Әдебиет
Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Иманжапырақ
Араға біраз жыл салып, туған жер топырағын басып тұрған бетім осы. Шу өзенін кесіп өтсем болғаны ― бастары көкпен таласқан ұзын теректер жарыса бой көрсетіп, арасындағы ақ шағыл тамдарына дейін пырдай жапырлап, үпір-шүпір алдымнан шығады...
Мен үйге жетуге асыққам жоқ. Неше жылғы сағыныш мауқын там-тұмдап басқым келеді. Ең алдымен, осындағы өзім он жылдықты бітірген мектепке баруды жөн көрдім. Тал жапырақтарындай жыбырласқан күнәсіз балалықтың көмескі шуылы еріксіз жетеледі... Қызыл кірпіштен өрілген, қаңылтыр шатырлы тапал үй сол қалпында екен. Аз ғана еңкіш тартып, пәстене түскендей. Бұрынғы биік, асқақ тұлғасы қайтқан секілді. `О баста көргеніңдей тамсанта алмаймын, қайтейін, кәрілік жетті` деп мұң шаққан тәрізденді. Жүрекке аз-кем лүпіл қосылды. Қабырғасына келіп бетімді бастым.
Бұрынғы жылдары бұдан үлкен жай некен-саяқ-ты. Қазір келбетінде басқа да биік үйлердің бауырына кіріп, басыңқы тартқан кейіп бар. Ақырын аяңдап терезе жақтауына таяндым. Геометрия сабағы болса керек. `Тең бүйірлі үшбұрыштың қасиеттері` деген жазуды көзім шалды. `Бұл терминдерді ұмытқалы қай заман!..` Қараторы келіншек қайталап сөйлеп, әлденелерді түсіндіріп жүр. Ашық әйнектен желпінген таныс леп бойымды шымырлатты. Өңшең өрімдей балаусаның осыдан он жыл бұрын осы орындықтарға отырып, біздің де сабақ тыңдағанымызға сене қоюлары қиын-ау, сірә! `Қазіргі оқушылар қандай уақ` деген ой келді басыма. Неге екенін қайдам, мына балалар тым әлжуаз, сәби көрінді. Біз бұларға қарағанда ертерек есейгендейміз.
Ана бір партада Ғалымжан дейтін қияңқы бала отырушы еді. Үзіліс кезінде құтырынып, әрқайсысымызды ұрып-соғып, екіленуден шаршамайтын-ды. Оның сотқар жұдырығына ұшырасып қалмау үшін бой тасалап, сырт жүруге тырысатынбыз. `Тура, сен адам болсаң, мен мына мұрнымды шұнтитып кесіп берейінді` класс жетекшіміз талай айтатын. `Осы қызыл көзден құтылар күн туса ғой!..` дейтін ішкі тілек әрбіріміздің-ақ көкейімізде жүруші еді. Сол Ғалымжан қазір осы ауданның оқу бөлімін басқаратын көрінеді.
Ғалымжаннан кейін... Мен өз көзіме илана алмадым. Бергі шеттегі аласа парта көңілге шоқтай басылды. Өшуге айналған `З` мен `Қ` әріптерінің таңбасын көрдім.
Мойнымды созып үңілгенім сонша, партада отырған үрпек шаш сары баланың ежірейе қарап, қасындағы жолдасын түрткілей бастағанын да аңғармаппын. Жапырлай қадалған қалың жанардан тайсалып, төмен бұқтым.
Жаңағы екі әріп тартылуға айналған шыңырау суындай сарқынды бейнені қайта тірілтті. Менімен бірге отыратын Зина есімді қыздың кішкене қырлы мұрны, екі бетінің ұшындағы күлімсіреп тұратын оймақтай ойықшалары ап-айқын елестеп қоя берді. Момақан аққұба жүзінде айықпай үлпілдейтін жұқалаң қызылы бар-тын. Ішінде монтима жас кілегейленген қоңырқай көзі имене мөлдіреуге бейім тұрушы еді. Сабаққа икемінің жоқтығынан ба, үлбіреме реңінен қандай да бір үркек шұғыла кетпейтін. Мен әр кез Зинаның класс алдында қызараңдап, сабақ айта алмай төмен қараған күйін көрмесем деп тілейтінмін...
Бір күні шығарма жаздық. Зина екеуіміздің таңдағанымыз ― еркін тақырып. Серігімнің сенері ― мен, не жазсам да көшіруге әзір. Әрі ойлап, бері ойлап, бастауыш мектепте оқыған кездерімді суреттеуді қаладым. Бұған мұғалім апайымыздың: `Ең алғаш оқуға барғандарың, жазғы каникулды қалай өткізгендерің, үй-іштеріңе тигізер қолғабыстарың жайында жазсаңдар, тым жақсы`, ― деген кеңесі түрткі болды.
`Біздің ауыл жырақта жатқан `Кербұлақ` колхозы аталушы еді`, ― деп бастадым алғашқы сөйлемімді. Зина да іле-шала көшіруге кірісті:
― Қай мектепте оқып ең?
― Аякөзде.
― Өз мектебіңнің атын қой.
― Апай біліп қойып жүрмей ме?
― Не қылар дейсің?..
Мен сонау соғыс жылдарынан кейін қалай оқығанымызды көз алдыма елестете отырып, әрі қарай жалғастырдым.
`...Өзінде төрт класты мектеп бар. Мектептің директоры да, завучы да, оқытушысы да, завхозы да Бейсебек дейтін қызыл сары кісі болатын`.
― Мен де осылай көшірейін бе?
― Мұғалімнің атын өзгертіп жаз.
― Бір сойқан болатын шығар.
― Қорқып отырсың ба?
― Ыңғайсыз ғой.
― Не көрсек те бірге көреміз.
― Екеуіміз бе?
― Енді ше?
― Мақұл, ендеше...
