Әдебиет
Тағдыр (ІV бөлім)
Тағдыр (І бөлім)
Тағдыр (ІІ бөлім)
Тағдыр (ІІІ бөлім)
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ДАР АҒАШЫ
I
Уақыт мамыр айының соңы, ұлы сәскенің кезі болатын. Көк жүзінде теңгедей бұлт жоқ. Зеңгір аспан жаңа ғана жуылып, таза сүртілген жасыл шыныдай мөлдіреп тұр. Кеше кеште жауып өткен мол жаңбырдан кейін дүние шаң-тозаңнан арылып, айнала төңіректен бір жасандық, балғындық білінеді. Бетеге мен жусан, селеу мен изен аралас жүз түрлі шөп өскен Боздақ даласы көктем шуағына кеудесін тосып, бусана бөртіп жатыр. Сәл жел тұрса болғаны, жаңа жетіле бастаған жердің түгі құндыздай құлпырып, бірде жасыл, бірде сұрғылт түске енеді.
Соңғы бір айда Демежанның атқа мініп, ауылдан ұзап шыққаны осы еді. Көктемнің өз күшіне еніп, дүниенің түлеп жасарғанын енді аңғарғандай, айналасына мұңды көңілмен таңырқай қарап, көкірегін кере бірнеше рет терең тыныс тартты. Тампыс табиғаттың мәңгі бір қалыпты тұрмай, тез алмасып, бірін-бірі ұмыттырып отыратыны ғажап-ау. Осыдан бірнеше ай бұрын бұл өлкені қалың қар басып жатпаған, үскірік аяз қыспаған, мынау байтақ далада ақ түтек боран ұйтқымаған секілді. «Күн жаманы кетеді, адам жаманы қалады» дегенді қазақ осындайда айтқан болар.
Қазір Демежан көкірегінде әлі сейіле қоймаған бір қапалы мұң бар. Осыдан бір жарым айдай бұрын Ажар анасы қайтыс болған. Сол кісінің қырқы өткенше, Бибі екеуі Сарыөлеңдегі үлкен ауылда болып, қазаның артын күтісті. Бертінге дейін өзін тың ұстап келген Ажар бәйбіше ауырмай-сырқамай, кенеттен дүние салды. Жасих намазын оқып отырып, сәждеге басын қойған күйі жүріп кетіпті. Молдалардың айтуынша, мұндай өлім өте сирек, құдай тағала өзінің ілуде бір сүйген құлына ғана жіберетін көрінеді. Ажар көзінің тірісінде жан баласына жақсылық етуден танбай, тек алғысқа бөленіп, әдемі өмір сүріп еді, жарық дүниеден де еш қиналыссыз, азап-михнат тартпай, әдемі қалпында өтті.
Ойламаған жерден, дайындықсыз келген қаза Демежанға өте ауыр тиді. Тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп, іштен жарып шықпаса да, Ажар оның ақ сүтін емген анасы еді ғой. Осылай жер басып жүргені үшін, ол тек бір-ақ адамға, сол анаға қарыздар болатын. Мына бір қамсауы жоқ, өгей өмірде өзгеден таппаған мейір-шапағатты сол кісіден тауып еді-ау. Өзіңнің ең жақын адамың дүниеден өткенде, сенің де тірлігіңнің бір бөлшегі сонымен бірге кететін сияқты ма, қалай? Ажар анасын қайтпас сапарға ұзатып салғаннан бері, Демежан көңіліне де алғау түсіп, жалпы өмір, өлім туралы көп ойлайтын болып еді. Адам өмірі қандай қысқа?! Бірақ тірі пенде соны ойламауға тырысып, өзін алдарқату үшін неше түрлі қарбалас қам-қарекет, бітпес, таусылмас ермектер тауып жүреді. Ал шындап ой жіберсең, тірліктегі қызық-қуаныш, талас-тартыс, жеңіс-жеңіліс дегендерің — өзіңді-өзің емексіткен, жай күн өткізудің амалы сияқты. Осыны ойлағанда, Демежан бұл бес күндік жалған дүниеден табан тірер дәнекер таппай, өмірден суына түсуші еді.
Демежан ұзақ уақыт қаралы қазаның соңында жүріп, Боздақтағы өз ауылына кеше ғана оралған-ды. Бұл аттан түсіп, үйге кірер-кірместе, ала шапқын, беймаза тірлік қайта басталды. Астындағы атын қара терге түсіріп, бүкіл ауылдың итін шулатып, қаладан Шихалдайдың шабарманы жетті. Қолында бүкіл үкірдай-зәңгілер ертеңнен қалмай Шәуешекке жетсін деген шақыру қағазы бар. Сонысын табыс етті де, тізгін ұшымен ілгері кетті. Бүгін Демежанның қасына інісі Әбдірасыл мен шабарманы Рақымды ертіп, қалаға асығыс аттанып бара жатқан себебі сол еді.
Қалаға апаратын күре жол өз зәйімкесінің дәл түбінен өтеді. Бұл күнде «Демежан қарағашы» атана бастаған қалың тал сонадайдан көз тартып, көгеріп тұр. Осыдан он шақты жыл бұрын шаншылған балапан шыбықтар қазір көкке бой созып, жап-жасыл ну орманға айналған-ды. Өз қолымен өсірген сол саялы бақты көргенде, көңілі селт етіп, сәл сергігендей болды. Көптен көріспеген Диқанбайдан шаруа жайын білмек болып, ат басын солай қарай бұрған.
