05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Тағдыр (ІІІ бөлім)






Тағдыр (І бөлім)

Тағдыр (ІІ бөлім)

ҮШІНШІ БӨЛІМ

УАҚЫТ КЕРУЕНІ

I

Жылдар жылжып өтіп жатты. Арындап шапқан атты да, көздеп атқан оқты да, тіпті арқырап аққан асау өзенді де ауыздықтап тоқтатуға болар. Бірақ болашаққа қарай үдере жол тартқан уақыт керуенін кідірту ешкімнің қолынан келмес. Ай артынан ай, күн артынан күн өтіп, жылдардың жылжығаны өз алдына, әншейінде таусылмастай, бітпестей көрінетін тұтас ғасырдың да өтетін, ауысатын кезі болады екен. Біреулерге алтын ғасыр, енді біреулерге салқын ғасыр боп келсе де, жалпы тарих көшін тағы бір бел асырып тастаған он тоғызыншы ғасыр да аяқталуға жақын еді. Алда сыры, сыны бөлек, адамзатқа қандай сый тартары белгісіз, үміт пен арманға жүкті, жаңа жиырмасыншы ғасыр есік қағып тұр.

Осы екі ғасырдың өларасында, яғни Ғайсаның туғанына 1900жыл, ең соңғы Цин императоры Гуансюйдің таққа отырғанына 25 жыл толу қарсанында, Шәуешек шаһары бір үлкен тойға дайындалып жатты. Той иесі — жай әлдебіреу емес, Тарбағатай және Алтай аймақтарының әміршісі Ши-амбының өзі. Биыл оны маңызы жағынан бір-бірінен кем түспейтін екі бірдей мереке күтіп тұрған. Оның бірі — әміршінің жасы биыл жетпіске толса, екіншісі — салынуы ширек ғасырға созылған қаладағы жаңа бекініс — жамбылдың құрылысы осы көктемде аяқталып еді. Бұл бекіністің мемлекет қорғанысына қаншалық қызмет ететінін кім білсін, әйтеуір осынау шеткері аймақта «мынау бәлен ғасырда салынған» дейтіндей, бір белгі боп қалатыны анық.

Былайша ешкімге тіс жарып, айта бермесе де, Ши-амбының да көкірегін жарған үлкен-үлкен арманы болушы еді. Соңғы жылдары жүрегі нашарлап, әртүрлі ауру айналдырып кеткендіктен, ол өзінің денсаулығын қатты уайымдап, «тым құрыса жаңа ғасырға жетіп жығылсам-ау» дегенді көп ойлайтын. Сонан кейін жатса-тұрса ойынан шықпай, үнемі алаң етіп келген бір нәрсе — өзі бастаған қамал құрылысын жол ортада қалдырмай, қалайда аяқтап шығу еді. Енді, міне, сол екі тілегі де орындалды. Сондықтан өз өмірінің қорытындысы ретінде, осы мерекелердің басын қосып, бір үлкен той өткізуді ұйғарған. Бірақ өзінің мүшел жасын онша дабыраламай, көңілінде бүгіп қалды да, тойды негізінен жаңа жамбылдың бітуіне арнамақ болды.

Көпті көрген көне көз Ши-амбы, қазір ойлап отырса, бір кісідей-ақ бақытты өмір сүрген екен. Уақыт қалай тез өтеді?! Ол Шығыс Түркістанға алғаш қызметке келгенде, қырықтың қырқасына жаңа ілініп, қылшылдап тұрған жігіт еді. Ол кезде (тіпті бертінге дейін) астанада жүргендер үшін, Шығыс Түркістан деген бейне бір жердің түбі, барса келмес құбыжықтай көрінетін. Сондықтан бұл өлкеге көбінше сарайдағы сановниктерге ұнамай қалған, не болмаса әлдеқалай жаза шеккен, жазықты адамдарды жіберетін-ді. Ол жылдары император Сяньфан өліп, жас мұрагер Тунжи таққа отырған, ал жесір патшайым Цыси мұрагердің бас уәзірі-регентша болып тағайындалған кез. Ши-амбы сарайдағы сыртқы істер палатасында, ұлы князь Гунның (император Сяньфанның атасы) қарамағында қызмет істеп жүріп жатқан. Бір күні бұл да қылдан тайып қалды. Ұлы князь Гунге біреулер мұның сыртынан жамандап, жаңа әкімшілікке наразы адамдардың бірі деп көрсетіпті. Содан ұлы князь бұған қандай жаза берсем екен деп сәл ойланыпты да, көп басын қатырмай-ақ, Шығыс Түркістанға қызметке баратындардың тізіміне қоса салыпты.

Сол жылы бұл өлкеде әлденеше жылға созылған ұйғыр-дүнген дүрбелеңі басылып, көтеріліс тұсында бас сауғалап қашып кеткен Маншың әкімдері енді-енді қайтадан оралып жатқан-ды. Солармен ілесіп, Ши-амбы да Шығыс Түркістанға келді. Онда да мұны Үрімжіде, не Құлжада қалдырмай, көшпенділер мекен еткен қиян түкпір Тарбағатайға жіберді-ау!.. Ши-амбының шошығаны сонша, «әй, құрыған жерім осы-ақ шығар» деп ойлап еді. Қашан бұл билік басына отырып, бойы үйренгенше, осындағы жабайылар қай күні етімді тірідей кескілеп, істікке шаншып пісіріп жер екен деп зәресі ұшып, күтіп жүргені есінде... Сөйтсе, мұндағы жұрт мұның етіне зәру болып, аш жүрген адамдар емес екен, алдындағы малын айдай алмай жүрген, дүниедегі ең бай, әрі қой аузынан шөп алмас, ең аңқау, жуас халық боп шықты. Қайта, керісінше, жаңа әміршінің қаһарына ілігіп кетпейік деп, олар бұдан қорқып жүріпті. Қазір ойласа соның бәрі көрген түс сияқты. Бұл қазақ ортасына келіп, жарым патша атанып, ел билеп тұрғанына да, міне, отыз жылға жуық уақыт өтіпті.