Зинаның жүзін тақай, сыбырлап сөйлегенінің өзі сиқырлы дүниедей сезілуші еді. Құпиялас күбірі де қымбат ләззатты. Жұп жазбастай жайраңдаған жақсы күндер-ай!..
`...Барлық пәндерді оқытатын да өзі. Тек, анда-санда Бейсекең базаршылап немесе той-томалаққа кеткенде, қара сұр келіншегі келіп оқу үйрететін. Ағайымызға қарағанда, бұл кісіден жаман именетінбіз. Сұрағына жауап таба алмасаң, иә болмаса көңілінен шыға қоймасаң болды, ағай сықылды сұқ қолымен емес, білегі толы темір білезігімен сарт дегізетін. Үн шығаруға дәрмен жоқ, қос иығымызбен қорсылдап тынатын едік`.
― Мен жаза алмаймын.
― Неге?
― Бізде мұндай болған жоқ.
― Ештеңе етпейді, көшіре бер.
― Мұғалім ұрысса ше?
― Ойдан шығардым дейсің.
― Әй, қайдам-ау...
`...Апайымыздың сұрағы да оқыс келетін:
― Басқарманың үйінің неше бас уақ малы бар?
― Бөз қымбат па, шыт қымбат па?
— Пойыз жүйрік пе, көңіл жүйрік пе?` секілді біз оқымаған, кітапта жоқ сұмдықтар болатын. Тапсақ ― таптық, таппасақ ― басымызды қамшыдан қаймыққан қойшының жабысындай бұқпалаудан басқа лажымыз қалмайтын. `Кругозорын қарашы, өңкей су милардың, кругозорын көтерсе болмай ма!` ― деп, шартылдаған білезіктері төбемізде ойнайтын еді.
Ол кезде мектебіміздің қанша бөлмесі бары есімде жоқ, бірінші, екінші, үшінші, төртінші кластардың оқушылары бір үйдің ішінде оқитынбыз. Бізді төртінші кластың балалары деуші еді. Шынын айтсам, қайсымыздың қай класта оқитынымызды ажырата алмайтын кездеріміз де болушы еді. Бейсекеңнің жынына жақпаған шақта үшінші немесе екінші кластың партасынан бір-ақ шығатынбыз. Бекер обалы қайсы, ағайымыздың оң көзіне ілінген сәттерде төменгі кластың сәбилеріне сабақ беріп, кәдімгідей мұғалім болып, төбеміз көкке екі елі жетпей қалатын. Осындай `ұстаздық` етіп жүрген күндерімнің бірінде Бейсекеңнің көкпарға мінетін көк қасқа айғырын ұстай алмай келгенім үшін бірінші класқа дейін төмендегенім жадымда қалыпты. Пышаққа жығылғырдың өзі де қашаған еді. Ертеңнен қара кешке дейін қуып, табанымды тікен тілгілеп, арса-арса болған еңбегімнің зая кеткеніне күні бүгінге дейін ішім ашиды`.
― Қандай қатал кісі, ― деді Зина.
― Кім?!
― Мұғалімді айтам.
― Мен сол кезді сағынып отырмын.
― Қалайша?
― Қайдам, біртүрлі ыстық секілді.
― Мен сені аяп кеттім.
― Соған да бола ма? ...Апай бізге қарап отыр.
― Ақырын көшіре бер.
`...Қазір ойлап отырсам, мектебіміз үш, яки төрт бөлмелі болуы керек. Бүйірдегі бөлмеде отын, сексеуіл үюлі тұратын да, табалдырығында үнемі іші-қарны қабысқан есік пен төрдей сары тазы жататын. Алтынбүбі деген қыздың қолын қауып алғаннан бері о жаққа жоламайтынбыз. Арғы бөлмеде он шақты қой-ешкі, бір-екі ірі қара ұсталатын. Алғашқы сабақ үстінде Бейсекеңнің кәрі шешесінің малдарды күмпілдетіп сауып, арагідік қарғыс жаудырған сөздері еміс-еміс естіліп тұрушы еді...`
Қоңырау соғылып кетті де, біз ойымызды аяқтамастан, жазғанымызды мұғалімге тапсырдық. Сол күні Зина мені соншама іш тартып, жанына жақын ұстап жүрді. Көз таса бір мезгілді пайдаланып:
― Сен жақсысың, Қалау, ― деп екі қолын менің қолтығыма тықты.
― Өзің жақсысың, ― деп жұпар лепті шашынан иіскедім.
...Ертеңіне мұғалім шығармаларымызды әкелді. Алдымен Зина екеуімізге бағдарлап бір қарап қойды. Сосын назарын басқа жаққа аударып:
― Қаржаубаев, ― деп фамилиямды атады.
Мен орнымнан түрегелдім.
― Шектібаевадан көшіріпсің ғой.
― Ептеп қарағаным рас.
― Мұның атын не дейтінін білесің бе?
Мен ләм деп тіс жармадым.
― Ұрлық дейді. Бөгде біреудің қалтасына түскенмен тең тірлік. Ұят емес пе?
Мұғалімнің көпе-көрнеу, жорта жасаған әрекеті менен гөрі Зинаға батты. Мені қойшы, Зина үшін от көсесем де қолым күйдіге жоқпын ғой. Қиғаштап қана көз жүгіртіп ем, екі беті шоқтай қызарыпты. Жайшылықтағы жасқа бейім жанары шып-шып мөлдірге толған.
— Зина, жарайды, қиыстырып тамаша жазыпты, ― деген мұғалімнің кекесінді сөзі аяқталмастан екі қолымен бетін басып, солқылдап берді. Содан әдебиет пәні біткенше жұбанған жоқ. Үзілістен кейін басқа сабақтарға қарамастан үйіне кетті.
Мен есімдеріміздің бас әріптерін сол күні жазған едім... Сөйткен Зина қайда екен қазір?!
