Әдебиет
Қарауылбек Қазиев
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Қарауылбек Қазиев (1939 - 1984, Шымкент қаласы ауылында туған) - журналист, жазушы.
Біз абитуриент едік
Үйден апақ-сапақта шықтық. Айнала қара қоңырланып, көз байланып қалған. Менің шешем есіктің аузынан ұзаған жоқ, іштей күбірлеп,неше мәрте оң сапар тіледі де, көзінің жасын көрсеткісі келмей, үнсіз қоштасты. Тек Әлдиханның әкесі ғана қасымызға ілесті. Жайшылықта қалжыңбас, әзілқой кісі еді. Дәл қазір ләм деместен, кәрілік меңдеген аяқтарын сылти басып жүріп отырды. Бәрімізді де қазіргі кеш кейпіндей бей қоңыр үнсіздік баурап алған сияқты. Аяулы ауыл табалдырығын абыр-дабырсыз, момақан аттап барамыз. Берірек шыққаннан кейін қасымыздағы қария жүрісін баяулатты:
― Ал қарақтарым, жолдарың ашылсын. Тең құрбыларыңның алды болыңдар! ― деп, бірінші менің бетімнен, екінші баласының маңдайынан иіскеді. ― Бара сала хабар беріңдер. Алла-тағала амандықпен жүз көрсетсін... ― Сөйтті де, ол қос қолымен бетін сипап, кілт бұрылып, кейін қайтты.
Біз шамадандарымызды иыққа салып алдық та, тез-тез адымдадық. Әлгі кісінің беліне буынған жүгеннің сыңғыры көпке дейін естіліп бара жатты... Әкесінен бөлінген соң Әлдиханның көңілі босады: `Қартайып қалды ғой. Жаңағы сөздері сүйегімді сырқыратты`, ― деп. `Ой, Әлдеке-ай, сен де жоқ сұмдықты ойлайды екенсің. Қайта, бізді оқуға жібергеніне қуанбай ма`, ― деп мен біраз жұбаттым. `Әрине, қуанады ғой, дегенмен, айрылғысы келмейді`, ― деп Әлдихан көп жерге дейін елжіреме сезім құшағынан босана алмай қойды.
Канал жағалауындағы жолға түскеннен кейін аз-кем демалып тұрдық. Иірімі байқалмай, анда-санда ойыла түскен баяу ағын үн-түнсіз жылжиды. Ішіндегі пырдай тұнған аспан жұлдыздары заулай бүлкілдеп, бірге ағып барады. Қараой жақтан ақырын желпіп самал соқты.
― Түсіп кетсек, жақсы болар еді-ау, Әлдеке!
― Әрине, абырой болар еді. Жездем Шәкендегі қара қасқа сиырды келесі базарға сатып қоямын деді. Егер сол жақтан таныс табылса, қайтып келіп, пұлын алып қайтамын.
Ол самай терін сүртіп жатып:
― Ақшаңды қай жерге салдың? ― деп сұрады.
― Артқы қалтамда.
― Ой, ішіңе тығып алмадың ба, әпкем менікін ышқырыма тігіп берді. Кім біледі, қандай жағдай болатынын.
― Менікі де үш түйреуішпен түйреліп тасталған.
― Жалпы, сақ болайық. Қаланың қуларының қағып кетуі мүмкін.
Қос қара шамаданды иығымызға қайта салып алып, ілгері тарттық. Алдымызда біз поезға отыратын жер ― `Бірлік` станциясының оттары жыпырлап тұрды. Канал ішінен өскен шай жалбыз бен гүлді шырмауықтың қою иісі кеудеңе еркелеп, тыныс үйіреді. Бағана үйден шыққанда оншама сезілген жоқ еді, былай шыққаннан кейін шамаданымыз арқамызға тасша қадалып, зіл тартып алды. Әсіресе Әлдекеңнің шамаданы қара батпан. Ішіне қыстан қалған қос қазы, бір қарын сары май, төрт-бес кило кептірілген тұзды құрт, бір дорба ақталған тары, тағы басқа майда-шүйде салынған еді. Оның үстіне, Алматы таулы жер деп естіген соң, ертерек салқын тарта ма деп, мақталы күпәйкесін де қоса қаттап алған болатын. Осының бәрі қосылып, шегедей тесіп барады. Кезек-кезек көтереміз.
― Шыдайық, мұның рақатын барған соң көреміз ― деп, зіл шамадан менің мойныма мінгенде, Әлдихан кәдімгідей дем беріп қояды. ― Балалардың бәрі көк борщқа қамалғанда, біз сұр майдың аузын ашып қойып, қарыс-қарыс нанға жағып жеп жататын боламыз. Қаланың тамағының қуаты болушы ма еді.
Әлдихан маған қарағанда етті, денелі жігіт. Кішкене кезінде-ақ толық еді, әлі сол болпиған қалпында. Анау-мынау ауыртпалыққа мойи қоймайды. Сондықтан шамаданның ішіндегі дүниеліктердің қаншалықты құнды екенін мақтап-мақтап алады да, көбіне өзі көтереді. Маған онша салмақ түсірткізбейді.
Түнгі сағат бірден аса поезға отырдық. Купедегілердің көбісі қалың ұйқы құшағына еніпті. Тек кіре берістегі бес-алты бала ғана абыр-сабыр әңгіме үстінде екен. Біз сияқты оқуға бара жатқандарға ұқсайды. Қолдарындағы кітаптары жақсы таныс. Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Әсіресе бұйра бас, жылтыр қара жігіт тым еркіндеу.
Әлдихан екеуіміз қос қара шамаданды сүйретіп, бүйірдегі бір орынға жайғаса беріп едік, әлгі жігіт:
― Занят! Ең алдымен сұрамай ма екен, мәдениет қайда? ― деп қалды.
