Әдебиет
Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Қашқын
Математика сабағы еді, Қатира Хамитова мыңдық бөлшектер жайлы түсіндіріп жатты. Күндегі әдеті бойынша қайта-қайта қайыра сөйлеп, нығыздап, тәптіштеп айтпаса, тақтадағы жазулар бір жаққа қашып кетердей қадала шұқшиып, ішіп-жеп қайталайды. Сопиған нольдердің кінәсі бардай, дөңгелек шеңбердің ішіне қамалап ап, шашау шығармай шаншылады. Күллі класс алдында айыбын мойындатқандай, жазықсыз сандарды нұқып-нұқып жіберіп, түрткілей түседі. Кейде бірінің үстіне бірін мінгестіріп қойып, алма-кезек ауыстырып, кіжінетіні бар.
Осы сандар бірі мен бірі қол ұстасып, бірінің иығына бірі шыққалы Қалмаш түсінуден қалды. Кәдімгі кітап оқып, хат жазатын көнбіс әріптер қайсыбір цифрларға ілесіп алып, әл бермей, алшаңдайтын болды. Ә дегенде үйренген `а` әрпінің өзі бұлдырықтың баласындай бір жақшаның ішіне жасырынып ап, `мен неге теңмін?` дейтінді шығарды. `Иксті` қойшы, оған әйтеуір көз қаныға бастады ғой. Ал күнделікті жазу дәптерінен шықпайтын `а` мен `в`- ға жол болсын. Құжынаған цифр жетпегендей, өңшең сандардың ішіне кірісті де кетті.
`Сондағы шекесінің қызғаны қайсы? Сүтке тиген күшіктей қағажу жеп, қақпайлануы көбейді. О заман да бұ заман әріптен цифрды алғанды көргенім осы!..`
Қалмаштың іші пысты. Шілдің қиындай бытыраңқы бөлшектердің іш тартып, жылы ұшырауы аз. Басынан бой салмағандықтан ба, бадыраң көз жазбалардың пейілі аулақ. Үзіліс кезінде иық қақтығысып, қабақ шытысқан досыңдай кіркілжің, кет әрі. Сырт айналып, қырын қарауы басым. Екеуінің ымыраға кеп, ауыз жаласуы қиын секілді. Кейде, көпе кернеу кердеңдеп, қайдағы бір қисық сызықтың құлағынан қырындап, жынын қоздырады.
`Мейлі, шолжаңдасаң, шолжаңда. Қашанғы құлың бола берейін. Мен де басы жұмыр пенденің бірімін: өзімдік намысым бар. Тура осы пиғылыңа бола алдыңа бас қойып, төрге отырғызса, сөз сенікі. Бірақ қашан айтпады деме, дәл мына мінезіңді тастамасаң, бүкіл кластың тең жартысын есалаң қып, көк ми етерің даусыз. Құлақтарын қалқитып, төрт көзі түгел отыр демесең, көбісінің түсінігі шикі. Дүрегей шалыс. Кәпірлік қылығыңа қашанғы шыдасын...`
Қалмаштың математика пәніне деген өкпе-назы әжептеуір. Бір кісінің басына жетерлік. Күндес деуге келе қоймас, дегенмен, салғыласа түсуге бір иығы әмсе бейім. `Бұған қарағанда арифметикасы иман жүзді екен ғой`. `Пәленбай қамбашының пәленбай тонна астығы бар еді. Оның пәленбай килограмын колхозшыларға үлестірді. Пәленбай тоннасын жауын-шашын қыздырып кетті. Сонда қамбашының қоймасында қалған таза бидайы қанша?` Оп-оңай! Орныңда тұрып-ақ тақпақтай бер... Ал мойынға масыл ғып берген мына математикаға түсініп көрші! Цифр мен әріптердің ортасына әдейі от тастап, шабынан түртіп, шабындырып қойғандай шарпысуы бітпейді. Тіпті кейбіреулерінің жауабы бір-екі парақты алқымдап барып табылатынын қайтерсің?..
Ол ақырын сумкасына қол салды. Ішінен ептеп бір бума қағаз суырды. Әбден ұсталып, тозығы жеткен дүние болса керек, шет-шеті ыдырап, сетіней түсіпті. Көрсетпей көлегейлеп партаның үстіне қойды. Көз қиығын мұғалімнен аудармаған күйі сыбдырын білдірмей аша бастады.
Мұндайда алдымен қасындағы жолдасының аузын алып қойған жөн. Әйтпесе, қайтсем де қағаберіс тауып, қашаннан қабырғасына бататын қиын сабақты қас қағым болса да кідірте түсуге желеу іздегіш сыбайласының сыпсың шығаруы мүмкін. Осындай оңай `олжамен` оқытушысының оң көзіне ілінгенге не жетсін? Жерден жеті қоян тапқандай жар салуы ықтимал...
Таңдайы талай күйген жазған емес пе, жанамалап кеп, серігінің санын сипады. `Үндеме, ішіңде болсын` дегені. Анаусы манаураған мысықтай көзін жұмды. `Мейлің, кесірің маған тимесе, керегіңді істе` деген белгісі. Сөйтті де, жәйімен ысырылып, Қалмаштан қашығырақ отырды. `Қараптан қарап қапталыңда кетпейіннің` кері.
Қалмаштың алдына қойғаны жер шарының кішігірім картасы болатын. Бетінің сау тамтығы жоқ, неше түрлі санмен сызылған белгі бедерлер мен ноқат, нүктелер. Топырлаған торкөз шимайдан ине шаншар жер қалмаған сияқты. Кейбіреулерін қара тушпен қоршалап, әр түрлі аңдардың суретін сап тастапты. Құрлығы қайсы, көл суы қайсы - ажыратудың өзі әлек. Арғы, алыс жиектен ағараңдаған ақ кеме мүсіні байқалады. Желкені желмен ойнақшып, аппақ қу ақ арман құсындай мамырлап, белгісіз бағытқа маңып бара жатқандай....