Осы зәйімкеде қысы-жазы көшпей, егіс басында отыратын он шақты үйдің сорабы бар. Баяғы Ақшоқыдан көшіп келетін егіншілер әулеті түгел осы жерді мекендеп қалған. Жаз бойы егін суарып, пішен шауып, қазір Демежанның бар шаруасын дөңгелетіп тұрғандар — солар. Тұрлаулы еңбекке сүйенген тұрақты кәсіп неге жаман болсын, сол адамдар аз жылдың ішінде тез ес жинап, қатарға қосылып кеткен. Бұл күнде әр үйіне әлденеше ірі қара, он-он бестен ұсақ бітіп, осы төңіректегі ең күйлі, тоқ тұратын ауылдардың біріне айналған. Қазір сонау көк жазықта шұбартып көрінген ірілі-уақты бір табын мал да осы қорадан өрген-ді. Мұндағы бар билікті Диқанбайдың қолына өткізіп берген Демежанның жазғытұрым қыстаудан көшкеннен бері өз зәйімкесіне ат басын тіреп тұрғаны осы.
Бұлар келгенде, Диқанбай кең ауланың ішін ағаш жаңқаларына толтырып, әлдебір сынық арбаға жаңадан жәрендік салып жатыр екен. Өздерінің қамқор қожасын көріп, қалбалақтап алдынан шықты.
— Жақсы келдіңіз, үкірдай. Үйге түсіп шай ішіңіз, — деп шылбырына жармасты.
— Жоқ, рақмет. Асығыс қалаға кетіп бара жатырмын, — деді Демежан аттан түсе қоймай. — Жол-жөнекей пысықтығым ұстап, шаруа жайын білейін дегенім ғой... Иә, өздеріңде не хал болып жатыр?
Өз ісіне мығым Диқанбай асып-сасуды білмейді. Жұмыс барысын қолмен қойғандай етіп, тәптіштеп баяндауға кірісті.
— Хал жаман емес. Бізде күш-көлік жағы қыстан күйлі шықты ғой. Өзіңізге қарасты егінді жердің дымы кеппей тұрып, ерте көктемде-ақ егіп үлгіргенбіз. Биыл біраз тың көтеріп, егіс көлемін едәуір ұлғайттық. Ал, оның есесіне, көп жылдан бері үзбей жыртылып келе жатқан ескі аңыздарды демалдыру үшін жоңышқа сеуіп тастадым. Қазір қар суымен айдалған алғашқы астық тегіс көктеп, тақта бетін жасырып қалды. Биыл, құда қаласа, тәуір өнім алатын жылымыз, — деп Демежанның көңілін орнықтыра нық сеніммен сөйлейді.
— Бәрекелді, Дықа! Жақсы болған екен. Биыл мен де сізге септігімді тигізе алмадым. Біздікі — сол өзіңізге сеніп жатқан.
— Е, мұнда біз бармыз ғой... Сіз келгенде не бітірер едіңіз? — деп күлді Диқанбай. — Балалар ержетті. Басқа жігіттер де егіс жұмысына әбден машықтанып алды.
— Бала демекші, осы ауылда баланың басы біраз бар емес пе? — деді Демежан есіне әлдене түскендей.
— Е, шүкіршілік... Әр үйден бес-оннан қара сирақтар өреді. Оны неге сұрадыңыз?
— Біз енді осы ауылдан мектеп ашуымыз керек, — деді Демежан. — Біздің Назарбек те мектеп жасынан асып барады... Қаладан үй салатын ұста алдырсам, биыл соны көптеп-көмектеп бітіре аламыз ба?
— Е, бітірмей... Қазір жігіттердің қолы бос. Жұмыстың ара-арасында жабылып кетпейміз бе.
— Онда осы жағын ескеріңізші, Дықа. Жігіттерге әредікте кірпіш құйдыра беріңіз. Ауырсынбасын, үстеме ақысын өзім төлеймін.
— Шырағым, Демежан-ау, сенің ойлап жүргенің — біздің қамымыз емес пе. Өз балаларымызды оқытатын мектептен немізді аяйық. Қайта, ашылсыншы сол мектеп. Өзіміз әліпті таяқ деп білмесек те, тым құрыса ұрпағымыз қара танып қалсын, — деп Диқанбай ар жағын айтқызбай, өзі билеп кетті.
Демежан мұнда келген шаруасын бітіріп, енді қоштасып жүруге ыңғайланған.
— Айтпақшы, жоғарғы жатақ ауылдардан хабарласқандар бар ма? Биыл Бөкенің күйі не болып жатыр екен? — деді дәл жүрерде.
— О, ол кәрі шөңгенің мұртын биыл балта кесетін емес, — деп Диқанбай көңілдене күлді. — Жақында сол жаққа барып қайттым. Жатақ кедейлері өзара серіктесіп, кәдімгідей тың көтеріп жатыр. Былтырғыдай емес, егіс жұмысына да төселе бастаған. Жаңадан малшы-жалшы көп үйлер көшіп келіп, іргелі елге айналыпты.
— Биыл халдайлар тарапынан құқай көрсеткен ешкім болмап па, әйтеуір? — деді Демежан езу тартып.
— Халдайлар әзірше тыныш көрінеді. Қазірдің өзінде тоғандарында сарқырап су ағып жатыр. Жазда пәйек жақсы шықсын деп, артық суларын тіпті шабындыққа салып қойыпты... Бөкенің екі езуі екі құлағында.
— Апыр-ай, жақсы болған екен! — деді Демежан шын қуанып. — Дегенмен олар әлі бастықпай жатыр ғой. Қашан көштерін түзеп алғанша, анда-санда барып, бас-көз бола тұрарсыз.
Демежан соны айтып, атының басын бұра берген-ді. Кенет мал қора жақтан осылай қарай жүгіре басып келе жатқан біреуге көзі түсті. Жақындағанда таныды, өзінің бағбаны Жаң Шули екен.
— Лауия33, сәл тұра тұрыңызшы, — деп сонадайдан қолын ербеңдетіп, жүгіріп келеді.
