05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Тағдыр (ІІ бөлім)






Тағдыр (І бөлім)

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫ

I

Арада біраз жылдар өткен. Тарихтың дөңгелегі күн шығыс елдерінде тым жер табандап, қанша баяу айналғанымен, бір орында тұрып та қалмай, өзінің шабан-шардақ жүрісімен алға қарай жылжып келе жатыр еді. Адамзатты баладай алдарқатып, соңынан сүмендетіп ертуге келгенде уақыттан шебер, уақыттан жымысқы не бар екен бұл дүниеде?! Осынау жарық жалғанға бұдан бұрын да талай ұрпақтың соғып өткенін, бұдан кейін де талайлардың келіп-кететінін, ал бүгінгі тіршілік сол ұзақ салқар адамзат көшінің бір үзігі ғана екенін ойлап жатуға бұл жұрттың тіпті мұршасы жоқ. Қуанышы мен қайғысы кезектескен қарбалас тіршілік тек өздерінен басталып, өздерімен ғана аяқталатындай жанталасып жүрген бір адамдар.

Қазір Шәуешек көшелерін жаяу аралап келе жатқан Демежанның басында күнделікті тірлік қамымен бірге жаңағыдай оқшау ойлар қабаттасады. Мына бір кез алдында қайшыласып, тез ауысып, сапырылысып жатқан адамдар теңізі де осы өмірдің өтпелілігін тіпті айқын сездіргендей. Қара нөпір қалың көпшіліктің ішінде жеке адам бейне толқын шайтан жаңқа тәрізді. Жол бермей иығымен қатып, жағалауға қарай ығыстырып тастағысы келеді... Бірақ адамның да адамы болады екен. Кейде өмірде бір адамның басына қанша нәрсе тіреліп тұрады десейші.

Кісінің шын қадірі тірі жүргенде емес, өлгеннен кейін білінетіні несі? Демежан қазір орны толмас екі адамды қатты жоқтайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Шәуешектегі орыс консулы Балкашин қайтыс болды. Құлжаға кетіп бара жатқан сапарында түйнек ауруына тап болып, небәрі қырық жеті жасында кенеттен дүние салды. Адам өмірі қандай қысқа?! Жат жұрттық болса да, Тарбағатай халқына көп жақсылық істеген кісінің бірі сол еді. Содан бері бұл қала консулға жарыған жоқ. Үш жылдай Шишмеров деген қартаң кісі отырды да, ол да ұзақ байырқаламай, жақында арғы тегі орыс, не неміс екені белгісіз, Борнеман деген біреу келді. Бірақ Балкашиннің орны әлі үңірейіп тұр. Жаңадан келгендер оның үстеліне ие болғанмен, үлкен адамның орнын толтыра алған жоқ.

Өлгеннен кейін қадірі қатты білінген екінші адам — Төртуылдың ақсақалы, кәрі зәңгі Сымайыл. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ол кісі де дүниеден өткен. Сымайыл барда ағайын арасындағы таразының басы тең тартып тұрғандай, жоқтан өзгеден ілік іздеп, ауа жайылатындар тым аз еді. Кәрі зәңгі ондайларды беделімен басып, өз үйірін шашау шығармайтын сақа айғырдай, ел ішіне ұйтқы болып жүретін. Сымайыл қалай өлді солай, Төртуыл іші бұрынғы береке-бірлігінен айрылып, сиырдың бүйрегіндей пышырады да кетті. Қазір әр рудан Керімбайға дүм көрсететіндер, аяқтан шалып, арыз жазатындар шыға бастаған. Ши-амбы тірі тұрғанда, Керімбайды алатын жау жоқ, әрине. Дегенмен, үй ішінен үй тігілгендей, іргеңнен іріткі шығуы жақсылықтың нышаны емес.

Мұндай жағдайда Керімбайға да өз күшін маңайына топтап, тас түйін сақ отыруы керек еді. Сондықтан Ши-амбының соңынан қалмай қолқалап жүріп, осыдан үш-төрт жыл бұрын Демежанды қаладағы қызметінен босатып алған-ды. Керімбайдың өзі қағаз-қаламға шорқақ. Ал үкірдайдың мөріне ие болып, қағаз жағын реттеп отыратын сауатты хатшы керек. Мұндай құпия қалтарысы көп жауапты жұмысты екі тілге бірдей жетік, оқымысты өз ұлы тұрғанда, кімге сеніп тапсыруға болады? Сонымен, қазір Демежан әкесінің оң қолы, ала ауыз ағайынға көрсетер күш-қайраты, тірек-сүйеніші болып, қыр елінде жүріп жатқан жайы бар.

Балаға мықты әкенің ығында жүру қиын емес, өз бетіңмен жол салып, тыңнан тірлік бастау қиын екен. Қазіргі заң мен заманға баға бергенде, кейде әке мен баланың ойы бір жерден шықпай, кереғар тартатын кезі де болып тұрады. Қазір заман басқа, заң басқа. Ұшы-қиырсыз кең сахарада төрт түлік малдың соңынан бұлттай жөңкіліп көшіп жүретін қазақтың баяғы дәурені өтті. Жер танабы тартылды, айнала төңірекке шекара-шеңбер түсті. Енді бұдан былай зеңгір аспан төсінде емін-еркін шарықтайтын кез адыра қалып, шыжыммен ұшып, шырғамен қонатын күн туды. Ендігі күнде адамы тығыз аядай өлкеде қысыла-қымтырыла өмір сүруге тура келеді. Ол үшін бұл ел көші-қонды азайтып, отырықшылыққа айналуы керек. Ендігі тіршілік мәні кеңдікте емес, тереңдікте. Кім тамырын тереңге жіберіп, аз жерден көп өнім алса, сол озады. Қарным тоқ, тұрмысым тұрлаулы болсын десең, малдан басқа да әртүрлі кәсіп істе, егін сал, қора-жай, қыстау тұрғыз. Осы бір шындыққа Демежанның өз көзі жеткенімен, былайғы ағайын жұртты иландыра алмай-ақ қойды. Басшысы өз әкесі Керімбай болып, мұның сөзін жап-жақсы тыңдап отырады да, былай шыға бере ұмытып кетеді.

