05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қажығали Мұханбетқалиұлы
Қажығали Мұқамбетқалиұлы - 1942 жылы 8 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында туған.

Кесек кемпір






Мұғалжар тауының етегін қуалай аққан ұлы Жемнің оң бетін­дегі иір-иір жиде то­ғай­лары мен түбектей оратылып жатқан қалың шилі қолтықтарды ежелден қоныс еткен біздің ағайынның көбірек шоғырланған жерінің бірі — «Кемер ши» еді. Небір қиын кезеңдерде де, ел ықтасыны мол осы «Кемер шидегі» Ермағанбет ишан мешітін ес көріп, соның төңірегіне топтала келе, бұл жерді үлкен ауылға айналдырып жіберген. Кейін «Кемер шиге» «Қызыл бұлақ» пен «Көк түбек»-ті қосып, ірілендірілген колхоз болғанда да; ақыры осыларға «Бұлақты көл» мен «Қара тас»-ты қосып, совхоз құрғанда да, орталық «Кемер ши» болып қала берген соң, жан-жақтан ел қосылған бұл ауылдың көлемі едәуір ұлғайып кеткен. Бүгінде о шеті мен бұ шеті ат шаптырымдай боп далиып жатқан осы «Кемер шидегі» біздің ағайынды бір суық хабар дүр еткізді.



…Кесек кемпір қайтыс болыпты!

…Не дейді!?

…Ойпырай, жақында ғана бір абы­сынының жылы беріліп жатқанда, ап­пақ жаулығы қарқарадай болып, жа­рық­тық, қақ төрде қақиып отыр еді ғой…

…Иә, дәм таусылса, дауа жоқ қой. Бүгін… бейсенбіден жұмаға қараған түнде, жүріп кетіпті, жарықтық!

…Е, «жазмыштан озмыш жоқ!» деген осы!

…Дегенмен әйтеуір ел-халықтың ортасында, бала-шағасының алдында, тоқсанға жақындап барып кетіп жатыр ғой. Пенде мұнан артық Құдайдан не тілемек! Алдынан жарылқасын енді марқұмның… — десіп, естіген ағайын-тума ертерек қимылдап, кемпірдің жалғыз немересінің үйіне қарай, көңіл айтуға топ-топ болып ағыла бастады.

***

Қай жерде, қай елде кемпір өлмей жатыр, тәйірі…

Кесек әжеміздің қазасы да — Ал­ланың әмірімен төрелеп келген сондай ақ өлімнің бірі-тұғын. Бірақ… мына жаманат хабар ол кісінің қадірін білетін біздің ағайынның біразының, — әсіресе үлкендердің, — жүрегін аяздай қарып өтті.

Бұл «Кемер шиде» бұрын да жақсы әжелер болған ғой… Алайда Кесек әже­м­нің орны мүлде бөлек-тұғын. Ол кісі шытырадай аппақ жаулығы қа­қырайып, әйел де болса, өмірі ең­кейіп көрмеген өр кеудесі тіп-тік күйін­де, кейінгі жылдары ғана қолына ұстаған ұзын ақ таяғын патшалардың асатаяғынша асықпай шаншып тастап… шаншып тастап, бір жақтан келе жатқанында мұндай сәнді де салтанатты, һәм бекзат кемпірге жолай кездескен ауылдың қарапайым еркектері түгілі, атқа мінер атанып жүргендерінің өзі тұра қалып, елпілдей амандасып жатушы еді. Ал анадайдан көрген ке­лін-кепшіктері тоқтай қалып… иіліп-бүгіліп қайта-қайта сәлем салып, Кесек әжем өзі: «Бақытты болыңдар, шырақтарым!» деп батасын беріп, басын изеп қана өтіп кеткенше, инабат қылып қозғалмай тұрушы еді.

