Әдебиет
Қаржаубай Сартқожаұлы
1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баянөлғей өлкесінде дүниеге келген. Түркітанушы, ғалым.
1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баянөлғей өлкесінде дүниеге келген. Түркітанушы, ғалым.
Апажан-ай, сағындым ғой өзіңді...
Апа, мен ұйықтап жатырмын...
Алтынмен аптап, күміспен күптеген далада да емес, дәлірек айтқанда, сіздің Алтайыңызда да емес, атамның арман қуған Көкшесінде де емес, мына ұлыңыздың дүниеге келген торқалы бесігі Жалаңашта да емес, балалық балғын шағым қалған балауса Бұлғын өлкесінде де емес, сонау Ұланбатыр қаласының жұпыны ғана бір бөлмесінде.
Алакеуім қараңғы. Ай шұғыласын жалбыр бұлт көшірме көрпесімен көлегейлеп алған. Бөлме іші қара мақпал қараңғылықпен көмкерілген, салқын леп жоқ, тымырсық. Иә, мен ұйқысырап жатырмын...
Түс көріп, тұншыға бұйығып, демім жиілеп шығады. Кішкентай сарыауыз балапан сәби кезім екен деймін. Сіздің қайқыбас қазақый ағаш төсегіңіздемін. Былдырлап, аузым томпаңдап сөйлеп жатырмын. Кішкентай тәмпіш танауымның ұшы терлеп-тепшшіп, пыс-пыс етемін. Сәби реңімде еш уайым-қайғы, қуаныштың да нышаны жоқ. Көзімді жұмып алып, «Кішкене-кішкене көз жақсым, көз жақсым» деймін. Сіз аналық мейріміңізбен егіле, емірене мені аялағандай, елжірей еркелеткендей болып бауырыңызға басып, «Қойшы, қарғам, қойшы, қарашығым, қойшы, менің қоңыр қозым!» — деп айналып үйірілесіз.
Мен онан арман тырбанып, сіздің кимешегіңіздің астына кіріп барам. Тағыда былдырлаймын, тағыда ұйқысырап, аузым томпаңдап, сөйлеп жатырмын.
Біздің үйде бір саулықтан тараған төрт көзгіл қой бар болатын-ды. Шіркін, қой баласында осылардан сүйкімді, осылардан момақан малды «Меккеге барсам да» таппаспын. Бұлардан туған қозыларды жаныммен жақсы көріп, күндіз-түні алдымнан тастамай жүруші едім. Түнде жатарда апамның ірге жағына алып құшақтап жататынмын. Мен ұйықтаған соң апам, оны оң жақтағы көгенге апрып көгендейді екен. Ертеңінде:
— Шіркін мал болса да серігін қайдан қисын. Сенен айрылғанына ызаланып, көпке дейін маңырап тоқтамайды, — деп апам мен жеңгелерім көзгіл қозымен менің әрекетіме тамсана қарап, құмарта қызықтап кеңесуші еді.
Ой, сүйкімділік-ай десейші?! Сол бала кезімдегі кішкентай көзгіл қозыны қайта-қайта түсімде көріп, сол бір пәк шағымды сағынғандаймын!
— Шіркін, әсемдік адамның көз алдынан кетсе де, көңілінен кетпейді екен ғой.
О, айналайын көзгіл қозым-ай! «Айналайын» демекші, айналып кетейін оқырман достарым-ай! Мың мәрте ғафу етіңіздер! Сөйтіп жеңгелерім менің атымды атамай көзгіл қозымен бірге «Көз жақсым» деп атап кеткен-ді.
Ойхой дүние-ай, сағындым-ау сендерді, асыл жеңгелерім!
Ойдан қалжырап ұйықтап кеткен екенмін, тағы да суыртпақтап түс көре бастадым.
Үстімде көк дәйлімбімен (көк мата) тысталған күпім бар екен деймін. Салқын самал сәл қоңылтақсытқандай, күз уақыты ма қалай? Қораның ортасында ауыл әйелдері жүн сабап жатыр. Шақырым жерден-ақ сартылдап естілген сабау даусы құлақ тұндырады. Көк күпімнің етегі тілім-тілім боп, сабау мініп шапқылап жүрмін. Апам отау мен біздің үйдің арасында өрмек құрып, басқұр тоқып отыр. Танауымның суы жылт-жылт етіп, ит үрген жаққа қарап апама:
— Апа, ошаққа шай қойыңызшы, әне кісілер келе жатыр — деймін. Апам үнсіз ғана басқұрдың ою-өрнегіне үңіліп, өрмектің желісін шала түседі.