Осыдан кейін Демежан өзінше бір оқшау тірлік бастап еді. Өз ойларын енді сөзбен емес, іспен дәлелдеуге бел байлаған. Екі-үш жылдан бері маңайына әр жақтан көшіп келген жарлы-жақыбай, бейнетқор жұртты жинап алып, Боздақ даласына егін салуды бастады. Әзірше тау өзенінен тоған тарта алмаса да, бастау-көзін бергі жазықтан алатын қарасуларды пайдаланбақ. Биыл көктем шыққалы сол егіс басына тақау жерден өзіне арнап қора-жай салдырып жатыр. Қазір Керімбай ауылдары әлдеқашан жайлауға шығып кетсе де, Демежанның өзі егіс басында сондай шаруалармен бөгеліп жүрген. Жаңа үй құрылысына көп ақша, қаражат керек болып, осы жолы қалаға біраз мал айдатып әкелген-ді. Бүгін қасына Бабалықты ертіп, сол малдың сатылу жайын білуге шыққан беті еді.

Бабалық бұл күнде Шәнішевтердің қарамағынан босап, өз алдына жеке кәсіп қыла бастаған. Қазір үйлі-баранды, осында сатып алған қора-жайы, ат-арбасы бар. Әзірше қаладағы бай саудагерлерден бұл, шай, тағы басқа ұсақ-түйек бұйым алып шығады да, оны қыр еліне апарып сатып, ортасынан қыруар пайда түсіріп жүр. Қаланың да, даланың тіршілігін жетік білетін, еті тірі жас жігіт енді өз алдына дүкен ашып, сауданы ұлғайта түсетін ойы бар... Демежанның қалаға келгенін естіп, от жаққан жерін көрсетуге қонаққа шақыра келген екен. Базардағы малды сатуға көмектес деп, оны да қасына ертіп алды.

Бұлар жолдың екі қапталында ине шанышар жер қалдырмай, иін тіресіп тұрған жайма базарынан өтіп, қаланың орта тұсындағы мал базарына таман жақындады. Көшеде шөп артқан, отын тиеген арбалар, оны-мұны сүйреген көтермеші саудагерлер қайшыласады. Неше түрлі ұлт, неше түрлі кәсіп иелері. Демежанның бүгін бір таң қалғаны — Шәуешектің ұйғыры мен татары, қытайы мен дүнгені тіпті сібе-солаң, қалмағына дейін бір-бірімен қазақша сөйлеседі екен. Бұлар үшін ең ұғымды, жеңіл тіл — қазақ тілі болғаны ма сонда? Жоқ, олай емес шығар. Қазақ бұл аймақтағы ең көп халық қой. Қалаға мал айдап әкелетіндер, жүн, тері, отын-шөп әкеліп, сауда-саттық жасайтындар да — қазақтар. Өне бойы солармен қатынас жасаған соң, қала жұрты қазақша сөйлемегенде қайтеді.

Орталықтағы үлкен алаңның бір жағы астық базары да, екінші жағы мал базары болатын. Бұл маңда жүрген халықта тіпті қисап жоқ. Босағаларына бордақы қойдың ұшасын тұтас іліп қойып, мәнті, палау, кәуап жасап сататын ашпұзылдардың маңайы тіпті ығы-жығы. Анда-санда тай қазандарының буын бұрқ еткізіп, мәнті пісіретін қасқандарының қақпағын жұлып алған аспаздардың ащы айқайы естіледі.

— Уа, келіңдер, ағайындар! Май жейсің, я жейсің... Бір мәнті, екі мәнті... отыз мәнті, — деп сарнаған үндері күн ұзақ бір сембейді. Бұған неше түрлі тілде, неше алуан үнде сөйлеген былайғы көп дауыстар қосылып, айнала-төңірек ештеңе ұғуға болмайтын тұтас бір гуілге айналып кетеді.

Бүгін мал базарында да адам көп екен. Сатушысы қайсы, алушысы қайсы, — айырып алудың өзі оңай емес. Тек сатылатын жылқылардың ноқтасына, сиырлардың мүйізіне жентектелген шөп қыстырып қойыпты. Демежандар өздері айдатқан малдың қай бұрышта тұрғанын таппай, бір жағы мал саудасын қызықтап, едәуір жүріп қалды. Мұндайда бедекші, делдал дейтіндер болады. Сатушы мен алушының арасын жарастыратындар — солар. Алдымен мал иесінен малдың түсер бағасын сұрап алады да, алушымен солар саудаласады. Кейде мал алушының да өз бедекшісі болады. Мұндайда сауда келісімі енді екі бедекшінің арасында жүре бастайды. Сөйтіп әлгілер сатушы мен алушының міндетін жеңілдетіп, ортасынан «сіріңке» түсіреді. «Сіріңке» дегені — екі жақтан берілетін сыйлық ақша.

Демежандар әлден уақытта бір құлынды биені орталарына алған екі бедекшінің үстінен шығып, солардың әрекетіне көз салып біраз тұрды. Мал иесі де, алушы да жайына қалған. Ендігі әңгіме осы екеуінің арасында жүріп жатыр. Бұлардың айтысатын сөздері, өзара ым-ишара, белгілері де қызық. Біреуі шапанының бір жеңін түсіріңкіреп жіберіп, екіншісімен жең ішінде саусақпен «сөйлесіп» тұр. Жұрт айта беретін «жең ұшынан жалғасу», немесе «жең саудасы» дегеніңіз осы.

