05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Әкім мырзаға ашық хат






(Шығыс Қазақстан облысының әкімі Талғатбек Абайділдин мырзаға)

Қадірменді Талғатбек Жәмшитұлы!

Өзіңізге мәлім, Сіз бен біздің таныс-біліс болғанымызға бәлендей көп уақыт өткен жоқ. Ашығын айтсам, сіздің аты-жөніңізді алғаш естігенім былтыр ғана. Шығыс Қазақстан облысын жеті жыл бойы жеке билеген Виталий Метте басқа қызметке ауысып, оның орнына Абайділдин деген азамат келіпті дегенді естігенде, «япырай, кімде болса өзіміздің қара көздің отырғаны дұрыс болды-ау» деп жұрт қатарлы қуанғаным есімде. Кейін білдім, сөйтсем сіз де кезінде Меттенің оң қол орынбасары болған, сол командадағы адам көрінесіз.

Сізді алғаш рет көруім өткен жылдың қыркүйегі. Дулат ақынның 200 жылдық мерейтойы кезінде Аягөзде ұшырастық. Ақынның Ақшатаудағы кесенесі ашылғанда, сіз бен біз қатар тұрып лента қидық. Той салтанаты кезінде бірнеше рет дәмдес, сұхбаттас болдық. Бір отырыста менің алдағы жылы «Қазығұрт» баспасынан шығатын көп томдығым туралы әңгіме болды. Қасымызда мерейтойға арнайы келіп, баяндама жасаған сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза бар болатын. Сіз маған министрдің көзінше: «Көп томдығыңызды шығаруға қаржы жағынан көмектесеміз. Өзіңіз Өскеменге бір келіңізші. Нақты не істейтінімізді сол жерде бірге отырып шешейік» дедіңіз. Мен бұл ұсынысты қабыл алдым.

Алайда әртүрлі себептермен Өскемен сапары бір айдан кейін ғана жүзеге асты. Қазан айының басында мен Алтай өңірінде өтетін марқұм Оралхан Бөкеевтың 60 жылдық мерейтойына Алматыдан делегация бастап баратын болдым да, шалғай жердегі екі шаруаны бірлікте атқарудың сәті түсті. Тойдан қайтарда сізге жолығу үшін, Өскеменде екі-үш күн аялдадым. Сіз тымауратып қалған екенсіз, бірер күн күтуге тура келді.

Мені облыстық мәдениет басқармасының жігіттері күтіп алған. «Ертіс» қонақүйіне орналасқан соң, жігіттер бір уақыт қала аралатты. Сенсеңіз, тәуелсіздік алғаннан бері Өскеменге келіп тұрғаным осы. Алғашқы жылдары бұл облысқа әкім құтаймады. Сонан кейінгі жеті жыл заты, тегі белгісіз Метте деген біреудің құзырында өтті. Ол қазақтың рухани ошағы болған, Абай мен Әуезовтың отаны — Семей облысын өзіне қосып алуға батылы жеткенімен, бүгінгі әдебиет пен өнер қайраткерлерін есігінен сығалатқан жоқ. Кімге өкпелейсің? Меттелерге сенің әдебиетің не керек, өнерің не керек?!

Әйткенмен, Өскемен де — өзіміздің қала ғой. Көптен көрмеген көшелерін сағынышты көңілмен аралап жүрміз. Ортасын ұлы дария жарып өтетін, еңселі, сұлу қалаға нарық заманында жыпырлаған жаймалар мен дүңгіршек дүкендерден өзге көз тартар ештеңе қосыла қоймапты. Өскеменге барған сайын Үлбінің Ертіске құятын сағасын қызықтайтын әдетім бар-ды. Осы сапарда да сол жерге ат басын тіредік. Бұл да бір — табиғаттың тамаша құбылысы. Арнасы мөлдір, ағысы сылқым, үлбіреген Үлбі бір бүйірден сылаң қағып келеді де, Ертіске еркелей асылады. Адуынды асау Ертіс булықсыған аруды бірден бауырына тартып, баурап ала жөнеледі. Соны тамашалап біраз тұрдық.