Баланың жүрегі шымырлап, ой шуағы жетеледі. `Қазір ғой, мына мектептің айналасы толқыны білеуленген шалқыма теңіз болса. Переменге шыға салып гүмп беріп сүңгісең келіп! Ана шетінен мына шетіне оралғанша екінші сабақ та басталар еді. Жан-жағын қоршаған ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішінде жабайы аңдары өріп жүрсе. Анда-санда даусы жер жара ақырған арыстандар шығып, мектептің шарбағына дейін жақындап келсе. Сонда қорқақ қыздардың қырылардай боп: `Ағай, апай, ойбай, өлтірді!` - деп, тым-тырақай қиқулап қашуын қызықтаудың өзі қандай рақат!.. Әй, ондай атты күн қайда? Жайқалған ағаштарын: `Пәленше еке-ау, әлгі сарт байыса - үй салады демекші... былтырдан бері бір қора-жай тұрғызып жатыр едім, соның керек жарағы-ақ табылмай, діңкеме жетті. Олай-былай жүрісің көп, аяқ-қолы ұзынның бірісің ғой, ағаш, қарағай сататындарды естіген жерің бар ма?` - деп ат үстінен түспейтін пысықайлар-ақ тып типылын шығарар... Оның үстіне, жеке меншіктің қарасандарынан аяқ алғысыз. Ағаш талдарды аралап өтпесе, іштері кебетіндей, әдейі мүйіздеп жүреді. Ауылдық кеңес қаншама қоқилансын, `көз қысты, бармақ бастыдан` аттай алмайды. Кем деген түтіннің бес-алты бас қарасы артық. Соның бәрі өз бетімен өріске шұбырады. Бәсіре бақшаларын қорығандары болмаса, колхоздың бау-бақшасына көз қиығын салып жатқан Құдайдың бір құлын көрмейсің. Бұрын Бұқарбай байғұс бағатын еді. Ертеңді-кеш тепеңдеп арам терге түскеннен басқа жазығы жоқ. Осы күні елде нысап қалған ба, тиісті ақысы, `бүгін аласың`, `ертең аласыңмен` қолына тимеген соң, ат-тонын ала қашты. Қайтсін, судың да сұрауы бар, бейбітке істеп не көрініпті. Табан ақы, маңдай тері `аттың жалы, түйенің қомында` кеткеннен кейін, қашанғы қолжаулық болсын... Енді, міне, шашау шығармай, майдан қыл суырғандай қол-қолдарына табыс ететін Бұқарбай жоқ. Әркім дегенін істейді. Үйінде балалары барлары атыз бойын қақпайласа, мойын бұруға мұршасы жоқтары есік-есікті тіміскілеп жүргені. Сол топалаңдар-ақ күндіз-түні сүйкеніп, әлгі `орманның` әлем тапырығын аспанға шығармасына кім кепіл?..
`Болса да ғой, колхозда су қашаннан тапшы. Сол үшін күн сайын қызыл кеңірдек, айқай топалаң. Әсіресе `колхоздың қызылшасы қаңсып кетті!` деп қырқысып жатқаны. Жайшылықта қырық пышақ жұрттың тегін суға битін салмауы ақылға сыйымсыз. Сондықтан да мектеп жанына жайғастырған жаңағы `теңіздің` берекесі кетті дей бер. Қазір көрші, атам заманнан бері арнасына сыймай, асып-төгіліп жататын канал суының өзі жылқының бүйрегіндей бөлек-салақ. Арық арыққа жырымдап, мәнісін қашырып тынды. Қай өңешін толтыра алмай жатқанын қайдам. Мейлің, сонау Сібірдің тайгасы мен солтүстік мұзды мұхиттың суын көшіріп әкел, бұл ауылдың құлқы басқа. Ту-талақайын шығаруға әуес...`
Қалмаш қайдағы бір өнбейтін ойлармен ерегесіп, шіли аспандап кетіпті. Апайының сұрауы жүрегін зырқ дегізді:
― Сонда мына түбірдегі сан неге тең болады?
Класс шу етіп жауап берді. Оның көңілі сонда барып орнына түсті. Өзіне тіктеп қойылмаған сауал екен.
`Әйтеуір, бүгін сұралмай кетсем, айдарымнан жел ескені. `Таңғы нәсіп тәңірден`, келесісін көре жатармын...` Ол ұрлығын сездірмей, картасына қайта кірісті.
Сары майдай тыққыштап, күніне бір рет көрмесе, көңілі көншімейтін бұл бұйымы қорасының ішінде тығулы тұрушы еді. Баланың бой сала берілген балауса машақаты осы. Қит етіп қолы босаса, басы қасынан шықпайтын шынайы ықылас шырыны есепті. Көңіліне ұялап, көзіне елестеген қимас көріністер күн сайын жыпырлай сығысып, бір-бірлеріне бүйірін төсеп, орын тебе беретін. Осылайша ойдан шығарған, қиялдан қосқан `қазына аралдарынан` біз батырар бос жер қалмауы да сондықтан.
Оның үстіне, шот қалағы қолынан түспей, ертеңді-кеш қайық кеме кескінін мүсіндеуден жалыққан емес. Басқа балалардың ойын-сауықтан алатын ермегін бұл өзіне таңсық дүниеліктерін сылап-сипаудан табатын-ды. Әсіресе жүрегін л үпілдетіп, үміт шырағын білтеленте түсетін ыстық мүлкінің бірі - жақында ғана жасап бітірген желкенді қайық.