Иманды болғыр менің әжем Жамал да ел сыйлайтын кісінің бірі-тұғын. Өйткені Ермағанбет ишан атамыз дүниеден өткен соң, енді мешітке бас болатын екі ұлын бірдей Кеңес өкіметі көз көрмеске айдап жоқ қылғанда, немере туысы — менің атам Ыбырай осында имамдық еткен екен. Сондықтан басын бәйгеге тігіп, пәлен жыл осында имам болған атамның қосағы — Жамал әжемнің атын атамай, жұрт «елті» деп құрметтейтін-ді.

Сол кісіден бір күні Кесек кемпір туралы әдейі сұрағам:

— Әже, осы… Кесек кемпірді көрген ел неге иіліп-бүгіліп тұра қалады? — деп.

— Тәйт әрі! — деп әжем кейіп тастады. — «Кесегің» аздай, «кемпірің» не? «Әже!» де. О кісі мына сөзіңді естісе, құла­ғыңды кесіп алады, білдің бе! — деді ол.

Шошып кеттім. Дегенмен «ән­шейін­де менің табаныма кіретін шөгір, өзінің маңдайына қадалсын деп отыратын әжем; кәдімгі, жан баласына шекемнен шерттірмейтін қамқор әжем, егер біреу менің құлағымды кесіп алғалы жатса, қалайша ара түспейді?!» деген бір сұрақ тілімнің ұшына кеп қалып еді, бірақ айта алмадым. Әжем болса, Кесек кемпірдің құлақ кесуге толық қақы бар адамдай және… оған араша түсуге ешкімнің, тіпті өзінің де қақысы жоқ кісі секілді, көнбіс кейіпте отыр.

Содан жаман шошыған мен, әлгі сөзімді Кесек кемпір естіп қалса, құлағымды кесіп алады-ау деп қорқып:

— Ой, әжеке, білмей қалдым! Ен­ді­гәрі ондай сөзді айтпайын. Тек Кесек әже естіп қалмасыншы! — дегем жалынып.

Әжем сылқ ете қалды:

— Е, сөйт, айналайын! Ол кісі де — мен секілді әжең ғой… Мен секілді, ол да — Қаракесектің қызы. Сосын ғой, осы ауылдың кісілері «Кесек кемпір» атандырып жүргені.

Ал, енді… жасы кішілер, келін-кепшік, ол кісіні көргенде тұра қап жатса, үлкенді сыйлау, ілтипат көрсету деген — кіші атаулының міндеті болады, қарғам. Өзің де үлкендерді көргенде сөйт! Бұл — жалпы елдің тәрбиесі… дәстүр! Оның үстіне, әжең жақсы адам болғасын, тіпті ерекше сыйлайды-дағы бәрі… — деген ол.

«Әжең жақсы адам болғасын!»…

Кесек әжем шынында несімен «жақ­сы адам» екенін ұғатын шама — ол кезде менде жоқ. Бәрі-бәрін кейін естіп, кейінірек ұқтық қой…

Біздің ағайын ол кісіні біз көрген кезден көп бұрын, түу ертеден сыйлайды екен! Өйткені Кесек әжемнің отағасы Жанбай деген кісі — Тоқсанбай бабамыздан тараған алты ұлдың не ең үлкені емес, не ең кішісі еместігіне қарамастан, қара шаңырақ нақ осы Кесек әжеміздің арқасында, оның отағасы Жанбай ұрпақтарында қалыпты.

Олай болатыны — алдындағы аға­лары да, кейінгі інілері де Жанбайдан бұрын дүниеден өтіп кеткенде, сол Жан­байдың өзі — небәрі елу төрт-ақ жыл ғұмыр кешіп, бұл да марқұм бол­ған. Сонда бас көтерер ер азаматтарынан түгел айрылған Тоқсанбай әулетінің берекесін қашырмай, әйел де болса бәрінің басын қосып, тізгінді қатты ұстап отырған — осы Кесек әжеміз болыпты.

