05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қалихан Ысқақ
Қалихан Ысқақұлы Ысқақ (1935 - 2014 жылы) – қазақ прозасының қара нары атанған жазушы, сыншы, драматург, аудармашы.

Бұқтырма сарыны






повесть

1

Тау.

Орман.

Шатқал түбінде жыландай ирелендеген жіңішке ақжолақ тұман; тұман астынан көкжасыл шыршаның, қуарған қарағайлардың ұшар басы сойдиып-сойдиып тесіп шығып тұр; тұман астынан тұншыға құмыққан су сарыны естіледі. Тек өзеннің бір қалыпты баяу сарыны, баяу ескен самалдан дүр сілкініп, маржан төккен ағаш жапырағының сыбдыры ғана болмаса, таңғы селдір тұманнан, таңғы шықтан тайга әлі ұйқылы-ояу маужырап жатыр. Әлде қайдан мұңдана созған марал даусы талып жетті.

Таңғы шық, таңғы селдір тұман жар жағасындағы жалғыз үйді де тұмшалап, тұншықтырып тастағандай еді; тақтайдан жасалған саңылаусыз қорғаны, тақтайдан жасалған тас саңырау сұр қақпасы мелшиіп, селт етпестен үнсіз жатыр. Үй іргесінде қоршалмаған шағын ғана бақша, үй іргесінде жалпайып, есік - терезесін ыс басқан мешел қара монша тұр, онан әрменірек, жар жағасында тоңқайған қара - қожалақ ескі қайық қарауытады. Тірі мақұлықтан, жылап аққан кішкентай тума басындағы өлі жүні түспеген жауыр торшолақ ат қана; оны әрі тұсап, әрі арқандап тастапты, тырақы жануар созылып, төңірегіндегі қурай басын шалған болады; бірақ шөп дейтін шөп те жоқ, ылғи бір жерге арқандағандықтан маңайдың оты қашып, тұяқ жаншыған сыздау жерден су шыға бастапты. Оның үстіне ала сауысқан қыр арқасындағы жауырға қайта - қайта тап беріп, маза беретін түрі жоқ, сояудай шолақ құйрығын шолтандатып, тепкіленіп, тыржиған қабырғасын әлсін-әлі ырсылдатып әлекке түскенімен сауысқаны құрғыр да кете қоймай, айналып кеп қайта қонады; тек шиқ етіп қақпа ашылғанда ғана тоғай ішіне сымп берді.

Ауладан сақалы қауғадай мыж-мыж шал шықты: жас шамасы жетпістен асыңқыраған, құйқасы жұқарған жартылай қызылшақа бастың самайы мен желкесінде ғана ақшулан селдір қылшық қалыпты. Ол солбырайған иығынан сыпырылып түсуге жақын ескі брезент сулығын қауысырыңқырап қойды.

Шал әуелі сабалақ қырқадан көтеріліп келе жатқан күнге қарады; маңайды қоршаған самаладай қалың ағаштың арасынан прожектордай шаншылып күн сәулесі жамырайды; шалдың кішкентай тұнық жанары мүлде жұмылып, бетінің қатпар - қатпар әжімі бұрынғыдан да молайып, бір ғасырға қартайып кеткендей болды. Үй маңындағы бұта қарағанды көзімен тінткілеп шықты да ол ақыры тұма басындағы торшолақ атын тауып алды. Ат шалға қарады, шал атқа қарады. Ат ішін тартып, аузын арандай аша есінеді, шал да аузын алақанымен басып есінеп алды.

Ол сәлден соң бұрылып, батыс көкжиекке көз қиығын тастады; бұл оның жол бойын шалғаны еді. Жол үлкен еді; тас - қиыршық сепкен қасқа күре жол тау-тасты тесіп, жыланша ирелеңдеп көз ұшындағы қырат басынан таусылатын. Жол да тып-тыныш, күн көзіне бусанып, қалың шықтан бу көтеріліп жатыр. Әлдебір жолаушысын күткендей ұзақ сүзілді де, сосын ол қада басында кептірулі тұрған мордушкасын алып, үлкен башпағын тырп-тырп сүйрете, шөп басқан жалғыз аяқ жолмен асықпай - үсікпей өзенге беттеді. Төңкерілген ескі қайыққа жете бере сәл кідіріп, смоласы қашқан жік - жіктегі жыртық -тесікті санағандай шұқшитып қалды, басын шайқады, басын шайқады да тағы да тырпылдап ілгері тартты.

Бұқтарма күндегісіндей емес, құла тартып, ортасы дөңейіп, өркештеніп кетіпті. Ағаш арасынан түскен күн сәулесі су бетінде қуқыл сары діңгектей көлденең сұлап жатыр. Шатпыған ақ көбікті жалдарда қызыл сарғыш тас моншақтар сапырылысқандай. Қуқыл сары діңгек қарсы жағаға таянған сайын жалпайып, жиектегі бакенге барып тіреліпті; бакен су бетінде қылт - қылт етіп әткеншек теуіп тұр.

Ол өзеннің түйетайлау жағасына тау-тау қып үйген бөренелердің қасына кеп тоқтады. Аударып-төңкеріп мордушкасын қарап шықты. Сосын оны былай қойып, екі тастың арасындағы иірімдеу ағыста үлкен балықтың желбезегіндей жалп-жалп көтеріліп жатқан екінші мордушканы судан көтеріп алды. Мордушка толы ақ форельдерге назар да аударған жоқ, жағаға суын сорғалата былш еткізіп тастай салды да жерге отырып башпағын шешті, балағын түріп, жүн-жүн балтырын сүйсіне отырып қасып - қасып қойды, тырнағы да өсіп кеткен екен, шал таңдайын қағып, басын шайқады.