Бәлкім, көк тәңірісінің бұған берген абыройы шығар, содан бері бұл өлкеде бірде-бір қақтығыс, не елең етер ереуіл болмапты. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, мамыржай бейбіт жылдар өтіпті...Ал осы уақыт ішінде ішкі өлкелерде, сарай маңында қалған Маншың ұлықтарының көрген күнін итке берсін. Олар содан бері өзара қырқысқан билік таласынан, қан төгіс соғыстан, шет мемлекеттерден масқара болып жеңілуден, соның айыпкер кінәлысын іздеп, бірін-бірі аттырып-шаптырудан көз ашқан жоқ. Айдарынан жел ескен небір көкжал төрелердің басы жаңғырықта қалды... Ши-амбы қазір сол алмағайып, аласапыран дүниеден өзін дер кезінде алып кетіп, осынау тыныш түкпірден бір-ақ шығарған тағдырына дән риза болып, күніне неше мәрте тәубе келтіреді.

Қазір астанадағы сарай маңында да кісі қызығатын ештеңе қалған жоқ. Жесір патшайым Цыси билік жүргізген соңғы отыз жылдың ішінде Маңшың өкіметінің беделі күрт құлдырап кетті ғой. Уақыт өткен сайын Цин сарайы шет ел капиталының алдында тізе бүгуден көз ашпай, мемлекет тізгінін ұстаудан да қалып бара жатыр. Әсіресе 1894-1895 жылдардағы қытай-жапон соғысында Маңшың әскерінің тас-талқан болып жеңілуі зиялы қауым арасында күшті наразылық тасқынын тудырған. Көзі ашық оқығандар монархиялық өкіметтен мүлде күдер үзіп, реформа ұранын көтере бастады. Соңғы жылдары оқымысты философ Кан Ювэй бастаған реформашылар қозғалысының тез етек алуы да осыдан болатын... Бірақ бұл реформашылар істі төменнен бастауға халықты оятып алудан қорықты да, өз идеяларын императордың көмегімен жүзеге асырмақшы болды. Олар қытай үшін бірден-бір дұрыс жол деп конституциялық монархияны таңдады. Кан Ювэйдің ұраны қызық еді. Ол: «Маньчжурлар мен қытай ұлтының бірлігі, монарх пен халықтың бірлігі» деп жар салды. Ал оның идеясының түп-төркіні осыдан жиырма бес ғасыр бұрын өткен Конфуций ілімінде жатыр еді.

Ал Конфуций ілімін ұстанушылар Қытайдың алтын ғасыры өткен тарихта қалды деп біледі. Адамдардың моральдық жағынан ең ұстамды кезі, халықтың тұрмысы мен адамгершілік ақыл-ойы бір-біріне сайма-сай келетін ең кемел шағы көне заманда жатыр деген ұғым бертінге дейін үстемдік етті. Сондықтан да бүкіл қытай ұлты жылдар бойы жалтақтап артына қараумен келе жатыр ғой... Кан Ювэйдің де бұл үрдісті аттап өтуге мүмкіндігі жоқ. Бірақ ол Конфуций ілімін құрмет тұта отырып, оны жаңаша түсіндіруге, оның прогресті жоққа шығармайтын тұстарын өз саясатына пайдалануға тырысты. Еуропа елдерінің үлгісін мысалға ала отырып, Қытайдағы оқу-ағарту жүйесін өзгертуге, қатып қалған «Багу стилін» күшінен қалдыруға, ел ішінде өнеркәсіпті өркендетуге шақырды.

Бұл идеялар, әрине, жасы жиырма жетіге енді толып, ел тізгінін енді-енді қолға ала бастаған император Гуансюйге де әсер етпей қойған жоқ. Ол жапондардан жеңілген масқара бітімнен кейін, ел ішінде өрши түскен наразылықты қалайда бірдеңемен басуы керек еді. Өз үстемдігін сақтап қалудың бірден-бір жолы реформашылармен одақ құру екенін ол да сезіне бастаған. Император реформашы Кан Ювэймен достасып, жесір патшайым Цысиге білдірмей, екеуі жасырын кездесіп жүрді.

Ақыры император Гуансюй осыдан екі-үш жыл бұрын, яғни 1898 жылдың жазында реформаны қабылдайтынын жариялап, едел-жедел бірнеше дүркін жаңа указдар шығарды. Бұлардың ішінде: ағарту жүйесін өзгерту, Багу стилін күшінен қалдыру, әскерді шет ел үлгісімен қаруландыру, өндіріске кең жол ашу, шетел кітаптарын қытай тіліне аударту, жас қыздардың аяғын таңуға тыйым салу... тағы басқа толып жатқан мәселелер бар-тұғын. Бұл жаңалықтар бұқара халықтан жаппай қолдау тауып, ел ішінде аз да болса серпіліс туғызған.