Біз ыңғайсыздана бастадық. Жаңағы жігіт тағы да тек тұрмады:
― Көздеріңе қараңдар, гитарды қиратасыңдар! Аспаннан түскендей қайдан шыққан бұлар, ― деп жекіре жөнелді.
Әлдиханның шынтағы қабырғадағы гитарына тиіп кете жаздапты. Соған бола жеті атамызға жеткелі тұр. `Құдай мұндай қызыл көзге қайдан тап қылып еді`, ― деп, Әлдихан екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Не әрі, не бері кете алмай, дел-сал боп тұрғанымызда:
― Мұнда екі орын бос, ― деген қыз баланың даусы шықты. Ақ жамылғыш астында жатқан қараторы қыз қасындағы бос орынды нұсқады. Менің бір байқағаным, бейтаныс қыздың көздері ерекше қап-қара екен!.. Қос шамаданды сүйретіп со жаққа беттедік.
― Ер балаға тым бостық жараспайды. Шамалы ширақтау болу керек қой. Сіздер үшін мен ұялдым...
Жолаушы қыздың бұлайша сөйлеуі шымбайымызға батты. Дегенмен, тіс жарып еш нәрсе айтпадық. Аузымызға су толтырғандай үндемей жүріп екінші, үшінші орындарға жайғасып алдық. Әлдихан жоғары жағына ыңғайланды да, мен бейтаныс қызға қарама-қарсы орналастым. Ол да бағанағы сөзден кейін ештеңе демеді. Қобырап кеткен желке шашын түзеді де, оң қолын басына жастық етіп, бетін бізге бере қисайып жатты.
Әлдихан көйлегін шешіп, жоғары орынға көтеріле берейін деп еді, бағанағы бұйра бас жігіт тағы келді. Мен: `Мына бейбақ бейтаныс қыздың қасында тағы да дөрекі сөз айтып, бір сұмдықты бастар ма екен`, ― деп, іштей қысыла, именіп отырдым. Жоқ, тілеуіңді бергір қара жігіт бұл сапарында басқаша келді. Бағанағыдай емес, басылыңқы, бауырмал көрінді. Әлдиханның белінен қағып:
― Қалай, орналастың ба, жігітім? ― деді.
― Ептеп жайғастық қой.
Байқаймын, Әлдихан мына жігіттің әлгіндей іш тарта сөйлегенінің өзін қауіп қып тұр. Әсіресе арсалаңдап келіп, ақша ораған жағын сипағанын жақсылыққа жори алмадық.
― Танысалық, Арыстан, ― деп бұйра бас жігіт қолын ұсынды.
― Ново-Тройцкіден, ― деп Әлдихан да саусағын созды.
― Қалай, қалай?..
― Ново-Тройцкіден, ― деп Әлдихан екінші рет қайталады.
― Ол не, атың ба, туған ауылың ба?
― Он жылдықты бітірген жерім.
― Мәссаған, безгелдек! `Арыстан` дегенде, мен саған есімімді айтып тұрмын. Бәсе, Ново-Тройцкісі несі десем...
― Мен Арыс қаласынанмын деген екен деп ұқтым.
― Ой, сенің жолың болсын, бауырым! Есі дұрыс адам есімін сұрағанда қаласын айтушы ма еді?..
― Кешіріңіз, ― деп Әлдихан басы-көзі бірдей қызара күлімсіреп есімін атады.
Арыстанның күлкіден гөрі ашулануы басымдау еді:
― Шынымды айтсам, сендей чудакты бірінші рет кездестіріп тұрмын. Өзің қай оқуға бара жатырсың?
― Соттыкіне.
― Юридический ғой. Әй, қайдам, сендей Пьерден юрист шыға қоймас...
Арыстанның мінезі әрі тік, әрі зілсіз сияқты көрінді маған. Әлдихан одан әрі сөйлескен жоқ, жатар орнын реттеуге кірісіп кетті. Мен әлгіндей әңгімеден кейін қарсыдағы қыздың басын ірге жаққа қаратып алып, күлкісін тоқтата алмай жатқанын байқадым. Сондықтан да әңгімені басқа жаққа аударғым келді:
― Өзіңіз қайсысына бара жатырсыз? ― дедім Арыстанға бұрылып.
― Бетховен, Шопен, Бах! ― деп ол он саусағын бірдей жыбырлатып, жоғары көтерді.
Мен оның консерваторияны айтып отырғанын түсіндім.
― Музыканы сүйе білу керек. Онсыз өмір жоқ! Сенің атың кім?
― Қаржау.
― Немене, шілдеде қар жауғызайын деп пе едің. Аттарың да, мінездерің де қызық екен, өздеріңнің. Қар жауғызшы, кәне, пысынап келе жатқанда рақат болсын!..
Арыстанмен сөз таластыруды жөн көрмедім. Расына келгенде, мен оның мінезіне түсініп те тұрғам жоқ. Сондықтан да:
― Әркімнің есімі әрқалай ғой, ― дедім де, жатуға ыңғайландым.
Арыстан бізге тіпті риза болмады:
― Сендердің тірліктерің шамалы екен, ― деді де, келген ізімен қайта кетіп қалды.
Ол кеткеннен кейін Әлдихан жоғары жақтан басын маған қарай созып:
― Абай болайық, жаңағы жігіт тегін емес, мен көзінен байқадым, тура жүліктен аумайды, ― деп сыбырлады.
― Қалың елдің ішінде не істер дейсің...
Сонан кейін ол терең бір күрсініп алды да, ұйқыға кірісті.