— Мынау қалай? — дейді біріншісі анаған екі саусағын тұтас, бір саусағын бүгіңкірей ұстатып. Мұнысы — биеге екі жүз елу сом берем дегені.

— Әй, мынауың кем болады, тым обал ғой, — дейді екіншісі мынаның алақанына үш саусағын бірдей тықпалап. — Алсаң осы, одан бір тиын кемі жоқ...

Не керек, мұндайда бедекшілер екі жақты келістірмей қоймайды. Олардың кереметі сол — соңынан мал иесі малымды қымбатқа бұлдап саттым деп куанса, алушы су тегін арзанға түсірдім деп мәз болады. Базарға мал сата келген, сауда жөнін білмейтін қазақтар бедекшісіз аттап баса алмайды... Қайтсін, оларға да бала-шаға бағу керек. Бұл қалада осындай делдал бедекшілікпен, алыпсатарлықпен қанша қауым күн көріп отыр. Тәңертең қалтасы қағылып құр қол шыққан алыпсатар күні бойы бірді-бірге соғып жүріп, кешке қарай үйіне қалайда шай-шалаңын, көже-қатығын айыратын бірдеңе тауып қайтады. Имам ағзамның жолы, әйтеуір сауда істеген адам напақасыз қалмайды. Бұл күнде Шәуешекте сауданың етек алғаны сонша, «алыпсатар атын шықсын, алтыға алып, беске сат» деген мәтел де тарай бастаған.

Демежан өз базаршылары — Диқанбай мен оның інісі Қараманды қалың нөпірдің арасынан зорға тауып алды. Бұл — баяғы ауылдарының үстінен шекара сызығы тартылғанда, Ақшоқыдан көшіп келетін Диқанбайдың дәл өзі еді. Кейін сондағы уәде бойынша Керімбайдың аулын қара тартып келген жерінен, Демежан іздеп тауып алып, таяу маңнан өздеріне қолайлы қоныс бергізген болатын. Былтырдан бері Диқанбай — Демежанның бас егіншісі болып жүр. Қазір Боздақтағы бар жұмысты өз қолдарына алып, сол маңнан үлкен зәйімке салуға қолғабысын тигізіп жатқандар да — сондағы жатақ аулының адамдары.

Қысқаша аман-саулық сұрасқаннан кейін, Диқанбай Демежанға шағына бастады.

— Не істейміз, мырза? Базарды мал керіп кетіпті. Саудагерлердің кекірігі азғаны сонша, семіз малды көргенде төніп келеді де, айныған бүркіттей тайқып кетеді. Кешеден бері екі атан өгіз бен бір атты бедекшілерді салып жүріп, орташа бағасына зорға өткіздік, — деді ыстықтан тершіп кеткен маңдайын беліндегі мата белбеуінің бір ұшымен сүртіп жатып.

— Қайтеміз, бір бұйырғаны болар. Сәл арзандау кетсе де, осы әкелген малды қалайда базарлап қайтуымыз керек, — дегеннен басқа Демежан да ештеңе айта алмады.

Демежанның да жай мал иесі ретінде төбе көрсеткені болмаса, саудаға қыры жоқ. Базардың бірде олай, бірде бұлай құбылып тұратын өз заңы бар, оған не айла жасарсың. Бұлар тығырыққа тірелгендей, бір сәт торығып тұрып қалды. Бұл әңгімені Бабалық та тыңдап тұрған. Кенет ол есіне бірдеңе түскендей Диқанбайға жалт бұрылды да:

— Енді қанша малыңыз қалды? — деді керме ағашта байлаулы тұрған ірі қаралар шоғырын көзбен шолып.

— Әлі де бес-алты жылқы, төрт-бес өгіз бар.

— Қап, әнеугүннен бері маған айтқанда, мен бұл жануарларды күнге борсытпай, әлдеқашан орналастырып беретін едім — деп Бабалық жанағы ат, өгіздерді бір айналып шықты. — Әлде де кеш емес, бір амалын табармыз.

— Құдай тілеуіңді берсін. Сөйтіп бір азаматтық көрсетші, айналып кетейін. Сен бізден гөрі қаланың жыртық-тесігін жақсы білесің ғой, — деп Диқанбай да жабысып жатыр.

— Ендеше бағымызды сынап көрейік. Осы қазір малыңызды айдап, менің соңымнан еріңіз.

— Қайда? Қайда апарамыз? Жақын жер ме өзі? — Диқанбай дегбір таппай қалбалақтап қалды. Демежан да жас жігіттің не ойы барын түсінбей, оның бетіне сұраулы жүзбен қарай берген.

— Жел тиірмен жақта Қоянды жәрмеңкесінен келген Сорокин деген орыс көпесі жақыннан бері осындағы жұрттан мал алып жатыр, — деді Бабалық бұларға мән жайды ұғындырып. — Мен білсем, соның оқпаны әлі тола қоймаған шығар. Мынадай түсті, ірі малды ол, сөз жоқ, қағып әкетеді.

— Ой, рақмет, бауырым. Мал сатыла қалса, «сіріңкең» мойнымызда, — деп Диқанбай байлауда тұрған жылқылары мен өгіздерін босатып, інісі екеуі атқа мінуге қам жасады.

Демежан бұдан ары не істерін білмей, өзін мүлде артық адам сезініп, сол орнында тұрып қалған-ды.