Өзі Цин сарайының сойыл соғар сүйеніші, таза қанды Маньчжур бола тұра, бір қиырда жатқан Ши-амбы да реформаның әр қадамын бақылап, кейбір өзгерістердің қажеттілігіне бұл да ден қоя бастап еді. Оның мұндай көзқарасты жақтауына күнделікті өмірдің өзі, әсіресе, дамыған өнерлі ел Ресеймен көрші отыруы игі әсерін тигізген. Қазір бұл басқарған Тарбағатай өңіріне өркениеттің көп-көп жаңалықтары шығыстан емес, батыстан, орыстардан келіп жатыр. Орыстар осыдан үш-төрт жыл бұрын Шәуешекке телеграф әкеліп орнатты. Бұрын айлар бойы хабар-ошар ала алмайтын өз астанасымен Ши-амбы қазір Ресей арқылы күнбе-күн тілдесетін болды. Орыс саудасы мынау — жыл өткен сайын Шыңжанды керіп бара жатқан... Міне, осының бәрі өз елінің патриотымын деп жүрген Маньчжур ұлығына әсер етпеуі мүмкін емес-ті. Осындай кейбір реформалық өзгерістер енгізбейінше, Цин династиясының өмірі ұзаққа бармайтынын Ши-амбыдай сұңғыла саясатшы шалғайда жатып-ақ жақсы сезінген.

Бірақ, өкінішке орай, жарқ етіп жақсы басталған бұл жаңалық та ұзаққа бармады ғой. Қытай тарихында «реформаның жүз күні» деп аталатын бір қысқа кезең болды да, қала берді. Оның мәнісі былай болып еді.

Реформашы Кан Ювэй император Гуансюймен араласа жүріп, жаңа идеяларды кедергісіз жүзеге асыру үшін, алдымен жесір патшайым Цысиді биліктен тайдыру керек екенін талай рет дәлелдеп айтып жүрген. Өзіне тізгін бермей, әлі де қысым жасағысы келетін нағашы апасынан ретін тауып құтылу императордың өз ойында да болса керек. Тек соның амалын таппай жүретін. Ал Кан Ювэй жесір патшайымның жаздық сарай Ихэюань мен өзінің болашақ мавзолейін тұрғызуға қанша қаржы жұмсағанын есептеп әкелгенде, Гуансюйдің төбе шашы тік тұрды. Осыдан кейін-ақ император Гуансюй жесір патшайымнан қатты түңіліп, оны сарайдан кетіруге, не болмаса «мырза қамаққа» алуға мықтап бел байлаған-ды.

Алайда жесір патшайым да оңай жау емес еді. Оны еті мен сүйегіне дейін монархист, қарт сановник Ли Хунчжан мен армияның бас қолбасшысы, әрі өзінің ежелгі ашынасы генерал Жун Лу қолдайды. Бұлардың екеуі де ел ішінде өте беделді, қолдарында күш тұрған адамдар. Ли Хунчжан — сарайдағы сыртқы істер палатасы мен астаналық Чжили өлкесін қоса басқарып отырған нағыз көкжалдың өзі. Бұл — дипломатиялық жұмыспен дүниенің төрт бұрышын талай шарлаған, 1894 жылы Екінші Николай таққа отырғанда Петербургқа барып, Ақ патшаға құттықтау грамота тапсыратын Ли Хунчжан ғой баяғы. Сонда Қыстық сарайдағы қабылдауда бүкіл қауым орындарынан тұрып, «Патшаны құдай сақтай гөр!» деген өлеңді хормен айтқанда, былқ етпей орнында отырып қалатын қызыл көз қырсықтың тап өзі... Ал Жун Лу болса бүкіл армияны уысында ұстап отыр. Жесір патшайымды тақтан тайдыру үшін, алдымен осы Жун Лудың көзін құрту керек еді.

Ол үшін император армиядағы тағы бір дөкейді өз жағына тартуы қажет.

Армиядағы білікті генералдардың арасында реформаны жақтайтын кім бар дегенде, император Гуансюйдің назары ең алдымен Юань Шикайға түсті. Бұл — көптен армия қатарында келе жатқан, өзі қытай ұлтынан шыққан санаулы әскер басылардың бірі болатын. Алғаш рет Кореядағы көтерілісті жаныштауда көзге түсіп, біраз жыл сол өлкенің билеушісі болған. Кейін қытай-жапон соғысында жеңіліске ұшырап, Корея жапондарға қарап кетті де, өлке бастығы астанаға абыройсыз оралған-ды. Бірақ ол өзінің қамқоршысы Ли Хунчжанның көмегімен қайтадан санатқа ілініп, осының алдында ғана жаңадан жасақталған төрт армияның біріне қолбасы болып тағайындалған. Өзінше, ол да ел ішінде өнеркәсіптің ұлғаюын жақтап, теміржол салуға, көмір кендерін ашуға капитал-қаржы қосып жүретін. Ең бастысы, Юань Шикайдың тегі маньчжур емес, қытай еді. Осының бәрін есепке алғанда, реформаны біреу жақтаса, сол Юань Шиқай жақтайтын шығар деген бір үстірт ой белең алған.

Ақыры, 1898 жылы 14 қыркүйекте Тяньцзиннен арнайы шақыртылған Юань Шикай император Гуансюйдің қабылдауында болады. Жесір патшайымнан жасырын өткен осы бір оңаша кездесуде реформаның негізгі мақсаты да, алдағы сарай төңкерісінің құпия жоспары да жан-жақты талқыға түседі. Мұнда Юань Шикайға жүктелген міндет — Тяньцзинге қайтып барысымен, бас қолбасшы Жун Лудың көзін жою, сонан соң көп эскермен тез Пекинге оралып, жесір патшайым Цысиді тұтқындау болатын. Егер осы тапсырманы мүлтіксіз орындаса, император Гуансюй оны астаналық Чжили өлкесіне бастық етуге уәде беріп, соның белгісі ретінде алтын құндақты қылыш тарту еткен... Тілі майда, әккі генерал императордың алдында құрдай жорғалап, ертеңнен бастап іске кірісетінін айтып, ант-су ішіп аттанып еді.