Мен көзімді қаншама жұмғаныммен, ұйықтай алмадым. Жүрдек поезд желдей есіп жүйткіп келеді. Анда-санда кішігірім ауыл оттарының ішіне кіріп, зуылдап өте шығады. Содан кейін айналаны қоршаған қалың түн қайта басталады. `Тақ-тақ` ұрғылаған жұмыр дөңгелек қаншама жұмсақ тербеткенімен, көзім ілінер емес. Көзімді жапқаныммен, көңілім шайдай ашық. Бақалардың құрылы үзілмей шуылдаған канал жағалауы, қоңыр кеш құшағында қалып қойған туған ауыл, алдымызда жыпырлай жанған `Бірлік` станциясының оттары, поезд ішіндегі бұйра бас жігіттің орынсыз әрекеттері, одан кейін қасымда жатқан бейтаныс қыздың қарақаттай мөлдір жанары... көңілімнен кетпей қойды. Әсіресе жаңа шайып алған қарақаттай мөлдіреген екі жанар төніп келіп тұрып алды. Көзімді білегіммен бассам да саңлау тауып жетіп келеді. `Сіздер үшін мен ұялдым...` Жай ғана айтыла салған сөз ғой. Оның үстіне, ынжықтыққа бағышталған лебіз... Мен ұялғанымнан ірге жаққа аунап түстім. `Көріңде өкіргір Арыстан, өкіреңдеп келіп, бұл қыздың бетіне ендігәрі қарамастай етпеді ме?`
Мен қаумалаған бейнелердің бәрінен аршылып, оқу туралы ойлауға бекіндім. `Алматыға барысымен жатпай-тұрмай үңіліп, барлық кітапты жаттап алуым керек. Қай беттен сұраса, сол бетті судырата жөнелетіндей етіп. Әсіресе орыс тіліне мұқият әзірленемін...`
Жоқ, болатын емес. Мөлдіреген қос жанар ақырын жылжып тағы келді. `Ұялы, нәркес` деген көздер осы болар. Тіктеп қарай алмайтын қастерлі қасиет бар-ау! Әй, осындай көздердің иесі жоқ қой деймісің...
`Мен көріп ем көлге төнген жазғы әуені теп-теңбіл,
Сенің көзің сондай сырлы, сондай тұнық, мөп-мөлдір!`
Ертеректе оқыған осы өлең жолдары есіме сап ете түсті. Жаттаған жоқ едім, екі-үш рет оқып шыққанмын. Дәл адамын тапқаннан кейін бе, әйтеуір, сол жаңағы қыздың жанарының тасасында тұрып, ашылып жүре берді:
`Сенің көзің жер бетінде әдеміден әдемі,
Шарасында шайқалады сұлулықтың әлемі!`
Дәл осы қыздың жанарына жазылған өлең ғой. Басқаша болуы мүмкін емес. Тағы да қалай еді:
`Сенің көзің жек көруге емес екен құштар түк,
Сенің көзің тұрады екен жылы ұшырап, іш тартып.
Сенің көзің құба таңдай биязы еді, ұяң-ды,
Сенің көзің дірілдетіп тербетеді қиялды.
Сенің көзің жайнаңдаған тым ойнақы, тым нұрлы,
Сенің көзің білмейді екен қайғыруды, кірбіңді`.
Тұп-тура өз жүрегімнен шыққандай-ақ, осы шумақтарды `тақ-тақ` соғылған дөңгелек ырғағына қосылып әлденеше айтып шықтым. Ендігі жерде басқасын былай қойып, мөлдіреген екі көз қойныма емін-еркін кіріп алды. `Өзімен тілдессе қалай болар еді... оның ебін қайтіп табам? Әй, сөйлесе қояр деймісің. Бағанағы жағдайдан кейін жүз көрісудің өзі ұят қой. Бәрінен де, ешқандай үн шығармастан, бұл қыздың назарына ілінбеген абзал...`
Мен көзімді ашып, қайтадан сол жағыма аунадым.
Көңіліме су жаңа сезім әкелген бейтаныс қыз қол созым жерде жатыр. Жіңішке, жұқалаң қастары кемпірқосақтай иіліп келіп, доғаша керіліпті. Қоңырқай жүзінде сұйық селдір қан ойнап тұрады екен. Шымқай мөлдір көздері кірпігінің астында көрінбей жатқанымен, бейкүнә бет-келбетіне мейірімді шұғыла төгіп тұрғандай. Ақ жайма астындағы толықша кеудесі бір қалыппен тыныс алып қояды... Мен бағанағы Әлдиханның Арыстаннан секем алып, ауыр дем алғаны сияқты, ақырын күрсінгенімді аңғардым. `Алыс жолда жүргенде әуреге түскен басым-ай!` ― деп өзімді өзім кінәладым. Сөйттім де, қайтадан оң жамбасыма ауыстым. Көзіме ине тіреп қойғандай жабылар емес. Мызғымай, шаршамай аңдыған қос жанар бар. `Біз сенікіміз ғой. Қоңыр кешті жамылып жатып, талай түн іздемеп пе едің сен бізді. Рас, сен өзіңнің мектептес құрбыларыңның арасынан қараған болатынсың. Сол да сөз болып па! Біз де сені сарыла, аңсай күттік қой. Енді, міне, бір вагонның, бір вагонның емес-ау, бір төсектің басында кездестік. Қандай бақытты едік...`, ― деп әлгі жанар болмайтын оқиғаның ішіне жетектегендей болады.
Ептеп қана бүйірдегі терезені аштым. Даланың салқын самалы жұлқынып келіп ішке кірді. Жаз айының қысқа таңы болар-болмас айқындалып келеді екен. Балдыр мен бетегенің қою лебі сауылдап соғып, желпіне бастады. Зуылдай жарысқан бағаналар, ұршықша иірілген бел қыраттар, мол ағындай дөңгеленген жұмыр жер қара көбеңденіп, байқалып қалыпты. Мен өзіме жастайымнан жақсы таныс торғыл жусанның қышқылтым демі мен тоңазы уілдеген таңғы ауаны сіміре жұтып, ұйқыға кетіппін...
Көзімді ашсам, елдің көбі түрегеліпті. Әлдихан орыс кемпірімен бірге астыңғы полкада отыр. Менің оянғанымды көрді де:
― Кел, ― деді.
