05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.

Олар екеу, мен жалғыз






Сол жылы көктесін де тым ерте аяқтанды. Әне-міне демей-ақ `су тасыды, сүт пісті` деп аталатын көкорай маусым да өтіп қалды. `Сүт пісті` дегені — қай малдың ағын татып көрсеңіз де, көкшілденіп, жуа иісі аңқып тұратын. Оның кейде `Сәуірдің қызыл майсасы` деп те аталатыны бар. Нендей мағынамен осылай делінетінін өз басым оншама айыра білмеймін. Шамасы, қызғалдақтардың соншалықты қалыңдығынан осылай аталатын болса керек. Жұдырықтай-жұдырықтай қызыл гүлдердің бастарын бұлғап, лаулаған өрттей болып тұрып алатын уағы осы ай.

Бірақ дәл мұндай көріністер қазір біздің ауылдың маңында емес, қырық-елу шақырым жырақтағы Кербұлақ тауының ішінде. Керек десе, ауылдың `асыранды` гүлдері аталатын сарғалдақтың да тұқымы қалмапты. Маған ауырлау тиіп отырғаны да осы жай. Әдебиет пәні мұғалімінің демалыс кезінде орындап келіңдер деп тапсырған `Көктем гүлдері` атты шығармасын нағыз гүлдерді көріп отырып емес, көз алдыма елестету арқылы жазуыма тура келді. Бұдан біраз күн бұрын болса ғой, есіктің көзіне дейін қыдырып келіп жүретін гүлдерді қасынан қарап тұрып көшіріп бере салуға болатын еді. Енді, міне, қалам ұшы тұйыққа тірелгендей.

Мұғалім алдына қалай да құралақан бармау үшін өзімді өзім қыстай түстім. `Гүл, — деп бастадым алғашқы сөйлемімді, — көктем кезінде жер бетіне өніп шығатын өсімдіктер ішіндегі ең қадірлісі. Сондықтан да оған әрбір адам ерекше ілтипат көрсетіп, аялағысы келеді... Гүл — ғашықтар тілі. Бір-біріне ынтық жүректер гүл шоғы арқылы түсініседі...`

Байқаймын, кейбір кітаптардан оқыған сөздерге еліктеп, гүл жайындағы сөйлемдерді махаббат дегенмен ұштастыра беруге болатын сияқты. Бірақ мұндай жазбалардың жарға соқтырмасына кім кепіл?! `Бесіктен белі шықпай жатып ғашықшылын қарай көр` десе, не демекпін. Қой, абырой әперетін сөйлемдер сиқы мұндай бола қоймас. Басқаша жазғаным жөн. Және басқа балаларға ұқсамайтындай етіп бейнелеуім керек. Қызыл гүл мен сары гүлді екі оқушының бірі жазып баруы анық. Ендеше, мен басқа гүлді суреттеуге тиіспін... Ә-ә... Гүлзаттың көйлегінде жаңбырдың тамшысы реңдес уақ гүлдер бар емес пе еді. Қатырып тұрып соны жазып барайын. `Әр бұлбұл өз үнінде сайрауы тиіс` деп мұғалімнің өзі айта бермеуші ме еді...

Мен Гүлзаттың бейнесін көз алдыма әкелдім. Ұшы сүйірлеу қырлы мұрны, мұңға бейімдеу ұялы көздері, желкесіне түюлі жүретін қара шашы қасымнан көрінгендей болды. Ақ жағалы мектеп формасы өзіне қатты жарасушы еді. Кейінгі кездері онысын тастап, басқа түсті матадан киінетінді шығарыпты. Не себепті екенін қайдам, ол жаңағы гүлді көйлегін киіп жүргенде, рең кейпінен біртүрлі есейгендік, байсалдылық аңғарылатын. Ондайда менің көңіліме: `Әкел қолыңды, осы қыз біздің кластан кеткелі жүр` деген күмән ұялайтын-ды... Көрші болғандықтан ба, басқа қыздардай емес, Гүлзаттың жүріс-тұрысын көбірек аңдитын сияқтымын. Қазір де сол туралы ойға шома бастаған едім, терезеден қараң етіп екі бейне өткендей болды... Гүлзатты даусынан таныдым. `Ой, тоба, кімді ойласа, сол тап болады деген сөз қандай рас, - деп ойладым мен, үстел үстін апыл-ғұпыл жинастырып жатып. Үй іші де ашық-шашық жатыр еді, бұлар қайдан сап ете түсті?`

Оны-мұныларды реттегенімше, екі күлкі бөлмеге де кіріп үлгерді.

— Қайырлы күн, Қайрош.

— Саламат па... төрге шығыңдар. Мен мына бір жерді икемдеңкіреп тастайын. Шамалы шашылып кетіпті.

— Еш нәрсе емес, Қайрошты сынағалы келді деймісің? Менен қысылмай-ақ қойсын, -деп Тұнық күлді. Уақ тістері іш тартқандай аппақ екен. Мен шынымен-ақ ыңғайсыздана бастадым. Қанша айтқанмен, Тұнық басқа кластың қызы. Гүлзатқа қарағанда сырт сыйлас. `Айналасын шашып тастап, ортасын ойып отыра береді екен ғой` деген пікірде қалуы да мүмкін.

— Міне, қазір, бір-ақ минуттың ішінде...

Гүлзат менің қолымдағы сыпырғыға жармасты:

— Әкел, мен тазалайын.

— Жоқ, өзім-ақ.

— Қайрошқа сыпырғы ұстаған жарасады екен, өзі ұстай берсін, — деді Тұнық тағы да күлімсіреген пішінмен.

— Мен Қайрошқа мұндай жұмыспен айналысуға рұқсат етпеймін...

Гүлзат қолымдағы сыпырғыны алды. Мен орындықтарды жайғастыра бастадым....

— Отырыңыз, Тұнық...

— Біз әбден отыра-отыра шаршап келдік.