Бірақ ол былай шыға бере-ақ, император Гуансюйді сатып кетті. Сол бетінде асығыс Тяньцзинге жетті де, арадағы әңгімені Бас қолбасшы Жун Луге хабарлады. Генерал Жун Лу сасқанынан сол күні кеште пойызға отырып, ертеңінде Пекинге келді де, астыртын дайындалып жатқан сарай төңкерісінің жай-жапсарын Цысиге мәлімдеді... Одан ары не болатыны белгілі: мына хабарды естігенде, алпыс үштегі жесір патшайым қаһарына мініп, арыстанның қаншығындай шабынды. Ол дереу өзінің жеке гвардиясына бұйрық берді де, 21-қыркүйек күні император Гуансюйді қолға алды. Императордың бар қолынан келгені — өзінің досы Кан Ювэйді Пекиннен қашырып үлгірген. Сөйтіп, реформаның бүкіл жоспары іске аспай, жөргегінде құрып кетті.

Сол күннен бастап сарайдағы өкімет билігі қайтадан Цысидің қолына көшіп еді. Қазір император Гуансюй Пекиндегі Наньхай көлінің ортасында, шағын аралда мырза қамақта отыр. Тек император деген аты ғана сақталған. Салтанатты қабылдау кездерінде, не жоғарғы император кеңесі шақырылғанда сарайға келіп, жесір патшайымның қасында құр сүлдері қалқайып отырады да, басқа уақытта әлгі аралдағы Иньтай деген жұпыны сарайда қатаң күзет астында болады. Жесір патшайым оны өлтіріп те тастар еді. Бірақ, амал не, маньчжур-қытай салтында әйелдің император болуға қақысы жоқ...

Осының бәрін ойлағанда, Ши-амбының мұндағы өз жағдайына шүкірлік етпеске әддісі жоқ еді. Қалай дегенмен, дәл қазір мұның халі император Гуансюйдің жағдайынан гөрі әлдеқайда жақсы ғой. Мұнда билікке таласып, атысып-шабысып жатқан ешкім жоқ. Бүкіл Шығыс Түркістанға үкімі жүріп тұрған Іледегі жаңжұңнан кейінгі, Құлжа, Қашқар, Шәуешекте билік құрған үш әміршінің бірі — осы Ши-амбы. Тек жатса-тұрса көк тәңірісінен жалбарынып тілейтіні, ендігі қалған аз өмірін осынау шалғай түкпірде пәле-жаласыз, тыныштықпен өткізсе болғаны.

Ши-амбы ішкі жақтағы кейбір достарынан хат алып тұрады. Солардың айтуына қарағанда, Пекиндегі сарай маңын жағалаган, немесе орталық өлкелерде басшы қызмет атқарып жүрген маньчжур әкімдерінің жағдайы қазір де кісі қызығарлық болмаса керек. Үкімдар төрелердің бірталайы кезінде реформашыларды жақтағаны үшін қудалауға ұшырапты. Аман қалғандарының өзі ай сайын құбылып тұрған саяси науқандардың қайсысына ілігіп кетеміз деп, қыл үстінде қылпылдап жүрген көрінеді.

Реформашылардың әлегінен енді құтылдық па деп жүргенде, император сарайы тағы бір айықпас пәлеге душар болды. Сол 1898 жылдың күзінде бүкіл Қытайды қамтыған Ихэтуаншылар көтерілісі бұрқ ете түсті. Бастарына кілең қызыл орамал байлап, белдеріне қызыл баршадан белбеу буынған шаруалар тұс-тұстан тасқын селдей қаптап, астанаға қарай жорыққа аттанды. Көтерілістің басты мақсаты — Қытайдың ішкі қалаларын керіп бара жатқан шетел капиталының тасқынын тоқтату болатын. Баяғы 1840 жылғы «Апиын соғысынан» кейін-ақ, Еуропадағы ірі мемлекеттер сауданың түр-түрін ұлғайтып, бүкіл ішкі Қытайды өз тауарларымен жаулай бастаған-ды. Ал сексенінші жылдардағы қытай-француз соғысы мен тоқсаныншы жылдардағы қытай-жапон соғысынан кейін, шет ел капиталистері бұл елдің қыр желкесіне біржола мініп алған. Теңіз жағасындағы ірі порттар мен жол торабындағы үлкен қалалар солардың қарауына көшті. Еуропалықтар Қытайдың экономикасын ғана өз шеңгеліне алып қоймай, саяси-әлеуметтік, моральдық жағынан да қысым көрсете бастап еді. Ірі қалаларда шіркеулер салынып, христиан дінін уағыздаушы миссионерлер қаптап кетті. Оған қоса ел ішін ашаршылық жайлап, сол жылы жеті ағайынды жұт қатар төнген. Осының бәрі жиналып, жас шаруалар мен зиялы қауымның қатты қарсылығын туғызып еді. Олар ең әуелде Шаңдун өлкесіндегі екі неміс миссионерін өлтірді де, сол ұшқыннан лаулаған өрт кешікпей бүкіл Орталық Қытайды шарпыды.

Цин сарайы тағы да екіге жарылды: Маншың әкімдерінің бір бөлігі көтерілісшілерді жақтаса, екінші бір тобы шетелдіктермен қатынасын үзгісі келмеді. Олар осылайша бірлікке келе алмай, екі ұдай күйде отырғанда, көтерілісшілер Пекинге басып кірді. Шетелдік шіркеулерді қиратып, дүкендерді өртеп, шеттен келген бұйымдарды үйіп қойып отқа жақты. Қолдарына түскен шет ел адамын да тергеусіз, сұраусыз өлтіре берді. Пекиндегі әртүрлі елшіліктердің адамдары мен христиан дінін қабылдаған қытайлар Америка елшілігінің қорғанына қашып кіріп, бас сауғалауға мәжбүр болды. Әрине, мұны көрген шет мемлекеттер де қарап қалған жоқ: ағылшын, француз, орыс, жапон, американ солдаттарынан құрылған қырық мыңдай әскер жағалауға түсіп, Қытай астанасына қарай шап-шаң жылжып келе жатты.

