04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.

Шешуші шабуыл


I Белорусь майданы мен I Украин майданы 16-апрельде шабуылға шығуға тиіс болды... Берлин операциясына қатысатын үш майданның 2 миллион 500 мың адамы, 42 мыңнан астам зеңбірегі мен минометі, 6250 танкісі мен өздігінен жүретін артиллерия қондырғысы, 7500 соғыс самолеті болды. Дұшпаннан басымдылық адамдар жөнінен 2,5:1, артиллерия жөнінен 4,2:1, танкілер мен өздігінен жүретін артиллерия қондырғылары жөнінен 4,1:1, авиация жөнінен — 2,3:1 болды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

...Бірінші батальонның офицерлері жаңадан келгендермен біраз жұмыс істеді. Алдағы шабуылдың мән-жайын айтып түсіндірді. Полк командирі жауынгерлерден еш нәрсені жасырмауды талап етті.

150-дивизияның алдында жаудың 15 километрге созылатын қорғаныс шебі жатыр. Барлық жерде мина, траншеялар екі-үш қатардан. Жолдағы поселкалар мен деревнялар тірек пункттеріне айналдырылған. Әрбір жеке үй жан-жағынан оқ атуға бейімделген.

Рахымжан взводты демалуға әдеттегіден ерте жатқызған. Қанша ұйықтағанын білмейді. Бір кезде шошып оянды. Өңі ме, түсі ме? Айналасы қып-қызыл. Жер де от, көк те от. Көк күмбезіне қуатты оттан қатар-қатар уық ұстаған секілді көз аштырмас жарық саусақтың саласындай самсап көкке қадалып қалған. Жер шайқалып тұрғандай көрінеді. Шошып кетті, иегі өз-өзінен сақ-сақ етеді. Сасқанынан қос қолдап ұстай алды. Болар емес, кәдімгі атуға қойған пулеметтей сақылдайды. Мұндай сұмдықты кім көрген.

Орнынан атып тұрды. Сел қаптап бара жатыр. Адам селі. Ешбір қамал тоқтата алмас күш қозғалыпты. Жолдағының бәрін тып-типыл етер сеңдей жылжып барады. Взвод та шабуылға көтерілді.

Осынау маңда, сірә, қорық болса керек. Қаптаған солдаттардың арасында есі шыққан андар жүр. Басы ауған жаққа ләйліп сенделеді. Әншейінде мөлдіреп тұратын еліктің көзінен жас парлайды. Шыбын жанын қоярға жер таппай хайуан шіркін әбден сасқан. Бұл соғыс анды да жылатты. Дала тағысы қасқырдың да есі шыққан. Құйрығын қысып ұлиды. Жылмаң түлкі солдаттардың аяғына оралып жүр. Тоңмойын таты қабанның талайы ашу үстінде автомат оғына тап болды. Жыртқыштар тәңірісі жолбарыс та бишара болып қалыпты. Қайрат жоқ, айбат жоқ, құр дәрменсіз ырыл. Дүниені қанды тырнағында ұстамақ болған неміс басшыларының қазіргі халін елестеткендей.

Сел қаптап барады, жолдағының бәрін жайпап, таптап барады. Айбат селінің алдын бөгер күш енді жоқтай.

— Ал, бауырым, басталды деген осы! — деді біреу таза қазақ тілінде. Рахымжан жалт қараса, капитан Бегалы Байболатов екен. Ол тың күшпен келген артиллерист офицердің бірі болатын.

— Япыр-ай, мұншама күш дивизияға қайдан келді?

— Бүкіл I Белорусь майданы Берлинге шабуылға шықты. Берлинге! Фашистер ордасы бұл жерден жетпіс-ақ километр.

Бегалының үнінде мақтаныш лебі бар. Ол айналаға, соғыс көрінісі болса да мынау ғаламатқа шаттана қарады. Рахымжанның бойын да бір тасқын сезім билеп кетті. Взвод тізгінін мықтап ұстауға бекінді ол іштей.

...Берлинге жеткенге дейінгі бес күн. Қандай ауыр болды десеңізші. Фашистер бекіністі мықтап-ақ жасаған екен. I Белорусь майданының алғашқы қарқыны едәуір тежелді. Қанды ордаға жету мерзімі кешеуілдеу қаупі туды. Ең бастысы — шабуыл қарқынын бәсеңдетпеу. Бар мүмкіндік-күш осыған жұмсалады.

Бірінші батальонның, тіпті 674-полктің, дивизияның бұл күндері шайқас жолы — Гроес-Барним поселкасы, Вибрисберг селосы, Фриаландершторм өзені, Куненсдорф, Претцель, Каров қалалары болды.

Шайқастар сырттай бір-біріне ұқсас сияқты, бірақ ауырлығы, адам шығыны, әскери тактикалық мәні жағынан бір-бірінен тіпті өзгеше еді. Бес айға бергісіз бұл бес күн тірі қалғандардың есінен еш уақытта шыға қоймас.

Дивизия Претцельді алған соң, оның батыс жағындағы тоғайға орналасқан-ды. Аяқасты шені үлкен офицерлер көбейіп кетті. Артиллеристер тіпті ерекше қарбалас үстінде.

— Зеңбіректерді Берлинді атуға әзірлеңдер! — деген өктем үн естілді...

21-апрель. Берлин көшесіне совет солдатының табаны тиді. Алғаш кірген генерал С.Переверткин басқарған 79-корпустың әскерлері, 150-дивизия осы корпуста. Аяр жаудың жанталаса қарсыласуына қарамастан, қаһарман армия жаналқымнан алып, оның тынысын тарылта түсті. Әрбір үй, әрбір этаж, терезенің әрбір көзі от бүркеді. Кескілескен айқас болмаған көше, алаң жоқ. Бәрібір совет солдатының ендігі екпінін тоқтату қиын еді.