Жуық маңнан шауқарға шаңқ-шаңқ ете қалды; шаңқылдаған дауыс екінші рет алыстан естілді, бұл өңірге әлдебіреудің келе жатқанын күні бұрын хабарлағандай. Іле-шала мотор гүрілі естілді де маңайы бензин сасып кеткендей шал танауын тыжырына тартып, түкірініп жіберді. Түкірінсін түкірінбесін, машина бәрі бір жақындап қалды; салдыр -гүлдір кузовтың сықыры келді құлағына. Әрбірден соң өкіріп - бақырып, пысқырып -түшкіріп машина алыстап кетті. Үлкен жолмен ары өткен, бері өткен бейсауат транспорт болғаны ғой. Болсын болмасын, шал бәрібір оған бұрылып қараған жоқ. Орнынан тұрды да бос мордушкасын алдына өңгеріп, кемерге таянды; ол алдымен бір аяғын суға тықты да тітіркеніп, жаурыны құржың ете қалды, екінші аяғын тықты да тамағын қырнай қақырынып жіберді. Су тастай болса керек, мордушканы тас арасына тез қыстырып, жағаға тез шықты.

— Сәлем, қария!..

Шал өз әбігерімен жүріп бұрылыстан шыққан салды байқамай да қалған екен. Төрт адам қуып келеді: екеуі алдында, екеуі артында; алдыңғы екеуі ұзын сырықпен салдың басын жағаға жеткізбей өзен ортасына қарай кейін серпіп қояды, артқы екеуі ескекпен сал құйрығын бірде оңға, бірде солға бұрып тыпырласып жатыр. Бәрі де соқталдай -соқталдай жас жігіттер, бәрінің де сақал-мұрты қауғадай.

— Отырмысың?

Шал үндеген жоқ, күресінді де қойды. Тасыған өзен төрт адам мен шұбырған ұзын салды аяқ астынан айдап алып кеп, аяқ астынан, бұрылыстан құйрығын қылт еткізіп қуалап алып кетті, өзен үстінде толқын ғана қалды; толқын үстінде қылт - қылт әткеншек тепкен бакен қалды; толқын лық-лық жағаны соғып жатыр, жағадағы малта тастардың үстіне ағаш қабығын, шөп-шалам мен ұсақ көпіршіктерді іркіп тастап жатыр.

Шал тағы күрсінді. Сосын әлдебір ұмыт шаруасы есіне түскендей башпағын тасқа салып-салып қалды да кие бастады. Кенет үй жақтан тауық қаңқылдады, артынша далпылдаған қанат даусы естілді. Шал башпағын тастай беріп үй жаққа үңілді, шұбар тауық қаша басында ойбайын салып бақылдап тұр екен, шал да өмірінде алғаш рет тауық көргендей -ақ омырық сарғыш тістері ырсиып, үңірейіп үнсіз қалды. Шұбар тауық далпылдай ұшып, қалақай ішіне қонғанда барып әлдебіреу бөксесіне жуалдыз тығып алғандай:

— Дунька! — деп баж етіп бақырып жіберді.

Тас керең сүр қақпа көпке дейін дыбыс берместен мелшиіп тұрып алды. Шал да міз бақпастан әлі андып отыр. Әлден уақытта барып қақпа ыңырсып ашылды да, аржағынан дудыраған жирен шашты, жалаңаяқ - жалаңбас, ұзын сарафан киген ұйқылы-ояу он алты, он жетілер шамасындағы қыз шықты.

— Әне, — деп шал үй артын нұсқап саусағын шошайтты.

Қыз пәлендей тілге келіп жатпастан шал сілтеген бағытқа жөнеле беріп, артына бір қарап алды да шоқаң етіп бұта түбіне отыра кетті, сосын кешікпей қайта тұрып, тағы да бір дүркін шалға көз қиығын тастады. Шал қалақай ішіндегі қыздың қылтылдаған төбесін бағып отыр. Сәлден соң баж - бұж тауық бақырды. Биік қаудың ішінен тағы да қыздың төбесі көрінді, сосын өзі шықты. Қалақай шақса керек, ол бесіктей тоқ балтырын қасып -қасып алып, асықпай - үсікпей қолтығындағы шұбар тауықтың құйрығын теріс қаратты да, саусағымен жұмыртқасын тексерді.

— Түк те жоқ, — деді ол.

— Тағы да далаға тапқан ғой, — деп шал кіржің етті.

— Әтеш жоқ болса несін табады, — деді де қыз қайтадан аулаға кіріп кетті. Іштен бақылдаған тауықтардың қаңқылы естілді.

— Әтеш!...әтеш... — Шал кіржіңдей күңкіл деп орнынан тұра бастады.

2

Күн сәскеге тырмасып қалған. Үп етіп жел қақпайтын қалың бүктің іші тымырсық тартып қайнап тұр; гүлден гүлге қонған ара, ызылдап ұшқан бөгелек, қызылды-жасылды көбелектер: тайга гу-гу етеді. Тал арасынан шыбын-шіркейді жасқаған торшолақтың сабаудай шолақ құйрығы ербеңдейді. Жар басындағы жалғыз үйдің қасындағы, өзен жағасындағы тау-тау үйілген бөрене деңгейі бұрынғыдан да молая түскен тәрізді. Тіркеме сүйреткен екі-үш машина ағашын түсіріп тастап кетіп барады.

Үлкен жол да у-шу: үздік-создық шұбырған машина керуені, машина керуені қаздай тізіліп, бір легі ышқына тау басына көтеріліп барады, бір легі қаңқ-қаңқ сигнал беріп, тау басынан түсіп келеді. Ара кідіріс бұрылыс - бұрылыстарда жолға таласқан шоферлардың айқайы естіліп қалады.