— Отырғанға да шаршай ма екен?

— Шаршадық, сенбесеңіз, Гүлзаттан сұраңыз.

— Солай ма, Гүлзат?..

— Рас, Тұнық: `Ішім пысты, Қайроштың үйіне барайық`, — деп мазалаумен-ақ шаршап бітті.

— И-й, өтірікші қыз, `Қайрошты көрмесем, отыра алмаймын`, — деп ертіп әкелген өзің емес пе едің...

— Иә, мынаның айтқан сөзін қарай көр, — деп Гүлзат Тұнықты біраз қытықтап алды да, маған бұрылды: — Қайрош, кел, бүгін бір жаққа барып қайталық, шынында да, біздің ішіміз пысты.

— Қай жаққа барамыз?

— Оны сен ойлап тап.

— Сондай қай жаққа?..

— Мейлі, қай жақ болса, сол жақ болсын.

— Онда `Шоқпар асуына` баралық. Нағыз қыдыратын жер — сол ара.

— Оған қалай жетеміз?

— Тіптен оңай, кез келген `товарныйға` мінеміз де, асудан түсіп қаламыз.

— Міне идея! Сен қалай қарайсың, Тұнық?

— Маған бәрібір, өздерің біліңдер.

— Онда былай болсын, — деді Гүлзат. — Бәріміз де жылы киініп, шыны-шәйнек, нан-панымызды алайық та, сонда түнейік. Ертеңінде гүл теріп қайтамыз.

— Кешкісін қорықпаймыз ба? — деп құрбысы күмәндана бастап еді, Гүлзат ұялы көздерін жыпылықтатып:

— Несіне қорқамыз?! Гүл теруге барғандардың барлығы да сонда түнеп қайтады. Үшеулеп жүріп те қорқамыз ба? — деп тыйып тастады.

— Сонда үйге не демекпіз?

— Мына колхоздағы жолдасымыздың бірінің үйінде болдық дей саламыз. Олар біздің не істеп жүргенімізді қайдан білсін.

Біз Тұнық екеуіміз үндегеміз жоқ. Мен мына сөздерге нанарымды да, нанбасымды да біле алмай, аң-таң болып тұрмын. `Шешелері сезіп қойып, шаштарын жұлып жүрмесе игі еді!`

— Жүрмек болсақ, не тұрыс бар, ертерек жол қамына кіріспейміз бе?

— Жарайды, мен даярмын.

— Онда сен Тұнық екеуімізді каналдың арғы шетіндегі арықтың ішінен күт.

— Мақұл, сендер бірақ тез шығыңдар.

— Бас-аяғы жиырма минутта сонда боламыз.

Гүлзат пен Тұнық шығып кетті.

Мен бұл іске әлі де сеніп болғаным жоқ. Қас пен көздің аралығында жарқ ете қалатын найзағай құбылысы сияқтанды. Гүлзаттың желіккенін көргенім осы. Үндемес момындығымен бірге қайратты қызбалығы да бар екен... Құрбысы да қызық мінезді. `Маған қайда барсақ та бәрібір` деп қасқайып тұр. Жоқ, әлде бұрыннан екеуара келісіп алып, алдын ала пісіріп келген әрекеттері ме?

***

Гүлзаттар көп күттірген жоқ.

— Тезірек бел асып кетейік, — деп асықтырып келді.

Гүлзаттың кигені көнетоз қызыл жемпір. Ішіндегі жылы жейдесі де байқалып тұр. Ал Тұнықтың үстіндегісі әкесінің күпәйкесі болса керек, қоңылтақтанып ұзын көрінді. Екеуі де орамалын алқымдарына түсіре байлап алыпты.

— Мынамен тоңбайсың ба? — деді Гүлзат менің жалаң қабат костюмімді нұсқап.

— Түн жылы ғой, не қылар дейсің.

— Тау түні салқын болады. Одан да, сен жүгіріп барып қалыңырақ киініп кел.

— Қайтадан үйге барып па?

— Несі бар, біз осында кідіре тұрамыз.

— Ары-бері шұбаймыз деп, біреулердің көзіне түсіп қалармыз, — деді Тұнық. — Тіпті жаурап бара жатса, мен-ақ күпәйкемді шешіп беремін.

— Жоқ, мен қар жауса да тоңбаймын.

— Е, одан да сүйтсеңші...

Біз ауылдың өкпе тұсындағы разъезге төтелей тарттық. Сол арадан кез келген поезға отырып, `Шоқпар асуынан` түсіп қаламыз.

`Шоқпар асуы` біріне бірі мінгескен бес-алты тау жотасынан тұрады. Әр қырқасына көтерілген сайын жақпар тас, жалаңаш құзданып биіктей бастайды. Сондықтан да бұл тұсқа келген қай поезд болмасын, бұрынғысынша екпіндей алмайды.

Қос рельске жабыса түсіп, әрең жылжиды. Не ойға, не қырға барар жолаушының осы арадан мініп, осы арадан түсіп қалатыны да сол себепті.

Бұл ара осындай қиын өр, шұғыл еңіс болуымен бірге табиғатының сұлулығымен де аты шыққан жер. Әр түрлі гүл атаулы ыстық жаздың ортасына дейін өңін бермей, қызылды-жасылды боп тұрып алады. Кез келген жыра-сайларынан атқылайтын мөлдір бұлақ, бастаулары да мол.

Бармақтай бүлдіргенді баурайы төмендеп келе батсайы жасыл шалғынға ұласып кетеді. Түйенің қос өркешін жасырарлықтай өсімтал ұзын шөптері де көп. Жолымыз оңғарылса, жасыл алқаптың жабайы гүлдеріне құшағымызды толтырып қайтпақпыз.

`Шоқпар асуына` түнерліктей біз қашан жүрек жұтып ек, — деп ойлап келе жаттым мен, осы сапарға әлі де сеніңкірей алмай. — Разъезге жетісімен жер қашықтығын сылтауратып кері оралатын шығармыз`.

