Әдебиет
Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Менің шешем
— Бол, тентегім, тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер, түрегел. Заттарыңның ашығы ашық, шашығы шашық қалды. Ошақтағы от та өшірусіз, уатылған сексеуіл де кіргізілген жоқ, бұзауың да байлаулы қалпында... Арба түскірі келіп қап жүрер, мен ертерек жөнелейін. Ал, қарағым, дүниеліктеріңе ықтиятты бол...
Осындай тапсырмаларын асығып айтады да, шешем үйден шығып кетеді. Соғыстан кейінгі қарбалас кезең ғой. Бұл мен үшін тосын емес, үйреншікті әдет. Кішкене кезімнен құлақ үйреніп, жаныма сіңген дағдылы жағдай. Сондықтан болар, шешем жүктеген «жұмыстарының» барлығын да жылы көрпеге тұмсығымды тығып, тәтті ұйқыны қия алмағандай бүркеніп жатып тыңдаймын. Оятқаны тербеу секілді, көпке дейін маужырап жата бергім келеді.
Шешем болса, асығып-үсіккенді күнделікті әдетіне айналдырып алған. Бұл кісі бармаса, колхоз жұмысы тоқтап қалатындай аптығады да тұрады. Әсіресе нан жауып, не болмаса кір жуған күнгі әбігері тіпті тығыл-таяң. Асып-сасып, үйдің ішін жинаусыз тастап, қолғап, пышақ секілді асай-мүсейлерін қолтығына қысып, жөнеле береді. Жүре қимылдап, шелек-құмандарға сүріне жүріп, таңертеңгі оразасын ашатын кезі болады. Тегінде, ол кісінің жайбарақат, ырғалып-жырғалып үйден шыққанын әлі бір рет те көрген емеспін. Баяғы бір өрт өшіргендей елгезек күйі сол күйі; қазір де басындағы жаулығын жолшыбай тартып, қолындағы кетпен, қалағын сүйрете-мүйрете үлкен жолдың арғы бетіндегі жүмысшыларды күткен арбаға қарай кетіп барады. Беліне буынатын белбеуін де ұмыт қалдырыпты, өйткені үстіндегі көйлегін алдан ескен самал кеулеп, қоңылтақ көрсетеді. Белімнің желі бар деуші еді, апыл-ғұпыл жүріп ұмытып кеткені ғой... Бар асығыс, бар әбігерінің тыншуы арбаның үстіне шығып, қоңыр желге жүзін қақтап, жұмысқа қарай бет алу болса, сонау арадан қайта оралып келуге мұршасы бар ма?!
Орамалдарын маңдайына түсіре шарт түйіп, бет-жүздерін қою қоңыр тотық басқан, терлеп-тепшіп батпақты қызылшаны жапырағынан арылтып тыным таппайтын жолдастарының арасында болу — шешем үшін дүниенің рақаты. Жарықтық, үстіндегі ескі бешпетін лақтырып тастап, қос білегін түрініп алып, қызу жұмысқа кіріскенде, өрмекші торындай шимай әжім жазыла түсіп, тотыққан жүзінен жігер нұры ұшқындап, төкпе ақынға шабыт келгені сияқты құлпырып кетеді. Кәрілік жетсе де тізе бүгіп, белін бермей қайратты жүруінің өзі іске деген таусылмас ләззатының жемісі болар. Иә, оның бұл құштарлығы көзі ашылып, есі кіргеннен бері қанына сіңіп, қуатымен ғана өмір сүріп жүргеніне, еңбекке де¬ген сүйіспеншілігі өлшемге сыймас алып екендігіне ешқандай күмәнім жоқ. Асылында, бүл адамның махаббаты өмірмен біте қайнасқан қасиетті махаббат қой деп ойлаймын.
Міне, ол қазір қырқадан шыққан ертеңгі күннің әлсіз сәулесіне алақанын көлегейлеп, өзіне тиісті қызылша дестесінің жиегінде түр. Қызылша жапырағындағы таңғы шықтар маржаны жұмсақ шуаққа бусанып, оның жанарындағы қызулы шабыттай жылтылдайды. Өзіне таныс шық буы мен жапырақ иісінің тынысын сезіну де ғанибет қой, шешініп жіберіп, кеше ғана үйіп кеткен үйіндінің қасына отырады. Алғашқы қарқынмен еңсеріп тастамаққа оңтайланып, жұмыс мөлшерін көзбен шолады. «Иә, көз қорқақ, қол батыр. Біссімілла, береке...»