Бұл кезде екі оттың арасында қалған император сарайындағылардың да бастары қатып болған-ды. Жесір патшайым Цыси, басында жағдайды анық мөлшерлемей, көтерілісшілердің күшімен шет ел капиталынан құтылуды ғана ойлап, христиан дініндегі адамдарды ер-әйел, кәрі-жас демей, түгел қыруға әмір берген. Ал одақтастар армиясының астанаға таяп қалғанын естігенде, мүлде басқа әуенге көшіп, енді ихэтуаншыларды жаныштау жайында жаңа бұйрыққа қол қойды. Арасына ай түспей іркес-тіркес шыққан бұл екі бұйрықтың қайсысын орындарын білмей, әр жердегі әскери құрамалардың да миы айналып кетіп еді.

Жақсы жарақталған шет елдің одақтас армиясын көтерілісшілер де, өкіметтің тұрақты әскері де бөгей алған жоқ. Олар өткен жылы 14маусымда Тяньцзинді, 16 тамызда Пекинді басып алды. Жесір патшайым Цыси содан бір-ақ күн бұрын қасына сарай адамдарын алып, астанадан қашып шыққан-ды. Қуыршақ император Гуансюйді де қалдырмай, өзімен бірге ала кетті. Олар сол қашқаннан батыс-терістіктегі Тайюан қаласына келіп, әзер дегенде ес жинаған. Жесір патшайым өз нөкерімен осы қаланы қыстап, шетелдіктермен бітім жасалғаннан кейін, астанаға осы таяуда ғана оралған көрінеді.

Маншың өкіметі кейінгі кезде кіммен соғысса да, одан жеңілмей, сол үшін айып төлемей кеткен жері бар ма. Бұдан бұрын да талай масқара бітімге қол қойған кәрі дипломат Ли Хунчжан бұл жолы да он екі тармақты тағы бір әділетсіз келісімге көнуіне тура келді. Бұл бітім бойынша Цин сарайы тағы бірнеше теңіз портын капиталистік елдерге арендаға берудің сыртында, соғыс шығыны үшін, жүз миллиондаған лян айып төлеуге тиіс болды. Бар шығын ақшамен бітсе ештеңе емес-ау, соғыста үстем шығып, әбден дандайсып алған шетелдіктер енді осының алдында ихэтуаншыларға бүйрегі бұрған сановниктерді шетінен жазалауды талап етті. Амалы құрыған жесір патшайым бұған да көніп, сарай маңындағы ондаған бекзадаға қатал үкім шығаруға мәжбүр болды. Император әулетінен саналатын небір ақсүйек князьдар мен уандарды «өзін-өзі өлтіру» жазасына кесті. Әлгілердің ішінен тек князь Дуаньді ғана тірі қалдырып, шығыс Түркістанға жер аударып-ты. Өзінің туған атасының қызын алып отырған күйеу баласын қорғап қала алмағанына қарағанда, жесір патшайымның қолында да бәлендей күш қалмағаны айтпаса да түсінікті.

Осы хабарды алғаш естігенде, Ши-амбының төбе шашы тік тұрып, жаны түршігіп кеткен. Өзінің мынадай аумалы-төкпелі, жаугершілік заманда орталықта болмағаны үшін, тәңіріне мың да бір алғыс айтып еді. Жаңағы жазаға тартылған уандар мен князьдардың біразын бұл сырттай жақсы білетін-ді. Кейбіреулерімен қызметтес, табақтас болғаны да бар. Бір кезде солардың қай-қайсысы да тастары өрге домалап тұрған, беттеріне жан қаратпайтын, шетінен көкжал төрелер болатын. Сол ақсүйек бекзадалардың басына бұлт үйіріліп, өз жандарын қорғай алмауы — демек империяның да басынан бақ тайып, құрып бітуге айналғаны ғой. Егер мұның жұлдызы оңыннан туған шын бақытты жан екені рас болса, империяның күйреп, шаңырағы ортасына түскен сол бір қаралы күнді көрмей-ақ, ертерек жолға түскені жөн...

«Демек, шалғайдағы Тарбағатай аймағы — менің жай қызмет орным ғана емес, тұтас тағдырым екен-ау? — деп түйді Әмірші өзінің кабинетінде оңаша отырып. — Дүниеде Ши-амбы деген біреу барын орталықта отырғандар әлдеқашан ұмытқан шығар. Енді мені жақсылайтын да, жамандайтын да, өлгеннен кейін жылы көңілмен еске алатын да — осы аймақтың адамдары болмақ. Сондықтан өз өмірімде бір той өткеріп, әл-куатымның барында осы елмен жақсылап бір қоштасқаным дұрыс болар».

Ұзақ жыл көшпенділер ортасында өмір кешкендіктен, Ши-амбының бойында қазақтан жұққан да көп мінездер бар еді. Оның ағыл-тегіл той жасап, бір шашылғысы келуі де — сол қазақы мінездің нышаны. Осы елдің өз байлығын өзінен аясын ба, жұрт қалағанынша ішіп-жеп, сауық-сайран құрып, кейін айта жүретіндей бір көңілді жиын болсын деген.