...Газ заводы, вокзал, водокачка алынды. Аурухана, трамвай паркі біздің әскерлердің қолына өтті. Осындай игі хабарлар үсті-үстіне түсе бастады. Берлин өрт құшағында. Қою түтін мұнартқан талай күн. Біздің самолеттер әскери заводтарды бомбалады. Жау ұясы жан алқымда.

Немістердің Москваны бомбалағаны еске түседі. Ауруханалар, театрлар, музейлер... Енді, міне, соның сазайын өздері тартуда.

Бірақ неміс танкісі Москва көшесін баса алған жоқ. Ал біздің болат сауыт танктер Берлинді табанында иледі. Сондай сұсты. Жер астындағы бекініс — Берлиннің метросынан шыққан адамдар мынадай ғаламат күшке үрпиісе, үрке қарайды. Үрейлі жүздері құп-қу. Қайда, қайда немістің жеңілмес армиясы? Мына селге, айбат ағынына кім төтеп бере алар? Ендігі қарсылық аярлық қана, інге тығылған жыртқыштың соңғы қабуы. Гитлердің күші, күні кешегі бос мақтанның күлі көкке ұшқандай.

— Бізге бүкіл әлемді сыйға бермек болып еді. Бұйырғаны мынау, — деп өздері жаңа ғана жансауғалап шыққан үңгірді көрсетеді.

Жүздерінде өткір мысқыл. Көзі енді ашылып, көкірегі енді оянғандай! Ассыз, жарықсыз, жағдайсыз апталап сол бір үңгірде жату жалықтырды. От ішінде, өрт ішінде болса да жарық дүниені көріп тұр. Өздерінің тағдырларына налығандай.

Иә, фашистер жарылқаймын деп соғыс өртін тұтатты. Сол өрт енді өздерін тұншықтыруда. Қарапайым халыққа ендігі керегі — сұрапылдың тезірек тыншуы. Оқ тыйылып, әр ошақта оттың жануы. Әр терезеден, әр бұрыштан қылтиған жалаулар соның сұрауы, соның белгісі. Ақ мата болса бітті, қолына түскендерін іліпті.

Алдыңғы шептегі әскерлер алып жүрген үлкен дыбыс қондырғысының алдына егде тартқан неміс әйелі келді. Өзін сөйлетуді өтінді.

— Тоқтатыңдар атысты, мен анамын, ақ сүтіммен айтарым, ендігі қарсылық тек өз бастарыңды жұтады. Менің күйеуім, балам бар болсаң, таста қаруды. Мен совет әскерлерінің бейбіт халыққа тимейтініне көзім жетті. Өмір сүрейік, жарандар, өмір сүрейік! Гитлердің апиынымен уланған бастарыңды тазартыңдар! Жиындар естеріңді!

Рахымжан бәрін көріп келеді. Соғыс оны тіпті есейтіп жіберді. Ендігі арманы — жеңіс сағатының соққанын өз көзімен көру. Бұл арман осы ұлы шабуылдағы әр солдаттың жүрегіне ұялағалы қашан! Берлинге кіргелі сол өрт сезім бәрін де асықтырғандай.

Күні кеше отделение командирі Хаби Фазиатуллиннің жараланғаны есінде. Дамылсыз жарылған фаустпатрон әлден уақытта доп тиіп, тізесінен төмен екі аяғын бірдей қырқып түсті. Сонда оның жүзінде күлкі. Қозғала алмай шоңқиып отырса да күледі.

— Ничего, жолдас лейтенант. Берлинде үзілген аяқтың арманы жоқ.

Сонда бөлініп түскен өз аяғы өзінің көз алдында жатыр. Төңірегі шылқылдаған қан. Неткен сұлу қайрат. Тағы бір мынадай жайт естен кетпейді:

— Гичко қайда, Гичко! — деп старшина Штельмах жүгіріп жүр екен. Қолында су жаңа керзі етігі бар.

Неге іздеп жүргені белгілі болды. Кеше комбат екі ұлтаны бірдей түсіп, оны Гичконың қайыспен таңып алып жүргенін көрген, старшинаға қатты ренжіген болатын.

— Жолдас старшина, рахмет! — деді Гичко жаңа етікті алып жатып. — Енді көрейін немістердің өнерін.

Қолма-қол бор тауып алып, ескі етіктің қонышына: «Дошел до Берлина» деп жазды да, а,аштың бұтағына іліп қойды.

Осындай адамдардың арасында жүру, олармен қарулас болу қандай бақыт! Қалай ғана торығып, қалай ғана жасыр адам.

Ендігі қарсылық есердің ғана ісі екенін манаты ана айтпап па еді. Бірақ оның бәрін неміс атаулы түсінсе, фашизм қайдан шықпақшы. Ондай ананың ақ сүтінен садаға кетсін құзғын жау.

Сол құзғынның бірін, міне, өз көзімен көріп тұр. Қасындағы күйген кірпіштей қып-қызыл. Осы кірпіштің арасынан оқыста оқ атып, әне алты бірдей аяулы досынан айырды. Жаудан тазарды, енді алаңсыз деген аудан еді. Мына сұмырай қайдан шықты?

— Сұрандар, кәне өзінен!

— Кімсің, неге аттың оқты?

— Хайл Гитлер!

— Мына кірпішпен мылжалап өлтірейікші, — деп Гичко тап берді.

— Тоқта, таты сұрандар!

— Кімсің, қайдан шықтың?

— Хайл Гитлер!