«Е, бұл байғұсты мүлде ұмытып кетіппін-ау. Бұған не керегім болды екен?» деп, Демежан атының басын тежеп күтіп тұрды. Қасына келгенде, бағбанға жылы шырай білдіріп, жай-күйін сұраған. Жаң өз ахуалынан қысқаша ақпар беріп жатыр. Айтысына қарағанда, оның шаруасы да жақсы жүріп жатса керек. Өзіне қарасты жерін өңдеп, көкөністерін түгел отырғызып болыпты. Енді соған інісі екеуі мал қораларынан көң тасып апарып, тыңайтқыш төгіп жүрген көрінеді... Жаң соңғы кезде ептеп қазақша сөйлейтінді шығарып еді.
— Мұнда жер де тола, су да тола... Тыңайтқышқа пұл керек емес. Бәрі хау... жақсы! — деді ол бас бармағын көрсетіп. — Лауия, біз сізге разымыз.
— Басқа қандай мұқтажың бар? Керегің болса мына кісіге айтып тұр. Ол бәрін орындайды, — деді Демежан қасында тұрған Диқанбайды нұсқап.
— Қазір ештеңе керек емес. Керек болса мен айтады... Біздің жонту34 жақсы кісі, — деп ол Диқанбайдың да мақтауын жеткізіп жатыр.
Сонан соң, келген шаруасы енді есіне түскендей, қалтасын актара бастаған. Бешпетінің, шалбарының жыртық-тесігін тінтіп жүріп, бір уақытта тілдей қағаз тауып алды.
— Ой-я, сіздің кезіккеніңіз қандай жақсы болды. Әйтпесе мен өзім іздеп барайын деп жүр едім, — деді баладай мәз болып. — Осыдан екі-үш күн бұрын қалаға барып қайтып ем. Мына хатты сізге Ли-шансың беріп жіберді.
Демежан қағаздың бүктеуін ашты да, таныс жазуға жылдам көз жүгіртіп шықты: «менің жағдайым мәз емес. Науқастанып қалдым. Қалаға келсең, маған бас сұғып шығарсың» депті Ли-шансың.
— Оған не болды екен? Білмедіңіз бе? — деді ол.
— Ой-я, Ли-шансың қазір науқас қой. Сізге айтатын сөзі бар секілді... Осы хатты ұмытпай сізге табыс ет деп қатты өтініп еді.
— Жарайды. Мен өзім де қалаға бара жатырмын. Ли-шансыңға міндетті түрде кіріп шығам, — деп Демежан орнынан қозғала берді.
Жаңға жолыққан сайын осы бір қытай шаруасының адалдығынa, еңбекқорлығына таң қалады. Бұлардың мұнда келгеніне де он шақты жыл болды. Сонда байқағаны, жылда көктем шығысымен ала таңнан қара кешке дейін бір тыным көрмейді ғой байғұстар. Қашан көрсең, қолынан тесесін тастамай, жер шұқылап жүргені. Бұларға ұшан-теңіз көп жердің де қажеті жоқ. Ауыл іргесіндегі екі тақта жерден қыруар өнім алады. Және сол аз егісті қалай баптайды дейсіз ғой. Топырақтан бір түйір іртік қалдырмай, жерді кәдімгі теріше илейді. Жаз ортасында бір келіп қарасаң, бұлардың жері жай егіс емес, гүл алаңы, немесе қолдан тіккен кесте сияқты. Көкөністің өніп шықпасына қоймай, құлағынан тартып өсіретіндей... Ал күздігүні әлгі жерде қауын-қарбыз дейсің бе, помидор, қияр дейсің бе, картоп, капуста, пияз дейсің бе, жеуге ауыз табылмай үйіліп қалады. Сондықтан олар кейінгі жылдары алған өнімдерінің бір бөлігін базарға апарып сататын болған. Басында көлікті Демежанның айтуымен Диқанбай беріп тұрушы еді. Арада бірер жыл өтпей, өздері ат-арба сатып алды. Ағайынды екеуі жылдан-жылға қоттанып, байып бара жатыр. Күздік өнім жиналып болған кезде, жыл сайын Демежанға да әжептәуір ақша әкеліп беретіні бар. Аз емес, кемінде үш-төрт қараның сомасы. Демежан алғысы келмесе, Жаң тықпалап әлекке түседі.
— Лауия, мұныңыз жарамайды. Біз ту баста табысқа ортақ боламыз деп келістік қой. Сол уәде күшінде қалуы керек, — деп бәйек болады.
Өткен жылы Демежанға: «осыларды мен жіпсіз байлап жүрген жоқпын ба» деген ой келіп, бір рет сыр тартып көрген-ді.
— Жаң, сенің басына қиыншылық түскенде, саған аздап қол ұшын бергенім рас. Бірақ онымды міндет етпеймін. Егер өзіңе қолайлы жер тапсаң, қай жаққа, қашан кетем десең де еріктісің, — деп әңгімесін бастай беріп еді, Жаң арғы жағын айтқызбады.
— Лауия, сіз өзіңіз қумасаңыз, біз ешқайда кетпейміз. Мен өлсем, інім мен балаларым жұмыс істейді осында. Мұндай құнарлы жерді, мол суды, сіздей қайырымды қожайынды қайдан іздеп табамыз? — деп басы жерге жеткенше иіліп, әбігерге түскен-ді.
Содан қайтып бұл жайында әңгіме болған жоқ. Қарапайым қытай адамдары тату көрші, адал жұмыскер ретінде өз қалауларынша тұрып жатыр.