Қос қанатты пырақ бейнесінде салынған сәйгүлік мүсін мұның көптен қиялдаған арманы жалынан ұстатқандай әсер етті. Қасына келген сайын көңілі алабұртып, қайдағы бір қиын сапарға жол жүрердей тынысы жиілеп, белгісіз желік жетегіне берілетін. Ол осы қайығына мініп ап, түннің бір уағына дейін кірпігі ілінбей, көкірегін қандай да бір күш-қуат кернеп, дүниенің қай түкпірін кезбеді! Үнді жарты түбегінен шығып, Мыңарал жерін басып отырып, Австралияны аралады. Одан ұлы Мұхит арқылы Мадагаскарды жанамалап, Африка материгіне тұмсық тіреді. Ямайкаға жете берістегі теңіз қарақшыларымен кездесіп қап, садақ тартысқан тауқыметінің өзі таусылмас хикая болатын. Әттең, Қазақстанның қалың теңізбен томаға-тұйықтығы ғой, әйтпесе, мақсат үшін жан пида, болашақ сапарын бастап та жіберер еді!..
Сапар демекші, бұл бүгін апақ-сапақ, елең-алаңда түрегелді. Түс көріп оянған еді. Өздерінің күнде өтіп жүретін Шу өзені ағысын өзгертіп, Қырғыздың Алатауынан асып, күмістей жарқыраған бетімен қайсыбір мұхитқа құйылып жатыр. Жаным-ау, бұрын қалай байқамаған? Ағысы желдей жүйткіген мына өзен қазір-ақ дүниенің қай түкпіріне болсын жеткізгелі тұр ғой! О л асығып-үсігіп қайығын әкелді де, желкенін көтерді. Сөйтті де, алды-артына қарамай жүріп те кетті: `Ұлым-ау, сабағыңнан кешігесің ғой, қайда кетіп барасың?` дейтін сияқты шешесі артынан. `Қазір, апа, әне-міне дегенше келіп те қаламын...`
Қай жер екені белгісіз бір аралға жақындады. Ой, мынау Африка ғой. Картадан қарағанда қызылшаның түбіріндей сопиған соның өзі ғой. Әне, аңдары да көзге шалынды. Жалы жерге тірелген бір арыстан жасыл ағаштың арасынан шығып, аузын арандай ашып бір керіліп алды да, балпаң-балпаң басып ары қарай кетті. Артындағы екеу балалары ғой. Қандай сүйкімді еді! Қайығынан түскен Қалмашты көріп, жаймен еркелене қасына жақындады. Аздан кейін тұмсығын төсеп, мынаның алды-артынан оралып, ойнай бастады. Табандары мұндай жұмсақ болар ма, Қалмаштың аяқ-қолын жыбырлатып, қытығын келтірді. Ары-бері аунап, белінен, мойнынан құшақтап, асыла аймалайды. `Бұларды жыртқыш келеді дегені қайсы? Мыналар өзінің асыранды күшігінен де кішіпейіл, мейірбанды ғой. Әй, жұрттар да айта береді-ау, көздері көрмеген соң, көпірте түсуге әуес қой, әйтпесе, мына сияқты періште бүлдіршіндерді бұзық деуге қалайша ауыздары барады?`
Алыстан ақырған арыстанның дауысы естілді. Айналаны солқылдатып, сілкінткендей болды. `Әлгілердің мамасы ғой, қай жағымнан шыға келер екен?` деп қауіптеніп жатып, бастырылығып оянды...
Содан көзі ілінбей біраз жатты. `Африка балаларының армандары жоқ шығар, сірә. Ауласынан аттап шықса болғаны - қалың жынысты ну ағаштың ішіне кіреді де кетеді. Қай аңды көрем десе де, өз еріктері өзінде, рақат-ау, шіркін!..`
Былайғы ұйқының мәнісі кетті. Тықырын білдірмей киініп алып, тысқа шықты. Таң етегі енді-енді түрілейін депті. Шу өзені де ағысын өзгертпепті. Азанғы алагеуіммен ақшылданып, сол бұрынғы арнасында жатыр. Қалмаштың ішін елжіремелі аңсауы бар жіңішке діріл сызып өтті. Әлдеқандай алыс қиялдың арқасы ғана көрініп, көзден бал-бұл ұшқандай... Ақырын сипалап қораның ішіне кірді. Әлі де алагеуім екен. Сонда да жарықты жаққан жоқ. Әкесінен қауіп қылды. Мұндай `шала-шатпырағы` үшін ол кісінің емеуріні аз. Әсіресе қайдағы бір картаның бетін сызғылап, әке-баба кәсіп қылмаған `сиықсыз қылығына` кешірімі кем. `Балам, өнбейтін іске үйір бола бермесеңші, қайда бір көр-жермен күн өткізгенше, сабағыңды оқысаң нетті! Қу ағаш кеміріп, ел алдына түсем деген сені көрдім. Бұл байлығыңмен менің басыма көк тас орнатпай-ақ қой. Елге күлкі, дұшпанға таба қылмай, оқуыңды оқы, оңар тірлікпен айналыс. Сенің тең құрбыңның алды болғаның менің маңдайымды жарып па? Осы қиқым-сиқыммен мені ұшпаққа шығармай-ақ қой`, - деп екінің бірінде көзге түрткі қыла береді. Ән сабағынан үлгермегені үшін де мына мүліктердің бәрін қирата жаздап жерден алып, жерге сала әрең-әрең басылған-ды. Сондықтан да күрмеуі келмеген көп істің `күнәкәрі` есептегі бұл шаруамен әке назарынан тыс айналысқаны жақсы. Екеуінің ымыраға келмейтін, көбіне наразылық қоздырар қысылшаң өткелдің бірі осы.
Қораның іші жарық тартып, қасындағы заттары анық ашылған заматта Қалмаштың көңілі секем ала бастады. Жабайы тайпалар жайында оқып жүрген кітабы мен кеше ғана жасаған садақ оғының үңгісі орнында жоқ. Сөмкедегі дәптерлер столдың үстінде жатыр. Күнделігі ашық екен. Aha, түсінікті. Математикадан алған екісі үшін әкесі көзін құртқан ғой. Әйтпесе, алыстан жау келді деймісің?.. Бір абыройы, қабырғадағы карта мен бұрыштағы қайыққа тимепті.