— Қайдағы бір қудың үйіне ұқсамай шай қойып отырыңызшы, апа — деп ақыл айтқан болам.
Апам менің сөзіме риза болды ма, әлде келе жатқан аттыларды көзі шалды ма, орнынан тұрып, үйге барып шай қойып қайта шықты. Сонан кейін мені иығына дейін көтеріп, көкірегіне басып, мейірленіп маңдайымнан иіскеді.
— Ой, айналайын Шүкмәнім-ай! Ақылыңа болайын, — деді.
Мен анамның құшағынан сытылып шығып, сабауымды қамшылап, тай боп мөңкіп, шапқылап барамын, шапқылап барамын...
Бөлменің ыстығынан ба, тағы да оянып кеттім. Енді ұйқылы ояу жатырмын.
Екінші класты бітірген жылғы жазғы бір оқиға көз алдымнан көлбеңдеп өте берді. Осындайда ойыңа қай-қайдағы тізіліп өте береді ғой.
Өзіміздің Шалқардың үш Көкбұлағының басы екен деймін. Сары сүрлеумен нақышталған төсте қой жайып жүрмін. Кеше құрған қақпаныма бардым. Қақпан жер жұтқандай жоқ, орны ғана қалыпты. Сүйретінді ізіне қарағанда өрге тартқан сияқты.
Із шалып, ала тайды сыпыра қамшылап, өрге қарай өбектеп келем. Түйе қорымның етегінен қақпанымды таптым. Қақпанда ақшулана бастаған Алтайдың қызыл түлкісі жатыр. Әнтек жаз уақыты болғандықтан ақшуланып кеткені болмаса, жетілген шақта кез болса таптырмастың өзі. Көргенде қатты қуанғаныммен өлтіруге жүрек дауаламайды. Қуанғандікі ме екен, әлде қорыққандікі ме, жақындауға бата алмай, бақырып-шақырып айқайлап жүрмін. Жүрегім орнына қонақтамай дүп-дүп етеді.
Әйтеуір үлкендерден естігенімді істеп, оң жақ үзеңгімді шешіп алып, ат үстінен үзеңгімен соққылап жүріп, қара тұмсығынан қанатып, әзер дегенде өлтіріп, байландым-ау, шіркінді.
Қанжығама Алтайы қызылды жер сыздыра салақтатып, қойды айдап, көңілім өсіп, ауылға келдім. Алдымнан ауылдың қара сирақтары жүгіріп шығып, үдірейе қарасып таң қалысты.
— Шүкмән аға, Шүкмән аға, қайтіп ұстадыңыз?! — деп жамырай шулап қоршап алған.
Кейбіреуі: — Ойпырым-ай, дөкейін-ай, — деп тамағын кенеп, күпие сөйлейді. Мен өзімді бұларға қарағанда үлкен кісіге балап, тіл сындырмаймын. Қабағымды түйіп, жан-жағыма маңғаздана көз салып, әлден соң:
— Қойыңдар, атты үркітесіңдер! — деймін тап бір қасқыр емген бұғалақтай бұғы асау үйретіп жүргендей.
Балалардың шуылдаған дауысымен апам үйден шыға келді. Бүкшеңдеп кеп менің тайымның шылбырынан ұстап, түсе алмай тұр ма дегендей сүйемелдеп түсіріп алды.
— Айналайын, адам болғаның осы! Құдай жолыңды жарылқасын!- деп күбірлеп, Құдайына сыйынып үйге алып кірді. Үйде отырған әйелдерге мақтана сөйлеп, «басқасын білмеймін, осыным адам болады. Атасының сүт кенжесі ғой. Алдындағы бір қыз бен бес ұл бір төбе де, бұным бір төбе. Осының қызығын көріп, кенже келінімнің қолынан бір кесе шай ішіп өлсем арманым жоқ, — деп сары шайға майын салып, сапыра сөйлеп жүр.
Менің қуанышымда шек жоқ.