Мен жеңіл дыбыстың жақындағанынан сергідім. Көзілдірікті қария кісі таянып келді де:
— Біреуді тосып тұрмысыз, терезеден көрген балалар алаң болады ғой, ана жерден күтіңіз, ― деп тал арасындағы орындықтарды көрсетті. Мен сәлем беріп, кешірім өтіндім де, нұсқаған жағына қарай аяңдадым.
Ол кісі мені таныған жоқ. Қайдан білсін, осы жасының ішінде мен сықылды талай қара домалақ алдынан өтпеді ме. Ұмытпасам, Кәрімова апай. Қолынан оқымағаныммен, қолайсыз бір жағдайдың куәсі болғаны есімде қалыпты.
Сол `Кербұлақ` колхозындағы бастауыш мектепті бітірген шағым. Колхоз бен колхоз бірігіп, іріленіп жатқан науқан еді. Төртінші тауысқан бес-алты бала қай жерде оқырымызды білмей дал болдық. Көбісі жаңадан қосылған колхоздағы туыстарын паналамақшы. Біздің үй әлі көшкен жоқ еді. Кейбір көзі ашық жанашырлардың кеңесі бойынша, аудандағы интернат-пансионға орналаспақшы болдым. Документ дегеннен төртінші бітірген куәлік пен сельсоветтен алған семья жайындағы анықтама ғана. Салатын қалта да жоқ, ышқырға қыстырып алып, жолға әзірлендім.
Мұндай `ұзақ` сапар алдында Ақтұмақпен ақылдаспау ― жөн-жосықты ұмытқандық. Жер-жаһандағы `жаңалықтан` білмейтіні жоқ, аты шулы атаманға айтпай кету ― кешірілмес күнәмен тең. Америкада атом бомбасы жасалғанын алғаш рет Ақтұмақтың аузынан естігенбіз. Ауылдағы итсигектен дәрі-дәрмек шығаратынын да жеткізген осы. `Есейгенде шпион боламын`, ― деп жүрегімізді ұшыратын. Ертеректе ақылды бір текесі бар екен. Сонысын ерттеп мініп, ар жағымыздағы `Қарауылтөбе` колхозының шешен балаларымен қиян-кескі ұрыс салғанының өзі таусылмас хикая болатын.
Арамызға темекі деген түленді әкелген еріңнің де өзі. Ауданнан бір қайтқанында беліне қызыл дорба байлап келді. Іші толған махорка. Шәпкесінің астарында қаттап алған газеті мен сіріңкесі бар. Темекіні орап алып, бұрқылдата көп тартқанда, жағаңды еріксіз ұстайсың. Аузынан, қос танауынан будақтаған көк түтіннің өзі бір керемет. `Керек болса, құлағымнан да шығарамын`, ― деп одан бетер ынтықтырады. Жайшылықта жанынан шықпайтын біздер оның мына жаңалығынан кейін тіпті қалуды қойдық. Көңілі келсе, мысықтың мұртындай ғана темекі орап ұсынады. Көп беруге қоры бітіп қала ма деп қауіп қылатын. `Мұның өзі талай дертке шипа`, ― деп те дәріптей түседі. `Түн ішінде жарқылдатып жүргенге не жетсін!..`
Жай ғана қызыққанымыз болмаса, жөнді тарта алмаймыз. Бар болғаны ― екі ұртымызды бұлтитып ауыздан шығару. Бұндай ысырапшылыққа атаман тарапынан кешірім аз.
— Ой, боқ мұрын неме, әкел бері, құр босқа қор қылмай, ― деп майлы құйрықтан бір теуіп жібереді. Сосын төніп келіп:
— Қане, лып дегізіп ішіңе тарт, барлығын түгел сорапта, ― деп әңгір таяғын ойнатады. Ащы темекіні қауып кеп қалғанымызда көгеріп-сазарып, біразға дейін есіміз жиналмайтын. Ондайда Ақтұмақ тым қатты қатуланып:
— Сенен, май берсе де, түк шықпайды, ― деп түйе мәтекті бір жосылтады да, ұсынған темекісін қайтарып алады. Шіркін, көк түтінді қалай болса да солай будақтатып, Ақтұмақтың көзіне түскенге не жетсін!..
Сол ұстазымның алдына келіп, интернатта оқитын ниетімді айттым.
— Шеуо, ― деді көзін сығырайтып. Бұл ― жақтырмаған белгісі. ― Таланайын деген екенсің ғой. Танауыңа жүгері тығып, табаныңа қағаз жаққанда білерсің интернаттың не екенін!
— Неге өйтеді?
— Неге өйтеді? Адам сабағанға әбден әдеттеніп кетсе ше!
— Мұғалім болыспай ма?
— Құжынаған жүлікке мұғалім қайтіп шақ келсін. Әрі-беріден кейін мұғалімнің өзіне арқаларын қасытып, аяқтарына су құйғызып қояр.
— Қойшы-ей!
— `Қойшы-ей!`, ― дейді ол, ― `қойшының` көкесін көкала қойдай ғып, көзіңе көк шыбын үймелеткенде көрерсің. Мұрныңды бет, басыңды астау еткенде, `қойшыны` айтарсың.
— Сен көріп пе ең?
— Көргенде қандай! Атам екеуіміз ауласынан өте бергенде, аяқтарына пружина байлаған бес-алты бала бастырмалап көп берген. Жүгіргенде аттан озады. Біз бәйгі торымен әрең қашып құтылғанбыз. Қолына түскенде ғой, мыж-мыжымызды шығаратын еді.
Мен атаманның мына сөздеріне илана қойғам жоқ. Әсіресе мұғалімнен қорықпайды дегені көкейіме қонбады. Біздің Бейсекеңдерге қарсы шығып көрсінші, қарасын өшіріп жіберсін. Ол заман да бұ заман, ұстазына қол көтеруші ме еді...
