05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Қағытпа қалжыңдар


Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың жұртқа танымал қалың-қалың кітаптарынан басқа, әр кезде жора-жолдастарына табан астында тауып айтқан қағытпа қалжыңдары да аз емес. Біз бүгін ел аузында «Қабдеш айтыпты» деп таралып жүрген сондай мерген сөздердің кейбіреуін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 1996 жыл, 21 мамыр

Ұлдарың аман болса...

Қабдеш ағамыздың бес баласы бар. Алдыңғы төртеуі — ұлдар, кенжесі — қыз. Сәуле жеңгеміз алғашқы екі ұлдан кейін-ақ өзіне қолғанат болатын қыз күте бастаса керек. Әсіресе, төртінші құрсақ көтергенде, тәуіпке бал ашқызып, қатты дәмеленіпті. Алайда, бұл жолы да тәуіптің айтқаны орындалмай, ұл келіпті дүниеге. Осы хабарды естігенде, жазушы перзентханада жатқан әйеліне мынадай хат жолдаған екен:

— Бәйбіше, қыз таппадым деп қапаланба. Ұлдарың аман болса, түбі осы қазақтың біраз қызы біздің үйге келеді! — деп жеңешемізді жұбатыпты.

«Өз еркімен қосылу»

Сексенінші жылдардың басында Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуының 250 жылдығы тойланып жатқан кез. Бір күні газет редакторларының бірі Жұмаділовке телефон соғып, осы айтулы мерекеге арнап мақала жазып беруін сұрайды.

— Жазар едім, бірақ мен бұл тақырыпты жақсы білмеймін ғой, — дейді жазушы құлқы соға қоймай.

— Қалайша?! — редактор таңдана қалса керек.

— Мақаланы осы оқиғаның басы-қасында болған жігіттерге жаздырыңыз. Ал менің Ресейге «өз еркіммен» қосылғаныма небәрі жиырма-ақ жыл болды, — депті Қабдеш.

Күдікке орын жоқ

Қабдеш ағамыздың әдебиеттегі қалам сілтесі ғана емес, сырт келбетінде де ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті еске түсіретін белгілер аз емес. Осы ұқсастығы үшін, Әуезов мүсінін жасаған Төлеш Досмағамбетовке талай рет «натурщик» болғаны да бар. Бұл аз болғандай, көшеде кездескен кейбір бейтаныстар да жазушыны тоқтатып:

— Кешіріңіз, Сіз Мұхтар Әуезовтың баласы не туысы емессіз бе? — деп сұрай беретін көрінеді. Ондайларға Қабдеш:

— Жоқ, біз туыс емеспіз, жай ғана жерлеспіз, — деп сыпайы жауап береді екен.

Бір күні жаңағыдай әуесқойлардың бірі «жерлеспіз» дегенді өзінше жорып:

— Ауылдарыңыздың арасы тым жақын болған-ау, шамасы? — депті жүзіне жымысқы күлкі жүгіріп. Сонда жазушы:

— Сіздің көмейіңізді түсіндім. Бірақ оңдай күдікке орын жоқ. Мен осыңдай әңгіменің боларын біліп, әдейі үстінен құстан басқа ештеңе өте алмайтын шекараның ар жағында туып келгенмін! — депті әлгіге.

Плебей болғым келмейді

Қабдеш Жұмаділов ұзақ жыл баспа саласында қызмет атқарған. «Жазушы» баспасында он жыл, мемлекеттік баспалар комитетінде бес жыл. Бірақ өмірі үш кісінің үстінен қарап көрмеген ағамыз «аға редактор» деген басқыштан ары аспапты. Содан бір күні жазушылық даңқына қызмет дәрежесі сай келмейтін болған соң, бастығына: «мені өз өтінішім бойынша жұмыстан босатсаңыз екен» деп арыз жазыпты.

Сол кездегі Баспалар комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукенов арызға бірден қол қоя салмай, Қабдешті кабинетіне шақырып, жөн сұрайды:

— Қартайып тұрған жоқсың. Қызметтен кеткенің қалай? Әлде бізге өкпең бар ма? — десе керек.