— Демежан аға, сіз ол жаққа барып әуреленбей ақ қойыңыз. Ендігісін мына ағай екеуіміз реттейміз ғой, — деді Бабалық оған енді ғана назар аударып. — Тек манағы айтқан менің өтінішімді ұмытпаңыз. Ертең кешке таман үйімізді көріп, келініңіздің қолынан дәм татыңыз.

— Оған қам жеме. Біздің қолдан басқа келмесе де, ас ішіп, аяқ босату келеді, — деп Демежан жас жігітті арқасынан қағып шығарып салды.

Арқасы босап, тынысы кеңіп қалғандай. Демежан өзімен-өзі оңаша қалған соң, базар алаңынан шықты да, ұлықтарға жолығатын бір шаруалары есіне түсіп, ескі жамбылға қарай аяндады. Жол бойы жаңағы Бабалық туралы ойлап келеді. Осы бір жас жігітті бұрын да іштей жан тартып, жақсы көріп жүруші еді, бүгін оған деген ықыласы тіпті арта түскендей. Былай қарасаң, Бабалықтың артында тіреп тұр дейтін елі-жұрты, не ағайын-туысы жоқ, жал-құйрықсыз жалқы жігіт. Бірақ соған қарамастан, өзін қандай батыл, қандай еркін сезінеді?! Мына сапырылысып жатқан қым-қуыт дүние оның бейне өз үйі секілді. Жеке қазақ қана емес, осындағы татар, өзбек, ұйғыр, қалмаққа бірдей сыйлы. Бәрінен де тіршілікке бейімділігін, дүниенің көзін танитын іскерлігін айтсайшы. Міне, бүгін келді де, Диқанбай екеуінің неше күннен бері сарсаңға түсіп жүрген шаруасын бір демнің ішінде тындырды да тастады... Әлде халықтың жаңа легі, ерекше оқшау бітімді жас буыны осы Бабалықтардан басталар ма екен? Ал халық дегеніміздің өзі кім? Ол тек жік-жікке бөлініп, жөңкіле көшіп жүретін рулардан ғана құралуы керек пе? Руға, атаға бөлмей, адам — тек адам ретінде өмір сүруге неге болмасқа?! Мәселен, бұл біреуді жан тартып, жақсы көруі үшін, оның міндетті түрде Төртуыл болуы шарт па екен? Адам тегінде өзінің қай руға жататындығымен емес, бойындағы қасиетіне, қолынан келетін өнеріне, алдына қойған мақсатына қарай бағалануға тиіс қой. Мұның ағайындары осыны неге түсінбейді? Маңайыңа Диқанбай секілді кірмені, қырық темірдің қылауындай қайдағы-жайдағыны жинап алдың деп, көзіне айтуға батпаса да, сыртынан үнемі қыжыртып жүретіні несі?

Қазақтың мінезін өзгерту үшін, алдымен оның кәсібін өзгерту керек деген ой келді Демежанға. Бұрын көшпенділерге жат болып келген әрбір жаңа өнер, жаңа кәсіп адам бойына жаңа қасиеттер дарытуы мүмкін. Мәселен, жаңағы Диқанбай да былайғы мал соңында жүрген көп қазаққа ұқсамайды. Қақ-соқпен жұмысы жоқ. Жер тырмалап егін ексе, еңбегінің жанатынын біледі... Ал Бабалықтың жөні тіпті бөлек. Мына заманда егін екпей, сауда істеп, тиынның көзін танымай тұрып, тіршілік ету қиын. Ли-шансың дұрыс айтады; Көшпенділердің басынан бақ тайып, дәурені өткелі қашан?! Төрт түлік малдың соңына ілесіп көшуден мүйіз шығатын болса, ендігі қазақтың мүйізі қарағайдай болып тұратын еді ғой... Жоқ, енді бұлай кете беруге болмайды. Жаңа кәсіптерді игеру керек. Тегінде халықтың қанын жүргізіп, бойын ширататын осы сауда болуы да ғажап емес. Түбі, бәрімізден жаңағы Бабалық озып жүрмесін.

Демежан осындай ойлардың жетегінде келе жатып, ескі жамбылдың қақпасына қалай кіргенін өзі де аңғармай қалыпты. Ши-амбы кеңседе жоқ екен. Үш-төрт күннен бері қызметке келмей, үйінде ауырып жатыр деген хабар алды. Бұрын бірге қызмет істеген таныс жігіттермен амандасып, енді шығуға бет алғанда, ала көлеңке дәлізде Шихалдаймен соқтығысып қала жаздады. Ол мұны көріп қуанып кеткен түр байқатты.

— О, Демежан мырза, жаңа ғана өзіңді еске алып, қатты іздеп отыр едім, жақсы келдің ғой. Сөйлесетін сөз бар, уақытын болса маған кіріп шық, — деді кабинетіне қарай бейімдеп.

Кабинет деп отырғаны — осындағы «халдайлар кеңесі» деп аталатын ерсілі-қарсылы екі бөлме. Шихалдай қазір осындағы Бас халдай саналады. Былайша, шені үкірдай дәрежелес болғанымен, қоластындағы маньчжур, сібе-солаң ғана емес, кейде қазаққа да үкімі жүре береді. Өкіметтің оң көзі, билік иесі ретінде, қазаққа түсетін алман-салықты, тағы басқа жоғарының әмір-пәрманын осы халдайлар жүргізіп отырады. Шынтуайтқа келгенде, бұл аймақтағы Ши-амбыдан кейінгі екінші адам — осы Шихалдай. Әйтеуір, «үйреніскен жау атысарға жақсы» деп, Керімбай сияқты беделді үкірдайлар кейде Шихалдайды бойларына тоғытпай, Ши-амбымен тіке байланыс жасап жүргені болмаса, өзге көп үкірдай-зәңгілер оның алдында құрдай жорғалайды.