Дегенмен, көңілге қорқыныш кірбіңі үйірілді. Тілі мен діні жат ортаға баратындай құлазыдым. Тіпті, оқымай-ақ, `қызылша тасысам да асыраймын` деп шешеме жалынғым келді. Ептеп отырып елегізген ойымды білдірдім. Шешем шошып кетті:
— Жағыңа жылан жұмыртқалағыр жуәрмек, өтірік айтады, елдің бәрі де сол жерден оқып жетіліп жатқан жоқ па?! Әлі-ақ өз үйің, өз табалдырығыңдай бауыр басып кетесің. Сүйем жер сыртқа шықпағандыкі ғой, болмаса барлық өкіметтердің ер жетіп, бұғанасы бекіген босағасы сол ара, ― деп, әлдекімдерді есіне алды. Сөйтті де: ― Табан етімді тартып жесем де оқуыңнан үзбеспін, ― деп бауырына қысты. Ертеңіне Әжібек деген финагенттің артына мінгестіріп, ауданға жіберді.
...Қамыс құлақты жирен бесті бүлкілінен танбай лыпиды. Үзілмей-қатаймай төгілетін жайлы бір аяңы бар екен. Сонысын босатқан жоқ. Қайық қимылындай жеңіл ырғағына қарамастан, Әжекең анда-санда `әйт, шу` деп тебініп қояды. Жүріс тілеу емес, әшейінгі әдеті болса керек. Ұзақ ойы әлденеге тірелгенде ғана әлгі сөзін қайталайды. Содан кейін қалың ой шуағына қайта шомады. Мен бармын ба, жоқпын ба, жұмысы жоқ. Артынан түсіп қалсам да аңғарар түрі байқалмайды. Ауылдан шыққалы тіс жарып бір ауыз сөз сындырмап еді. Ұйқылы-ояу, қалғыған кейіппен мүлгіді де отырды.
Аздан кейін мен де ойға кеттім. `Интернаттың балалары асық ойнар ма екен, ойнамас па екен? ― деген сауал туды. ― Ойнаса ғой, қорғасынды көк құлжамен қырып салар едім. Әттең, алшысының бір мұрты ұшып кеткелі тұрғыштау емес. Дегенмен, көздеген жеріңнен тиеді, шымырлығында айып жоқ... Ал егер бөрік теппекке шақырса ше? Несі бар, оны да көруге болады. Шәпкімнің ішіндегі дөңгелек темір тұрғанда не қам бар, жарыстыра жөнелгенде алдына тақия салмайтынына сенімім мол... Мүмкін, төбелесерміз дер. Ауыл итінің құйрығы қайқы, сырттан барған соң, сабап алуға доқ көрсетер. Әрине, ә дегеннен жұдырықтаса жөнелудің жөні келмес. Иектетпеу үшін күресіп баққан қисынды. `Әуп` деп жамбасқа алып, оған болмаса, қапсыра құшып, іштен шалып, қала берді жата беріске тастап, құр алақан еместігіңді байқатып қоюдың артықтығы жоқ...`
Әжекең оқыс тіл қатып, ой тізгінін үзіп жіберді. `Құдай рақмет етсін`, ― деп бетін сипады.
― Қалай, қалғып кеткен жоқсың ба?
― Жоқ.
― Түсіп қап жүрме.
Ол `әйт, шу` деп бір тебініп қойды да, қайтадан үнсіз қалпына түсті. Дәркенбай бейіті аталатын төрт құлақты қорғанның түбінен өтіп бара жатыр екенбіз. Осы қорымды төрт-бес жыл бұрын су жаңа күйінде көргенім бар.
Күн батып, көз байланған апақ-шапақ кешқұрым еді. Ауылдың бір топ еркектері жоңышқа, жүгері, ұрпақ сияқты оны-пұныларды артып, базарға тартқанбыз. Менің бір қап шемішкем бар. Шешем мына кісілерге әдейі қосып жіберген. Базардың мойны қашық ― сонау Шу станциясында. Өгіз арбаның аяңымен таң азан жетеміз деген есеппен кешке қарай шыққанбыз. Қазір мына Әжекеңнің есінен мені қалай шығарғаны сияқты, олар да өздерінше абыр-сабыр, өткен-кеткенді соғып келеді.
— Шіркін, жігіттің арысы еді ғой, ― деп қойды Имаш дейтін қария кісі әлгі бейіттің қасынан өте бере. ― `Өлдің ― өштің` деген осы да.
Барлығы іштерінен күбірлеп, `тие берсін` айтты.
— Төрт жыл бойы бораған оқ астынан аман келіп, әлдекімдердің қолынан қаза тапқаны аянышты, ― деп Рауан өкініш білдірді.
— Өзі де өрт еді, өрттігінен кетті ғой.
— Қазасы қалай еді? ― деп, тау жақтан жуырда көшіп келген Найзабек сөзге араласты.
— Омырауы толы орден бола тұрып, әлдекімдер құсап шіренбестен, әскерден оралысымен колхоздың сиырын алмап па еді.
— Апырай десеңші! ― деп Рауан қайта үн қатты.
— Кейбіреулер көне шенелі тозғанша кердеңдеп, өкімет темір үй сап береді деп, шөп басын сындырмай жатқанда, мына азамат келе сап киілігіп еді-ау.
— Жұмыс десе, жанын салушы еді, ― деп Имаш сөзін жалғастырды. ― Жазғанның өлеріне көрінді ме, таңның атысы, күннің батысы малдың соңын бермеуші еді. Сөйтіп жүргенде бір қарасы кем шығып, осы Шу бойындағы өрісін қарайды. Дәл мына тұстағы Қосаралдың қуысында үш-төрт ұрының әлгі жануарды бауыздап жатқанының үстінен түссе керек. Екі күн өткеннен кейін балталанған күйінде тауып алып қайттық. Денесінің сау жері жоқ, өткір балтаның жүзі қолы-басын тілгілеп тастапты. Ұрыларда да үрей қалмаған-ау, бауыздалған құнажыннан бір жапырақ ет кеспестен қалдырып кетіпті. Қайран ер, содан қайтты ғой...