Өзен жағасындағы төңкерілген ескі қайықтың қасында шоңқиып шал отыр. Бір қолында балға, бір қолымен қобдишадағы тот басқан ұсақ шегелерден тандап алып, қайықтың жыртық - жыртығына сыналап жамаған жіңішке тақтай жаңқаларын шегелеп жатыр. Анда-санда төбесіне үймелеген сары маса мен сіркедей ұсақ шіркейлерді қолымен жасқап қояды. Самайынан, танауының ұшынан мөлдіреп тер шыққан, қызылшақа жылтыр шекесі де жіпсіп қапты.

Ол балғасын тық – тық ұрып, шегені баптап отырып сіңірді де танауының ұшына мөлдіреп кеп, үзілейін деп қалған бір тамшы терді саусағымен сары майдан қылшық суырғандай шымшып алып тастады. Бұтында ақ кенеп шалбар, желбегей ақ кенеп көйлектің өңірінен ақ шулан түк басқан төсі көрінеді; алқымынан қыр желкесіне дейінгі айқыш-ұйқыш терең әжімдері сырмалы көрпеге жүргізген машина жібінің ізін еске түсіргендей.

Шал ерніне қыстырған шегені алып, тағы да қайық жықпылына сүңгітіп жіберді. Ту сыртынан ағыл-тегіл машина гүжілі естіледі. Ол үлкен жолдың әдепкі жаңғырығы болар деп ойлаған еді, бірақ артынша пыш еткен газдың, шиқ еткен тормоздың ащы шиқылы сай-сүйегін тітірентіп жіберді де:

— Тағы жетті ме, — деп күңкілдеді. Мотор біраз уақыт бырқ-бырқ лықылдап тұрды да кілт өшті; сарт етіп машинаның есігі ашылды, сарт етіп қайта жабылды.

— Ей, жөгөр!..

Шал балғамен қолын ұрып алды да жаншылған саусағын аузына апара беріп:

— Ө, ит - ай! — деп кіжінді. Өзі емес, әлде біреу кінәлідей белгісіз жанды балағаттаған сыңайы бар.

— Ей, Жөгөр!.. Немене, құлағың керең боп қалған ба?!.

Шал асықпай отырып тағы бір шеге сіңірді де артына бұрылды. Лықыта ағаш тиеген тіркеуішті `ЗИЛ-155` жүк машинаның капотын тұрып қойып, мығым денелі едірек мұрт қара жігіт мықынын таянып тұр екен. Бырқ-бырқ етіп радиатор ыстық суды бүркіп тастап жатыр.

— Мынау жиһазыңды қабылдап ал, — деді жігіт.

— Сен әуелі төксей, — деді шал.

— Мүмкін, көмектесерсің. Үш сом жеті тиын берем.

— Түкіргенім бар сенің үш сомыңа — деді шал жігіттің кекеткенін аңғарып. Сосын қайтадан теріс айналып, өз шаруасына кірісті.

— Қанша текшеметр екенін есептеп алсай, тым болмаса! — деп дауыстады жігіт.

— Қанша әкелсең, сонша болат та, — деді шал.

— Тфу!.. атаңа нәлет ит кержақ! — жігіттің ызалы үні естілді де сіріңке шырпысы быж етті.

Қазақша сыбаған жігіт сөзінен `кержақ` дегеннен басқа не айтып, не қойғанын түсінбеген шал бұл жолы қару қайтарған жоқ. Ту сыртынан шыққан шынжыр салдыры мен дөңбек дүрсілінен оның енді қайтып мазаламайтынын сезді де өз әбігерімен боп отыра берді.

Аян терлеп - тершіп, өлдім-талдым дегенде дөңбектерді зорға құлатып түгетті. Үстіндегі қалың комбенезоны да қапырық күнде буындырып әкетіп бара жатқандай болды. Ол қолындағы ағаш сүйменді лақтырып жіберіп, секіріп жерге түсті, қалтасынан орамалын алып маңдайын сүртті. Сосын машинасын бір айналып шықты да артқы доңғалақ аяғымен теуіп - теуіп жіберді. Желі босамағанына көзі жеткен соң темекісін тұтатып, бөренелердің үстіне келіп отырды.

Дамылсыз гүжілдеген тас жол мен дамылсыз гуілдеген тайгадан, бір қалыпты баяу ысқырған өзен сарынынан басқа бөтен ала дыбыс жоқтай еді. Үлкен жол мен өзеннің екі ортасындағы бытқылға тығылған жар басындағы жалғыз үйдің артынан еміс-еміс тықылдаған тесе даусы келді. Огородтың шеті көрінеді; салпайған күнбағардың сарғыш табағы, гүл жарған картоп басы ағараңдайды. Тесе тықылы сол жақтан талып жетіп тұр; әлдекім картоп түптеп жатса керек. Аян мойнын созды, көзіне ешкім шалынбаса да:

— Ей, Птичка! — деп айғай салды.

Жігіт айқайына жауап бола қойған жоқ, бірақ оның есесіне манадан бері молаға қонған жапалақтай қайық қасында құнысып отырған шал орнынан тұрып кетті; балтасын, балғасын, қобдишасын қолына алды, сосын Аянға қарады, Аян шалға қарады; арбасқандай екеуі де бір сәтке үн-түнсіз тіктесіп қалды; шал жүзінде жақтырмаған шырай бар, жігіт өңінде кекесін күлкі жыбырлағандай болды. Шал башпағын тырп-тырп сүйретіл, биік қашаға жете бере үй артына мойын бұрды да:

— Дунька! — деп шаңқ етті. —Анау пәлеге қол қойып берші!..

Аян езуіндегі шылым тұқылын ыршытып жіберді де орнынан тұрды. Шал жылауық қақпаны шиқ еткізіп ашты да шиқ еткізіп жауып алды.