Сонда қалайда қызметтен кетуді ойлаған Қабдеш сөз аяғын әзілге айналдырып:

— Маған бірегей қызмет бермедіңдер, плебей болып менің жүргім келмейді. Сірә, мен осы аға редакторлықтан түсіп қалмай тұрғанда, қызметтегі карьерамды аяқтағаным жөн шығар, — депті. Сөйтіп, жазушы осыдан көп жыл бұрын кеңсе қызметімен қоштасып, өзінің жазу үстеліне біржола оралған екен.

Қисық шегелер

Баспа редакторларының кейде жоғарының нұсқауымен жоспарға кіріп қалған нашарлау қолжазбаны да ілдебайлап шығаратыны болады. Бір жолы Қабдеш ағамызға да сондай бір «шығарма» тап болып, жұмысы ілгері баспай, әбден шаршап отырса керек. Сондай бір сәтте әжептәуір мансабы бар қолжазба авторы телефон соғыпты. Қысқаша аман-саулықтан кейін:

— Қалай, менің кітабымды қарап болдыңыз ба? — депті лауазымды автор дауысын қоюлатып.

— Сыдыртып оқып шығатын дүние болса, әлдеқашан бітетін еді. Бірақ сіздікі ондай жеңіл шығарма емес қой, — дейді Қабдеш екі ұштылау жауап беріп.

— Иә, қалай екен? — депті оның сөзін өзінше ұққан автор әлденеден дәмеленіп:

— Сіздің сөйлемдеріңіз сөйлем емес, ескі тақтайдан суырылған бір дорба қисық шеге секілді. Оны оқушы қажетіне жарату үшін, әр сөйлеміңізді төске салып түзету керек... Жұмыстың неге жүрмей жатқаны енді түсінікті болар, — депті Қабдеш.

Аққұба жігіттер

Қабдеш Жұмаділов пен Рамазан Тоқтаров — көп жыл бірге қызмет істеген, әрі әзіл-қалжыңдары жарасқан дос адамдар. Бұлардың үнемі бірге жүретінін байқаған аға жазушылардың бірі:

— Осы сендер қашан көрсем жұптарың жазылмай, қос қоңыр боп бірге жүресіңдер. Екеулерің егіз емессіңдер ме? — деп сұрап қалыпты. Сонда Қабдеш ағамыз:

— Мына Рақаңның нендей ойы барын кім білсін. Ал мен Рамазанның қасында сәл де болса аққұбалау боп көріну үшін жүрмін, — деп жауап берген екен.

Пайдалы кеңес

Жастары құрбы бір топ жазушы жалғанды жалпағынан басып жүрген кездерінде, бір жылы Сайын Мұратбеков «соқырішегін» алдырып, біраз уақыт қатардан шығып қалады. Табиғатынан сырбаз Сайын әбден айыққаннан кейін де дастарқанға сұғынбай, «ойбай-ау, менің соқырішегім бар ғой» деп тартына беретін көрінеді. Сонда құрдасы Қабдеш:

— Осы сенің «соқырішегің» нешеу? Біреу болса, одан құтылдың емес пе? Тегінде, темір екеш темір де «сваркіленген» жерден сынбайды. Қорықпа! — деп қорғанып қалған досын қатарға қосып алған екен.

Дутардың үні

Қабдеш Жұмаділов ұйғырдың атақты жазушысы Хизмет Абдуллинмен он жылдай бір үйде есікпе-есік көрші тұрған. Жаңа үйге алғаш көшіп түскен күні-ақ Хизмет ағамыз Қабдешке:

— Қазы-қарта — сізден, мәнті мен лағман — бізден. Шақыртусыз-ақ кіріп-шыға береміз. Келістік пе? — дейді.

— Келістік, Хизмет-ака. Солай-ақ болсын!