Осы әңгімеден кейін өлі тыныштық басты. Ересектер жағы аз-кем тыныстап қалды. Менің бойыма үрей кірді. Ырдуан арбаның шиқылы ғана ыңырси ілбіп, үн шығарады. Алыс батыста, қарауытқан қалың жыныс арасынан жамбастап бара жатқан жартыкеш ай Дәркембайды шапқылап өлтірген ұрылардың айбалтасына ұқсады. Сол баукеспелер бізді де торуылдап, тосып жатқандай сезіндім. Аздан кейін үлкен кісілер тағы бір әңгіме ырғағына көшті. Мен олардың не айтып, не қойып жатқанын ұққаным жоқ, есіл-дертім әлгі ұрылардың жауыздық әрекетінде болды. Бір бау жоңышқаны жарып жіберіп, ортасына кіріп, бұқтым да отырдым... Күздің түні қатқылдау, мұздай самал қойны-қонышыңа зәрдей тиеді. Әлсін-әлсін Шу өзенінің салқын лебі кескілейді. Кей жерлерге келгенде ошақ ішіне түскендей жып-жылы ауаға сүңгисің. Сонан кейін суық ызғар қайта бет қариды. Аспандағы жұлдыздар шетіне шоқ қойғандай жылт-жылт тынымсызданады. Ауық-ауық ауылдың иттері үреді. Даусына дейін танып жатырмын. `Гүмп-гүмп` үрген ― Тәжінің төбеті. `Шәу-шәу` шәңкілдеген ― Шақайдың қаншығы. Ал бақалардың қоңыр барқын үндері бір тынсашы! Бір сарын, бір екпінмен көтерілген қалың ырғақ Шу өзенінің түбін түсірердей. Тынбай соққан құрыл сарыны сапырылыса бүлкілдеп, шұрқ тесік шуыл желпиді. Екі құлағыңды бір ашып, бір басып, алма-кезек қайталасаң, той үстіндегі айтыс әуені талмаурап жеткендей болады...
Балауса кезімдегі бақалардың солқылдақ шуылы үнсіз қалған тым-тырыс шақтарымда сол ырғақ, сол бүлкілімен күні бүгінге дейін құлағымның түбінен естіледі... Бар болмыс, бар көрінісін сол бояу, сол күйінде қабылдайтын қаяусыз қаймақ күндер, қасиетті құшағыңа тағы бір орасаң нетті!..
...Әжекең екеуіміз аудан орталығынан екі айрылдық.
― Сенің баратын мектебің анау, ― деп қызыл үйді көрсетті де, өз жөніне кетті.
Мен жан-жағыма қарап, алға қарай жүрдім. Ары-бері ағылған көпшілік. Кімнің қайда баратынын біліп болмайды. Айқыш-ұйқыш жүргіншінің шеті жоқ сияқты. Соларға ілесіп, ішке қарай ілби бердім. Адамдардың аяқ астында андыздай шашылған шылым қалдықтарын көргенде, менен қуанышты пенде болмаған шығар, сірә. `Ақтұмақ қалай қызықпас екен` деген ой жүректі шарпыды. Жүгіре басып, шәпкімнің ішіне сүңгіте бердім. Қала халқының мұншама дарақылығы қайран қалдырды. `Қазбек`, `Прибой`, `Север`, `Беломор` сияқты су жаңа темекілерді жартылай тартып тастай беріпті, тастай беріпті. Айналасы шай қайнатым аралығында ала шәпкіні лық толтырдым. Ары, базар басына жақындағанда, жартыкеш шылымдардың таусылмас кеніне кіргендей болдым. Шіркіндерде сауап деген болсашы!.. Оқтаудай шылымды ортасында дейін ғана шегіп, шиттей ғып шашып тастапты. Көпшілігін қайта сорттауыма тура келді. Асығыс алынған қысқа тұқылды қортықтарын теріп тастап, сайдың тасындай ірілерін екшей жинауды шығардым. Алғашқыдай емес, асықпай қарап, қарысқа жуық ұзындарын ғана таңдай бастадым. `Люкс` деп аталатын бір сорты бар екен, алтындалған жазуының өзі көздің жауын алғандай. Тұтатпастан ерніңе қыстырып жүргеннің өзі қандай жарасымды! `Не де болса, ауылдың балаларының аузын бір аштыратын болдым` деген қызулы қуаныш тамыр-тамырды қуалайды. Тасалау жерге отырып, телегей табыстарымды бас киімімнің шұқыр-шұқырына дейін тыққыштап алдым да, маңдайыма баса киіп, мектепке беттедім. Осыларымды ауылға аман-сау жеткізіп, кешке қарай көшеге жарқ-жұрқ тартып шықсам деген тәтті қиял көңіл түкпірінде ойнақ сап келеді.
Осындай көтеріңкі желік үстінде балмұздаққа тап болдым. Бұрын татып көрген дәмім емес-ті. Үйме-жүйме кезекке тұрған балалар қызықтырды. Дәмін білуге ниет қылдым. Шешемнің ала келерсің деп қантқа берген тиын-тебені бар-тын. Ептеп қана ышқырға қол сұқтым. Алды-артыма қарап, бір-екі сомын суырдым. Шпаналар қағып кетіп жүрмесін деп тапсырған шеше ескертуіне орай жасаған сақтығымның сиқы.