Мен қасына келіп отырдым. Түндегі бейтаныс қыз көрінген жоқ. Жатқан орны тап-тұйнақтай жинаулы тұр. Жүрегім шымыр ете түсті. `Жолдан түсіп қалғаны ғой. Қай жердікі болды екен?!` Асау өкініш аптығып келіп тамағыма тығылды. Әлдихан менің бүйірімнен түртті де:
― Мына көршіңді байқадың ба, көрікті қыз екен, ― деді.
― Кім? Менімен қатарлас жатқан қыз ба?
― Иә. Жақсылап қарашы, әсіресе көзі әдемі.
― Ол өзі осында ма?
― Қазір келеді, жуынуға кетті.
Көңілім енді ғана орнығайын деді. Әй, бұл жүректі қойсаңшы, айдаладағы әлдекім үшін өртене жаздап, өрекпи қалыпты. Ең болмаса тіл тартқан сырласым болсашы...
― Түнде мен байқамаппын ғой, тым сүйкімді бала екен, ― деді Әлдихан тағы да сөзін жалғастырып. ― Көзі қандай мөп-мөлдір!
Әлдиханның сыры жақсы мәлім. Кім көрінгенге жаңағыдай тамсанған сөз айта қоймайды. Тұйық мінезді, салқын қанды жігіт. Оның үстіне, қыз атаулыға оншама қызбалығы болмайтын. Демек, жақсы көріп қалғаны ғой.
― Тілдесе алдың ба, аты кім екен?
― Жоқ, сұрайын деп едім... көзінен қаймықтым.
Әлдихан кәдімгідей мұңайып қалыпты. Көзінде елжіремелі нұр тұр. `Осы қыз екеуімізді де тұралатып кетпесе жарар еді`, ― деп ойладым мен ішімнен.
Әлдихан қайта үн қатты:
― Біреудің бақыты жанып тұрған, әсіресе көзі жаман!..
― Оқуға түссек, мұндайлардың талайы табылар әлі.
― Мен тура осы қыз үшін нендей қиындық болса да барар едім...
Байқаймын, Әлдихан қатты өзгеріп алыпты. Көз жанарындағы жасаурама жалыныш мен бұрын байқамаған құбылыс аңғартты. `Махаббат` деген осы шығар. Адамның өз еркінен тыс, орасан күш-қуаты `махаббат` деп аталатын болар!`
Мен `махаббат` деп аталатын қасиетті сезіммен жүзбе-жүз кездескендей болдым. Ол Әлдиханның жанарының ішінде тұрды. Жолдасымның бұл әрекеті мені біраз ойландырды... Бөгде қыз қасындағы бес-он минут оны бөтен ғып жіберіпті.
Әлдихан сөзін тағы сабақтап:
― Өзің айтшы, Қаржау, басқа қыздардан өзгеше емес пе? - деді.
― Мен онша қарай алмадым.
― Сенбесең, көрші...
Ол тағы бір сөз айта берейін деп еді, бейтаныс қыз кіріп қалды. Өзімен бірге желпіне келген сүйкімді жұмсақ леп бар. Мені түні бойы мазалап шыққан мөлдір жанар момақан ғана бір қарап өтті. `Осы ғой, мөлдіреген қарақат көз деп, сөз жоқ, осыны айтады...`
― Иә, жайлы жатып, жақсы тұрдыңыздар ма?
― Жаман емес.
Әлдихан екеуіміздің жауабымыз қатар шықты...
― Сіздер үшін менің ұйқым шала болды, ― деп, қыз сүлгісін реттеп жатып күлді. Мен оның бұл әзілінің тегін еместігін түсіндім. Түндегі жағдайды алдымызға мін етіп таққалы отырған қалжың. Оның үстіне, түні бойы кірпік қақтырмай шыққан азабы тағы жеткілікті. Ендігі жерде бос бұйығыланып, бейтаныс қыздың кемітпе әзіліне жол беріп қоюдың қисыны жоқ. Мұндайда қыз көңілінен бір-екі елі биігірек тұрған ұтымды. Сондықтан да мен қыз әзіліне орай:
― Біз үшін отқа түссеңіз де оқасы жоқ, ― деп қалдым.
Тәуекел, ақыры, аз үміт қыз алдында өзімді жоғарырақ ұстағаным жақсы.
Қыз күлді:
Солай деңіз... Егер оған лайықты болсаңыздар, өйтуге де болады.
― Лайықты ету өздеріңізге байланысты болса ше?
― Бізге ме?
― Иә, сіздерге.
― Қайдам, түсінбедім...
Қыз тырнағының астын тазалағансып, терезеден сыртқа қарады. Мен: `Бекер-ақ айттым-ау, құр ділмарлықтың қажеті не еді?` ― деп, өзіме өзім іштей ренжіп отырдым.
Ол әлден кейін мойылдай қара көзін маған тіктеп:
― Сізге қалай, жігіттердің лайықты болуы қыздарға байланысты ғой? ― деп тағы күлімсіреді.
― Әлбетте, солай.
― Қызық екен...
Ол енді Әлдиханға қарады:
― Сізше де солай ма?
― Кім біледі, қиын мәселе ғой. Мен ұғына алғамын жоқ, ― деп Әлдихан шынын айтты.
Расында да, Әлдиханның назары тіпті басқа жақта сияқты, басылыңқы отырған. Сонысын сезді ғой деймін, қыз Әлдиханға мейірлене күлімсіреп:
― Сіз ағаңыздың түндегі сөздерін сағынып отырсыз, ұнап қалған болу керек, ― деп іш тарта әзілдеді.
― Арыстанды айттыңыз ба, ол менің есімнен де шығып кетіпті.
― Қайдам-ау, жуық аралықта шыға қоймас, әне, өзі де келе жатыр.