Бүгін ол алдағы салтанатқа шақырылатын адамдардың тізімін қарап отыр еді. Қырдағы төрт үкірдай ел қазақ пен бір үкірдай ел қалмақтың игі жақсыларына түгел сауын айтылмақ. Олардан басқа осы маңайдағы маньчжур мен сібе-солаңның басты адамдары — халдайлар, қаладағы орыс консулы бастатқан ресейлік ірі саудагерлер қатысады. Дастарқанға отыратындардың жиын саны мыңнан кем түспес... Мерекенің өту тәртібі қазақтың ас пен тойына ұқсап кетіп жүрмей ме? Мейлі, солай-ақ болсын. Тойды басқаруды үкірдайлардың өздеріне тапсырады. Ал бас асабалыққа Демежаннан ыңғайлы ешкім болмас. Төртуылдың бұл үкірдайы қазір өте көңілді жүр... Бет-бедел жағынан бұл аймақта оның алдына түсетін кім бар, шынында?!

Тізімнің аяқ шенінде жаңа байып, қоттанып келе жатқан бірнеше қытай саудагерлері тіркеліпті. Ши-амбы солардың тұсына келгенде сәл ойланып қалды да: «Мейлі, түптің түбінде ел иесі осылар ғой. Бұлардың да қатысқаны жөн» деп шешті ақыры. Ешкімнің де бұған өкпе-наласы болмасын... Сөйтіп отырғанда есіне әлдеқалай Ли-шансың орала кетті. «Ой-я, бұл байғұсты мүлде ұмытып кете жаздаппын-ау! Қазір соның күйі не болып жүр екен өзі?» деп ойлады ішінен. Тізімнің ен соңына үш иероглифтан тұратын Ли-шансыңның атын бадырайтып жазды да, қағаздың аяғына өзі қол қойды.

II

Жердің көгі жетіліп, ел жайлауға шығар алдында, Шәуешек қаласы жасыл нуға оранып, жас арудай жасанып тұрған бір шақта, жұрт аузында көптен сөз болып жүрген сол тойдың да өтетін мерзімі жетіп еді.

Той негізінен жаңа жамбылдың ішінде өтуге тиіс. Әр қабырғасының ұзындығы бір шақырымнан асатын, үстінен жүкті арба еркін жүре беретіндей, қалың дуалды, мықты бекініс қазір саңғырап дайын тұр. Батысы мен шығыс кіре берісінде қарулы күзет тұратын ауыр шойын қақпалары, бұрыш-бұрышында қарауыл мұнаралары мен айнала дөдегесінде атыс ұялары бар, айналасы ат шаптырым алып қорғанның дәл ортасын жаңағы қақпалардан кіретін күре жол жарып өтеді. Сол жолдың теріскей жақ жартысына үкімет кеңселері, ұлықтар тұратын үйлер түскен-ді. Жақында Ши-амбы бастатқан аймақ әкімдері жаңа қонысқа көшіп те алған. Солардың қауіпсіздігін сақтайтын қала гарнизоны мен қорған ішіндегі қорған сияқты, қоршауы бөлек, темір қақпалы түрме де бекіністің осы жақ қапталында.

Ал қорғанның түстік жағы әзірше ештеңе салына қоймай, теп-тегіс жасыл алаң күйінде бос жатыр еді. Той қарсаңында сол алаңға қаз-қатар көше тәріздендіріп, қырық-елу үй тігілді. Бұлардың бәрі де әр үкірдай елден таңдап әкелінген ою-өрнекті, әлі қылау шалмаған аппақ отаулар. Қала мен даладан шақырылған құрметті қонақтарын аймақ әміршісі, міне, осы арада күтіп алмақ.

Жұмсалып жатқан қаржы, төгіліп жатқан дәулетте есеп жоқ. Қазір мемлекет қазынасы қайсы, Ши-амбының өз меншігі қайсы, ажырату қиын боп, ара-жігі қосылып кеткен. Сонша жылдан бері тұс-тұстан науалап құйылған ең байлықты аясын ба: осында әнеугүннен бері әлденеше ту бие, ту сиыр, көп-көп қойлар сойылып, соны пісіріп-түсіруге қала мен қырдың бармағынан бал тамған небір шебер аспаздары келіп орнағанына да едәуір уақыт болған.

Белгіленген мерзімде тойға шақырылғандар қалаға топ-тобымен ошарылып келіп жатты. Төрт үкірдай ел қазақ пен бір үкірдай ел қалмақтың зәңгі, елубасы, старшын-билері тайлы-таяғы қалмай түгел келіпті. Ши-амбыдай ұлықтың тойына барудың өзі бір үлкен дәреже секілді. Және солардың бәрі де құр қол емес, жаңа жамбылдың көрімдігі, әміршінің қуанышына қосқанымыз деп, тоғыз-тоғыздан сый-сыяпат, тарту-таралғы әкеліп жатыр. Айғыр үйірімен жылқы, тайтұяқ жамбы, сәйгүлік ат әкелгендер қаншама. Кіріс-шығысты шағып есептесең, сырттан құйылып жатқан тойлық-сыйлықтар той шығынын он есе орап алатыны даусыз еді. Той дегені жай сылтау, мұның өзі жеп қалудың, асап қалудың амалы десе де болғандай. Халықтың сүт бетінде қаймағын, қолындағы жылтырағын сыпырып алғысы келгенде, хан-төрелердің осылай той өткізе қоятын әдеті емес пе.

Қазіргі үкірдайлардың дені кейінгі буыннан шыққан жас жігіттер. Жас буыннан билікке алдымен келген Демежан еді. Соның артынан көп кешікпей, Жұмықтың үкірдайы Еңсе көзінің тірісінде-ақ өз орнын баласы Таңғытқа түсіп берген. Бұл күнде үкірдайлардың ең жасы да — жиырма беске жаңа келген сол Таңғыт болатын. Мәмбеттің тұңғыш үкірдайы Жалбағай өлген соң, оның орнына екі-үш жылдай Түйеші отырып еді. Өткен сайлауда билік басына баяғы Отыншы бидің немересі Шәйі келіп орнықты. Ал Тарбағатай өңіріндегі он сұм ойраттың тізгіні соңғы жылдары қағылез жас жігіт Маданның қолына өткен. Бұл жас үкірдайлар да ұлыққа жағып қалатын, көрініп қалатын тұсым осы деп, мол-мол сыйлықтармен келген.