Қай заманда да ер болсын, әйел бол­сын, ағайынға бас болған кісі — береке басы ғой… Бірге туған алты жігіт­тің бәрі бақилық болған соң, солар­дың жесір қалған әйелдері мен жетім қалған бала-шағаларының бүкіл жауапкершілігін өз мойнына алған әжеміз, әулеттің бірде-бір жетімі мен жесірін ешкімге жәутеңкөз етпей, еңсесін түсірмей, жақын-жуықтың қай-қайсысына да өзінің мейірімімен, әділдігімен, кейде тіпті қаталдығымен топ жаздырмай; тура сөзімен де, адал ісімен де үлгі бола жүріп, ақыры қазақ ұғы­мындағы құт қонатын орын — кәдімгі Қара шаңырақты баласы (жал­ғыз ұлы) Жұмағалиға ұстатыпты әйтеуір.

Сосын-ақ, бір атаның әулеті мұның аузына қарамағанда; мұның иегі қалай шошайса, іс солай қарай бағыт алмағанда, қайтеді!? Сосын-ақ, қақ төрде шытырадай аппақ жаулығы қақырайып отырып, елдің ең алдымен ол сөйлемегенде, ол жөн сілтемегенде, кім үлгі көрсетпек?! Өйткені, тұтас әулетті былай қойғанда, осы әулеттің әрбір адамының атына көлеңке түсірер іс бола қалса, ағайынның арын арлауға алдымен кірісетін де — осы Кесек әжеміз болыпты.

Иә-ә! Ағайынның үлкендері мұны да жырдай қылып айтып отырғандарын кейін талай естідік қой!

…Күллі Тоқсанбайдың қара шаңыра­ғын жалғыз ұлы Жұмағалиға табыстап, Кесек әжем: «Е, Алла! Енді жеттік пе, жетілдік пе?!» деп отырғанында, кешегі бір күндердегі тәркілеу деген пәледен талып шыққан; одан кейін отыз екінің аштығында қынадай қырылған; онан кейінгі қуғын-сүргіннен жер асып, жекен су асып, жоқ боп кеткен ұрпақтан қалған Тоқсанбай әулетінің жаңа ғана желкілдеп өсіп келе жатқан балалары енді қанды қырғын соғысқа іліккенде, кемпірдің көңіліндегі жалғыз медеуі — бұл кезде кішкентай ғана «Қызыл бұлақ» колхозына басқарма болуға жа­рап тұрған өзінің бір түйір ұлы Жұма­ғали екен. «Атасының қара шаңырағын қолына табыстадым; Құдайға шүкір, келін түсіріп, немере сүйдім!» деп кем­пір­дің еңсесі енді көтеріліп отыр­ған­да, соғысқа алдыңғы лекте кеткен азаматтардан қара қағаз қаптап; ағайын-туыстың, жеңгелері мен келін­дерінің қара жамылып, зар қақсап қал­ғандарына жүрегі шыдамаған жалғыз ұлы Жұмағали, — бұрын броньмен қалып жүрген басқарма Жұмағали, — аудан естісе, тағы да броньмен алып қалады деп, түу Темір қаласындағы әскери комиссариатқа өзі тікелей барып, ешкімге айтпастан әскерге кетіп қалыпты.

Қайран азамат-ай… дәм тартты ма екен, қан тартты ма екен, Құдай білсін!

Үй-ішіне, анасы мен әйеліне де айтпай, Жұмағали соғысқа кетіп қалғанын естігенде, Кесек әжеміз бір ауыз сөз айтпастан, сазарып отырып қалды деседі… Неғылса да, әйтеуір жылауық көп қатындардың бірі құсап көз жасын көл қылмай, өр басын тік ұстап, ешкімге сыр бермеген. Айтушыларға қарағанда, кешегі басқарманың әйелі Назым шешеміз кемпірден қорқып жылай да алмай, колхоздың бұзауын бағып жүріп үнсіз егіледі екен.

Сөйтіп жүргенде, қырық төртінші жылы күздігүні Назым шешеміздің бағымындағы бір бұзауы жоғалады ғой. Төңіректі түгел шарлап, бұзаудың өзін таба алмаса да, әлдебіреулердің оны ұстап кеткен ізі шығып, іздеу басталады.