Мұздай қоймалжың аққа тілімнің тигені сол еді, түбіне қалай тірелгенін аңдамай қалдым. Мұндай шырын нәрсені бұрын-соңды жеп көрсемші! `Әй, үлкендер-ай, әлі де білмейтіндерің көп-ау. Қаншама өтіп жатса да көз қырларын бір салған жоқ. Мейлі, өз обалдары өздеріне. Бізге білмегендері жақсы. Әйтпесе, тәтті тағамға таласа шүпірлеген өңкей ши борбайларды былай қарай ысырып жіберіп, килігіп берсе, бізге кезек қайдан тисін. Қой, таусылмай тұрғанда тағы біреуін туралайын...`
Таңдай қақтырған тәттілік талай мәрте кезекке тұрғызды. Ышқырдың бір бойы босанып тынды. Бұлтиып документтер ғана қалды. Балмұздақтан мең-зең боп мектепке тарттым. Қалай екенін қайдам, шешемнің айта беретін `Барды-жоқты білмейді, бал тілейді тамағым` дейтін мақалы есіме түсті...
Есіктен ептеп қана сығалап едім, оны-мұны аударыстырған қағылез қара әйел жалғыз отыр екен. Ақырын басып ішке бойладым. Әлгі апай ә дегенде аңғармай қалды білем, қасындағы қалқиған мені көріп:
― Ау, кімсің? ― деп таңырқай үн қатты.
― Оқушымын.
― Қайдан келдің?
― Колхоздан.
― Қай колхоздан?
― Кербұлақтан.
― Қай класта оқисың?
― Төртіншіні бітірдім.
― Иә, сонымен.
― Интернатта оқиын деп...
Мен ышқырдағы документтерге қол сұға бастап едім, аз ғана кідіруімді өтінді.
― Оқушы болсаң, есікті қағып, қайта кел.
Мен тысқа шығып, есікті қақтым. Әлгі кісінің `да` деген даусы естілді. Жасқаншақтап ішке кірдім.
― Міне, мұның дұрыс. Оқушы әрдайым әдепті болуы керек. Енді бас киіміңді ал.
Мен ұялшақтап ала шәпкемді сыпыра бергенім сол еді, онсыз да тырсиып, әрең сыйып тұрған жартыкеш темекілер тасыр-тұсыр төгіле жөнелді. Құдай ұрып, есімнен тарс шығып кетіпті. Айнадай еден ә дегенше-ақ әлем-тапырық қоқысқа айналды. Жүрегім тас төбемнен шықты. Ышқырдағы документтерді қысыңқырап ұстап, қашуға ыңғайландым. Апайым үн-түнсіз. Осы қылықты өзі істеп қойғандай, екі көзі бадырайып шығып барады. Аздан кейін барып:
— Бәймен-ау, Бәймен, бізге бір керемет оқушы келіп тұр! ― деп әлдекімге дауыс қатты.
Ол кісі аяғының астына дейін шашылып барған шылымдардың бірнешеуін теріп, арғы бөлмедегі біреулерге көрсетуге түрегеле бергенде, есіктен елікше ырғып, зыта жөнелдім. Содан артыма бұрылғаным жоқ. Екі өкпемді қолыма алып жүгіре бердім. Қанша мезгіл қашқанымды қайдам, бір кездерде барып артыма қарасам, ауданның көк талдары дөңгеленіп алыста қалыпты. Екі иығымнан шаншылған солқылды біраз басып алдым да, ауылға жаяу тарттым. Содан қайта интернаттың бетін ашпадым. Балалық-ай десеңші, сонда қолқам күйгенше қашпай-ақ, жай ғана шығып кетуге де болады екен ғой.
...Ағытылған бұлақтай лап беріп, оқушылар үзіліске шықты. Әлгіндегі үнсіз ауланы мәре-сәре шуыл көмді.
Ана бір-екі бала есіктен сүріне-қабына турникке беттеді. Жүгірісіп барып, шыр көбелек дөңгелей бастады. Жанға етене, жақын көрініс! Әлденеше мәрте жығылып, жаурынмен жалп берген жер. Талай-талай таяқ жегізген тауқыметінің өзін сағынған секілдімін.
Бантиктері желкілдеген мына бір қыздар апыл-ғұпыл мак ойнауға кірісті. Үпір-шүпір кезекке таласқандардың сол қоңыр құмдақ алаңы, сөз жоқ, сан мың рет басып өткен шұбырынды ізімнің сүрлеуі. Бірақ дәл қазір: `Менікі, мен де ортақпын`, ― деп айта алармын ба?
Тай-құлындай тетелес балаусалардың балдыр-бейқам тірлігі жүрекке жылы діріл ойнатты. Баяғы опыр-топыр, баяғы қызойнақ. Бірін бірі қуысып, бірін бірі итеріскен бейнелер ғана бейтаныс. Мен сықылды бөгде көз, сырт барлаушыға бұрылар назарлары жоқ. `Осы мектепте оқысаң қайтейін. Рақметіңді жаудырып жүре бермейсің бе? Тіленші құсап телмірген түріңе болайын. Мұндағы жұрт Құдайдың күнін санап, қашан құтыларын білмей азаптанса, арбалған торғайдай айналсоқтап тұрғанын қарай көр. Қой, ағайын, сіз бен біздің базарымыз басқа. Жолыңнан қалмай, жөніңді тап...`, ― дейтін тәрізді.
Өздерімен өздері бейкүнә топтан тобықтай түрткі көрмесем де, әлденеге қапалық оралды. Тұла бойымды түсініксіз тәттілік шымырлатты.
Бір кішкене бала шаршы топтан жырылып, жасқаншақ кібіртіктеп, маған қарай жүрді. Ақырын қипалақтап, бас киімін шешті. Жүзі біртүрлі таныс секілді. Дөңгелек, шүңірек көздері жылы ұшырап, іші-бауырға кіріп барады. Сопақша шүйдесінен де әлдекімнің белгісі аңғарылғандай.
― Кел, кел, айналайын...
Ол титімдей саусақтарын ұсынып:
― Мен сізді білемін, ― деді.
― Қайдан білесің?
― Біздің үйде көкеммен бірге түскен суретіңіз бар.
― Көкең кім?