Қолға түсіп тұрып, бұлайша қасарысуы жігіттерді күйдіріп жіберді. Әттең, рұқсат жоқ. Әйтпесе, үйітіп жіберер еді. Мұндай құзғынды ату жеңіл. Азаптап әкесін танытса. Жоқ, оған рұқсат жоқ. Хайлшіл «батырта» жалғыз оқ жалынды.

Міне, осындай құзғындар әлі құрып біткен жоқ. Осындай құзғындар жеңіс табалдырығында талайдың тағдырына тажал болғалы тұр. Жан-жақтан құрсаудай қысса да, әлі де алпарысып, жанталасушы солар. Сақ болу керек.

...Твердохлеб батальонды жаңа ғана алынған аурухананың подвалына орналастырды да, өзі тура есік алдында күзетші отыратын жерге отырды. Көз ілген жоқ. Күні бойғы қатты қарсылық осы теміржол жақтан. Үлкен бір бекініс бар секілді. Таң алды адам баласының ұйқы тырнағына ілінетін шаты. Осы кезде епті жігіттерге барлатып алса. Ертеңгі күні бойғы ұрыс сол бекіністің қандай екеніне байланысты.

Кімді жіберу керек? Комбат Қошқарбаевқа тоқтады. Айлакер, шапшаң. Қиыннан қисын тауып кетеді. Жігіттері де командир! Қандай болса сондай. Жараланғандарының өздері анау-мынауды елемей, майдан шебінде әлі жүр. Әне, соның бірі — Гончаренков. Кеше оқ бір құлағын жұлып әкетіпті. Таңып алып, кет дегенге болмай әлі жүр. Рахымжан жөнінде комбаттың да, политрук Васильченконың да, парторг Исаковтын да пікірі бір жерден.

Көзі ілініп кеткен екен. Комбаттың байланысшысы түртіп оятты.

— Сізді майор шақырады. Твердохлебтың әскери дәрежесі Берлинге кіргелі жоғарылаған. Ол енді майор.

— Жолдас майор...— деп қолын шекесіне қоя беріп еді, Твердохлеб:

— Тыш...ш...ш, — деп ыммен тоқтатып қойды.

— Солдаттар ұйықтасын. Неше күнгі демалыссыз шабуыл шаршатты ғой.

Рахымжанның көз алдында әскери басшы емес, қамқор әке тұрғандай болды. Гимнастеркасының жағасы кірлеп, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Көзі шүңірейіп, талаураған. Сонда да өзінен гөрі өзгенің қамын жеп тұрғаны осы адамға деген жылылық сезімді ұлғайта түсті. Бүкіл батальонный «Біздің батька» дейтіні есіне келді. Тап осы жерде «жолдас майор» демей, «батька» деп жібергісі келді.

— Саған тапсырма, Қошқарбаев, мынау. — Алдындағы картаға қарады да, салынған белгіні шұқып көрсетті. — Теміржолдың ар жағын шолып келу. Өзің таңдаған бір отделениені ал.

— Құп болады, — дей беріп еді, қайтадан ыммен токтатты.

— Құп болатынын білем.

Ақырындап бір-бірлеп оятып жүріп, бірінші отделениені ертті де, Рахымжан сыртқа шықты. Бәрінде автомат. Басы таңулы, құлағы жоқ Гончаренков та келді. Қала үйреншікті от құшағында. Соғыс күйі дамылсыз ойнап тұр. Таң алдындағы қараңғылық от жарығымен ауық-ауық түріліп-түріліп кетеді. Барлаушылар үшке бөлінген. Ең түпке Рахымжан өзі бастап кетті. Тым-тырыс. Күні бойы бет бақтырмай қарсыласқан жауды жер жұтып кеткен бе? Әлде бұлардың жақындай түсуін күтіп, бұғып жатыр ма екен? Жан жоқ.

Бір мезгілде бір үшеу қараң ете қалды.

— Жат!

Демдерін ішінен алады. Тура қарсы келеді фашистер. Алдарынан шықса, атыс боп кетуі мүмкін. Жолды босатып, тура екпе тұсына бұғына қалды.

— Үшеуміз үшеуіне жармасайық. Біреуміз запаста болайық. Кім жеңіліп бара жатса, соған жәрдем береді. Тірідей ұстау керек.

Тура қастарынан өте бергенде үшеуі біреу кнопканы басып қалғандай бір мезгілде мысықша атылды. Оқыс шабуылдан әлгілер тырп ете алған жоқ. Қолдары артына байланып, ауыздарына орамал тығылды. Гончаренковтың құлағының сыртына қаны ғана шығыпты.

Бұл тұтқындар кеп дерек берді. Кешегі осы жерде от шашқандар қаланың орталығын қорғауға бұйрық алыпты.

Тынысы тарылған жаудың соңғы тұяқ серпері қалғандай көрінді. Бірақ ол қандай серпу, қанша құрбандық күтіп тұр әлі? Мұны болжау қиын еді.

Фербиндунге каналы. Осы каналдан өту, әсіресе, 150-дивизияға оңай соққан жоқ. Каналдың жағалауына мықтап бекініп алған немістер өткел бермеуге жанталасты. Бірнеше қатты шабуылдың беті қайтты. Каналдағы көпірлер қиратылған. Ернеуінен түбіне дейін бетон құрсанған. Танктер, орудиялар өте алмайды. Тіпті жаяулардың өзіне өту мүмкін емес. Он жақтан пулемет пен автоматтан оқ төгілсе, сол жақтан тура маңдайдан орудиялар азынап тұр. Жағаға совет әскерлері жақындаса болды, биік үйлерге орналасып алған немістер оқты төгіп береді. Қай жерден атып жатқанын да аңғару қиын. Қарсы жағалау түгел ажал отын бүркіп тұр.