Демежан өз ауылынан ұзап, қалаға таман жақындаған сайын, оны арттағы шаруадан гөрі, алда өзін күтіп тұрған жайлар көбірек алаңдата бастап еді. Бұл аймаққа осы күнге дейін жаңа әмірші тағайындалмай, Ши-амбының орны бір жылдан бері бос тұр. Уақытша қолына таңба ұстап, іс басқарып отырған Шихалдай сол атағының өзіне мәз болып, ел жұмысына бой салып араласуды қойған-ды. Сірә, бірдемені бүлдіріп алармын деп қорқатын секілді. Жиын ашып, жарлық шашуға да жүрегі дауаламай, қырдағы ру-тайпа басшыларын да өз беттерімен қоя берген. Енді оған аяқастынан жан бітіп, үкірдай-зәңгілерді бұлайша тығыз түрде шақыртуына не себеп болды екен? Демежан қанша ойланса да, соның мәнісін нақты біле алмай келеді. Әлде аймаққа жаңа әмірші келе жатыр ма? Шихалдайды шырқыратқан сондай бір дөкейдің дүмпуі ме? Әй, солай шығар... Маншың өкіметі қанша етекбасты, жайбасар дегенмен, сонау алыс астанадан түкпірдегі Тарбағатай аймағына бір ұлықтың келіп жететін уақыты болды емес пе?!
Ши-амбы өткен жылы Ілеге барған сапарынан күзге салым қайтып оралған. Шәуешекте тағы екі-үш ай билік құрып, тек желтоқсан айының басында ғана артынып-тартынып, Құлжаға біржола көшіп кетті. Қызметі төмендемеген, қайта өлке бастығының орынбасары болып жоғарылапты. Ілеге ішкеріден жаңа жаңжұң—жас генерал-губернатор келген екен. Сондай жас әміршіге Ши-амбы секілді елдің-жердің жағдайын білетін тәжірибелі қарттардың бірі көмектесуі керек болыпты-мыс.
Ши-амбының аз уақытқа болса да қайта оралуы Демежанға жаман болған жоқ. Ол келісімен, былтырғы тоған басындағы оқиғадан кейін намысқа шауып, қатты дүрліккен халдайлардың кеудесін тез басып тастады. Кінәлы Демежан емес, керісінше, қолдарында өкімет берген заңды қағазы бар қазақтарға қарсы бүлік шығарған Дохалдайдың әрекетін сотқарлық, басбұзарлық деп тапты. Сөйтіп ол бұл елмен қоштасып бара жатып та, Демежанға шарапатын тигізіп кетті.
Тарбағатайда тұрған отыз жылдың ішінде маньчжур ұлығы біраз байлық жинаған екен. Тірі малды есепке алмағанда, қоймадағы мүлік-мүкәмалының өзі әлденеше арбаға жүк болып, тұтас бір керуен құраған. Демежан оны қала ұлықтарымен бірге түстік жерге дейін ұзатып салды. Қаладан едәуір ұзап шығып, Қараүңгірдің көпірінен өткен соң, Ши-амбы күймесін тоқтатып жерге түсті де, артында бұлдырап қалып бара жатқан Шәуешектің қалың талынан көз алмай, ұзақ қарап тұрды. Әлден уақытта орамалын алып, буланған көзәйнегін сүрткіледі:
— Қайран Шәуешек! Құт қонған, қасиетті жер еді. Қимаймын... Мен бұл қалаға қылшылдаған қырық жасымда келіп ем, жетпістен асқанда кетіп бара жатырмын. Енді қайтып көре алмаспын, сірә да!.. Өмір деген сол, мырзалар. Бір күнгідей болмай ете шықты, — деп іштен тына күрсінді.
Ұзата шыққандардың көпшілігі осы арада қоштасып қайтып кетті де, Демежан біраз адаммен Дамылтам бекетіне дейін еріп барды. Бұл оның ұзақ жыл дәмдес болып, тәрбиесін көрген, өз тағдырына шешуші ықпал еткен маньчжур ұлығына деген ең соңғы құрметі еді. Екеуі айрылысарда құшақтасып қоштасты. Демежанның қарсы алдында сол сәт бір аймақтың қатал әміршісі емес, томардай ғана қаусаған шал тұр еді. Ши-амбының өмірі көзіне жас алып, босағаның көргені осы. Айрылысар сәтте лықсып келген жасты тоқтата алмай, кәдімгідей жылады.
— Уақыт шіркін қалай тез өтеді?! Сен менің қолыма келгенде он екі жасар бала едің, — деген мұның бетіне қарап. — Ұзақ жыл дәмдес-тұздас болдық. Өз басым, шамам келгенше, саған жай бағынышты қызметкер емес, балам ретінде қарауға тырыстым. Тағдырға не шара, енді, міне, айрылысатын кез жетті. Бәріміз де пендеміз ғой... Бір-бірімізді сөге жамандамай, жақсы көңілмен еске алатын болайық.
Сол сәт Демежанның көзінен де еріксіз жас шығып кеткен. Екі еркек айдалада, үлкен жолдың үстінде тұрып, бір-бірімен осылай жылап қоштасты. Қазір ойлап отырса, ол Ши-амбының жалғыз бұған деген ықыласы емес, осында өткен өмірімен, қайта оралмас жастық шағымен қоштасуы екен ғой. Әлде секемшіл қарт көңілі сонда-ақ бірдеңені сезді ме екен? Осыдан барған соң көп ұзаған жоқ. Арада үш ай өткенде Ши-амбы қайтыс болды деген хабар келді. Сөйтіп, Құлыстай елінің өмірінде елеулі із қалдырған атақты маньчжур ұлығы да бұл дүниеден өте шықты. Әсілі, кісінің қадірі көзі жұмылған соң білінеді ғой. Бұл күнде Тарбағатай жұртшылығы «баяғы Ши-амбының тұсында» дескен бір ауыз сөзбен ол марқұмды да оқта-текте еске алып қояды.