Шынында да солай болады. Көп өтпей-ақ екі үйдің аяқ-табағы араласып кетеді. Бір күні Хизмет көршісінің төрінде ет жеп отырып:

— Мен ғой жылқы етінің иісін сонадайдан сезіп, сенің үйіңе дер кезінде келе қоям. Ал сенің танауың мәнтінің иісін жөнді айырмайды-ау деймін, — депті ұйғырдың қуақы қалжыңына басып. Сонда Қабдеш:

— Оған алаң болмаңыз, Хизмет-ака. Менің танауым осал болғанмен, құлағым түрік. Достарыңыз жиналғанда сіз үнемі дутар тартасыз. Сол дутар үні шыққанда, мына жақтан мен де бара қоямын ғой, — депті.

Мырзалық пен сараңдық

Өткен доңыз жылы Қадыр Мырзалиев алпыс жасқа толып, М. Әуезов атындағы драма театрында салтанатты кеш өткен. Жиналыс соңынан ақынның «Шық бермес Шығайбай» атты спектаклі көрсетілді. Бір топ жас әдебиетшілер ойын біткеннен кейін де тарай қоймай, той иесін күтіп тұрады. Тойдан кейін бір мезреті бола ма дейді ғой, баяғы. Әлгілер бір кезде киініп кетіп бара жатқан Қабдешті көріп қалып:

— Қабеке, сіз Қадырмен көрші тұрасыз ғой. Банкетке қарамай, қайда кетіп барасыз? — депті әдейі сыр тартып. Сонда Қабдеш жүре тіл қатып:

— Әй сол банкетіңіз бола қояр ма екен... Ағамыздың фамилиясы — Мырза Әлі. Жазған шығармасы — «Шық бермес Шығайбай». Бүгін мырзалық пен сараңдықтың қайсысы жеңерін кім білсін?! — деген екен. Осыдан кейін жігіттер де жан-жаққа тарай бастаса керек.

Пайғамбар күйеуін неге сыйлаған?

Жазушының елінен қыз алған бір күйеу әлдебір отырыста үлкендерден озып, төрге шығып кетіпті. Онымен де қоймай, «бұл қалай» дегендерге:

— Пайғамбар күйеуін сыйлаған ғой! — деп уәж айтатын көрінеді. Пайғамбар аты шыққан соң, былайғы жұрт басылып қалады. Сол сәтте Қабдеш әңгімені қайта тірілтіп:

— Пайғамбар күйеуін сыйласа, күйеубаласы араб әскерінің бас сардары Әзірет Әлі болған соң сыйлаған шығар. Шырағым-ау, дәстүрді аттап, тойтаңдап төрге шығатындай сен кім едің? — депті әлгіге.

«Соңғы көштің» соңы

Соңғы жылдары Монғолия жерінен атажұртқа қоныс аударған әдебиетші жігіттердің бірі Қабдеш Жұмаділовке сәлем бере келіп:

— Қабеке, Сіз алпысыншы жылдары Қытайдан бері бет алған көшке «Соңғы көш» деп ат қойып едіңіз. Мына тоқсаныншы жылдардағы біздің көшті қалай атайсыз? — депті әдейі сынағандай. Сонда Қабдеш бөгелмей:

— Бауырым-ау, қазақтың көші бір жылда бітуші ме еді?! Сендердің көштерің де — сол «Соңғы көштің» соңы емес пе? — деп жауап берген екен.

Өмір мен көмір

Совет дәуірінде баспаға түскен қолжазбаны кемінде екі кісіге оқытып, сараптаудан өткізетін салт болушы еді. Сол үрдіс бойынша «Жалын» баспасы Қ. Жұмаділовтің әйгілі «Атамекен» романын бір қаламгерге жабық рецензияға беріпті. Бірақ Қазақстандағы көмір кендерінен очерк, романдар жазып жүрген жаңағы автор қолжазбадан көптеген идеялық ақаулар тауып, «Мына қалпында кітап етіп шығаруға жарамсыз» деген үкім айтыпты. Сонда Қабдеш:

— Бұған таңданатын не бар? — депті баспадағы жігіттерге. — Мен өмір туралы жазсам, ол көмір жайында жазатын кісі. Біздің көзқарасымыз бір жерден шығуы мүмкін бе?!