― Арыстан мойынына салған құлаш сүлгі оранып, жанымыздан өтті. Әлдихан `ассалаумалейкум` деп қолын ұсына беріп еді, назар да аудармады. Жаңа оянып қанталаған жанарын жалт еткізді де өте шықты.
― Көрдіңіз бе, ренжітіп қойыпсыз, ― деп қыз күлді.
― Біз болмасақ, ол кісінің өкпелейтін жөні жоқ еді, ― деді Әлдихан қызарып кетіп.
― Енді ат-шапан айыбыңызды әзірлей берсеңіз де болады...
Әлдихан үндеген жоқ. Әлгі жігіттің орнынан тұра беріп ұсынған сәлемін алмай қойғанына қапаланып қалған сияқты. Қызараңдап қалды. `Дударбас ит-ай, қашаннан да осының қорлығы өтті-ау`, ― деп мен де кәдімгідей қысылдым. Қыз әңгіме бетін басқаға аударды:
― Қайсысына бара жатырсыз?
― Мен бе? ― деді Әлдихан жұлып алғандай.
― Сіз түнде ағайыңызға айтып едіңіз ғой.
Ол күлімдеген пішінмен маған қарады.
― КазГУ, тарих факультетіне.
― О, онда коллега екенбіз.
― Сіздікі де сол ма?
― Иә, құжаттарымды соған жібергенмін.
― Жақсы болды, мақсатымыз бір екен.
Мен шынымен қуандым.
― Мақсатымыз емес, мамандығымыз...
― Бәрібір ғой.
― Неге, екеуі екі бөлек.
― Есіміңіз қалай?
― Мақпал.
`Қалай тауып қойылған ат`, ― деп ойладым мен ішімнен. Әлдихан да елең ете түсті. Есімін сұрағаннан кейін түндегі біздің Арыстанмен танысқанымыз есіне түсті ме, ол сәл ғана жымиды да:
― Сөйтіп, Ново-Троицкіденбіз деңіздер, ― деді. ― Ол не, қала ма?
― Жоқ, аудан орталығы. Он жылдықты содан бітіргенбіз. Өзіңіз ше?
― Мен Куйбышевтенмін.
― Россиядағы ма?
― Aha, Волга бойында.
Әлдихан тіпті ынтықты:
― Қазақшаға қалай судайсыз, ә?
Мақпал күлді:
― Онда қазақтар көп, оның үстіне, мен әжемнің қолында өстім.
― Дегенмен, тап-таза сөйлейді екенсіз.
― Енді ше?
Мақпал төмен қарады. Мен Әлдиханның `осы қыз үшін нендей қиындық болса да барар едім` деген сөзін ішімнен қайталап айттым. `Расында да, біреудің жұлдызы ғой жанып тұрған. Мінезі қандай ашық еді...`
Жүрдек поезд желкендей лыпып келеді. Қалыспай қаумалаған қалың бау көптен бері ілесті де отырды. Зуылдай жарысқан телеграф бағаналары бірде көкшіл бастары зілдей салбырап, шалғы күткен жоңышқа арасымен жүгірсе, бірде шашақтары желпілдеп, бүйірлері бұлтиған жирен жүгерінің ортасымен адымдайды. Енді бір сәт шұғыл биік төбенің басына өрмелеп барып, оқтай түзу картоп егістігінің ішіне бір-ақ рет секіріп түседі... Сонау бір шеттегі ұзын өскен теректер тасасында ағараңдап көрініп шатырлы үй қалып барады. Менің қараптан қарап көңілім босағандай. Есіме Қасымның өлеңі оралды:
`Сонау бір шетте, сонау үй
Кетер ме, сірә, көңілден.
Тартушы ед алып мені ылғи
Махаббат, жастық лебімен...`
Сонау шеттегі, шатырлы үй алдындағы ұзын терек түбінде Мақпал екеуіміздің балалық шағымыз өткен сияқтанды. Қазір де мына поезд ішінде емес, сол бір солқылдақ терек тасасында бір-бірімізге үнсіз қарасып, үндемей тұрғандаймыз. Қалай екенін қайдам, сол бір ұзын теректер қасиетті мекен-жайдай соншама ыстық тартты. Бейтаныс, бауырмал өлке қолын бұлғағандай...
― Ана бір бұлақтан су ішсе... ― дедім мен көз жасындай мөлтілдеп аққан жылғаға қарап. Терезеге Мақпал да үңілді.
― Шөліркедіңіз бе?
― Жоқ, әдемі екен.
― Aha, тап-таза екен.
Уақ толқындары бірін бірі ақырын итеріп, иіріле бұйраланған момақан ағын мына қыз кейпіне сәл болса да ұқсап кетіп еді. Сол үшін әлгіндей сөйлей салғанымды Мақпал да, Әлдихан да аңғарған жоқ.
Әлдихан әңгімеге араласып:
― Алматы Алатау бауырында ғой, енді мұндай бастаулар көбейе беруі керек, ― деді.
― Жалпы, сұлу көрініс, ә, Мақпал?
― Байқаймын, егер сіз біз тұрған жерді көрсеңіз, айналып шықпай қояды екенсіз.
― Сізбен бірге дәл ертең билет алып, көріп келуге әзірмін.
― Қандай қиялшылсыз, Қаржау.
Қыздың менің есімімді атап сөйлегенінің өзі денемді шымыр еткізді.
― Шын. Сенбесеңіз, сынауыңызға болады.
― Ең алдымен емтиханнан сыналып алсақ та жетер...