Қазір Демежан өзінің сол бір империя өкілімен ара қатынасын еске түсіріп, ой сарабына салса, нақты жіп тағуға болмайтын, қайшылығы мол, қос-қабат сезімге бөленеді. Соған қарағанда, өмір дегенің дайын қалыпқа зорлап сыйдыруға келмейтін, өте күрделі нәрсе болса керек. Дүниеде қатып қалған ештеңе жоқ, жақсылық та, жамандық та салыстырмалы. Ал әрбір адам — өз алдына жатқан бір әлем. Соңғы кезде Демежанның көзі жеткен бір шындық, адамдар: қытай, маньчжур, қазақ, қалмақ деп әртүрлі ұлтқа немесе бағындырушы-бағынушы, бай-кедей деген тапқа ғана бөлініп қоймай, жақсы адам, жаман адам болып та жіктелетін сияқты... Адамдардың ұлтқа, тапқа айрылуы — көзге көрініп тұрған сыртқы қабығы ғана. Олардың орнын алмастыруға, өзара теңестіруге де болар. Ал жақсылық пен жамандықтың шекарасын жою қияметтей қиынға түсер-ау!..
Аймақтағы ұлықтардың алмасуына қарай, ел жуандарының Демежанға деген қатынасы да қырық құбылып, өзгерумен келе жатыр. Әсіресе, былтырғы тоған басындағы оқиғадан кейін досы да, дұшпаны да бұдан қатты сескеніп, үркіп қалғандай еді. Айдарынан айрылған Дохалдай төбе шашы қайта өсіп жетілгенше, алты ай бойы жұрт көзіне көріне алмай, үйінде құсаланып жатып алған-ды. Тек айдары ұзарып, өріп қоюға жараған соң ғана, қайтадан атқа мінген. Демежанға кеткен кегін, әрине, ұмытқан жоқ. Бұрын ол көбінше өлкедегі Ши-амбыдан жасқанып жүретін-ді. Ол өлді деген хабарды естігенде, үйінде отырып кішігірім той жасапты. Осыдан кейін-ақ көп бөгелмей, қойны-қоншын ақшаға, алтын-күміске толтырып алып, Құлжаға жүріп кеткен-ді. Іле жаңжұңына шағым айтып, шамасы келсе, Демежаннан өш алмақ деседі. Ол кеткелі де, міне, екі-үш айдың жүзі болды, сол сапардан әлі оралған жоқ.
Осының артынан іле-шала былтырдан бері абақтыда жатқан Байсерке де бір түннің ішінде ізім-қайым жоқ болып шықты. Білетіндердің айтуынша, оны да түрмеден қашырып жіберген — халдайлар көрінеді. Көп кешікпей Байсеркенің де Құлжаға қарай бет түзегені мәлім болды. Жалғыз кетпей, Бөрінің бірнеше жігітін қасына ертіп алыпты. Олар Құлжаға барғанда қажет болатын жол қаражатын да алдын ала ойластырса керек. Жол-жөнекей Мәмбеттің алыс отарда жатқан жылқысына тиіп, ірі-ірісінен таңдап жүріп, алпыс жылқыны айдап кетіпті... Қазір Дохалдай мен Байсерке Құлжа қаласында бас түйістіріп, Демежанға қарсы астыртын іс қозғап жатыр деген сыбыс бар.
Қазір Төртуыл ішінде де дауыл алдындағыдай бір алдамшы тыныштық орнаған. Әншейінде Демежанның орнына таласып, қырқысып жататын әр рудың атқа мінер жуандары да әліптің артын бағып, байғыздай бұғып қалған-ды. Нені күтетіні белгісіз,әйтеуір бәрі де ғайыптан келетін бір өзгерісті сарыла тосып жүр. Әлде осы пәледен аулақ жүрейік дегені ме, бұрынғыдай ашық қарсылыққа бармай, қасына да жоламай, суық түсе інге тығылған суырдай, үй-үйлерінде тың тыңдап жатқан жайы бар...
Осылайша бірінен-бірі туып балалаған қалың ойдың құшағында, қасындағы серіктеріне де бір ауыз тіл қатпаған күйі, Демежан шалқар түс шамасында Шәуешекке кірді. Қаланың шетіне ілінгенде, Әбдірасыл қатарласа беріп:
— Демежан аға, біз бүгін қай үйге түсуші ек? — деп қалды бірінші рет дыбыс беріп.
Демежан селт етіп басын көтеріп алған. Бұл туралы ойланбапты ғой... Айтты-айтпады, кімнің қорасына бұрылғаны дұрыс? Бұрын көбінше Ыбырайдың үйіне түсуші еді. Бірақ ол үйден қонақ арылмайды, ырду-дырдуы мол. Сол ойланып қалып:
— Бабалықтың қорасына тарт. Соның үйі тыныштау болар, — деді інісіне. Сонан соң қасындағы Рақымға бұрылды да: — сен Шихалдайға барып білші, жұрт жиналды ма екен? — деп шабарманын жұмсап жіберді.
Бұлар жамбылдың ішін қақ жарып, сыртқы қақпадан шыға бергенде, Рақым соңдарынан қуып жетті.
— Үкірдайлардың алды келе бастапты. Тек Керейдің үкірдайы Тұрысбекті күтіп отырған көрінеді. Түстен кейін сағат үште кеңсеге жиналу керек екен, — деді ол мән-жайды түсіндіріп.
Демежан төс қалтасынан сағатын алып қарады да:
— Онысына әлі көп уақыт бар. Жүріңдер, оған дейін шайға қанып алайық, — деп атын тебініп, алға түсе берді.
Бабалық ауласында жүр екен. Қақпадан кірген Демежанды көріп, құрақ ұшып алдынан шықты. Өзі алыстағы Керей ішінен кеше ғана оралыпты. Апарған саудасы күсет болып, ырғын пайда түсірген секілді. Кең ауланың қора, қойма жақ бұрышы үйір-үйір малға, тай-тай жүн, тері-терсекке толып кетіпті. Сол маңда бірнеше жігіт арбадан жүк түсіріп, қарбаласып жүр. Демежандар аттан түскен соң бірден үйге кіре қоймай, аулада сәл кідірістеп қалды.