Капот астынан Аянның бөксесі ғана көрінеді. Ол моторды шұқылап жатыр еді, майқұйрықтан әлдекім шапалақпен тартып жіберді. Жігіт басын кілт көтеремін деп капотқа соғып алды да мандайын алақанымен баса артына бұрылды. Қыз сықылықтап күліп тұр екен.

— А-а, Птичка... жұрттың бәрімен осылай амандасушы ма едің?

— Енді қалай.

— Көп пе оларың?

— Ондағы сенің шаруаң қанша.

— Жәй, әншейін... борсықша быртиып семіріп барасың. Осындай бой жетіп тұрған шағыңда біреуінің етегінен алмаймысың дегенім ғой...

— Онда саған жармасайын да...

Аян буферден қарғып түсті де қызға төніп кеп тоқтады; алдымен мөп-мөлдір көкшіл жанарына, сосын сарафанының өңірін теуіп тұрған омырауына, омырауының ортасындағы дір ете қалған науалы жықпылға үңілді, үңілді де мұртын сылап күрсініп жіберді.

— Немене, тоныңды ит жеді ме, — деді қыз көкірегін қымтай түсіп.

— Ит қайдан жесін, құрт тесіп барады, — деді Аян ыржия күліп.

— Дурак!..

— Жалпы мен... әлгі неге қарсы емеспін...

— Неменеге?

— Жармасу мәселесін айтам да...

— Тым сүбелі шығып жүрмесе...

— Ештеңе етпейді. Әуелден мықтап тұрып разгон берсек бәрі де өз орнына түседі. Май да сылынады, иіс-қоңыс та кетеді...

— Ол қандай иіс-қоңыс екен?...

— Кержақтың иіс-қоңысын айтам да.

— Дурак!

— Қой, қой, сөйте ме екен кісі, тәп-тәуір шүйіркелесіп тұрғанда.

— Енді қайтушы еді?

— Әуелі үйленіп алалықшы. Ұрыс - төбелеске онан соң да уақыт жетеді.

Аян тағы да қалтасынан темекі алып тұтатты; көзінің қиығымен Дуняның быртиған семіз бақайына, бір тұтам борсиған аяғына қарады. Қыз қолымен темекі түтінін желпіп, Аяннан шегініңкіреп кетті.

— Егер қаласаң шіркеуге баруға да қарсы емеспін. Ал комсомолдық той дегенді тіпті жаным сүйеді.

— Мылжың! — деді қыз.

— Жоқ мен шындығын айтып тұрмын... тегін той, тегін жиһаз... Жасау іздеп әуре болмайсың. Пәтер де береді дейді. Бірақ, енді... пәтер өзімде де бар...

Аян тағы да қызға ентелей түсіп, ортасы шұңқыр, бұтақтылау сүйір иегінен ұстады. Дуня оның қолынан қағып жіберді де:

— Сумаңдатпа! — деді.

— Леспромхоздың начальнигі ме, жоқ әлде аудандық комсомол комитетінен бе, әйтеуір бір дөкей келіп тойымызда сөз сөйлейтін болады, а?..

— Давай! — деді қыз қатқыл үнмен.

— Не? — деді жігіт әрі күле, әрі таңдана.

— Қағазыңды әкел!

— Е-е, мен тұра сельсоветке сүйреді екен десем...

— Қорқып қалдың ба?

— Жоқ-ә. Несіне қорқайын.

Аян комбенезонының төс қалтасын ақтарып, әлденені іздей бастады; сынық сигареттің тұқылы, қоқым-соқым, ескі бір газет қиқымдарынан басқа дым таба алмай ойланып қалды.

— Дунька!..

Шар еткен шал дауысы тұншығып жер астынан естілгендей болды. Жігіт те, қыз да селт етіп жар басындағы жалғыз үйге қарасты; баяғы сол мелшиген дарбаза, мелшиіп мешел қара монша жатыр; шал еш жерден көріне қоймады...

...Жерошақ басында, құйрығына томар қойып қаннен - қаперсіз шал отыр. Мосыға асылған қара - қожалақ темір шелекте смола бырқылдайды. Аула сыртында сапырылысқан үлкен жолдың гүрілі, аула сыртында бір қалыпты баяу ысқырған су сарыны; анда-санда шелек ішіне шұқшия үңіліп, былғауышты толғап қойғаны болмаса шал тыстан сонау шуға да, сарынға да құлақ аспай керең отыр.

Іргедегі үйшіктің аузынан торай сығалап жатыр; су секілді жыртиған сарғыш көздері шалдың қасаңсып кеткен тарамыс саусақтарының әрбір қимылын қалт жібермей аңдып жатқан тәрізді, әредік - әредік қорс етіп, қоң - қоқырға сүре тыққан кертік танауын рахаттана тартып қояды. Екінші бұрышқа балық аулайтын қырық жамаулы ескі ау керіліпті; тор ішінде тыным таппай бес тауық жүгіріп жүр, қашып шығатын тесік іздейтін тәрізді, сумаң еткізіп торға бастарын кезек-кезек сұғып алады да тырбаныш - тырбаныш, сілесі қатқан соң аядай қуысты шырқ айналып тағы безектей жөнеліседі. Жалғыз өскен тырбық талдың астында араның ұясы тұр; кішкентай жыртықтан бірлі - жарым аралар еріне ұшып кетіп жатыр, әлде қайдан еріне ұшып кеп қонып жатыр. Үйге кіре берісте бастырма, бастырмада ағаш шабатын жаңғырық, үстіріктелген тақтайлар; қабырғаға балта мен үстіріктің сан түрі, буаз ара, қол ара, тағысын тағы саймандар ілініпті. Аула түкпіріндегі ақсақ орындықта бүйірі қабысқан ескі шелек; ескі шелекке қадаға шегеленген қолжуғыштың кіндігінен сылп-сылп су тамшылайды.