Ол әрі қарай сөйлесуге зауықсыз сыңай аңғартты. Алдында жатқан `Огонек` журналын ары-бері аударды да, суреттеріне қарап үнсіз отырды. `Құдай біледі, үстіне нендей жаман киім киінсе де әдемі жарасады`, ― деп ойладым мен ішімнен. Себебі арзан қолды көк шыт көйлегі етімен ет болып, құйылып тұр. Қоңырқай қалың шашын желкесінен ақсары бантикпен буыпты да, арқасына бос тастап қойыпты. Бетіндегі жұқалтаң қызылы айықпай үлпілдеп, бір келіп, бір қайтады екен. Күлгенде екі езуі әлгі арайды кейін итеріп, ақшыл етіп көрсетеді. Іш тарта мөлдіреген қос жанарда қуаныш қайнары тұнғандай! `Осы қызбен емін-еркін, еркелей сөйлескен адамның арманы аз шығар, сірә...`
Әлдихан мені түртіп, сыртқа шығып келейік деген белгі берді. Екеуіміз тамбурға беттедік. Ол жерден жеті қоян тапқандай қуанып:
― Қалай, әдемі ме екен? ― деп, мен қапсыра құшып, көтеріп-көтеріп қойды. Өңінде `осы қыздың реңді екенін ең алғаш ашқан менмін ғой` дегендей жадыраңқы кейіп бар.
― Кім біледі... сүйкімді қыз екені рас.
― Айттым ғой, көрікті бала деп. Оның үстіне, әзілқойлығын көрдің бе...
― Ұнатып қалғансың-ау, Әлдеке.
― Шынымды айтсам, біртүрлі боп отырмын. Әрекеттеніп көрсек, артықтығы болмас еді.
― Қалтамыздағы ақшаға құда түсіп байқасақ ше? ― деп мен күлдім.
― Жоқ, қалжың емес, қалайда бір әрекет жасамасақ, қапыда қаламыз.
― Әй, Әлдеке-ай, айдалада жүргенде шоқ басып алмасақ жарар еді.
― Несі бар, `қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды` демекші...
― Мен, жалпы, бұл қыздан именемін.
― Немене, шпана ғой деп пе?
― Ондай болса, еш нәрсе емес қой.
― Енді ше?
― Мен саған қалай айтарымды білмей тұрмын. Әйтеуір, бұл қыз жайында жеңіл-желпі ойлай салуға болмайтыны анық.
― Түк те емес, әп-әдемі-ақ, ақылды қыз.
― Мүмкін, сондықтан да шығар...
Әлдихан қарауытып үндемей қалды. Ішінен әлденені ойлап, аз-кем іркілді:
― Мақұл, ендеше, бұл қыз туралы ойламай-ақ қоялық.
― Шама келсе, сөйткен жақсы.
― Көрмегенде де күн көріп ек қой...
Көңіл кемесі бір нәрсеге тірелгендей болды. Мақпал жайындағы әңгімені одан әрі өрбіткіміз келген жоқ. Біріміздің жанарымыз бірімізге шарпылып, төмен қарадық. Әлгіндей әңгімеден кейін Әлдихан мына қыз жайында тым ашылып сөйлескенін ерсілеу көрді білем:
― Әшейін айтқаным ғой, әйтпесе, өрекпіп тұрған мен де жоқ, ― деді. Жүрек түкпірінде бір сілкініс болғанын бет-әлпеті ап-айқын көрсетті. Мен оны мұндай күйге қия алмадым:
― Әлдеке, бірден болмаса да, үйренісе келе ой білдіруге болады ғой, шамалы аялдайық, ― дедім. Ол назарын сыртқа салған қалпы:
― Айттым ғой әшейін айтылған шаруа деп, оның несіне әурелендің? ― деді.
― Жоқ, сен олай деме, алдымен ақылдасып алайық.
― Қашқан түлкіге қарап тымақ пішкендей етпей, осы әңгімені тасталықшы, Қаржау...
― Мақпалдың көзін қайтесің?
Әлдихан күлді:
― Оны саған сыйладым.
― Сол көз үшін нендей қиындыққа болса да әзір емес пе ең?
― Сенің де айтпайтының жоқ екен, ― деп Әлдихан мені тағы да қапсыра құшақтады. Ойыннан өрт шығаруға құмарсың-ау, әйтеуір.
― Ойнасаң да, ойыңдағы еді ғой.
― Болды, болды. Мен сені бұдан былай сөйлеттірмеймін.
Ол мені қатты қысып, шыр көбелек айналдырды.
― Алғашында аңдамай қалыппын.
― Тоқтай тұр, нені, нені?..
― Айттым ғой мен сені сөйлеттірмеймін деп.
Ол мені тіктеп көтерген бойы ішке алып кірді...
Поезд бір станцияға келіп тоқтады. Көптеген жолаушылармен бірге Мақпал да тысқа шығып кетті. Қолдарына помидор, алма, қияр, жүзім, жұмыртқа сияқты ұсақ-түйек заттарын ұстап, вагон жағалай жүгірген сатушыларды біз іште тұрып көріп отырдық. Есік аузындағы жолаушыларды тұс-тұстан қаумалаған сатармандар бірінен бірі озғындап ұсынады. Ана бір қартаң кісі көк керсенге құйып әкелген қымызын құлашын соза сапырады. Қып-қызыл көмбеш көтерген үрпек бас сары бала да тыным таппай жүгіріп жүр. Әдемі әңгелектер ортасындағы ала тақиялы өзбекті көпшілік қоршалап алыпты. Перрон маңы кішігірім базар тәрізді толассыз сапырылыс... Бір уақытта қолындағы кішкене себетін дүмбілге толтырып Мақпал кіріп келді:
― Жаңа дәмнен ауыз тие отырыңыздар. Мен қазір ыдысын беріп келейін.
Ол әкелген дүмбілдерін тартпа үстіндегі газетке қойып, қайта шығып кетті.
― Біз жасайтын әрекетке мына қыз кірісіп, тағы да ұятқа қалдырды-ау, ― деп Әлдиханға қарап едім, ол қолын созып:
― Қыз әкелген ас дәмді болады, ― деп жеуге ыңғайланды.
― Тоқтасаңшы, өзі келсін.
― Әшейін, біреуін ғана.
