп қалса ұят болар, екеуміз әуелі дүкенге жүгірейік — деді, келіні сасқалақтап. Сонсоң сөзінің арасында:

— Апаң «қымыз-ай» деп сандырақтап жатты бағана.

— Япыр-ай, ә! Қымыз аңсап жатыр дейсің бе? Жақын маңайға жүріп кетсе табылар ма екен? — деді ұлы.

«Қымыз! Не деген әдемі нәрсе?!».... Бибісара әжейдің таңдайы онан әрмен кеберсіп, тұтқырланды. Құлағы шуылдап, көзінің алды тұманданып кетті. Сол тұманның арасынан үлкен мейіз сабада асып төгіле жаздап тұрған қымыз ғана көрінеді. Оның мұрын жарар иісі бөлме ішінде аңқып кеткендей ме, қалай?

Дәл осы кезде қоржын бөлмедегі Марияның:

— Бұл ненің иісі. Несептің иісі ме? — деген дауысын естіп жатты. Жер жыбырлап жүретін уақыты біткенін кемпір сезді. Демі жиілеп, жаны шықпай шырқырап тұрды. Тілініп, көгеріп кеткен ерні шөл басар бірдеме ішуді ойлады. Жанындағы жатаған стөлге етінен айрылған халсіз қолын созып көріп еді, еш нәрсе ілінбеді. Жүрегінің соғысы жиілеп, дем ала алмай екі танауының етегі қусырылып кетсе де, есінен айрылған жоқ.

Өз қуаныштары өздерінде болып жатқан әке-шешесінен сытылып, әжесі жатқан бөлменің есігін ақырын ашып кіріп келген Айбүбі шошып кетті. Әжесінің көзіне немере қызы ұзақта-а-ан бұлдырлана көрінді. Ол қолын көтермекші болып еді, шыдамады. Тілініп кеткен еріндері зорға бір-біріне жанаса «Бір жұ-т-ы-м қ-ы-м-ы-з» дегенде, жағы бос қалып, көзінің қарасы жоғалып кетті.

Кішкентай Айбүбі әжесінің көз жұмғанын білген жоқ. Оның адам шошырлық түріне қарап баж етті.

— Бір жұтым қымыз! Әжеме бір жұтым қымыз берші, көке?! — деп еңіреп жіберді.

Оның даусын естіп сасқалақтап келіні мен ұлы келді.

Бибісара әжейдің бетіндегі әжім мен шөлдеп тілініп кеткен ерінде аңсары ауып, мәңгі-бақи шөлі қанбай кеткен белгі тұр...