05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.

Отпен жазылған өмірбаян


1945 жыл басталғанда фашистік Германия біржола күйреудің алдында ғана тұрды. 1944 жылдың жазғы-күзгі науқаны барысында Қызыл Армия фашистік 96-дивизия мен 24-бригаданы талқандады. Бұлар өз құрамының 50 процентінен 75 процентіне дейін айрылды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

...Бұл 1945 жылғы январь айының бас кезі болатын. Варшаваға жақын қалың орман арасында үлкен қол жатыр. Белорусь майданының тегеурінді 3-армиясының 79-атқыштар корпусына қарайтын 150-Идрицк дивизиясына жаңа күш келіп қосылды. Ылғи өрімдей жастар. Шамасы 19-24-25 жылы туғандар. Аз күн ішінде олар дивизия тарихымен танысып үлгерді. Оның жауынгерлік жолы жатқан бір дастан-ды. 1943 жылдың сентябрінде құрылып, Калинин облысын, Латвияны азат етуге қатысты. Идрицк батығындағы ұрыстарда ерекше көзге түсті. 1944 жылты 12-июньде Совет информбюросы былай деп жазды: «Новосокольниковтың солтүстік батыс аудандарында шабуылға шыққан 2-Прибалтика майданының әскерлері фашистердің қорғанысын бұзып өтіп, екі күннің ішінде 35 километр алға жылжыды. Сөйтіп, майдан бағытын 150 километрге кеңейтті. Майдан әскерлері шабуыл барысында ірі теміржол торабы болып табылатын Идрицк қаласын алып, 1000-нан астам елді пункттерді жаудан босатты».

Тап осы шайқаста ерлігімен көзге түскен 150-інші дивизияға сол жылғы 23-июньде 150-Идрицк атқыштар дивизиясы» деген атақ берілген.

Жаңа келген жас офицерлер өз бөлімшелерімен соғыстың алуан түрлі өнерін үйренуде. Орман жанындағы өзеннен сан қилы әдіспен өткізеді. Судан өту тәсіліне ерекше ден қояды.

Жерде қар жұқа. Шытымыр ғана аяз бар. Бірақ қалың қолдың бір күн болған жері дуадақтың ойнағындай таптаурын болып қала береді. Москвадан шыққанда:

— Біз әуелі ауылға оқ атпай қайтармыз, — деп қалжыңдасқан-ды. Жау алысқа, өте алысқа қуылған секілді көрінген. Сонда да алғы шепке жетуге асығып келеді. Жол-жөнекей ерсілі-қарсылы ағылған эшелондар. Сұрапыл соғыстың ауыр табы бәрінен сайрап көрініп тұр. Бірақ бәрінде үлкен бір желпініс, серпіліс бар. Жақындап қалған жеңіс желпінісі сияқты. Мұны тіпті жаралылар мен тұтқыннан босағандардың жүдеу жүздерінен де аңғаруға болады. Соғыстың осы бір тірі ғаріптері майданға бара жатқандарға сәт сапар тілейді.

Аса бір асығыстық, ширығу барлығынан көрінеді. Эшелон қозғалыстарынан да, әскерлердің сұсты жүрістерінен де. Осы бір ғаламат ағынға жол атаулы таршылық еткендей. Темір-жолға да, тас жолға да сыймайды. Қаншама адам, техника. Мұның бәрін төксе немістің несі қалады? Алып ұшпа көңіл жеңісті осылай тіпті жеңілдеу етіп жақындатып қойған-ды.

Жолдағы көрсеткіш тақталарға да, эшелондардың сыртына да «Берлинге дейін!» деп жазылған. Бұл жазудың бойға қуаты керемет!

Жүзіқаралар да көрініп қалады. Ол — қолға түскен фашистер. Бір кезде Москваны таптамақ болып еді. Елірді, есірді. Ойына келгенін істеп, орта жолдың бәрінде де ойран салды. Міне, сол «жеңімпаздардың» түрін енді қор. Иықтары салбырап, еңсесі түсіп кеткен. Сол кездегі «жеңімпаз» — енді тұтқын. Үйір-үйір боп сең соққандай сенделеді. Бастарын көтермейді. Тарих алдында қарабет болғанын енді-енді сезгендей. Жиренішті. Оларға қаһарман ұлдардың қаны төгілген мынау қасиетті жердің өзін бастыруға қимайсың.