Шынымды айтсам, Шоқпар шатқалының қап-қара түнінен сескенетін сияқтымын. `Әлдеқалай бір іске тап бола қалсақ, мына екі қыздың не септігі тиер дейсің...`.

— Қайрош жалғызсырап келеді, — деді қасымдағы Тұнық күліп.

— Қалайша жалғызсыраймын?..

— Қалай айтсаңыз да, көңіліңіз көтеріңкі емес қой.

— Сізге солай көрінуі мүмкін...

Мына қыздың жасырын ойымның төбесінен түскеніне шамалы ыңғайсызданып қалдым... `Бәлесін қарай көр өзінің...` Сөзге Гүлзат араласты:

— `Сіз, біз` деп қиылғандарыңды қойыңдаршы! — деді екеуімізге бұйырғандай қып. — Үйренісетін уақыттарың жетпеді ме? Қашанғы сызыла бересіңдер...

— Мен Тұнықты `сен` дей алмаймын.

— Немене, ол сенің апайың ба еді?

— Құрбылас болсақ та...

— Мен де солай, — деді Тұнық. — Біртүрлі ұят секілді.

— Ал мен, — деді Гүлзат алға қарай жүгіріп шығып, — сендер қашан `сен` десіп сөйлеспейінше, қастарыңа келмеймін. Қара, бұлардың сыпайы бола қалуларын...

Ол алдымызға түсіп, кәдімгідей ұзап кетті. Қолындағы түйіншегін біресе сол жағына, біресе оң жағына лақтырып ойнап, бұрылар емес. Бірте-бірте алыстап барады...

— Әкеліңіз, мен алып жүрейін, — дедім мен Тұнықтың қолындағы сумкасынан ұстап.

— Біз әуелі Гүлзаттың тапсырмасын орындалық.

— Жарайды, қазірден бастап мен сізді `сен` деймін.

— Мен олай атай алмаймын.

— Неге атай алмайсыз?

— Кәне, `сен` дегеніңіз?

— Аузым үйреніп кетіпті.

— Онда жаттығып алыңыз.

— Ал сен ше?

— Мен де сүйтемін...

Осы кезде Гүлзат бізге қарай қолын бұлғап:

— Жылан, жыланды қара, — деп дауыстады.

Біз жүгіріп жетіп келсек, қара шұбар жіңішке жылан боз жусаның түбіне оралып алыпты. Басын қаздитып, айыр тілін сумаң-сумаң еткізеді...

Менің жүрегім су ете түсті. Тіпті одан он метрдей аулақ тұрсам да, қарасұр реңінен дегбірім қалмайтын әдетім болушы еді. Тұла бойым тітіркеніп, шегіншектеп қалдым.

— Тілін суырып тастап, қалтамызға сап аламыз, — деді Гүлзат әлгі жыланға жақындай түсіп.

— Қой, Гүлзат, көктемгі жыланның уы қатты болады, тиіп кетсе-ақ тіл тартқызбайды, деп Тұнық та кейін шегіншектеді. Оның да қоңырқай көздері тіксіне қалыпты.

— Т-с-с... — деді Гүлзат. — Атымызды атамайық... Атаған соң, өлтіріп кетуіміз керек. Әйтпесе, қай жерде жүрсең де іздеп келіп шағып алады.

Ол қолындағы борпылдақ кесегін жіберіп қалып еді, дөңгеленіп жатқан жылан жазыла түсіп, бізге қарай сумаңдап берді. Мен секіріп-секіріп арықтың арғы жиегіне шығып кеттім. Тұнық та мен жаққа жүгірді. Гүлзат болса ешқандай сасқан жоқ. Қолындағы қураймен жыланның қаздиған басына жармасып жүр. `Мынаның батырын! — деп ойладым мен, Гүлзаттың әрекеттері менің жігіттік атыма таңба салып тұрса да, қызыға қарап. — Ұл боп туса ғой, нағыз жанкештінің өзі болар еді...`

— Жүр, Гүлзат, жыланға бола жолдан қаламыз ба? — деп, Тұнық бір-екі рет қайталап айтты. Байқаймын, ол да мен секілді жүрексініп тұрғанға ұқсайды...

— О, су жүректер, — деді Гүлзат.

— Сендер менің жаңағы айтқанымды істемесеңдер, мынаны мойындарыңа саламын.

Ол жыланды көтеріп, бізге қарай бұрылды.

— Қой, Гүлзат, таста! Дұшпаның көтеріледі...

— Мейлі, менің жаңағы айтқанымды істейсіңдер ме, жоқ па! Кәне, бір-бірлеріңе `сен` десіңдер...

— Біз әлдеқашан солай дескеміз... — дедік Тұнық екеуіміз қосарлана дауыстап.

— Менің көзімше айтыңдар!..

`Сен` деді Тұнық маған қарап. Мен де оған `сен` дедім. Екеуіміз бір-бірімізге қарап күлімсірегенімізбен, көз миығымыз Гүлзаттың қолындағы жыланда.

— Ә, сабаздарым, ендігәрі менің айтқаныма көнбейтін болсаңдар, мен сендерге осылай істеймін, — деді ол өз дегені болғанына шаттанған кейіппен. — Тауда не көп, жылан көп. Ұстап аламын да, мойындарыңа орай саламын. Осыған келісесіңдер?..

— Келістік, тентек қыз, — деді Тұнық құрбысына күлімсірей қирап. — Бірақ сен андағыңды тасташы, адамның жүрегін дуылдатпай. Не десең де, сенің айтқаның болсын.

— Ым, сендерге сол керек.

— Біз не жазыппыз соншама?

— Жазықтысыңдар...

Гүлзат қолындағы жыланын арық кемеріне жіберді.

— Ал кеттік, ендеше!..