Бұлардың арасында ауыспай ескіден келе жатқаны — Керейдің үкірдайы Мамырбек қана. Бұл күнде жасы алпысқа таяп қалған Мамырбек төре кілең жастардың арасында бір түрлі одағайланып, оқшау көрінеді. Оның да билікті басқа біреулер тартып алмай тұрғанда, өз орнын үлкен ұлы Тұрысбекке өткізетін ойы бар секілді. Бірақ олай етуге әзірше ел ішіндегі қырқысқан билік таласы мүмкіндік бермей жүр. Қазір төре десе құлдық ұрып тұратын баяғы момын Керей жоқ.

Жуан ата Жантекей, Шеруші, Меркіттен шыққан: Көбен, Отаршы, Шөкібай сияқты азулы атқамінерлер үкірдайлық мансап Мамырбектің тақымынан сәл босаса болғаны, қапысын тауып, жұлып әкетуге дайын тұр.

Дегенмен, арыдан ойлайтын әккі төре осы жолы ұлықтың пейілі түсіп тұрған көңілді шағын пайдаланып, өзінің көптен ойында жүрген сол шаруасын тындырып қайтуға бел байлаған. Әр қадамын аңдыған Керейдің бақталас жуандарын секем алдырмау үшін, осы тойға келгенде көзге түсетін ештеңе әкелмей, ұлыққа деген сыйлығын жасырын жолмен жіңішкелеп өткізіпті. Бодауына кейін жүз елу жылқы беретін болып, қаладағы Ыбырай байбатшаның қоймасынан елу күміс жамбыны санап алыпты да, Ши-амбыға өз қолымен тарту етіпті. Жамбыны арбаға тиеп, астыртын әкелісіп берген адам — Бабалық екен. Сол кеше той басталар алдында Демежанға жолығып, осының бәрін сыр қылып айтып еді.

Қазір Мамырбекте сондай бір астыртын әрекет бары рас секілді. Бұрын үнемі салқын қабақ танытып, сырттай сызданып жүретін төренің бұл жолы Демежанға деген шырайы да түзеліп қапты. Жасы, жолы үлкен болса да, кеше бұған жалбарақтап, өзі келіп амандасты.

Өткен қыста Демежан салбурынмен Барлыққа бүркіт сала барғанда, Мамырбектің «Көкбалақ» аталатын атақты қыранына көзі түсіп, сол бүркітін сұрап кісі салған-ды. Онда да құсбегілердің қыздырмасымен, бүркітті берсе берер, бермесе арамыз күлбілтеленбей ашық жүрсін деген оймен, жәй немкетті сәлем жолдаған. Бірақ Мамырбек қыранын қимай, «баламның бәсіре құсы еді» деп, жіберген адамын құр қайтарыпты. Демежан сол үшін көп күйінді болмай, оны әлдеқашан ұмытып та кеткен. Енді, міне, сол қылығына кешірім сұрағандай, бүркіттің жайын Мамырбектің өзі еске салып тұр.

— Биыл «Көкбалактың» бабы ойдағыдай. Амандық болса күзге дейін түлектен өткізіп, зар күйіне келтіремін де, өз қолыңа табыс етемін. Ол қыранның ендігі қызығын өзің көресің, — дейді арада ештеңе болмағандай.

Демежан бұл арада көп шешіліп сөйлеген жоқ, төреге жай алғыс айтты да қойды. Мамырбектің де арғы ойы белгілі: ұлықтың көмейін қанша тығындағанымен, өз ұлының үкірдайлық орынға Демежансыз өтпейтінін біледі. Ши-амбы өз жұмысын жеңілдету үшін, соңғы жылдары қазақ арасының көп билігін Демежанға беріп қойған-ды. Сайланатын үкірдай, зәңгі, елубасылар алдымен осының мақұлдауынан өтуі керек. Сондықтан қазір жалғыз Төртуыл ғана емес, былайғы Мәмбет, Жұмық, Керей жуандары да Демежанмен санаспай тұра алмайды. Ши-амбының бүкіл қазақ, қалмақ, сарт-ноғай, сібе-солаң қатысқан мына тойдың тізгінін басқа емес, Демежанға ұстатуы да жұрт алдында оның, атақ-абыройын асыра түскен.

Бірақ дәл қазір Демежанның рухын үстем етіп, мерейін, тасытып тұрған — шексіз билік те, шен-шекпен де емес, мүлде басқа қуаныш. Осы жақында ғана көптен жанын жегідей жеп, маза бермей жүрген бір арманы орындалды. Ши-амбының өзіне деген ерекше ықыласын, биылғы мереке қарсаңындағы шадыман шағын пайдаланып, Абдыра мен Қараүнгір өзендерінен тартылатын екі тоған суға қағаз жасатып, оны Іле жаң-жұңына бекіттіріп алды. Көп қиындықпен, ұзақ жылғы айтыс-тартыспен қолға түскен сол құжат қазір мұның омырау қалтасында тұр. Осы сәтте Демежанның көкірегін ду-ду қыздырып, көңілін көкке ұшырған сом олжасы, үлкен қуаныш-жеңісі де сол құжат-қағаздар болатын.