Және осы маңға жаңа күш үсті-үстіне төгіліп жатқан секілді. Жау бұл тұстағы совет әскерінің алдына қойылған міндетті сезгендей. Осы каналдан өтісімен шабуылшы дивизия бетті кенет оңтүстік шығысқа бұрмақ еді. Сөйтіп, Берлиннің орталығына баратын жолды аршымақ. Атақты Моабит ауданы осы жолда. Қаладағы үлкен бекіністің бірі.

Совет әскерлері Висладан өтісімен-ақ Гитлер Берлинді бекініске айналдырған-ды. Қаланың барлық тұрғынын қорғаныс ісіне жапты. Күніне 100 мыңдаған адамдарды айдап шығып бетондар құйғызды. Метро, канал, көпір атаулының бәрі бекіністерден көрінбеді. Қала сегіз қорғаныс секторына бөлінген. Ал тоғызыншы секторда үкімет мекемелері, империя кеңсесі мен рейхстаг бар. Әр секторда арнаулы гарнизондар қойылды. Қаланың орталығындағы әрбір үй қамалға айналды. Әсіресе, рейхстаг, ішкі істер министрлігі — «Гиммлер үйі» тұрған аудан қатты жасақталды. Тек осы төңіректе араның ұясындай құжынаған от ұялары бар 400-ден астам темірбетон құрылыстары салынды.

Қаланың орталығына барар жолдағы Фербиндунге каналы мен Моабиттегі қарсылықтың өзі сұмдық. Әсіресе, көресіні 756-полк пен 674 полк көрді. Бұл полктар сонау Одерден бастап көш басында келе жатқан. Маңдайы тасқа тигендей болды осы арада. Моабит ауданының бір жағын Фербиндунге каналы айналып өтеді де, екінші жағында Шпрее өзені. Ауданның оңтүстік қанаты Шпреедегі Мольтке көпіріне барып тіреледі. Көпірден рейхстаг онша қашық емес.

Жау бұл маңның бекінісіне сенімді. Және солтүстіктегі совет әскерінің беталысы тура батыс сияқты еді. Рейхстагтың өкпе тұсынан бұрылатын жерден өтіп кеткен болатын. Міне, енді күрт қаланың тура орталығына лап қойды. Дұшпан нағыз жаннан безгендерді төкті бұл маңға. Фербиндунге каналына маңайлатпай жатқан солар.

Не істеу керек? Түтін, ендігі жәрдем түтін ғана. Жау көзін байлаудың бір жолы. Лезде бүкіл канал бойына түтіннен шымылдық ұстағандай болды. Жауынгерлер лап қойды. Біреу тақтай салып, біреу рельс салып, біреу тіпті жүзіп өтіп жатыр. Арғы жағаға шыққандар үйлердің төменгі этаждарын бекініс етуде. Адам көруге шыдамайтын көрініс. Біздің жауынгерлер де жаннан безіпті.

Каналдан ете бергенде Рахымжан оң қолынан жараланған Пантелеевті көрді. Автоматты сау қолына ала сап тарта берді ол. Жауынгер Киреевтің ішінен оқ тиді. Қолымен басып алып кетіп барады. Сол жаралы күйі бес немісті табанда жайратты. Қан сорғалап, жүрген жерін жоса қылды. Есіл ер әлден уақытта шайқалып-шайқалып барып сұлап түсті.

Жағаға өткендер көбейе берді, көбейе берді. Бірақ дұшпан 200 метрдей шегінді де, тағы да табандап жатып алды. Көпір жоқ. Іске саперлер кірісті. Бораған оқтың астында жанталасып жүр. Күн кешкірді. Қараңғы түсті. Соғыста түнді күндіз қылу қиын ба? Сорғалаған ракеталар жап-жарық қып жібереді. Бітіп қалған көпірді жау қайта бұзады, саперлер қайта жамайды. Осы бір қарғыс атқыр каналдың үсті сан боздақтың басын жұтты. Минут қымбат. Каналдан танк пен артиллерия өте алмаса, жаңағы жаяуларды қырып салады.

Әне, танктің алды көпір үстіне ілікті. Жосып келеді. Артиллерия да ағылды-ау. Жібермей тұрған тығын жұлып алынғандай. Рахымжан Василий Кривоносовты тани кетті. Жағаға шыта салып сүйікті 45 миллиметрлік орудиясын оқтап жатыр. Бұл сержанттың расчеті сонау Одерден бергі көп шайқаста сан көзге түсті. Батальонға берілген батареядағы ең ержүрек расчет. Солдаттар қалжыңдаса да, ол расчетқа «Гитлердің тажалы» деп ат қойған-ды.

Каналдың ар жағында тұрып-ақ көзі түскен жау үясы болса керек. Биік үйдің шатырына кезенген орудия отты құсып-құсып жіберді. Расчеттағы жігіттердің қимылына көз ілеспейді. Көзді ашып-жұмғанша жауға ажал снарядтарын жосылтқан орудиялар қаптап кетті.

— Василий, төпе!

Рахымжанды Кривоносов күлкісінен ғана таныды. Ақсиған тек тістері көрінеді. Шаң ба, күйе ме, бет-аузы қап-қара. Самайдан аққан тер жосалары бетіне андыз-андыз жол салыпты. Оқ бүріккен биік үйдің сынған есігінде бір топ солдатпен тығылып, әлдебір нысананы андып тұр.

...Осы ауданда концлагерьдің қақпасы бұзылып, жылдар бойы қапа болған тұтқындар босатылды. Жақтары суалып, сүйектері арбиып-арбиып кетіпті. Құр сүлдері қалған. Шамалары келгендері азат етушілердің мойнына асылып, құшақтап жатыр. Жылайды, қуаныш жасы. Ішінде орыс та, поляк та, чех та, венгер де бар. Бір-ақ тілде сөйлейді. Жүрек тілімен, ыммен. Қару сұрайды, шабуылға шықпақшы. Кектерін қазандай қайнатқан жауға оқ атпақшы.