Ол Тұнықтың қолтығынан ұстап алды да, жасыл шөптерді шиыра адымдады.

— Жүрген соң, әскерше жүру керек қой. Қайрош, сен Тұнықтың ар жағынан қолтықтап ал.

— Мен осылай-ақ жүре беремін.

— Байқа, бала, жаңағы жылан төбеңде ойнақтап жүрмесін.

— Не себепті?

— Себебін қарындасыңнан сұра.

— Кел, Қайрош, — деп Тұнық қолын ұсынды. — Осы сапар Гүлзаттың-ақ айтқаны болсын.

...Біз үшеуіміз қолтықтасып алдық.

Ауылдан алыстаған сайын әр түрлі гүл шоқтары алдымыздан жамырап шыға берді. Өңкей бір нәзік қылықты, бізге аттары беймәлім гүлді жапырақшалар ана жерден де, мына жерден де қылаң етіп, қою көк арасына жасырына түскендей болып, ілесті де отырды. Кейбіреулері тосын жүрістен секем алып қалғандай, қайырыла қарап тұрып, таң қалған пішінмен бас шұлғиды. Кейбіреулерінің жүзінен қуанышты сәбидің кейпі аңғарылғандай. Ана бір ойпаңдағы қалың `бақбақ` бастарына жібек шатыр ұстаған ертегі қыздарын көзге елестетсе, мына бір қыраттағы ақшабас шағын гүлдер ескен самалмен ирелеңдеп, жас қозылардың асыр сап жүгіргеніндей ойнақ салады...

Гүлзат пен Тұнық тірі гүлдерді майыстырып, менен оқ бойы алда келе жатыр. Өздерінше сыбырласып бір нәрселерді айтып, күлісіп қояды. Мен оларды тап қазір ұмытып кеткен едім. Жасыл бояуы сыртына төгілген мына дала көрінісін мұғалімге қалайша жазып жеткізсем екен деген мазасыз аңсау жүрегімді баурап алды. Бұдан бұрын дала көрмегендей-ақ, жан-жағыма алақтап қараймын. `Ой, сұмдық-ай, гүлдер қандай көп еді? Сарғалдақ, қызғалдақ дегеннен басқа ешбір атауын білмейді екенбіз ғой. Ал мына гүлдерге ат тауып бере қояр ма екенмін... топырақ түстес, қылаң түстес, бозғылт-күлгін... тіпті біреулері торғайдың жұмыртқасы реңдес секпіл сары. Санай берсең, сан жетпейтін тәрізді. Барлығын да көшіріп алып, мектептің қасына отырғызып қояр ма еді, шіркін`.

Мен жүрісімді баяулаттым. Гүл бастарына қонақтаған сансыз араның ызыңдаған дыбысы құлаққа еміс-еміс шалынады. Қай тұсқа назар салсаң — сол тұстан сорғалаған бозторғай шырылы бір сәт болса да толастар емес. Көз көрімге байқалмай, қарасы көрінбесе де, жанға жайлы жұмсақ үн жылы жаңбырдай себеленіп тұр. Сан мың гүл тағынған дала төрі шапағатты мейірімге толы екен!.. Палуан адыммен аттаған электр бағаналары маң-маң басып барып, алыс жиекке асылып жатқан қазбауыр бұлттардың ішіне сүңгіпті. Шырқау биікте ұшып келе жатқан тырналар тізбегі салбыраған арқан тәрізді... ирелеңдеп барып, иек астына сарт ете қалардай. Әне, аяқ астынан сап ете түскен елірме құйын бір топ гүлдерді қуып барып, дөң асырып жіберді!

Онан кейін қиғаштай келіп, қыздардың алдынан шықты да, етектерін жұлқылады.

— Қай-ро-о-ош, поезд келе жатыр!

— Өтірік...

— Рас, рас... Нанбасаң, мұнда кеп қарашы!

Мен тезірек жүріп қырқаның басына шығып ем, арғы белден жолаушы поезы көтеріліп келеді екен. Ол маған көкке белуардан батып жүзіп келе жатқандай көрінді. Сумаңдаған состав бізге қарай қайқаң етіп бұрылып қалғанда, бар терезелері күн көзіне шағылысып, жарқ-жұрқ сәуле ойнады. Бейне бір поезд үстінен ақ нұр төгіліп түскендей...

— Шіркін, мен жолсерік болсам, — деді Гүлзат тамсанып. Онысын құрбысы да құптады.

— Мен де...

— Қарашы...

— Тұп-тура сүлік тәрізді.

— Қайрош, саған ұнай ма?

— Иә...

— Осы поезбен жер түбіне дейін жүре берсе...

— Рақат болар еді!

— Оқу болмаса, мен сөйтер едім.

— Мен де поезбен жүргенді ұнатамын.

— Расында да, қандай жақсы, дүниенің қай бұрышына барамын десең де жолың ашық...

— Мен түбі сүйтемін.

— Мен де сүйтемін...

Жұмыр рельсті `тақ-тақ` ұрғылаған жүрдек поезд өте шықты. Біз көпке дейін бір-бірімізге ләм-мим деп тіл қатыса алмадық. Дем аралығында ойға қарай зу ете түскен жап-жасыл жолаушы поезы әлденендей сағынышты арман қалдырып кеткендей... Доңғалақ дауыстары әлсін-әлсін ұзай түсіп, қалың көк арасына жасырынып жатты!

***

— Міне, мекеніміз мына ара болсын.

— Тым биіктеу емес пе?

— Несі биік? Станцияның түнгі оттарын көріп жатамыз. Өзен де онша қашық емес, жат жүргінші көзден де таса, осы жерден лайықты орын жоқ.

— Қайрош, қолыңдағыларды бері алып кел, - деп Тұнық мені өздері тұрған жаққа шақырды. - Гүлзат мына орынды қалап тұр, сен бұған қалай қарайсың?