Той мерекесі кешелер басталған. Кеше қыр елінен келген сый кісілер осында өздеріне бөлінген үйлерге түсіп, қонақ-асыларын жеп, дуылдасып жатты да, бүгін таңертеңнен бастап, қаланың батыс жағындағы Бәйге-төбеге барып, ат шабысы, палуан күресі, жамбы ату, теңге ілу секілді әртүрлі ойындарды тамашалады. Ішкеріден аспалы арқанның үстінен жорғалайтын, маймыл ойнатып, жылан билететін сиқыршылар келген екен, көпшілік қауым солардың өнерін көріп есі кетті. Енді, міне, түс ауа қонақтар жаңа жамбылдың ішіне қайта жиналып жатыр. Осы арада ұлықтың салтанатты дастарқанынан соңғы рет дәм татып, тойтарқар отырыс жасамақ.

Демежан қазір қасына Шәйі, Таңғыт, Мадан сияқты жас үкірдайлар мен сібе-солаңның басшысы Шихалдайды алып, тойға келген әp рудың адамдарын қарсылап тұрған-ды. Осындағы көмекші-даяшы жігіттерге қысқа-қысқа бұйрық айтып, ел-елден келген қонақтарды өздеріне бөлінген үйлерге жеке-жеке түсіртіп жатыр. Бұлардың сыртында қаланың бай саудагерлері, орыс елшілігінен шақырылған кісілер, халдайларын алдына сала келген сібе-солаң әулеті де бар. Оларды да отыратын орны, ішіп-жейтін ас суына қарай бөлек-бөлек жайғастыруға тура келеді... Ши-амбыға қолы жетпегендер алдымен Демежан бастаған осы топқа сәлем беріп, тойға «құтты болсын» айтып, сонан кейін ғана үй-үйлерге беттеп барады.

Мәмбеттің үкірдайы Шәйі Демежанмен құрдас, екеуі қатты қалжыңдаса беруші еді. Сол Шәйі тілін шайнаңқырап, баппен сөйлейтін әдетімен осы арада тұрып, бір оқшау әзіл айтты.

— Кешеден бергі ұлы жиын өзінше бір ас сияқты болды-ау.IV.Бұл Құлыстайда исі қазақ қана емес, өзге де ұлт-ұлыстардың басын қосқан бұрынды-соңды дәл мұндай дүбірлі той болды ма екен?.. Ши-амбы саған екі дүниеде разы шығар, Демежан. Осы сен өкіл әкеңнің асын көзі тірісінде-ақ өткеріп жіберейін деп тұрған жоқсың ба?! — деп өзі де күліп, басқаларды да ду күлдірген.

Бұл сөздің төркінінде: «Ши-амбыға бізден гөрі сен жақынсын. Соның тәрбие-тәлімін сен көп көргенсің» деген астарлы ажуа да жатыр еді. Демежан сөз уытын бойына дарытпай, іле жауап қатты.

— Ши-амбы маған өкіл әке болғанда, сенің де бөтенің емес-ау, Шәйі. Бөтенің болса Мәмбеттің қалың көкала жылқысын айдап, дәл бұлай шабылар ма едің? — деп бір күліп алды да, Шәйінің қызарып кеткенін сезіп, сөз аяғын әзілге сүйеп, жуып-шайған болды. — Бірақ, не десең де, осы шалдың қадірін өлгеннен кейін бір-ақ біліп жүрмейік. «Қайран, кең қолтық атам-ау» деп нағыз жылайтын кезін, әлі алда, — деген-ді.

Оны қасында тұрған қалмақ үкірдайы Мадан іле қостады.

— Рас айтасыз. Осы шалдың қадамы әзірше қазақ-қалмаққа құт болып тұр-ау. Мұның орнында әпербақан, ұрда-жық біреу отырса қайтер едік, — деп түрі қалмақтан гөрі қазаққа келіңкірейтін, шарға бойлы, ақ құба жігіт өзінше бір ой тастады.

Осы кезде бұлардың қасына қаптал шапанды, шошақ тымақты бір топ адам жақындап келе жатты. Төртуылдың ру басы зәңгілері. Араларында Ежебай, Көксеген, Тыныбай, Мәжендерден басқа, Ысқақ, Байсерке сияқты жас атқамінерлер де бар. Бұл келгендер өзге үкірдайларға қол беріп, амандасты да, Демежанды өзімсініп оңашалай берді. Өздері жеке бір топ болып, өзге жұртқа бір жөн көрсетіп қалу үшін әдейі келген сияқты. Қарт Ежебай басқалар естісін дегендей, саңқылдай сөйлеп:

— Ал той құтты болсын, Демежан шырағым! Ши-амбыға біздің қолымыз жете бермес. Бірақ бұл тойдың бас иесі де, ұлықтың оң көзі де өзін боп тұрсын ғой қазір. Қайырлы болсынды саған айтсақ та жетер... Бұл да атаның аруағына, біздің Төртекеңе қонған бір бақ шығар. Иләйім, құдай-тағала осы абыройдан айырмасын! — деп өзінше бір шүкірана сөз айтып, бата бергендей болды.

— Аумин, айтқаныңыз келсін. Бірақ бұл менің қуанышым емес, ұлықтың тойы ғой, Ежеке-ау, — деп Демежан жымиып күлді. — Біздікі жай тік тұрып қызмет көрсету ғана...

— Е, тәйірі, бәрібір емес пе. Бұл күнде Ши-амбы екеуіңді бөлетін кім бар? — деп Ежебай өз тобын бастап киіз үйлерге қарай бет алды.

Соңғы жылдары Төртуыл іші өзара ымыра-бітімге келгендей бір дүмбілез күйде еді. Демежанның қарғыс жетпес, тым биікке көтеріліп кеткенін сезген ел жуандары оның артынан жұдырық түйіп, күңкіл-күбір өсек таратуды азайтып, амал жоқ, оның қанатының астына қайта жинала бастаған. Ана жылы Керімбай өлімі үстінде Ысқақ аузынан айтылған