Қалмаш картаны бүктеп орай бергенде есік ашылып, әкесі кірді. `Тынған жерім осы шығар!..` Ол жотасымен сырт айнала, әлдебір қатыгездікті күтіп, мойын ұсына беріп еді. Онысы болған жоқ. Оның орнына өктем дауысы шықты:
― Құлқын сәріден қайта кіріскесің бе? Мейлі енді, білгеніңді істе! Бірақ бар ғой, ендігәрі бір сабақтан `екі` алғаныңды естісем, мыналардың біреуін қалдырмай отқа жағып, күл етемін. Қашан айтты деме! Мейлі оң құлағыңмен есті, мейлі сол құлағыңмен есті. Ауырмаған жағыңа қисай...
Сөйтті де, кіре берістегі кетпенін алып, есікті сарт еткізіп шығып кетті. Өйтсеңші, бүйтсеңші деп емеурін салмады. Қосылмас тізе, бітіспес мәмленің байлауын көрсетті. Ол бұдан былайғы мәселенің немен тынатынын айқын сезінді. Кітаптарын жинастырып ап, әкесінің артынан іле-шала бұ да есіктен аттады. Біраз ұзаңқырап барып қайта келіп, картасын алды. Тастап кетуге біртүрлі көңілі қимады. Жау қолында қалатындай сезім баурап еді...
Мектепке жақындағанда шешесін ойлады. `Балам, әкең сені жаман болсын дей ме! Арқа еті арша, борбай еті борша боп жүргені бір сенің қамың ғой. Әкеңнің айтқанын істе, құлыным!..`
― Құралбаев, не қарап отырсың?
Қалмаш қапелімде селк ете қалды.
― Мен сенен сұрап тұрмын. Алдыңдағы не нәрсе?
Ол партаның астына тығуға ыңғайланды. Бұл кезде мұғалім де таянып қап еді:
― Іһім... біз математикамен бас қатырып отырмыз, сен болсаң география қызығына кенеліпсің. Шамасы, көп білесің ғой. Солай ма, Құралбаев?
Қалмаш тіс жарып ләм демеді.
― Оһо, мыналарың жатқан бір шексіз дүние ғой, кәне, біз де бірге қызықталық. Мына крест ненің белгісі?
Қалмаш үн қатқан жоқ. Класс ішінде су сепкендей тылсым тыныштық орнады.
― Бол. Жым-жырт, үндемес ойнауға жиналып па ек, айт, қане!
― Теңіз қарақшыларының тығылатын аралы...
Мұғалім қияқтай қасын қайқаң еткізді:
― Тамаша! Теңіз қарақшылары деймісің? Табылған атау. Сенің осы істеп отырған әрекетің сол теңіз қарақшыларының қылығымен бірдей екенін түсінесің бе?..
Класс шу ете түсті. Әлдебіреу:
― Қалмаш - қарақшы, - деп ұйқастырып та үлгеріпті.
Мұғалім ендігі жерде кекесіннен гөрі ашуға құрық берді.
― Ұятсыз неме! Біз бөлшек сандарды түсіне алмай әуре, бұл қайдағы жоқ қарақшылармен әуре. Түйірдей түйсік болсашы.
Ол картаны жинай бастады:
― Әкеңді ертіп келмейінше, мен сені ешбір сабаққа жібертпеймін. Бар, шық кластан!..
Қалмаш көшеге шыққаннан кейін не істерін білмей, ары-бері біраз жүрді. Үйіне өлсе де бармайды. Әкесінің желкенді қайықты жоқ қылуы ақиқат. `Мейлі, быт-шытын шығарсын, керек десе, өзі айтқан отына өртеп жіберсін...` Дел-сал оймен өзеннің жағасына келді. Алыстан тепловоздың дауысы естілді...
Қалмаш сол күні түсте де, тіпті кешке де үйіне оралмады. Құралбайлар отбасы үшін үрей мен қауіп түндігі сияқтанып қою ымырт еңкейе бастады. Мал қораланып, қоңырқай ауыл түн көрпесіне жантая түсті. Қалмаш әлі хабар-ошарсыз...
Шеше жүрегі шыдаған жоқ:
― Әй, әлгі жалғызыңа бағана не деп едің? Қайтіп қана дәтің шыдап отыр. Еркексің ғой, былай-былай шығып, іздеу салсаңшы.
Құралбай міз бақпады:
― Өлмейді. Өзегі талған соң өзі-ақ келеді. Асты-үстіне түскенге әбден асқынған неме ғой. Асықпа. Мен оған қыңырлықтың не екенін үйретемін әлі.
― Байғұс-ау, өзіңе өзің осыншама өзеуреп, не күн туды басыңа. Бұғанасы қатпаған балаға соншама қасарыстың кеп. Жүрегің неткен тас еді?
Күйеуі қыбыр етпей, теледидарға тесілген күйі отыра берді. Ішкі ойы: `Қайда барар дейсің? Бір жолдасының үйіне кеткен шығар. Соған бастаған екен, бетінен қақпаудың керегі жоқ. Әбден жетегесіне жетіп, миына сіңбейінше, жылы қабақ, жарқын шырай қажетсіз. Орайына жығыла беру - ойын баласының жолдан шығуына бастайды. Сондықтан да солақай қылықтарын сылып отыратын суық мінез тиімді`.
― Мақұл, екеуіміз де омалып отыралық, ендеше. Сүйегін әкелгенде бір-ақ білерміз...
Құралбайдың құйқа тамыры біз сұққандай шымыр ете қалды. `Сүйегі` дегені сүйегінен өтті. `Жағыңа нәлет, иттің баласы!` деп ұмтыла жаздап барып қайтты. Онсыз да күйіп отырған пенденің бет-пішіні тежеу салды. Көзін бір ақшаң еткізді де қойды. Үндеген жоқ.