Арық, тарамыс денелі, тал-тал сақалы иегінің астына жарылып біткен, мысық мұрт Шихалдай қазақшаға судай ағып тұр. Демежанға орындық ұсынып жатып:

— Ал, ханзада, төрлет... Сенің бұлай бас сұғуыңның өзі біз үшін үлкен мәртебе ғой, — деп сирек тістерін көрсете шиқылдап біраз күліп алды. Бірақ жылтыраған қысық көздерінде түк жылу жоқ. Мұны өзінше ажуалап, кекетіп отырғаны белгілі.

— Ал қойғанын суып бара жатса келдік, мінеки, — деп Демежан да салқын қабақ танытты. — «Ханзадаң» не айтып отырған?

— Ойбай-ау, Керімбай — қазақтың қарадан шыққан ханы болғанда, сені ханзада демей не дейміз? — деп Шихалдай селдір сақалың тулата, тырқылдап күліп алды.

— Мені табалағаның ба бұл? Амал не, қазақтың қолы хандыққа жетпей қалды ғой. Егер мен шын ханзада болсам, сен бүйтіп мына жерде суырдың айғырындай шақылдап отырмаған болар едің, — деді Демежан да есесін жібермей. — Одан да шақырған шаруаңды айт. Асығыспын.

— Жә-жә... Ренжіп қалдың ба соған да? Менікі жай әзіл ғой, — деп Шихалдай жуып-шайған болды. Сонан соң: — мына бір құжаттармен таныса отыр, — деп қызыл жиекті, жылтыр қағазға басылған әлдебір заң-жарлықтарды ұсынды.

Демежан қағазды қолына алып, көз жүгіртіп қарап шыққан. Кенет қара сиямен баттитып жазылған иероглифтер жыбыр-жыбыр қозғалып, өрмекшідей өріп бара жатқан сияқтанды. Қыр еліне түсетін алман-салық екі есе көбейіпті. Бұрынғы «сары ноқта» салығы мен шөп бажының үстіне енді тағы «қан бажы», «қара шығын» дегендер шығыпты. Жақында осы салықтарды жинау үшін ел-елге адам аттанатын көрінеді...

— Бұл не? Бұл тек қазаққа келген зауал ма, әлде аймақтағы басқа халықтарды да қамти ма? — деді Демежан сұрлана түсіп. Шихалдай әлденеден қуыстанғандай күмілжіп қалды.

— Малға түскен салық қазаққа қаратылады ғой, әрине. Өзін білесін, мәнжу, сібе-солаң, қалмақ қауымына Еженханның ежелден жасап келе жатқан жеңілдігі бар. Олар мұндай салықтардан азат етілгелі қашан, — деді жай келді-кеттісі жоқ, сүйей салды әңгімедей.

— Еженханның сетерлеп ұстайтын сенімді құлы сендер болғанда, шетке қатып, шөміштен қысатыны — біз бе сонда? Қазақ та қазір осы елдің тең хұқықты бұқарасы болған жоқ па?

— Ол жағы енді... Қалыптасып кеткен нәрсе ғой. Өкіметке сендер мал беріп құтылсаңдар, біз жанымызды қиямыз? Осы жүрген мәнжу, сібе-солаң, шахар дегендер — Еженханның тұрақты әскері саналады... Мал жаннан артық емес шығар.

Демежан лықсып келген ашуын зорға басып, мырс етіп күліп жіберді.

Осы сендердің де жан беріп, қан төгіп жатқандарыңды көрмедік қой. Еженханды кімнен қорғап қалып едіңдер соншама?

Шихалдайдың да енді беті ашылып, өз үстемдігін айқын сезінгендей сыздана түсті.

— Қорғамасақ енді қорғаймыз. Баяғы ата-бабаларымыз қорғап келген.... Біреулер іштен бүлік шығарып, не ел шетіне жау келсінші, алдымен барып кеудесін оққа төсейтіндер — мына біз боламыз.

«Әттең, дүние-ай, осы сендермен бір шайқасып, кеуделеріңді оққа қалай төсейтіндеріңді бір көрер ме еді!» деп ойлады Демежан ішінен. Не істеу керек? Соры қайнап, сорпасы төгілген қазаққа тағы бір зауал келіпті. Қазақ — бұл елге кірме. «Қоспа қонақ айырады» дегендей, қашан да кірменің көрген күні осы. Шихалдайдың айтып отырғаны рас: осындағы сібе-солаң, мәнжу-шахарлар — осы жердің иесі, Еженханның сенімді гвардиясы саналады. Бұлардың ер-азаматы жылына екі ай казармаға жиналып, әскери дайындықтан өтіп қайтады. Олар салық төлеу былай тұрсын, сібе-солаң семьясында ер бала туса, өкімет оны айрықша қамқорлыққа алып, қашан ер жеткенше сауға беріп тұрады... Ана жылғы көтерілісті жаныштауда ерекше көзге түскені үшін, бертінде мұндай артықшылыққа қалмақтар да ие болды. Күнкөріс не істетпейді? Азған-тозған ұрпақ нендей сатқындыққа бармайды? Бір кезде дүниені тітіреткен, аты шулы Ойраттар әулеті бұл күнде баяғы өз елін қанға бояп, жермен-жексен еткен ата жауына малай болып, Маншың өкіметінің ештеңеден тайынбайтын жалаң қылышына айналып отыр.

Демежан бұл арада Шихалдаймен тәжікелесіп отырғысы келмеді. Қағазды өзіне қайтарып берді де:

— Бұл мәселені әлі де анықтау керек. Бәлкім, бұл жоғарғы ұлықтан келген пәрмен емес, халдайлардың ойлап тауып жүрген қитұрқысы ма, кім білсін. Алдымен Ши-амбының алдынан өтпей тұрып, салық жинап шабылатын жайымыз жоқ, — деп орнынан тұрды да жүре берді.