Шал шелекке тағы бір үңіліп, сатырлап жанған шалаларды кейін сырды да әр қайсысын жерошақтағы күлге тығып - тығып алып, өшіріп тастады. Бықсыған шала түтінінен қашқақтай отырып, шелекті молынан түсіріп былай қойды. Аула сыртынан дыбыр-дыбыр сөз, жарыса күлген қыз бен жігіттің даусы естілді. Шал жақтырмай кіржің ете қалды да:

— Дунька! — деп шажылдай орнынан көтерілді...

Аян кабинадағы кішкентай багажникті ақтарып әбігер боп жатқан-ды. Дуня қылмыңдап мойнын созып, қарақшы айнаның бетіне жапсырған киноактриса Моника Витидің суретіне қайта-қайта қарай берді. Газет қиқымдарын, `Советский экран` журналын қобыратып тастай берген жігітке қыз:

— Мынауың кім? — деді.

Аян әуелде оның кімді сұрап тұрғанын аңғармай қалды да қыздың бетіне, сосын тысқа үңілді де ақыры айнадағы суретті көзі шалып, мырс етіп күліп жіберді.

— Ә-ә, мынау ма... Саған не десем екен... Менің қалыңдығым ғой, — деп шімірікпестен журнал парақтарын бір-бірлеп аудара берді.

— Суайт, — деді қыз.

— Мен сені неше рет алдап едім?

— Қайда істейді? — деді қыз жігіт жүзінен қалжың нышанын таппаған соң әрі-сәрі, сенерін де, сенбесін де білмей.

— Қайда істейді?.. Бізде... Леспромхозда... асханада...

— Суайт!

— Не сен, суайт... Суайт... Өтірік айтып мені не зор қысыпты... Қап, мына құрғыры қайда кеткен, ә!..

— Өзі де бір оңбаған шығар? — деді қыз.

— Неге?

— Сұлу әйелдердің бәрі оңбаған болады дейді ғой.

— Жоқ, керісінше, ғажап адам... Сайтан алғырды жер жұтып кетті ме?!.

— Онда неге үйленбей жүрсің?

— Неге деймісің... шілпиген тым арық, сосын, өңірі ылғи сыра бөкшесінің өңезі сасып тұрады... Қап, мынаның қырсығын - ай, ә!.. Қайда жүріп жоғалта қойдым екен?

— Не іздеп жанталасып жатырсың?

— Ойбай-ау, әлгі қол қойғызатын қағаз ше.

— Әне жатқан жоқ па.

— Кәне?

— Аяғыңның астында.

Аян баранка түбіне түсіп қалған бір жапырақ қағазды көтеріп алды да қызға бұрылды.

— Манадан айтпай аузыңа маржан салып тұрмысың.

— Е-е, сайтан біліп пе, сенің не іздеп жатқаныңды.

— Мә, қолыңды қой, — деп Аян қағазды қыз алдына, көпшік үстіне қойды да төс қалтасынан авторучкасын алып ұсынды. Дуня қаламды ебдейсіз, шымшып ұстап қағазға арбайтып птичка соқты.

— Эх, птичка, Птичка!... — деп күрсінді Аян — қартайғанша әліпті таяқ деп білмей дүниеден өтесің - ау!..

— Үйретсей.

— Пожалыста, үйретейін, өзің құлық қоямысың?

— Қиын шығар, — деп Дуня күмілжіп қалды.

— Онда тұрған еш қиындық жоқ. — Аян көпшік үстіндегі бұрқыраған қағаз қиқымдарын багажникке бүктеп - бүктеп қайта тығып жіберді де қолына `Советский экранды` алды.

— Мынауың не кітап?

— Бұл ма? Мұнда кіл әдемі келіншектердің суреті басылады, - деді Аян журнал бетін ақтарып жатып. Дуня жігіт иығынан асыла, аударылып түсіп жатқан актрисалардың портреттеріне аңыра үңіліп тұр.

— Бұларды неге сонша тізе берген?

— Жұртты қызықтыру үшін... Реклама... ұқтың ба?

— Реклама дегені тағы не пәле?

— Саған қалай айтсам екен... — Аян ақтарып отырып, декальте киген жалаңаш төс әдемі келіншекті тауып алды да төс қалтасынан қаламын шығарды. — Әуелі бұларды суретке түсіреді... — Ол келіншектің бетіне арбайтып `кержак` деп жазып қойды. — Сосын, егер әдемі болса киноға алып кетеді.

Аян журналды қызға ұсынды да:

— Мінеки, қолды өстіп қояды, үйреніп ал, — деп жымиды.

Дуня журналды олай бір, былай бір төңкеріп қарап шықты.

— Сен не деп жазып қойдың?

— Сенің фамилияңды жаздым да. Не деуші едім, — деді жігіт, қыз сезбесін дегендей езуіне үйіріліп кеп қалған күлкісін жиып ала қойды. Бірақ, оған мән беретін Дуня жоқ, жалаңаш төс келіншектің тұрпатын қызықтап, оның таңқита кесілген тұлымына, тебіңгідей сырғасына, қос омырауының дін ортасындағы жықпылға бадырайта қадаған түйреуішіне тамсана қадалып тұр еді.

— Егер сұлу болсаң сені де алып кетер еді, — деді жігіт.

Сосын езіне томсырая қадалған қыз жанарын байқап қалды

да, әлде көңілін аулай салғысы келді ме, әлде шыны сол ма;

— Общым, сен де әдемі боп кетіпсің... құдай ақы! — деді.

Қыздың албыраған екі бетінің ұшы қызарып сала берді.