― Әлдижан.
Енді жыға шырамыттым. Менімен түйдей құрдас, жөргектес жолдасымның кейпі. Тұрған бойы әкесінен аумай қалыпты. Алғашқы бөбектерін осындағы әпкесіне бергенін естігенім бар-ды. Сол тұңғышы болса керек.
― Азамат екенсің, атың кім?
― Қуаныш.
― Жарайсың, Қуаныш, қай класта оқып жүрсің?
― Бірінші.
― Көкең келіп тұра ма?
― Жамбылдан кеше келген.
― Ауылға кетті ме?
― Қазір маған морожный әкеледі.
― Осында жүр ғой?
— Ана жақта, ― деп көшенің арғы бетін нұсқады. Сөйтті де, соғылған қоңырауға ілескісі келмей, ары-бері бұлғаңдап, айналшықтай берді.
— Сабағыңа бара ғой, Қуаныш. Мен қазір көкеңді тауып келемін. Бәріміз морожный жейміз.
Ол қуана басып, монтаңдай жөнелді. Көкесінің уәдесін күтіп, қимай тұрса керек. `Әй, қайран балмұздақ-ай, әлі де тәттілігін қоймапты-ау!..`
Әлдихан көп іздеткен жоқ. Кітап дүкенінің тұсынан қорбаңдап шыға келді. Бала кезіндегі болпаң денесі іріленіп, қатты толған екен. Аяғын басқан сайын ауыр тұлғасы екі жағына алма-кезек ауытқиды.
Мені алыстан таныған ол:
— Мынау Қалау ма ей, қайдан жүрсің адасып, ― деп қапсыра құшты. ― Біз көріспегелі қашан?..
— Қарнына қап байлаған қай таныс десем, сен екенсің ғой. Мынауың не, бауырым? ― деп жұмарланған ішінен түрткіледім.
— Жоқ сұмдықты айтпашы ей, ― деп қайта құшақтады. Белімнен қысып, шыр көбелек айналдырды. ― Әлі сол студент қалпың ғой. Қашан келдің?
— Түскенім осы.
— Иә, жағдай қалай?
— Жаман емес, өз халің ше?
— Ептеп жүріп жатырмыз. Обкомға ауысқанмын.
— Естігем. Айлық қанша?
— Бәрібір, студенттік өмір төңірегі. Авансқа дейін қарызданып қала береміз. Жұмыс бабы қалай?
— Бұрынғыша. Демалысқа шықтым.
— Мен де бір-екі күн командировкаға келіп ем. Әлі үйленген жоқпысың?
— Реті келген жоқ. Ауылға соқтың ба?
— Бүгін барамын. Өзің ше?
— Сенімен бірге жүремін.
— Мектепке бұрылып кетейік.
— Қазір шықтым. Сенің ұлыңды көрдім.
— Қуанышты ма?
— Дап-дардай жігіт боп қалыпты.
— Қалай таныдың?
— Өзі кеп сәлемдесті. Екеуіміз біраз әңгіме шерттік.
— Пысығын қарай гөр!
— Өзіңе тартқан ғой. Балмұздақ алдың ба?
— Содан басқа шаруам да жоқ.
— Оқуы қалай?
― Біріншінің программасы сондай қиын. Қайтіп үлгіріп жүргенін қайдам...
Әлдихан оқуға зерек еді. Бір үндемесе, етінен ет кесіп алсаң да аузын ашпайтын қыңырлығы да бар-тын. Бірде тарих пәнінің мұғалімі мұны тақтаның алдына шығарып, әлденелерді сұрай бастады. Мынада үн жоқ. Оқытушы қанша шұқшиғанымен, ләм-мим дыбыс жармады. Қасарысып, айылы жиылар емес. Мұғалімнің жыны қозды білем:
— Әй, Қалдыбаев, неге жауап қатпайсың! ― деп орнынан тұра тап берді. Әлдихан сонда ғана барып:
— Әкемнің іші ауырып қалса, қайтейін енді? ― деп бөлмені басына көтерді. Кластың ішін қыран-топан күлкі көмді... Мен әлгінде Қуаныштың оқуын сұрағанымда оның осы қылығы есіме түсіп еді. Мұны ол сезген жоқ. Күлімсірей жүзіне қарағаныма қорбаңдаған құшағын жайып, тағы да бауырына тартты.
Өзеннің осы тұсында көпір болушы еді. Ауылдың атты-жаяулысы қылт ете түсетін қолайлы қатынасты. Неше жылғы үзбей шұбырған үйреншікті сүрлеудің сағынышы көптен өзіне тарта беруші еді. Талай-талай түбіне жасырынып, сабақтан кешеулеп қайтқан қыздардың зәре құтын алған кездерімді еске түсіргенімде, көкірегімді шымшыма сезім шуағы қытықтайтын. Ернеуіне жазылған есепсіз жазулар ат жалын енді ғана тартып мінген бозбалалар жайындағы дастан тәріздес еді. `Пәленше мен түгенше жақын`, `Пәленше ― менің махаббатым` сияқты қолтаңбалардан көз сүрінетін. Ауылды аңсаған шақтарымда сол ыстық мекен шырақтай білтеленіп, көңілді алдымен баурайтын. Мен Әлдиханның алдырып тастаған дегеніне көнбестен әдейі келдім... Жалаңашталған өзен су ер-тұрманын сыпырған сәйгүлікше сылаң қағады. Әр жерінен ойыла үңірейген ойдым-ойдым қазан шұңқырлар шымырлап қайнап, жым-жылас ғайып болады. Ирек-ирек иірімдер қолдан түскен сақинадай дөңгелене кеп, гүмп береді. Бірін бірі итерісіп, жығыла-сүріне аптыққан ағыс беті шұрқ тесік. Мен ақырын еңкейіп, бір уыс толқынды уыстадым. Жабайы ағын сынаптай сусып, қайта секірді. Қытығына тигендей бұлқынып түсті. Қанша қарағанмен қайырылмас балалықтың қылаудай белгісі жоқ. Көпір болса, көп жәйттермен қоян-қолтық кездесердей елегізу білінді. Көңіл түкпіріндегі қандай да бір нәзік өткел майысып барып сынған сияқтанды...