Көшеге шыққанда бетін әлдене шалып кеткендей болды. Қазір шілденің ортасы ғой, әуе айналып жерге түскендей күн қатты ысып тұр екен. Талма түс кезінде күн көзі аспан төріне шығып алып, төңіректі төстіктей қақтап, шыжғырып тұр. Демежан көшенің көлеңке жағына шығып алып, өзі түскен ұйғыр досы Әсенажының үйіне қарай ақырын аяндап келеді. Күннің ыстығына іштегі қыжыл қосылып, пысынап терлей бастаған. Әншейінде көшеде қайшыласып жүретін бержабай да кезіге қоймады. Бір ауық өзінің осы жүрісіне ызасы келді.

«Салқын жайлауда бағланның, етін жеп, қымызға бөртіп, Бибінің қасында шалқалап жататын адаммын ғой. Ит байласа тұрғысыз қаланың мына қапырығына мені қай құдай айдап келді екен? Елден ала бөтен егін салып, үй тұрғызып, басыма артық бейнет тауып не азабым бар еді? Осы қазақты ұшпаққа шығаратын мен бе сонда? Кім біліп, кім бағалап жатыр сенің осы жанталасып жүргеніңді?».

Көз алдынан Шихалдайдың сығырайған бітік көзі, мысық мұрты, шиқылдаған сүйкімсіз күлкісі кетпей, қанша ұмытайын десе де әлсін-әлі ойына орала берді. Солар ел үстінен қарайтын ақсүйек, төтенше хұқықты өкімет өкілі саналған соң, бұл тағдырға не шара?! Бір елге кірме, екінші сортты адам болудан ауыр не бар екен бұл жалғанда.

Кенет оның ойын таяу маңнан шыққан әлдебір дауыс бөліп жіберді. Біреу мұның атын атап шақырғандай болған. Бұрылып қараса, көшенің арғы бетінде Ли-шансың тұр екен. Басында шиден тоқылған даңғарадай шляпасы бар... Демежан қуанып кетіп, солай қарай аяндады. Бұл күнде жасы алпысқа таяп қалған Ли-шансың әлі сол бұрынғы қалпы: сақал-мұртсыз, шаш-айдарсыз, тап-тақыр, жып-жылмағай. Тек әдейілеп жіті көз салған адам ғана бетіндегі әжім іздерінің тереңдей бастағанын, бұрынғысынан сәл жүдеу тартқанын байқар еді. Екеуінің көктемнен бері көрісіп тұрғаны осы болатын. Шұрқырасып қалды.

— Иә, қашан келдің?—деді Ли-шансың мұнын бас-аяғына көз жіберіп. — Ауыл саған жағыпты, толыса бастапсың.

— Қалаға келгеніме екі-үш күн болды. Сатуға біраз мал айдатып едім, соның шаруасымен жүрмін.

— Қалай, үй бітейін деді ме?

Ли-шансың Демежанның Боздақта үй салдырып жатқанын білетін-ді. Көктемде жаңа үйдің жобасын сызып, іргетасын қойғанда, басы-қасында болып қайтқан.

— Сол үйдің әуресі де баяғы. Қабырғасы қаланып болды. Енді асты-үстін жабатын тақтай, тағы басқа жабдықтар керек. Қысқа дейін бітсе тәуір болар еді, — деді Демежан жабырқау үн қатып.

— Өзіңнің қабағың пәс қой. Бірдемеге ренжіп жүрген жоқсын ба?

— Жай, үйреншікті нәрсе ғой. Жаңа Шихалдаймен ұшырасып қалып едім. Сол ит тұнығымды лайлап кеткені.

— Бәсе, өзім де солай болар деп ойлап едім. Халдайлардың жүрген жері сол ғой қашан да. — Ли-шансың Демежанды қолтықтап алды. — Қазір қолың бос па? Жүр, ендеше екеуіміз менің лашығыма барып, асықпай отырып бір әңгімелесейік.

Демежан қарсы болған жоқ, қайта мұңдасарлық кісі табылғанына қуанғандай ұстазының соңынан ілесе берді. Екеуі әрнені әңгіме етіп, көше жағалап келе жатқан. Кенет таяу маңнан баж еткен дауыс шықты да, іле-шала Ли-шансыңда:

— Қап, өлді-ау ана пақыр! — деп қалды.

Демежан да солай қарай жалт бұрылған. Жанағы бір әлетте көшенің оң жақ қапталында екі қолына бірдеңе ұстап, қалтаңдаған бір шиаяқ кетіп бара жатқан сияқты еді. Соны арт жағынан өте берген бір арба абайсызда қағып кетіпті. Әртүрлі көкөніс салған себеті төңкеріліп, әйелдің өзі баж-баж етіп орнынан тұра алмай жатыр. Ли-шансың ұмтылып жеткенше, қасынан өткен біреулер қолтығынан демеп тұрғызып жіберді. Өзі егде тартқан, жардай семіз әйел екен. Анадай денені анадай аяқтың қалай көтеріп жүргені белгісіз. Әр халықтың басқа жұрт алдында өрескел көрінетін кейбір сорақылықтары болады ғой. Мына шиаяқтар да соның бірі еді. Сондықтан Демежан өзі сыйлайтын қытай адамының алдында бұл көрініске мән бермеген, елемеген сынай танытты. Бірақ Ли-шансың қатты назаланып келеді екен:

— Әлемге әйгілі үлкен халық бола тұра, осы бір масқаралықтан арыла алмай-ақ қойды-ау! — деді өзіне-өзі тіл қатқандай. — Біздегі ақсүйектер әулетінің артына қалдырған бір қайғылы мұрасы осы.