— Гүлзаттың айтқанын орындамай, жыланға жем болмақпыз ба, соның-ақ дегені болсын, — деп мен күлдім. — Бірақ көк онша қалың емес қой.

— Тақыры жақсы. Бойшаң көкке шық тым қалың түседі.

— Әне, біздің Гүлзаттың білмейтіні жоқ.

— Өйтпесе, Гүлзат бола ма, — деп мен тағы күле бастап едім, ол қолындағы көк шөбін шашып жіберіп:

— Сендер, не, мені тіпті әулие тұтып барасыңдар, тым жалпақтай берсеңдер де жазықты санаймын. Естеріңде болсын, — деп аузын бұртита күлімсіреді.

— Жарайды, қойдық, ендеше, бағындық... берілдік...

— Бағынсаң, мына құтыны ал да, өзеннен су алып кел, шай қайнатамыз.

— Құп, айтқаныңыз болсын!

Мен төмен қарай түсіп бара жатқанымда Тұнықтың:

— Бағанағыдай емес, көңілді жүр, — деп мен жайында сыбырлай айтқанын естіп қалдым.

— Әрине, ер баланың жабыңқы жүргені жарасушы ма еді, — деп оған Гүлзат тағы да бір нәрселерді айтып жатты... Мен тез-тез басып өзен жаққа түсіп кеттім.

Шоқпар өзені ұзарып өскен қалың жалбызға жасырынып, жүзін бермей сырғып жатыр екен. Жанына жақындағанда барып бұрала жылжыған бетін көрсетіп, сәл ғана жымиған сияқтанды. Ар жағындағы шағыл тастар шымқай қоңыр көлеңкелерін созып, өзен ішіне түсіріп жіберіпті. Сондықтан су қоңырқайлау, күңгірт көрінді. Мен құтыны батырып жіберіп,алға жүгірген асығыс суды ыдыс ішіне толтырып алдым. Сәл-пәл ғана дір-дір етіп жуаси түскен жабайы ағын тар құты ішінен тыныс тапты... Басы-көзімді өзен суына жеңіл-желпі жуа сап, келген ізіммен жоғары көтерілдім. Бұл жерден төңіректің төрт бұрышы қолмен қойғандай ап-айқын көрінеді екен. Тұп-тура маңдай алдымда шешемнің жайған құрттарындай жыпырлап `Шоқпар` станциясының үйлері жатыр. Бізді осы араға әкеп тастаған қос рельс сол ауылдың ортасын қақ жарып, оңға қарай бұрылып кетіпті. Асудың шығыс жақ бүйірінен құлдилап бір топ сиыр келеді. Кешкі дауыс қандай таза еді, сиыршының шоқалақтай шауып: `Әй, қарасаң әлі де жыланың қайтпаған ба, қайт кейін, мүйізіңе шаншылып өлгір`, — деген кейіс сөздері сол қалпымен келіп жетті... Тау қойнауындағы жабайы жиделердің жанға жайлы жұмсақ иісі бұрынғысынан бетер қоюланып, желпіне түсті.

Оған көктем дымқылы мен жалбыз демі қосылып, адамның тұла бойын елжіретеді.

`Рақат деген осы шығар, — деп ойладым мен, өзімді соншама бақытты сезініп. — Шіркін, суретші болсам ғой, қазіргінің бәрін көшіріп алып, мәңгі бақи сақтап қояр едім. Әттең, қолдан келмейді, болмаса...`

— Қайрош!..

Іле-шала Гүлзаттың өзі де шықты:

— Ит өліп қалды ғой, соншалықты қайда жүрсің?

— Не қылған ит?

— Кәдімгі өздеріңнің көк иттерің ше?

— Ол мұнда қайдан жүр?

— Қайдан дерің бар ма, төрт аяқтап жүріп келіпті.

— И, алдамшы...

— Әй, Қайрош-ай, суға кетіп кешіккенді `ит өлді` деп шақырмаушы ма еді, соны да білмеймісің?..

— Оллаһи, бірінші рет естіп тұрмын.

— Ендеше, есіңде болсын, суға барып кешіккен кісіні солай іздейді.

— Онысы қызық екен.

— Қазақпысың өзің?.. Бетті қара, тегін суға барып тұрып дұрыстап та жуынбапты. Жағал-жағал боп жетіп келуін... сатпақ неме!

Ол менің әпкейім құсап жазғыра сөйледі. Кеше ғана төменшіктеп, ұялып жүретін Гүлзат еді. Табан астынан үлкенси қалыпты. `Құдай біледі, бұл қызға мына табиғат көрінісі қозғау сап тұр`, — деп ойладым. Себебі мынандай құлпырмалы құбылыс аясында кім де болса қызына сөйлеп, ашық-жарқын әзілдеуді тілейтіндей көрінді маған. Менің өз ішімде де сүйсіністен сыртқа тепкен ойнақы алаулық бар еді... Айтқанымдай-ақ, Гүлзат жүзіндегі жасанды үлкенсуін әзілмен алмастырып:

— Қалжың ғой, тіпті ойнағым кеп кетті, — деді. — Енді болмаса, бүріп тастай жаздадым ғой сені...

— Әрине, ойын екенін түсініп тұрмын. Тіпті, шының болса да, мен саған еш нәрсе демес едім.

— Солай ма?..

Ар жағымыздан Тұнық шыға келді де, Гүлзат айтпақшы болған сөйлемін іркіп қалды.

— Немене дабырлап жатқандарың? — деді Тұнық.

— Қайрошты біреу бүріп ала жаздапты.

— Кім? Құрсын!..

— Кім біліпті. Өзі тура осы арада жүр дейді.

— Ой, Алла-ай!..

Тұнықтың қоңырқай жанарына үрей үйіріле бастап еді, мен оны қорқынышты кейіпке қиғаным жоқ.

— Өтірік, Тұнық. Ештеңе де жоқ. Жәй, Гүлзаттың ойнағысы келіп тұр.