― Мына бет түгелдей қызылша, ― деп Әлдихан ой бөлді.
― Бұрынғы шабындық жоқ десеңші?
― Қайда, сонау Көктөбеге дейін егістік орны.
― Суды қалай шығарды?
― Тасөткелді байламады ма. Бізден арғы колхоздардың бәрі содан ішеді.
― Жаңа көпірі анау ғой?
― Қандай қатырып салған, ә!..
― Жаман емес.
Маған салса, бұрынғысынан озары қайсы. Көрмедегі бәйгі атындай керілген жаңа көпір әсерсіз, жат. Ауылмен тұспа-тұс, өкпе жол емес. Айналмалы қашықтығы да шаруаға солақай. Оның үстіне, таныстығы кем, ыстық суықты қызығы беймәлім. Дауласуға дайын пікірлерімді ортаға салмай, ішке іріктім...
Жаңа жолмен өту үшін жоғары көтерілдік. Өзеннің бойы өрімдей майса. Шабындықтың енді ғана сүт байлаған уағы. Ораққа дейін қанша әлі! Әдет алып қалған арқа мына көкті көріп қозайын деді. Құлаққа кірш-кірш шалғы сыбысы естілгендей.
Бел бекіп, бұғана қатайғалы қасында ержеткен қасиетті мекен ғой. Қанша шапсаң да мұрты ойылмайтын ну шалғын болушы еді. Шөбі қандай жұғымды! Қақаған аязда гүл иісі аңқыған көк балаусаны күртілдете шайнаған жануарларға қарап тұрудың өзі бір ғанибетті. Мал емген кісіге шөп жинаудан артық не бар? Жаз бойы жал жалды қуалай, бау-бау дестені шөмелелеп, тырбаңдайтын да жататынбыз.
Соңғы рет қай жыл еді?.. Иә, онда да осы Әлдихан екеуіміз болатынбыз. Университетке енді ғана түскен кезіміз. Әй, бөстік-ау келіп! Осы күні есіме түссе, қысылғанымнан бетімді басамын...
Әлдихан екеуіміз ат шаптырым ауылға әзер сыйып жүрміз.
— Ой, біздің екі бала оқуға түсіпті. Қыран топты жарып шығыпты. Жігіт деп осыларды айт, ― тәріздес мақтау сөздер дүмпитеді де жатады.
— Ауылдың абыройын жібермеген азаматтар ғой, ― деп Мұсабек көтермелесе;
— Оқу деген оңай ма, қарашы, бір айдың ішінде сылынып түсулерін, ― деп Қара апам аяныш білдіреді.
— Оқуларың не оқу? ― деп сауал қойғандарға шімірікпестен:
— Басшы қызметкер даярлап шығарады, ― деп қосарлана жауап қайтарамыз. Онымен тұрмай:
— Бір орынға жүз баладан таластық-ау! ― деп қосыңқырап жіберсем, Әлдекең килігіп:
— Ол алты облыс бойынша екеуіміздің ғана атымызды атап, маңдайымыздан сипағанын қайтерсіз, ― деп шыңғыртып салады.
Өстіп қошемет буына балқып, аяқты алшаң-алшаң тастап жүргенімізде, Әлдиханның әкесі шақырып алып:
— Қой, былқылдағандарың жетті әбден. Құр кердең ауқат бола ма? Барыңдар да шөп шауып келіңдер, ― деп зеку айтты.
Шалғымызды арқалап, өзенге келдік. Дегенмен, масаттық буы тарқар емес. Ауылдың бәрі көтере мақтап, көңілімізді көксітіп қойыпты. Көк майсаның ортасына отырып алып, екеуара езуіміз көпіргенше мақтандық.
— Қауқа, өзің айтшы, біздің жеті атамызда оқу көрген, қалаға барып тәлім-тәрбие алған ешкім бар ма? Әрине, жоқ! Сен екеуіміз. Үрім-бұтағымыз бойынша білімге даңғыл жол ашқан алғашқы қарлығаштармыз.
— Әлдеке-ай, несін айтасың! Айды аспанға бір шығардық қой. Сен сияқты сиыршының, мен сияқты қызылшашының баласынан білдей оқымысты шығады деген кімнің ойында бар?! Көз көріп, құлақ естімеген ерлік екені рас!
— Екеуіміз де етіміздің тірілігінен түстік. Әйтпесе, анау Зәукетай мен Егеубайдың балалары қайтып келді ғой сүмірейіп. Енді олар қой бағып, қызылша тасымағанда, не істейді дерсің?!
Әлдижан даланы басына көтере қарқылдап кеп күлді...
— Біз оқу бітіріп келгенде, машинамызды айдайтын шоферлыққа жараса да жақсы!..
Екеуіміз шиық-шиық тағы күлеміз.
— Енді ауылдағы қыздардың бәрі біздікі, Қауқа. Каникулға келгенімізде қылымси көлбеңдеп, үйіміздің қасынан шықпайтын болады әлі, ― деп масайрай түседі Әлдекең. Көресің ғой, біз үшін қанша қыздың қырық пышақ боларын!..
— Енді олар қайда қашар дейсің!..
— Атабектің оныншыға биыл баратын кіші қызы бар ғой. Құрықты соған саламын. Бұлқынып көрсін, пәтшағар! Қалаша киініп, көзге қара көзілдірік тағып, ойнақтап шыққанда өзі-ақ келіп мойныма оралмаса, әкел қолыңды!
— Мен де мұздай киініп алар ем, сары сиыр өтпей, уайым боп жүр.
— Оға