Мал тапқыш ақындар

Бір мүшайра кезінде талантты, тәуір ақындардың бірі жағымпаз, ұраншыл өлең оқып, бәйге алыпты. Бірақ оның бұл қылығын Жұмаділов ұнатпай, бір жолыққанда бетіне басса керек. Ақын өз мінін мойындай тұра:

— Ұлы Абайдың өзі «есектің артын жу да, мал тауып кел» деген жоқ па еді? Бұл да — күнкөрістің қамы ғой, Қабеке! — деп өзінше уәж айтыпты. Сонда Қабдеш:

— Иә, Абай дұрыс айтқан. Есектің артын жуып, мал табуыңа мен де қарсы емеспін. Бірақ, есте болатын нәрсе, есектің артын өлеңге жуғызуға болмайды! — деген екен.

Орындалуы оңай шарт

Қабдеш Жұмаділов алпыс жасқа толғанда Үржар ауданының Қаратұма ауылында тұратын жерлестері жазушыға телефон соғып:

— Қабеке, ауылымыздағы орта мектепке сіздің атыңызды қоюды ұйғарып едік. Аудандық маслихат «ондай құрмет көзі тірі адамға жасалмайды» деп, біздің ұсынысымызды бекітпей отыр. Енді не істейміз? — деп ақыл сұраса керек. Сонда Қабдеш ағамыз:

— Ой, жігіттер-ай, соған бола несіне қиналасыңдар. Маслихаттың қойып отырған талабы қолдан келмейтін, оншалық қиын нәрсе емес екен ғой. Енді бір жиырма-отыз жыл күтсе, ол шартты да толығымен орындаймыз! — деп жерлестерін жұбатыпты.

Ең ақырғы атақ

1998-жылы Қабдеш Жұмаділовке «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атақ берілгені белгілі. Арада бірнеше ай өткенде, бір танысы жазушыға телефон соғып:

— Қабеке, естідіңіз бе? «Халық жазушысы» деген атақ бұдан кейін ешкімге берілмейтін болыпты. Демек, мұндай құрметке ие болған соңғы жазушы сіз болдыңыз! — депті шүйінші сұрағандай. Сонда Қабекең ойланбастан:

— Бәсе, солай болатын-ақ жөні бар. Баяғыда Мухаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Бұдан кейін бұл дүниеге пайғамбар келмейді. Ең соңғы пайғамбар — менмін» деген екен. Алланың досы, сол дәнішпан пайғамбарымыз айтқандай, менен кейін халық жазушысы тумайтынын жоғарыда отырғандар білген болар, сірә! — деп жауап беріпті.

Әттең, аңғалдық-ай

Бірде жазушы Әкім Тарази қаламдас досы Қабдешке келіп:

— Атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы бір құжатты хикаят жазып едім. Соны журналдан оқыған біреулер: «Жазушы сізді ішкіш біреу етіп көрсетіпті. Кейіпкер болуға келіспеңіз» деп ағамызды айнытып тастапты. Енді, міне, шыққалы жатқан жинақтан сол хикаятты алып тастауға тура келіп тұр, — деп кәдімгідей мұң шағыпты. Сонда Қабдеш Жұмаділов:

— Әттең, аңғалдық-ай! «Батыр — аңғал» деген сол ғой. Бигелдинов — батыр атағын екі рет алған кісі. Демек, аңғалдығы екі есе деген сөз. Ондай адамға өкпелеуге бола ма?! — депті күле тіл қатып. — Ал, сен хикаяттың бағын байлама. Кейіпкердің атын өзгерт те, кітапқа жібере бер. Оқырман оның кім екенін өздері-ақ танып алады, — деп кеңес беріпті.