Үй ішін ауырлаған салмақтай жым-жырттық басты. Теледидар ғана сампылдап сөйлеп, тынбай күмбірлейді. Ана құлағына не айтып, не қойып жатқаны түсініксіз. Ынта-жігері мұнда емес, әлдебір таныс тықырдың таянып кеп, жақындауын жалтаңдай күтеді. Сәт сайын сабыры сұйылып, суық лепті дегбірсіздік бойлап барады. Елеңдеп, есіктен енді кіріп келердей елегізуі жиіледі. Жанын алақанына салғандай асығыс алаңдауы асқына түсті. `Мына сорлының бейқам бір жақсылықтан хабары бар ма, жоқ, болмаса рақым қайырдан шынымен жұрдай ма, бүлк ететін сыңайы жоқ, бары-жоғы бірдей, сызданған қалпы сол қалып. Шіркінде ине жасуындай иман мейірім болсашы. Ішінен шыққан жалғызына қалай іш жылытпайды екен, ә?..`
Оның үркек жанары жыпылықтап, дөңгелек иірім жас ойнақтап шықты:
― Апыр-ай, шыдамың неткен шынжыр еді. Тым құрыса, бірге оқыған балаларынан бір хабар алсаңшы. Жаманатын естісек те, жанымыз жай тапсын!..
Күйеуіне бұл да ем болған жоқ. Шыбын шаққан құрлы әсер етпеді. Орнынан қозғалақтап, ары-бері жөнделді де, ту сыртын беріп жатты.
`Мынаның сұрқы жаман ғой, сұмдық іске бастамаса игі еді...`
Ол ебелектеп, есіл-дерті қалмай, көршінің үйіне бас сұқты. Одан екеулеп, қараң-құраң көбейіп, тағы бір терезені қақты. Көше бойлай зыр жүгіріп, `барады-ау` деген дүдәмал есіктің, ошақтың бір де біреуін қалдырмай, шарлап шықты. Түнгі ауылдың тыныштығын тескілеп, түсініксіз сөйленген, келте қайырылған абыр-дабыр молая берді. `Қалмаш, Қалмаш!` деген ащы үн қою қараңғылықты қайшылап, қайта-қайта сұңқылдай көтеріліп, көпке дейін басылмай жатты. Шалқасынан түсіп, үйелеп туған жаңа ай жүзінде де жасаурай ақшылданған, жұқалаң мұң табындай бозамық қоралану бар еді...
***
Қалмашты класс боп, мектеп боп, бүкіл ауыл боп іздеді. Барлық мұғалім аяғынан тік түрегелді. Аудандағы милиция араласып, жан-жақты іздеу жарияланды. Табаны күректей бір апта өтсе де, ешқандай із түзсіз, ләм-мим сыбыс білінбеді. `Көріп ем`, `өйтіп ем`, `бүйтіп ем` деген жан шыққан жоқ.
Бұл әсіресе класс жетекшісі Қатира Хамитоваға қатты батты. Қараптан-қарап бет қақты боп, сергелдең күйге түсті. Оқушыларға тиісті бағасын да қоя алмай, қисынсыз қыпылықтап, шарасыз жағдайға тап болды. Аз мерзім ішінде реңі сынып, кәдімгідей шөгіп те кетті. Оның үстіне, директордың: `Сіз біздің бәрімізді ел бетіне қарай алмайтындай қара бет қылдыңыз ғой. Мектептен қуып шығуға кім право берді сізге? Есігіңіздің көзінде жүрген қолжаулығыңыз ба еді? Қалай-қалай алшаңдайсыз?.. Осыдан табылса, табылды, табылмаса, ісім тура сізбен болсын!` - деп зілдей зекуі жүрегіне мір оғындай қадалды.
Мектепке тергеу ала келген Қайырбек Құсайынов орта жастағы, тәжірибелі заң қызметкері еді. Ішек-қарны шұбырған талай істің түйінін шешкен әккі болғанымен, мынандай оқиғаға кездесіп отырғаны бірінші. Кеше Қалмаштың ата-анасымен сөйлесті. Шеше байғұс не десін, баласының қой аузынан шөп алмайтынын, біреудің ала жібін аттамайтынын, қылтың-сылтыңнан тазалығын айтты. `Бірақ қайдағы бір жоқ нәрсені жасауға өлердей өш. Сабағын апыл-ғұпыл орындай сала, көбіне сонысымен әуре. Ертеңді-кеш каналдың қасынан шықпай, қайық кемесін жалдатып жүргені. Кейде ары-бері өткен поездарға қадала қарап, тапжылмай телміретіні бар. Жады болғандай жабысып қалатын. Мен мұндай әрекетінен біртүрлі секем алушы ем: `Әлдебіреу дуалап қойған ба деп... Қарағымның осынысына көрінді ме, ақыры түбіне жетті ғой` - деп, көзінің жасын тыя алмады.
Әкесі бір беткейлеу екен: `Бұл итке не жетпейтінін қайдам. Не керектің бәрі бар. Тапқан-таянғанымыз ауыздан жырсақ та осының алдында. Бетін қағып көрген пенде емеспін. Рас, қарғыс атқыр мына бір үйінділердің артына түскеннен кейін кейіген, ренжіген кездерім болды. Қай әке баласын жамандыққа қияды?.. Біз ғой, таңның атысы, күннің батысы колхоз жұмысымен тістесіп, үй бетін зорға көреміз. Күніне бір мәрте ыстық ішуге мұршамыз келе ме, жоқ па - қолымыз күрмеулі. Балаға бапты тәрбие беруге де шорқақпыз. Біліміміз төмен. Сонда топырлаған көп мұғалім ай қарай ма? Алдындағы балалардың не істеп, не қойып жүргенімен жұмысы бар ма, жоқ па! Жоқ әлде дап-дайын тары көже демекші, дайын айлықтың иесі ме? Қу ағаштан қайдағы бір көр-жер жасауды үйреткен өздері, `қарақшы` деп мектептен қуып шыққан өздері, басымды қатырмай, баламды тауып берсін!` - деп қырыс кетті.