Сол екі арада поезд да жылжи бастады... Мен Мақпал келе қоймаған соң орнымнан тұрып, есік жаққа беттедім. Сөйткенше болған жоқ, оның: `Ой, редикулім түсіп кетті, лақтырып жібере салыңызшы`, ― деген даусын құлағым шалды. Жылдам басып тамбурға келсем, Мақпал иесіне себеті мен тиынын ұсына беріп, редикулін түсіріп алыпты. Жердегілер оны есікке қарай қайта лақтырғанда, вагонның астына қарай ұшып түсіпті. Бұл кезде поезд жүрісін жылдамдата бастаған еді. Мақпал маған көздерін жыпылықтатып:
― Ішінде құжаттарым кетті, енді не істедім, Қаржау? ― деп қалды.
Мен еш нәрсені ойлап та үлгірмей, заулай бастаған поезд тамбурынан сыртқа қарай қарғып түстім. Тіктеп секіргендіктен, ә дегенде-ақ етпеттей құладым. Екі тізем тыз етіп, жып-жылы боп жүре берді. Шалбарымның цемент алып кеткен жыртығынан қып-қызыл қан көріне бастаған екен. Алақаным да боялып шыға келді. Мен оған да қарамастан, сарт-сұрт соғылған дөңгелектің бойын қуалай, кейін қарап жүгіре бердім. Ойым ― редикулді тауып ала салып, мына поезға қайта жету.
― Енді асықпа, балам, ақыры қалып қойдың, ― деді қызыл фуражкалы кісі мені тежеп. Жүрдек поезд өтіп те үлгерді. Бұрала солқылдаған вагондардың даусы ма, жоқ, болмаса өз көңілім бе, әйтеуір, құлағыма Мақпалдың `Қаржау!` деп айқайлағаны естілгендей болды. `Жылады, Құдай біледі-ау, көзіне жас алды`, ― деп ойладым ішімнен. Оның тамшыға шыланған мөлдір жанарын елестетіп, менің де көңілім босады.
― Мә, шырағым, осы үшін өліп қала жаздадың ғой, ішінде не бар еді, сонша, ― деп бір кемпір қос рельстің арасында жатқан редикулді алып берді. Ішін ашып қарасам, бір буда ақша мен паспорт бар екен.
― Қайта, көретін күні бар екен, поездың астына түсіп қалғанда не бетін айтар еді, ― десіп, жиналған жұрт шуласа бастады. ― Апырай, байғұс бала-ай, қалай түсіріп алдың?
― Бұл емес, бір қыздың қолынан түсіп кетті, ― деді себет ұстаған әйел.
― Кімің еді ол?
― Қарындасым...
― Ой, сенің қарындасың бар болсын, абайламай ма екен. Мейлі енді, басыңның аман қалғанын айт. Әлі де жейтін наның бар екен, шырағым.
― Ей, шеше-ай, осы күнгі балаларда ес бар деймісің, былқ-сылқ етіп жүргенде түсіріп алды да. Қарашы қызыл ала қан болуын.
― Жә, енді қол-аяғыңды дәрігерге байлатып ал, поезыңды содан кейін қуып жетерсің. Қай жерге бара жатыр едің?
― Алматыға.
― Мына тұрған жер екен ғой, анда не көп, такси көп. Соның біреуін жалдап алсаң, поезыңнан бұрын барасың. Көп тұра бермей, ертерек қаныңды тыйдыр.
Қызыл фуражкалы кісі мені вокзалдағы медпунктке қарай алып жүрді. Екі тізем мен екі алақанымды жер оңдырмай сырып кетіпті. Қызыл еттің арасынан тарамдалып аққан қан шып-шып шығып, басылмай келеді. Бірақ мен мұны елең де қылғаным жоқ. Бойыма кірген балауса қуаныш бар. `Не де болса, Мақпалдың алдында үлкен іс тындырдым. Қолымның қанында тұрған не бар. Ең бастысы, Мақпалдың көңілі риза болсын...`
Шынында, мен поездан бұрын жеттім. Таксиден түскенімде вокзалдағы репродуктор біз мінген поездың бірінші жолға қабылданатынын хабарлап жатты. Аздан кейін көкпеңбек составтың өзі де келді. Мені бірінші Алматыдан жолықтырамыз деп Мақпалдар ойламаса керек, вагонға басымды сұққан кезде-ақ Әлдихан қапсыра құшақтай кетті:
― Қай жақтан сап ете түстің, екі көзімізді төрт қылып. Ойпырай, зәремізді ұшырдың-ау! Кәне, Мақпал, шүйіншіңізді әзірлей беріңіз, соншама үрейіңіз қалмап еді.
― Ой, Қаржау! ― деп, Мақпал шошынып қалды. Кінәлі адамдай қызара қысылып, менің бетіме тіктеп қарай алмады. Әсіресе екі қолымды дәкемен таңып алғанымнан қатты қорықты.
― Кешіріңіз, Қаржау! Жарақаттанғаннан саумысыз?
Мақпалдың көзіне жас ойнап шықты.
― Түк емес, аздап жер сырып кетті.
― Қалай жеттіңіз?
― Арттарыңнан жүгірдім де отырдым.
Мақпал сәл ғана езу тартты:
― Мен сізді дәл қазір көрем деп ойламап едім.
― Өзіңіз ғой тамбурдан итеріп жіберген.
― Соңыңыздан секіріп түсуге мен де аз-ақ қалдым.
― Неге өйтпедіңіз?
― Кісілер жібермеді ме, білмедім...
― Қорықтым десеңізші.
― Жоқ, шын айтамын. Сіз жығылып түскеніңізде, мен не болғанымды сезе алмадым.
― Расында, Мақпал ішке кіргенде боп-боз болып кеткен екен. Мен сені поездың астына түсіп қалды ма деп қорықтым. Оның үстіне, Мақпал: `Қаржауыңыз жоқ, кінәлі менмін`, ― деп бетін басып отыра қалды.