Онысынан өзі ыңғайсызданып:

— Осының бәрі сенің таныстарың ба? — деп албаты сөзге жықты.

— Баяғыда таныс болғаным бар-ды, Алматыда болғанда...

— Кәзір ше?

— Кәзір киноға алып кетті дегем жоқ па.

Ыңырсып дарбаза ашылды. Смола құйған қара шелегін көтеріп шал шыққан екен ауладан. Дуня қолындағы журналын артына жасыра қойды да Аяннан шегініңкіреп кетті. Башпағын тырп-тырп сүйретіп, өзен жағасына қарай аяңдап бара жатқан мыж-мыж шалдан жасқанатын тәрізді. Аян қызға тағы да білдіртпей жақындап кеп, майқұйрықтан шапалақпен тартын жіберді.

— Шіркін, мынау буферді айтсаңшы бәрінен!..

— Бәдік! — қыз оған ала көзімен ата бір қарады да ыржалақтаған жігітті мазақ еткендей тілін шығарды. Сосын еңкейіп, бесіктей аппақ тоқ балтырына жабысқан сары масаны езіп тастады. Еңкейіп тұрып ту сыртындағы жігітті көзімен іздеді. Аян да күлімсірей қадалған күйі әлі орнынан қозғалмапты. Дуня басын көтерді де мықынына іркілген сарафанын етегінен тартып қылтасына түсірді. Жар жағасынан, ескі қайықты смоламен баттастыра майлап жатқан шал қақырынып дыбыс берді. Бұл оның: `жеткен жоқ па енді` — дегені еді.

Аян әуелі машинасын ажылдатып - ажылдатып алды да прицепін салдыр-сұлдыр даңғырлатып, жар басындағы жалғыз үйді басына көшіре жаңғырықтырып тайып отырды. Былай шыға бере күндегі әдетінше клаксонды екі-үш қайтара тағы басты. Қыз оның әйнектен сығалаған басын көрді. Ол бірте - бірте алыстап, үлкен жолға түсті де сабылысқан көп машинамен, сапырылысқан көп салдыр - күлдірмен араласып кетті. Жол бойында шұбатылып иірім-иірім шаң қалды; шаң астынан ағаш тиеген прицепті екі жүк машинасы осылай қарай, тағы да жар басындағы жалғыз үйге бұрылды.

3

Тас қауып, шақ - шұқ шаңқылдаған осы бір қара кетпен - ақ оның миын жеп бітірді. `Күнде қалай аңғармай жүргем` — деп ойлады қыз. `Жүйкені құртатын неме екен ғой өзі`.

Бірақ, аңғарды не, аңғармады не, ақыры ауыртпалығы өзіне түсетін шаруадан қайда қашып құтылсын. Ол тағы бір-екі шоқ картоптың түбін қопсытып еді, тіпті шыдамы таусылып, зіл кетпен әбден қажытып жібергендей көрінді де арық ішіне лақтырып тастап, шалғын үстіне отыра кетті. Шөп сыз тарта бастапты. Терістен самал тұрып, әлгінде ғана бұлтша буған сары маса мен ұсақ шіркейді өзен бойына қуалап әкетіпті. Қоламта басып отырғандай жалаң аяқ табаны ысып, шыдатпай бара жатқан соң салқын дым топырақты көсіп - көсіп аяғының үстіне шоқайта үйіп қойды. Үй жақтан тық-тық бажа дауысы естілді. `Жалықпайды екен тіпті` — деп атасын да сөгіп алды. Неге екені белгісіз, бүгін түстен кейін ол тамағы тоймаған баладай бұртиып көңілсіз жүр. Онда да өзіне өзі бұртиады да, әйтпесе бұртиярлық кімі бар дейсің. Бұрын жалығып көрмейтін үй шаруасына бүгін құлқы жоқ; тұла бойы дәл сал боп ауыр тартып, әлденеге көңілі құлазып отыр. Бір нәрсені ұмыт қалып, енді соның не екенін есіне түсіре алмай әлек болған адамдай мәре-сәре. Бау көркі деп көктемде әдейі сеуіп, ала жаздай мәпелеп өсірген мынау қызын - ала апиын гүлі көзіне қан сияқты боп көрінді де тарпа бас салып жұлып тастағысы келді. Ол күнге қарады, кешкі асты қамдайтын уақыт та боп қалған екен, созылып орнынан тұрды. `Шіркін, адам тамақ ішпейтін болса ғой... қандай рахат!...` — деп ойлады. `Ойыңа келгеніңді істейсің... көңілің қаласа айдалаға, не қалың орманға қаңғырып та кетесің... Бірақ, сонда не істемекпін?.. Ішім - жемге болмаса мынау дүниенің кімге керегі бар?..` Қыз өз ойынан өзі шошынып, құдайға күнәқар болдым ба дегендей жалма-жан шоқына бастады. Сосын бір бума пияз қазып алды, күндегіндей топыраққа қол жүгіртіп жатпай-ақ, бір түп картопты сабағынан ұстап батыр-бұтыр қопарып тастады да даңғыр-дұңғыр еткізіп темір шелекке бір-бірлеп ата бастады.

Ол қабағы қатаймаған жас картопты қолымен ысқылап ұзақ жуды. Өмірі сылау - сипау көрмеген, сәби қолындай білеу - білеу, буынтық-буынтық саусақтары мен кедір-бұдыр шырыш басқан алақанының тым рабайсыз, әрі қасаң екенін жаңа аңғарғандай. Суық суға тиген соң онан сайын баржиып, шиқандай боп қызарып кетіпті. Құрт жеген шұрық-шұрық қызыл картоптан айырмашылығы шамалы еді. Қыз ары уқалап, бері уқалап қара-құра дағын кетіре алмады да картопты шолп еткізіп суға лақтырып жіберді.