Сонымен бастап та жібереді. Осыдан қара кешке дейін... Жә, мен шамалы кідірейінші, әңгіме басы әріден болсын.
...Бүл өзі Отан соғысының соңғы жылдарындағы оқиғалар еді. Ел тұрмысының қоңыр жайдақ, тықыр кезі. Біздің өміріміз жырақта жатқан «Кербұлақ» атты кішігірім колхозда өтіп жатты. Соғыстың бар ауыртпалығы белі еңкейген кәрілер мен бұғанасы бекімеген жас өспірімдер мойнында. Ол кездегі салт басты жас келіндер ауыл ішінің тірегі секілді, қай арада қиын жұмыс болса, солардың қолынан өтіп жатады.
Мен болсам, түннің бір жарымына дейін көзімді ілмей, шешемнің келуін күтемін. Үй суық, жалғызбын. Тыста күздің суық желі сүйек шағардай ызғарымен ұлиды да тұрады. Ішім бұралып, көзім қарауытып, сырт еткен дыбысқа құлағымды тігіп елеңдеймін де отырамын. Үйде ең құрыса қос уыс ұн жоқ, менің нан жегім келеді.
Бір уақытта сыртқы есік сарт ашылып, үйге шешем кіріп келді.
— Елжіреген жүрегім менің, әлі тосып отырмысың?
Аяғы қып-қызыл шиедей қан, тарам-тарам боп жосылып түр. Бүл маған үйреншікті көрініс, су суарған күні күздің жұқа мұзы балтырын тілгілеп, жоса-жоса қылатын.
— Нан тауып бер, нан жегім келеді.
— Құлыным-ау, неғылған нан, қатықсыз қара су болса да, Құдай денсаулығын берсін. Мына Германды жеңіп...
— Қарным ашты, нан жегім келеді, нан.
Шешем менің әлденеге қатуланып, көзімнің қарауытып отырғанын көріп, бауырына қысып, аймалағысы келді.
— Ештеңенің керегі жоқ, нан тауып бер.
— Тентегім-ау, жоқ нәрсені қайдан табайын?!
— Нан жегім келеді, нан, нан, нан...
— Көзіңнен айналайын жылтылдаған, өзегің талды ма?
Мен орнымнан атып тұрып, есіктің алдында тұрған шешемді итеріп жіберіп, далаға жүгіріп шықтым. Шырттай қараңғыдағы қыраулы жел бетіме, сирағыма оралып, арқамнан итеріп қуа жөнелді. Не себептен шығып, қайда барарым белгісіз болса да, әлденеге тас түйін боп, бет алдыма жүгіре бердім. Бір уақытта аяғым бір нәрсеге тиіп сүрініп кетті де, етпетімнен құладым. Содан қайта тұрғаным жоқ, көзімнен бір тамшы жас та шықпады, үстімдегі шолақ көйлегімді суық жел кеулеп, арқамды қарыған күйі жата бердім. Біраздан кейін мені іздеп зар илеген шешемнің даусы естілді. Тура үстімнен түскенше тістеніп, үн-түнсіз жата бердім.
Үйге келгеннен кейін ләм деместен бүк түсісіп жатып қалдық. Шешем де тіс жарып еш нәрсе айтпады, дірілдеген алақанымен тікірейген шашымды сипап үнсіз жатты. Әлдекімге өшіккендей тістеніп, желкеме тамшылаған ыстық жастың астында жатып менің де көзім ілініпті.