О, Моабит! Мынау мелшиген тас қабырғаларың қанша зұлымдықты бүгіп тұр десеңші. Тырнағыңа түскеннің бәрін тылсым жұттың. Сенің атың тарихқа қасіретпен, қастандықпен егіз боп қалды. Моабит десе жүрек соқпай тоқтады, жылаған бала уанды. Зұлымдықтың зәрі сіңген топырағың неткен ащы еді. Неміске қорған болмай, қорлау болдың! Тельмандай тектіні де осы жерде азаптады-ау. Тыңдасаң нетті, жасырсаң нетті сондай азаматыңды! Арысыңның азасынан аунап кетпей неғып тұрсың. Мелшиесің неліктен?

Тұтқын да тұтқын. Немістердің енді өзі тұтқын. Сүмірейген, солбырайған. Моабит түрмесін қорғауды Геббельстің өзі қолға алыпты деген хабар бар-ды. Әр лектің, әр топтың ішінен офицерлер сол сұмырайды іздейді. Әттең, шіркін, тірідей қолға түссе... жүз, екі жүз, бес жүз, сегіз жүз адам өтті. Жоқ! Жасырынып үлгерген ғой, жендет...

Моабит ауданындағы үйлер араның ұясындай жиі салынған екен. Тар көшелер тастан қаланған терең траншея секілді. Төменгі этаждар біздікі, жоғарғы этаждар немістікі. Сан үйлерде осындай «тату көршілік» болды.

Майор Твердохлеб батальонный бөлімшелеріне әрбір үйді ақырына дейін тазартуға аялдамай, астын алып, үстін қалдырып жүре беруге бұйырды. Осылайша көшеден көше, кварталдан квартал совет әскерлерінің қолынан өте берді. Төбеңе шығып алған жаудың қай жағыңнан қатып түсерін қайдан білесің. Әр үйдің терезесі атыс үясы. Абайсыз аттадың - бітті! Абайлау дегеннің өзі де мүмкін емес. Маңдайдағы қос жанарға анталап тұрған жаудың бәрі бірдей сыймайды. Бірі болмаса, бірі көзден таса. Сенің түбіңе жететін де сол.

Екі Берлин бар. Бірі — от құшағындағы Берлин. Бірі — жер астындағы Берлин — тұрғындардың жан сауғалаған панасы. Азат етілген аудандарда олар жер бетінде көріне бастады. Неше күннен бері дом сызбай ашыққандар, әйел, бала. Үрейлі, үнсіз. Көшеде құлаған артиллерия аттарының санынан кесіп-кесіп ала қашады. «Аштық азабы өлім қаупінен де күштірек екен-ау» деген ой келді Рахымжанға.

Бұл көрініске қарау қиын еді. Көп кешікпей аршылған көшелердің әр жерінде советтік жылжымалы әскери кухня пайда болды. Солдат шөмішті көсіп тұрып, ашыққандарға құйып беріп жатыр. Телмірген, жүзі сынық әйелдер. Тағат таппай, тамақ аузына тигенше тыпыршыған балалар. Өндері шүберектей құп-қу. Тілдерінің келгені:

— Русь гут, Гитлер капут!

— Русь гут, Гитлер капут!

Қу құлқын не істетпейді. Жоқ, бұлттай тұнжыраған бұл өмірден түкті айырып білмей тұрған сәби жүректің шын соғысы солай шығар?! Оларға соғыс үйреткен әліппе осы болар!

Шабуылшы батальондар көше біткенді фашистерден сүйемдеп тазартып кетіп барады, кетіп барады.

Рахымжанның взводы тұтқын ғып әкелген неміс офицері соңғы жаңалықты айтты.

— Күні кешеге дейін солдаттардың арасында неміс әскеріне тосыннан керемет бір күш келмек деген сыбыс жүрді. Сол күш соғыстың тағдырын шешпек еді. Геббельстің радиосы миымызға осыны құйды. Медеуіміз сол еді. Міне, сол күшті көріп отырмыз...

Сұп-сұр өңінен мысқыл күлкінің ізі көрінді.

Жау астанасы табанда. Улы жыланды Совет қарулы күші қылқа мойыннан басып тұр. Басын қозғалта алмай, құс тілін ғана жалақтатады. Бірақ сол тілді жұлу әлі оңайға түсетін емес. Өйткені бұл фашизмнің улы тілі.

Әр үйдің қабырғасы қабір болып қалды. Қоштасты талай тарланмен. Жаңа жарылған фауспатрон отделение командирі Рыбаков қалпақтай ұшырды. Рахымжанның жүрегін біреу жұлып алғандай болды. Алдырмай келе жатқан шар болаттың өзі еді. Поповтай, Гичкодай ерлердің ұстазы. Қасына жүгіріп келді. Басын сүйеді.

— Жолдас лейтенант, вперед!

Қолын ілгері нұсқайды, кемсеңдейді. Кете беріңдер, соғыңдар жауды дегені. Бір уақытта бұлқынып қалды да, бойын жиды. Ұйып жатқан қанды көрді. Сұқ саусағын малып жіберіп, қабырғаға жаза бастады. Қаны — сия, саусағы — қалам! Қолы әлсіз ырқына көнбейді. Тісін қайрап, қайраттанады. «Я в Берлине. Рыба...» Осы араға келгенде үзіліп кетті, жан тапсырды. Қабырғада қанмен жазылған жазу. Алдында арыстай боп жатқан майдандас дос. Өз қабірінің басына өлмес сөзді өзі жазды. Мұндай ерлік өлімді Рахымжан көрген жоқты.