Өзен жағасы да құлазып қалғандай көрінді оған. Көлеңке басы ұзарып, жиектегі ағаштардың ұшар бастары серейіп - серейіп қарсы беттегі құз жартастың қиясына өрмелей тармасып барады екен. Су беті қарақұрықтана тұңғиық тартып, қара жанның жөн арқасындай жыбыр-жыбыр мөңкіп жатқандай болды да жауырынын белгісіз бір ызғар шымшылап, тұла бойы тітіреніп кетті. Арса-арса мұздай суық көкшағыр тастың түбінде қылт - қылт әткеншек теуіп бакен тұр. Оның әткеншек тепкеніне де қай заман? Әйтеуір, Дуня ес білгелі бұл бакенді ешкім жаңартқан да емес, орнынан қозғаған да пенде жоқ. Қылт - қылт секіріп, ары өткен, бері өткен сал айдаушыларға белгі боп тұра береді. Тозбайды да, жоғалмайды да, төбесі шошайып су бетінде изең-изең етіп тарбайып жатқаны. Жылына екі дүркін, көктем мен күзгі тасқынның кезінде қалтырауық көне қайықпен атасы екеуі ғана алқымына тығылған саландыны аршып қайтады. Дуня да жылына екі-ақ дүркін атасына ілесіп арғы бетке барып қайтады. Бүгінде өлмелі шалды осы бакенге байлап қойған не сиқырдың барын қыз білмейді. Жаз шықса су алып кетпесін деп әлек, қыс түссе көкшағар мұзды сүйменмен ойып, тұра соның төбесінен үкі қазып алып ұзақты күнге қармақ салып отырғаны. Ал Дуня жөні бір басқа. Бала жасынан оның бар арманы арғы жағаға өту еді. Оның балалық тәтті қиялының белгісіндей еді бұл бакен. Енді сол қиял да бірте - бірте көмескі тартып, семіл бара жатқандай. Осы өзеннің ар жағында да ел бар-ау, жер бар-ау, барсам, көрсем дейтін арманы да әншейін бос бала көңіл екен де. Мүмкін, ересек тартып, бой түзеп, ой тоқтатқандықтан шығар... Кейде ол өзін осынау матап тастаған бакенге ұқсататын. Бұл өңірде өзгермеген осы бакен, өзі, сосын атасы ғана тәрізді. Баяғыда мынау тынымсыз гүжілдеген үлкен жол да жоқ еді, орман да қалың болатын, міз бақпайтын мұздай көк шағар құздар әлде қайда биік сияқты көрінетін. Бұқтырманың да ені жалпақ суы мол болатын-ды. Мүмкін, бұл да әншейін бала көңілі шығар. Қайткенмен де, бүгінде арман сиреп, такаббар құздар пәсейіп, әлі де аттылыға өткел бермейтін асау өзен сарқылып бара жатқандай болады да тұрады. Осыдан шығар, ол өзеннің тасығанын жақсы көреді, өзен тасыса, Бұқтырма баяғысындай көрінеді. Күні бойы жағада отырып, қылтылдаған бакенді қызықтап, малта тастарды шолып - шолп лақтырудан жалыққан емес. Кейде тіпті, түн ішінде өзеннің қатты сарынын естіп қалса жүгіріп жететіні бар. Бакенді су алып кеткен жоқ па деп қорқады. Артынан, кемерден шыққан суды, қылтылдаған қара ноқатты көреді де қуанып, кеуілін әлдебір шат күлкі кернейді, жаңа киім кигендей бойы бір елі өсіп қалатын.

Айлы түндері ұзақ отырып, түн ортасы бола үйге бірақ оралатын еді. Бір ғажабы, қай уақытта оралса да шал ылғи ояу жатады. `Деда, өзен тасып жатыр` — дейді бұл. `Бакен орнында ма?` — деп шал нар үстінен басын көтерместен күңк ететін. Бірақ, бұл неге бакенді сұрай береді осы деп қыз ойлаған емес... Ол ұйқыға бас қойып та көзі ілінгенше бір қалыпты баяу ысылдаған өзен сарынына ұзақ уақыт құлақ түріп жататын. Қылт - қылт еткен бакенді, ағынмен ертеңді - кеш сал қуған кіл қауға сақалды адамдарды көз алдына елестетеді; қауға сақалды бір адам көрсе плотогонщик деп ойлайтын да, плотогонщик атаулының бәрін мылқау деп түсінетін, әрі ит етінен жек көруші еді. Мылқауға балайтыны - артық сөзге келмейтін томырық халық та, жек көретіні — спиртке тойып алып, ғұмыры шала мас боп жүргендері, мас болса тілі шығып, балпылдап, ретсіз тиісе береді; оның үстіне ауыздарынан құрықтай - құрықтай смосавд түспейді де маңайынан қия өтсең қолқаңды қауып, теке сасып тұратыны тағы бар. Шоферлар деген олардың қасында иман жүзді адамдар ғой...

Қыз жағадағы ұмыт қалған жалғыз бакенге қарады; манағыдай емес көлеңке аумағы молайып барады екен, әр уақыт көңіліне әлдебір медет беретін қалтылдақ қара ноқат та бұл жолы мұң әкелгендей. Неге екені белгісіз, ол мұң үстінде Аяңды есіне алды, жүрегі лық етіп аузына тығылғандай болды да қарағаннан қарап отырып екі беті дуылдап өртеніп кетті.