Кейін бақсам, бүл менің балалығым екен. Мүмкін, менің майданға берген қан мен терім — күңгірт өткен сәбилігім шығар. Жоқ нәрсені тауып бер деп жазықсыз шешемді жәбірлеуім — соғысқа айтқан қарғысым болар. Бірақ айналып кетейін шешемнің сол кездегі са-бырлылығы есімнен кетпес. Ертеңінде тұрғаннан кейін де, түнде ештеңе болмағандай-ақ, қарны тоқ, көйлегі көк адамша:
— Көзіңнің қаспағынан айналайын, бір жапырағым менің, түрегелші. Жақсылап бөкпен басып қойдым, — деп сатпақ-сатпақ бетімнен сүйді. Сәби жүрегіне ақау түсіп, көңілім тарықпасын дегені ме, әйтеуір, жоқшылық пен мехнатты күндердің ешқайсысына да қабақ шытып кейіс білдірмеді. Қашан болса да жел қағып, қоңырқай тартқан жүзінен жаңа атқан таңның жұмсақ шуағындай мейірімді жарқырау жылылық көретінмін. Мені әжептәуір кісі санап: «Мынаны былай істеп жіберсек, қалай болар еді», — деп кеңес те сұрап қоятын. Және кәдімгідей жігер беріп: «Бүл да болса басқа түскен күніміз ғой, шыдап бағалық», — деп ақылын айтады.
Мен ыстық бөкпенді өңешімді күйдіре-мүйдіре қарбытып, ертеңгі асқа қойға шапқан қасқырша тиісемін, бүл көрініс те ана жүрегіне оңай тимейді, — әлденеге реніш кейпін білдіріп, осы күйге түсірген соғысқа лағынет айтқандай екі көзін бір нүктеге қадап, үнсіз отырып қалады. Сәлден кейін орнынан ұшып түрегеліп, білеуленіп ісініп кеткен жарасын байлап, жұмысына жиналады.
— Аяғың тағы қанайтын шығар, суға несіне шығасың?
— Не қылар дейсің, жұмыс таңдар уақыт па қазір? Әкелерің тізесінен қан кешіп жүргенде, біздің үй жұмысынан тартынғанымыз жараспас. Елге тыныштық орнаса, бәрі де бір күнгідей болар деймісің?!
* * *
Шешемді көрмегелі бір аптаның жүзі болып қалды. Кейінгі күндері колхоз жұмысы тіпті қауырт болып, жиын-терін науқаны мойын бұрғызбайтын. Қызылшашы әйелдер үйім бар деп қайтуды ұмытты. Бозамық ай сәулесі астындағы тынымсыз тірліктен кейін бірер сағат көз шырымын алып, күзгі таңның елең-алаң, адам танымас уағында жұмыс басына қайта жосылады. Аудан басшыларының жиі келіп: «Қызылша қар астында қалып жүрмесін», — деп ескертуінен сескене ме, жоқ, әлде ел басына түскен нағыз қауіпті шын жүрегімен сезініп, адал пиғылымен қабылдағаны ма, жұмыс десе, бұра баспай, жанын салатын. Барлығы да пісіп-көнген қажырлы жандар еді. Қолы қалтыраған кемпірлердің өздері адамы жоқтардың бірді-екілі қой-ешкілерін сауып беріп, оларды пісіріп, ұйытып қою сияқты әрекеттерімен қолғабыс көрсететін.
...Шырт ұйқыда жатыр екенмін, қалай оянғанымды қайдам, ауызғы үйдегі абыр-сабырдан көзімді аштым. Таң бозарып атып қалыпты. Терезеге жабысып, төмен қарай сорғалаған суға қарағанда, жаңбыр жауып тұрғаны байқалады. «Жақсы болды, жауынды күні шешем үйде қалатын шығар», — деп ойладым. Екінші бөлмеден маған бейтаныс, бөгде адамдардың даусы шығып жатты:
— Жағдайыңыз жақсы деңіз, кішкентайларыңыздың қарны ашып қалған жоқ па, балаңыз нешеу еді?
— Бір ғана тентегім бар, амандық болса, ержетіп те қалды, анау-мынау қиындыққа бой берер деймісіз, жігіт қой...
— Оныңыз жақсы екен, әйтсе де ашығып қалмасын, қазіргі тапқанымыз — майдандағы әскер мен ауылдағы жас өспірімдер үшін ғой, қамбаларда қалған азын-аулақ бидайды жас балалы үйлерге бөліп бергелі жатырмыз, солардың тізімін алуға ертелеп жүрген бетіміз осы. Шамалыдан соң кеңсеге келерсіз.
— Көп балалы үйлер болмаса, жалғыз-жарым балаларымызды өйтіп-бүйтіп өзіміз де асырай аламыз ғой, сондайларға көбірек көңіл бөлсеңіздер жақсы болар еді.