— Біздің тірлік осы, — деді Бабалық қойма маңында жүргендерді иегімен нұсқап, — Қазақтың қорасында шіріп жатқан жүн мен теріні қалаға тасып әкелеміз. Оны тиын-тебенге, бұл-шай, бұйымға айналдырамыз да, соқырдың өз бидайын өзіне қуырып бергендей қырдағы елге қайта апарып өткіземіз. Әйтеуір, қу жанға бір тыныштық жоқ.
— Тіпті сенің осының дұрыс. «Есектің артын жу да, мал тауып кел» деп Абай тегін айтқан ба. Қазақтың жатып ішер жалқаулығына әбден зығыры қайнағанда шыққан сөз ғой бұл, — деп Демежан оны көтермелеп қойды.
Бабалық ауласының бір жақ қапталына Ешен-Сейіттің мешіті салынған-ды. Қазір ұшар басына ай орнатылған, биік мұнаралы көк мешіт күн нұрына шағылып тіпті асқақтап көрінеді. Демежанның есіне осыдан он шақты жыл бұрын дәл осы үйде Ешен-Сейітті алғаш көргені, болашақ мешітке орын таңдағанда, Бабалықтың өз жерінің жартысын бөліп бергені оралды.
— Қазірет қалай, жүріп жатыр ма? — деді ол мешіт жақты иегімен нұсқап.
— Е, ол кісінің ұпайы түгел ғой. Қазір бір «аллауакбары» бір қой боп маңырап тұрған жоқ па, — деп Бабалық қулана күлді. — Кәне, үйге кіріңіздер... Шәкет, қайдасың? Қонақтарға көрпе сал!
Бұл күнде бірнеше баланың анасы болып үлгірген, ұзын бойлы, ақ сары Шәкет төр алдына көрпе жайып, көпшік тастап, қонақтарды ізетпен қарсы алды. Төрт-бес жастағы кішкентай қыз бен аяғын апыл-тапыл басқан екі-үш жасар ұл бала етегіне оралып бірге жүр. Өзі тағы ауыр аяқты ма, қалай, талдырмаш, ашаң денесі жуантықтау көрінді. Шәкеттің Демежанды көптен көріп тұрғаны осы еді. Жас әйел үй-ішінің амандығын сұрай келіп, бір сабырлы, ибалы жүзбен Ажар анасына көңіл айтты.
Ал Әбдірасыл бұл шаңыраққа тіпті жақын болатын. Үш жыл бойы іргедегі Ешен-Сейіттің медресесінде оқығанда, бұл үйге күнде кіріп-шығып, өз адамындай сіңісіп кеткен. Шәкет қазір соны еске алғандай Әбдірасылға қарап, жымиып күлді де:
— Қазір енді үйлі-баранды болып, үлкен шаңырақты ұстап тұрған өзің ғой. Балалы болды деп естідік. Кішкентайларыңның бауы берік болсын! — деп жас жігітке құтты болсын айтты.
Демежан бұл түскі отырыста көп бөгелген жоқ. Бабалықтың бір малына бата істеді де, шайға қанып алған соң атына мініп, жамбылдың ішіндегі үкімет кеңсесіне қарай бет алды. Басқа үкірдай-зәңгілер де осында екен. Әзірше ішке кіре қоймай, кең ауланың ішін қазақы үнге толтырып, төрттен-бестен қораланып сөйлесіп тұр. Демежан атынан түсіп, қастарына таяғанда, үкірдайлар тобы жапырласа сәлем берісіп, кішілік ізет көрсетісті.
Бұлардың бәрі де бұрыннан үзеңгі қағысып келе жатқан сыралғы жігіттер. Бұл топқа жаңадан қосылғаны — Керейдің жас үкірдайы Тұрысбек қана. Мамырбек төре Керей жуандарының қатты тулап қарсыласқанына қарамай, өткен қыста үлкен ұлы Тұрысбекке үкірдайлығын өткізіп беріп, көңілін біржола тындырған-ды. Түр-тұлғасы әкесіне келетін, жасы отызға жаңа ілінген қара сүр жігіт Демежанға айрықша ілтипат білдіріп, иіле сәлемдесті.
Қазір осында тұрған бес үкірдайдың ішінде жасы үлкені — Демежан мен Шәйі екен. Әзілкеш, шақпа тілді Шәйі өздерінің осы тұрыстарынан шығарып, бір қызық қалжың айтты. Үкірдайлардың Демежаннан басқасы: Таңғыт та, Мадан мен Тұрысбек те, Шәйінің өзі де орта бойлы, шәкене ғана жігіттер болатын. Жеке жүргенде атақ-абыройлары көтеріп білінбегенімен, қазір еңсегей ірі денелі Демежанның қасында солардың бәрі шөгіп, аласарып кеткендей еді. Жасы құрбы Шәйі, Демежанмен әзілдесе беретін әдетімен, бұған шалқалай қарап алды да:
— Қайран нарым-ай, қадіріңді білмей жүр екенбіз-ау! Өзін келгелі айдынымыз асып, топанымыз толып қалғанын қарашы... Бар кінәң — мезгілінен кеш туғаның ғой. Әйтпесе Қабанбай атамыз секілді қол бастаған батыр болар ма едің, қайтер едің?! — деп топтанып тұрғандарды ду күлдірген.
— Бұл кісіні қазір батыр емес деп кім айтады. Дохалдайдай долының айдарын кесіп алу үшін де біраз жүрек керек шығар, — деді қалмақ үкірдайы Мадан сөзге араласып.