Тас та балқып ерігендей. Қызыл жазу күреңденді. Көзі бұлдырап кетті ме, солай көрінді. Досының аты толық тұрсын. Саусағының әлі кеппеген қанға қалай тигенін де білмейді «ков» деп жалғады. «Рыбаков» болып шықты. Қабырғада досының қаны. Бойында досының кегі...

28-апрель күні Моабит ауданы түгел тазарды. Гитлершілердің қырғын жасап, қия бастырғысы келмеген жоспары күл-талқан болды. Қырғын жасауын жасады. Бірақ... өзі ін түбіне тығыла түсті.

Алдында тас құрсаулы Шпрее өзені. Одан өтетін Мольтке көпірін жау бұзып үлгермеген. Бірақ осы көпірге совет әскерін жуытпауға барын салары сөзсіз. Картада бәрі сайрап тұр. 674-Плехадановтың полкі рейхстагқа шешуші шабуыл жасауға әзірленуде. Ол шабуыл осы өзеннен өтісімен басталмақ. Шпреенің оң жағындағы бекініс керемет күшті. Эсэсшіл батальондар, арнайы әзәрленген «фаустниктер», зенит, авиация бөлімшелерінің ең таңдаулы бөлімдері осында төгілген. Әр үй емес, әр метр жер үшін қиян-кескі ұрыс болмақ.

Бірінші батальон бір кварталды тұтас алып жатқан көп қатарлы биік үйдің ауласына келіп бекінген еді.

Таңертең ертемен батальондағы барлық командирлер комбат шақырады деген хабар алды. Штаб кіре берістегі төменгі этаждың бір бөлмесіне орналасқан екен. Твердохлеб мұнтаздай боп киінген. Жағасын ауыстырып, түймесінің бәрін жарқыратып тазарттырған. Сақал-мұрты да жып-жылтыр боп алынған. Офицерлердің алды кіргенде кішкене флаконнан иіссу жатып тұрған-ды. «Батьканың» мұндай жасанғанын офицерлер көрген емес-ті. Өзі де көңілді.

— Жеңіс жақын. Біз ең алдыңғы шепте тұрмыз. Мені полк командирі шақыртыпты. Шешуші шабуылдың жайы болса керек. Жиын-терін тұрындар!

— Құп, жолдас майор! — деп офицерлер тік тұрды. Күткеніміз — комбаттың жаңа бұйрығы. Қандай міндет, қандай қамал тұр алдыда.

— Комбат оққа ұшты,— деген әлдекімнің даусы естілді.

Рота, взвод командирлерінің бәрі де жүгіріп-жүгіріп жетті.

Бас киімдерін алып мелшиіп тұр. Рахымжан соңын ала келді. Жаңа ғана жарқырап тұрған «батькасы» серейіп жатыр. Мана мұрын жарған одеколонның иісі әлі кетпеген. Бірақ онда тірі адамның үстінен аңқыса, енді өлі адамның үстінен мүңкіп тұр. Батальонный парторгі Исаковтың, политрук Атаевтың көзінде мөлтілдеген жас. Аяныш жасы, қарапайым да кішіпейіл командиріне деген қимастық жас. Жеңіс табалдырығында аяулы ақылшыларына ажал отын кезеген мейірімсіз жауға деген ашу-ыза жасы.

Тұрғандардың дәл жанынан тағы бірдеңе гүрс ете қалды. Қираған үйдің үшінші этажынан сержант Серебряковтың саңқ еткен даусы естілді.

— Комбатты өлтірген ана сұмырай!

СС формасын киген офицердің өлігін корсетті. Гүрс еткізіп оны жоғарыдан құлатқан Серебряков екен.

— Бұл сұмырайды екі аяғын терезе түбіндегі діңгек басып қалыпты. Ол шамасы кешегі соғыста болған оқиға. Мүмкін, бұл бүгін есін жиып, терезе жақтауынан ұстап, тысқа көз салғанда совет майорының жүгіре басып, әлдеқайда асығып бара жатқанын көрсе керек. Содан гранат лақтырған-ау деймін. Жанында жатқан пистолетке, самайынан сорғалай аққан қанға қарағанда, өзін-өзі атқан болу керек.

Көп кешікпей генерал Шатилов пен подполковник Плехаданов келді. Қаралы митингіні батальон парторгі Кәрімжан Исаков ашты...

Комбаттың қазасы жанына батпаған батальонда ешкім болмаған шығар. Осы батальонды өз қолымен шындап, өз баласындай мәпелеген командир еді ол.

Әр солдаттың өлімі оның қабырғасына қатты бататын. Адъюданты оққа ұшқанда жұрт жылағанын да көрген. Сұм ажалдың жеткен жерін көрдің бе? Рахымжанның да денесі дір етті. Әлдене тамағында түйіліп тұрып қалғандай булығып кетті.

Өлді деуге қимай тұр. Әкесінен де мұндай тәрбие көрген жоқ. Өмірдің шытырман шимайын оқи білуді үйреткен осы адам еді. Қан майданда кімнің кім қабағына қарағандай. Бірақ бұл барлық командирлердің көңіл күйін тап басып біліп тұратын. Бойында адамға деген үлкен мейірім бар-ды. Сол мейірім қан майданның небір қиын минуттарында оның бүкіл командирлік тұлғасын кесек көрсетуші еді.

Күні кеше өз бас боп кепілдеме берді, партияға өткізді. Кепілдеме берерде айтқан сөзі әлі құлағында:

— Сен бірінші кепілдікті Одерде, одан кейін Берлинде алдың. Сендей жүректі ұлдарды партияның нағыз адал перзенті деу керек.