— Расында да, бүгін менің ойыным кеп тұр.

— Түу, сен қыз-ақ біздің үрейімізді алып біттің-ау әбден! Тасташы осы мінезіңді.

— Әлі кешке көрерсің.

— Біз онда Қайрош екеуіміз келесі поезбен кетіп қалармыз.

— Кете беріңдер! Тіпті қазір-ақ кетіңдер...

— Сонда сен жалғыз өзің қаласың ба?..

Тұнық: `Біз Қайрош екеуіміз кетіп қалармыз деп айтқан сөзім артықтау болды ма?` деген кейіппен құрбысына жұмсақтау сөйлеп, қасына жақындады. `Асылық айтсам, көңіліңе ап жүрме` деп кешірім өтінгендей... `Кетеміз` деген сөз Гүлзатқа, шынында да, жайсыздау тисе керек, жақтырмай қалғандай сыңай аңғартты:

— Жалғыз қалса, қорқады деп пе едіңдер? Күнде көрмей жүрген жұлдыз бен тау, күнде көрмей жүрген көк пен су ма еді? Қурайларды жағамын да отыра беремін.

— Сонан кейін...

— Көзі шалған біреу-міреу болса: `Жарым түнде от жағып отырған қыз емес, шайтан шығар`, — деп, бұл арадан зытқанша асық болар. Қорықпай-ақ қой...

Ол теріс қарап мырс етіп жымиып қойды. Сонысын пайдаланған Тұнық:

— Әй, тентек-ай! Тентектік жасап жүрмесең, табаның қышитын шығар сенің, — деп мойнынан құшақтады.

— Жә, жәркелештенбей-ақ қой! Қара, бұлардың екеулене қалуын.

— Ой, өкпелегіш тентек қыздың айтқан сөзін қара. Одан да ерте жарықта барып, оны-мұныларды әзірлейік те?

— Соншама, қой сойып, бас үйтетін бе едің?

— Жүр, мен шәугімнің астына тас қалап, ошақ жасап қойдым, көрші өзің.

— Қайрош екеуің жүре беріңдер, мен қазір барамын.

— Түу, өз дегенің болмаса, бой бермегенге әбден дағдыланып алыпсың, жүрші енді.

— Шын, мен барып жуынып келейін. Қайрош екеулерің әлгілеріңді ықтияттай беріңдер. Бар, Қайрош, Тұныққа көмектесіп жібер.

— И-и, мақтаншақ қыз...

Біз Тұнық екеуіміз бөліне бердік. Гүлзат төмен қарай түсіп бара жатып:

— Байқа, екеуің кетіп қалып жүрмеңдер, әне, поездарың келе жатыр, — деп күлді.

— Кетіп қалуымыз да ғажап емес.

— Кетіп көріңдерші, екеуіңнің сирақтарыңды бір қонышқа сыйғызайын!

Ол рақаттана күліп, жүгірген екпіні әрең тежеп, бір қырымен қиялай түсіп, көк арасына көрінбей кетті. Оның үстіңгі жағынан бірін бірі ақырын итеріп, үнсіз бұралаңдаған ұзын состав түсіп келе жатты.

— Нағыз алтын қыз, — деп Тұнық құрбысының қылықтарын мақтады. — Ине жасуындай кіршігі жоқ.

— Оны қайдан білдің?

— Гүлзатты мен білмегенде, кім біледі? Бастауыш мектептен бері қарай бірге өсіп, сырлас боп келе жатырмыз. Ойымыз бен қиялымыз да бір.

— Сонда не жайында қиялдайсыңдар?

— Біз бе? Барлығы жайында да қиялдаймыз. Том-том кітаптары бар жазушы болуды да, алыс жұлдыздарға бірге ұшып баруды да, кез келген сырқатқа шипа дәрі жасап шығаруды да... тағысын тағылар жайлы. Гүлзат әсіресе дәрігер болуды қатты сүйеді. Кейде: `Киноактриса болып, атымызды әлемге шығарсақ, шіркін!` — деп те ойға шомамыз.

— Расында, қиялға бай екенсіңдер.

— Айттым ғой, көп нәрсені қиялдаймыз. Тек бір-ақ нәрсені ойлаймыз...

— Ол қай нәрсе?..

— Ол сендер туралы, балалар жайында.

— И-и, өтірікшілер!.. Олардың не жазығы бар еді?

— Сол. Ешқандай жазығы болмаса да, ойлағымыз келмейді

— Әй, қайдам-ау!..

— Оның несіне таңданасың? Сенбесең, Гүлзаттан сұра.

— Сұрап неғылайын.

— Шынында, оның қажеті де жоқ. Ол қыздан бұл жайында сұрасаң, үлкен бір роман басталып кетеді...

— Балалар жайында ғой...

Тұнық аңғырт сөйлегеніне қызарып кетті.

— Жоға, басқасын айтамын...

— Жарайды, түсіндім.

— Нені?

— Қиялдарыңды.

— Түк те емес. Еш нәрсе де түсінген жоқсың... Сен бірақ осылардың барлығын Гүлзатқа айтып қойып жүрме. Ол әсіресе соңғысы үшін кешірмейді.

— Оның несін айтамын?

— Жәй, артық сөз дегенім ғой.

— Артық сөз болмаса да, аузымнан шығармауға уәде берейін.

— Мақұл, келістік...

Ол құтыдағы суды шәугімге қотарып жатып, маған мейірлене көз тастап қойды...