Осындай сұлу да көркем көріністеріне қарамастан, қалада бір жатбауыр сұстылық бар. Біртүрлі суық әсер қалдырады. Көңілге шым-шымдап үрей енгізетін — кен байыту орындарынан шығатын радиацияның молдығы ғана емес, мүлде басқа нәрсе. Ашығын айтар болсақ, ұлттық рухтың кемдігі. Қалада қазақ тарихын, тәуелсіздік мәртебесін еске салатын бірде-бір ескерткіш жоқ. Көше аттары да — сол баяғы қалпы, империя кезіндегідей қызыл комиссарлар сіресіп тұр. Әрине, күнде көріп, еті өліп кеткен жандарға ештеңе байқалмауы да мүмкін. Ал қазақ рухы шалқыған Алматыда, кілең батырлар мен билердің, ақындардың көшесінде тұратын біздің көзімізге Өскемендегі жағдай тым оғаш көрінетінін несіне жасырайын.

Өстіп жүргенде, сәті түсіп, сіз мені қабылдадыңыз. Бұл 2003-жылдың 10-казаны, сағат онның шамасы. Мені Сізге облыстық мәдениет басқармасының бастығы Т.Түсіпбеков мырза ертіп кірген. Үшеуіміз сағатқа жуық уақыт ішінде біраз әңгіменің басын қайырдық. Мен соңғы жылдары өз облысымызбен қатынасымыздың үзіліп қалғанын, басқа облыстар өздерінен шыққан әдебиет-өнер қайраткерлерін қамқорлыққа алып, стипендия тағайындап, туған жерлерінде көрікті коттедждер салып беріп жатқанда, Шығыс Қазақстаннан бізді іздеген бір пенде болмағанын, тым құрса бір рет елге шақырып, хал сұрамағанын еске салдым. Бұл кемшілікті сіз бірден мойындап, алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыруға уәде бердіңіз. Осы отырыста қаладан алған әсер де айтылмай қалған жоқ. Өскеменде ұлттық рухтың кемдігі, көше аттарының сол бұрынғыша өзгермей тұрғаны да сөз болды.

— Иә, бұл жағы — біздің ең осал тұсымыз, — дедіңіз Сіз, әкім мырза, алға түсе сөйлеп. — Соңғы жылдары Өскеменде екі көшеге ғана қазақша ат қойылды: Абай мен Әуезов. Бізде көше мен жер аттарын мәслихат бекітеді ғой. Абай 150 жылдық мүшелтойы кезінде талассыз өтті де, Мұхтар Әуезов біраз текетіреспен зорға бекітілді. Ал қолбасы Қабанбай батыр мен академик Қаныш Сәтбаев мәслихатта құлады.

— Мыналарыңыз қызық екен! — дедім мен таң-тамаша болып. — Қабанбай да, Қаныш та — осы өлкемен тікелей байланысы бар адамдар ғой. Қолбасы Қабанбай қазақ жерін Жоңғардан тазартуда ең соңғы шешуші шайқастарын осы Ертіс бойында өткізген. Қалбада, Шорға бойында, Маңырақ пен Сауырда жау әскерін ойсырата жеңіп, Алтайдан асырып тастағаны мәлім... Ал Қаныш Сәтбаев болса — бар өмірін қазақ даласының қазынасын ашуға арнаған кісі. Өскемендей өндірісті, кенді қала, шынымен-ақ, Қаныштың қадірін білмегені ме? Қабанбай мен Қаныш өтпеген жерге біз қалай өтеміз?

Сіз, Талғатбек Жәмшитұлы, бір жақсы жеріңіз: бетпе-бет отырғанда ешкіммен түс жыртысып, таласпайды екенсіз. Бұл жолы да:

— Өте дұрыс айтып отырсыз! — деп мені бірден қостадыңыз. — Бұл туралы газетте де жазылды. Еңбекшілерден хат та келіп жатады. Метте марқұм да халыққа талай рет уәде беріп еді, сол уәдесін орындамаған күйі дүниеден өтті... Құда қаласа, осының бәрін енді қолға алатын шығармыз.