Тергеушінің бір түйгені: баланың қиялмен жасап алған өз әлемі бар. Соған ешқайсысы ара түсіп, ықылас пейілін созбаған. Мына маталу - соның құрбандығы...
Қатира Хамитова кабинетке кіргенде, тергеушінің қасында мектеп директоры Нұрғиса Тойболдиев, орыс тілі пәнінің оқытушысы Валентина Петровна Детковская, тағы басқа бірқатар адамдар отыр екен. Көбісі Қалмашты іздеу жөнінде құрылған штаб мүшелері. Тосын дүрбелең туғалы тыным таппай жүгірген ары шап, бері шаптың кісілері.
― Кәне, сіз не айтасыз оқушыңыз жөнінде? Қалай дегенде, тонның ішкі бауындай жақынсыз ғой.
Қатира аз-кем іркілді. `Бұл қай айтқаны, кекетуі ме?..`
― Класс жетекшісі осы кісі емес пе? - Тергеуші директорға бұрылды.
― Иә, осы кісі.
― Сөйлеңіз.
― Мен не дейін. Бір класта отызға жуық оқушы бар. Оның қайсыбірінің көңілінен шығасың? Біреуіне әке, біреуіне көке деп, педагогикалық нормадан асқан жерім жоқ. Бәріне қойылатын талап біреу. Ол - сабақ үлгерімін арттыру. Қайтсем көкейіне қондырам деп, қолда бардың бәрін саламыз. Басқалардай емес, математика күрделі, ауыр пән. Бір жерінен түсінбеген екен, қалт жіберген екен, оның орнын толтыру, қайта қуып жету қиын. Сондықтан, ақсақ қой айдағандай малтығып, бәрін басынан қайталауға тура келеді...
Тергеушінің топшылауынша, мына кісі сабақ берудің мән-жайын айтып, өз басын қорғауға, арашалауға бейім. Бойын оттан аулақтатудың әрекетіне бойлап бара жатқан сияқты.
― Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы қалай еді?
― Мінезі дейсіз бе? Турасын айтсам, дөрекілеу. Менің сабағыма мойны онша жар бермейтін. Көбіне терезеге қарап,жасырын кітап оқып, қозғалақтап отыратын. Дәптерінің мұқабасын көрсеңіз, жүрегіңіз суылдайды. Қайдағы бір түсі суық жылан ба, тісі ақсиған жыртқыш аң ба, құрттай жыбырлаған бақа-шаян ба, - неше түрлі жан-жануардың суреті. Мұнысымен тұрмай, қыңыр, бір езу. Өз дегені болмаса, міз бақпайды. Әсіресе ұры-қары, қаңғыбас қашқын жайындағы кітаптарға әуес, әрдайым қолынан түспейтіні сондай әдебиет.
Жақында барлық класс шығарма жазыпты. Тақырыбы: `Менің сүйікті геройым`. Сонда Қалмаштың қалағаны қайсы дейсіз ғой? Робинзон Крузо! Кәдімгі жабайы Крузо! Мен бұл арада басқа біреудің жұмысына қол сұғып, мұрындық болудан аулақпын. Бірақ бала тәрбиесі бәрімізге ортақ. Қалмаштың сол жазуына Валентина Петровна `бестік` баға қойып, жаңсақтық жасаған. Онсыз да делебесі қозғыш оқушының қолтығына дем бүркіп, аспандатып жіберген. Біз патриотизм, Отанын туған жерін сүюшілік сияқты қасиеттерді мектеп қабырғасынан еге бастаймыз. Еңбек озаттары, еңбек ерлері, ғарыш қаһармандары... Міне, жас буынның жол көрер, үлгі алар геройлары осылар болуы тиіс. Оқушыға жақсыны үйрету бар да, жаманнан жиренту бар. Біз осы жағын да ұмытпауымыз, естен шығармауымыз қажет. Баланың бүгіні мен ертеңіне бұл жағы да үлкен әсер...
― Басқа пәндерден қандай еді?
Сөзге директор араласты. Қатираның айтқандары көңіліне қонбай, қобалжып отырған-ды. `Несіне олай деді? Сабақ берудің бағыт барысын талқылайтын педкеңес емес қой. Болған істі баяндап қана қоймай ма? Балаға беріп отырған бағасы да өзі айтқандай `бірезулік`, `жаңсақтық` емес пе екен? Жоқ әлде `алдыртқан албырттың` керін істегені ме?..`
― Бекер обалы қайсы, есеп жағы болмаса, басқаларынан біреуден ілгері, біреуден кейін, жаман оқымайтын. Сонымен бірге қоғамшыл, белсенді. Мына бұрыштағы табиғат тану мүйісін жабдықтаған да өзі. Өткен жазда тауға барған екен, арқардың басы ма, таутекенің мүйізі ме, тастан қашалған қалмақтың мүсіні ме, бәлен-бәтіраштың бәрін жиып кепті. Мен бұл баланың бойында әмсе өздігімен жұмыс істеуге, өздігімен іс бітіруге құмарлық барын аңғарушы ем. Көбіне томаға-тұйық, жалқы жүретін. Біреумен ұрыс-керісін балалық беймазалығын байқаған жоқпын.
― Үй іші, әке-шешесі қандай жандар?
― Әкесі сушы, ауылдық кеңестің депутаты. Колхозымыздың алдыңғы қатарлы озаттарының бірі. Ішімдік атаулыдан аулақ кісі. Шешесі қызылшада істейді. Сүттей ұйыған тату шаңырақ.