Осы ой алдыңғы шепке кетіп бара жатқанның бәрін баурап алған. Бұлардың ағалары, бауырлары 1941 жылы құтырған, елірген немістерді көрсе, міне, өздері мойнына су кетіп сүмірейген, сұрықсыз немістерді көріп келеді.

Осының бәрі жол бойғы көрініс, жол бойғы әсер еді.

Ал алдыңғы шепке келген соң пікір мүлде өзгерді. Кеудесі кесілсе де, басы қалған айдаһар әлі айбатты секілді. Улы тілін аяусыз жалақтатады. Қорқау өңеші тағы да талайды жұтпақшы.

Фашизмнің бұдан былайғы соғыста Совет Одағына қарсы әлі 3 миллион 100 мың адам, 28 500 зеңбірек пен миномет, 3950 танк пен штурм зеңбірегін, 1960 соғыс самолетін дайындап отырғанын қалың әскер қауымы білген жоқ-ты. Мұның сыртында резервінде 2 миллионнан астам адам, 2700 зеңбірек, 1090 танк пен 930 соғыс самолеті бар еді.

Мынау жасалып жатқан үлкен шабуыл әзірлігі сол тажалды есінен тандыра тағы бір ұруды көздейтін болса керек. Бірақ оның көлемі, күні жұрттың бәріне бірдей белгілі емес. Ол әскери құпия.

150-дивизия жауды қақ маңдайдан ұратын Бірінші Белорусь майданының құрамында дәл қазір Варшаваға жақын екінші эшелонда жатқан-ды.

Әскери бөлімшелер бұл күні жаттығудан ерте оралды. 674 полктың бірінші батальонының командирі, капитан Твердохлеб жас офицерлерді өзіне шақырып алды. Батальонның аға адъюданты Шепелев, политрук Васильченко, батальонның парторгі өзбек жігіті Исаков, бірінші ротаның командирі тәжік жігіті Атаев, үшінші ротаның командирі Батраков — бәрі осында.

Комбат еңкіштеу келген егде адам. Әрқашан өзін сабырлы ұстайды. Солдаттар өзін «біздің батька» дейді екен. Талай шайқасты көріп, оқ-дәрі иісі сіңіп болған адам. Қысқа да нық сөзінде әскери мол білім жатыр. Жас офицердің бәрімен жеке-жеке танысты.

— Майданға тұңғыш кіргелі тұрсың ғой?

— Иә, солай, жолдас комбат!

Рахымжан өзінше тақ-тақ жауап бергісі келеді. Өйткені, әскер тілі қысқа, әскер тілі тұжырымды.

— Семьяң бар ма?

— Жоқ, салтпын.

Комбат үнсіз отырып қалды. Ой құшатында: «Он екіде бір гүлі ашылмаған қыршын. Міне, от аузында. От болғанда қандай! Ертең 14-январьда бүкіл майдан шабуылға көтеріледі».

— Жаттығуда жақсысың. Соғыста...

Өздерінің барлық іс-әрекеті бұл кісінің көз алдында екен. Иә, әрбір взводты аралап өзі көрген. Судан да бірге өткен. Бәрін байқап жүріпті. Рахымжан да өз ойын «соғыста» деген сөзде ұстады. Комбат ары қарай сөйлеп кетті.

— Сендер әлі ұрыс көрген жоқсыңдар. Біздің тілімізде «необстреленный» дейді. Ұрыс — жауынгерге бір сын, командирге — мың сын. Сендер командирсіңдер. Бүкіл бір взводтың тағдыры өз қолдарында. Міне, өздеріңді, жас офицерлерді осыны айту үшін шақырдым. Алдымызда үлкен айқас.

Түннің бір уағында тревога болды. Қалың қол қаптап орман ішінен шықты. Алдыда қатты ұрыс. Варшава үшін шайқас, бүкіл поляк халқын азат ету үшін шайқас. Берлинге жол ашатыны және бар. Біздің ілгергі бөлімшелердің тегеуріні жауды ықтырып жіберген. Мұны екінші эшелондағылар өз көздерімен көріп келеді. Қала өрт құшағында. Алаулаған от жалыны түн түндігін түріп жіберген сияқты. Қаптаған самолеттер де көрінді. Бомбалар үсті-үстіне жарылып жатыр.