— Оныңыз да ақыл, сонда да кеңсеге келіңіз, ақылдасып көре жатармыз. Аз шыдап бағыңдаршы, аз шыдасаңыздар, фашистердің өздері де быт-шыт болғалы отыр, — деп әлгі кісілер шығып кетті. Мен: «Бұлар кім болды екен, қандай жақсы адамдар еді» деген оймен үнсіз жаттым. Біршамадан соң шешем үйге кірді.
— Апа, жаңағы кісілер кім?
— Ауданнан келген өкілдер ғой, ауылдың жай-күйлерін білгелі келіпті. Немістер жеңіліп жатыр дейді. Көп ұзамай әкең де оралып қалар, — деп бетімнен сүйді.
* * *
Арасына ай салып па, апта салып па, ауыл ішін дүрліктірген суық хабар аралайды. «Ой, қайран азаматым-ай, арыстандай айбарым едің, арманда кеттің-ау» деген күрсіну сөздерінен адам қабырғасы сөгіліп түсердей еді. Менің білетінім: біреуге қара қағаз келіп, қайтыс болғандығы білінсе, шешем ауызғы үйден күбірлеп: «Әй, дүние-ай, қурап қалғыр қу Гитлер, қашан ғана жыланың қайтар екен... жұттың-ау боздақтарды», — деп ыстық жасына тұншығып, өксіп-өксіп жылап алады. Жайшылықтағы күндерде де артынан біреу аңдып жүргендей, сыбыр еткен дыбысқа үрейлене қап, ауылға қарай қатты жүрген жүргіншіге де шошына қарап, көз жанарын шыны үгіндісіндей жасқа мөлдіретіп, дегбірсіздене бастайды. Жұмыс үстінде онша сезіле қоймайтын, ал қолы бос кезінде өзін қоярға орын таппайды. «Жата тұршы, сиыр қораны тазалап келейін», — деп, үйде де отыра алмай, әлденені алданыш еткісі келіп, колхоз шаруасына кетеді. Белгісіз үрейді өшіргісі келе ме, қит етсе болды, колхоз жұмысына жүгіретін.
Ауылға біздің жақын туыстарымыздың бірі іздеп келіп қалса, ауыл адамдары шешемнің есімін атап: «Ой, қой оны, үйде отыра алушы ма еді, Ермек пен еңбекті бірге жаратқан ғой, оны колхоз жұмысының арасынан іздеңіз», — десетін.
Шешем күткен үміт сәулесі ұшы-қиырсыз созыла берді, созыла берді. Ауырлық арқалаған жаралы жылдар да өтіп кетті. Қайғы бұлты ыдырап, әрбір көшеде бейбіт өмірдің оты жүгірді. Бірақ менің әкем оралған жоқ. Шешеме бүл қайтіп қана оңай соқсын, батпай тұрған жарық жұлдызы сөнген ғой ол. Алыста болса да медеу тұтып, арқа сүйенген асыл азаматы хабар-ошарсыз қара үзіп қалып отырса, қай адамның жүрегіне жеңіл тиер дейсіз. Бірақ менің шешем сыр берген жоқ, жүрегінде жатқан үлкен махаббаты мен үндемес уайымын тысқа шығармай, ішінде сөндірді.
Мінеки, бар айнала қара көлеңке жамылып, ескертусіз тұрған жыртық ай жүзіне рең кіре бастады. Бүл кеш белгісі. Әне, алыстан арба үстінен шырқалған ән естілді. Бүл жұмыстан қайтқан қызылшашы әйелдер ғой. Әрине, ән айтып келе жатқан сен емессің, қайран анам, болса да ол — жастар жағы. Бірақ сенің қажымас көңілің мен жазира жүрегің еңбек жырын төгіп келеді. Сен, қарапайым еңбеккер, жалындаған үннің әлдиінде келесің. Сен — алыпсын,, колхоз өміріне кірген бақ пен дәулеттің, қыдыр мен ырыстың барлығында сенің үлесің жатыр, соның көбі сенің жұмыскер қолыңнан өткен. Шашың аққа боялып, өңіңді әжім өрнегі шимайлапты. Бетіңдегі сансыз сызық — алып далаға нәр беріп жатқан сансыз арықтардың сұлбасы сияқты. О, алтын апам, қажымайтын, талмайтын асыл анам, жолыңа қызғалдақтың бояуы төгіліп, таңғы арайдың нұры шашылсын!..