Шіркін, ана-ай десеңші! Сәл жақсылығыңды көрсе көңілі көк күмбездей көтеріліп, асып төгіліп тұрады. Сәл кемшілігіңді көрсе, маңдайымен жер басып, кірерге тесік таппай қиналады. Ана көңілінің дархандығы, ана көңілінің мейірімділігі бала жанына қажымас қайрат, қайсар сезім сыйлағандай. Алдындағы алтауын апам шынында да мендей жақсы көрмейтін сияқты. Маған деген ықылас-пейілі тым ерекше. Үлкен ағайларыма ұрысқанда: — Сендер Шүкмәнімнің шалымына келмейсіңдер, өңшең ез әдірә қалғырлар! — деп кеюші еді. Кенжесі болғандықтан ба, апам мені басқалардан бір елі биік ұстаушы еді.
Апам түлкіні аунатып көрді де: «Ақай түлкі екен» — деді. Мен бұл сөзге түсінбей:
— Апа, «Ақай түлкі» деп қандай түлкіні айтады, — дедім. Аз ойланып отырды да, сәл қабағын шытып:
— Е, қарағым, осы заманның балалары өз тілін өзі білмей барады ғой. Сұрап алғанның артығы жоқ. Сен түгіл ағаларың да білмейді. Кейбіреулер қыз баласына «Ақай» деп ат қойып жүр. «Ақай» деп атам қазақ қаншық түлкіні атап келген, — деді үйірілген сары шайын сораптап ішіп. Мен сәл ойланып отырдым да:
— Апа, маған қалайша «Шүкмән» — деп ат қойғансыздар? — дедім.
Апамның аналық мейірімі сыртына балқып шыққандай әжім басқан реңінде күлкі ізі білініп:
— Қарашығым-ау, «Шүкмән» деп қарлығаштың ақүрпек балапанын айтады. Соған балап атаң марқұм қойған еді, — деді.
— Менің дәл қазіргі бітімім мынау, алпамсадай, екі иығына екі жігіт мінгендей. Кішкене күнімде бұдан да ірірек болғамын-ау, шамасы? — дедім, сөзіме қалжың араластыра сөйлеп. Апам менің теңеуіме риза болғандай миығынан жымиып күліп қойды.
***** ***** *****
Ойдан қалжырап, көзім ілініп кетіпті. Тағыда түс көріп ұйқысырап жатырмын. Ауыл Шалқарда екен деймін. Апам қатты жүдеп кетіпті. Қолына кенеп қап ұстап, ауылдың бас жағындағы дөңге шығып тезек терген болады.
О, менің аялы алақаным, арқа сүйер анашым-ай! Неменеге тезек теріп жүр дейсіз. Ой теріп жүр ғой...
Аймақтан Бұлғынға қарай тартылған үлкен қара жолға үңіліп қарай береді. Көкірегіне сағыныш сазы батқандікі ме екен ауыр ойда. Бұрыңғыдай емес бала-шаға, келін-кепшектерімен де сөйлеспейді екен. Томаға тұйық бір күйге ауысқан-ау деймін іштей.
Немере-шөберелері «Кәрі апа, кәрі апа!», деп апалап артынан қалмайды. Апамның көңілі оларда емес. Қаладан ауылға қарай бет алған кенже ұлын аңсай күтіп, көз жанарын алысқа қадайды. Шашын қылау басқан. Ақ шылауышының бір ұшы сүйретіліп, аналық сезімнің белгісі іспетті жел өтінде толқиды.
Анашым-ай! Мені неге сонша аңсап сағынасыз?!
Айналайын, апажан-ай! Басқа балаларыңызды неге медеу тұтпайсыз?!
Түс дегеніңіз қызық қой. Көзді ашып-жұмғанша апама барған екенмін деймін.
Апам былтырғысынша қуанышын баса алмай, маңдайымнан иіскеп, баяғы сәби кезімдегідей бауырына басып аймалап, үйіріліп жатыр. Менде жылап жатырмын. Өксігімді баса алмай сырма кимешектің астына кіріп барам. Сағыныш. Шіркін, сағыныш күші-ай деген!
— Қойшы, жаным, қойшы. Саған не болды, — деген дауыс құлағыма шалынды. Мейірімі ана мейіріміндей ме қалай? Бірақ өктемдеу. Майда ыстық леп бетімді, мойнымды шарпып өтті. Өксіп жылап жатырмын. Бетіме бір тамшы домалап түсті.
Жаңағы дауыс апамның дауысы емес екенін енді білдім.
Иә, болашақ келініңіз екен, апа!...
Жыл құстары қосағымен туған ауылына қайтады емес пе?
Апажан-ай сағындым ғой өзіңді.
О, менің сүйікті апам!!!