Сол адамның көзді ашып-жұмғанша жоқ болғаны-ай. Ажал сұм неткен мейірімсіз ең.

Осы кекті сөздерді Рахымжан бүкіл жауынгерлердің де жүзінен оқығандай болды. Олар да өзі секілді зығырданы қайнап, өшпенділік отымен өртеніп тұр екен.

...30-апрельге қараған түн жарымында Шпрее өзені артта қалды. Шабуылшы батальондар жауды қыса берді, қыса берді. Өзеннен қайта өткізіп тастамақ әрекетінен ештеме шықпады. Алдыңғылар бес этажды үлкен қызыл үйге жақын келді.

Осыдан екі күн бұрын комбаттың қаланың картасын қабырғаға іліп қойып былай дегені барды:

— Міне, мына бір үш жағы доғалана келіп, солтүстікке созылып жатқан ирек — Шпрее өзені. Осының оң жағын ала түзу сызық тартылып барып, «105» деген цифрға тіреліп тұр емес пе. Көрдіңдер ме? Сол цифрдың тұсында «рейхстаг» деген жазу бар. Доғаның қайқы басы жағында — солға қарай белгіленген Моьтке көпірі. Міне, осы жерден рейхстагтың батыс жақ қабырғасына дейін 550 метрдей.

Ал мынау Швейцария елшілігінің қарсы бетіндегі Германияның ішкі істер министрлігі немесе «Гиммлер үйі». Осы үйден рейхстаг 360 метр. Рейхстагтың оңтүстік жағында екі жүз метрдей деп жазылған мына бір белгі — Брандербург қақпасы.

Шабуылшылар алдында түксиген, терезе есігінің бәрі бітелген қиқы-жиқы қызыл үй тұрды.

Бұл күн ауа-райының қандай болғанын жауынгерлер білмейді. Күн ашық па, бұлт па? Әйтеуір түнерген бірдеңе. Шынында, аспанда оймақтай да бұлт жоқ-ты. Түнерген сұрапыл соғыстың түтіні еді және ол Берлиннің үстінде ғана үйіріліп тұрды.

Бүкіл дүниені бір тарының қауызына сыйғызбақ болған «батырың» сол қауызға енді өзі кірердей жанталасты. Бұл үйдің маңындағы әрбір кірпіші оққа айналып, қарсылық көрсеткендей. Рейхстагқа барар жолды ұстап тұр. Осы бір қарғыс атқан қанды ұя — рейхстаг қалса, бүкіл Германия аман қалатындай жанталасады.

Гитлер де жаннан безгендерінің миына солай деп құйыпты.

Бұл маңға Росток қаласынан баскесердің жаңа тобын парашютпен әкеп түсіріпті. Ол құпияны жаңа ғана қолға түскен тұтқын айтты.

«Гиммлер үйіне» үдемелі күшпен екі дүркін лап қойғанда екеуіне де қатты қарсылықтан біздің әскерлердің беті қайтып қалды. Әсіресе, Тиргартен паркі тұсынан бас көтертпей ұрып тұр. Артиллерияның жақынға ататын орудияларынан от төгеді. Ал «Гиммлер үйі» қабаған иттей маңайлатпайды.

Шешуші шабуылға әдейі әзірленген 674-полк Плехадановтың полкі таң біліне лап қойды. Төрт сағат шайқас. Танктер де жақын келді. Қандары қарайған солдаттар қандай қарсылыққа болса да қарар емес. Ет қызуымен танктердің үстіне шығып кетіпті. Жалаңбас, көмірдей қара шашы жалбырап, танктің үстінде Рахымжан да келе жатыр. Қолқаны атқан көк түтін, қан иісі, көктемде бусанған жер иісі. Бәрі аралас адамның сезім мүшесі еш уақытта байқап көрмеген бірдеңе. Алдыңғы танктен қарғып түскен солдаттар өлген-тірілгендеріне қарамай, уралап үйге кіріп жатыр. Бұл взводтың келуі осы бір қиын қамал боп тұрған үйдің тағдырын шешкендей болды.

Әне, осы үйдің терезесінен қарғыс атқан рейхстаг көрінді. Алды ашық алаң, төбесінде күмбезі бар секілді. Алдыңғы жағынан биікте атты адамның, кісінің мүсіні еміс-еміс көрінеді. Барлық терезесін кірпішпен бітеп тастаған.

Бір кезде бұл үй паң-ақ көрінуші еді. Алдында Бисмарктың ескерткіші тұратын. Қолында қылыш. Әйнектен дөңгелене келтірілген биік күмбез өзге үйден ерекше даралап тұратын. Күмбезден төменірек фонтан, атты адамның құйылған мүсіні. Негізгі кіреберісте зілдей-зілдей, үйдің тіке биігіне дейін созылған, мрамор діңгектер. Ол діңгектер айрықша ажар беруші еді бұл үйге. Оның алдында шыбын тайып жығылғандай жылтыр асфальт, сорғалаған фонтандар болатын.

Бұл көріктен қазір дым жоқ. Қаланың басқа жері сияқты бұл маңның да ойран ботқасы шыққан. Ағаштардың, алаңдардың орнында жентегі шыққан жер. Бисмарк ескерткішінің орны да көрінбейді. Мрамор діңгектердің жұлма-жұлмасы шыққан. Соғыстың жегі қотыры сұрқын алып жіберіпті. Неміс басқыншылары қандай жиіркенішті болса, оның соңғы қанды ұясы да сондай, тозығы жеткен моладай үңірейіп тұр.