Ауданнан да, сол кезде «туф» дегенде түкірігі жерге түспей тұрған ми­лиция Бектұр шығып, жер шолып жүргенде, «Қызыл бұлақтың» жел­кесіндегі «Егінді бұлақ»-тың сайынан сыздықтап шығып жатқан түтін иісін сезіп қалып, ауылдағы екі-үш шал мен төрт-бес қатын-қалашты ертіп кеп, әлгі жерді қоршаса, осыдан үш жылдай бұрын Бугурусландағы әскери дайындық бөлімінен қашып, содан бері ұстатпай жүрген — мына көрші «Қаратас»-тың кісілері Борашбай мен Сәлімбай деген дезертирлер екен. Бұзауды да солар ұрлап, сойып алған.

Ол уақытта жұрт бір тостаған бидай үшін ату жазасына кесіліп, кемі Итжеккенге айдалып жатқан кез. Ал, енді колхоздың балықтай былқылдаған семіз бұзауын жоғалтудың жазасы қандай болатынын көзге елестету тіпті қиын. Оның үстіне, бұзау бақташысы — күні кешегі басқарманың қатыны Назым соны өзі сойып алған болу керек деп, әлдебіреулер пыш-пыш өсек өрбіте бастаса керек.

Басқасы — басқа ғой, соған жаны күйіп, өртенердей болып жүрген Кесек кемпірдің келіні Назым шешеміз, Борашбай мен Сәлімбайды айырмен түйреп, жарып тастай жаздапты деседі. Милиция Бектұр: «Бұл — самосот! Самосот! Самасот жасауға болмайды, қатын жолдастар!» деп айқайлап жүріп, әрең басса керек.

Ертесіне, қасына серіктікке колхозшы Қалдығұлды алып, Бектұр-ми­ли­ция әлгілерді ауданға айдап әкет­­пекке колхоз кеңсесінің алдында тұр­ғанда, үстінде ұзын қаптама шапан, басында қарқарадай биік ақ жаулық, қолында жүн түтетін сабау… тіп-тік, ұзын бойлы Кесек кемпір осы жерге келсе, Сәлімбай дегенді танымайды екен, бірақ Борашбай көзіне оттай басылыпты. Сол-ақ екен, Кесек кемпірдің қанталаған жанарына жас толып, әжемізді ол да танығаннан-ақ, бұқпантайлай берген Борашбайды кемпір қолына ұстай келген сабаумен жон арқадан екі рет тартып-тартып жіберді деседі көргендер.

— Жақсыдан туған — жаман ит! — депті ақырып. — Әкең — отыз бірінші жылы аштан қырылғалы отырған елді бастап, ең болмаса қатын-бала қара­қалпақ пен өзбектің жүгерісінің нанына жетіп аман қалсын деп, басын бәйгеге тігіп, Бесқалаға тартқанда, «сабатажшы» деп сәбет атып тастаған, белгілі азамат Бегей еді. Әскерден қаш­саң, әкеңді өлтірген сәбетте ке­гің бар шығар! «Қай жақсылығы үшін қанымды төгіп, қорғаймын осы­ны!» деген шығарсың. Жарайды! Ал, енді бір-бір жетімекпен жесір қалған қатындардың көз жасынан қалай қорықпадың, ит!? Бір бұзау жоқ болғаны үшін, бір келін ертең темір тордың аржағында шірісе, артында қалған мына мен құсаған кемпір мен Жұмағалидан қалған жалғыз ұл секілділердің тірлігі не болатынын неге ойламадың, а?

Соған да миың жетпеді ме?!

Бар! Ақ-қараңды Құдай айырар! Тек есіңде болсын, таяқты әскерден қашқаның үшін жеген жоқсың; өзі жүдеу жетім-жесірлердің көңілдерін жер ғып басқаның үшін жедің! Ұмытпа осыны… — депті де, артық сөз айтпастан, үйіне қайтып кетіпті.

* * *

Айта берсе, әңгіме созыла береді ғой!

…Әжем марқұмды екі күннен кейін «Кемер шидегі» өзіміздің ағайынның қауымына қойып келген соң, — (ол кезде біздің ауылда ресторан, асхана дегендер атымен жоқ), — немересі Тұрғали бауырымыз садақаға жиылған елді көрші ағайындардың үйлеріне он бес-жиырмадан бөліп, ас берген.