Валентина Петровна сөз сұрады:
― Кешіріңіз, тергеуші жолдас. Мен Қалмаштың хабар-ошарсыз кеткеніне Қатира Хамитовнаны кінәламақ емеспін. Ондай ойым жоқ. Әр педагог ой нәрін жеткізу үшін бойындағының бәрін салады. Өзіндік шаралар қолданады. Ұрсады, кейиді, қайтып алады. Осының бәрі оқушы көңіліне шырақ байлаудың әрекет жолдары. Хамитованың жасағаны да осындай жақсы ниеттен туған шешім. Әр оқушының кеудесінде абайлап басар, алыстан ғана шалынар күй пернесі болады. Мен мұндалап тұрмайтын осындай нәзік дірілге, жіңішке әуен ырғағына ерекше ілтипат керек. Ақырын аймалар аялы алақан қажет. Осыны қалт жібермей, дәл сипалау, май сылаудай мейірім төсеу - ұстаз бақыты. Оның биік мұраты осы...
Бізді бүгін тұйыққа тіреп отырған, артына шалыс іс тастап отырған Қалмаштың жүрегінде осындай көмбе бар еді. Біз оны көре алдық па, қажет кезінде көмек қолын ұсына алдық па, мәселенің томпақ түйіні де осы ара. Тергеуші жолдас, сіз егер бала жайында тереңірек білгіңіз келсе, оның жұмбақ жоғалуына шынайы үңілгіңіз келсе, осы жағына баса назар аударыңыз. Қалмаш, Қатира Хамитовна суреттегендей, бейпіл қыңырдың адамы емес. Көкірегін қандай да бір қимас қиял сыздатқан, сәби сәулелі жұмсақ сезім уысындағы бейкүнә жан. Керек десеңіз, өз торына өзі шырмалған шарасыз тұтқын. Қалмашты іздегенде, көлденеңнен із кеспей, оның осындай кейіп қаракетін нысанадан шығармау жөн сияқты...
Иә, `өйткен` жақсы, `бүйткен` жақсы. Қазіргінің бәрі жақсы. Сайып келгенде, осы айтылғандардың жоқ баланы табуға сынап көзіндей септігі бар ма? Сырттан пішкен тон сияқты көп жорамал жол емес қой...
Тергеушіде тұрақтаған ой жоқ. Әр нәрсенің басын шалғаны болмаса, `мә` деп қолына ұстатқан берік байлау және жоқ. Оны әсіресе баланың балаң қиялы біржолата баурап алды. Көбіне соның соңынан ілбіп, артынан ілескендей ұзап кетеді. Бұл ортадан біразға дейін үзіліп, қарасы қашықтап, өз ойының ұшын сабақтайды. `Мына жолдастардың пікірі ем болса, абырой. Әйтпесе, ат басының алыстан қайтар сыңайы бар-ау!..`
Баланың құлағы аз шуламаса керек. Біреу жақсы деді, біреу жаман деді. Біреу едіреңдеп айтты, біреу ептеп айтты. Бірақ келген қонақтың түп етектен ұстаған медеуі мардымсыз. Қақ суымен бірдей. Қанша сұрау салғанмен, сауалға берер саңылау шықпады. Бұйда басы әлі бос. Тергеуші ендігі жерде әңгіменің сырт сарынына ғана құлақ салып, өзімен өзі отырды. Бала қиялындағы желкенді қайық бейнесі, шетсіз-шексіз толқыған көк теңіз келбеті, желдей ескен жүрдек поезд жүрісі, ну орман арасындағы жабайы адамдар әрекеті, неше түрлі аңдар суреті көз алдынан айықпай, айқыш-ұйқыш тізбектеле берді.
***
Ең алдымен Майлыаяқ басын көтерді. Мұны таныды ма, танымады ма, құйрығын бұлаңдатып, еркелегендей мойнын ішіне салып, бәтіңкесін, шалбарының етегін иіскеледі. Бұрынғысынан үлкейіп, жондана түсіпті. Күшік кезінде үрпек сары еді, қазір қоңыр барқынданып, қошқыл тартыпты. Мойын жүні де тікірейіп, тарам-тарам төгіліп, ұзарып өскен. Кескен құлағы шұнтиып, мынадан бірдеңе дәметкендей арсалаңдап, ақырын-ақырын қыңсылап қойды. Үйде ешкім бар ма, жоқ па, әзірге ешбір белгі байқалмады. `Аңға кеткен ғой, қазір үйде отырар деймісің...` Ол ішке кіргенде бөкен бөстектің үстінде жатқан шалды көрді. Жүрегі шым ете түсті... Мезгілсіз ұйқыға сенген жоқ. Жүрелей отырып жүзіне үңілді. Құдайым-ау, қалай азып кеткен! Ірең-кейпі баланың жаялығындай сұп-сұр сарғыш. Қатып-семген қас-қабағы сүйекке жабысқан құр сүлдердей солыңқы, күңгірт. Үлкен, қоңқыш мұрны мен түсіңкі, түксиген ұртының арсасы білініп, ойылып қалыпты. Еттен таза: тірі аруақ кейпіндей қорқыныш үйіреді.
― Ата!..
Ол тамағын теуіп, тынысын тарылтқан булығы жасты аңғарған жоқ. Қойнына қолын жүгіртіп, иығын маңдайын ұстады. Денесі жылы екен. Шыбықтай қолын қозғалтып, оянғандай болды.
― Ата, мен ғой.