Мен бұдан ары қуғындап, қазбалағам жоқ. Тек өз ішімнен: «Бұл Өскеменнің мәслихаты не деген құдіретті? Бұларға жоғарғы парламенттің, не үкіметтің ықпалы жүрмейтін болғаны ма? Заң орындары ұлт арасына ірткі салатын шовинистік пиғылдарға неге тыйым салмайды. Әншейінде ұлтаралық татулықтың кепілі саналып жүретін біздегі «Халықтар достығы ассамблеясы» осындай істермен неге шұғылданбайды екен» дегенді ойладым да қойдым.

Бұл мәселеге бұдан ары тереңдеп, шұқшия қоймаған себебім, Әкім мырза, мен сол жолы сізге аздап күнім түсіп, бұйымтаймен барып едім. Мен, амал жоқ, өзге дүниені жиып тастап, әдейілеп барған шаруама көштім. Биылдан бастап «Қазығұрт» баспасы басқа да көрнекті жазушылар қатарында менің он екі томдық шығармалар жинағымды басуға кіріскенін айта келіп, баспаның маған арнап шығарған жарнама буклетін ұсындым. Көп томдық шығаруға қыруар қаржы керек. Оны өтеуге жазушының қалтасы жұқа, үкіметтің қолы қысқа. Сондықтан руханиятқа жаны ашитын қалталы жұрттан демеуші табуға тура келеді. Мұндайда қаламгердің туған облысы, өскен өлкесі көмек қолын созып жатса нұр үстіне нұр. Мен осыларды баяндай келіп:

— Мұны ойлап тапқан мен емес, менен бұрын көп томдық шығарған Қадыр Мырзалиев, Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаевтар да осы жолды басып өтіпті. Олардың да негізгі шығынын өз облыстары көтеріпті. Маған Ертіс жағасынан коттедж салып бермей-ақ қойыңдар. Тек, осы көп томдықты шығаруға ат салысып, қол ұшын созсаңдар болғаны! — деп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинның жолдау хатын табыс еттім.

Сіз, әкім мырза, жолдау хатты оқып, менің сөзімді мұқият тыңдап алдыңыз да, көп томдықтың қанша таралыммен шығатынын, және жинақтың батасы қанша болатынын сұрадыңыз. Мен көп томдықтың 3000 тиражбен басылғалы жатқанын, бір жинақтың (он екі томның) бағасы мөлшермен алты мың теңгедей болатынын мәлімдедім. Сіз ойланып қалдыңыз да:

— Баспа шығынын түп-түгел көтеріп алу қиын болар. Әйтсе де жинақтың бір мыңына тапсырыс беруге болады, — дедіңіз нық сеніммен. — Мен бүгін-ақ қаржы бөліміне тапсырма беремін. Тиісті соманың жарымын осы айдың аяғында, қалған жарымын жыл ақырында баспаға аударатын боламыз.

— Бәрекелде! Алматыға мерейім тасып, мақтанып баратын болдым-ау! — дедім мен дән риза болып. Жалпы, көп томдық өз бағасын өтейді. Облыстағы мектептер мен кітапханаларға таратасыздар. Қалғанын дүкенге шығарып сатуға болады.

Арадағы әңгіме осымен біткен. Бұдан былай жиі қатынас жасауға уағдаласып, сіз бен біз жылы шыраймен қоштастық. Мен алаңсыз көңілмен Алматыға келіп, болған оқиғаны «Қазығұрт» баспасына қаз-қалпы жеткіздім.

— Біз сіз арқылы тың жатқан шығыс аймаққа тұңғыш рет түрен салып отырмыз ғой. Иншалла, алғашқы қадамымыз жаман болмас! — деп баспагер жігіттер желпініп қалды.