Сондай үйлердің бірінде жұрт шайға енді бас қоя берген кез еді…

— Ай, жамағат! — деген біреудің қарлы­ғыңқы даусы жұртты жалт қаратты.

Ішкелі отырған кеселерін біреулер ауыздарына апара беріп тоқтатса, енді біреулер алдарына ала берген шыныаяқтарын дастархан шетіне қойып, кідіріп қалды.

— Ай, жамағат! — деді тағы, сақалы селдірлеу болғанмен, сарғыш мұрты делдиген бір егде кісі қайталап. — Бүгін сендер қандай адамды жөнелтіп кеп отырғандарыңды білемісіңдер?

«Бұл кісі не айтқысы келіп отыр?» дегендей, жұрт аңтарылып қалған.

— Әрине… — деді әлгі кісі, — осы ауылдағы ең көп жасаған кәріні — мына Тұрғалидың тоқсанға тақаған әжесін қойып келдік деп отырған шығарсыңдар. Дұрыс оларың да…

Бірақ бұл кемпір — Тұрғалидың ғана әжесі емес, осы төңіректегі елдің қай-қайсысына да ана болуға әбден лайық адам еді.

Мына отырған мені, — жаман қойшы шалды, — бірің білсеңдер, бірің білмейтін шығарсыңдар. Бірақ білмейтіндерің де құлағдар болуларың әбден мүмкін. Өйткені біз бар, бас­қалар бар, соғыс кезінде әртүрлі себеппен «қашқын» аталғандарды осы күні жұрт аңыз ғып айтатын болыпты ғой.

Аңыз қылар ештеңеміз жоқ болса да, аңыз етсеңіздер, сол аңыз қылған қашқындарыңыздың бірі — мына алдарыңда отырған мен — Борашбай болам!..

Жұрт, әсіресе жастар жағы, аңырып қалған. Әйтсе де:

— Ой, Бореке, кейін туған бір-жар бала болмаса, өзге жұрт сізді білетін шығар…

— «Банды» Борашбайды біз түгіл, бүкіл аудан білмей ме?! Оның несін дабырайтып отырсың?! — деп, әр жерден нағашылы-жиенді, жезделі-балдызды біреулер қағыта бастап еді…

—Иә, енді қазір не десеңдер де, сендердікі рауа ғой! Бірақ… менің айт­пағым — мүлде басқа еді. Мына өздерің жаңа ғана бақилық мекеніне қойып келген жарықтық Кесек кем­пір менің қайтадан ел қатарына қо­сылуыма қа­лайша ықпал еткен адам екенін айтпақ ем… — деген Борашбай, сәл кідіріп барып, әлгінде біз баяндаған тарихты бастан-аяқ қайта сайрасын-ай!..

Сайрай келе:

— Ақыры… ұсталдық! — деді ол бір кезде. — Ұсталған соң, әрине, сот­талдық! Сібірге айдалдық ағаш кесуге… Үсідік, тоңдық! Ашықтық, ауыр­дық. Өліп те қала жаздаған кез болды… Не керек, көрмеген азабымыз қал­мады! — деді жүзі түнеріп. — Соншама қиын­шы­лық көргенде, біз байғұсты елге есен-сау жеткізген не сонда дейсіздер ғой… Әркімнің себебі әрқалай шығар, ал менің өзімді аман жеткізген — құй сеніңдер, құй сенбеңдер! — осы кемпірдің: «Жақсыдан туған — жаман ит!» деп ақырып келіп, жон арқамнан екі рет естен кетпестей етіп сабаумен тартып-тартып жібергені болды! — деп, әлденеге даусы тарғылданып барып, егде кісінің иегі шошаңдап кетті.

Шамасы, көңілі босап кетті-ау… Әлгі әзіл-оспақ сап тиылып, жұрт сілтідей тынып қалды.