Шал болар-болмас кірпігін қимылдатып, көзін ашты. Таныған жоқ. Дем сайын қысқан көп елестің бірі ғой деп ойлады. Лайлы жанарын жаппастан шалқалақтап, бері қисайды. Қалмаш мына кісінің ауыр науқас екеніне, әл үстінде әзер қимылдайтынына көзі жетті. Үнсіз парлаған жасын тыя алмай жүріп киімін шешінді. Шалдың бас жағы пәстеу екен. Жастанған ат көрпесін сәл-пәл биіктетті. Қасқыр ішікті төмен ысырып, бөксесін, аяғын қымтады. Жанына қойған шәугімі бос. Түбінің таңдағы шығып, қаңсып кетіпті. Демек, көптен бері көтерілмегені ғой. Ол ыдысты алып, сыртқа беттей бергенде, шал күбірлеген сияқтанды. Қайта бұрылып, қасына отырды. Бұл жолы көзін анық, айқын ашты.
― Кімсің, айналайын?..
― Мен ғой, ата, Қалмашпын.
Екі құлағы қалқиып, басы дөңгеленген таныс бейнені енді жыға шырамытты.
― Қалмаш... қарағым... - Езу тартып жымиды ма, жоқ әлде иегі кемсеңдеп қамықты ма, бұл екі арасын ажырату қиын еді.
― Сырқаттанып қалдыңыз ба, ата?
Шал сөйлеген жоқ. Көзін жұмған қалпы басын изеді. Содан қайта үн қата алмады. Терең ұйқы құшағына енгендей жым-жырт, үнсіз жатты.
Қалмаштың өксігі көпке дейін басылмай қойды. Кірелі-шығалы халдегі мүсәпір қарттың мүшкіл халі көкірегін қарс айырды. Қараған сайын көңілі босап, қос иығымен солқылдап, жас төкті. Осы күйінде көрем деген ой он ұйықтаса түсіне кіріп пе?! Қол-аяғы балғадай, атан жілікті, еңселі шал еді. Өткен жазда ғана сондай сымбатты еді. Қалмаш үшін бұдан асқан ажарлы жан жоқ болатын-ды.
Бұл былтырғы каникул кезінде осы Кербұлаққа, бір жамағайындарының қолына жылқы бағысуға келді. `Көшені құр таптағанда қайтесің? Дәулетияр көкеңнің ауылына барып қымыз ішіп, таза ауамен тыныстап қайт`, - деп үй-ішін жіберген еді. Кенеттен кездескен қолқаны Қалмаш қуана қарсы алды. Тау ішінің бейтаныс тірлігі тағатсыздана тартты. Көңілінде жүрген, өзіне ғана белгілі кездейсоқ оқиғамен қоян-қолтық ұшырасардай сезім жүрегін қытықтады...
Ертеңгі сәскеде Сарыөзекті бойлай сар желген бір аттылы көрінді. Тосын жүрген жолаушыға есік көзінен жүгіре шығып, жабыла қарау - жалғыз үйлінің ежелгі салты. Сол әдет бойынша бұлар да жапа-тармағай тұрып, тайлы-таяғы қалмай, салт жүргіншіге көз тікті. Мойнындағы мылтығынан таныған Дәулетиярдың әйелі:
― Е, Бүрлібек жәкем ғой. Қанжығасы олжалы болғай, - деп күлімдеп қойды.
― Өй, сол алжыған шалды қойшы. Ата сақалы аузына біткенше `мәрәкпін` деп көкиді де отырады. Пәлен жыл суда соғысқан адамда не ес қалушы еді. Басына қоятындай, бесатар мылтығын тайдай жабағыға айырбастамай жіберіпті. `Көп жақсы күндерімнің көзі` дейтін көрінеді. Аңсайтын қай жақсы күні бар екенін қайдам бұл шіркіннің, - деп үй иесі біраз жерге дейін апарып салды.
Қалмашты `моряк` дегені елең еткізді. `Бұл кісінің матрос болғаны ма сонда? Оның үстіне, шал деуі қалай? Басқаныкі басқа, қазақтың қарияларынан матрос шыққан ба еді?..`
― Көке, ана кісі моряк па, аңшы ма?
― Әй, қайбір сау сиырдың тезегі дейсің. Қит етсе... `мен мәрәкпін, матроспын` деп кеудесін соғады. Теңізде жүріп басы айналып қалған сорлы ғой, болмаса, саяткерлік не теңі. Сен бұрын естімеп пе ең?
― Естіген жоқпын.
― Ендеше, көресің қазір.
Қалмаш бейтаныс жүргіншіні тықырши күтті. Алыстан байқалмаған екен. Жақындай бере оң жақ бөктергіде салбыраған арыстай қасқырдың басы қылтиды. Қалмаш ит екен деп қалды. Қасқырды қасынан көргені осы болатын. Салаңдап, жерге жете қабыл созылған көксеректі көзі шалған Дәулетияр қалбаңдап, құлдыраңдап жорғалағандай қарсы ұмтылды:
― Ассалаумалейкум, отағасы. Жарықтық-ау, көптен бері көрінбей кеттіңіз ғой. От басыңыз аман ба, күйлі-қуатты жүріп жатырмысыз?..
Ол қасқа күреңнің тізгінін ұстап, үлкен кісіні аттан түсірді. Жүзіндегі жасанды құбылысты аңғару қиын емес еді.
― Мәссаған, мынауыңыз түн ұйқыны төрт бөліп, талай топалаң салған таныс тарлан ғой. Өткенде ғана бір құнанымды жарып кетіп еді, бұған қалай тап болдыңыз?
― Иә, сенің со құнаныңның етіне қақалып, тұра алмай жатқан жерінен үстінен түстім, - деп еңгезердей қария Қалмашқа қарап көзін қысып қойды. Рең-кейпі ірі, сүйекті, түксиген тұлғалы болғанмен, ат жақты қалың қабағының астында біртүрлі жылылық, іш тартар мейірім бар сияқты.
Әлгіндегі мысқыл аралас кішкентай күлкісінің ар жағында балаға тән балауса пейіл аңғарылғандай. Ешқандай бұйығы бүкпесіз, бәсіре пешенеге біткен аласыз аңқ