Бірақ осынау алаңның бір кездегі атақты Король алаңы, анау үйдің рейхстаг екенін ешкім білмейді. Мүмкін, осы алаңда Гитлер жеңіс тойын жасамақ та болған шығар. Шабуылшылар әлі білмейді, қырғынына көз үйренген Берлиндегі көп үйлердің бірі екен деп жүр. Жаңағы «Гиммлер үйінің» әр баспалдағына, бөлмеден бөлмеге, этаждан этажға көшудің өзі жөбішенді шепті бұзудан кем соққан жоқ.

Твердохлеб қаза болған осы 674-полктың бірінші батальонын басқару капитан Давыдовқа тапсырылған. Қанаттас жатқан Неустроевтың батальоны 756-полктан. Жауынгерлер жоғары этажға тіпті зеңбіректі де алып шығып барады. Бөлме сайын үйіліп-үйіліп қалған немістердің өз фаустпатрондары. Жігіттер оны атуды да игеріп алыпты.

Осы кезде генерал В.И.Чуйков бастаған тегеурінді 8-армия Бранденбург қақпасына таяп, ал генерал Н.Э.Берзарин бастаған тегеурінді 5-армия қаланың шығыс жағынан келіп қоршаған еді. Бәрі де рейхстагтың жан-жағынан анталап келіп қалған. Мұндай халге душар болғанын сезген дұшпан үшін бір-ақ жол бар. Ол — өлімге бас тігу. Міне, мынау өлер кездегі өшпенді қарсылық. Әсіресе, солтүстік батыстан келген 3-тегеурінді армияның, оның ішінде 150-дивизияның шабуыл бағытындағы жаудың жанталасы тіпті қатты.

Рахымжанның взводы «Гиммлер үйінің» жоғары этажында жүрген-ді. Әр терезе сұрғылт сүреңсіз биік үй жақтан секунд сайын от букетін қабылдайды.

— Сізді комбат шақырады, — деген хабар алды.

Төменде батальонный штабы орналасқан бөлмеге келсе, адам көп екен. Бәрі қабырғаға жабысып тұр. Бұл бөлменің терезесінен де нөсерше сауылдаған оқ. Политрук Васильченко қолымен қабырғаға жабыс дегендей белгі берді.

Рахымжан да жабыса қалды. Сәл толастайды да, от бұршағы қайтадан төпей жөнеледі. Жұрттың бәрінің көзі сұрғылт биік үйде. Сол үйдің әр кірпішін әркім анықтап көргісі келгендей.

Давыдов Рахымжанға қасына жақындауды сұрады. Жаңағы елдің бәрі телмірген үй жақты саусағымен нұсқады да:

— Көрдің бе, рейхстаг! — деді.

Рахымжан біресе үйге, біресе комбатқа қарады. Васильченко күлімдеген күйі қайтер екен дегендей өзіне қадала қарап қалған екен.

— Арман ғып жүрген рейхстагымыз осы ма?

— Иә, иә. Ендеше, сол рейхстагқа апарып ту тігу керек. Соны сізге тапсырамыз, жолдас лейтенант Қошқарбаев!

— Құп болады!

— Міне, полктен келген барлаушылар тобы. Бұлар да сізбен бірге аттанады. Яғни сізді, сіздегі туды қорғаушылар.

Ту да дайын болған екен. Васильченко Рахымжанның қолына берді де:

— Жолың болсын, Рахым! — деп бетінен сүйді. Рахымжанның бойын суық тер басып кетті. «Тура ажал аузына». Сәл босап, осы тұрғандардың бәрімен қоштасқандай болды. Жоғарыда өз орнында Гончаровты қалдырған. Взвод жігіттерімен де қоштаса алмады-ау. Көз алдынан бір сәт туған жер, өскен өлке өтті. Қазақтың кең дал асы да қара баласын қапсыра құшақтағандай болды. Бұл сапардан аман оралуы екіталай!

Небір жүрек жанышқан ауыр ойлар қазір келіп, қазір жоқ боп сейіліп жатыр. Қойнында сабына ораулы ту, аттануға әзір. Мұнымен бірге шықпақшы жауынгерлердің бәрі де ыңғайланды. Бірін-бірі үнсіз, іштей ұққандай. Біріне-бірі сәт сапар тілеп тұрғандай. Сыртқа шығатын жалғыз ғана тесік бар, ол осы үйдің терезесі. Бұл терезені де фашистер дамылсыз өршелене атқылап тұр.

От бұршағы бөлмені тағы бір соғып басыла қалған сәтте Рахымжан сыртқа қарай мысықша атылды. Ұмар-жұмар болып бір шұңқырға топ ете түсті. Аман секілді. Өзінің артынан тағы біреу келіп жығылғандай болды. Бірақ кейін қарауға мұрша жоқ. Адамды көріп қалған дұшпан пулемет оғымен қатты шүйлікті. Атыстың қаттылығы ма, әлде шынымен-ақ басқа ешкім шыға алмады ма, артынан басқа адам иісі аңғарылмады.

Басын бауырына тығып бұққан күйі қолтығының астынан ақырын сығаласа, екі адым жерде бір уыс болып біреу жатыр.

— Амансыз ба, жолдас лейтенант?

— Аманмын. Өзің ше?

— Мен де сау секілдімін. Бірақ басқалары шыға алмай қалды.

Бұл арада көп күтіп жатуға болмайды. Неде болса ілгері жылжу керек. Бұлардан бұрын шыққан талай жайсаңдар жансыз жатыр. Жүректері зу ете қалды.

Нөсердей сорғалаған оқ астында олардың қорықпауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Олар да сүйек пен еттен жаралған. Секунд сайын қорқыныштың алуан түрлі алапат хабарын миына сорғалата құйып тұрған бұларда да