Әне-міне демей-ақ түн кіріп, көз байланды. Темекі тұтатқандай жылтылдап іңірдің алғашқы жұлдыздары көріне бастады. Алып асудың ой мен қырын теп-тегіс қып қараңғылық бүркеп алған. Түсе беріс еңісте станция оттары. Соларға қарап көзіңді сығырайтсаң, жіп-жіңішке сансыз сәулелер жүгіріп келіп кірпігіңе тірелгендей болады.... Маған оқыста түсіп кеткен Тұнықтың жаңағы көз тастасы көңіліме сурет боп ұялап қалыпты. Жанарымды жұмсам болды, әлденені өтінгендей ұяң көзқарас қасымнан мөлдірейді. Тұнықтың өзі жанымда отырғанымен, оның әлгіндегі қарасы ана бұтақтың түбінде ілініп тұрғандай. Айнала жарық болса, мен оны көретін сияқтымын. Ол бұрынғыдай емес, сол сөйлесуден соң тым-тырыс қалды. Шай ішіліп болған соң:

— Мен ыдыстарды жуып келемін, — деп орнынан түрегелді.

Оған Гүлзат:

— Жалғыз қорқатын шығарсың? — деп еді.

— Қауіптенбей-ақ қой, — деп шыны шайнектерді алды да, өзенге кетті.

Жалғыз ол емес, бәрімізді де мына момақан түн секілді үнсіздік баурап алғандай... Мен шалқамнан жатып қыздардың ең алғашқы біздің үйге келген сәтін, жол бойындағы гүлдер келбетін, мимырт товарный жүрісін... сосын Тұнықтың маған жалт етіп қараған жұмсақ жанарын көз алдыма әкелдім. Неге екенін қайдам, дәл қазіргі жұлдыз жамылып жатқан қалпымыз нанымсыз түс секілді сезілді... Мен салқын ауаны кеуде толтыра жұтып, тыныс алдым. Деміме өксік араласқандай қалтырап шықты. Әлденені көрсем, қарасам дейтін сияқтымын. Бірақ оның аты-жөні, түр-түсі анық емес, көмескі, бұлыңғыр... Мүмкін, апамды сағынып жатқан шығармын. Расында солай-ау! Әйтеуір, бір жылы жүзді, жұп-жұмсақ аймалау керек сияқты. Ол ананың алтын алақаны ма, әкенің ықыласты мерейі ме, кәрі әженің маужырама мауқы ма... жоқ әлде бұдан басқа аты мен түсі бөлек жанға жайлы масайрау ма, — ол арасы беймағлұм! Тегінде, апамды ойлаған шығармын. Сондай бір жанға, етене жақын адамға деген қимастық қой мынау...

— Қайрош, қорқып жатырмысың?

— Жоқ, Гүлзат.

— Енді не, суға батқандай үнсіз қалғаның?

— Жұлдыз санап жатырмын...

— Қанша екен?

— Көп! Миллиард шамасы...

— Соның біреуін алып берші маған.

— Жұлдызды ма?

— Иә, жұлдызды.

— Қолымнан келмейді ғой, Гүлзат.

— Қолыңнан келеді?

— Қалайша?

— Мен айтқан соң келеді.

— Мақұл, ендеше, біреуін емес, екеуін, үшеуін, бесеуін... әперейін.

— Жоқ, біреуін ғана.

— Жарайды, біреуін...

Ол шынтақтап жата берейін деп еді, аяғы менің бүйіріме тиіп кетті.

— Ой, кешір, Қайрош.

— Түк те етпейді...

Ол әрлі-берлі біршама аунақшып жатты да, қайта тіл қатты:

— Қайрош, мына бір тасты қарашы, жамбасыма батып бара жатқанын...

— Қайсы?

— Міне, қолыңды әкел, көрсетейін.

Ол менің қолымнан ұстап, төсенішінің астын сипалатты.

— Тіпті былай жатсам да, олай жатсам да кедергі болды. Өзің алып тасташы.

Мен томпиып тұрған шағын тасты ары-бері тартқылап едім, мыңқ етіп қозғала қоймады.

— Алынбайды. Тамыры түбінде жатыр.

— Кәне, екеуіміз көрейік.

Гүлзат менімен тізерлесе отырып, әлгі тасты ырғай бастады. Оның ыстық демі мойнымды, сосын бетімді желпіді. Жиде гүлінің қою иісіндей сүйкімді леп бойымды шымырлатып өтті...

— Расында да, алынбайды екен.

— Кел, тағы бір рет байқап көрейік, — дедім мен.

— Бәрібір қозғалатын емес...

Екеуіміз қос қолдап тарттық.

— Әуппә, әуппә...

Оның жұмсақ беті тіпті тақалып... ерніме жақындады.

— Әуп-п-п-ә-ә...

Жүрегім тоқтап қалған екен деп қалдым...

— Болмайды, жылжитын түрі жоқ.

— Шынында, қатты екен.

— Төсенішті бері-ақ төсермін.

— Aha... сөйт.

Қолы-басым бусанып кетіпті... Ақырын сырғып барып, төменге отырдым. Гүлзат қобырап кеткен маңдай шашын жөндеп жатып:

— Немене, соншама ентігіп кеттің. Соған-ақ шаршап қалдың ба? — деді.

— Тастай екен.

— Қыздар құрлы күшің жоқ па?..

Мен үн қатқан жоқпын. Тағы да найзағай жарқылындай болған кенет құбылысты үндемей жатып қайта көргім келді. Гүлзаттың ыстық жүзі!.. Оның ар жағындағы Тұнықтың тұп-тұнық көздері. Екеуі де ешкім білмес құпиялыққа шақырғандай. Ұят қой... осылайша түйсінуімнің өзі де ыңғайсыз болмас па екен... еш нәрсені ойламаған жақсы!

Гүлзат төсенішін маған жақынырақ салды.

— Тағы да монтия қалдың ба?

— Түнді тыңдап жатырмын.

— Түн не дейді?

— Тыңдасаң, түсінесің.

— Кәне, не дер екен?

Ол сәл ғана жым-жырт жатты да:

— Естідім, вальс ойнап жатыр, — деді.

Мен құлағымды түріп едім, `Дунай толқындары` ырғала бастапты.