Дуняның Аянды көргеніне бар-жоғы бір-ақ жыл болды; мұның қол қоя білмейтін сауатсыздығын келемеж, дейтін Птичка деген есімнің лақап болуы да ос Аянның келуіне байланысты. Әуелде қыз біраз күн шамырқанып жүрді де, артынан еті үйреніп кетті, енді кәзір әлдекім атасының дауысына салып: `Дунька!` дей қалса жатып ашуланатынды шығарды тіпті. Сан келіп, сан кетіп жатқан сапырылысқан көп шофердің қайсысының есімін жадыңа сақтарсың; керек десең жүзін ұстап қалудың өзі қиямет. Бірақ, Дуня сырт пошымының онша тартымы да жоқ сол бір құбақан ғана жігіттің есімін алғаш танысқан күні-ақ жаттап алған-ды. Мүмкін, көп сөйлеп, көп қалжыңдасатын мінезінен, адамға деген үйірсектігінен шығар. Ол сайқымазақ бола тұра, осындағы кейбір бәдік шоферлердің біріне де ұқсамайтын. Неге ұқсамайды, ол жағын Дуняның өзі де білмейді. Әйтеуір ұқсамайды. Ұқсамағанына іштей қуанады. Неге қуанатынын тағы білмейді. Оның осы он алты жасына дейін өмірден бар тірнектеп түйгені, білгені - адамдардың үш-ақ сорты; бір серейіп қарсы беттегі құз жартастың қиясына өрмелей тармасып барады екен. Су беті қарақұрықтана тұңғиық тартып, қара жанның жөн арқасындай жыбыр-жыбыр мөңкіп жатқандай болды да жауырынын белгісіз бір ызғар шымшылап, тұла бойы тітіреніп кетті. Арса-арса мұздай суық көкшағыр тастың түбінде қылт - қылт әткеншек теуіп бакен тұр. Оның әткеншек тепкеніне де қай заман? Әйтеуір, Дуня ес білгелі бұл бакенді ешкім жаңартқан да емес, орнынан қозғаған да пенде жоқ. Қылт - қылт секіріп, ары өткен, бері өткен сад айдаушыларға белгі боп тұра береді. Тозбайды да, жоғалмайды да, төбесі шошайып су бетінде изең-изең етіп тарбайып жатқаны. Жылына екі дүркін, көктем мен күзгі тасқынның кезінде қалтырауық көне қайықпен атасы екеуі ғана алқымына тығылған салаңдыны аршып қайтады. Дуня да жылына екі-ақ дүркін атасына ілесіп арғы бетке барып қайтады. Бүгінде өлмелі шалды осы бакенге байқап қойған не сиқырдың барын қыз білмейді. Жаз шықса су алып кетпесін деп әлек, қыс түссе көкшағар мұзды сүйменмен ойын, тұра соның төбесінен үкі қазып алып ұзақты күнге қармақ салып отырғаны. Ал Дуня жөні бір басқа. Бала жасынан оның бар арманы арғы жағаға өту еді. Оның балалық тәтті қиялының белгісіндей еді бұл бакен. Енді сол қиял да бірте - бірте көмескі тартып, семіп бара жатқандай. Осы өзеннің ар жағында да ел бар-ау, жер бар-ау, барсам, көрсем дейтін арманы да әншейін бос бала көңіл екен де. Мүмкін, ересек тартып, бой түзеп, ой тоқтатқандықтан шығар... Кейде ол өзін осынау матап тастаған бакенге ұқсататын. Бұл өңірде өзгермеген осы бакен, өзі, сосын атасы ғана тәрізді. Баяғыда мынау тынымсыз гүжілдеген үлкен жол да жоқ еді, орман да қалың болатын, міз бақпайтын мұздай көк шағар құздар әлде қайда биік сияқты көрінетін. Бұқтырманың да ені жалпақ суы мол болатын-ды. Мүмкін, бұл да әншейін бала көңілі шығар. Қайткенмен де, бүгінде арман сиреп, такаббар құздар пәсейіп, әлі де аттылыға өткел бермейтін асау өзен сарқылып бара жатқандай болады да тұрады. Осыдан шығар, ол өзеннің тасығанын жақсы көреді, өзен тасыса, Бұқтырма баяғысындай көрінеді. Күні бойы жағада отырып, қылтылдаған бакенді қызықтап, мажа тастарды шолып - шолп лақтырудан жалыққан емес. Кейде тіпті, түн ішінде өзеннің қатты сарынын естіп қалса жүгіріп жететіні бар. Бакенді су алып кеткен жоқ па деп қорқады. Артынан, кемерден шыққан суды, қылтылдаған қара ноқатты көреді де қуанып, кеуілін әлдебір шат күлкі кернейді, жаңа киім кигендей бойы бір елі өсіп қалатын.

Айлы түндері ұзақ отырып, түн ортасы бола үйге бірақ оралатын еді. Бір ғажабы, қай уақытта оралса да шал ылғи ояу жатады. `Деда, өзен тасып жатыр` — дейді бұл. `Бакен орнында ма?` — деп шал нар үстінен басын көтерместен күңк ететін. Бірақ, бұл неге бакенді сұрай береді осы деп қыз ойлаған емес... Ол ұйқыға бас қойып та көзі ілінгенше бір қалыпты баяу ысылдаған өзен сарынына ұзақ уақыт құлақ түріп жататын. Қылт - қылт еткен бакенді, ағынмен ертеңді - кеш сал қуған кіл қауға сақалды адамдарды көз алдына елестетеді; қауға сақалды бір адам көрсе плотогонщик деп ойлайтын да, плотогонщик атаулының бәрін мылқау деп түсінетін, әрі ит етінен жек көруші еді. Мылқауға балайтыны артық сөзге келмейтін томырық халық та, жек көретіні — спиртке тойып алып, ғұмыры шала мас боп жүргендері, мас болса тілі шығып, балпылдап, ретсіз тиісе береді; оның үстіне ауыздарынан құрықтай - құрықтай смосад тү