Бірақ, амал не, сол күткен үмітіміз ақталмай отыр. Сіз бен біз сөйлескеннен бері алты айдың жүзі болды. Облыстан әлі күнге дейін бір теңге аударылған жоқ. Мән-жайды түсіндірген хат-хабар, немесе телефон шалған бір пенде болсашы! Ал менің облыспен байланыспақ болған талабымнан ештеңе шығар емес. Әдейі тапсырылып қойылған ба, хатшы қыздар телефонды қоспайды. Ал орынбасарларыңыз бен көмекшілеріңіз менімен сөйлесуден қашқалақтайды. Енді не істеу керек? Почта арқылы хат жазу пайдасыз. Ол хаттың да бір бұрышта қала беруі мүмкін ғой. Ақыры сізге баспасөз арқылы сәлем жолдаудан өзге амал қалмады. Жасырып-жабатын не бар, жұрт көрсін — Шығыс Қазақстан облысының маңдайына қандай әкімдердің біткенін, олардың өз жерлестеріне қалай «көмектесіп» жатқанын!

Ең алдымен, әкім мырза, сізден сұрайын дегенім: балаша тығылыспақ ойнау, бір-бірімізді алдау кімге қажет болды? Әу баста ықыласыңыз түспесе, «облыста ондай мүмкіндік жоқ. Бізге сеніп қалмаңыз» деп бірден айтуыңыз керек еді ғой. Бірақ кенді Алтай өңірінде ондай мүмкіндік жоқ дегенге кім сенеді. Тіпті болмағанда, келісілген соманың жарымын, не үштен бірін аударуға болады ғой. Таяуда жеке кәсіпкер Нұртай Сәбилянов менің көп томдығыма бір миллион теңге аударды. Оның қасында тұтас бір облыстың (бұрынғы екі облыс) ауызды қу шөппен сүртуін немен түсіндіруге болады?

Мен, әкім мырза, сіз басқарып отырған Шығыс Қазақстан облысына жайдан-жай салмақ салып отырған жоқпын. Ертіс бойы, Тарбағатай өлкесі — менің атажұртым. Сол облыстағы Аягөз, Үржар—Мұқаншы және Тарбағатай аудандарының құрметті азаматымын. Жәй жерлестік, туыстық жақындықты былай қойғанда, менің қаламымнан туған он роман, қаншама хикаят, әнгімелер осы өлкемен тығыз байланысты. Менің тарихи романдарымда бейнеленген қолбасы Қабанбай, ер Жәнібек, Көкжал Барақ, Дәулетбай, Баймұрат, Шынқожа, Шөрек, Қасабай батырлар, Қу дауысты Құттыбай, Байғара, Ақтайлақ би, Боранбай, Төбет билер, Ақтамберді жырау мен Дулат, Сабырбай, Түбек, Әріп, Әсет ақындар — осы өлкенің төл перзенттері... Сіздіңше, әкім мырза, бүгінгі жас ұрпақ өз ата-бабалары туралы жазылған сол кітаптарды оқымауы, одан тәлім-тәрбие алмауы керек пе? Өткен жылы мәдени мұраларды сақтау, жинап бастыру жөнінде арнаулы қаулы алынып, елбасы барша жұртқа тапсырма берді. Сіздіңше, оқта-текте бір басылатын көп томдықтар мәдени мұраға жатпай ма? Әлде олар мұра аталу үшін авторы міндетті түрде өлуі керек пе?

Сөз соңында, Талғатбек Жамшитұлы, сіз менің хатыма жауап қайтарар деп сенемін. Әрине, сіз менен қорықпайсыз. Қорықпаған соң да санаспай, сыйламай отырсыз. Бірақ сіз маған емес, жаңағы мен бейнелеген батырлар мен ұлы билердің бүгінгі ұрпақтары боп табылатын облыс халқына жауап беріңіз. Жоқ, әлде сіз өзіңізді тікелей дауыс беріп сайламайтын болған соң, оларды да шөп-шалам орнында көресіз бе? Бірақ қанша биік мәртебелі болсаңыз да, халықпен санасу керек шығар. Өйткені біз бәріміз де «халықтың қызметкеріміз» деп жүрген жоқпыз ба. Сонымен, ендігі сөз сізден, әкім мырза!

Құрметпен: Қабдеш Жұмаділов

Қазақстанның халық жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

2004-жыл, сәуір