Енді Демежанға да бірдеңе айту керек еді.

— Сіздің елде әйелдердің аяғын танып, қолдан кішірейту қашан шықты екен? Бұл өзі қай дәуірден келе жатқан үрдіс? — деді жай сөз сырағысы ретінде.

Ли-шансың сәл ойланып қалды да:

— Мұның тарихы тым әріде жатыр. Жанылмасам, сонау Таң дәуірінде басталған болуы керек, — деп бастап, шиаяқ бикештердің арғы шығу төркінін таратып кетті.

Иә, сол Таң дәуірінде бір императордың жұрттан асқан керемет сұлу әйелі болады. Ол сұлудың өзге сұлулардан бір артықшылығы, дүние жүзіндегі ең сүйкімді, кішкене аяқ жаңағы әйелге біткен екен. Аяғы — небәрі жеті жасар баланың аяғындай, өзі сәл жел тұрса құлап қалатындай аса нәуетек, нәзік болыпты. Даңқы шыққан осы әйелден кейін-ак императорлар үйленгенде, канизактар гареміне сұлулар жинағанда, ең алдымен қыздардың аяғына қарап, соның ең кішкентайын таңдайтын болған. Императордың назарына ілігеміз бе деп үміттенген сарай маңындағы ақсүйектер содан былай қыздардың аяғын танып, қолдан кішірейтуге көшеді. Бұл дәстүр бірте-бірте бүкіл елге жайылып, шиаяқ қыздардың бағасы қатты көтеріледі. Өзін ақсүйек санайтын ауқатты адамдар, шамасы келсе, шиаяқ әйелге үйленгісі келеді... Міне, сол дағды ғой, осы күнге дейін қалмай келе жатқан.

— Ал қыздардың аяғын қолдан кішірейту — тұрған бойы азап, — деді Ли-шансың әңгімесін жалғастырып. — Ол үшін бес-алты жасқа толған қыздың аяғын мақтамен, шүберекпен Орап, ағаш не сірі қалыпқа салады да, тас қылып танып тастайды. Аяқтың сыздап ауырғанына, баланын шырқырап жылағанына ешкім құлақ аспайды. Ақыры қан айналысы нашарлап, аяқтың еті өліп, ауырғанын қояды... Оның есесіне шиаяқ қыздар өтімді. Оларға қолы жеткендер күні бұрын құда түсіп, қырылысып қала жаздайды.

— Неткен қаталдық! — Демежан қарадай тітіркеніп кетті. — Бұл енді сап-сау адамды жарымжан етіп, көпе-көрінеу мүгедекке айналдыру ғой. Мұндай әйелдер қатты қайырым жұмысқа жарамайды емес пе?

— Қайдағы жараған?! Бірдемені екі қолына тең ұстамаса, олар оп-оңай жығылып қалады. Мұның өзі әу баста әйел ауыр жұмыс істемесін, жұмыс істеуді былай қойып, адымын керіп қатты жүгірмесін, тек еркек ләззатының құрбандығы ғана болып қалсын деген нәпсі құмарлықтан туған нәрсе ғой, — деп Ли-шансың терең тыныс тартты. — Екі қолын алдына сыйдыра алмай іші пысып отырған император мен тоқшылықтан кекірігі азған сарай маңындағы алпауыттарға не керек? Оларға ең алдымен тән құмарын қандыратын осындай қуыршақ әйелдер керек. Сонан соң ешбір қарсылық көрсетпей, айтқанына көніп, айдағанына жүретін момын, мәңгүрт жұрт керек. Әйелдің жастай аяғын таңып тастаса, халықтың санасына саңылау енгізбей, ақыл-ойын буып ұстайды... Енді түсінікті ме?

Демежан «түсіндім» дегендей басын изеді. Бұлар жайма базарынан бір-екі орам төмен түсіп, «Қытай базары» деп аталатын көлденең көшеге қарай бұрылған. Араның ұясындай нағыз таршылық қаланың осы жағында болатын. Көшенің екі қапталы бірдей қаз-қатар тізілген жайма-дүкендер, құжынаған құжыралар. Бұл көше негізінен, ішкергі өлкелерден ауып келген қытайлар мекені. Есігі бірден көшеге шығатын ауыз үйлерін дүкен-жаймаға айналдырып, суырдың ініндей түпкі үйлерінде бала-шағасымен өздері тұрады. Бұлардың арасында: ішкеріде әлдебір бүлікке қатысқаны үшін Цин өкіметі тарапынан жер аударылған саяси сенімсіз «чампандар» да, жай кәсіп іздеп өз аяғымен ауып келгендер де аз емес. Олардың көпшілігі осындай бақалшы, ұсақ саудамен айналысса, екінші бір бөлігі қаланың шет-шетінен жер үй қазып алып, әртүрлі көкөніс-сәй егіп күн көреді. Бұлардың сыртында етікшілік, ағашшылық, шыны-шәйнек шегелейтін түрліше қол өнермен шұғылданатындар да бар.

Ал ішкі өлкелерден күшпен жер аударылған қытайлардың тұрмысы тым ауыр еді. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, үнемшіл төзімділігімен ғана қиыншылыққа шыдап келеді. Әлі орын, кәсіп таппаған панасыздары қаншама. Ауып келгендердің ішінде қыстың күні Тарбағатайдың сақылдаған сары аязына шыдамай, көшеде серейіп қатып қалғандарды Демежан өз көзімен талай көрген. Сол шақта: «байғұс, өз жерінен ауған елдің күні осы ғой қашанда» деп, әлгілерге жаны ашып, көкірегін мұң торлайтын-ды.