― Бұл кісінің өзі әдейі итеріп жіберген соң, әрине, сүйтеді.
― Сен енді әзіліңді қойып, жөніңді айтшы, қалай жеттің?
― Таксимен келдім.
― Жарайсың, Қареке, ― деп Әлдихан білегімнен қысты.
Мен газетке ораулы редикулді тартпаның үстіне қойдым.
― Рақмет! ― деді Мақпал, әлі де ұялыс реңін өшіре алмай. ― Үлкен жігіт болыңыз..
― Үлкен жігіт болғандықтан да...
― Секіріп түстік қой дейсің бе? ― деп, Әлдихан менің сөзімді аяқтатпастан күлді.
― Жоқ. Өз бетімізше өмір сүруге талпынған әрекетімізді айтамын. Мәселен, сіз де енді үлкен қызсыз.
― Олай болса, талпынған тілегіңізге жетіңіз.
Мен ет қызумен: `Оған жеткізетін өзіңіз ғой` деген сөзді айтып қала жаздадым. Айтпағаным абырой болды. Әйтпесе, тым орынсыз еркінсіп кеткендік болар еді. Қыздың көзі менің тіземе түсіп кетті де:
― Рұқсат етсеңіз, андағы жеріңізді іліп бере салайын. Қалаға түскенде ыңғайсыздау болар, ― деді. Мен шалбарымның цемент алып кеткен орнын қолыммен қалқаладым.
― Не қылар дейсіз, басқасын ауыстырып кие саламын.
Жалғыз шалбармен келе жатқанымды жасырдым...
Мақпал көнбеді:
― Бір-ақ минуттық іс қой, артықтығы жоқ.
Ол сөмкесінен ине-жіп алды да, жаныма отырып, тігуге ыңғайланды.
― Әкеліңіз, өзім тігейін..
― Сізге ерегіскенде, бермедім енді...
Сүйріктей жұмсақ саусақтар ары-бері қимылдап, денемді қытықтайды. Бір-екі тал жіңішке шашы бетімді, аузымды сүйкелеп, сүйкімді шымыр ойнатқандай. Әтір лебіндей әдемі тыныс үзілмей тазалық желпеді... Біз абыр-дабыр әңгіме үстінде екінші Алматыға қалай тез жеткенімізді аңғармай қалыппыз.
* * *
Алғашқы емтиханды Мақпал да, мен де төртке тапсырдық. Әлдихан үш алып қалды. Мектепті жаңа бітіргендер үшін бұл баға үмітсіздеу еді. Сондықтан да ол жатпай-тұрмай `адам` іздеп жүрген болатын. Ақыры кездестіріпті. Аты-жөні кім екенін айтқан жоқ, тек қана қолдарын созып, ең алдымен бес саусағын шошайтты да, оған қоса бармағы мен сұқ қолын жұмды. Одан кейін ортан қолын доғаша иіп бір қойды. Бұл әлгі тапқан `адамның` көрсеткен белгісі екен. Былайша айтқанда, жеті жүз сом мен бір қой жеткізілсе, ағалық қол ұшын беруге келісіпті. Сонымен, ол ауылға жүрмекші болды. Мақпал маған ренжіді:
― Жолдасыңызға айтсаңызшы, әлгіндей істемесін, ― деп.
― Онысы орынды. Қалай еткенде де оқуға түсу керек.
― Досыңыздың орнында мен болсам, ұялар едім.
― Баласың, Мақпал. Өзің көрдің ғой, кімдердің қандай әрекет жасап жүргенін.
Мен Мақпалдан бір жарым жас үлкен болғандықтан, оны `сен` деп сөйлеуге көшкенмін. Ол әлі де `сіз` деп атауын қоя алмай жүр.
― Бәрібір, кімге де болса ыңғайсыз. Тіпті жиіркенішті. Егер мен сіздің орныңызға ақша беріп өтіп кетсем, қалай қарар едіңіз?
― Сен өтіп кетсең, қуанар едім.
― Жоқ, ешқандай әзілсіз. Қазір сіз Әлдиханға айтыңыз, өз күшімен тапсыра берсін...
― Жаңағыдай әрекеттің де артықтығы жоқ.
― Мен сізге өкпелейін бе, Қаржау?
― Өкпелей алмасаң ше?
― Айтуға тиіссіз. Болмаса, өзім сөйлесем.
― Дұрыс қой, Мақпал. Әркімнің өз білімімен түскенін мен де құптаймын. Бірақ екеуімізде тұрған не бар? Бала көп, орын аз.
― Соның ішіндегі күштілері өтсін.
― Айттым ғой, мәселе басқада деп.
― Міне, сол мәселені тудыратын да сіз бен Әлдихан сияқтылар. Егер ол әлгіндей жұмысқа араласпаса, басқаша болар еді.
― Жалғыз-ақ Әлдекеңді көргенің ғой?
― Жоқ, менің бұл жерде айтайын дегенім, Әлдихан секілділер көбейсе, конкурс оқушының біліміне байланысты емес, байлығына байланысты шешіледі. Солай емес пе?
― Өзі де солай.
― Бұл тұрпайылық, мәдениетсіздік.
― Құтылудың жолы не дер ең?
― Жолы сол, қазір Әлдиханды жібермейміз, бір адам болса да азая береді.
― Әлдиханға тиіспейік, Мақпал, ― деп мен әңгіме бетін әзілге бұрдым.
― Өздеріңіз біліңіздер. Тегінде, бұл жігіттік емес.
Мақпал шынымен өкпеледі. Мен:
― Сен біздің оқуға түсуімізге жалпы қарсысың, ― деп тағы да әзілдей беріп ем, ол көзін төмен түсіріп:
― Мейлі, өздеріңізге жарасса, істей беріңіз. Өйткенше, түс