— Кісіні өлтіретін де, яки өлім аузынан жұлып алатын да — сөз деген бір құдіреттің барын мен өмірімде бірінші рет сол кезде ұқтым! — деді Борашбай бір кезде, жасаураған көзін көлдей орамалымен бір сүртіп тастап. — Мәселен, менің өлгенім емей немене еді; кемпір жай ұрмай: — «Жақсыдан туған — жаман ит» деп келіп, ақырып ұрғасын! Ұғына білген кісіге, мұның аржағында: — «Әкең — аштан қырылғалы отырған елдің қатын-баласын аман сақтап қалу үшін, басын бәйгеге тіккен белгілі жақ­сының бірі Бегей еді… Содан туған сен — неден ит болдың?!» — деген сауал жа­тыр еді ғой! Кемпірдің таяғы емес, менің жаныма жаман батқан — осы сөз-тұғын.

Ал елге есен-сау жеткенім — айдалып бара жатқанда өзіме-өзім серт бергем: — «А, Құдай! Елге есен-сау жетер болсам, күнәмді еңбегіммен жуып, осы кемпірдің аяғына бір жығылармын-ау барып!»… деп. Сібірдің суығынан да, ауыр жұмыс пен аштықтан да, небір азапты аурулардан да мені өлтірмей аман алып шыққан — осы серт сөзім болды! Өйткені сертті сөзімде тұру үшін, маған қайткенде де өлмеу керек еді! Елге аман жету керек-тұғын. Сол сөз өлтірмей алып шықты мені! Сүйретіліп болса да елге жетуге септесті ғой, әйтеуір!

Сертіме жеттім…

Кесек кемпірдің аяғына жығылып, кезінде кешірімін алдым! Кешірім түгілі, сотты болып келген соқа басым сопиып жүргенде, осы кісілердің ағайы­нының қызы Нұрсипаны алуға да би кемпір қарсы болған жоқ. Құдайға шүкір, қазір содан үбірлі-шүбірлі боп отырған жайымыз бар.

Егер кезінде осы кемпір секілді бір есті кісі жолықпағанда, мен кім бо­лып кетер ем… Әрине, оны бір Құдай біл­месе, басқа кім біледі! — деп, Борашбай терең бір күрсініп, дастарханнан сәл шегініп отырды.

Біреу:

— Ой, жарықтық-ай! Жақсылардың жазасы да — біле-білгенге бір ғибрат екен-ау! — деп қалған.

— Е, жақсылар не айтса да, кейінгілер жамандықтан аулақ болсын, — деп айтады дағы, — деп екінші біреу қоштай беріп еді…

—Иә-ә… — деп, осы ауылдың аузы уәлі кісілерінің бірі сөзді іліп әкетті. Жарықтық, Кесек кемпір секілділер бұ дүниенің еш кітабынан өздері оқы­маса да, тірліктің кәдуілгі иман мен мейірімге негізделген әділ заңымен өмір сүрген жандар ғой… Сондықтан жанындағы жұртқа жақсылық жасаудан асқан кісіліктің жоқтығына кәміл сеніп өткен адамдар ғой олар!

Имандары саламат болсын, жарық­тықтардың! — деп еді.

— Иә, Алла Тағала жақсылардың қай-қайсысына да иман байлығын бере көрсін! — деп, жұрт гу-у ете қалды.

«Апырай, тірлігінде талайға шарапаты тиген әжеміз, мына фәнидің жүзінен өтіп бара жатқанда да, өзіне тиесілі игі тілекті бұ дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен қаншама жақсы-жайсаңмен бөлісіп, қаншама марқұмдардың рухын шат қылды екен!? Күллі жамағат жақсы-жайсаң мүһмин марқұмдардың бәріне Алла Тағаладан иман байлығын тіледі ғой! Шын жақсының шапағаты — екі дүниедегілерге де бірдей! — деуші еді үлкендер. Сол рас болғаны-ау, ә!? — деп ойладым мен.

Бұ­лай ойламасқа шара жоқ еді менде…



* самасот — орыстың «самосуд» деген сөзін бұзып айту.