— Шоқпардың балалары ғой. Сол жақтан шығып жатыр.

— Би болып жатқан ғой.

Қанатты вальс біртін-біртін күш алып, көгілдір аспанға серпілді. Сыр мен сағынышқа толы сұлу ырғақ теңіз толқынындай жылжып, асу үстінде тұрып алды. Бірін бірі қуалай соққан сазды үн самалы сай-салаға саф таза тәттілік төккендей...

— Түнгі әуен қандай тұнық!

— Әдемі екен.

— Қасында тұрсаң, мұншалықты әсері болмас еді, ә?

— Іһі... алыстан естілгені жақсы.

— Кел, билейік, Қайрош.

— Кел...

Гүлзат екеуіміз алыстан келіп, аймалай соққан саялы вальс иіріміне ілесіп кеттік. Сан құбыла себеленген сиқырлы леп сағынышты құшағына ала берді...

— Түу, қандай жеңіл билейсің, — деп ол белімнен қыса түсті.

— Мен бе?

— Енді кім болушы еді?

— Мен онша билей алмаймын.

— Қылымсымай-ақ қойсаңшы...

— Не болды?

— Аяғымды тасқа соғып алдым.

— Байқамайсың ба?

— Түн ішінде қайдан байқайсың...

Аспандаған вальс ақырындап барып жер бауырлады.

Сөйтті де үзілді... Гүлзат менің иығымнан қолын алмаған күйі:

— Тұнық жаққа баралық. Ол бір нәрсе ойлап қап жүрер, — деді.

— Барсақ, баралық...

Гүлзат екеуіміз қол ұстасып төмен түстік. Кесе-көлденең ирелеңдеп жатқан Шоқпар өзені салқын лебін бетке соқты. Су жиегіне жақындаған сайын тұнық ауа қоюланып, тоңази түскендей. Балдырдың балауса демі де дымқылданып кеп, қойны-қонышыңды хош иісімен аймалайды... Тұнық жым-жырт жағалауда жаймен жылжыған өзен суына қадалып, үн-түнсіз отыр екен. Біздің дауыс шығара сөйлесіп келгенімізді сезсе де бұрылған жоқ. Су түбіндегі жылт-жылт жанған жұлдыздарға қарап отыра берді. Гүлзат менің қолымды ақырын қысып қалды да, ойнақы қылығымен:

— Қайырлы түн, қадірлі қарындас, — деп Тұнықтың бетінен сүйді. — Өзің бір үлкен ойдың ұшығына жете алмай отырсың ғой.

— Мына жұлдыздардың барлығын да уыстап шықсам деп отырмын...

Су ішіндегі қос-қостан үйірілген қалың жұлдыз расында да Тұнықтың айтқанындай еді. Еңкейіп жіберіп, етегіңе теріп алсаң да болатын сияқты...

— Бар арманың сол-ақ па? Әкел, мен қазір-ақ жинап берейін.

Гүлзат салқын суға білегін батырып кеп қалып еді, ішіндегі жұлдыздары шошынып оянғандай дір-дір шайқалды. Сонан соң ағын сумен ағып кете жаздап барып, орындарына қайта жусады.

— Алынбайды екен, су түбіне жабысып қалыпты.

— Шегелеп қойған секілді, ә?

— Малта тас арасындағы алтынның сынықтарындай...

— Мейлі, су түбінде тыныстай берсін.

Ағын су астындағы ақсары жұлдыздар қоздай жайнап, қызылды-жасылды ұшқын ойнатқандай сәулеленіп жатты... Тұнық ыдысын қолына ап, түрегеле берді.

— Әкел, мен ұстап жүрейін, Тұнық.

— Өзім-ақ алып жүремін.

— Әкел енді...

— Әне, тағы да вальс тартылды, Гүлзат екеулерің билеңдер.

— Біз жаңа билегенбіз.

— Білемін... мен естіп отырдым. Тағы да билеңдерші.

— Енді екеуіміз билейік.

— Мен артықпын ғой... — Тұнық бұл сөзді күліп айтты. — Солай ма, Гүлзат?

— Мен саған артықтықты көрсетермін. Бағанағы жылан есіңнен шыққан екен.

— Мен қазір айдаһар болса да қорықпас едім...

Гүлзат Тұнықтың мойнына асылып, бір нәрсе деп сыбырлады. Сосын екеуі де ақырын-ақырын күлісіп қойды. Мен олардың не жайында әңгімелескенін ести алмадым. Себебі тура осы кезде алдымыздағы тас арасынан үкі үн қатып, ересек адамың жылағанындай дауыс шығарып еді. Мен соған алаңдап қалдым. Бір байқағаным, жаңағы сыбырласудан соң Гүлзаттың құрбысы жайдарыланып шыға келгендей болды. Тіпті қастарында мен жоқтай-ақ, құпиялай екеуара күбірлесіп қалыпты... Содан кейін барып, алыстағы би ырғағына ілесті. Ап-айқын естілген вальс үні тағы да аңқылдай желпініп, қара көк аспанға көтеріліп алған екен. Саулаған самалдай соққылап, өзен үстін тербете бастады.

— Екеуіміздікі ерсілеу екен, Қайрошпен біраз билейін, — деп Тұнық мені биге шақырды.

— Ұлықсат болса...

Мына жер тегістеу болғандықтан ба, Тұнық кәдімгі би алаңында жүргендей-ақ, серпінді қимылымен шыр көбелек айналдырып жіберді.

— Андрей құсап билейді екенсің.

— Оның кім еді?

— Қорқып қалдың ба? Балконскийді айтамын.

— Маған бәрібір ғой.

— Әрине...

Біз дөңгеленіп жүріп Гүлзаттан біршама ұзаңқырап кетіппіз. Ол таяқ тастам жердегі қойтастың үстінде отырды.

— Жаңа не деп сыбырладыңдар? — дедім мен үнімді баяуырақ