Демежан езу тартып, аз бөгелді де, жаңағы Шәйі сөзінің орайына ол да бір әзіл айтты.
— Сен өйтіп қортық жаралғаның үшін қорланбай-ақ қой, Шәйі. Өзің айтпақшы, батырлардың дәурені өтті емес пе. Қазір сен сияқты орташалардың заманы. Бұл күнде өзгеден артық бойың да, ойын да көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрады... Қазір жылағаныңмен, түйенің құлағына шығып, жыл басы атанған тышқандай, түбінде осы сен озасың, — деп қолтығынан ғана келетін құрдасын құшақтап, арқасынан қағып қойды.
Бұлар әрнені әңгіме етіп, күлісіп тұрғанда іш жақтан кеңсе қызметкерлерінің бірі шығып:
— Мырзалар, ішке кіріңіздер. Сіздерді халдай күтіп отыр, — деп хабарлады.
Далада тұрғандар дабырласа шұбырып, кең ауланың төріндегі кеңсеге қарай бет алды. Сол беттерінде ұзын дәліздің бір жақ қапталын алып жатқан, бір кезде Ши-амбы отыратын кең залға өтті. Шихалдай төрдегі үстел басында шошайып жалғыз отыр екен. Әккі неме бұларды көре сала орнынан күле түрегеліп, қарсы жүрді.
— О, аймағымыздағы қазақ-қалмақтың игі жақсылары, тегіс амансыздар ма? Ел-жұрттарыңыз бақуат, бақытты, бейбіт тұрмыс кешіріп жатыр ма? — деп мұндайда тек аймақ әміршісі ғана айтатын ресми сөздерді тізбектеп, қол беріп амандасып жатыр.
Егер оның орнында шын губернатор-амбының өзі отырса, оған қайтарылатын жауап та салтанатты, ресми болар еді. Онда бұлар да: «Патшалардың патшасы, көктің ұлы Еженханның қамқорлығында...» деп бастап, біраз көсілер еді. Үкірдайлар қазір ондай көтеріңкі, бипаз сөзге бармады. Әлде еттері үйреніп кеткен Шихалдайды бойларына тоғытпады ма:
— Шүкір, аманшылық.
— Өзің де сау-саламат жүріп жатырсың ба, халдай? — деген сөздерді жай ерін ұшымен ғана айтқан болды.
Демежанның бірталайдан бері Шихалдаймен бет көріскені осы еді. Уақытша болса да қолына билік тигелі халдайдың өңі майға бөрткен бидайдай жылтырап, жасаңғырап алыпты. Өмірі шыр бітпейтін тарамыс денесі балғын тартып, толыса түскен бе, қалай... Жасы алпыстан асып кетті дейтін емес, селеудей селдіреген сақал-мұртында бір тал ақ жоқ. «Осы да сайтан сияқты қартаймайды екен, — деп ойлады Демежан оның бетіне қарап отырып. — Біздің бала кезімізде осындай еді, әлі сол қалпы».
Бірақ қазір Шихалдайдың бүкіл болмысынан бір сенімсіздік, әлденеден жүрексінген қобалжу бары байқалады. Әкесінің қалпағын киіп алған баладай қанша қоқиланғанымен, мына кең кабинетті де, мәртебелі, биік үстелді де толтыра алмай отырғаны сезіліп тұр. Сонысын өзі де білетін секілді, бейне мыналар әлдебір ұрлығының үстінен түскендей өзінен-өзі қуыстанып, қибыжықтап біраз отырды да, бірден негізгі шаруасына көшті.
— Ал, құрметті мырзалар, сіздерді мен мұнда аса бір маңызды хабар айтуға шақырып отырмын. Ши-амбы кеткелі біздің аймақтың басшысыз қалғанын өздеріңіз білесіздер. Енді, міне, сол күткен сәт те келіп жетті. Тарбағатайға жаңа әмірші келе жатыр, — деді ол салтанатты түрде.
Отырғандар бірінің бетіне бірі қарап, қозғалақтап қалды да, «ол кім болды екен» дегендей, қайтадан халдайға еңсерілді.
— Келетін жана әміршіміз — Матен-амбы деген кісі, — деді Шихалдай өз сөзін ары қарай сабақтап. — Ол бүгін-ертең Құлжадан аттанбақ көрінеді. Ұзаса он шақты күнде біздің аймақтың шекарасына жетіп қалуға тиіс. Мәртебелі ұлықты қай жерден, қалай қарсы аламыз? Енді соның жайын ақылдасайық.
Халдайдың жаңалық хабары бұл отырғандардың санасына әлі толық жете қоймады ма, бірден дүрлігіп қостай жөнелген ешкім болмады.
— Сонда ол төре қай жерден келе жатыр? Ішкеріден арнайы жіберген адам ба, әлде осы өлкенің өзінен шыққан ұлық па? — деді шапшаң мінезді Шәйі шыдай алмай.
— Матен-амбы — Іленің тұрғылықты адамы. Ұлты — сібе, халдайлар әулетінен, — дегенде Шихалдайдың жүзі жайнап қоя берді. Әсіресе «халдайлар әулетінен» деген сөзді ерекше екпінмен, астын сызып тұрып айтты. — Бұрын ол көп жыл бойы Күредегі шекара әскерін басқарып тұрған. Еженханға шын берілген, ер жүрек офицерлердің бірі. Алдын ала айтып қояйын, мінезі тым қатал, анау-мынау қылжаққа көнбейтін адам... Біздің аймаққа сондай бір азулы басшы болмаса, кейінгі кезде тым жайылып кеттік емес пе, — деп мысық мұртының астынан жымиып күліп қойды.