Ли-шансыңның пәтері жаңағы көп жайма-дүкендердің қатарында, ішке елеусіз тар есіктен кіретін, екі бөлмелі шағын ғана үй болатын. Бұлар сол тұсқа таман келгенде, тағы бір көріністің куәсы болды. Қолдарына найзалы мылтық ұстаған екі шерік алба-жұлба киінген он шақты қытайды алдарына салып айдап барады екен. Кейбіреулері жалан аяқ, енді біреулерінің сүйретіп киіп алған шүберек шоқайлары бар. Сәл ілесе алмай кейіндеп қалғандарын шеріктер мылтықтың дүмімен түйгіштеп, кейде аяқтарымен теуіп тықсыра түседі.

— Мыналарды, сірә, жаңа қамалдың құрылысына айдап бара жатыр-ау, — деді Ли-шансың әлгілердің соңынан қарап тұрып. — Қой, құрысын, үйге кірейік. Көшеге шықсаң болды, қалайда бір қайғылы көрініске тап боласың. Айналаң толы азап пен тозақ, тіпті қашып құтылатын жер жоқ.

Алдында кішкентай верандасы бар, тап-тұйнақтай екі бөлмелі үйде Ли-шансың жалғыз тұрады. Әйелі ертеректе қайтыс болған. Ауыз жағындағысы — ас ішетін, жататын бөлме де, түп жағындағысы — кішілеу кітапхана. Үй иесі кішкентай ошаққа шай қойып, шөп-шалам турап әлекке түсіп жатқанда, Демежан түпкі үйге кіріп, қаз-қатар тізіліп тұрған кітаптарды тамашалады. Әр дәуір, әр ғасырда шыққан түрлі-түрлі басылымдар. Көпшілігі көрінгеннің тісі бата бермейтін қытайдың көне жазуымен шыққан дүниелер. Ара-арасында ағылшын, орыс тілінде басылған кітаптар да ұшырасады. Төменгі бір сөресінде ішкеріде шығатын газет-журнал тігінділері орын алыпты. Демежан басқаларына таңырқаған жоқ, Омбыдан қазақ тілінде, араб әрпімен шығатын «Дала уалаяты» деген газеттің тігіндісін көргенде аузын ашып қалды.

— Ли-шансың, сіз мынадай да газет алып тұрады екенсіз-ау, — деді түпкі үйден таңырқай дауыстап.

— Нені айтасың?

Демежан жаңағы газеттің бір данасын алып, бері беттеп келе жатқан. Үй иесі қарсы жолықты да:

— Ә, мынаны айтасың ба? Мен бұл газетті оқи бастағаныма бес-алты жылдай болып қалды, — деді күле тіл қатып. — Бұдан бұрын ол жақта «Түркістан уалаяты» деген газет шығушы еді. Кейін ол тоқтап қалды да, осы «Дала уалаяты» шыға бастады... Осыған жазылуға кезінде консул Балкашин көмектесіп еді. Жаны жайсаң, жақсы адам еді той марқұм.

— Ал бұған енді жазылуға бола ма?

— Неге болмасын, болатын шығар.... Ол үшін Борнеманға кіруің керек. Жаңа консулмен қалай едің? Таныстың ба?

— Бір-екі рет көргенім бар. Бірақ баяғы Николай Никоноровичтай қайдан болсын. Мынау бір немістің бароны дей ме... Пенснесі жалтылдап, шеніне келтірер емес тіпті.

— Дегенмен, биыл күзде мына газетке жазылып қал, — деді Ли-шансың қазан-аяқ жаққа қайта оралып. — Жақсы газет: Ресей мен Қазақ даласындағы жаңалықтарды үзбей жариялап тұрады. Тегінде, қазақтың «Қара шаңырағы» сонда ғой. Сендерге ол елдің өмірінен көз жазуға болмайды.

Ли-шансың ауыз үйдегі дөңгелек үстелдің үстіне жұмсақ қалаш турап, әдемілеп кесілген әртүрлі сәй қойып, шай құя бастады. Сонан соң қаралдысы оймақтан аз-ақ қалқыңқы екі рюмка әкеліп, құм шөлмектен сыздықтатып арақ құйды.

— Өзін білесің, мен апиын тартпаймын, — деді Демежанға қарап. — Бірақ жаңағыдай жүйкеге тиер жайларды көргенде, осыдан аздап ұрттайтыным бар. Көп емес, анда-санда ғана. Бүгін сенің де қабағын келіспей тұр екен... Түк етпейді, мынадан ептеп алып қой.

Екеулерінің де ыстық шайға маңдайлары жіпсіп, шөлдері қанып, жадырай бастады. Көбінше әңгіме бастап отырған Ли-шансыңның өзі.

— Мінеки, өзін көрген сол баяғы үйде тұрып жатырмыз, — деді қолындағы қос шырпымен шаштай жіңішке туралған лобының бірнеше талын іліп алып. — Ши-амбыға айтып, бұдан гөрі кеңірек үйге шығуға болушы еді. Бірақ не көрсем де өз отандастарыммен бірге көрейін деп, осы көшеден кеткім келмеді. Қолымда үлкен билік болмаса да, олар мені кәдімгідей ес көреді. Қысылғанда ақыл сұрап, мұңдарын шағып, келіп-кетіп тұрады.

— Сіз білмедіңіз бе, Ши-амбыныкі не науқас екен? Бірталайдан бері кеңсеге келмей, үйінде ауырып жатқан көрінеді ғой, — деді Демежан есіне өзінің бір шаруалары түсіп.

— Білмеймін, сол лаухан кейінгі кезде маған ұнамай жүр, — деп үй иесі жымиып күліп қойды. — Бәлендей алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ, өзінін үйреншікті дерті-ау деймін... Кезінде апиынды көп тартты ғой, содан жүрегі нашарлаған болуы керек.