Үлкен ағынды өзеннің бойына келді. Бұл — Висла. Совет әскерін бұдан ары өткізбейміз деп Гитлер сан жар салған Висла осы. Аспалы көпірдің аузынан солдаттар дивизия командирі, генерал Шатиловтың өзін көрді. Көпірмен, қайықпен қалың қол өтіп жатыр. Су беті қарақұрым адам.

Манадан бері бұл төңіректі ұрып тұрған жау жаңағы соққыға қақалса керек. Қолайлы сәт. Есеңгіреген кезенді пайдаланып, өзеннің арғы бетіне тез өту керек. Жау есін жиып, қайта шүйлігіп жүрмесін. Командирлердің есіл-дерті осы. Сол себептен де жүздері сұсты, бұйрықтары қатаң. Бәрі ширығып алған. Титтей шашау шыққанды, кідіруді жақтырмайды.

Жайшылықта да мінезі қатаң 674-полктың командирі подполковник Плехаданов тіптен зәрлі. Көпір аузынан комдивті көрген соң полк тізгінін одан әрі ширақ ұстады. Соғыста қаталдық керек. Ақылмен қатал болсаң — тәртіп бар. Тәртіп барда — жеңіс бар. Плехаданов осы бір сын сағатта өз бөлімшелерінің әскери әзірлігіне ерекше түңіле қарады. Твердохлебтың батальоны бірінші боп өтті. Жауынгерлер, қару-жарақ бәрі дін-аман.

Жау екі күн бойғы апат соққыдан есін жия алмай қалса керек. Қаланы тастап қашты. Екінші эшелондағылар шайқас күткен еді. Жоқ, 150-дивизия Варшаваның көшесімен жүріп өтті. Таң біліне Вислаға ілінген әскери бөлімше қас қарая қаланың шетінен шықты.

Қала деп айту қиын. Үй орнында — үйінді, көше орнында — қазан шұқыр, ауа орнында — түтін, әлі басылмаған өрт жалыны тамақты қырнайды. Биік үйлердің сойдиған қадалары сұрапыл соғыстың үрейлі ескерткішіндей. Мынау үйлер бір кезде адамға пана болса, енді мола сияқты. Анау көрініске қарауға дәтің шыдамайды. Қираған балконда асылып қалған жас нәрестенің кішкентай арбасы. Әркімнің есіне өз сәбилері түсті...

Қаланы аралауға болмайды. Аяр жау ақырғы зұлымдығын жасап, елеусіз жерлердің бәріне миналар көміп кеткен. Бір-екі жерде оның осы қақпанына түсіп қалған бөлімшелер де болды. Сондықтан бір жаты сақтық, бір жаты онсыз да жау тастап қашқан қаланы сүзіп шығудың қандай қажеттігі бар.

Одан да түріле қашқан жаудың ізіне түсіп, өкшелей қуып, есін жиғызбау керек. Сол себептен де жүріс суыт. Жол бойы аса қарсылық жоқ. Тоз-тоз болған неміс әскерлері әр тоғайдың арасынан кездесіп қалады. Бірақ қарсылығы қарсақтың қапқанындай ғана.

Суыт жүрістің өзі шалдықтырайын деді. Бірнеше күнгі жаяу жорықты көтере алмай аяғы ойылып, арқасы талған солдаттар ұшырай бастады. Ұйқы мүлде шала, жүріп келе жатып ұйықтайды. Кейбіреу тіпті саптан шығып кете жаздайды. Командирлер осыған сақ. Бөлімшелерді шашау шығармай жинақы ұстауда.

...18 январьда 150-інші дивизия бірінші эшелонға шықты. Бұлардың алдында енді тек жау ғана бар. Варшава 100—150 километр кейінде қалды. Ұсақ-түйек ағыстан басқа елеулі қарсылық әлі ұшырай қойған жоқ.

— Тап осылай артына қарамай Берлинге дейін қашса, жақсы болар еді-ау.

Бұл — жеңімпаз әскер солдаттарының тәтті қиялы, арманы. Жау не ойлайды? Ол екінің біріне белгілі емес-ті. Осынша түріле қашқандай оның қауқары шынымен-ақ таусылғаны ма? Әлде амал ма? Әскери қолбасшылар бұл жұмбақтың сырына талайдан үңілген.