Жаңа әміршінің алыс астанадан, Еженханның өз қасынан келмей, таяудан табылғанына және таза қанды маньчжур де емес, осы төңіректегі көп халдайдың бірі болып шыққанына мына отырғандардың көңілі орта түсіп, бір сәт қоңырайысып қалды. Ал Демежан ендігі желдің қай жақтан соғатынын сезіп, іштен тына күрсінді. Бұдан былайғы жұрт кеңесіне араласпай, бойын жинап, тұйықтала түсіп еді.
Мәртебелі Матен-амбыны қай жерден қарсы аламыз дегенде, бәрі ақылдаса келіп, аймақ орталығынан үш-төрт күншілік жердегі Майлының жонын лайық деп тапты. Сол маңдағы бекеттер Керей жайлауымен тұспа-тұс келеді. Үй тігу, сойыс қамдау да қиынға түспейді. Ұлықты Ұты бекетінен, не Қарағайтының асуынан қарсы алып, көк жайлау, әсем табиғат аясында бірнеше күн еркін көсіліп жатуға болады.
— Бұл жолы біздің жас үкірдай Тұрысбек мырзаның желі оңынан тұрды-ау деймін, — деп Шихалдай шықылықтап күлді. — Сол араға он шақты үй тігіп, қонақасы, сойыс қамдау Керей еліне қиынға түспес деп ойлаймын... Бізден әкеңіз Мамырбек төреге сәлем айтыңыз. Қонақты қалай жөнелтуді ол кісі бәрімізден жақсы біледі. Ал ел ішінен табылмайтын азық-түліктің кей түрлерін біз қаладан ала барамыз.
Бұл ұсынысты Тұрысбек те қуана қабылдады. Алыстан келе жатқан бейтаныс әміршіні бірінші рет күтіп алу абыройы өзіне тигенін тағдырдың ерекше сыйындай көріп еді.
— Ол жағына алан болмаңыз, халдай. Бәрі өзіңіз айтқандай болады, — деді ол өңі балбұл жанып.
— Ендеше, келесі жетінің басында бәріміз Дөрбілжінде табысатын болайық. Бұл сапарға өздеріңізден басқа зәңгі, елубасы, старшын, билерді де ертіп алыңыздар, — деді Шихалдай.
Осымен сөз бітіп, барлығы далаға қарай бет алған. Бірақ бірден тарап кете қоймай, келе жатқан әміршіге сырттай тон пішіп, әрқайсысы әртүрлі жорамал айтып, аулада әңгімелесіп тұр.
— Апыр-ай, мына келе жатқан жаңа ұлықтың үскіні тым қатты деді-ау... Келмей жатып қорқытты-ау! — деді былай шыға бере Таңғыттың жүзінен мазасыздық білініп.
Бірақ талайды бастан өткерген Шәйі сияқты көне көздер айылын жиятын емес:
— Е, тәйірі, «мен тимеген бай бар ма» депті ғой баяғыда бір қатын. Сол айтқандай, көрген ұлығымыздың алды-арты осы дейсің бе... Білдіңдер ме, сол ұлықтың тамағы тесік пе екен? — деген Таңғытқа күле қарап.
— Ит біліп пе... Тамағы тесік болмаса, аштан өліп қалмай ма, — деп Таңғыт қалтасынан шытыралы шақшасын шығарып, насыбайға қол созған.
— Ендеше, шұрқ етпе. Сол тамақ өткен тесіктен үйір-үйір жылқы, қора-қора қой да өтеді. Ал қой өткен жерден сен екеуіміз де бірдеме қып өтерміз... Одан да насыбайыңды әкелші, — деп Шәйі иегін қатып қойып, қулана күлді.
Ал Демежан болашақ әміршінің халдай әулетінен екенін естігеннен бері алда бұл үшін өте қолайсыз, қиын күндер келе жатқанын бүкіл болмысымен сезінгендей болып еді. Сондықтан үкірдайлардың қысыр кеңесіне араласпай, олармен қош айтысып, атына қарай беттей берген. Мадан мен Шәйі соңынан қуып жетіп, азғана аял жасауын өтінді.
Бұл екі үкірдай да Байсеркені іздеп жүр екен. Мадан осыдан екі жыл бұрын барымтада өлген қалмақтың құнын жоқтаса, Шәйі биыл көктемде ұрланған Мәмбеттің жылқысын даулайды. Ал Байсерке болса жоқ, абақтыдан қашып шыққан бойы ұшты-күйді ғайып болған. Бірақ ұры қолға түспей кеткенмен, артында елі-жұрты бар. Сол ұрланған жылқы мен кісі құнын Демежан қалай өндіріп береді? Соның жайын білмек.
Демежан даугерлердің сөзін тыңдап бола бере, қарқылдап күліп жіберді.
— Әй, сен екеулерің әлі бала екенсіңдер ғой, — деген екі үкірдайдың бетіне кезек қарап. — Сендерге Байсеркені түрмеден қашырып жіберген адамды айтайын ба? Онда ана отырған Шихалдаймен сөйлесіңдер. Ұрыны құтқарып, қолына құрық ұстатып жіберген солар. Ал Байсеркенің өзі керек болса, ол қазір сен мен менің қолымыз жетпейтін жерде, Дохалдай екеуі Құлжада, Матен-амбының қасында жүр... Олар да ұлықпен бірге қайтатын шығар, алдарынан шығып күтіп алыңдар! — деді де бұрылып жүре берді.
Екі үкірдай бірінің бетіне бірі қарап, аңырып тұрып қалған. Демежан сол күні алдағы жол сапарын қырдағы зәңгі-елубасыларға хабарлау үшін, Рақымды елге қайтарды да, өзі Бабалықтың үйінде қонып қалды.
ІІ
Ұлық кеңсесінен Демежанның қабағын кірбең шалып, жабығыңқырап қайтқанын Бабалық бірден аңғарды. Бірақ артық сұрау беріп мазалаған жоқ. Төргі бөлмеге көрпе төсеп, жастық тастады