Жазушы бойжеткен қыз емес

Қабдеш Жұмаділовтің жаңа хикаятын журналдан оқыған таныс әдебиетші жазушыға хабарласып:

— Қабеке, мына шығармаңыздың тұздығы тым ащылау көрінеді. Төрде отырған төрелер ұнатпай қалып жүрер ме екен?! — депті өзінше жанашырлық танытып. Сонда Қабекең:

— Ұнатпаса қайтейін? Жазушы бойжеткен қыз емес қой — көрінгенге ұнағысы келіп тұратын! Бет-бейнесі қисық жандар айнаға өкпелемес болар, —деп жауап беріпті.

Күлдірудің қиыны-ай

Жазушы бірде «Тамашаның» ойын-сауық кешінен шығып келе жатып:

— Қазіргі қазақ қалжыңбастарының көрген күнін итке берсін! — депті қасындағы жолдасына.

— Неге олай дейсіз?

— Мен бұрын бұлар сахнада әртүрлі анайы әрекетке неге барады деп сөгуші едім. Сөйтсем, бәрі көрерменге байланысты екен ғой. Біздің көрермен жеңіл қалжың, астарлы әзілге бүлк етпейді екен. Содан шойын бет көрерменді күлдірем деп, әлгі байғұстар не істемейді: бақырады, шақырады, билейді, секіреді, бірін-бірі түйгіштеп қытықтайды. Зал сонда да міз бақпай отырып алған соң, қарқылдап, ішектері қатып, әртістердің өздері күледі екен... Осы біздің халық күлуді қойған-ау, сірә?!

Менің өз партиям бар

Ай сайын жаңа партия құрылып жатқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында партия құрушы сондай бір топ Қабдеш Жұмаділовке келіп:

— Біздің партиямызға мүше болыңыз. Тіпті болмаса ынталы топтың құрамына кіріңіз! — деп қолқа салыпты.

— Кешіріңіздер, менің өз партиям бар. Басқа партияға кіре алмаймын! — депті жазушы.

— Біз естімеген ол қандай партия? — деп әлгілер аңырап қалса керек. Сонда Қабекең:

— Менің ондаған кітабым, өзім сомдаған жүздеген кейіпкерлерім бар. Олар — өз алдына бір партия, дербес мемлекет. Мен соларды басқарып алсам да аздық етпейді, — деген екен.

ҚҰРДАСТАРҒА ДОСТЫҚ ӘЗІЛ

Ілия Жақановқа

Бұл Ілия әнін зерттеп Арқаның
Жырға қосқан «Толағайын», «Балқанын».
Содан бір кез киіп жүрді сән үшін
Қырғыздың ақ қалпағын.
Енді, міне, мініп алып қайыққа,
Тартып кетті «Еділ менен Жайыққа»
Алматыға қайтпас па екен, япырау?
Қайта қоймас, беталысы — Атырау!

Асанәлі Әшімовке

Майрадан соң алғашқы
Жас тоқалдар жалғасты.
Сөйтіп жүріп самайды
Қырау емес, қар басты.
Жетпіске жасы жеткесін,
Жігіттік желік біткесін,
Бағдат қойды нүктесін.
«Асанәлі-екінші» кеп өмірге,
Тоқтау салды көңілге.

Өмірұзақ Айтбаевқа

Қазақ тілі қоғамы,
Мәртебесі жоғары.
Ширек ғасыр шеру тартып жүрсе де,
Нәтижесі жоқ әлі.
Сайлау сайын сынақ алып, әйтеуір,
Ұлықтарды бір састырып қояды.
Бейбіт қатар өмір сүріп келеді,
Осылайша қазақ тілі қоғамы.

Бас банкирге

Басында бәнкіміздің шала қазақ,
Жаңа ақша шығарыпты алабажақ.
Көрден шыққан қолдай боп зәреңді алар,
Жайылған алақаны — санаға жат.
Теңгелерім орысша шүлдірлеп тұр,
Ел қашан бодандықтан болады азат?